Тілдік бейнедегі “жүрек” концептінің көрінісі


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 138 бет
Таңдаулыға:   

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

ӘОЖ 81’37 Қолжазба құқығында

султангубиева айгуль айтмуханҚЫЗЫ

Тілдік бейнедегі “жүрек” концептінің көрінісі (қазақ, орыс, ағылшын тілдері бойынша)

10. 02. 20 - салыстырмалы-тарихи, типологиялық және

салғастырмалы тіл білімі

Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация

Ғылыми жетекші

филология ғылымдарының докторы профессор Р. А. Авакова

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2008

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ

  1. “ЖҮРЕК” КОНЦЕПТІНІҢ ТАНЫМДЫҚ бейнесіӘлемдік танымдағы тіл табиғаты . . . Әлемдік бейнедегі концепт - таным категориясының негізі . . . … . . . “Жүрек” концептін когнитивтік аспектіде зерттеудің ерекшеліктері . . .

1-бөлім бойынша тұжырым…. … . . . ……… . . .

  1. Қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі “жүрек” концептінің дереккөздердегі көрінісіЭмотивтік лексикадағы “жүрек” концептінің семантикалық топтары . . . “Жүрек” концептінің семантикалық өрісі . . .

2-бөлім бойынша тұжырым………. ……… . . . …… . . .

ҚОРЫТЫНДЫ……. . . . . …. ……… . . .

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ДЕРЕККӨЗДЕР ТІЗІМІ……… . . . …… . . .

3

7

24

45

53

55

77

107

109

112

КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Әлемнің тілдік бейнесі - әлемнің мәдени бейнесі негізінде қалыптасатын болмысты, шындықты көрсетеді. Тіл - мәдениеттің бір бөлшегі, сонымен қатар мәдениет те тілдің бір бөлшегі болып саналады. Тіл әлемнің ұлттық көрінісінде кездесетін ұғымдардың барлығын белгілей алмайды, тек қана бейнелейді.

Әр түрлі тілдерде бір ұғымды білдіретін сөздің семантикалық қалпы да әркелкі болуы, әрі оның шындықтың бөліктерін бүркемелеп тұруы да ықтимал. Әлемді әр түрлі тілдердегі тілдік құралдар арқылы қабылдау және концептуалдау барысы олардың туыстастығы жағынан да елеулі болып шығуы мүмкін. Басқа сөздермен айтатын болсақ, әр түрлі тілдерде әлемнің көріністерінің өзіндік ерекшеліктері болады.

Белгілі бір мәдениеттің өкілдері үшін релевантты болып келетін тілден тыс шындықтың белгілері көп жағдайда тілде тікелей көрініс табады. Осыған байланысты, лингвомәдениеттану саласы тілді мәдениеттің ажырамас бір бөлшегі ретінде қарастырады. Тіл мен мәдениеттанудың өзара байланысы туралы мәселенің шешімін табу - түрлі лингвомәдени дәстүр өкілдерінің шындықты түйсінудегі әмбебап және өзіндік ерекшеліктерін іздеу барысымен тығыз байланысты. Сондықтан зерттеуге негіз болып отырған «жүрек» концептісін қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің материалдары арқылы салыстыра-салғастыра талдау негізінде сол халықтардың менталитетінің этникалық ерекшеліктерін айқындауға мол мүмкіндік туғызады.

Диссертациялық зерттеу тақырыбының өзектілігі. Ә лемнің тілдік бейнесі негізінде эмоция мен сезімнің символы болып табылатын, әрі эмоция мен сезімнің бірігуінен кең орын алатын - «жүрек».

«Жүрек» компоненті тілдің әлемдік бейнесін құрайтын «тірек» компонент. Себебі әлемдік танымға сүйенсек «жүрек» - адамзат денесінің орталығы, адам денесінің осы мүшесі оның өмірлік күшінің негізі екендігі жалпыға белгілі, егер жүрек өзінің соғуын тоқтатса - онда адам да өзінің тіршілігін, яғни өмір сүруін тоқтатады. Сонымен қатар әлем тілдерінің барлығында «жүрек» концептісі адамның рухани өмірінің орталығы болып саналатын сезім мүшесі ретінде де қызмет атқарады. Сондай-ақ «жүрек» адам бойындағы тек сезімді, эмоцияны ғана емес сонымен қатар адам танымындағы әртүрлі іс-әрекеттерді: күлу, қуану, ренжу, қорқу, сезу, сезіну, жылау, ойлану, бір нәрсеге өз еркімен шешім қабылдау, махаббаттың пайда болуы, ар-намыстың пайда болуы т. с. с реттеп отырады. «Жүрек» адам өміріндегі физикалық және рухани өмір сүрудің негізгі көзі болып табылады.

Діни тұрғыдан «жүрек» - иманның тұрағы, Алла тағалаға сенім мекені. Ислам дінінде «жүрек» адамның өзегі, дәні саналады. Адам «жүрекпен» жетіледі, бойындағы бар игі қасиет «жүректен» шығады. «Жүрек» қандай болса, адам да соның ыңғайымен қалыптасады. «Жүрек» көкірек көзі заттың ішкі мәніне бойлай алады, тылсымды түсініп, ғайыпты сезінеді, шабыт алып қанаттанады. Әлеммен тілдесетін жүрек шекара дегенді білмейді. Ислам философиясының көрнекті өкілі Әбу Мұхаммед әл-Ғазали «жүрекке» әрі дене мүшесі, әрі жартылай рухани мағына, - деп анықтама берген. «Жүрек» адамның ең жоғарғы және ең төменгі болмысын біріктіреді. Әл-Ғазалидің тұжырымдауынша, «жүрек» адам денесінің барлық мүшелерімен байланысты және «мемлекет әміршісі» секілді оларға билік жүргізеді. Бір жағынан - тілек пен құштарлық, екінші жағынан - дене мүшелері жүрек тіршілігін қолдап отыруы қажет.

Демек, тіл қызметінің мәдениет жасаудағы шынайы үрдісін танып-білу арқылы әлемнің тілдік көрінісі мен оның негізгі конструкциясын жіті қарастыру - зерттеу жұмысының өзектілігі болып табылады.

Зерттеудің мақсаты. «Жүрек» концептінің танымдық дереккөздерін көрсету мақсатында төмендегідей зерттеу міндеттері қойылды:

  • танымдық тіл білімі негізінде лингвомәдени мәселелерді шешуде теориялық ұстанымдарды айқындау;
  • тіл табиғатын тану негізінде концепт категориясының қолданыс аясын, әрі құндылықтарын анықтап, әлем дүнетанымында маңызды орын алатын «жүрек» концептін салғастырмалы тұрғыда қарастыру;
  • эмотивтік лексикадағы «жүрек» концептінің лексика-семантикалық топтары мен лексика-семантикалық өрісін анықтау;
  • «жүрек» концепті негізінде туындаған поэзия тіліндегі бейнелі тіркестердің көрінісін анықтау.

Зерттеу нысаны. Әлемнің тілдік бейнесін құрайтын концептілер жүйесі, таңбалар, этномәдени белгілер, тілдік бірліктер мен бейнелі сөздер.

Зерттеу пәні. Қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі жүрекке қатысты туындаған тілдік бірліктер мен бейнелі оралымдар.

Жұмыстың әдістанымдық негізі. Қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі «жүрек» концептін жан-жақты зерттеу барысында әлемдік тіл білімінде, оның ішінде қазақ тіл білімінде: Р. Авакова, Е. Жанпейісов, Қ. Жұбанов, І. Кеңесбаев, Т. Қоңыров, М. Копыленко, Ә. Қайдар, Ж. Манкеева, Б. Момынова, Ә. Нұрмағамбетов, Э. Оразалиева, А. Салқынбай, Г. Смағұлова, Э. Сүлейменова, Р. Сыздық және т. б., сонымен қатар шетел тіл білімінде: Ю. Д. Апресян, Н. Д. Арутюнова, С. А. Аскольдов, А. Вежбицкая, В. В. Воробьев, С. Т. Воркачев, А. И. Геляева, В. фон Гумбольдт, Г. В. Елизарова, О. Д. Ивицкая, В. И. Карасик, В. Т. Клоков, В. В. Колесов, Е. С. Кубрякова, А. В. Кунин М. К. Мамардашвили, А. А. Потебня, А. М. Пятигорский, Ф. де. Соссюр, Э. Сепир, З. К. Тарланов, С. Т. Тер-Минасова, В. Уорф және т. б. ғалымдардың негізгі теориялық тұжырымдары мен пікірлеріне сүйендік.

Зерттеудің материалдары мен дереккөздері. І. Кеңесбаевтың авторлығымен жарық көрген «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі», «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (І-Х), Ө. Тұрманжановтың «Қазақ мақал-мәтелдері» жинағы, «Словарь русского языка». под. ред. А. П. Евгеньевой, «Фразеологический словарь русского языка» под. ред. Л. А. Воинова, В. П. Жукова, А. И. Молоткова, А. И. Федрова, «Этимологический словарь русского языка» под. ред. М. Фасмера, «Англо-русский фразеологический словарь» А. В. Кунин, «Oxford advanced learner’s dictionary» by S. Wehmeier, «Beginning dictionary Macmillan» D. Halsey, «Пословицы и поговорки русского народа» из сборника В. И. Даля, сондай-ақ ауыз әдебиеті туындылары мен көркем әдеби шығармалардан «жүрек» компонентінен жинақталған қазақ тілінен - 500, орыс тілінен - 250, ағылшын тілінен -200 жуық тілдік бірліктер мен бейнелі оралымдар пайдаланылды.

Жұмыстың зерттеу әдістері. Зерттеу әдістері жұмыстың алдына қойған мақсаттары мен міндеттеріне байланысты айқындалды. Зерттеу барысында лексика-семантикалық, сипаттама-синхрондық, салыстырмалы-салғастырмалы, анализдік және концептуалдық әдіс негізге алынды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы. 1) Қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі «жүрек» концептін салыстырыла-салғастырыла зерттеу негізінде тілдің әлемдік бейнесі танылды; 2) Халықтың лингомәдениеттанулық деректері негізінде «жүрек» концептінің әлемдік танымдағы табиғаты, концепт категориясы, ойлау жүйесі, олардың тілдегі көрінісі, лексикографиялық деректері сараланды; 3) Жиналған тілдік бірліктер мен бейнелі оралымдар лексика-семантикалық топтарға, лексика-семантикалық өрістерге жіктелініп тілдік тұрғыдан талданылуы зерттеу тақырыбының жаңалығы болып табылады.

Зерттеудің теориялық маңызы. Тіл білімінің когнитология ғылымының нәтижесінде танылып, ашылып отырған «жүрек» концептінің мағынасын түрлі аспектіде қарастыру - жаңаша көзқарастың дәлелі.

Соның нәтижесінде соңғы жылдары ғылымдар тоғысуында пайда болған этнолингвистика, лингвистикалық мәдениеттану, психолингвистика, әлеуметтік лингвистика, лингвистикалық елтану, когнитивтік лингвистика арқылы ұлттық мәдени ерекшеліктерді анықтап, қазіргі тіл білімінде осы бағыттағы зерттеулердің кешенді жүргізілуі - тіл білімінің теориялық маңызы болып саналады.

Зерттеудің практикалық маңызы. Зерттеудің нәтижелерін жоғары оқу орындарында тіл білімінің лексикология, семасиология, фразеология, этнолингвистика, лингвистикалық мәдениеттану, психологиялық лингвистика, контрастивті тіл білімі, компаративтік тіл білімі салалары бойынша жүргізілетін дәрістерде, курстарда, сондай-ақ практикалық сабақтарда кеңінен пайдалануға болады.

Қорғауға ұсынылған тұжырымдар:

  • Әлемнің тілдік бейнесі кез келген ұлт өкілдеріні шындық болмысты танып білу айнасы. Тіл мен мәдениет екі бөлек таңбалық жүйеге жатқанымен, олар бірін-бірі толықтырып тұратын, әрі өте тығыз байланысты жүйе. Қандай да бір тілдік бірліктің тарихи негіздері халықтың болмысымен тікелей байланысты түрлі “мәдени кодтарды” жеткізуші, ұлттық сана-сезімді өз бойына сақтаушы тілдік таңба болып табылады. Себебі тілдегі кез келген сөзде халықтың ұлттық танымы, дүниеге көзқарасы, мәдениеті мен салт-санасы көрініс тапқан.
  • «Концепт» - ұлттық дүнетанымны ықшам да, терең мағыналы дүниетаным құндылықтырын айқындайтын тілде көрініс тапқан бірлік. Әр ұлттың концептілер жүйесін дүниетаным құндылықтары құрайды. Концептілер бір-бірімен тығыз байланыста болып, бір-бірінен туындап отырады. Әр қоғамдық даму кезеңдерге сәйкес тіл мен мәдениет иелері абстрактілі концептілерді түсінуінде өзгерістер болғанымен, негізгі мәдени, дүниетанымдық мәні өзгеріссіз ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған.
  • Ғасырлар бойы атадан балаға мұра ретінде сақталған, әлем тілдерінің фондық лексикасының негізін құрайтын, әлемнің тілдік бейнесінен мағлұматтар беретін, бейнелі ойлаудың жемісі болып табылатын «жүрек» концепті кез келген тілдің лексикалық қорын байытады. Сондықтан «жүрек» концептінен қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде көптеген фраземалар, мақал-мәтелдер жасалып, тілдің көркемдік құралдарын көбейткен.
  • Көркем әдебиетте, оның ішінде поэзияда сөз әрдайым тура мағынасында жұмсалмай, әр алуан мақсатта құбылып, өзгеріп, қосымша реңк үстеп, негізгі тілдік мағынасын ауыстырып немесе тарылтып, я кеңейтіп қолданылып жатады. «Жүрек» концепті негізінде туындаған өлең тіліндегі сөздің экспрессивтік-мағыналық бояуларын таныту, сөздердің тіркесу барысында беретін жаңа ұғымдарын, оның ішінде контекстік, кейде окказионалдық ұғымдарын көрсету, синтаксистік құрылымдағы жарыспалы қатарларын (варианттарын) қарастыру - лингвистиканың зерттеу нысанының бірі ретінде сөздік қорды байытқан.

Жұмыстың саралануы мен талқылануы. Диссертациялық зерттеу тақырыбы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жалпы тіл білімі кафедрасында жүргізетін ғылыми зерттеу бағытымен сәйкес келеді. Зерттеу жұмысының негізгі тұжырымдамалары мен нәтижелері С. Мырзабековтың туғанына 70 жыл толуына арналған ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2007), «Әлемдік рухани құндылықтар және қазіргі қазақ әдебиетінің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми - практикалық конференцияда (Алматы, 2007), «Тіл - мәдениет - коммуникация: зерттеудің жаңа жолдары, мәселері мен аспектілері» атты республикалық ғылыми - практикалық конференцияда (Алматы, 2008, Жаратылыстану факультетіне арналған шет тілдер кафедрасының 40 жылдығына орай), «Тілді және әдебиетті оқыту тәжірибесі мен теориясы: қазіргі күйі, мәселелері, көріністері» атты халықаралық ғылыми - тәжірибелік конферецияда (Алматы, 2008, Абай атындағы КазҰПУ - дың 80 жылдық мерейтойына арналған), сонымен қатар зерттеудің мазмұны мен бағыттары аспиранттардың ғылыми-әдістемелік семинарларында және жалпы тіл білімі кафедрасының мәжілістерінде баяндама түрінде ұсынылды.

Зерттеудің негізгі мәселелері мен теориялық тұжырымдары әр түрлі басылымдағы 7 жарияланымда көрініс тапты.

Жұмыстың құрылымы. Диссертациялық жұмыс екі бөлімнен, қорытындыдан, 1 кестеден, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 «ЖҮРЕК» КОНЦЕПТІНІҢ ТАНЫМДЫҚ бейнесі

  1. Әлемдік танымдағы тіл табиғаты

Тіл жалпы адамзаттың баға жетпес құндылығы деп танылатын көзқарас өркениетті қоғамның негізгі қағидаларының біріне айналды. Өйткені тіл дүниетанымның құралы, ойлаудың ұғым, түсінік, пайымдау тәрізді түрлерінің объективтенуі болып табылады. Сонымен бірге тіл қоғамдық сананың түрлерін қалыптастырумен қатар өз кезегінде оған әсер етеді. Ал әрбір тарихи кезең, қоғамдық құбылыстар тілде өз таңбасын қалыптастырып отырады. Тіл қоғамдағы тарихи, әлеуметтік, мәдени, рухани өзгерістердің айнасы іспетті. Зерттеу нысаны ретінде алынып отырылған «жүрек» концептін тілдік жүйенің құрылымдық бірліктерінен тұратын лингвистиканың ғана емес, жалпы әлемнің тілдік бейнесін жасайтын танымдық негізде суреттеу - тіл ғылымындағы бүгінгі таңдағы негізгі бағыттардың бірі.

Кез келген халықтың тілі - сол халықтың шынайы этникалық болмысының айнасы. Тілді жаңа ғасыр баспалдағына теориялық-танымдық үрдісте зерттеудің қажеттігі туып отыр. Бұл үрдіс тіл мен адам санасын тұтастықта қарастырып, тілдік білімді адам миының жемісі, күрделі ассоциативті-вервальды құрылым, болмысты рух пен ой бірлестігінде танытушы жүйе ретінде кешенді сипаттауға негізделеді. Адамзат өзін қоршаған шындықты, әлемдегі сан алуан құбылыстар мен олардың сапа-қасиетін сезім мүшелері арқылы сіңіріп, санамен түйсініп қана қоймайды, оған жауап қайтарады, ақпаратты өзінше жаңғыртып, жаңа сапада қайта жасауға санала-санасыз күйде талпыныс жасайды, өңдейді, қорытады, елеп-екшейді, баға береді, тәжірибеде қолданады, бұлардың тұтас көрінісі ретінде ғаламның тілдік бейнесі жасалады.

Бұл бағыттағы когнитивтік лингвистиканың бастау көзі Аристотельдің, Платонның, кейін Гумбольдт және оның шәкірттерінің тіл философиясы концепцияларында жатыр. Когнитивтік үрдістің негізгі айырым белгісі тіл туралы жаңаша зерттеулерінде, тіпті зерттеу әдістеріне жаңа тәсілдер енгізуінде емес, таза танымдық бағдарының жаңалығында, тілге танымдық тұрғыдан келуінде.

Алғашқы когнитивтік зерттеулер этнолингвистикалық және лингвистикалық типологияны шендестіру деңгейінде сипат алды. Сөйтіп, тілдік әмбебап құбылыстарды терең түсінуге талпынысты шетелде Н. Хомский, М. Джонсон, Дж. Лакофф, Р. Лангакер және Ресейде - Ю. Д. Апресян, Е. М. Кубрякова, Ю. Н. Караулов, және т. б. еңбектерінен басталады.

Қазақ тіл біліміндегі когнитивтік бағыттың қалыптасуында этнолингвистикалық зерттеулердің мәні ерекше. Этнолингвистикалық зерттеулердің алғашқы нышаны ретінде тіліміздің байлығы мен мәдениетіміздің рухани қазынасы ретінде осы салада зерттеу жұмыстарын жүргізген Ә. Қайдардан [1] бастап Қ. Аронов [2], Ғабитханұлы [3], С. Жанпейісова [4], Е. Жанпейісов [5], Р. Иманалиева [6], М. Копыланко [7], К. Күркебаев [8], Г. Кусимова [9], Ж. Манкеева [10], М. Мұсабаева [11], А. Мұқатаева [12], Р. Панзарбеков [13], Н. Оңғарбаева [14], С. Сәтенова [15], Ш. Сейтова [16], А. Сейілхан [17], Ұ. Серікбаева [18], Г. Смағұлова [19], Ә. Хазимова [20], Б. Уызбаева [21] және т. б. ғалымдардың зерттеулері тек этнолингвистика үшін емес, когнитивтік зерттеулер үшін құнды мазмұнға ие.

Ал соңғы уақытта таза когнитивтік бағыттағы ізденістер мен зерттеулер нәтижелі дамуда десек те болады. Оған дәлел Ж. А. Манкееваның «Қазақ тіліндегі мәдени лексиканың танымдық негіздері», Н. Н. Аитованың «Қазақ тіліндегі түр-түс атауларыны когнитивтік семантикасы», С. Жапақовтың «Эпикалық фразеологизмдердің когнитивтік негіздері», А. Б. Әмірбекованың «Концептілік құрылымдардың мәтіндегі вербалдану ерекшелігі (М. Мақатев поэзиясы бойынша) », Қ. Жаманбаеваның «Тіл қолданысының когнитивтік негіздері: эмоция, символ, тілдік сана», М. Т. Күштаеваның «Тары» концептісінің семантикалық құрылымы мен лингвомәдени мазмұны, А. Исламның «Ұлттық мәдени контексіндегі дүниенің тілдік суреті», Э. Оразалиеваның «Когнитивтік лингвистика: қалыптасуы мен дамуы», М. Б. Тілеубердиевтің «Қазақ ономастикасының негіздері» сынды осы бағытта зерттелініп жүрген еңбектердің маңызы зор деуімізге әбден болады.

Ғалым Е. Жанпейісов «Этнокультурная лексика казахского языка» еңбегінде М. Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясындағы этнографизмдерді тілдік әрі халықтық болмыс тұрғысынан зерттеу қазақ халқының мәдениетін тіл деректері арқылы танытуда қосқан үлес деп білеміз. Ғалым Р. Сыздық «Сөздер сөйлейді» еңбегінде бүгінгі күні тілімізде ұмыт болған сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасын ашып көрсетеді.

«Лингвомәдениеттану - этномәдени және этнопсихологиялық факторлар мен тілдегі ұлттық мәдени мағына компоненттерін тіл арқылы мәдениеттану бағытында зерделеп, тілдің дәл қазіргі қолданыс қызметін көрсететін ұлттық ерекшелігін ешбір идеологиясыз, заманға сай келбетін таныту. Бұл ретте тіл-ұлт-мәдениет дейтін үштік (триада) лингвомәдениеттану пәнінің зерттеу нысаны болмақ» [19, 147 б. ], - деп ғалым Г. Смағұлова ұлттық тіл мен ұлт мәдениетінің тоғысуындағы өзара байланысты анықтап, мәдениет ұғымын мағыналас фразеологизмдердің бойынан тіл аспектісінде қарастырады.

Лингвомәдениеттанудың өркениетте, қоғамдық ғылымдармен қатар дамуын тілдік тұрғыдан сөз ету - пәннің зерттеу нысанын нақтылай түседі. Осыған байланысты көне тіл деректері лексикамызда сөзжасам саласының қызметін арттыруда халқымыздың мәдени өмірімен байланысты екенін тілші А. Салқынбайдың пікірі толықтыра түспек: “Тілдік деректерді лингвомәдени аспектіде зерттеу - ең әуелі тілдер арасындағы жалпыадами гуманитарлық мәдени, өркениеттілік қырларды айқындау болып табылады. Табиғаттағы, әлемдегі құбылыстар, қоғамдағы сана мен салт, бәрі де тілде өз көрінісін табатындықтан, атау мен оның жасалу сипаты лингвомәдени аспектіде қарастырылады” [22, 41 б. ], - дейді. Тіл мен мәдениеттің өзара қарым-қатынасы туралы сөз қозғағанда алдымен «мәдениет» ұғымының өзіне тоқталған жөн. Осы ұғымды анықтау мақсатында тіл білімі саласында көптеген қадамдар жасалынды.

Мәселен, Г. В. Елизарова «мәдениет» ұғымын аксиомалық ұғым деп есептейді, себебі аксиомалық ұғым интуициялық жағынан айқын болып көрінеді. Дегенмен мұндай кешендік ұғымға анықтама беру өте қиын мәселе. Мәдениет ұғымына берілген тұрмыстық анықтамалар да жиі кездеседі, мысалы, «Мәдениет - бұл біздің осында қалай өмір сүріп жатқандығымыз» [23, 451 б. ], мұндай анықтамалар мәдениет ұғымын белгілі бір аспектіге қатысты алып қарамай, оның бүкіл көпқырлығын қамтуға талпынады. Мәдениетке анықтама берудің алғашқы қадамы «мәдениет дегеніміз - бұл барлық қоғамда болатын гомогенді құбылыс» деген көзқарасқа негізделеді. Қоғамдар арасындағы айырмашылық мәні мен мазмұнына қарай болатын айырмашылық ретінде қарастырылмай, бір ғана құбылыс, яғни мәдениеттің даму деңгейіне байланысты анықталып отырады. Оның өлшемі ретінде тағы, мәдениетсіз өмірден өркениет сатысына көтерілу үрдісі алынды. Өркениеттің белгілері артқан сайын қоғам да дами береді, оның үстіне кез келген қоғам мәдени қатынасы жоғары деңгейде болған жағдайда ғана дамыған елдер қатарына жатқызылатын болды. Э. Талордың еңбектерінен осы ұғымға анықтама берудің ең айқын үлгілерін табуға негіз бар. Оның мәдениет ұғымына берілген анықтамасы бойынша, мәдениет құрамына білім беру, дін, өнер, мораль, заң, салт-дәстүр және қоғам мүшесі ретінде әрбір адамның өз талғамына сай меңгеретін тағы да басқа әдет-қылықтарын енгізе отырып, оны кешенді бүтіндік етіп сипаттайды. Алайда осындай көзқарас тұрғысынан қарағанда өркениет пен мәдениет - бір-бірімен салғастыруға болмайтын өлшем деген оймен келісу мүлдем қиын болады. Бір құбылысты екінші құбылыс арқылы ешқашан өлшеуге болмайды, себебі бұл екі құбылыс әр түрлі жазықтықты алып жатыр [23, 10 б. ] .

ХІХ ғасырдың соңында, Ф. Боастың антропологиялық еңбектерінен өрбіп, мәдениет термині түрлі қоғамдарға байланысты қолданыла бастады. Мәдениет құбылысына деген осындай көзқарастар модификациясының әр алуан болуы тілдің қандай мағынаға ие болатындығы туралы мәселеге байланысты туындайтындығы белгілі. Осы сәттен бастап мәдениет пен тіл бір-бірінен жігі ажырамас қарым-қатынаста қарастырылатын болды.

А. Вежбицкаяның тұжырымдауынша, Клифорд Герцтің мәдениет ұғымына қатысты ұсынған анықтамасы аса жемісті айтылған. Клифорд Герц: «Мәдениет дегеніміз - бұл белгілерге толы мағыналардың тарихи жолмен берілетін үлгісі. Бұл әрдайым жалғасын тауып отыратын жүйе, оның көмегімен адамдар бір-бірімен араласады, сөйлеседі және оның негізінде адамдардың өмір мен өмір қағидалары жайлы білімдері қалыптасып, дами түседі» [24, 289 б. ] .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Концепт – когнитивтік лингвистиканың негізгі категориясы
«Аққу» концептінің лингвомәдени ерекшелігі
Қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі жүрек концептін әлемнің тілдік бейнесінде түрлі лексикографиялық дереккөздер негізінде айқындау
Қуаныш және қайғы - эмоционалды концептілер
Ұлттық мәдени концептілер
Концепт ғаламның тілдік бейнесінде көрініс табатын тілдік құбылыс
Ғаламның тілідік бейнесіңдегі қазақтың көркемдік танымының зерделенуі
Дүниенің поэтикалық бейнесі лингвоконцептуалдық талдау (ХҮ-ХҮІІІ ғасырдағы ақын-жыраулар поэтикасы бойынша)
Түс концептісін (қызыл) ағылшын және қазақ мәдениеттерінде салыстырмалы түрде талдау
Тіл танымдық оқу практикасы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz