Қауіпсіздік пен есірткі бизнесі


Пән: Құқық, Криминалистика
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 161 бет
Таңдаулыға:   
МАЗМҰНЫ

ШАРТТЫ ҚЫСҚАРТУЛАР ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...3
КІРІСПЕ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .4
1 ҚАУІПСІЗДІК ПЕН ЕСІРТКІ БИЗНЕСІ ҰҒЫМДАРЫН ЗЕРТТЕУДІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ-
ӘДІСТЕМЕЛІК НЕГІЗДЕРІ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 13
1.1 Қауіпсіздік ұғымы саясаттанулық талдаудың объектісі
ретінде ... ... ... ... ... 13
1.2 Қауіпсіздіктің қатері ретіндегі есірткі бизнесі
ұғымын зерттеудің теориялық
негіздері ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 28
1.3 Ғаламдық деңгейдегі есірткі бизнесінің халықаралық
құрылымы ... ... ... ... .38

2 ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ АЙМАҚТЫҚ ҚАУІПСІЗДІККЕ ТӨНГЕН ҚАТЕРЛЕР ЖҮЙЕСІНДЕГІ
ЕСІРТКІ БИЗНЕСІ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 49
2.1 Орталық Азия елдеріндегі есірткі бизнесінің таралуының себептері мен
тенденциялары
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... ... ... ... ... ..49
2.2 Орталық Азия аймағындағы есірткі бизнесінің дамуының ауғандық
факторы ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .64
2.3 Орталық Азия елдерінің есірткі бизнесіне қарсы күрес саласындағы
көпжақты
әрекеттестігі ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... ... ... ... ... ..75

3 ЕСІРТКІ БИЗНЕСІ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ ҚАТЕРІ
РЕТІНДЕ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..9 4
3.1 Қазақстандағы есірткі бизнесінің таралу себептері мен
тенденциялары ... ..94
3.2 Есірткі бизнесіне қарсы күрес саласындағы әлемдік тәжірибе және оны
Қазақстан Республикасында пайдалану
мәселелері ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ...102
3.3 Есірткі бизнесі мен нашақорлыққа қарсы күрес саласындағы Қазақстан
Республикасының мемлекеттік
саясаты ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .113
ҚОРЫТЫНДЫ ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... ... ... ... ... ... ... 127
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН
ӘДЕБИЕТТЕР ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 13
2

ШАРТТЫ ҚЫСҚАРТУЛАР

АӨІСШК – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім білдіру шаралары жөніндегі
Кеңес
АТS – амфетамин қатарындағы стимуляторлар
АХДП – Ауғанстан халықтық-демократиялық партиясы
БАҚ – бұқаралық ақпарат құралдары
БҰҰ – Біріккен Ұлттар Ұйымы
ДЕА – Есірткіге қарсы күрес жөніндегі басқарма (the U.S. Drug Enforcement
Administration, АҚШ)
ЖӘҰК – Жедел әрекет етуші ұжымдық күштері (ҰҚКҰ)
ЖІӨ - жалпы ішкі өнім
ЗЕА – заңсыз есірткі айналымы
ЕБФҚ – Есірткілерді бақылау жөніндегі федералдық қызмет (Ресей)
ЕҚЫҰ – Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы
ҚСЗИ – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстандық
стратегиялық зерттеулер институты
ЛСД – галлюциногендер
MDMA – экстази
НАТО – Солтүстік Атлантикалық Келісімшарт Ұйымы
ОАААҮО – Орталық Азиялық аймақтық ақпараттық үйлестіру орталығы
ОББ – Орталық барлау басқармасы
ОГД – Есірткілер мониторингінің геосаяси орталығы
ӨИҚ – Өзбекстан ислам қозғалысы
ПБЗ – психологиялық белсенді заттар
ТБАО – Таулы-Бадахшан Автономды Округы (Тәжікстан)
ТМ – Түсіністік Меморандумы
ТМД – Тәуелсіз мемлекеттер достастығы
ҮЕҰ – үкіметтік емес ұйымдар
ҰҚКҰ – Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымы
ХВҚ – Халықаралық валюта қоры
ШЫҰ – Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымы
ЮНДКП – Есірткілерді халықаралық бақылау жөніндегі бағдарлама (БҰҰ)

КІРІСПЕ

Диссертациялық зерттеудің жалпы сипаттамасы. Бүгінгі таңда есірткі
бизнесі Орталық Азия елдерінің ұлттық және аймақтық қауіпсіздігіне,
тұрақтылығына орасан зор қатер төндіріп отыр. Есірткі бизнесі мен
нашақорлық қаупі бір елдің жеке дара проблемасы болудан қалып, қазіргі
кезеңде аймақтық және халықаралық қауымдастықтың трансұлттық сипаттағы
мәселесіне айналуда. Осы ретте, диссертациялық жұмыста Орталық Азия
аймағында белең алған есірткі бизнесінің пайда болу және таралу себептері,
алғышарттары, қазіргі күйі, оған ықпал етуші факторлар және аталмыш
проблемаға қарсы күрес саласындағы Орталық Азия мемлекеттерінің саясаты,
аймақтық және халықаралық әрекеттестігі мен ынтымақтастығы жан-жақты
зерттелген. Сонымен бірге, ұлттық және аймақтық қауіпсіздіктің қатері
ретіндегі есірткі бизнесінің теориялық-әдістемелік негіздері айқындалып,
басты ғылыми категориялар мен қазіргі заманғы қауіпсіздік концепциялары
сарапталған.
Диссертациялық зерттеудің өзектілігі бірқатар себептермен
түсіндіріледі.
Орталық Азияда жаңа тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуы мен Еуразия
кеңістігіндегі қарқынды геосаяси өзгерістер нәтижесінде аймақтағы
қауіпсіздік саласында кешенді проблемалар туындады. Бастапқы кезеңде
саясаттанушылар тарапынан дәстүрлі емес қауіп-қатерлер ретінде сипатталып
келген терроризм, діни экстремизм, есірткі бизнесі, біртіндеп аймақтық және
ұлттық қауіпсіздіктің өткір проблемаларының біріне айналды. Олардың ішінде,
әсіресе, есірткі бизнесі Орталық Азия елдерінің әлеуметтік, саяси,
экономикалық салаларына, болашақ ұрпақ пен ұлттық гендік қорға орны
толмастай нұқсан келтіруде.
Есірткі бизнесінің Орталық Азия мемлекеттерінің ұлттық қауіпсіздігі
үшін көкейкесті мәселеге айналғандығын Қазақстан Республикасының Президенті
Н.Ә. Назарбаев өзінің Сындарлы он жыл еңбегінде де атап өтеді:
Жаһанданған және жоғары технологиялы есірткі империясы еш күмән жоқ, жер
шарының кез келген нүктесіндегі жеке мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне ғана
емес, барша адамзатқа нақты қатер төндіруде. Әлемдік қауымдастық оның
демографиялық, әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-мәдени әлуетін әлсірететін
әлемдік есірткі мафиясының алдында бұрын-соңды байқалмаған дәрежеде
қауқарсыз болып отыр... Соңғы уақытта есірткіге қатысты Қазақстандағы ахуал
ұдайы күрделене түсуде әрі жуық маңда ұлттық және мемлекеттік қауіпсіздікті
қамтамасыз ету барысындағы проблемалардың біріне айналатыны күмәнсіз.
Бүгіннің өзінде, есірткі бизнесі Қазақстанда әлеуметтік мәні бар проблемаға
айналғанын, қоғамның азаматтық жай-жапсарына кері әсер етуде екенін, оның
экономикалық даму және әлеуметтік прогреске де деструктивті ықпал етіп
отырғанын атап өтуге болады [1].
Қазіргі таңда есірткі бизнесі Орталық Азия аймағының бес мемлекетін
бірдей деңгейде шарпыған қауіпке айналды. Бұл жағдай келесідей факторлармен
айқындалады:
1. есірткі бизнесінен түскен заңсыз табыс дүние жүзілік деңгейдегі
тұрақтылықты шайқалтып отырған терроризм, экстремизм секілді күйретуші әсер
етуші күштердің қаржылық көздерінің біріне айналуда;
2. бүгінгі таңда Орталық Азия елдері Еуропа мен ТМД мемлекеттеріне
тасымалданатын ауған есірткілерінің жол жөнекей басты транзиттік
маршруттарының бірі болып табылады;
3. есірткі бизнесінің Орталық Азияда тереңнен тамыр жаюы трансұлттық
қылмыстық топтардың іс-әрекеттерінің белсенденуі мен аймақтағы жағдайдың
ушығуына алып келіп, құқық қорғау, шекара, кеден қызметтеріндегі сыбайлас
жемқорлықты өршіктіруде;
4. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан мен Тәжікстандағы
нашақорлар санының күрт өсуі және соның салдарынан ЖИТС дертінің
эпидемиялық сипатта таралуы (85%-дан астамы нашақорлар) Орталық Азия
елдерін мекендеген ұлттардың даму болашағы мен денсаулығына орны толмас
нұқсан келтіруде .
Орталық Азияда қалыптасқан күрделі есірткі ахуалы аймақ елдерін
пәрменді және нәтижелі шараларды қабылдауға итермелеуде. Осыған орай, бұл
елдердегі есірткі бизнесіне қарсы күрес саласындағы мемлекеттік саясатын,
олардың өзара әрекеттестігі мен халықаралық ынтымақтастығын саясаттану
ғылымы тұрғысынан зерттеудің объективті қажеттілігі туындауды. Сонымен
қатар, Орталық Азия мемлекеттерінің есірткі бизнесі мен нашақорлыққа қарсы
күресте қолданылатын әдіс-тәсілдерді, олардың тиімділігі мен нәтижелілігін
көтеруге арналған ғылыми және практикалық ұсыныстарды беру аса маңызды. Осы
ретте, аймақтық қауіпсіздік жүйесіндегі ШЫҰ, ҰҚКҰ, БҰҰ, ТМД секілді
ұйымдардың Орталық Азиядағы есірткі бизнесі проблемасын шешудегі қарымын,
олардың қызметінің сәтсіздігі мен сәттілігін талдау абзал.
Бүгінгі таңда әлемдік қауымдастық есірткі бизнесіне қарсы күрес
саласында үлкен тәжірибе жинақтаған. Сан алуан антиесірткілік ұлттық
үлгілер қалыптасып, қызмет етуде. Олардың көпшілігі нақты елдің саяси,
ұлттық, мәдени, құқықтық ерекшеліктерін ескеру негізінде орныққан. Бұл
ұлттық үлгілердің бірі қатаңдығымен, екіншісі либералдығымен, үшіншісі
радикалдылығымен ерекшеленіп жатады. Дегенмен, есірткі бизнесі мәселесін
түпкілікті шешуге және қоғамның әлеуметтік дерті ретіндегі нашақорлықты
тамырымен жою мақсатын жүзеге асыруға арналған қандайда бір тиімді үлгі осы
күнге дейін жасалған жоқ. Халықаралық қауымдастықтың қабылдап жатырған
кешенді шараларына қарамастан, трансұлттық есірткі бизнесі жылдан жылға күш
алып бара жатыр. Бұл кесапаттан дамушы елдермен қатар, әсіресе, күрделі
экономикалық қиыншылықтарды басынан кешіріп отырған дамушы мемлекеттер
үлкен зардап шегіп, есірткі бизнесіне қарсы күресте шарасыздық танытуда.
Сол себепті бұл елдердегі есірткі бизнесінің көлеңкелі экономика
саласындағы үлесі күшейіп, мемлекеттік органдарды жайлаған сыбайлас
жемқорлық мәселесін шешуге кедергісін келтіруде.
Осылайша, есірткі бизнесі мәселесін зерттеудің өзектілігі бір жағынан
Орталық Азия аймағындағы есірткі бизнесі қаупінің күшеюімен, екінші жағынан
аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан аталмыш проблеманы шешуге
бағытталған ұтымды әдістер мен тиімді тәсілдерді талдау қажеттілігімен
түсіндіріледі. Әсіресе, Қазақстан Республикасындағы есірткі бизнесі
жағдайын, нашақорлық деңгейін сараптауға, антиесірткілік саясат
механизмдерінің нәтижелілігін арттыруға бағытталған ғылыми ізденістер
біздің еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету стратегиясының тиімді
жүзеге асырылуына септігін тигізері анық.
Тақырыптың ғылыми зерттелу деңгейі. Соңғы жылдары Орталық Азиядағы
есірткі бизнесі мен нашақорлық аймақтық қауіпсіздік мәселесінің ең өткір
проблемаларының қатарынан орын алды. Осыған байланысты, отандық және
шетелдік ғалымдардың бірсыпыра еңбектері есірткі бизнесі тақырыбына арқау
болған. Кеңестер Одағы тұсында есірткі бизнесі қаупі ұлттық қатер
деңгейінде болмағандықтан және нашақорлар санының тым аздығына байланысты
объективті қажеттіліктің жоқтығынан, бұл мәселе тек медицина мен қылмыстық
құқық ғылымдары шеңберінде ғана зерттелді. Сол себепті, есірткі бизнесін
саясаттану, геосаясат, аймақтық және ұлттық қауіпсіздік парадигмалары
тұрғысынан талдау тек Кеңестер Одағының ыдырауы мен Орталық Азия елдерінің
тәуелсіздік алу кезеңінен басталды. Алайда, есірткі бизнесі проблемасын
көтерген еңбектердің саны едәуір артқандығымен, олардың саны зерттеудің
сапасына сай келе бермейді. Сонымен бірге, олардың көпшілігі мәселеге бір
қырынан ғана қарайтын, фактологиялық және криминологиялық сипаттағы
жұмыстар. Яғни, басылымдардың үлкен ағымына қарамастан, олардың ішіндегі
бірен-сараны ғана ғылыми құндылыққа ие. Осыған орай есірткі бизнесі
проблемасының барлық аспектілерін қамтитын, жүйелі ғылыми зерттеудің
объективті қажеттілігі пісіп жетілді.
Ауғанстандағы апиын өндірісі мен есірткі бизнесін, оның Орталық Азия
елдеріне тигізетін ықпалын зерттеуге көптеген шетелдік ғалымдардың
еңбектері арналған. Олардың ішінде Р.Н. Макдермонт (R.N. McDermont) [2],
А.В. Маккой (A.W. McCoy) [3], М.Б. Олкотт пен Н. Удалова (M.B. Olcott, N.
Udalova) [4], Б.Р. Рубин (B.R. Rubin) [5], П-А. Човиді (P-A. Chouvy) [6]
атап өтуге болады. Бұл авторлар әлемдік апиын өндірісінің тарихи және
экономикалық аспектілерін, аймақтық қауіпсіздік аясындағы есірткі
бизнесінің терроризм және экстремизммен байланысын, Ауғанстандағы заңсыз
есірткі өндірісінің жай-күйін кешенді түрде қарастырады.
Есірткі бизнесін теориялық-әдістемелік және практикалық сипатта
зерттеуге ресей ғалымдарының қосқан үлесі зор. Ресейде бұл бағыттағы
зерттеулер 1990 жылдардың басынан бастап қана шыға бастады. Олардың ішінде
С. Бокерия [7], И. Жмуйда мен М. Морозова [8-9], И. Комиссина мен А. Куртов
[10-11], Е. Степанова [12-17], Г. Сулейманова мен Р. Щенин [18], Н.
Тарасова [19], А. Хатаев [20], И. Хохлов [21] пен Г. Чуфрин [22] еңбектері
маңыздылығымен ерекшеленеді.
Ресейлік ғалым Е.А. Степанова өзінің Роль наркобизнеса в политэкономии
конфликтов и терроризма атты фундаменталды монографиясында посткеңестік
саясаттанушылардың ішінде алғашқылардың бірі болып есірткі бизнесіне, оның
Ауғанстандағы көп жылдық жанжалдармен байланысына жүйелі талдау жасаған.
Сонымен бірге, Орталық Азиядағы транзиттік елдердегі есірткі трафигі жан-
жақты қарастырылған. Автор Ауғанстан, Колумбия және Мьянма секілді әлемдік
есірткі өндірісінің орталықтарындағы заңсыз есірткі бизнесіне қарсы күрес
пен сан алуан сипаттағы конфликтілерді реттеудің әдіс-тәсілдерін, жолдарын
іздестіреді. Сондай-ақ, есірткі проблемасы Е.А. Степанованың көптеген
шетелдік және ресейлік ғылыми басылым беттеріндегі мақалаларына арқау
болған.
Ғаламдық деңгейдегі есірткі бизнесінің халықаралық құрылымы мен жүйесін
зерттеуге арналған РҒА Латын Америкасы Институтының бір топ ғалымдарының
Транснациональный наркобизнес: новая глобальная угроза [23] кітабында
әлемдік есірткі өндірісінің орталықтарымен бірге, Азия құрлығындағы есірткі
жағдайы тыңғылықты зерттелген. Еңбекте заңсыз есірткі айналымына қарсы
күрес саласындағы БҰҰ-ның орны мен рөлі, оның осы саладағы негізгі
институттары мен халықаралық құжаттары, олардың орнығу тарихы баяндалған.
Әсіресе, трансұлттық есірткі бизнесін бейтараптандыруға бағытталған әлемдік
қауымдастықтың өзара әрекеттестігі, мемлекеттердің халықаралық және
аймақтық ынтымақтастығы, олардың осал тұстары мен жетістіктері сараланған.
Есірткі бизнесі мәселесін зерттеуде Л. Бондарец [24], К. Джалилов [25],
А. Зеличенко [26-27], К. Искандаров пен Н. Назаров [28-29], А.А. Князев [30-
37], О. Молдалиев [38-40] секілді Орталық Азиялық сарапшылардың еңбектері
үлкен көмегін тигізеді.
Жекелей алғанда, Қырғызстандық ғалым А.А. Князевтің К истории и
современному состоянию производства наркотиков в Афганистане и их
распространения в Центральной Азии монографиясында ауғандық есірткі
өндірісінің тарихы, бүгінгі жағдайы мен оның Орталық Азия елдерінің ұлттық
қауіпсіздігіне тигізетін ықпалын ғылыми сипатта қарастырған аймақтағы
тұңғыш еңбектердің бірі.
Есірткі бизнесіне арналған еңбектердің бірі Орталық Азиялық сарапшы А.
Зеличенконың Афганская наркоэкспансия 1990-х гг. и проблема национальной
безопасности Кыргызстана [41] монографиясы болып табылады. Автор мәселені
зерттеу барысында орасан зор дерек көздері мен оқиғалар желісін қолдана
отырып, есірткі бизнесіне қарсы күрестің тиімділігін арттыруға бағытталған
бірқатар практикалық ұсыныстар береді.
Қазақстандық саясаттанушылардың да есірткі бизнесі мәселесін зерттеу
саласына қосқан үлестері айтарлықтай. Алғашқылардың бірі болып Орталық
Азиядағы қауіпсіздікке төнген қатерлер жүйесіндегі есірткі бизнесінің түрлі
аспектілерін Ж. Акишева [42], Н. Әбдіров [43], М. Әшімбаев [44], Б.
Сарсеков [45], Ж. Байсалбаева [46], Е. Карин [47], М. Лаумулин [48], А.
Морозов [49], Д. Сатпаев [50], Е. Тукумов [51], Г. Феткулов [52], Ю.
Черкасов [53] және т.б. зерттеді.
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстандық
стратегиялық зерттеулер институтының бір топ сарапшылары дайындаған
Наркотизация общества: состояние, проблемы, опыт противодействия [54]
ұжымдық еңбегі есірткі бизнесі тақырыбына арналған ғылыми-cараптамалық
сипаттағы Қазақстандағы тұңғыш зерттеулердің бірі болып табылады. Еңбекте
Қазақстан Республикасындағы есірткі бизнесі мен нашақорлықтың таралу
алғышарттары мен себептерін анықтау, оған қарсы күрестегі әлемдік
тәжірибені, олардың артықшылықтары мен кемшіліктерін талдау, есірткі
бизнесі мен нашақорлыққа қарсы күрестің тетіктерін жетілдіруге бағытталған
практикалық сипаттағы ұсыныстарды жасау секілді мәселелер тыңғылықты
зерттелген.
Есірткі бизнесі тақырыбына арналған Қазақстандық зерттеулердің ішінде
Тәуекелді зерттеу тобы шығарған Нелегальный рынок Центральной Азии
ұжымдық еңбегінің алатын орны үлкен. Еңбекте әлемдік есірткі бизнесінің
жүйесімен бірге Орталық Азиядағы есірткі экспансиясы, тасымал маршруттары
мен механизмдері, есірткіні тұтыну мен өндіру, оған қарсы күрестің
тиімділігін көтеру жолдары қарастырылған. Кітаптың басты ерекшелігі зерттеу
барысында эксперттік сұрау тәсілін кеңінен қолдануында.
Ауғанстандағы саяси жағдай мен оның Орталық Азиядағы аймақтық
қауіпсіздікке тигізетін ықпалы тақырыбына арналған Қазақстандық еңбектердің
ішінде Б. Нарбаевтың Афганистан и региональная безопасность [55] және
Афганистан после 11 сентября 2001 года [56] монографияларын атап өтуге
болады. Сонымен бірге, отандық ғалым С. Әкімбековтың Афганский узел и
проблемы безопасности в Центральной Азии [57] еңбегінде ауған
конфликтісінің Орталық Азиядағы аймақтық қауіпсіздікке тигізер ықпалы
зерттелген.
Қауіпсіздік мәселесінің теориялық-әдістемелік аспектілерін зерттеуде Р.
Арон, Б. Бузан, А. Бэттлер, Р. Кеохейн, Г. Моргентау, А. Уолферс, К. Холсти
секілді батыс ғалымдарының классикалық еңбектері өлшеусіз үлес қосады. Бұл
авторлар қауіпсіздік концепциясының негізін салушылардың бірі болып
табылады.
Сонымен бірге А.Г. Арбатова, А.Д. Богатуров, Н.А. Косолапов, В.М.
Кулагин, А.А. Прохожев, П.А. Цыганков, М.А. Троицкий, Э.А. Поздняков,
секілді ресейлік ғалымдардың еңбектері қауіпсіздік мәселесін ғылыми
деңгейде талдауға айтарлықтай көмегін тигізеді.
Жалпы, аймақтық және ұлттық қауіпсіздік мәселелерін теориялық-
әдістемелік және өзге де аспектілер тұрғысынан талдауда М.С. Әшімбаев [58-
61], Л.К Бакаев [62], К.Н. Бурханов [63], Г.Ж. Ибраева [64], М.Б. Мухамедов
[65], Л.М. Иватова мен А.С. Балапанова [66], Е.Т. Карин [67-70], М.Т.
Лаумулин [71-75], Д. Калиева [76-77], У. Касенов [78-79], С.К. Кушкумбаев
[80-82], К.Л. Сыроежкин [83-86], Д.А. Сатпаев [87-88], Қ.С. Сұлтанов [89],
М. Тажин [90-91], М.Е. Шайхутдинов [92], А.Ж. Шоманов [93] және т.б. қосқан
үлесі зор.
Дегенмен, Орталық Азиядағы есірткі бизнесі мәселесін ғылыми сипатта
зерттеуге арналған кешенді саясаттанулық еңбектердің, әсіресе, қазақ
тіліндегі сараптамалық жұмыстар санының аздығын атап өту керек. Сонымен
бірге, аталмыш проблеманы көтерген зерттеулердің бірен-cараны ғана нақты
ғылыми қызығушылық тудырады. Осы тектес олқылықтардың орнын толтыру
мақсатында бұл диссертациялық жұмыстың маңыздылығы мен өзектілігі арта
түспек.
Диссертациялық зерттеудің объектісі – Орталық Азиядағы қауіпсіздіктің
қатері ретіндегі есірткі бизнесі.
Диссертациялық зерттеудің пәні – Орталық Азиядағы аймақтық
қауіпсіздікті қамтамасыз ету шеңберіндегі есірткі бизнесіне қарсы күрес
процесі.
Диссертациялық зерттеудің мақсаты – Орталық Азия елдері мен Қазақстан
Республикасының ұлттық және аймақтық қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында
есірткі бизнесіне кешенді талдау жасау.
Жоғарыда аталған мақсатқа жету жолында зерттеу жұмысының келесідей
басты міндеттері айқындалды:
1. есірткі бизнесі мен қауіпсіздік мәселелерінің теориялық-әдістемелік
аспектілерін сараптау, категориялық аппаратты айқындау;
2. Орталық Азия елдеріндегі есірткі бизнесінің таралуының басты
себептері мен тенденцияларын анықтау;
3. Орталық Азия аймағындағы есірткі бизнесі дамуының ауғандық
факторын зерттеу;
4. аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету аясындағы Орталық Азия
елдерінің есірткі бизнесіне қарсы күрес саласындағы көпжақты әрекеттестігін
талдау;
5. есірткі бизнесіне қарсы күрес саласындағы әлемдік тәжірибені, оның
жетістіктері мен кемшіліктерін зерттеу. Қазақстан қоғамы жағдайында оларды
пайдалану мен бейімдеу мүмкіндіктерін сараптау;
6. Қазақстан Республикасындағы антиесірткілік саясаттың ерекшеліктерін
қарастырып өту және есірткі бизнесіне қарсы күрес тетіктерінің тиімділігін
көтеруге арналған ұсыныстар жасау.
Диссертациялық жұмыстың ғылыми жаңалығы отандық саясаттану ғылымында
тұңғыш рет тұтас Орталық Азиядағы есірткі бизнесін, оның құрамдас
аспектілерін, оған қарсы күрес саласындағы аймақтық және халықаралық
ынтымақтастықты жан-жақты және кешенді талдаумен сипатталады. Сонымен
бірге, Қазақстан Республикасындағы есірткі бизнесі мен нашақорлық
проблемасы жүйелі түрде қарастырылған.
Зерттеу жұмысының барысында келесідей ғылыми жаңалықтарға қол
жеткізілді:
- есірткі бизнесі мен қауіпсіздік мәселелерін зерттеудің теориялық-
әдістемелік негіздері айқындалды. Категориялық аппаратты анықтау шеңберінде
басты ұғымдарға авторлық түсініктемелер берілді;
- Орталық Азиядағы аймақтық қауіпсіздікке төнген қатер ретіндегі
есірткі бизнесінің таралуының басты себептері мен үдерістері анықталды.
Есірткі бизнесі мен нашақорлықтың аймақ елдеріндегі ұлттық қауіпсіздікке
тигізетін қатердің деңгейі бағаланды;
- Орталық Азиядағы есірткі бизнесінің таралуының басты сыртқы факторы
аймақ елдерінің әлемдік апиын өндірісінің орталығы Ауғанстанмен шекаралас
орналасуы, яғни геосаяси сипаттағы ауған факторы екендігі анықталды;
- Орталық Азия елдерінің есірткі бизнесіне күрес саласындағы аймақтық
және халықаралық ынтымақтастығының құқықтық және институционалдық негіздері
ашылды. Аймақтағы есірткі бизнесі проблемасын шешуде, бірінші кезекте,
мемлекеттердің көпжақты әрекеттестігі мен халықаралық кооперацияның қажет
екендігі дәлелденді;
- есірткі бизнесіне күрес саласындағы әлемдік тәжірибе мен өзінің
тиімділігін танытқан ұлттық үлгілер қарастырылды, олардың артықшылықтары
мен кемшіліктері ашылды. Есірткі қаупін бейтараптандыру саласындағы күресті
жетілдіруге бағытталған ұсыныстар жасалды;
- Қазақстан Республикасындағы есірткі бизнесі мен нашақорлықтың таралу
себептері, қазіргі күйі мен тенденциялары анықталды. Еліміздегі есірткі
бизнесіне қарсы күрес саласындағы мемлекеттік саясатқа жүйелі талдау
жүргізілді.
Диссертациялық зерттеудің теориялық және әдістемелік негіздері.
Диссертациялық жұмыстың теориялық негізін сан алуан қауіпсіздік
концепциялары мен парадигмалар құрайды. Сонымен бірге, халықаралық
қатынастар теориясындағы саяси реализм, идеализм, неореализм, структурализм
секілді мектептердің тұжырымдары, отандық ғалымдардың ұлттық және аймақтық
қауіпсіздікке арналған еңбектері толықтырады.
Зерттеу барысында есірткі бизнесі мен қауіпсіздік мәселелерінің
табиғатын, мәнін ашуға көмектесетін жалпы ғылыми және арнайы әдіс-тәсілдер
пайдаланылды. Диссертант жұмыс барысында жүйелі, салыстырмалы, факторлық
талдау, контент-анализ секілді әдістерді кеңінен қолданды.
Диссертацияның деректік көзі. Зерттеу барысында диссертант қазақ, орыс
және ағылшын тілдеріндегі бірқатар ғылыми еңбектерді пайдаланды.
Бірінші топты, есірткі бизнесі мен нашақорлықты зерттеуге арналған
отандық және шетелдік саясаттанушылардың еңбектері мен есірткі бизнесі
мәселесіне арналған халықаралық конференциялардың жинақтары құрайды.
Екінші топты, БҰҰ-ның Заңсыз есірткі айналымы мен психотроптық заттар
айналымына қарсы күрес жөніндегі конвенциялары, Орталық Азиядағы есірткі
бизнесіне қарсы күрес саласындағы ШЫҰ, ҰҚКҰ, ТМД, ОАААҮО секілді аймақтық
ұйымдардың құжаттары, Қазақстан Республикасының есірткі бизнесі мен
нашақорлыққа қарсы күрес саласындағы құқықтық нормативтік актілер жинағы,
2006-2014 жылдардағы Қазақстан Республикасындағы есірткі бизнесі мен
нашақорлыққа қарсы күрес жөніндегі Стратегиясы, үкіметтік бағдарламалар
толықтырды.
Диссертациялық жұмыстың тұжырымдарын қуаттайтын статистикалық
мәліметтер келтірілген Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының
құқықтық статистика және арнайы есептер жөніндегі комитеттің, БҰҰ-ның
статистикалық мәліметтері үшінші топты құрады.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
1. Бүгінгі таңда есірткі бизнесі Орталық Азия елдерінің ұлттық және
аймақтық қауіпсіздігін тұрақсыздандырушы факторға айналып отыр. Кеңестер
Одағының ыдырауы нәтижесінде Орталық Азияда орын алған қарқынды геосаяси
өзгерістер аймақтық қауіпсіздік саласындағы мүлдем жаңа қауіп-қатерлердің
пайда болуына алып келді. Олардың қатарындағы есірткі бизнесі таза
медициналық және құқықтық сипаттағы мәселеден жалпы мемлекеттік және
халықаралық проблемаға деңгейіне дейін көтерілді. Осы орайда, есірткі
бизнесі мәселесін терең зерттеудің объективті қажеттілігі алға шығып отыр.
Көптеген аспектілерден тұратын есірткі бизнесі ұғымы пәнаралық категория
екендігі анықталды;
2. Орталық Азия аймағындағы есірткі бизнесінің таралуына түрткі болған
ішкі себептерге: аймақтағы ауыр әлеуметтік-экономикалық жағдай, мемлекеттік
органдардағы, әсіресе құқық қорғау және кеден қызметтеріндегі сыбайлас
жемқорлық, мемлекеттік шекаралардың әлсіз қорғалуы, бұл елдердің өз
территорияларында жабайы есірткі дақылдарының өсуі және т.б. кіреді;
3. Ауған факторы Орталық Азия аймағындағы есірткі бизнесінің жаппай
таралуының басты геосаяси себебі болып табылады. Ауғанстандағы түйінді
тарқатпай Орталық Азиядағы аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз ету қиынға
соғады. Сондықтан, террористік және экстремистік ұйымдардаң қаржылық
көздерінің бірі болып табылатын есірткі бизнесіне қарсы пәрменді күресте
Орталық Азия елдері ауған факторын бірінші кезекте назарға алуы тиіс;
4. Орталық Азиядағы есірткі бизнесін түпкілікті жеңу тек аймақтық және
халықаралық ынтымақтастық арқылы ғана мүмкін. Осы мақсатта БҰҰ, ОАААҮО,
ШЫҰ, ҰҚКҰ, ТМД секілді ұйымдардың әлеуеті кеңінен қолданылуы тиіс. Ортақ
мақсатқа жету жолында Орталық Азия елдерінің арасындағы бірнеше саяси-
экономикалық келіспеушіліктер мен бәсекелестікке қарамастан есірткі бизнесі
мен нашақорлыққа қарсы күрес саласындағы көпжақты әрекеттестікті дамыту
қажеттілігі төмендемеуде;
5. Қазіргі кезеңде есірткі бизнесі проблемасын толығымен шешетін қандай
да бір әмбебап тәсіл ойлап табылған жоқ. Дегенмен, кейбір елдерде есірткі
бизнесі мен нашақорлыққа қарсы күрес саласында үлкен тәжірибе жинақталып,
антиесірткілік ұлттық үлгі қалыптасқан. Бұл үлгілердің қалыптасуы барысында
нақты елдің ұлттық, саяси, экономикалық, мәдени, құқықтық даму
ерекшеліктері ескеріледі;
6. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі есірткі бизнесінің
қарқынды таралуы салдарынан үлкен қатердің алдында тұр. Еліміздегі ауқымды
жабайы есірткі дақылдарының алқаптарына қарамастан басты қауіп сыртқы
есірткі трафигінен туындап отыр.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі және мақұлдануы.
Зерттеудің материалдары ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау
жөніндегі комитет ұсынған Қазақстандық басылым беттерінде көрініс тапты.
Диссертациялық жұмыстың басты тұжырымдары мен қорытындылары автормен
келесідей халықаралық конференцияларда баяндалды: Политические проблемы
международных отношений и глобального развития Алматы: ҚазҰУ, 2005;
Актуальные проблемы модернизации Республики Казахстан: экономика,
политика, идеология Алматы: ҚазҰУ, 2005; Әл-Фараби мәдениет тарихында
Алматы: ҚазҰУ, 2006; Современный мир: доминирующие стратегии развития
Алматы: ҚазХҚжәнеӘТУ, 2007.
Диссертациялық жұмыстың құрылымы мен көлемі. Диссертациялық жұмыс
кіріспеден, әрқайсысы үш бөлімшеден тұратын үш тараудан, қорытынды мен
пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Диссертация көлемі машинада
терілген 142 бетті құрайды.

1 ҚАУІПСІЗДІК ПЕН ЕСІРТКІ БИЗНЕСІ ҰҒЫМДАРЫН ЗЕРТТЕУДІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ-
ӘДІСТЕМЕЛІК НЕГІЗДЕРІ

1. Қауіпсіздік ұғымы саясаттанулық талдаудың объектісі ретінде
Қауіпсіздік ұғымы саясаттану ғылымының орталық категорияларының бірі
болып табылады. Себебі, кез келген мемлекеттің өміршеңдігі, тұрақты түрде
дамуы, оның ішкі және сыртқы қауіп-қатерлерден қаншалықты қорғалғандығымен
тікелей байланысты. Бүгінгі таңда қауіпсіздік мәселесі көптеген
аспектілерден тұратын, күрделі ұғымға айналып отыр. Қырғи-қабақ соғыс
заманында аталмыш ұғым, көп жағдайда сыртқы агрессия, әскери қорғаныс
тұрғысынан біржақты ұғынылса, қазіргі кезеңде қауіпсіздік категориясы көп
деңгейлі, күрделі құрылымды, ғылыми парадигма деңгейіне жетті. Қарқынды
жаһандану және бірегейлену үрдісі заманында елдер арасындағы сан алуан
салалардағы қарым-қатынастардың жандануымен қатар, жаңа мәселелер
туындауда. Бұл проблемалар, ең алдымен, халықаралық қауымдастықтың тұрақты
және дәйекті дамуы үшін қажетті жағдайды қамтамасыз ететін қауіпсіздік
ұғымымен тікелей байланысты. Өйткені, тек қауіпсіз ортада ғана мемлекет,
оның саяси институттары өздерінің басты функцияларын атқара алады.
Ұлттық қауіпсіздік мәселесін теориялық-әдістемелік тұрғыда зерттеу
мақсатында, ең алдымен, осы категорияның өзегі болып табылатын ұғымдарды
зерделеп өткен абзал. Себебі, қандай да болмасын ғылыми зертеудің
методологиясы, бірінші кезекте, басты ұғымдардың қалыптасуын талап етеді.
Демек, ұлттық және аймақтық қауіпсіздік ұғымдарының мән мағынасын ашып,
дефинициясын беру арқылы ғана алға қойған межеге жетуге болады. Осы
тұрғыда, ұлттық және аймақтық қауіпсіздік мәселелерін зерттеу барысында
аймақ, қауіпсіздік, ұлттық мүдде, қауіп-қатер ұғымдарын талдап өту
қажет.
Ғылыми әдебиеттерде аймақ ұғымы сан алуан сипатта түсіндіріледі.
Сондықтан да, кең мағынада аймақ термині ретінде әкімшілік –
территориялық құрылымдарды, экономикалық аудандарды, елдің бір бөлігін
немесе елдер тобын атауға болады. Қазақстандық саясаттану энциклопедиясында
аймақ деп шамамен бірдей табиғи-климаттық жағдайлармен сипатталатын және
қалыптасқан әлеуметтік, өндірістік және материалдық-техникалық
инфрақұрылымы мен табиғи қорлар кешеніне негізделген өндірістік күштердің
даму бағыты тән ел территориясы түсіндіріледі [94]. Ал, ресей ғалымы Ю.Г.
Волковтың пікірінше аймақ дегеніміз тар мағынада әкімшілік-территориялық
құрылымды, кең мағынада әкімшіліктен тыс территориялық құрылымдарды
білдіреді. Бұл мағынада аймақ ұғымы табиғи-климаттық зонаны;
географиялық территорияны; мемлекетаралық территорияны; экономикалық-
шаруашылық ауданды, тарихи-мәдени ареалды және т.б білдіруі мүмкін. Сонымен
бірге, аймақ деп елдер тобы мен тұтас континенттің территориясын, және де
федеративті мемлекет шеңберінде көршілес орналасқан оның субъектілері
ұғынылады [95]. Нақты біздің диссертацияда аймақ ретінде КСРО-ның бұрынғы
териториясында орналасқан Орталық Азияның бес мемлекетінің аумағы
(Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан) қарастырылады.
Келесі базалық қауіпсіздік ұғымы мемлекет пен қоғамның, жалпы
адамазаттың қалыпты тіршілік етуінің қажетті шартты болып табылады. В.
Дальдың түсіндірме сөздігінде қауіпсіздік – қауіп-қатердің жоқтығы,
сенімділік пен аман қалу деп жазылған [96]. Ресей ғалымы В.М. Кулагин,
қауіпсіздік ең кең мағынасында, басты құндылықтардың қатерлерден қорғалған
күйі деп тұжырымдайды. Қауіп төніп тұрған объектіге қарай адамдар тобының
қауіпсіздігі (мысалы, этникалық топтар), қоғам қауіпсіздігі, мемлекеттің
ұлттық қауіпсіздігі, елдер тобының аймақтық қауіпсіздігі немесе
ұжымдық қауіпсіздігі және бүкіл әлемдік қауымдастықтың ғаламдық
қауіпсіздігі болып бөлінеді. Сонымен бірге, қатерлердің функционалдық түрі
мен олардан қорғану құралдарына қарай қауіпсіздік саяси, әскери,
экономикалық, әлеуметтік, мәдени, ақпараттық, экологиялық және т.б. болып
жіктеледі. Қатерлердің пайда болған орны мен олардан қорғану құралдарының
бағыты бойынша қауіпсіздік ішкі және сыртқы деп ажыратылады [97].
Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының ғалымы М.А.
Троицкийдің тұжырымдауынша қауіпсіздік ұғымы қатер туралы түсініктен тыс
қарастырғанда мәнін жоғалтады. Дегенмен, қауіпсіздікке анықтама беру үшін,
қауіпсіздік – қауіп-қатерлерден қорғалған күй деп айту аздық етеді.
Қауіпсіздік объекті мен субъекті болмағанда мағынасын айырылады. Объектіге
– қауіп-қатерлердің ықпалы бағытталса, субъект – бұл объектінің
қауіпсіздігін қамтамасыз етуші. Кейде объекті мен субъекті бірін-бірі
қайталап жатады, мысалы, әлеуметтік институттар жоқ болған жағдайда әрбір
индивид қатерлерден қорғану мақсатында тек өз күшіне ғана сенуге мәжбүр.
Сонымен бірге, қауіпсіздіктің қатері объектіден тыс болмайды, ал нақты
объектіге (мысалы, мемлекет немесе адам) көбінесе қауіптің белгілі бір түрі
сәйкес келеді [98].
Ресейлік ғалым А.А. Прохожевтың пайымдауынша, қауіпсіздік категориясы
абсолютты емес, ол тек нақты бір объектілермен немесе адамның іс-әрекет ету
саласы және қоршаған әлеммен байланыста ғана белгілі бір мәнге ие болады.
Қауіпсіздік өз алдына дербес өмір сүрмейді. Ол түпкі мақсаты өзін-өзі
сақтау мен даму болып табылатын қоғам өмірінің барлық салаларымен
байланыста [99].
Халықаралық қатынастар саласындағы маман А. Митрофанова тұлға
қауіпсіздігіне негізделген жалпылама қауіпсіздік жүйесін ұсынады. Ғалымның
пікірінше, тұлға қауіпсіздігі трансұлттық және ұлттық қауіпсіздіктер
арасындағы өзіндік көпір болып табылады [100].
Тағы бір ресейлік ғалым В.И. Ярочкиннің тұжырымдауынша қауіпсіздік
тұлға, қоғам және мемлекет мүдделерін сыртқы және ішкі қатерлерден қорғауға
бағытталады. Алайда, оның пікірінше бұл мақсатқа қол жеткізу үшін бүкіл
адамзат ынтымақтастығы қажет. Сонымен бірге, қауіпсіздік жүйесіне
қауіпсіздікті қамтамасыз етудің превентивті әрекеттері кіруі тиіс [101].
Сонымен, қауіпсіздік – тұлғаның, қоғамның, мемлекеттің өмірлік маңызды
мүдделерінің қорғалғандығы және де әлемдік қауымдастықтың ішкі және сыртқы
қауіп-қатерлерге сенімді түрде төтеп бере алуы; қандай да болмасын субъекті
немесе объектіге қауіптің төнбейтін жағдайын сипаттайды.
Ресей ғалымдарының пайымдауынша қазіргі заманғы ғылыми әдебиеттердегі
ұлттық қауіпсіздікті түсіндіруге бағытталған анықтамаларды келесідей тоғыз
топқа жіктеуге болады:
1. қоғамдағы әлеуметтік қайшылықтар мен әлеуметтік кикілжіңдерді
мейілінше азайта отырып, ұлттарға, тұлғалар мен топтарға материалдық,
рухани, интеллектуалдық, саяси, психологиялық және мәдени тұрғыда дәйекті
дамуға мүмкіндік беретін қоғамның жан-жақты қорғаулы күйін қамтамасыз етуші
әлеуметтік, экономикалық, экологиялық, мәдени, құқықтық, саяси және т.б.
жағдайлардың жиынтығы;
2. қоғам мен тұлғаның дамуы мен тіршілік етуінің оптималды жағдайларын
сақтап тұруға бағытталған әлеуметтік институттардың күйін білдіретін
саясаттану ғылымының категориясы;
3. мемлекеттің тұрақты дамуын, базалық құндылықтар мен мүдделердің,
рухани және материалдық жағдайын сыртқы және ішкі қауіп-қатерлерден
қорғауды қамтамасыз етуші мемлекеттік және қоғамдық кепілдіктер жүйесі;
4. фундаменталды құндылықтары мен басты институттарын сақтай отырып,
өмір сүру, еркін, тәуелсіз қызмет етуіне кепілдік беретін адамдардың
мемлекеттік-территориялық жиынтығы ретіндегі ұлттың даму тенденциялары,
күйі және тіршілік ету жағдайлары;
5. ел қауіпсіздігінің бірнеше түрлерінің (саяси, экономикалық және т.б)
жиынтығы бірлігінің көрінісі және саясаттанулық анықтамасы;
6. сыртқы және ішкі қауіп-қатерлерден қорғалғандық, сыртқы жағымсыз
әсерлерге беріктілік, қоғам мен оның азаматтарына ұдайы жан-жақты даму
мүмкіндігіне кепіл беретін елдің өмір сүруінің ішкі және сыртқы жағдайларын
қамтамасыз ету;
7. конституциялық құрылысқа, қорғаныс әлеуетіне, елдің территориялық
тұтастығы мен тәуелсіздігіне төнген қатерлерді бейтараптандыруға
бағытталған мемлекеттік қауіпсіздіктің жиынтығы;
8. елдің дамуы, мемлекеттің өміршеңдігі, фундаменталды құндылықтар,
дәстүрлердің сақталуы мен оңтайлы дамуы, мемлекет пен тұлғаның қалыпты
қарым-қатынасы, кез келген сыртқы қатерлерге пәрменді түрде қарсы шығу,
өзінің ұлттық мүдделерін басшылыққа алу, ұлттық мақсаттарға қол жеткізуді
қамтамасыз етуге қажетті жағдайларды жасайтын өзекті факторлар жиынтығы;
9. саяси, экономикалық, әлеуметтік, әскери, экологиялық аспектілерден
тұратын кең мағынадағы ұлттық мүдделері қорғалған мемлекеттің күйі; жаппай
қырып-жою қаруларын таратпау; азаматтардың құқықтары мен бостандықтары,
халықтың, қоғамның, мемлекет пен халықаралық қауымдастықтың рухани және
интеллектуалдық құндылықтарының қатерлерін алдын алу; әлеуметтік жүйелер
мен олар қалыптастыратын әлеуметтік қатынастардағы қауіп-қатерлерді
болдыртпау немесе жоюға қажеттіні және қорғанысты қамтамасыз ету [102].
Жоғарыда аталған сан алуан дефиницияларды жинақтай келе, ұлттық
қауіпсіздік дәйекті даму негізінде мемлекет, қоғам мен тұлғаның өмірлік
маңызды мүдделерінің сыртқы және ішкі қауіп-қатерлерден қорғалған күйі деп
жалпылауға болады.
Сонымен, ұлттық қауіпсіздік дегеніміз – тұлға мен қоғам тіршілігінің
дамуының қолайлы жағдайын қалыпты ұстап тұруды қамтамасыз ететін әлеуметтік
институттардың күйін түсіндіретін ғылыми және практикалық мәселе.
Көптеген зерттеушілер ұлттық қауіпсіздікті күш арқылы, басқа сөзбен
айтқанда бір мемлекет басқа мемлекетке қарағанда күш-қуатының, қауқарының
артық болуы немесе мемлекеттердің өзара іс-әрекеті тұрғысынан, тұтастай
халықаралық қатынастар жүйесінің дамуы үшін қолайлы жағдайды қалыптастыру
тұрғысынан түсіндіреді.
Саясаттану ғылымының категориясы ретіндегі ұлттық қауіпсіздік феномені
қоғам мен ұлт арасындағы байланысты көрсетеді, қоғамдық қатынастар мен
қоғамдық сананы, саяси институттар мен олардың қызметін, нақты тарихи
жағдайда қалыптасқан ұлттық мүдделердің жүзеге асуын қамтамасыз етудің
біртұтас жүйесін сипаттайды. Бұл мағынада қолданылатын ұлт ұғымы өзінің
дәстүрлері, мінез-құлқы, әдет-ғұрпы, мәдениеті, тілі қалыптасқан адамдардың
қауымдастығы. Ұлттық мүдденің мәні, жалпы, тұлға мен қоғамның өмір сүруі
мен дамуына кедергі жасайтын, қоғамның ішінде немесе оның шеңберінен тыс
болатын кез-келген жағымсыз әрекеттерге қарсы тұру болып табылады. Ұлттық
қауіпсіздік үш деңгейден тұрады: тұлға, қоғам және мемлекет. Мән-мазмұны
жағынан ұлттық қауіпсіздік саяси, экономикалық, әскери, экологиялық,
әлеуметтік, ақпараттық және ұлттың дамуының мәдени қауіпсіздігі деп
бөлінеді. Қауіпсіздік саясатының мәні ұлттың және қалыптасқан мемлекеттік
институттар арқылы мемлекеттік құрылыс мәселелерін өздігінен шешіп,
тұлғаның және қоғамның мүдделері үшін тәуелсіз ішкі және сыртқы саясатты
жүргізудің қабілетілігі мен мүмкіншіліктерінен тұрады [103]. Бұдан шығатын
қорытынды, ұлттық қауіпсіздік тек қана ұлттың аман қалу жағдайын (шартын)
ғана емес, сонымен қатар қоғамның, мемлекеттің және тұлғаның қалыпты өмір
сүруі үшін қажетті жағдайды анықтап, түсінуге мүмкіндік беретін, саяси,
әскери, экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, рухани және басқа
факторлардың біртұтас кешенді жүйесін білдіреді.
Ұлттық қауіпсіздікті зерттеу барысында нақтылауды қажет ететін қауіп
терминін анықтап алу методологиялық тұрғыда аса маңызды болып табылады.
Қауіпсіздіктің жалпы теориясында қауіп ұғымы, объективті тұрғыда әлеуметтік
организмге жағымсыз әсер ететін, соның салдарынан оған қандай да бір нұқсан
келтіріп, оның күйін нашарлататын (өзгертетін) жағдай ретінде
түсіндіріледі. Демек, қауіп термині нақты қауіп-қатерлердің пайда болуының
салдарынан туындайтын және де осындай жағдайға алып келетін әр түрлі
факторлардың күйі немесе жағдайы ретінде қарастырылуы мүмкін. Қауіп-
қатерлер сырттан таралуы мүмкін немесе зерттелетін объектінің ішінде болуы
ықтимал. Ықтималдылық дәрежесі бойынша қауіп-қатерлер нақты және мүмкін, ал
бағытының сипаты мен мазмұны бойынша қатер мен тәуекел деп бөлінеді. Сондай-
ақ, қауіп мақсатты түрде нақты зиян келтіре алатын қатердің соңғы дәрежесі
[104]. Осы қауіп-қатерлердің жиынтығы ұлттық қауіпсіздіктің негізгі
элементі болып табылады, өйткені қауіп-қатерлер ұлттық мүдделердің жүзеге
асуына кедергі тудыруы мүмкін [105].
1998 жылы 30 маусымда қабылданған Қазақстан Республикасының
қауіпсіздігі туралы ҚР Заңында ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіп-
қатерлер – жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің өмірлік маңызды
мүдделеріне қауіп төндіретін жағдайлар мен факторлардың жиынтығы. Сыртқы
және ішкі қауіп көздерінен қауіпсіздіктің объектілеріне төнетін нақты және
ықтималды қатерлер ішкі және сыртқы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің
шаралары мен іс-әрекеттердің мазмұнын анықтайды [106] деп түсініктеме
берілген.
Заңда қауіпсіздік – бұл жеке тұлғаның, қоғамның және мемлекеттің
өмірлік маңызы бар мүдделерінің сыртқы және ішкі қауіп-қатерлерден қорғалу
жағдайы. Өмірлік маңызы бар мүдделер – бұл жүзеге асқан жағдайда жеке
тұлғаның, қоғамның, мемлекеттің тіршілігі мен дамуын сенімді түрде
қамтамасыз ете алатын қажеттіліктердің, мұқтаждықтардың, жиынтығы.
Қауіпсіздіктің негізгі объектісіне: жеке тұлға – оның бостандығы мен
құқығы; қоғам – оның материалдық және рухани құндылықтары; мемлекет – оның
конституциялық құрылысы, егемендігі мен территориялық біртұтастығы жатады
деген анықтама берілген. Заңда ұлттық қауіпсіздік ұғымы ретінде ұлттық
мүдделердің нақты және мүмкін қауіп-қатерлерден қорғалғандығының күйі деп
тұжырымдалады.
Осы орайда, ұлттық мүдде ұғымының мән мағынасын ашып, анықтамасын
беру қажеттілігі туындайды. Сонымен, Қазақстан Республикасының
қауіпсіздігі туралы Заңда ұлттық мүдделер – Қазақстан Республикасының
саяси, экономикалық, әлеуметтік және басқа қажеттіліктерінің жиынтығы,
оларды жүзеге асыруынан мемлекеттің адамдар мен азаматтардың конституциялық
құқықтарын, қазақстандық қоғамның құндылықтарын, мемлекеттік институттарды
қорғауды қамтамасыз ету қабілеттілігіне байланысты деп баяндалған. Яғни,
ұлттық мүдделер азаматтар мен қоғамның объективті қажеттіліктерінің
жиынтығы, олардың жүзеге асуына мемлекеттің тұтастығы, өміршеңдігі мен
тұрақты дамуы байланысты.
Ұлттық мүдделер мемлекеттің саяси іс-әрекетінің сипаты мен мазмұнын,
ішкі және сыртқы саясаттың басымдықтары мен жалпы кескінін айқындауы тиіс.
Дегенмен, кез келген қоғам әр түрлі деңгейдегі мүдделердің сатысынан
тұратындықтан, осынау тарихи қауымдастықтың ортақ ұлттық мүдделерін
қалыптастыру қиынға соғады, өйткені, әр түрлі қоғамдық топтардың мүдделері
бір-бірімен сабақтасып (қабаттасып), өзара әрекеттесіп, үнемі қарама-қарсы
күресте болады. Сондықтан, ұлттық мүдделерді қалыптастырудың басты салалары
мемлекет пен азаматтық қоғам болып табылады. Осыдан шығатын қорытынды,
негізгі ішкі саяси ұлттық қауіпсіздіктің элементтері мен факторлары өзара
байланыста болады, сондықтан мемлекеттің қауіпсіздік басымдықтарының
құрылымы, негізгі үш факторлардан, тұлғаның, қоғамның және мемлекеттің
қауіпсіздігінен тұрады. Ұлттық мүдделердің қалыптасу процесі осы жоғарыда
айтылған деңгейлердің әрқайсынан өтіп барып қана құрылады [107].
Қазақстандық ғалым М.А. Биекеновтың тұжырымдауынша ұлттық мүдде мен
ұлттық қауіпсіздіктің қалыптасуын айқындайтын басты факторлар мен
көрсеткіштері мыналар болуы тиіс:
- мемлекеттілік индексі;
- демократизация индексі,
- ішкі және сыртқы қауіп-қатер индексі;
- халықаралық ықпал әлеуетінің индексі;
- өмір сүру сапасының индексі;
- демократияның институционалдық негіздерінің индексі [108].
Олардың ішіндегі мемлекеттілік индексі төмендегідей көрсеткіштерден
тұрады:
- мемлекеттің ішкі ұлттық табысындағы сыртқы көмектің үлесі;
- сыртқы қарыздық тәуелділік;
- мемлекеттің егеменділігінің уақыттық көрсеткіші;
- ішкі жанжалдар мен құрбандар деңгейі;
- резиденттер мен резидент еместердің патенттеріне өтінімдердің
қатысы;
- ішкі жанжалдардың территориялық көрінісі;
- ел аумағында шетелдік әскери контингенттердің болуы;
- валютаны айқындау режимі;
- ел тұрғындары құрылымындағы басым этностың үлесі [109].
Жалпы, саясаттану және т.б. бірқатар ғылым салаларының зерттеу
объектісі болып табылатын қауіпсіздік ұғымы аймақтық, ұлттық, халықаралық
деңгейлердегі саяси процестерді зерттеудің қолданбалы категориясы болып
табылады. Бұл категориялар халықаралық қатынастар теориясындағы саяси
реализм, идеализм, структурализм, либерализм парадигмаларында да
қолданылады. Осы ретте, жоғарыда аталған ғылыми концепцияларға
ретроспективтік талдау жасау қажеттілігі туындайды.
Тұңғыш рет ұлттық қауіпсіздік ұғымын 1904 жылы АҚШ президенті Теодор
Рузвельт қолданды. Ал ұлттық қауіпсіздік концепциясының жаппай таралуы
Екінші Дүние жүзілік соғыстан кейін Батыс лагерінің елдерінде жүзеге аса
бастады. 1947 жылы АҚШ-та Г. Трумэн әкімшілігі кезінде ішкі, сыртқы және
әскери саясат мәселелерін біріктірген Ұлттық қауіпсіздік туралы заңның
қабылдануына орай қауіпсіздік ұғымы саяси лексиконға еніп, кең қолданысқа
ие болды. Ұлттық қауіпсіздік негізінде ұлтты, оның институттарын және
құдіретінің қайнар көздерін сыртқы және ішкі жаулардан немесе қауіп-
қатерлерден қорғауды білдіретін ортақ ұлттық мүдде формуласы пайда болды.
Ұлттық қауіпсіздік саясаты ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қол
жеткізу мен оны қалыпты ұстап тұрудың мақсаттары, жолдары мен құралдардың
тұтастығы ретінде айқындалады. Дегенмен, бұл заңда негізінен қауіпсіздіктің
сыртқы аспектілері ғана қарастырылып, ішкі қауіпсіздік проблемалары
назардан тыс қалды. Бұл фактор, сол замандағы АҚШ пен Батыс Еуропаның
халықаралық қатынастар теориясындағы саяси реализм мектебінің үстемдік
етуімен тікелей байланысты болатын.
Қауіпсіздік ұғымы алғаш рет халықаралық қатынастар теориясындағы саяси
реализм мектебінің шеңберінде ғана ғылыми категорияға айнала бастады.
Аталмыш парадигма өкілдерінің тұжырымдауларына сәйкес, қауіпсіздік – бұл
мемлекеттің немесе елдер тобының ұлттық мүдделерін қорғау жүйесі. Яғни,
ұлттық қауіпсіздік және ұлттық мүдде ұғымдары бір-бірімен тығыз байланысты,
және біріншісі екіншісінің туындысы болып табылады. Саяси реализм
өкілдерінің пайымдауынша ұлттық қауіпіздікке қол жеткізудің басты құралы
күш болса, ал елдер арасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуші негізгі тетік
– күштер арасалмағы.
Ұлттық мүдде ұғымын алғашқылардың бірі болып қарастырған ғалымдар Ч.
Бирд пен Дж. Смит бұл категорияны философиялық сипатта талдайды. Олардың
пікірінше, тарихи тұрғыда белгілі бір әулеттердің мүдделері
(монархиялардың) уақыт өте келе мемлекет мүдделеріне дейінгі дәрежеге дейін
дамып жетті. Яғни, ұлтық мүдде тарихи даму барысында қоғамның сипатына
қарай өзгеріп отырды [110].
Саяси реализмнің көрнекті өкілі, американдық зерттеуші Г. Моргентаудың
пайымдауынша ұлттық мүдде мемлекеттің сыртқы саясатын айқындаушы
детерминант болып табылады. Ұлттық мүдде объективті қасиетке ие, өйткені ол
адамның қалыпты табиғатымен, халықтың әлеуметтік-мәдени және тарихи
дәстүрлерімен байланыста. Ол екі құрамдас бөліктен тұрады, біріншісі
тұрақты – табиғаттың мүлтіксіз заңы, бұл тірі қалу императиві, екіншісі
ауыспалы – яғни, ұлттық мүдденің уақыт пен кеңістікте алатын нақты формасы.
Бұл форманы таңдау, мемлекеттің еншісінде, себебі ол сыртқы әлеммен қарым-
қатынас жасауда монополияға ие. Халықтың тілін, оның мәдениетін, тіршілік
ету ортасын білдіретін ұлттық мүдденің өзегі өзгеріссіз қалады. Сондықтан
да, сан алуан күштердің ықпалымен өзгеріп отыратын елдің ішкі факторлары
(саяси режим, қоғамдық пікір және т.б.) ұлттық мүдденің табиғатына ықпал
ете алмайды: жекелегенде, ұлттық мүдде саяси режимнің сипатына тәуелді емес
[111].
Г. Моргентау мемлекеттер арасындағы бақталастық қарым-қатынастар мен
олардың өз мүдделерін қорғау талпыныстарының түпкі мақсаттарын ашуға тырыса
отырып, оның себебін адамның бәсекелестік іс-әрекетінің табиғатында деп
түсіндіреді. Демек, оның пікірінше, әрбір мемлекеттің сыртқы саясаты
қауіпсіздікті қамтамасыз ету арқылы ұлттық мүдделерді қорғауға бағытталған.
Бұл ұлттық мүдделер табиғаттың заңдары секілді тұрақты болып табылады,
сондықтан да ұлттық қауіпсіздік концепциясы да мәңгі өзгермейді [112].
Белгілі француз әлеуметтанушысы Р. Арон өзінің Ұлттар арасындағы
бейбітшілік пен соғыс атты еңбегінде ұлттық мүдде ұғымын зерттеуде
бетбұрыс жасады. Оның тұжырымдауынша саналы түрде ұлттық мүддені айқындау,
яғни қоғамдағы әр түрлі топтар мен тұлғалардың сан алуан, қарама-қайшы
мүдделерін біріктіру мүмкін емес. Бірақ та, ортақ мүддеге айнала алатын
құндылықтар бар – олар елдің басшылығы қорғауға міндетті мемлекет
қауіпсіздігі мен құдіреті. Осылайша, қауіпсіздік ұғымы Аронның
пайымдауынша мемлекет өміршеңдігінің қайнар көзіне, саяси процесс
категориясына айналды. Р. Арон мемлекеттік мақсаттардың үш тобын көрсетеді
– қауіпсіздік, қуат және атақ. Мемлекеттің қуаты, оның өз еркіне өзгелерді
бағындыра білуінде, демек, қуат – бұл әлеуметтік қатынас. Осы ретте Р. Арон
көптеген зерттеушілердің мемлекеттің күш-қуатын таразыға салып өлшеп,
анықтауға болады деген тұжырымдарын үлкен сынға алады. Егер де
мемлекеттердің әскери және экономикалық әлеуетін дәл өлшеп алуға болатын
болса, онда елдер арасындағы соғыстардың қорытындысы алдын ала белгілі
болып, жанжалдасудың мәні жоғалар еді. Оның ойынша күш тұрғысынан келгенде
әлсіз мемлекет анағұрлым қуатты мемлекетке де төтеп бере алады [113].
Тұңғыш рет ұлттық қауіпсіздік концепциясын американдық ғалым У. Липпман
қалыптастырған болатын. Оның тұжырымдауынша: соғысты болдырмау мақсатында
өзінің заңды мүдделеріне нұқсан келтірмей және бұл мүдделер қатер алдында
тұрған жағдайда оларды қарумен қорғай алатын жағдайда ғана ұлт өз
қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады. [114]. Липпман басты құндылықтар
категориясын енгізе отырып ұлттық қауіпсіздік және ұлттық мүдделер
категорияларын ортақ мағыналы ұғымдар ретінде қарастыруды қолдамады.
Дегенмен, ол мемлекеттер арасындағы келіспеушіліктерді шешудің нәтижелі
құралы ретінде күш көрсету концепциясын мойындады.
Саяси реализм бағытының белгілі өкілі, іргелі Халықаралық саясат
еңбегінің авторы К. Холсти ұлттық қауіпсіздік мәселесін мемлекеттің
фундаменталды мақсаттарының қатарына жатқызады. Фундаменталды мақсаттарға
мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігімен қатар, автономияны, елдің тәуелсіздігін,
оның саяси, әлеуметтік, діни және мәдени институттарының еркіндігін, сондай-
ақ халықтың әл-ауқатын кіргізеді. К. Холсти мемлекеттің мақсаттарын
құрылымдық сипатта зерттеп, фундаменталды мақсаттармен қатар, орта мерзімді
және ұмтылыстар деп бөледі [115].
Американдық ғалым А. Уолферс өзінің Алауыздық және ынтымақтастық.
Халықаралық саясат жөніндегі эссе еңбегінде ұлттық мүдде және ұлттық
қауіпсіздік ұғымдарын жеке дара қарастырды. Осы орайда, зерттеуші
қауіпсіздік, мемлекет қандай жолмен болса да жетуге және қандай деңгейде
болса иеленуге тырысатын әл-ауқатпен ортақ тұстары көп. Алайда, егер әл-
ауқат мемлекеттің материалдық ресурстарының көлемімен, ал күш – оның
өзгелердің іс-әрекетін бақылау қабілетімен өлшенетін болса, қауіпсіздік
объективті мағынада қолда бар құндылықтарға қатердің төнбеуімен, ал
субъективті мағынада – бұл құндылықтарға қауіп төну қорқынышының жоқтығымен
айқындалады [116]. Автордың пікірінше, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету
мақсатына қарай мемлекеттер ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Есірткі бизнесі Орталық Азиядағы қауіпсіздіктің қатері ретінде
АҚШ пен КСРО - ның ұлттық қауіпсіздігі тұтас халықаралық қауіпсіздікті айқындаған тұстағы биполярлы халықаралық саяси жүйе
Жастар арасындағы нашақорлық мәселесі
Есірткі және психотроптық заттардың және заңсыз айналым (контрабанда) түсінігі
Орталық азиядағы аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ішкі және сыртқы факторлары
Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК)
Қылмыстың заты есірткі заттар және психотроптық заттар
Нашақорлыққа қарсы іс-қимылдың құқықтық нормаларының жалпы сипаттамасы
Есірткі заттардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілікті 24 жүзеге асыру барысында ұлттық және халықаралық–құқықтық нормалардың ара-қатынасы
Есірткі заттардың заңсыз айналымына байланысты қылмыстарды тергеу
Пәндер