«Қазақтағы» әдебиетті зерттеу мен әдеби сын мәселелері


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 146 бет
Таңдаулыға:   

КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Халқымыз ғасырлар бойы аңсап-армандаған ел егемендігіне қол жеткізіп, өз алдына дербес, тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің іргетасы қалана бастағанына биыл он жеті жыл. Бұл тарихи өлшем таразысына салғанда қас-қағымдай сәт көрінгенімен де, адам өмірімен салыстырып қарағанда едәуір кезең. Он жеті жыл - жас нәресте азамат болып қалыптасар уақыт шегі. Біз жаңа қоғам құрмаққа бет бұрған осы бір аз болғанымен, мағыналы мезгіл ішінде ұлтымыздың сана-сезімінде де үлкен-үлкен өзгерістер белгі беруде. Ең бастысы, бірнеше ғасырға созылған отарлық салдарынан қанымызға сіңе бастаған құлдық психологиядан арылуға деген талпыныстың өзі - үлкен жетістік. Соның нәтижесінде халқымыз ұлт ретінде өзін-өзі танып қана қоймай, сонымен бірге сыртқы елдерге танылуға мүмкіншілік туып отырғандығы - Алланың екі ғасыр тоғысында тұрған кезде «мың өліп, мың тірілген» қазақтың маңдайынан сыйлаған құдірет сыйы.

Қазақ тарихында ХХ ғасырдың басы саналатын кезеңнің алар оны ерекше екені бесенеден белгілі. Тарихы жоқ ел болмайды. Елдің ертеңі бүгіннен басталады десек, ол - дау жоқ кешегінің жалғасы. Ендеше ел болшағын ойлауды өткенімізді біліп, бүгінімізді танудан бастағанымыз құба-құп. Егемен еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи тағлым мәселесіне айрықша назар аударып, оған ерекше көңіл бөліп келе жатуының басты мәні де, міне, осында болса керек. Елбасы өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында ХХ ғасырдың басы деп аталатын қазақ тарихының осы бір айрықша тұсына ерекше назар аударып, сол тұстағы ұлт зиялыларының ел азаттығы жолындағы күресін аса жоғары бағалаған болатын. Сол күрестің нақты көрінісі халыққа өз ой-мақсатарын жеткізер көсемсөз құралын дүниеге келтіру болса, осы тұстағы қазақ баспасөзінің көшбасшысы «Қазақ» газетінің орасан зор қызметін Нұрсұлтан Әбішұлы: «1913 жылдан Қазақстандағы азаттық қозғалысының «Қазақ» газетінің қызметіне байланысты жаңа кезеңі басталады. Газет Орынборды басылып, алғашқыда 3 мың данамен шықты. Бұл ол уақыт үшін көп таралым еді.

Оның редакторы А. Байтұрсынов болып, төңірегіне дарынды қазақ журналистері мен жазушыларының тұтас бір саңлақ тобы жиналды. Олардың арасында Ә. Бөкеханов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, Х. Досмұхамедов, және басқалар бар. Оппозициялық газет бола отырып, «Қазақ» қазақ халқының ұлттық сана сезімін оятуға аз үлес қосқан жоқ, ол өз дәуірінің көкейкесті мәселелерін көтерді, ағартушылық идеяларын насихаттады, қозғалыстың және болашақ «Алаш» партиясының баспа органы болды» [1, 162-163 бб. ], - аса жоғары бағалады.

Ғылыми жұмыс, міне, осы бір айқын тұжырымдаманы негізге ала отырып, бүгінгі уақыт сұранысы талабына сай жазылды. Ол мынандай зәру мәселерді қамтиды.

Біріншіден, баспасөз қай уақытта да қоғамдық өмірдің айнасы, жарық көріп, оқырманға ой тастаған өз заманының шынайы шежіресі екендігі белгілі. Оған зерттеудің негізгі обьектісі болып отырған «Қазақ» газетіндегі әдебиеттің түрлі мәселелеріне қатысты материалдарды тарата талдау барысында тағы да көзіміз жете түсті. Сонымен бірге басылымдағы әдебиет көрінісі арқылы сол кездегі отаршылдық қыспағынан құтылып, бостандыққа қол жеткізу арқылы өркениеттің ұлы көшіндегі елдер қатарына жетуге деген құлшыныстың құдіретін тануға болатындығына сеніміміз молая түсті. Ұлт күрескерлерінің ең басты мақсатына айналған егеменді ел болу, соған деген ұмтылысты айқындайтын азатттық жолындағы күресті ұйымдастыруға көшбасшы болар азатшыл ойдың басты арналарын танып-білуге, қазақ ақын-жазушылары ұстанған бағыттар мен басты мұраттарды анықтауға және сөз өнері арқылы көрініс тапқан ой-пікірлердің түпкі мән-мағынасын жан-жақты ашуға шама-шарық жеткенше талпыныс жасадық.

Екіншіден, «Газет әдебиет тобына жататын нәрсе болғандықтан жазылған сөздер мағына жағынан толымды, көңіл жағынан қонымды, тізуі тәртіпті, сын алдында сымдай боларға тиіс»[2] десек, осы қағида алты жылдық ғұмырында тік көтерген туы болған, сол талаптан еш ауытқымаған «Қазақ» газетінің бүгінгі әдебиетшілер қауымы үшін үлгі аларлық өнегелі тұстары ұшан-теңіз. Оның үстіне, ұлы Мұхаң, Мұхтар Әуезов берген баға бойынша «Жазба әдебиетте Абайдан соң аты аталатын - «Қазақ» газеті» [3] болуы да оның қадір-қасиеті мен мән-маңызын арттыра түседі.

Үшіншіден, «Қазақ» газеті - төл әдебиетіміздің дамуына тигізген ықпал әсері орасан зор басылым. Оны теориялық және танымдық жағынан байытып қана қоймай, ақын-жазыушыларды баулу мектебіне айналғанын ешкім теріске шығара алмайды. «Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ахаң салған өрнекті біліп, Ахаң ашқан мектепті оқып шыққалы табалдырығынан жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр» [4] . Ендеше ғылыми жұмысқа арқау болып отырған «Қазақтағы» әдебиетке қатысты мәселелердің «Қазақ» газетінің қадір-қасиетін танып-білу үшін ғана емес, сонымен қатар осы күнгі ұлттық әдебиетіміздің қанат жая өркендеуіне қосар үлесі мол болғандықтан да жете зерттеуді қажет етеді.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақ тарихының қайшылығы мол күрделі бір кезеңі - ХХ ғасырдың басы. Бұл кез қоғамдық дамудың шегіне жете шиеленіскен, жер үсті қым-қуыт оқиғаларға толы болып келген аласапыран сәт еді. Әлемде болып жатқан осындай өзгерістер қазақ қоғамдық ойына да қозғау салып, ұлт зиялыларының үлкен шоғырын саяси-әлеуметтік күреспен қатар рухани майдан алаңына да шығарды. Ендеше, осы кезде «Қазақ» газетіндей баспасөз шамшырағының тууы заңды да. Ол әрі замананың, әрі уақыттың ділгір сұранысы болатын.

Қоғамның қым-қуыт сапырылысында «олжалы жерде үлестен, ордалы жерде орыннан, жоралы жерде жолдан қағылмау» (Ахмет Байтұрсынов) үшін елдің «көзі, құлағы һәм тілі» болу мақсатында ғалым, ақын, публицист, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов 1913 жылдың 12 қаңтарында Орынбор қаласында «Қазақ» атты газет шығарды.

Қазақтың рухани әлемінің маңызды саласы баспасөз бен жазба әдебиетімізді қалыптастыруда 1913-1918 жылдар аралығында жарық көріп, жалпақ қазақ даласының түкпір-түкпіріне таралып отырған «Қазақ» газетінің маңызы зор болды. Сонымен бірге, «Қазақтың» қазақ әдеби тілін ұштап, өркендету жолында атқарған еңбегі өлшеусіз. Өліара шақта дүниеге келген «Қазақ» бір ғана әдебиет мәселелеріне көңіл бөліп, соның ғана мәселелерін көтеруді мақсат тұтпағаны белгілі. Оның ең негізгі асыл мұраты - қалың қазақтың арман-тілегін бір жерге жию; ел болып, жақсы тұрмысқа жетудің тиімді әдіс-тәсілдеріне бағдар жасау. Осы секілді көкейкесті мәселелерді шешуде пікір алысу, қордаланып қалған шерді шығару, шырмалған түйінді тарату ниетінде ол рухани күрес майданына шықты. Алдына ұлы мақсаттар қойған газет игілікті жолда қал-қадарынша қызмет етті.

«Қазақ» газеті қазақстандық ғалымдар тарапынан түрлі қызыметі мен түрлі қырынан біршама қарастырылғанына қарамастан, тұңғыш бейреми басылымның қазақ жазба әдебиетін қалыптастырудағы орны толық ашылып, түбегейлі зерттелді дей алмаймыз. Бұл орайда ғасыр басындағы дүниеге келген ұлттық басылымның қазақ қауымындағы қоғамдық ойды және әдеби ізденістерді дамытудағы маңыздылығын зерделеген М. Дулатов, С. Сейфуллин, М. Әуезов, С. Мұқанов, Т. Кәкішев, С. Қирабаев, Р. Нұрғали, Р. Сыздықова, Ұ. Сұбханбердина, К. Нұрпейісов, М. Қойгелдиев, Ө. Әбдиманұлы, Б. Момынова, Қ. Сақ, Ж. Байтілесова т. б. әр саладан қарастырған ғалымдар еңбегін бағалай отырып, бүгінгі күн талабына орай жаңаша зерттеу қажет екендігін айтуға тиіспіз.

Біздің ойымызша, кеңестік-тоталитарлық кезеңде бұл міндетті ойдағыдай атқарып, шығуға, біріншіден, газет ісіне аты ауызға алынуға тыйым салынған «халық жауларының» ат салысуы, екіншіден, қазақ зиялыларының ірі де күрделі әлеуметтік-қоғамдық («ұлт-азаттық күрес», «ағартушылық ағым», «жер мәселесі», «сөз өнерін өркендету», «тіл сақтау», «емле жазу тәртібі» «дәстүрлі заң негізі», «руханият, дін ғұрпы», т. б. ) мәселелерді көтеріп, басылым бетінде жалпы ұлт руханиятына қатысты өткір мақалалар жариялауы мүмкіндік бермеген. Зерттеушілер еріксіз «қауіпті жерлерді» айналып өтіп, заманның ыңғайына, саясаттың сыңайына орай «ақырын жүріп, аңдап басуға» мәжбүр болған.

«Қазақта» жарияланған материалдар ХХ ғасыр басындағы әдеби бағыттар мен қоғамдық ой ауқымының бет алысын, сол дәуірдің қоғамдық, саяси, әлеуметтік мәселелер мен болмысты көркем игерудің айла-амалдарын айқын аңғаруымызға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, газет Қазан төңкерісі алдындағы жалпы қазақ зиялыларының, әдебиетші ақын-жазушылар мен тарихшылардың, түптеп келгенде алдыңғы қатарлы ұлт ағартушыларының ұлттық мүдде тұрғысындағы мақсат-мүдделерін бір арнаға тоғыстырған басылым болды. Қазақ қауымының көкейкесті мәселерін өткір көтере алған басылым қазақ қаламгерлерінің қаламының ұшталуына жағдай жасап қана қоймай, зиялы қауымның көш басшысы қордалы ойын. аталы сөзін айтар мінбесі қызметін де қоса атқарды.

«Қазақ» - шын мәніндегі Қазақстандағы тұңғыш қоғамдық-саяси, әдеби-көркем газет. Оның бетінде ғылымның бар саласы бойынша танымдық деңгейі әрқилы материалдар молынан көрініс тапқан. Алайда «Қазақ» материалдарының сөлділері бүгінгі оқушыға жеке жинақ күйінде 1998 жылы ұсынылса да әр мамандықтың өкілдері өз таңдауы бойынша тек өзіне тиістісін ғана іздегендіктен де, «Қазақ» материалдары сала-салаға жіктеліп, қазақ руханиятының бар саласын қамтуда. Соның ішіндегі ең келелі мәселенің бірі оның сөз өнеріне қатыстылығы.

Ендеше «Қазақ» газетінің қазақтың жазба әдебиетін қалыптастырудағы тарихи орнын анықтау, түрлі текстологиялық салыстырмалар жасау, журнал авторларының өмірбаяны мен шығармашылығын жұртшылыққа таныстыру, олардың қаламгерлік шеберлігін шыңдаудағы басылымның рөлін айқындау, сайып келгенде, қатаң тарихилық принципке арқа тіреп, «Қазақ» газеті арқылы ғасыр басындағы әдеби үдерістің бюасты бағыт- бағдарын бағамдау, т. б. міндеттер қазақ әдебиеттану ғылымының бүгінгі күнгі өзекті мәселесінің бірі екендігіне еш күмән болмауға тиіс.

  • Сол себепті «Қазақты» әдебиеттану ғылымының аясында алып, оның жазба әдебиет дамуына қосқан үлесін кең көлемде жан-жақты қарастыру әдебиеттануға қосқан аса зорүлес болмақ.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақ тарихында өзіндік белгісін қалдырған, кезінде тарих көшіндегі орнын ойып алған басылым ғылыми зерттеу әлемінде сөз болмай қалған жоқ. Шартты түрде оны үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Оның бірінші кезеңі газет шығып тұрған уақыттан өзінің «тұзы кем болғанша, артық болсын» дейтін сүйікті нақылы мен «қазақ ауылын Қазан сыпыртқысымен аршып шығу» деген атақты ұраны арқылы танымал Голощекиннің Қазақстанға келгенге дейінгі аралықты (1913-1925) қамтиды. Осы уақытта жарық көрген еңбектер негізінен газеттің атқарған қызметін шынайы бағалап, оны оқырманға таныстыру және жан-жақты насихаттау мәнінде болып келеді. Оған газеттің «бас жазушысы» Ахмет Байтұрсыновтың, «екінші жазушысы» Міржақып Дулатовтың «Қазақта» жарық көрген мақалалары мен кейіннен баспа бетін көрген естеліктерін және сонымен қатар М. Әуезовтың жоғарыда көрсетілген еңбектері мен С. Сейфуллиннің (5) осы басылымға берген бағаларын, ой-пікірлерін жатқызуға болады.

Екінші кезеңін кешегі кеңестік әкімшілік-әміршілдік жүйе тұсында жарық көрген зерттеу еңбектер құрайды. Бұл кезде «ұлтшыл-алашордашыларға» қарсы күресте науқаны өрт болып лаулап, ұлтшылдық ойдың тірегіне саналған «Қазақ» жалған жаланың жалынына оранып тұрғандықтан тарихи шындық қаз-қалпында баяндалмай, бұрмаланып көрсетілді. Тіпті «Ұлтшыл-байшыл газет» деп нақақтан-нақақ күйдірген «жаптым жала, жақтым күйе» приціпімен жауып, біржақты қаралауға жол берген зерттеулерде жоқ емес.

«Қазақ» газетін кеңес өкіметіне жау қылып көрсетіп, оны сынап-мінеуді мақсат тұтқан мақалалар 1925 жылдан бастап жарық көре бастаған. Осы жылдың 5 мамырында Орынборда шығатын «Еңбекші қазақ» газеті «Қазақстанда қандай газеттер болды?» деген мақала жариялайды. Оның авторы - аса көрнекті жазушы Сәбит Мұқанов. Замананың өзгерісіне құлай берілген, өз табының күні туғанына айрықша сенген, соның мұңын мұңдап жоғын жоқтаған тапшыл жазушы осы мақалада «Қазақ», «Сарыарқа», «Жас азамат», «Бірлік туы» секілді бейресми ұлттық басылымдарға алғаш рет қысқаша анықтама беріліп, «олардың барлығы 25 октябрь төңкерісінен кейін кеңеске қарсы газеттер» ретінде жабылғандығынаи хабардар етеді.

Арада нақ бір жыл өткеннен кейін аталмыш газетте Ә. Байділдаұлының «Баспасөз күніне» деген мақаласы жарық көрген. Мақала мақсаты - заман ына орай уақыт талабына үн қосу. Сондықтан оның сарынынан қазан төңкерісіне дейін қазақ баспасөзі қалыптасып болмаған, оның дамуына тек кеңес дәуірінде ғана айқара жол ашылды деген жалаң партиялық ұранның салқын лебі есіп тұр. «Жұрттың көбіне белгілі төңкерістен бұрын қазақта оңған баспасөз болмаған . . . Бардың өзі молдалар мен байлардың қолынан әрмен аспайтын», - деген жолдардан осыны аңғарасыз.

Осы мақалада күні кешеге дейін біржақты қаралаудан көзін ашпаған қазан төңкерісі қарсаңындағы бірқатар басылымдарға алғаш рет «байшыл-ұлтшыл, алашордашыл» деген «саяси айып» тағылады. Бұл ретте сол кезең тынысын, әрі мақала авторы қаламының «ұшқырлығын» әсіре-бейнесіз жеткізу үшін аталмыш мақаладан үзінді келтірейік: «Бұлардың (Қазан төңкерісіне дейінгі газет-журналдардың - Х. А. ) бірлі-жарымы болмаса, көбінің бағыты «Қазақ» газетінің бағытына ұқсас, ұлтшылдық бағыт болды. Көбі: «Ұраным, қорғаным, сен Алаш! Жолыңда құрбандық мал мен бас» деп недәуір айбындады. «Алаш» үшін құрбандыққа бастарын байлады. Бірақ тап тартысы күшейіп, октябрь төңкерісі қанаттаған кезде көбі кімнің «құрбаны» екендіктерін көрсетті. Байға, жуанға болысып, октябрьге қарсы шықты».

Міне, осындай айыптаулар Қазан төңкерісіне дейінгі басылымдардың, соның ішінде, ең алдымен «Қазақ» газетінің басына қара бұлт болып үйіріліп, күні кешеге дейін қазақ баспасөзі тарихының «ақтаңдақ» беттеріне айналуына негіз болып келгені баршамызға мағлұм.

«Қазақ» газеті зерттелуінің сөз болып отырған кезеңінің еншісіне қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуде алғашқылардың қатарынан орын алатын ғалымдар - Б. Кенжебаев [6] пен Т. Қожакеевтің [7] және Х. Бекхожин [8] мен С. Қозыбаевтың [9] еңбектері де енеді. Олардың зерттеулері бүгінгі талап тұрғысынан шындықты бүркемелегендей болып көрінгенмен, кезінде ағынға қарсы тосқауыл іспетті, тоталитарлық жүйенің тар шеңберіне сыймай, сіреспе таптық идеологияның сынына ілініп, қараланып отырылғанын ұмытпауға тиіспіз.

Осы жерде бұл кезеңде шетелдік ғалымдар да алаш азаматтары мен олардың мінбері болған «Қазақ» газеті жөнінде мол мағлұмат беретін еңбектер басып шығарғанын бөле айтқан ләзім. Әсіресе, А. Зеки Валиди Тоған [10] мен отандасымыз Хасен Оралтайдың кітаптары [11] жоғары бағалануға лайық. Олардың тарихи шындық тұрғысынан жазылған еңбектері бұрынырақ басылып шыққанымен, қолымызға енді-енді ғана тиіп жатыр. Сондықтан оларды соңғы кездері жарық көріп жатқан еңбектермен қатар қойып қарастырған жөн.

Газеттің зерттелуінің үшінші кезеңі еліміз егемендікке қол жеткізіп, тәуелсіздігіміздің тұғыры нығайтылып жатқан, бүгінгідей қазақтың өз қолы өз аузына жеткен уақытта туындылардан туады.

Сонау сексен бестің сәуір лебімен ілесе кеңестік тоталитарлық жүйе шытынап, үкілі үміт - демократия мен жариялылықтың арқасында өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей күйді бастан кештік. Еңбектерін айтасыз, аттарын атауға қатаң тыйым салынып келген ардақты алаш заматтарының бірінен соң бірі «ақталып», арамызға қайта оралуын солай қабылдадық. Сол ұлы дүрмектің ішінде Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ зиялыларының мінбері, шығарушыларымен қоса өзі де нақақ жаланың құрбаны болған «Қазақ» газетінің халқымен қайта қауышуы да бар.

Содан бергі уақытта «Қазақ» газеті кейде нақты сөз болатын, кейде сөз арасында болса да аталып өтетін біраз дүниелер жарияланып үлгерді. Атап айтқанда, Т. Кәкішевтің [12], Ү. Сұбханбердинаның [13], Р. Нұрғалиевтің [14], К. Нұрпейісовтың [15], М. Қойгелдиевтің [16], Б. Момынованың [17], Ө. Әбдімановтың [18], Ж. Нұсқабайұлы мен Қ. Аллабергеннің [19], Қ. Сақтың [20] Ғ. Ахмедовтің [21] оқырман көзқуанышына айналған кітаптары жоғары бағалануға әбден лайық. Олар !қазақ» туралы ой-пікірдің алғашқы қарлығаштары десе болғандай. Әсіресе, библиограф-ғалым Үшкөлтай Сұбханбердинаның «Қазақ» газетінің халқымен қайта қауышуына қосқан үлесі қомақты екенін бөле айтқанымыз жөн. Зерттеуші бұл игілікті іспен 1956 жылдан бері айналыса бастаған екен [22] . Сол кезден газет тігінділерін тауып, басылым материалдарының картотекасын жасауға көзжұма кірісуі - ерлікке парапар іс. Жеке басқа табыну зұлматының ызғары басылды дегенмен де, үстемшіл орталықтың өктемдігі жүріп тұрған уақытта мұны қолға алу отпен ойнаған көбелектің күйін көз алдыңызға келтіреді. Бар айырмасы, ғалымның оған саналы түрде барғандығы. Осындай ерлік пен өрлікті паш ететін жанкешті еңбегінің арқасында кейіндеп болса да, қолымызға тиген «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа» газеттерінің мазмұндалған библиографиялық көрсеткішін қалай бағаласақ та артық болмайды. Сонымен бірге оның С. Дәуітов. Қ. Сақ сияқты зерттеушліермен бірігіп Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясында шығарған «Қазақ» газеті материалдарының жинағы осынау қызметінің ұшар биік шыңы деп бағаланарына ешбір күмәніміз жоқ.

«Қазақ» газеті туралы соңғы кездері республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында да аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Атап айтқанда, М. Әнесұлының [23], Ө. Әбдимановтың [24], Р. Әлмұқанованың [25], М. Бекбосыновтың [26], А. Бенигсеннің [27], С. Дәуітұлының [28], Американдық ғалым, түрік қызы Б. Дениздің [29], М. Жармұхамедовтың [31], А. Мектепов пен Қ. Әбіштің [32], Г. Міржақыпқызының [32], Б. Момынованың [33], А. Сармурзин мен М. Қойгельдиевтің [34] және Ф. Оразаевтың [35] республикалық газет-журнал беттерінде жарық көрген елеулі зерттеулері мен мақалаларында осы тақырып турасында сөз қозғалып, өзіндік ой-пікірлер білдіреді.

Бұл жарияланымдрдың «Қазақ» газетінің қадір-қасиетін тани түсуде, оны бүгінгі күн сұранысына сай зерттеуде қомақты үлес болып табылатындығын жоққа шығара алмаймыз. Сонымен бірге олардың барлығын бірдей ғылыми негізде, шындық тұрғысынан жазылған дүниелер деп қабылдау да дұрыс болмайды. Арасында ақиқатты бұрмалап көрсетіп, өз пайдасын көздейтін, аталмыш газетке сәл де болса қатысы бар ата-бабасының қызыметін асыра көрсету ауруымен ауырғандарда кездеспей қалмайды. Осы жұмысты жазу барысында оған біраз мысалдар таптық та. Сондықтан бұл еңбектерге біз сыни тұрғыдан қарап, «Қазақ» қайта оралған тұста жедел түрде жазылған мақалалар болғандықтан да артық-кем тұстары бақалып қалатындығын ескере отырып, елеп-екшеп барып қажетке жарату керектігін назарда ұстадық.

Шындығында да «Қазақ» газетін зерттеуге байланысты осыған дейін де аз жұмыс жасалынған жоқ. Мұның өзі - таңдап алынған тақырыптың көкейкестілігі мен қоғамдық сұранысқа ие болып отырғандығының тағы бір дәлелі. Бірақ бұдан «Қазаққа» қатысты барлық мәселе сарқа жазылып, ақырғы нүкте қойылыпты деген ой тумауы керек. Өйткені «Қазақ» - дүниеге келу тарихы аса күрделі, көтерген мәселесі қомақты да салмақты, әрі жан-жақты, талай ғылым саласына, сондай-ақ барша жұртымызға рухани мол азық боларлық энциклопедиялық басылым. Оны философтарымыздан бастап, тарихшы, саясаттанушы, экономист, этнограф, журналист, өлкетанушы т. б. ғалымдарымыз жұмыла зерттегенде ғана терең игеруге мүмкіншілік туатындығын осы арада ескерте кеткен жөн.

Үшінші кезеңдегі елдің егемендігін алып, әдеби, мәдени құндылықтарды жаңа, еркін көзқарас тұрғысынан саралау процесінің қауырт өсуі нәтижесінде туған еңбектерден Т. Кәкішевтің, Ү. Сұбханбердинаның, Т. Қожакеевтің, К. Нүрпейісовтің, М. Қойгелдиевтің, Қ. Атабаевтың, Д. Ысқақұлының, Ө. Әбдимановтың, Ғ. Ахмедовтың, Қ. Сақтың, Р. Имаханбетованың еңбектері жоғары бағалануға лайық.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
«Қазақ» газетінің шығу тарихы мен зерттелуі
Мұхтар Әуезовтің қазақ әдебиеттануына байланысты жазған ғылыми еңбектері
Мұхтар Әуезовтың «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» мақаласы
Фольклордағы даналық мұраларды айқындауда М.Әуезовтің әдебиеттануға қосқан үлесі
Ғылымға даңғыл жол салған – сарабдал сынның сардары (Сындарлы сыншы – Тұрсынбек Кәкішұлы туралы бір үзік сыр)
С. МҰҚАНОВТЫҢ ШОҚАН ЖАЙЛЫ МАҚАЛАЛАРЫ
М. Әуезовтың әдебиет тарихы туралы зерттеулері
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы әдебиет туралы айтыстар. ҚазАПП тұсындағы тұрпайы социологиялық сындар. Соғысқа дейінгі әдеби мұраны игеру мәселесі
Қазіргі дәуір және әдебиет теориясы. Ж.Аймауытовтың драмалық шығармалары
Қазақ әдеби сынының зерттелу тарихы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz