Ғұрыптық фольклор лексикасы: идиоэтникалық семантика туралы


Пән: Мәдениеттану
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 162 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ А. БАЙТҰРСЫНҰЛЫ АТЫНДАҒЫ ТІЛ БІЛІМІ ИНСТИТУТЫ

ӘОЖ 811. 512. 122`37:39 Қолжазба құқығында

АЙТМҰҚАШОВА АИДА АЙТМҰҚАШҚЫЗЫ

Ғұрыптық фольклор лексикасы: идиоэтникалық

семантика

10. 02. 02 - қазақ тілі

Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация

Ғылыми жетекшісі: филология

ғылымдарының докторы,

профессор Е. Н. Жанпейісов

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2007

МАЗМҰНЫ

Қысқартылған шартты атаулар . . . 3

Кіріспе . . . 5

1 Отбасылық ғұрыптар фольклорының лексикасы . . . 9

1. 1 Келін түсіру, қыз ұзату ғұрыптары лексикасы . . . 12

1. 2 Өлік жөнелту ғұрыптары лексикасы . . . 34

1. 3 Бесік және этнопедагогика лексикасы . . . 41

1. 4 Саятшылық пен аңшылыққа қатысты лексика . . . 53

1. 5 Мал шаруашылығына қатысты лексика . . . 60

2 Маусымдық ғұрыптар фольклорының лексикасы . . . 78

2. 1 Наурыз, Ұлыс күніне қатысты бата-тілек сөздер . . . 80

2. 2 Жарапазан (жарамазан) өлеңдерінің лексикасы . . . 87

3 Діни ғұрыптар фольклорының лексикасы . . . 96

3. 1 Бәдік өлеңдерінің лексикасы . . . 98

3. 2 Арбау өлеңдерінің лексикасы . . . 102

3. 3 Бақсы сарындары лексикасы . . . 107

3. 4 Мифтік наным-сенімдер лексикасы . . . 115

Қорытынды . . . 125

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 128

ЖҰМЫСТА МЫНАДАЙ ШАРТТЫ ҚЫСҚАРТУЛАР ҚОЛДАНЫЛДЫ:

РСл - Радлов В. В. Опыт словаря тюркских наречий. - Спб., 1893-1911. - Т. І-ІҮ.

ЭСТЯ - Севортян Э. В. Этимологический словарь тюркских языков. - М., 1978, 1980, 1989.

БСл - Будагов Л. З. Сравнительный словарь турецко-татарских наречий. - Спб., 1869, 1871. - Т. 1, 2.

МҚ -Қашқари М. Түрік сөздігі. - Алматы: Хант, 1, 2, 3-т. 1997.

ДТС - Древнетюркский словарь. - Л., 1969. - 615 с.

РУС - Русско-узбекский словарь. - М., 1954. - 488 с.

ПҚжҚПС - Жеменей. Парсыша-қазақша және қазақша-парсыша сөздік. - Алматы: Санат, 1994. - 317 б.

МҚ Див - Қашқари М. Дивону лұғат ит тюрік. - Тошкент, 1960. - Т. 1. - 551 б.

ҚЖ: 1963 - Қыз Жібек. - Алматы, 1963. - 618 б.

КРС - Киргизско-русский словарь. - М., 1958. - 896 с.

Юсл - Юдахин К. Кыргызча-орусча сөздүк. -М., 1965. - 1182 с.

УйгРС - Уйгурско-русский словарь. -Алма-Ата, 1961. - 390 с.

МҚТ - Базылхан Б. Монгол-казах толь. - Өлгей, 1984. - 962 б.

АПС -Бекмұхаметов Е. Қазақ тіліндегі араб-парсы сөздері. - Алматы: Қазақстан, 1977. - 200 б.

ПРС - Персидско-русский словарь. - М., 1970. - 477 с.

АРС - Арабско-русский словарь. -М. : Госиздат, 1958. - 369 с.

АТС - Абай тілі сөздігі. -Алматы: Ғылым, 1968. - 340 б.

Мукад - Монгольский словарь Мухаддимат ал-адаб, ч. І-ІІ. М. -Л., 1938.

ОРС - Ойратско-русский словарь. - М., 1947. - 218 с.

ҚТҚЭС - Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі. - Алматы: Ғылым, 1966. - 240 с.

РТувС - Русско-тувинский словарь. - М., 1980. - 304 с.

РКС - Русско-калмыцкий словарь. - М., 1964. - 383 с.

ЯРС - Якутско-русский словарь. - М., 1972. -422 с.

ССТМЯ - Сравнительный словарь тунгусо-манчжурских языков. - Спб., 1869-1871. - т. 1-2.

ҚМС - Қазақша-монғолша сөздік. - Алматы, 1977. - 491 б.

ПҚТС - Оңдасынов Н. Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік. - Алматы: Қазақстан, 1974. - 384 б.

ТатРС - Татарско-русский словарь. - Казань, 1950. - 430 с.

БРС - Башкирско-русский словарь. - М., 1958. - 265 с.

МРС - Монгольско-русский словарь. - М., 1957. - 392 с.

ПСл - Пекарский Э. К. Словарь якутского языка. - Л., 1907-1930.

ДСЧЯ - Диалектологический словарь чувашского языка. - М., 1968. - 186 с.

РКС - Русско-калмыцкий словарь. - М., 1964. - 468 с.

РБС - Русско-башкирский словарь. - М., 1948. - 299 с.

КҚЖС -Құрышжанов А. Қ., Жұбанов А. Қ., Белботаев А. Б. Куманша-қазақша жиілік сөздік. - Алматы: Ғылым, 1978. - 277 б.

ҚТДС - Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі. - Алматы, 1969. - 412 с.

ХРС - Хакасско-русский словарь. - М., 1953. - 515 с.

ТувРС - Тувинско-русский словарь. - М., 1955. - 286 с.

КумРС - Кумыкско-русский словарь. - М., 1969. - 579 с.

РПРС - Рубинчик Ю. А. Персидско-русский словарь. - М., 1983. - т. 2. - 468 с.

РЯС - Русско-якутский словарь. - М., 1968. - 339 с.

ЧРС - Чувашско-русский словарь. -М., 1961. - 256 с.

РТуркС - Русско-туркменский словарь. - М., 1956. - 295 с.

БАРС - Баранов Х. К. Арабско-русский словарь. - М., 1970. - т. 1. - 207 с.

ФОТС -Фарт Девл. Османша-Түрікше Энциклопедиялық сөздік. - Анкара, 1986. - 392 с.

АҚТС - Арабша-қазақша түсіндірме сөздік. - Алматы: Қазақстан, 1969. - 266 б.

УРС - Уйгурско-русский словарь. - Алма-Ата, 1961. - 296 с.

ТРС - Туркменско-русский словарь. - М., 1956. - 368 с.

КалРС - Калмыцко-русский словарь. - М., 1982. - 194 с.

АҚС -Оңдасынов Н. Арабша-қазақша сөздік. -Алматы: Мектеп, 1984. - 1-том. - 202 б.

ТурРС - Турецко-русский словарь. - М., 1977. - 308 с.

МПРС - Миллер Б. В. Персидско-русский словарь. - М., 1953. - 358 с.

ТадРС - Таджикско-русский словарь. - М., 1954. - 298 с.

КазРС - Казахско-русский словарь. - Алма-Ата, 1989. - 404 с.

СРС - Пахалина Т. Н. Сарыкольско-русский словарь. - М., 1971. - 215 с.

ҚТС - Қазақша-түрікше сөздік. - Түркістан: Тұран, 2003. - 360 с.

КІРІСПЕ

Зерттеудің өзектілігі. Қазақ тіл білімінде әсіресе соңғы жылдары көбірек көңіл бөліне бастаған антропоцентристік бағыттағы зерттеулердің нәтижесі этностың байырғы тұрмыс-тіршілігінің, қазіргі болмысы мен өткендегі өмір сүру тәжірибесінің, күнкөріс мәдениетінің, өзіндік заттық және рухани құндылықтарының түрлі тілдік көріністері тек лексика мен фразеологияда ғана емес, ономасиологияда да, фоносемантика мен перифразалық құбылыстарда да көрінетінін дәлелдеп отыр.

Осымен байланысты барша тіл байлығына этнос танымы тұрғысынан мағыналық талдау жасау - «идиоэтникалық семантикасына барлау жасау» деген сөз. Себебі « . . . көпшілік қауымның білетіні лексикалық бірліктердің бойына тән мағынаның толық ауқымы емес, жарым-жартысы ғана, яғни көбінесе күнделікті өмірде өзара қарым-қатынас жасауға қажетті «үстіңгі қабаттағы» лексикалық мағыналары ғана. Ал олардың екінші деңгейдегі «ауыс, туынды, келтірінді, идиомалық, фразеологиялық» мағыналар тобына келсек, олар көбінесе тілдік ортада қалыптасқан дәстүрлі «мағыналық символ» ретінде сөйлеу контексіне қарай қолданылғанымен, түп-төркіні баршаға айқын емес. Мәселен, көзіне шөп салу, шөп басын сындыру, итарқасы қиянда, көзайым болу, шөпжелке, шүйкебас сияқты тіркестердің ауыс, идиомалық мағыналары бізге түсінікті болғанымен, олардың тілде пайда болу уәждерін бірден айтып беру оңай емес, өйткені олардың астарында этнолингвистикалық факторлар жатыр. Міне, сондықтан да әр алуан лексикалық бірліктердің осы екінші деңгейдегі мағыналарын біз шартты түрде этнолингвистикалық мағыналар деп атадық» [1, 21] .

Идиоэтникалық семантиканың бастау ұғымдары алғаш А. П. Комаров, Ж. Вандриес, М. М. Копыленко, Н. Н. Кириллова, З. З. Чанышеваның еңбектерінде қалана бастады. Жалпы қай тілдің де идиоэтникалық семантикасын неғұрлым тереңірек танып білуге қазір солар мұрындық болып отыр. Идиоэтникалық семантиканың көрінісі К. Головинаның «Сопоставительный анализ идиоэтнических топонимов и антропонимов русского и казахского языков», Г. Әубәкірованың «Идиоэтническая семантика и лингвостилистические функции собственных имен в художественном тексте» еңбектерінде кездеседі.

Қазақ тіл білімінде идиоэтникалық семантика мәселесі арнайы нысанаға алынып зерттелмесе де, зат немесе құбылыс атауының шығу тегі, терминнің пайда болу уәжділігі туралы тілдік мәліметтер беретін еңбектер баршылық. Мысалы өткен ғасырдың 80-ші жылдарындағы Ә. Қайдар, Р. Сыздық, М. М. Копыленко Е. Жанпейісов еңбектерінен бастау алған зерттеу бағыты Н. Уәлиұлы, Ж. Манкеева т. б. ғалымдардың зерттеулерінде нақты жалғасын тапты. Сонымен бірге Т. Жанұзақов, Б. Қалиев, Б. Сағындықұлы, Г. Смағұлова, Б. Қалиев, Р. Шойбеков, Б. Момынова, С. Сәтенова, Г. Сағидолдақызы, А. Жылқыбаева, Қ. Ғабитханұлы, А. Ислам, Д. Керімбаев, Ә. Хазимова, Г. Әубәкірова, Б. Қарағұлова, Р. Иманалиева, А. Мұқатаева, Қ. Аронов, Н. Оңғарбаева, К. Күркебаев, Ш. . Қарсыбекова, А. Сейілхан, Қ. Қайырбаева, Б. Ақбердиева, Б. Тілепин, К. Рысбаева, Б. Тілеубердиев, Б. Тоқтағұл, С. Жанпейісова, А. Ока, Т. Жаубасова, Ж. Жұмағұлова сынды басқа да лексиколог, этнолингвист ғалымдардың зерттеулерінен де этностың рухани және материалдық мәдениетінен орасан зор мәлімет беретін деректерді молынан кездестіреміз. Осы қатарда тілдің когнитивтік қызметі жайындағы К. Хұсайын, З. Ахметжанова, Б. Әбдіғалиева, Э. Сүлейменова, т. б. ғалымдар еңбектерінің де орны ерекше.

Осы зерттеулердің нәтижесіне сүйене отырып, идиоэтникалық семантика ұғымын тілде сақталған этнолингвистикалық деректердің, қалтарыста жатқан тілдік фактілердің «сөйлеуі» деп түсінуге болады. Себебі идиоэтника сөзі (гректің идио - «өзіндік», «ерекше» және этнос - «тайпа», «халық» сөздерінің бірігуінен жасалған) «ұлттық ерекшелік» дегенді айқындайды. Демек идиоэтникалық семантика «ұлттық-мәдени ерекшелікті, этникалық өзгешелікті, этнос болмысын танытатын семантика» дегенді білдіреді.

Осындай ұлттық немесе идиоэтникалық болмыс лексикалық бірліктер мен тілдік құбылыстардың таңбалық ерекшелігі ретінде тілдің көптеген салаларын жан-жақты қамтиды. Идиоэтника мәселесі этнология, мәдениеттану, философия, психология, әдебиеттану, тіл білімі т. б. салаларда негізгі мәселелердің бірі. Қазіргі лингвистикалық зерттеулердегі антропоцентристік бағыт тіл мен сөйлеудегі этномәдени ерекшелікті зерттеуге жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.

Осы орайда этнос туралы небір құнды дерек-мағлұматтармен толықтырып, мазмұн, тақырып ауқымын кеңейтіп, мән-мағынасын тереңдете түсетін тілдің дерек көздеріне ауыз әдебиетінің ішінде ғұрыптық фольклор шығармалары жатады. Ауыз әдебиетінің өзге жанрлары тәрізді олар халықтың ерте заманғы тұрмыс-тіршілігінің куәсі, өмір айнасы болумен қатар, таза көркемдік қасиеті мен дүниетанымдық ерекшелігі тұрғысынан да ерекше бағалы. Әсіресе идиоэтникалық сипаты айқын және көрнекті құбылыстардың бірі - ғұрыптық фольклор үлгілері. Ғұрыптық фольклор лексикасының идиоэтникалық семантикасын ашу - қазақ этнолингвистикасы мәселелерін шешудің, оның табиғатын ашудың бір маңызды жолы. Осы тұрғыдан алғанда тақырыптың өзектілігі даусыз. Сондықтан осы бағытты этнолингвистикалық ізденулердің кейінгі жылдары ерекше назар аударуы да зерттеу нысанымыздың зәрулігін көрсетеді.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Ғұрыптық фольклор лексикасы идиоэтникалық семантика тұрғысынан арнайы алғаш рет қарастырылып отыр. Идиоэтникалық семантика мәселесі орыс тілінде де әлі арнайы зерттеліп, жүйелі түрде қарастырылған емес. Бұған дейін фольклорлық лексиканың жеке мәселелері, фразеологизмдік қолданыстар этнолингвистикалық сипатта әредік айтылған. Бірақ біртұтас жеке мәселе ретінде, монографиялық зерттеу деңгейінде әзір онша сөз бола қойған жоқ. Сондықтан да ғұрыптық фольклор лексикасына жан-жақты ғылыми талдау жасай отырып, тілдің идиоэтникалық семантикасына, дүниетанымдық қызмет аясына неғұрлым тереңірек бойлау, солай етіп барып этностың өзін жете тани түсу әсіресе қазіргі егемендік жағдайда айрықша мән-мазмұн алып отыр. Осы тұрғыдан қарағанда, қазақ фольклоры мазмұнындағы ұлттық ғұрыптың этномәдени болмысын тіл арқылы анықтауды мақсат еткен аталмыш жұмыста идиоэтникалық семантика мәселесінің теориялық және практикалық мәнін ашуға талпыныс жасалды.

Зерттеу нысаны - ғұрыптық фольклор лексикасындағы идиоэтникалық бірліктер.

Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Диссертацияның мақсаты - ғұрыптық фольклор лексикасының идиоэтникалық семантикасын ашу, тілдің дүниетанымдық қызметін қарастыру. Осы мақсатқа жету үшін мынадай міндеттер қойылады:

  • ғұрыптық фольклор лексикасының идиоэтникалық семантикасын сипаттау;
  • қазақ фольклорындағы этномәдени сипаттағы тілдік бірліктерді зерттеу;
  • идиоэтникалық семантиканы қалыптастыратын негізгі алғышарттарды белгілеу;
  • ғұрыптық фольклордың идиоэтникалық семантикасын әлемнің тілдік бейнесі тұрғысында алып сипаттау;
  • ғұрыптық фольклор лексикасындағы көне тіл құбылыстарын этнолингвистикалық астарлары арқылы анықтау;
  • ғұрыптық фольклор туындыларының жалпытүркілік қабатына тән көптеген идиоэтникалық бірліктерді талдау арқылы олардың басқа туыс тілді этностармен ұқсас, ортақ жерлерін, олардан бөлек кейбір өзіндік ерекшеліктерін көрсету;
  • этнолингвистикалық, этимологиялық зерттеулер нәтижесінде бірқатар түркі-моңғол тілдеріне ортақ тұлғалар мен араб-парсы тілдерінен енген сөздерді анықтап түсіндіру.

Зерттеудің негізгі дереккөздері - тілдік және этномәдени мазмұнды-ақпараттық құрылымдағы қазақтың бай ғұрыптық фольклоры. Қосымша деректік материалдар Б. Уахатовтың «Қазақтың халық өлеңдері» (Алматы, 1974), Оразақын Асқардың жинап, құрастырумен шыққан қазақ халқының «Қара өлеңдерінен» (Алматы, 1989), Б. Абылқасымовтың «Телқоңыр» (Алматы, 1993), «Наным-сенімдер ғұрпының фольклоры» (Алматы, 2004) атты кітаптарынан, өзге де түрлі ауыз әдебиеті мәтіндерінен алынды.

Жұмыстың теориялық маңызы және практикалық құндылығы. Еңбектің теориялық маңызы - ғұрыптық фольклор лексикасындағы ұлттық нақышы бар тілдік бірліктер негізінде ғұрыптық мәдениеттің идиоэтникалық семантикасын «тіл мен ұлт», «тіл мен мәдениет» сабақтастығында түсіндіруде. Зерттеу жұмысының нәтижелері мен тұжырымдары этнолингвистика, когнитивті лингвистика, лингвомәдениеттану, психолингвистика сияқты ғылым салаларына қатысты өзекті мәселелерді айқындауға, осы бағытта зерттеулер жүргізуге септігін тигізеді. Зерттеу материалдарын жоғары оқу орындарында «Этнолингвистика», «Лингвомәдениеттану», «Этнопедагогика», «Елтану» пәндерін оқытуда, фольклор мен этимология, тарихи лексикология бойынша арнайы курс пен арнайы семинарларда, түсіндірме, этимологиялық сөздіктер түзу тәжірибесінде пайдалануға болады

Зерттеудің әдістері. Диссертацияда сипаттамалы, этнолингвистикалық, семасиологиялық, тарихи-салыстырмалы және этимологиялық зерттеу әдістері қолданылды.

Қорғауға ұсынылған тұжырымдар:

  • ұлттық мәдени ерекшеліктер немесе идиоэтникалық семантика этностың заттық және рухани өмірін көрсететін ғұрыптық фольклор лексикасынан айқын көрінеді;
  • ғұрыптық фольклор лексикасының идиоэтникалық семантикасы әлемнің көркем-тілдік бейнесін тануда маңызды роль атқарады;
  • ғұрыптық фольклор лексикасының идиоэтникалық семантикасының алғышарттарын этномәдени, географиялық, тарихи, эстетикалық, психологиялық т. б. экстралингвистикалық факторлар белгілейді;
  • отбасылық, маусымдық, діни ғұрыптарға қатысты халық өлеңдері - ұлттық тұрмыс пен ұлттық дүниетанымға, сан түрлі салт-дәстүрге, этнопедагогикалық дағдыларға, құқықтық және қоғамдық нормаларға қатысты құнды деректері болып табылады;
  • қазақ халқының фольклорында көрініс тапқан ғұрыптар жүйесінің этномәдени мазмұны белгілі дәрежеде қазақ этносының ең көне халықтар қатарына жататынын көрсетеді.

Жұмыстың талқылануы мен жарияланымы. Зерттеу жұмысының негізгі мазмұны мен материалдары бойынша Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің «Шоқан тағылымы - 6» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында (Көкшетау, 2001), С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде жыл сайын өткізілетін «С. Аманжолов оқулары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда (Өскемен, 2003, 2004, 2005, 2006), Қазақстан-Американ еркін университетінің «Халықаралық байланыс: тіл, білім, ғылым, мәдениет» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында (Өскемен, 2005) баяндамалар жасалды. Республикалық ғылыми басылымдар мен ғылыми жинақтарда 10 мақала жарияланды.

Жұмыстың құрылымы. Диссертация кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

І ОТБАСЫЛЫҚ ҒҰРЫПТАР ФОЛЬКЛОРЫНЫҢ ЛЕКСИКАСЫ

Ғұрыптық фольклор үлгілері - қазақ халқының рухани және әлеуметтік өмірінде үлкен роль атқарады. Олар жанры жағынан да, түрі жағынан да аса бай мұра, қазақи салтқа қатысты ұшан-теңіз өлең-жырларының бір түрі, отбасының айнымас серігі. Ғұрыптық фольклор үлгілерінің алуан түрлі қасиеті оның көркемдік-эстетикалық бітімінде ғана емес, халықтың тұрмыс-тіршілігімен, түсінігімен белгілі бір әдет-ғұрыпты атқару әрекетімен де етене жақын болуында. Оларды орындаудағы негізгі мақсат түрлі әдет-ғұрып, салт-кәдені атқару барысында осы оқиғаға қатысушылардың көзқарасын білдіру. Мысалы, ұзатылу тойында «Жар-жар» жыры арқылы қалыңдық өз сезімін, ойын білдіре алады. Ғұрыптық фольклор үлгілерінде халық өмірімен байланысты этнографиялық аспектілер де тиісті дәрежеде ескеріледі. Адамдардың отбасылық қарым-қатынасынан, киім кию формасынан, ойын түрлерінен, салт-дәстүрлерден, жасаған тағам түрлерінен ұлттық психикалық құрылымдар ерекшелігі байқалады. Мысалы, «Бөбек жыры», «Жар-жар», «Беташар», «Боздағым» т. б. өлең-жырлар, негізінен, отбасылық ғұрып фольклорының ішкі жанрлық түрлеріне арналған. Бұдан «туу-ержету-өлу» желісін құрайтын бірлік қана емес, халықтың түрлі түсінігінің тұтас дүниетанымының көрінісі екенін байқаймыз.

Қазақ фольклорының жанрлық құрамының сан тарау, көп тоғысты алып арна екендігі белігілі. Сол ұлы арнаның бір саласы - отбасылық ғұрып фольклоры. Отбасылық ғұрып жырларын фольклордың басқа жанрларынан ерекшелейтін ең басты сипат - отбасылық тіршілікпен тікелей байланысты болып келуінде, яғни адамның дүниеге келуінен бастап, ер жетіп, қоғамның белді мүшесіне айналу, ақыр соңы өмірмен қоштасар сәттегі соңғы сапарына дейінгі аралықты өлеңмен өрнектеп, әнмен әрлеп, өмір мен өнерді астастырып тірлік сәніне айналдыруында.

Отбасылық ғұрып фольклорының жүйелі зерттеле бастауы өткен ғасыр деңгейіне дөп келеді. ХҮІІІ ғасырдан бастап, ХІХ ғасырдың соңына дейінгі аралықта хатқа түскен П. И. Рычков, П. С. Паллас, И. Г. Георги, И. Г. Андреев, А. И. Левшин еңбектеріндегі материалдар, негізінен, этнографиялық сипатта болды. Ал фольклорлық мәтіннің хатқа түсіп жарық көре бастаған уақыты ХІХ ғасырдың 2-жартысынан басталады. Олардың басында Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, В. В. Радлов, Г. Н. Потанин, М. Ж. Көпеев, А. Е. Алекторов, А. П. Харузин, Н. И. Гродеков, Я. Я. Лютш т. б. зерттеушілер тұрады. Жинақтарда ғұрыптық фольклор үлгілеріне ат қойып, айдар тағып қарастырылмағанымен, жекелеген жанрлық түрлері жайында құнды пікірлер жетерлік. Ал ХХ ғасырдың басында ғылым көгіне келген А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Х. Досмұхамедұлы бастаған алаш арыстары қазақ фольклортануын жаңа сатыға көтерді.

Кеңес өкіметі дәуірінде М. Ғабдуллин, М. Әуезов, Б. Уахатов, С. Сейфуллин, М. Сильченко еңбектерінде бірсыдырғы зерттелді. Сонымен қоса Ә. Марғұланның, Ә. Қоңыратбаевтың, Е. Тұрсыновтың, Б. Абылқасымовтың, Ш. Ыбыраев сияқты фольклортанушылардың еңбегінде, Н. Матыжанов, Н. Төреқұлов, Г. Болатова сияқты ғалымдардың диссертацияларында фольклор теориясына, отбасылық ғұрып фольклорына қатысты қадау-қадау ойлар баршылық. Аталған ғалымдар фольклор жанрының жалпытипологиялық заңдылықтарын ескере отырып, ғұрыптық фольклор шығармаларын әр тұрғыда топтастырған. Тілдік тұрғыда қазақ фольклорлық мәтіндердің жалпы лексикасына этнолингвистикалық, тарихи-этимологиялық, лексика-семантикалық аспектілеріне академик Ә. Т. Қайдаровтың, Е. Жұбанов пен А. Ибатовтың, Б. Қарағұлова, А. Мұқатаеваның еңбектері арналды.

Фольклор жанрлары көркем фольклор (художественный фольклор), ғұрып фольклоры (обрядовый фольклор) деп екі салаға бөлінетіні белгілі. Ғұрыптық фольклорды арнайы қарастырған Б. Абылқасымов былай дейді: «Қалыптасқан фольклортанушылық ғылыми жүйе бойынша ғұрып фольклоры мынадай үш саладан тұрады: 1) Отбасының ғұрып фольклоры (семейно-обрядовый фольклор) . 2) Маусымдық ғұрып фольклоры (Календарно-обрядовый фольклор) . 3) Наным-сенімдер ғұрпының фольклоры (Заклинательный фольклор) » [2, 11] . Біз осы классификацияны басшылыққа ала отырып, ғұрыптық фольклор лексикасын идиоэтникалық тұрғыдан қарастыруға тырыстық. Себебі этнотілдік деректер сан ұрпақ танитын ана тіліміздің қорында мәңгілікке сақталатын сарқылмайтын қазына. Осы байлықтың кені қазақ ауыз әдебиетінің ғұрыптық фольклор үлгілерінде сақталған. Өйткені бұл шығармаларда ата-бабаларымыздың елдік салты, мәдени, рухани ғұрпы, тағдыры ерекше жырланған. Ғұрыптық фольклорды қазақ мәдениеті мен дүниетанымының энциклопедиясы деуге болады.

«Ұлттық ерекшелік», «халықтық рух», «этнос болмысы» ұғымдары ежелгі антикалық дәуірдегі еңбектерде-ақ бой көтеріп, еуропа және шығыс ғалымдарының еңбектерінде сөз етіле бастады. ХІХ ғасырда В. фон Гумбольдт «ұлттық дүниетаным» мен «ұлттық болмыс» ұғымдарының тілде көрініс табатынын жазған еді. Ол былай дейді: «Среди всех проявлений, посредством которых познается дух и характер народа, только язык и способен выразить самые своеобразные черты народного духа и характера и проникнуть в их сокравенные тайны» [3, 47] . В. фон Гумбольдттың тілдің «ұлттық рухы» идеясы Л. Вайсбергер, Э. Уорф, Э. Сепир және т. б. еңбектерінде жалғасын тапты және тіл біліміндегі жаңа бағыттар: этнолингвистика, когнитивті лингвистика, лингвомәдениеттану, психолингвистика, т. б. салаларының қалыптасып, дамуына зор әсер етті. Ұлттық тілді халықтың мәдениетімен, жан ілімімен, ой танымымен, тарихымен біріктіре қарау мәселесіне ХХ ғасырдың 20-30 жылдарынан кейін англиялық Л. Р. Пальмер, Швециялық Ф. де Соссюр, польшалық В. Малиновский, американдық Ф. Боас, Б. Уорф т. б. ғалымдардың үлкен үлес қосуының нәтижесінде этнолингвистика ғылымы дербес ғылымға айналды. Бұл саланың орыс тіл білімінде қалыптасуы А. А. Потебня еңбектерімен тығыз байланысты. Ресейдің этнолингвист ғалымдары Н. И. Толстой, В. Н. Топоров, В. В. Ивановтардың еңбектеріндегі тұжырымдар бойынша «этнолингвистика - көне тілді зерттеуші байырғы халық тілі мен жергілікті халық тілінен негіздеуді дәстүрге айналдырған».

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ғұрыптық фольклор лексикасы: идиоэтникалық семантика
Қазақ тілінің дәстүрлі мәдениет лексикасы
ОТБАСЫ КОНЦЕПТІСІ ЛИНГВОМӘДЕНИЕТТАНУ МЕН КОГНИТИВТІК ЛИНГВИСТИКАНЫҢ БІРЛІГІ РЕТІНДЕ
Аңшылық пен саятшылыққа қатысты атаулардың лингвомәдени мазмұны
ҒҰРЫПТЫҚ ФОЛЬКЛОРДАҒЫ КӨНЕРГЕН СӨЗДЕР
МАУСЫМДЫҚ ҒҰРЫПТАР ФОЛЬКЛОРЫНА ҚАТЫСТЫ ЭТНОМӘДЕНИ ЛЕКСИКА
Аңшылық пен саятшылыққа (АС) қатысты атаулардың семантикасы
Сыр өңірі жазушыларының тіліндегі жергілікті қолданыстар
Қосарланған зат есімдер
Көркем шығармадағы лингвомәдени бірліктер (М.Дулатов шығармашылығы бойынша)
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz