М. Жұмабаев шығармашылығындағы әлеуметтік - философиялық мәселелер


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Іс-тәжірибеден есеп беру
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 136 бет
Таңдаулыға:   

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ . . . 3

1 МАҒЖАН ДҮНИЕТАНЫМЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

ЖӘНЕ ОНЫҢ ТАРИХИ-РУХАНИ БАСТАУЛАРЫ . . . 13

1. 1 Мағжан дүниетанымының тарихи және рухани көздері. …… . . . 13

1. 2 Мағжан дүниетанымының негізгі ерекшеліктері . . . 35

1. 3 М. Жұмабаевтың адам туралы ілімі . . . 44

2 М. ЖҰМАБАЕВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ

ӘЛЕУМЕТТІК - ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР . . . 72

2. 1 М. Жұмабаев- тарихи сана және ұлттық болмыстың көкжиегі

туралы … . . . 72

2. 2 М. Жұмабаевтың тұлға мен бұқараның қарым қатынасы туралы

ойлары…… . . . 84

  1. М. Жұмабаев шығармашылығындағы тарихи және рухани

сабақтастық мәселелері. … . . . 92

  1. М. Жұмабаевтың білім туралы ұстанымдарының

философиялық мәні…. … . . . 105

ҚОРЫТЫНДЫ . . . 112

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 114

КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық еңбек философия тарихы мамандығы бойынша жазылған зерттеу болып табылады. Қазақ халқының аса дарынды сөз шебері, ақыны, ойшылы Мағжан Жұмабаев шығармашылығы тарихи-философиялық талдаудан өткізіліп, оның тарихи болмысты философиялық тұрғыдан саралаудағы және тарихи сананы қалыптастыру мен тәрбиелеудегі орны анықталды. Сонымен қатар, ақын шығармашылығының өзекті мәселесі болып табылатын адамтанудағы бірқатар жетістіктеріне көңіл бөлінді.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алған күннен бастап жүріп өткен тарихи жолының тереңіне бойлап, рухани бастауларының көзін ашып, бар-жоғын түгендеп, өркениетті әлемнің озық ойларынан нәр жинап, бүгінгі күннің озық талабына сай рухани жаңғыруды мақсат қылып қойып отыр.

2003 жылы Қазақстан Республикасының 2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» кешенді Мемлекеттік бағдарламасы [1] қабылданды. Ол Қазақстан Республикасының «Тарихи - мәдени мұраны қорғау мен пайдалану» [2], «Мәдениет туралы» [3], «Ұлттық мәдени қор мен мұрағаттар туралы» [4] заңдарына сәйкес қабылданып жүзеге асырылуда. Бұл бағдарламада гуманитарлық-әлеуметтік білімнің мемлекеттік тілдегі толыққанды қорын қалыптастыру міндеті қойылған. Мұнда бір жағынан, әлемдік мәдениеттің інжу-маржандарының толығымен қазақ тіліне аударылуы көзделсе, екінші жағынан, қазақ халқының бай рухани мұрасын дүйім жұртқа кеңінен таныту және тарату мақсатында оны орыс және басқа да әлем тілдеріне аудару да қарастырылған. Қазіргі уақытта ерекше назарда болып отырған осындай кешенді бағдарламаның бастауында Мағжан сияқты әмбебап өнер иесі тұр. Өйткені, Мағжан сөздің майын тамызған майталман ақын ғана емес, әр нәрсенің байыбына барып, түбіне бойлай алатын ойшыл және шебер аудармашы да болған. Ол аласапыран XX ғасырдың бас кезінде өмір сүріп, туған елімен бірге қиын-қыстау заманды басынан өткеріп, тарихпен бірге жасап келеді. Халқымыздың даналық рухы мен биік болмысын тану жолында қазақ ойының дамуына ерекше үлес қосқан ойшыл-тұлға Мағжан Жұмабаевтың дүниетанымын философиялық тұрғыдан сараптау бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр.

Қазақтың қандай ойшылын алып қарасақ та, олардың шығармашылығы белгілі бір тарихи кезеңмен байланысты, қоғамдық қарама-қайшылықтардың негізінде қалыптасқандығын көруге болады. Мағжан Жұмабаевтың философиялық дүниетанымы мен шығармашылығы XIX ғасырдың екінші жартысындағы және XX ғасыр басындағы замана қайшылығымен, халқымыздың тарихымен тығыз байланысты. Оның үстіне поэзия мен терең ойлылықты бір-бірімен тамаша ұштастырған, солардың өзара кірігу нәтижесінде ерекше сипаттағы шығармашылыққа қол жеткізген Мағжанның ойлау машығы мен сөз саптау әлемі қазақ халқының ұлттық философиясында ерекше орын алады. Мағжан дүниетанымының Шығыс пен Батыс халықтарының философиялық ілімдері мен поэзиясын өз бойында жинақтап және сол ілімдердің негізінде қалыптасып, жаңа жол - адам іліміне қарай бағыт сілтеп, Шығыс пен Батыс мәдениетінің аясында сұхбат құруы, оның шығармашылығының маңыздылығын көрсетеді.

Кеңінен қанат жайып отырған бүгінгі жаһандану кезеңінде, әлем халықтарының мәдениеті бір-бірімен сұхбат құру мүмкіндігіне ие болған заманда Мағжанның дүниетанымын философиялық тұрғыдан зерттеу - өзекті мәселелердің бірі. Оның шығармашылығында Батыс пен Шығыс өркениеті ерекше тоғысқан. Мағжан көрсеткен адамгершілік ұстанымдар қазіргі біздің қоғамдық болмысымызда ерекше сұранысқа ие болып отыр.

Қазіргі замандағы маңызды мәселелердің бірі адамның еркіндігі туралы болғандықтан, адамдардың ішкі жан дүниесіндегі ар-ұждан мен адамгершілік қасиеттері қоғам өмірінде басты орынға қойылуы тиіс. Бұл жолда тарихтан тәлім алып, оны философиялық тұжырымнан өткізе білген жағдайда ғана елдігімізді бағалап, тәуелсіздігімізді сақтап қалу мүмкіндігіне ие боламыз. Халықтың өзіне тән рухани тәжірибесін өз бойына сіңірген ұлттық философияны сараптау оның өзін-өзі тануына жол ашады.

Зерттеу жұмысының өзектілігін айқындау барысында мынадай тұжырымдарға мән беру қажет деп есептейміз. Біріншіден, халқымыздың тарихында өзіндік ізденістерімен, іс-әрекеттерімен із қалдырған ойшылдарымыздың дүниетанымын тарихи-философиялық талдаудан өткізу халқымыздың рухани болмысын тануға ерекше үлес қосады; екіншіден, әрбір ойшылды осындай сараптамадан өткізу ұлттық философияның аясын кеңейтіп, ұғымдарын толықтырады; үшіншіден, мұндай сараптау тарихи және рухани сабақтастықты нығайтып отырады. Ал ол өз тұрғысынан ұлттық ойлаудың үздіксіз дамып, ұдайы жаңарып, жаңғырып отыруын қамтамасыз етеді. Төртіншіден, өткенді тану, оның қисынына бойлау қоғамымыздың берік болашағын қалыптастыруға негіз болады.

Осындай аса маңызды қоғамдық жұмыстарды атқаруда Мағжан тәжірибесі, ақыл-ойы, ұстанымдары үлкен септігін тигізеді деп ойлаймыз. Өйткені Мағжан - өз болмысында халықтың кешегі тарихын, өз заманындағы әлеуметтік хал-ахуалдың жағдайын табысты ұштастырып, болашаққа қол созып, оған жол сілтей алған аса сирек дарын иесі. Мағжан өлеңдерін оқыған сайын онымен күнде тілдескендей, қауышқандай әсер аласың. Өйткені Мағжан сөз құдыретін жан-жақты игерген ақын. Өз заманынан, өз ортасынан әлде қайда озып, бүкіл адамзаттық мәдениет пен ғылымның деңгейіне көтеріліп, жалпы адам болмысының заңдылықтарын жете білген және меңгерген ойшыл-ақынның шығармашылығы бүгінгі рухани мәдениетімізде өзіне лайықты орнын тауып, тәуелсіздігімізді одан әрі нығайтуға үлес қосуда. Мағжан - философ ақын ретінде ерекше ойлау машығына ие ойшыл. Оның шығармашылығы философиялық ойлаудың ерекше поэтикалық түрі болғандығын көрсетеді.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Мағжантану қазіргі уақытта әдеби-мәдени саладағы жан-жақты дамыған, тарихи дәстүрі мен тәжірибесі мол ғылыми арнаның біріне айналып отыр. Оның дамуында бірнеше маңызды кезеңдерді бөліп көрсетуге болады.

Бірінші кезең - XX ғасырдың бас кезінде Жүсіпбек Аймауытов, Қошке Кемеңгерұлы, Смағұл Садуақасов, Мұхтар Әуезов есімдерімен байланысты.

Мағжан шығармашылығы туралы алғашқы сыни мақалалар, жылы лебіздер мен толғаныстар осы жылдары жазылды. Әсіресе, Мағжанның ақындық өнеріне қатты мән берілді.

Екінші кезең - Кеңес өкіметінің саяси дәуірлеу уақытына дөп келгендіктен Мағжан шығармашылығы туралы кең көлемде зерттеулер жүргізілмеді. Бірақ сол жылдардың өзінде Мағжанның ерекше ақындық болмысына қамқор көңілмен қараған Ілияс Омаров, Хайролла Махмұдов, Сәйфи Құдаш секілді көрнекті тұлғалардың еңбегін атап өтуіміз қажет.

Үшінші кезең - Қазақстанның тәуелсіздік алуымен басталды. Бұл Мағжантанудың шын мәнінде дамып, қанат жайған уақыты. Ш. Елеукенов, М. Базарбаев, С. Қирабаев, Р. Бердібай, Ә. Тәжібаев, Ш. Сәтбаева, Р. Нұрғали, Г. Есимбеков, А. Жақсылықов, Б. Мамраев, Т. Жұртбаев, Е. Тлешов сияқты ғалымдардың еңбегінде Мағжан шығармашылығы әдеби зерттеу тұрғысынан зерттелген. Осындай мол көлемде зерттеу еңбектері бола тұра, М. Жұмабаевтың әдеби мұрасы түпкілікті зерттеліп бітті, оның қазақ әдебиетіне қосқан үлесі толық анықталып болды деп айтуға болмайды.

Мағжанның әдебиет саласындағы табыстары әлі де өз зерттеуін күтуде.

Тәуелсіздік жылдарындағы Мағжантанудың бастапқы ерекшелігі - оның шығармашылығы әдебиет танудан басқа да гуманитарлық ғылымдардың зерттеу нысанына айналып, ұғымдық, мағыналық аясының кең көлемде анықтала бастауы.

Мағжан дүниетанымының психологиялық, педагогикалық, мәдениеттанымдық қабаттары арнайы зерттеудің нысанына айналды. Бұл мағжантанудың өрісін кеңейтіп, оның қоғамдық рухани маңызының терең ашылуына жағдай жасауда.

Мағжан шығармашылығы Қ. Б. Жарықбаевтың [5, 6] Ә, Нысанбаевтың [7] Ә. Дербісалиевтың [8] еңбектерінде байырғы әдеби үрдістен басқа қырда талданып, оның бұрын белгісіз болған жаңа қырлары ашыла түсуде.

Соңғы жылдары Мағжан романтизмі мен символизмі де көп сөз болуда.

Тәуелсіздік алғаннан бері М. Жұмабаевтың шығармашылығының әртүрлі мәселелерін қарастыратын бірнеше кандидаттық диссертациялар қорғалды. Олардың қатарына Г. А. Есмагулованың «Идея свободы в мировоззрении Магжана Жумабаева» [9], Р. Н. Көшенованың «Мағжан Жұмабаевтың педагогикалық көзқарастары» [10], Д. А. Әлкебаеваның «М. Жұмабаевтың поэзиясының тілдік ерекшеліктері» [11], Е. Е. Тлешовтың «М. Жұмабаев шығармасындағы романтизм» [12], Б. Қанарбаеваның «М. Жұмабаев поэзиясындағы фольклорлық дәстүр» [13], Ж. Н. Сабированың «Мағжан Жұмабаевтың психологиялық көзқарастары» [14], И. М. Кутуходжаевтың «М. Жұмабаевтың мәдениеттанымдық көзқарастары» [15], Б. М. Әбдешовтың «М. Жұмабаевтың прозасы» [16], С. Г. Сенкібаевтың «М. Жұмабаевтың тәлімдік мұраларын мектептік оқу тәрбие үрдісінде пайдалану жолдары» [17] тақырыпты зерттеулерін жатқызуға болады.

Г. Есмагулова М. Жұмабаев дүниетанымдағы экзистенциалдық мәселелерді талдап, олардың батыс мәдениетімен үндестігін, ұқсастығын көрсетуге тырысты. Әрине, салыстырмалы, коппаративистикалық зерттеу, әруақытта жақсы нәтиже береді. Бірақ Мағжан Жұмабаев батыс экзистенциализмін білмеген күнде де өзіндік жолмен адами мәселелерді зерттеуге ұмтылыс жасап, біршама жақсы, көзге тұрарлық нәтижеге қол жеткізді.

И. М. Кутуходжаев М. Жұмабаевтың мәдениеттанымдық көзқарастарын қарастырып, үнемі батыс европалық философиялық бағыттарға назар аударады. Егер де философиялық релятивизм тұрғысынан келсек, Мағжан өз ортасының, өз халқының заңды жемісі болғандықтан көптеген мәдениеттанулық тұжырымдарға өзіндік жолмен, келбетпен жеткендігі әруақытта көзге ұрынып тұрады.

М. Жұмабаев «Педагогика» кітабының авторы ретінде өте жақсы, жан-жақты ойластырылған, әрбір тұжырымы дәлелденген тәрбие ілімін жасады.

Бұл Мағжан тұлғасының ғылыми жұмыстар саласындағы көрнекті табысы. Оған педагог ғалымдар жеткілікті түрде көңіл аударған. Дегенмен, бұл салада Мағжан қол жеткізген табыстарды жан-жақты саралау әлі де қажет деп есептейміз.

Мағжанның психологиялық көзқарасын зерттеу бастау алды, бірақ одан әрі жалғастыруды керек ететін тұстары әлі де баршылық.

Мағжан- білімді, дарынды, іздену аясы өте кең ақын, ойшыл. Оның шығармашылығының көптеген қабаттары уақыт өткен сайын өз зерттеуін күтуде.

Соңғы жылдардың ең бастапқы жетістігі- М. Жұмабаев шығармашылығын философиялық тұрғыдан зерттеу. Әрине, бұл өте қызықты және берері мол үрдіс. Мағжанның әр өлеңі өзінше бір әлем, сондықтан онда философиялық дискурс өте мықты орын алған, соны оқи алсақ, көпшілік назарына ұсына алсақ, нұр үстіне нұр болатыны сөзсіз.

Біз зерттеу жұмысымызда адам мен қоғам арасындағы қарама-қайшылықтың Мағжан шығармалығындағы көрінісіне тарихи философиялық тұрғыдан талдау жасадық. Философиялық дүниетанымның мәнін ашып көрсетуде басшылыққа алған негізгі қағидамыз - өз заманының дүлдүл ақыны, ойшылы Мағжанды ойшыл, жоғары рух иесі ретінде тудырған осы қоғамның өзіндік қайшылығы. Сонымен қатар ойшылдың көтерген философиялық мәселелері философия тарихы арқылы, адамзат өміріндегі өмір мәндік мәселелер ескеріле отырып зерделенді.

Ақын өзінің алдындағы азаматтық парызын нақты бар болмысымен абыройлы атқара білді. Ол бұл жолда өмір мектебінен өтіп, дәстүрлі қазақ мәдениетінен, Шығыс пен Батыс ілімдерінен бірдей сусындап, оған ақын көңілімен, ақыл көзімен қарайды. Қашанда бір жақты болудан өзін аулақ ұстаған Мағжан адамның таным процесін жан-жақты талдай отырып, өзіндік сана ерекшелігін айрықша бөліп қарады. Біз зерттеу жұмысымызда ойшыл ақынның таным теориясын жан-жақты талдап, оның біртұтастығын, тиянақтылығын көрсетеміз және оның қазақ философиясы тарихындағы орнын айқындаймыз.

Мағжан өмір сүрген замандағы ойшылды толғантқан әлеуметтік мәселелерді философиялық тұрғыдан талдау барысында біз негізінен ақынның өз шығармаларына сүйендік. Мағжан шығармаларының тарихи маңызы зор, ақын өзін толғантқан әрбір қоғамдық мәселеге өз көзқарасын, өзінің қатынасын анық, айқын, бірақ көркем сөз түрімен беріп отырған.

Мағжан дүниетанымына Шығыс пен Батыс мәдениеті бірдей әсер етті. Сондықтан оның дүниетанымына тарихи-философиялық тұрғыдан баға беру барысында Батыс пен Шығыс мәдениетінің ерекшеліктерін салыстырмалық сараптамадан өткізген авторлардың зерттеу жұмыстарына және жалпы философия тарихы бойынша зерттеу жүргізіп, көзқарас қалыптастырған ғалымдардың еңбектеріне сүйену қажеттілігі туындап, ғылыми методологиялық жағынан отандық авторлардың еңбектерінің көп көмегі тиді. Әсіресе, зерттеу барасында бағыт-бағдар болған еңбектердің қатарына Ж. М. Әбдильдиннің [18], Ә. Н. Нысанбаевтың [19], Қ. Әбішевтің [20], Т. Әбжановтың [21], А. А. Хамидовтың [22], Г. Г. Соловьеваның [23], Г. К. Шалабаеваның [24], М. З. Изотовтың [25], А. Қ. Қасабектің [26], Т. Қ. Рысқалиевтің [27], С. Б. Нұрмұратовтың [28], Қ. Ш. Нұрланованың [29] ғылыми-философиялық еңбектері жатады.

Біз өз жұмысымызда қазақ философиясының тарихын зерттеуде қол жеткізген нәтижелерді жан-жақты пайдаландық. Қазақ халқының дүниетанымына зерттеу жүргізіп, оған объективті баға беруге үлес қосқан, өзіндік өзгеше пікір қалыптастырған еңбектердің қатарына Ж. М. Абдильдиннің [30], Ә. Н. Нысанбаевтің [31], Қ. Ш. Нұрланованың [32], С. Б. Нұрмұратовтың [33], Ж. С. Орынбековтың [34], О. А. Сегізбаевтың [35], А. Тайжанұлының [36], Д. Кішібековтың [37], Н. Р. Мұсаеваның [38], Ғ. Есімнің [39], Н. Ж. Байтенованың [40], Ж. Алтаевтың [41], Т. Х. Ғабитовтың [42] шығармалары мен ғылыми мақалаларын жатқызуға болады.

Бүгінгі күнге дейін Мағжан Жұмабаев дүниетанымын зерттеуде біршама жұмыстар атқарылғанымен ұсынылып отырған бұл еңбекте бұрын-соңды назар аударылмай келген мәселелерге көңіл бөлінді Мағжан Жұмабаев дүниетанымына философиялық талдау жасаған жұмыстардың бар болуына қарамастан, диссертациялық жұмыстың нысаны болып отырған тақырыптың зерттелу деңгейі отандық ғылымда алғашқы қадам дегейінде деп айта аламыз. Мағжандай ойшылдың дүниетанымын тарихи-философиялық тұрғыдан зерделей түскен сайын оның ерекше ойлау мәдениетіне бойлай түсетінімізге күмән жоқ. Бұл еңбек халқымыздың рухани мәдениетінің жаңа деңгейге көтерілуіне өзіндік үлес қосатынына сеніміміз зор.

Зерттеудің негізгі мақсаты. Ғылыми еңбектің мақсаты - қазақ тарих философиясындағы Мағжан Жұмабаевтың орнын анықтап, республикадағы тарихи сананың дамуы мен қалыптасуындағы ықпалын көрсету және Мағжан дүниетанымының біртұтастық тиянақтылығын айқындау.

Зерттеу жұмысының негізгі міндеттері:

- философ ақын Мағжан Жұмабаевтың дүниетанымы мен әлемге қарым-қатынасының қалыптасуына негіз болған рухани қайнар көздерді анықтау; Мағжанның әлеуметтік-философиялық көзқарасының қалыптасуына ықпал жасаған қоғамдық қарама-қайшылықтарға философиялық тұрғыдан талдау жасау;

- ақын шығармашылығындағы ұлттық болмыстың негізгі сипатарын айқындау және оның пікірінше ұлттық болмыс пен тыныс тіршіліктегі қол жеткізуге ұмтылыс жасайтын құндылықтарды анықтау;

- Мағжанның тарих туралы ұстанымдарын сипаттап және тарихи тұлғаларды бағалау. Өмір мен өлім қарама-қарсылығын пайымдаудағы негізгі пікірлерін анықтау, адам болмысындағы Мағжан анықтаған иррационалды мүмкіндіктерді саралау және олардың адам өміріндегі рөлін көрсету;

- білімнің құндылықтық табиғатын көрсетіп, оның тұлғаның қалыптасуындағы рөлін көрсету.

Зерттеу жұмысының методологиялық және теориялық негіздері.

Қазақ философиялық ойлау мәдениетіндегі Мағжан Жұмабаевтың орнын анықтап, ондағы философиялық концептілерді түсіндіруде автор дәстүрлі методологиялық негіздерге сүйенді. Атап айтқанда, жұмыста автор абстракттылықтан нақтылыққа өту және тарихилық пен логикалықтың бірлігі принциптерін, талдау мен жүйелеу, индуктивті мен дедуктивті, түсінік беру тәсілдерін қолданды.

Ғылыми зерттеуде әдебиет саласындағы ғалымдардың тұжырымдамаларымен қатар отандық және шетелдік мамандардың философия тарихын объективті тұрғыда қарастыруының тәжірибелері кеңінен қолданылды.

Зерттеу жұмысының дерек көздері. Диссертациялық, жұмыста 1989 жылдан бері жарық көрген Мағжанның төл туындылары және «Алаш ақиықтары» кітабының материалдары пайдаланылды.

Диссертациялық зертеудің ғылыми жаңалығы.

Жұмыстың ең басты жаңалығы - Қазастанда енді-енді қалыптаса бастаған тарих философиясындағы Мағжан Жұмабаевтың орнын анықтауы. Осы негізгі ғылыми тұжырымдамаға жан-жақты талдау жасалып, оның бұрын онша мән берілмеген, айтылмаған философиялық тұрғыдағы маңызды ұғымдарына назар аударылды.

Қазақ өркениетінің, мәдениетінің қайталанбас дара ерекшеліктерінен туындаған сөздер мен ұғымдар қоры Мағжан шығармашылығында ақын құрастырған, өте сәтті ойластырылған мағынасы мен көтерер жүгі терең тың концептілермен толықтырылады. Мағжанның сәтті сөз тіркестерін концепт деп бағалауымызға оның әлем бейнесін сипаттауына тікелей қатысты болуы және жеке тілдік тұлға үшін де, жалпы лингвомәдени тұтастық - тілдік қауым үшін де маңыздылығы негіз болды. Қай мәдениеттің болмасын негізгі концептілеріне төмендегідей абстрактылы жалпы адамзаттық мәнге ие ұғымдар кіреді: махаббат, Отан, ұят, тағдыр, ерік-жігер, еркіндік, үміт.

Халықтың әлем үлгісін түзейтін түсінік ұғымдары, осындай мәдени конецптілері Мағжанда толығынан көрініс береді, сонымен қатар, оның «от-үміт», «от-өмір», «өмір-от» секілді өзіндік сипаттағы концептілермен байытылады. Мағжан шығармашылығы - қазақ философиясының ұғымдық, сөздік қорын өте сәтті кеңейтетін бірден-бір бастау. Өйткені ақын поэзиясындағы әрбір сөз өзінің негізгі поэтикалық суреттемелік, көркем-сөздік қасиетінен әлдеқайда терең, жоғары дүниетанымдық, тұжырымдық деңгейге көтерілген. Ақын сомдаған поэтикалық образдың астарында үлкен мағына, мән жатыр. Оның философиялық күші осында. Мағжан поэзиясын сөз құдыретінің тылсым күштерінің жан-жақты пайдалану нәтижесінде қалыптасқан ой ағысы деп бағалауға болады. Ой ағысы ретінде ол біресе дүлей күшпен тез арада қозғалып, жойқын терең сезімдерді дүниеге келтірсе, бірде тып-тыныш, моп-момақан жайымен ақырын қозғалып, сабырлы, шуақты, әр нәрсеге мейіріммен, шырайлы шуақты қарайтын мамыражай, жайбырақат сезімдерді тудырады. Біресе от болып жанатын, біресе жел болып гулейтін, біресе тып-тынық дария болатын Мағжан болмысының тылсым күші мен рухани қуаты осыда болса керек.

Автор бұл еңбегінде философиялық зерттеу әдістерін қолдана отырып, төмендегідей негізгі ғылыми нәтижелерге қол жеткізді.

- Мағжан Жұмабаевтың дүниетанымының қалыптасып, дамуына рухани, тарихи және теориялық негіз болған ізденістер мен ой ағыстары және XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ болмысы жан-жақты талданды;

- Мағжанның ерекше сипаттағы ақындық болмысына қатты әсер еткен ұлттық болмыстың негізгі сипаттары анықталып, оған ақын көзімен баға берілді және сол тарихи дәуірдегі ақынды толғандырған, ойландырған, қапаландырған негізгі қоғамдық қайшылықтар анықталды;

- Мағжан көптеген тарихи тұлғаларға баға берді, заман ағымын бағамдап, кешегі, бүгінгі, болашақ уақытты бағалай отырып, тарихи болмыс пен сананың қалыптасуына тірек, негіз болатын тетіктерді анықтады және қоғамның дамуында тарихи сананың маңызды роль атқаратындығын көрсетті;

- Мағжан адам туралы өзіндік ерекшелігі бар концепция жасады және оның біртұтастығын жан-жақты негіздеді;

- Мағжан адамның әлемге қарым-қатынасы аясында өмір мен өлім мәселесіне аса назар аударды. Осы мәңгілік проблеманы анықтауда үлкен біліктілік және табандылық, тапқырлық танытты;

- Мағжан адамның тұлға, азамат, ерекше сипаттағы дарын иесі болып қалыптасуы үшін білімнің аса қажетті құндылық екендігіне көңіл аударды. Отандық философияда алғашқылардың бірі болып, білімді адамды өзгертетін, қайтадан жасайтын, түлететін құндылық ретінде бағалады.

Қорғауға ұсынылатын негізгі ғылыми тұжырымдар.

Автор өзі қол жеткізген тың ғылыми нәтижелер ретінде көпшілік алдында қорғауға мынадай негізгі тұжырымдарды ұсынады:

1. Мағжан Жұмабаев Батыс пен Шығыс мәдениетінің, қазақтың көшпелі өркениетінің әртүрлі, көпжақты рухани, мәдени, әлеуметтік, теориялық, тарихи ықпалын көре отырып, ешкімге ұқсамайтын, өзіндік ерекшелігі мол, дара дүниетаным қалыптастырды. Соның арқасында философиялық мәні жоғары, тәлімдік, тәрбиелік қуаты мол ұлағатты шығармашылықты дүниеге келтірді. Яғни, Мағжан Жұмабаев жеке мен жалпының, нақтылық пен абстрактіліктің, тарихилық пен логикалықтың өзара кірігуі, қоян-қолтық араласуы, бірігуі нәтижесінде пісіп жетілген ойшыл ақын, философ.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Мағжан Жұмабаев қазақ халқының тарихында кәсіптік тұрғыдағы
Тіл білімінің әдіснамалық мәселелері
ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ әдебиетіндегі символизм сипаты
Ахмет Байтұрсынов шығармашылығындағы тіл философиясының мәселелері
СИМВОЛИЗМ ЖӘНЕ ӘДЕБИЕТ САЛАСЫ
Ежелгі түркі тілді ру-ұлыстарымен бірге жасаған көркем сөз өнерін түсіндіру
Қазақ халқының ұлттық санасын қалыптастырудағы қазақ ойшылдарының әлеуметтік-саяси идеялары
ХХ ғасыр басындағы әдеби процесс және символизм
МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ ПОЭЗИЯСЫ
Мағжан Жұмабаевтың Мен кім
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz