Қазақ және моңғол тілдеріндегі сөйлем құрылысының ұқсастығы мен ерекшеліктері


Е. А Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
ӘӨЖ 81-11:811. 512. 122'367+811. 512. 3 Қолжазба құқығында
АБДИКАРИМ НУРЗИЯ
Қазақ және моңғол тілдеріндегі сөйлем құрылысының
ұқсастығы мен ерекшеліктері
(жай сөйлем негізінде)
10. 02. 20 - салыстырмалы-тарихи, типологиялық және
салғастырмалы тіл білімі
филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация
Fылыми жетекші:
филология ғылымдарының докторы, профессор Жақыпов Ж. А.
Қосалқы жетекші:
филология ғылымдарының докторы
(PhD), вице-проф. Даваадорж Б.
Қазақстан Республикасы
Астана, 2010
МАЗМҰНЫ
1 ҚАЗАҚ ЖӘНЕ моҢҒОЛ ТІЛДЕРІНДЕ ЖАЙ СӨЙЛЕМНІҢ ЗЕРТТЕЛУ ЖАЙЫ, ЖАЙ СӨЙЛЕМНІҢ ҚҰРЫЛЫМДЫҚ БЕЛГІЛЕРІ . . . . .
1. 1 Қазақ, моңғол тілдерінде жай сөйлемдегі сөздердің байланысу жүйесі . . .
1. 2 Қазақ, моңғол тілдеріндегі жай сөйлемнің типтері және бір құрамды жай сөйлемдер . . .
1. 3 Қазақ, моңғол тілдеріндегі жай сөйлемнің айтылу мақсатына қарай бөлінуі мен сөйлем модальділігінің берілу жолдары . . .
1. 4 Қазақ, моңғол тілдерінде сөйлемдегі оқшау сөздердің берілу жолдары . . .
2. 1 Қазақ, моңғол тілдеріндегі сөйлемнің
тұрлаулы мүшелері . . .
2. 2 Қазақ, моңғол тілдеріндегі сөйлемнің
тұрлаусыз мүшелері . . .
2. 3 Қазақ, моңғол тілдеріндегі сөйлемнің
бірыңғай мүшелері . . .
2. 4 Қазақ тіліндегі сөйлемнің үйірлі мүшелері, оның моңғол тілінде берілу жолдары . . .
ҚОСЫМША
КІРІСПЕ
Тілдің даму өрісін айқындайтын өлшемдердің бірі оның әлемнің басқа да тілдерімен салыстырыла немесе салғастырыла зерттелуі болса, қазақ тіл білімі үшін мұндай зерттеулердің күн тәртібінен түспесі анық. 1950 жылдардан бастап қазақ және орыс тілдерін салғастыра зерттеп, олардың типологиялық ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтау мақсатында Х. Махмудов, В. Исенғалиева, Н. Демесінова, М. Копыленко т. б ғалымдар елеулі жұмыстар атқарды. Лингвистикада аталас деп танылып жүргенімен, әлі де жан-жақты, кешенді зерттеулерді қажет ететін түркі-моңғол тілдерінің байланысы жөніндегі мәселе түркі тілдерінің ішінде, негізінен, қазақ тілінің деректерімен салыстырыла зерттеліп, ғылыми айналымға енгенімен, «Түркі-моңғол тілдерінің қарым-қатынасы - қызықты мәселенің бірі. Бірақ бұл салада атқарылған іс өте аз» [1, 141 б. ] .
Қазақ және моңғол тілдерінің зерттеулерін алтаистикадағы негізгі бағыт-бағдардан бөліп қарауға болмайтындықтан алтай тілдері - түркі, моңғол, тұңғыс-манжьчур тілдерінің тектестігі жайындағы ғалымдар пікіріне тоқтала кеткен жөн. Алтай тілдері жөніндегі алғашқы топшылаулар ХVІІ ғасырдан бастау алады. «Алтай тілдері» деген шартты атауды және генетикалық теорияны қалыптастырған Г. И. Рамстедт, Б. Я. Владимирцовтар болды. Олардың пікірі Ф. Видеман, М. А. Кастрен, О. Бетлингк, Г. Винклер, Е. Д. Поливанов, М. Рясянен, Н. А. Баскаков, Ц. Д. Номинханов, Б. Базылхан т. б. ғалымдардан қолдау тапты.
Бұл ғалымдардың пікірімен мүлдем санаспайтын зерттеушілердің қатарына В. Л. Котвич, Дж. Клоусон, Г. Дерфер, А. М. Щербак, Л. Лигетти, Г. Д. Санжеевтерді атауға болады. Олардың бір қатары алтай төркіндес тілдердің арасындағы ұқсастықты тілдердің тарихи ұзақ дәуірлер бойы өзара тығыз қарым-қатынаста болуының және бір-біріне күшті әсер етуінің нәтижесі десе, енді бір тобы алтай теориясы дегенді дәлелдеуге әлі ерте деген пікір айтады. Ғалымдар алтай тілдерінің төркіндестігін түсіндіруде материалдық фактілерді екі түрлі әдіспен қолданады. Г. И. Рамстедт, тіл формаларының реконструкциясын жасағанда түркі, моңғол, маньжчур тілдерінің тірі фактілерін пайдалана отырып, олардың фонетикалық және грамматикалық құрылымының даму заңдылықтарына талдау жасайды; В. Л. Котвич болса ілдердің фонетикалық және грамматикалық ерекшеліктерінің даму заңдылықтарын зерттеу арқылы лексикалық және грамматикалық ауысуларға анализ жасау әдісін қолданады. Басқаша айтқанда, «Рамстедт тілдердегі көптеген ұқсастықтарды негізге ала отырып оларды төркіндес десе, Котвич мұндай ұқсастықтарды араласудың нәтижесі деп түсіндіреді» [2, 168 б. ] .
Алтай теориясы әлі күнге дейін ғылыми тұрғыда шешілмеген, әрі қарама-қарсы көзқарастар қайшылығы көп болғандықтан, дәлелдеуге де, жоққа шығаруға да болмайтын гипотеза ретінде қалып отырғанымен, ғалымдар түркі-моңғол тілінің бірлігі дәуірі болғандығын мақұлдайды.
Қазақ тілінің моңғол тілімен ұқсастығы жайындағы алғашқы мәліметтер қазақтың тұңғыш ғалымы Ш. Уәлихановтың жазбаларында белгіленген. Қазақ ғалымдарының бұл мәселемен жүйелі түрде айналыса бастауы Ғ. Мұсабаевтың оқулығында негізделіп, ғалым түркі-моңғол тілдерінің туыстығын қолдай отырып, бұл тілдердің грамматикалық құрылысының ұқсастығы, сөзжасам және негізгі сөздік қордағы ұқсас элементтердің көптігі, көптеген жұрнақтардың екі тілде ортақ екендігі олардың төркіндестігіне айғақ бола алады, «Оны жекелеп, өз алдына бөлек тіл етіп тұрған фонетикалық ерекшелік пен грамматика-лексикалық құрылымдар өзгешелігі. Оның ішінде басымырағы - фонетика» [3, 243-244 б. ] дейді. Бұдан кейінгі К. Аханов, Ә. Қайдар, Ш. Сарыбаев сынды көрнекті ғалымдарымыз да түркі-қазақ-моңғол тілдеріне ортақ сөздердің тізімін беріп жүйелейді. Соңғы кезде Г. Сағидолда қазақ және моңғол тілдеріндегі топонимикалық параллельдерді, фразеологизмдерді, Б. Нәпіл «Моңғолдың құпия шежіресінің» тіліндегі қазақ тілінің элементтерін зерттеумен айналысып, диссертациялар қорғады.
Көрнекті моңғол-қазақ ғалымы Б. Базылхан өзінің «Қазақ және моңғол тілдерінің салыстырмалы тарихи грамматикасы» еңбегінде көп жылғы зерттеулердің нәтижесінде «алтай төркіндес тілдерде «Ү», «СҮ» типті түбір морфемалар, бұл тілдердің алғашқы ортақ түбір элементтері болды және қазірге дейін сөздің ең басында сақталып, сөздік қордың негізгі ұйтқы элементі болған» [4, 9 б. ] деген тұжырым жасап, қазақ-моңғол тілдерінің қатынасын диахрондық, синхрондық лингвистика негізінде зерттеп, ғылыми еңбегін осы тілдердің генетикалық шығу тегінің бірлігін дәлелдеуге арнағанын айтады. Б. Базылхан еңбектері негізінен көне жазба ескерткіштер тілінің сөз құрамын, қазақ-моңғол тілдеріндегі морфемаларды, қазақ-моңғол тілдерінің сын есімдерін салыстыра зерттеуге және қазақша-моңғолша, моңғолша-қазақша сөздік жасауға, сондай-ақ, Моңғолиядағы қазақ орта мектептеріне арнап моңғол тілінің оқулығын дайындау тәрізді теориялық, практикалық жан-жақты мәселелерге арналған.
Диссертациялық зерттеудің өзектілігі. Тілдің даму, өзгеру заңдылықтары, оның құрылу, жұмсалу ерекшелігі, аясы, мүмкіншілігін танып, түсіндіріп, талдау үшін ғалымдар зерттеген сөздік қор, этимологиялық негіз, сөзжасамдық тәсілдер мен құралдар, фразеологиялық параллельдер т. б элементтермен шектелу жеткіліксіз. Өйткені, біріншіден, «Тілдің дамуы сөйлем құрлысының жетіле түсуіне жағдай жасайды . . . Сөйлем құрылысының жетілуі оның құрамындағы сөздердің өзара байланысу тәсіліне, олардың мағына түрлеріне қатысты. Бірақ бұл категориялар тілде өте баяу дамиды» [5, 95 б. ] ал фонетикалық және лексикалық құбылыстар сыртқы әсердің ықпалына тез түседі. Екіншіден, бұл тілдердің төркіндестігін дәлелдеуде тарихи-салыстырмалы әдістің маңызы зор болды, бірақ алтай теориясы тек болжам ғана деп есептейтін Л. Лигеттидің пікірінше: «Тарихи салыстырмалы әдіс үнді-еуропа тілдерінің арасындағы байланыс пен туыстық дәрежесін зерттеудің негізінде дамыған болатын. Зерттеушілердің зерттейтін тілі тым көп және олардың көпшілігі көне дәуірден қазірге дейін өте мол жазба ескерткіштері болғандықтан осы әдістің арқасында табысқа жеткен еді. Онымен салыстырғанда алтай тілдері тым аз, оны көп тілдердің жүйесі деуге келмейді, үш-ақ топтан тұрады . . . көне жазба ескерткіштері түркі тілінікі VII-VIII, моңғол тілінікі XIII, манжьчур-тұңғыстікі XVI-XVII ғасырларға жатады» [6, 323 б. ] Демек, бұл тілдердің зерттеулеріне диахроннан гөрі синхрондық зерттеулер маңызды болмақ. Және де «қазіргі тілдерді зерттеу . . . тілдің шашыранды заңдылықтарын біріктіріп, жүйелі түрде қарастыруға мүмкіндік туғызады» [7, 70 б. ] Үшіншіден, қазақ, моңғол тілдеріндегі сөйлемнің құрылымы емес, яғни, сөйлем мүшелерінің орналасу тәртібі емес (бұл тілдер жалғамалы болғандықтан құрылымдық тұрғыдан зерттеу маңызды емес), құрылысын зерттеуге арналғандықтан, тілдің негізгі құрылымы сақталғанымен, оны құрайтын бөлшектер - сөздер, сөз тіркестері, олардың арасындағы байланыс, байланыс арқылы көрініс табатын сөйлем мүшелерінің жасалуында қазақ, моңғол тілдерінде біршама алшақтық байқалады. Төртіншіден, Отандық лингвистикада антиалтаистикалық көзқарас тұрғысынан жазылған ғалым Ж. Қ. Түймебаевтың монографиясының негізгі мақсаты: « . . . баяғыда-ақ қозғалған (көп жағдайларда негізсіз), бірақ бұлдыр тұманның ішінде қалып қойған гипотеза ретіндегі алтаистика мәселесіне түгелдей, соның ішінде түркі-қазақ-моңғол тілдерінің этно-тілдік қарым-қатынасына жаңаша көзқараспен қарауға шақыру» [8, 12 б. ] екендігі айтылған. Осындай жағдайларды ескере келе, қазақ, моңғол тілдерінің зерттеулерінде нысанадан тыс қалып жүрген тақырыптардың бірі болып табылатын грамматиканың синтаксистік саласын соны бір жағынан зерделеу үшін тарихи-салыстырмалы зерттеуден саналы түрде бас тартып, синхрондық тұрғыдан сипаттап жазудың қажеттілігін, әрі өзектілігін түсіндік. Тілдің жүйелі, күрделі құрылымы синтаксистік саласын, дәлірек айтсақ, синтаксистің ең негізі деңгейі - өзіне дейінгі сөз тіркесіне жинақтаушы болатын, ал өзінен кейінгі деңгейдегі құрмалас сөйлемге негіз болатын жай сөйлемнің құрылысына, оның типтік түрлеріне талдау жасап, сипаттап жазу арқылы ғылыми айналымға енгізу қазақ тіл білімі үшін де, моңғол тіл білімі үшін де өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Зерттеудің мақсаты. Қазіргі қазақ және моңғол тілдеріндегі жай сөйлемнің құрылысы, сөйлемнің типтік түрлерінің ұқсастықтары мен ерекшеліктерін көрсету арқылы олардың байланысын, лингвистика ғылымындағы даулы мәселе - олардың типологиялық белгілерін анықтау.
Жұмыста мақсатқа сай мынандай зерттеу міндеттері қойылды:
- қазақ және моңғол тіл білімінде сөйлемді танитын басты белгілерді көрсете отырып, екі тілдегі жай сөйлемнің синтаксистік элементтері мен жай сөйлемнің ішкі бөлшегін құрайтын амал-тәсілдердің ұқсастығы мен ерекшелігін анықтау;
- қазақ және моңғол тілдерінде сөйлемдегі сөздерің сабақтаса байланысуындағы амал-тәсілдердің ұқсастығы мен ерекшеліктерін көрсету;
- қазақ және моңғол тілдеріндегі жай сөйлем, жай сөйлемнің типтік түрлері, бірқұрамды жай сөйлемдер, оның берілу жолдарының ұқсастығы мен айырмашылықтарын көрсету арқылы бұл тілдерде жай сөйлемнің түзілу ерекшелігін айқындау;
- қазақ және моңғол тілдерінде сөйлемнің айтылу мақсатына қарай бөлінуі мен сөйлем модальділігінің берілу жолдары, ондағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды саралау;
- қазақ және моңғол тілдерінде сөйлемдегі оқшау сөздер, олардың жасалу жолдары мен берілу ерекшелігі, ұқсастығын көрсету;
- қазақ және моңғол тілдеріндегі сөйлемнің тұрлаулы мүшелерінің жасалу жолдарындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды ашу;
- қазақ және моңғол тілдеріндегі сөйлемнің тұрлаусыз мүшелерінің жасалу жолдарындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды саралау;
- қазақ және моңғол тілдеріндегі сөйлемнің бірыңғай мүшелері, олардың тұлғалану ерекшеліктері, байланысу тәсілдері, бірыңғай мүшелерді жалпылауыш тұлғаларға талдау жасау арқылы ұқсастығы мен айырмашылықтарын анықтау;
- қазақ тіліндегі сөйлемнің үйірлі мүшелері, оның моңғол тілінде берілу жолдарын сипаттап жазу, олардың екі тілдегі грамматикалық берілісінің ұқсас және алшақ жақтарын таразылау.
Зерттеу нысаны. Қазақ және моңғол тілдерінің жай сөйлем құрылысы, жай сөйлемдегі сөздердің байланысу тәсілдері мен формалары, жай сөйлемнің типтік түрлері, жай сөйлемдегі модальділік, сөйлемдегі оқшау сөздер, сөйлем мүшелерінің жасалу жолдары.
Зерттеу пәні. Компаративистика, контрастивистика және құрылымдық тіл білімі.
Жұмыстың зерттеу әдістері. Зерттеудің әдістемелік негізі - анализ, синтез, интерпретациялау. Зерттеу әдісі - компаративтік, контрастивтік әдістер. Зерттеудің негізгі әдісі - сипаттамалы синхрондық әдіс.
Жұмыстың әдістанымдық негізі. Қазіргі қазақ және моңғол тілдерінің жай сөйлемінің құрылысын салғастыра зерттеу барысында әлемдік салғастырмалы-салыстырмалы тіл білімінің өкілдері алтайтанушы, түркітанушы, моңғолтанушылардың (Н. Поппе, Б. А. Серебренников, Н. А. Баскаков, Т. А. Бертагаев, Г. Д. Санжеев және т. б. Қазақстандық ғалымдар: Ғ. Мұсабаев, Ә. Т. Қайдар, Ш. Ш. Сарыбаев, Ж. Қ. Түймебаев т. б. Моңғолдық: Б. Базылхан, Д. Төмөртогоо т. б. ) теориялық және методологиялық тұжырымдарына, сондай-ақ, қазіргі қазақ, моңғол тілдерінің синтаксис саласын зерттеушілердің (Қазақстандық: А. Байтұрсынұлы, С. Жиенбаев, С. Аманжолов, М. Балақаев, Т. Сайрамбаев, Т. Қордабаев, Р. Әмір, М. Серғалиев, Ж. Жақыпов т. б., Моңғолдық: Ш. Лувсанвандан, Л. Мишиг, Ц. Өнөрбаян, Б. Пүрэв-Очир т. б. ) ғылыми концепцияларына сүйендік.
Зерттеудің материалдары мен дереккөздері. Қазіргі қазақ және моңғол тілдерінің әдеби тілінің барлық стиль түрлерінен 1-ға жуық жай сөйлем сұрыпталып, жүйелі түрде жинақталды. Көркем әдебиет стилінен қазақ тілінде Абай шығармалары, М. Әуезов, І. Есенберлин, Б. Майлин, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, Ш. Мұртаза, О. Бөкей, т. б., моңғол тілінде «Монголын нууц товчоо» (Моңғолдың құпия шежіресі), Д. Нацагдорж, Б. Ринчен, Ц. Дамдинсүрэн, Ч. Лодойдамба, Л. Түдэв, С. Удвал, О. Дашбалбар т. б ақын, жазушылардың шығармалары, публицистикалық стильден қазақ тілінде «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Жалын» т. б., моңғол тілінде «Утга зохиол, урлаг», «Ардын эрх» т. б. газет-журналдар, сондай-ақ, қазақ, моңғол халықтарының ауыз әдебиеті, белгілі зерттеуші-ғалымдардың еңбектері, ғылыми оқулықтар, әдебиеттер және ауызекі сөйлеу тілінің үлгілері де дереккөз ретінде алынды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы:
- қазақ, моңғол тілдерінің синтаксистік жүйесі алғаш рет салғастырыла зерттелді;
- салғастыру нәтижесінде екі тілдегі синтаксистік элементтер жүйеленіп, айқындалды;
- қазақ және моңғол тілдеріндегі бір түрлі грамматикалық мағынаның
функциональдық ортақтығы, құрал ортақтығы ашылды;
- қазақ және моңғол тілдеріндегі предикативтіліктің берілу жолдарындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтар анықталды;
- қазақ және моңғол тілдеріндегі сөйлемнің грамматикалық түзілісі алғаш рет сараланды;
- қазақ, моңғол тілдерінде сөйлем модальділігінің берілу жолдары көрсетілді;
- тілдің ең динамикалы, бірақ сыртқы өзгерістің әсерін өте баяу қабылдайтын саласы синтаксисті салғастыра зерттеу арқылы екі тілдің кейбір заңдылықтарын өзгеше түсіндіруге қадам жасалды.
Зерттеудің теориялық маңызы. Диссертацияда айқындалған ғылыми қорытындылар, практикалық нұсқаулар қазақ, моңғол тілдері арқылы басқа да түркі, моңғол тілдерінің, тіпті алтай тілдері тобына енгізіліп жүрген тілдердің синтаксистік жүйесін салғастыра зерттеуде маңыздылығы бар.
Зерттеудің практикалық маңызы. Диссертация материалдарын жоғарғы оқу орындарында, филология факультеттерінде жалпы тіл білімі, қазақ және моңғол тілдерінің тарихи грамматикасы, түркі және моңғол тілдерінің салыстырмалы грамматикасы, аударма теориясы, этнолингвистика тәрізді арнайы курстерде, дәрістерде, практикалық сабақтарда кеңінен пайдалануға болады. Сонымен қатар Моңғолияда тұратын қазақтарға қазақ әдеби тілінің нормаларын үйренуге және Моңғолиядағы қазақ орта мектептерінде қазақ тілі мен моңғол тілі пәндерін оқыту барысында пайдалануға ұсынуға болады.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар.
- Қазақ және моңғол тілдерінің сөйлем құрылысының ұқсастығы мен ерекшеліктеріне сүйене отырып, бұл тілдердің өзіндік даму заңдылықтарын және осы тілдерге тән алғашқы сөйлемдік үлгіні анықтауға болады.
- Сөйлемді құрайтын ішкі элементтердің, сөйлем мүшелерінің жасалу жолдары, оларды байланыстырушы амал-құралдардың ұқсастықтары мен ерекшеліктерін айқындау арқылы сөйлем мүшелерінің даму заңдылықтарын, дәрежесін, мәнін ашуға болады.
- Қазіргі қазақ, моңғол тілдеріндегі жай сөйлемнің типтік түрлеріне, сөйлем модальділігінің берілу жолдарына, сөйлемдегі оқшау сөздердің қолданысына талдау жасау арқылы оларға сыртқы және ішкі субстраттардың әсер етуінің нәтижесін, тілдің узусын, нормасын көрсетуге болады.
- Тілдің морфологияға қарағанда синтаксистік жүйесі сыртқы әсерлер мен ішкі қайта құрулардың әсерінен үнемі дамып, өзгеріп отырса да, өзінің бастапқы құрылымдық қасиетін сақтап қалады. Бірақ бұл өзгерістер тілдің синтаксистік құрылысына елеулі өзгешеліктер енгізеді.
Жұмыстың саралануы мен талқылануы. Диссертациялық зерттеу тақырыбы Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің қазақ тіл білімі кафедрасының жүргізетін ғылыми зерттеу бағытымен сәйкес келеді. Зерттеу жұмысының негізгі нәтижелері Моңғолтану институтының «Монгол судлалын чуулган» халықаралық форумда (Ұланбатыр, 2007), «Актуальные проблемы преподавания и функционирования русского языка и литературы в Казахстане» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда (Қарағанды, 2008), «Литература в контексте совремменности. Первые Багизбаевские чтения» атты халықаралық конференцияда (Алматы, 2009) баяндалды, сонымен қатар зерттеудің мазмұны мен бағыттары Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің қазақ тіл білімі кафедрасының мәжілістерінде баяндама түрінде ұсынылды. Зерттеудің негізгі мәселелері мен теориялық тұжырымдары қазақстандық, моңғолдық басылымдардағы 10 жарияланымда жарық көрді.
Жұмыстың құрылымы. Диссертация кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен, қосымшадан және қысқартылған сөздер тізіменен тұрады.
- ҚАЗАҚ ЖӘНЕ МОҢҒОЛ ТІЛДЕРІНДЕ ЖАЙ СӨЙЛЕМНІҢ ЗЕРТТЕЛУ ЖАЙЫ, ЖАЙ СӨЙЛЕМНІҢ
ҚҰРЫЛЫМДЫҚ БЕЛГІЛЕРІ
1. 1 Қазақ, моңғол тілдерінде жай сөйлемдегі сөздердің байланысу жүйесі
Қазақ тіл білімінде синтаксиске қатысты алғашқы төл ғылыми еңбектің негізі 1920 жылы А. Байтұрсыновтың «Тіл құралында» синтаксис саласының көптеген терминдері айқындалып, бір жүйеге түсе бастады. Проф. Т. Қордабаев атап көрсеткендей, аталмыш оқулық « . . . тіліміздің синтаксистік құрылысын зерттеудің бастамасы, қаланған берік негізі бола алады» [9, 118 б. ] 1930-40 жылдардағы грамматикалық оқулықтарда синтаксис жайындағы зерттеулер мен шағын мақалаларда жай және құрмалас сөйлем мәселелері баяндалмады. 1939 жылдары проф. Қ. Жұбанов, С. Аманжолов, Н. Сауранбаевтардың оқулықтарында сөйлем мүшелерінің тіркесі жайында баяндалып, сөздердің тізбектері деген тақырыпта лексикалық және тұрақты тіркестерге қатысты мәселелер баяндалады. С. Жиенбаев еңбектері жай және құрмалас сөйлем мәселелеріне арналып, қай сөздің, қандай сөзбен тіркес құрай алатындығы және үйірлі мүше төңірегіндегі мәселелер сөз болады. 1954 жылдан сөз тіркесі синтаксистің жеке мәселесі ретінде қарастырыла бастады. Қ. Жұбановтың, М. Балақаев, Т. Қордабаевтардың оқулықтары қазақ тіл білімінің синтаксис саласында теңдесі жоқ еңбектер ретінде саналады. Қазіргі қазақ синтаксисінде дәстүрлі зерттеулермен қатар лингвистикалық мәтінде болатын заңдылық - күрделі синтаксистік тұтастық, сөйлемдерді актуалды мүшелеу, трансформациялық әдіс, дистрибутивті талдау т. б. мәселелер зерттеліп жүр.
Моңғол тілінің грамматикалық ерекшеліктері, синтаксис мәселелері шетел ғалымдардың назарына ХІХ ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап ілікті. Орыс моңғолтанушылары Я. Шмидтің «Грамматика монгольского языка» (1832), О. Ковалевскийдің «Краткая грамматика монгольского книжного языка» (1835), А. Бобровниковтың «Грамматика монгольско-калмыцкого языка» (1845) еңбектерінде еңбектерінде моңғол тілінің сөздерін тіркестіру ерекшеліктері, сөйлем мүшелерінің байланысы, байланысу тәсілдері, жай сөйлемнің құрылымдық сипаттары сөз болды. Моңғол тілінің жаңа дәуірінде синтаксис мәселесіне қатысты ең алғашқы төл еңбек Ш. Лувсанванданның «Монгол хэлний зүй» (1939) атты оқулығы болды. Одан кейін Л. Мишигтің «Монгол хэлний тусагдахуун ба байц» (1957), «Өгүүлэгдэхүүний тухай» (1958) «Өгүүлбэрийн дэд гишүүн - тодотголын тухай», академиялық «Орчин цагий монгол хэлзүй» (1966) оқулығы, Б. Ринчиннің «Монгол бичгийн хэлзүй» ІҮ дэвтэр (1967) еңбектерінде сөйлем мәселелері сөз болды. Кеңес одағының зерттеушілері Г. Д. Санжеевтің, Т. А. Бертагаевтің еңбектері де тікелей қазіргі моңғол тілінің синтаксистік мәселелерін зерттеуге арналған. Моңғол тіл білімінде дәстүрлі зерттеулермен қатар синтаксистік семантика, мәтін мәселелері сөз бола бастады.
Жай сөйлем дегеніміз - хабарлаудың дербес синтаксистік единицасы. Адамдар өз ойын, лебізін білдіру, қарым-қатынас жасау қажеттілігін белгілі бір грамматикалық заңға негізделген, әр тілдің өзіндік ерекшелігін айқын танытып тұратын сөйлемдер арқылы өтейді. Жалпы тіл білімінде сөйлемнің үш жүзден астам анықтамасы бар екендігін ескерсек, қазақ және моңғол тіл білімінде сөйлемге берілетін анықтамалардың да алуан түрлі болары сөзсіз. Дегенмен соңғы кездегі академиялық оқулықтарда бұл мәселе біршама жүйеленіп, сөйлемнің басты белгілері айқындалды деуге болады.
Қазақ тіл білімінде сөйлемнің басты белгілері төмендегідей танылады:
- сөйлем біршама аяқталған ойды, модальділікті білдіреді;
- сөйлем өзара байланысқа енген сөздерден, сөз тіркестерінен құралады;
- сөйлем бастауыш пен баяндауыштың байланысынан туған предикативтік қатынасты білдіреді; әрбір сөйлемнің айтылу сазы (интонациясы) болады. [10, 14 б. ]
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz