Қазақ тарихына шолу


ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНДА
§ 1. РЕСЕЙЛІК ОТАРЛАУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Патшалық, кейіннен кеңестік тарихнама Қазақстанның Ресей империясының құрамына енуін қазақ елі үшін тек жағымды құбылыс ретінде ғана бағалады. Егер алдыңғысы қазақ халқының Ресей империясының құрамына енуі оның экономикалық және мәдени дамуына әсер етті деп қараса, соңғысы бұл “игіліктерге” революциялық, социалистік перспективаны (болашақты) қоса атады. Басқа көзқарас, пікірге тіпті де орын қалған жоқ-тын. Мәселен, 1944 ж. 10 сәуірде Мәскеуде КОКП Орталық Комитетінің хатшылары Маленков пен Андреевтің басшылығымен “Қазақ ССР тарихын” талқылауға арналған тарихшылардың кеңесі қабылдаған тезисте: “Кіші халықтарды үлкен елдердің жаулап немесе қосып алуының қай-қайсысы болмасын объективті - прогресшіл факт (отарлау - объективті-прогресшіл құбылыс) ”, - деп көрсетті.
Кеңестік тарихнама отарлау үрдісінің зорлық-зомбылықсыз жүрмейтіндігін мойындай отырып, сонымен бірге, “ұлт-азаттық қозғалыс көсемдерін дәріптеуге” үзілді-кесілді қарсы шықты. Міне, осы көзқарас тұрғысынан жазылған кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихының барлық басылымында Қазақстан Ресей құрамына түрлі себептерге байланысты өз еркімен енді, ал бұл оқиға қазақ халқын отарлық тәуелділікке душар еткенімен, түптеп келгенде феодалдық мешеуліктен прогресс жолына алып шықты деген тұжырым жасалынды. Пікірі бұл тұжырымға қайшы келген тарихшылар (Е. Бекмаханов, Б. Сүлейменов, П. Галузо, т. б. ) қудаланды.
Бұл айтылған тұжырымды Кеңестер Одағы ауқымында орнықтыра отырып, кеңес идеологтары орыс отаршылдығына батыстық жаулап алушылықтан өзге мазмұн, яғни оған ағартушылық, өркениеттік сипат беруге тырысты. Ал тарихи шындық Ресей үкіметінің ХVІІІ-ХХ ғғ. Қазақстанда классикалық үлгідегі отарлау саясатын жүргізгендігін көрсетеді. Оның мынадай белгілері мен ерекшеліктерін бөліп айту орынды.
1. Ресейдің шығысқа, Орталық Азияға жылжуына түрткі болған оның өнеркәсіптік дамуы, соған байланысты өнім өткізетін рынокқа, шикізат көздеріне, т. б. мұқтаждықтары еді. Бірақ Ресей бұл мәселелерді шешу үшін Батыс мемлекеттері сияқты алысқа артынған жоқ, іргесіндегі экономикалық дамуда кенже қалған елдерді жаулап алуға кірісті. Сондықтан да Ресей үшін Қазақстан сияқты елдерді отарлау оның континенттік аумағын одан әрі кеңейтумен бірдей болды.
2. Қазақстан жері империяның құрамына енді, сондай-ақ метрополияның әкімшілік басқару жүйесі оған да таралды. Ал осы Қазақстанға тараған Ресейдегі басқару жүйесі ол кезде (ХІХ ғ. 60 жж. ) әскери-феодалдық мазмұнда болды және ол қазақ губернияларын метрополиядан бөлек, арнайы даярланған заңдар бойынша (1868, 1881, 1891, т. б. ) басқарды. Бұл заңдар қазақтарды ең негізгі құқықтарынан айырды, біртіндеп орыс тіліне, христиан дініне, салт-дәстүріне көшіруді көздеді. Қазақ қоғамындағы барлық сословиелер (сұлтан, қожа, би, т. б. ) село тұрғындарына теңгерілді. Қазақ ауылында мешіт салу үшін генерал-губернатордың рұқсаты керек болса, ал шіркеулер тұрғызуға мемлекеттің өзі мүдделілік танытып, қолдау көрсетіп отырды.
3. Қазақ губернияларын билеуге жіберілген генерал-губернаторларды патшаның өзі бекітті және ол шексіз билікті иемденді. Қазақтар оларды “жарым патша” атады. 1868 ж. енгізілген Ереженің 17-бабы бойынша генерал-губернатор “саяси тұрғыдан сенімсіз, зиянды бұратаналарды ішкі істер министрінің келісімімен империяның белгіленген жеріне бес жылға шейінгі мерзімге жер аударуға” құқылы болды.
4. 1891 ж. 25 наурызда қабылданған Ережеде “көшпелілер иемденген жерлер, олардың бар байлығы, оның ішінде орманы мемлекеттің меншігі болып саналады” (119 және 120-баптар) деп көрсетілді. Бұл іс жүзінде қазақ жерлерін тәркілеумен тең еді. Аталған бапқа “көшпелілер үшін артық болуы мүмкін жерлер Мемлекеттік мүлік министрлігінің қарауына өтеді” деген қосымша енгізілді. Бұл қосымша отаршыл әкімшілікке ең құнарлы қазақ жерлерін артық деп жариялап, оларға ішкі Ресей губернияларынан орыс және басқа славян қоныс аударушыларын әкеліп орналастыруға мүмкіндік берді.
5. Қазақстандағы отарлау ісіне әскери казактар, орыс помещиктері мен шаруалары, орыс қоғамының басқа да сословиелері белсене ат салысты. Отарлаушы әкімшілік жаппай қоныс аудару үрдісіне әсіресе ішкі губерниялардағы жерсіз шаруаларды кеңінен тартты, оларға түрлі жеңілдіктер жасады. Тек 1917 ж. Қазан революциясы қарсаңында-ақ қазақ жерлерінің 16%-ы (45 млн га) мұнда келіп орналасқан 1, 0 млн жуық қоныс аударушыларға өтті. Өз еліндегі жоқшылықтан, помещиктік өктемділіктен, мемлекеттік биліктен қашқан орыс шаруалары Қазақстанға келіп, енді сол биліктің жергілікті тірегіне айналып, соған байланысты өздерінің аса маңызды мемлекеттік іс атқарып жатқандығын сезіне бастайды. Міне, осы билік пен қоныс аударып келушілер арасындағы өзара үнсіз түсіністік орыстық отарлаудың өркениеттік, мессиялық (құтқарушы) сипаты жөніндегі доктринаның өмірге келуіне негіз болады. Патша үкіметі өлке халқы құрамында жедел түрде славяндық элементтерді көбейте отырып, түптеп келгенде сол арқылы мұнда терең тамыр жайып, орыс үстемдігін біржолата қамтамасыз етуді көздеді.
6. Ресей үкіметі қазақ халқына қатысты түрлі кемсітушіліктерге жол берді. Мәселен, қазақтардың орыстармен тең әскери білім алу, әскери қызметке шақырылу құқығы болған жоқ. 1905 ж. қазақтарға берілген Мемлекеттік Думаға депутат сайлау құқығы 1907 ж. 3 маусымдағы заңы бойынша жойылды.
7. Патшалық биліктің (сонан соң кеңестік биліктің) Қазақстанда түрлі мезгілдерде жүргізген реформалары еш уақытта қазақ қоғамының ішкі сұраныстарына сай келген емес, керісінше Ресейдің мүддесіне сай мазмұнда сырттан, жоғарыдан таңылды. Реформа жөніндегі идея, оның мазмұны мен іске асыру механизмдері ресейлік орталықтарда даярланды, бұл іске бірде-бір қазақ тартылған емес. Сондықтан да патшалық биліктің Қазақстандағы реформалары қазақ қоғамы үшін пайдалы болған жоқ, өйткені олар ұлттық негізге сәйкес келген емес.
Ресейлік реформаларды іске асыру әдістері бұйрық, зорлық, күштеу болды. Бұл әсіресе орыс билігінің тереңдей ену әрекетіне кезекті қарсылықтан соң анық байқалып отырды. Кенесары Қасымұлы бастаған азаттық соғысынан (1837-1847) соң жүргізілген 1867-1868 жж. реформалардың мақсаты кез келген азаттық үшін ұмтылысқа жол бермеу, оларды бесігінде тұншықтыру болды. Мұндай мемлекеттік саясат сәл өзгерістермен кейін де қайталанып отырды. Қазақ басқарушы элитасы мен зиялыларын, қоғамның ауқатты бөлігін күшпен жою, ұлттық өмірдің дәстүрлі негіздерін әлсірету - міне, бұл 1917-1919 жж. ұлттық мемлекеттік автономия үшін азаттық қозғалысқа берілген саяси биліктің жауап реакциясы.
Міне, сондықтан да Ресей империясы құрамында болған кезеңдегі қазақ елінің қол жеткізген жетістіктері оған тым қымбатқа түсті. Экологиялық апат, халықтың бірнеше дүркін қырғын мен қуғын-сүргінді басынан кешіруі, мәдениеттің ұлттық негіздерінің әлсіреуі, ұлттық психологияның жағымсыз өзгерістерге ұшырауы - міне ресейлік реформаларға халықтың берген өтемінің толық емес құны осылар еді.
§ 2. РЕСЕЙДІҢ ҚОЛ АСТЫНА ӨТКЕНГЕ ДЕЙІНГІ
ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ЖАҒДАЙЫ
“Ақтабан шұбырынды”. ХVІІІ ғ. бас кезіндегі қазақ-жоңғар қарулы қақтығыстары көп жағдайда ойраттардың үстемдігімен аяқталып, қазақ қоғамының экономикалық, саяси және басқа әлсіз жақтарын көрсете бастады. Тәуке ханнан соң билікке келген Болат хан (1718-1729) тұсында қазақ қоғамында феодалдық бытыраңқылық үстемдік алады (1-карта) . Кіші жүз бен Орта жүздің біраз бөлігі Әбілқайыр сұлтанды ақ киізге отырғызып хан көтереді (1718-1748) . Ташкентте Ұлы жүздің өкілдері Жолбарыс сұлтанды хан сайлайды. Орта жүздің қалған бөлігі Сәмекені хан ретінде мойындайды. Орталық биліктің әлсіреуі жаңа жоңғар басқыншылығына жол ашқан еді.
ХVІІІ ғ. қазақ-жоңғар қатынасының асқынып кетуінің негізінде тағы да сол жер мәселесі жатты. Қонтайшы Севан Рабдан Жетісуды біржола ойраттарға қалдырып, сонымен бірге, Түркістан арқылы өтетін сауда жолын да иемденуден үміттенді. Жоңғар хандығы бұл кезде біршама экономикалық және саяси өрлеу кезеңінде тұрды: егіншілік бұрын болмаған көлемге жетті, көрші елдермен сауда қатынасы өсті, қонтайшы Тибетті, Шығыс Түркістан мен қырғыздардың біраз бөлігін өзіне қаратты. Темір өндіру технологиясын игерген ойраттарға орыс шебері Зеленовский мен швед офицері Ренат мылтық және зеңбірек құю ісін, оқ-дәрі жасауды жолға қойып берді.
1723 ж. жоңғар қалмақтарының үлкен күші Жетісу арқылы Талас өңіріне, одан әрі Қаратауға жетіп, Түркістан мен Ташкенттен бір-ақ шығады. “Жұт - жеті ағайынды” дейді халық. Жұт әкелген ауыр қыстан соң, жайсыз көктемге енді ғана іліккен Ұлы жүз бен Орта жүз қазақтарының біразы қырғынға ұшырап, бірнеше мыңы тұтқын есебінде қалмақ жеріне айдалып, қалғаны мал-мүлкін тастап Ходжент пен Самарқанға, Кіші жүз қазақтары Хиуа мен Бұхарға жетіп паналайды. Демограф М. Тәтімовтың болжамы бойынша, осы трагедиялы кезеңде қазақ елі миллионнан астам адамынан айырылған. Осы оқиғаның ізін ала қазақ жұртына келген орыс елшісі А. И. Тевкелев елдің жағдайын білдіре келіп, “қазақтар ойрандалды, тоз-тоз болды, жүрдай болып жұтады” деп жазды. Оқиға қазақ елінің тарихына “Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” деген атпен енді.
1727 ж. Ұлы жүз Саңырақ, Орта жүз Орта жүз Бөгенбай, Кіші жүз Тайлақ батырлар бастаған қазақ қолдары Бұланты өзенінің бойында ойрат әскерін талқан етіп жеңеді. Кейін бұл шайқас өткен жерді халық “Қалмаққырылған” атап кетеді. Келесі ірі жеңіске қазақ қолдары 1729 ж. Балқаш өзенінің батыс жағындағы Аңырақай атты жерде жетеді. Шамамен осы мезгілде Қойгелді батыр, Тоқсанбай, Мәлік және Кеген билер бастаған халық көтеріліп, Түркістанға жақын маңда орналасқан қонтайшының өкілі Барша хан мен оның кеңесшісі Саңғалды өлтіріп, шағын әскерін тұтқынға алады. 1729 ж. Цинь империясы әскерінің басқыншылығына ұшыраған ойраттар енді қайтып қазақ жеріне басып кіру мүмкіндігінен айырылады. Өз жерінен ауа көшкен қазақ жұрты енді атамекеніне орала бастайды.
Састөбе кеңесі. Тәуелсіздік үшін күрес, терең күйзеліске ұшыраған шаруашылықты жандандыру қажеттілігі ХVІІІ ғ. 30-50-жылдары қазақ елінің басқарушы тобы алдына мемлекет тұтастығын қалпына келтіру мәселесін үнемі қоюмен болды. Бұл мәселеге байланысты қоғамның саяси өмірінде өзара қарсы бірнеше ағымның қалыптасқаны анық байқалды. Олардың бірі - Сәмеке, Күшік сияқты ірі тайпалық одақтардың басында тұрған хан, сұлтандар саяси бытыраңқылық жағдайды қанағат тұтса, Әбілқайыр хан бастаған екінші топ Ресейдің қолдауына сүйеніп, бүтін хандық билікті қалпына келтіруден үміттенді, ал үшінші - Төле би мен Абылай сұлтан бастаған топ қазақ билеушілерінің арасындағы ала ауыздықты жеңіп, өзара ымыраға келу арқылы жалпыұлттық мемлекеттікті қайта жандандыру жолында тұрды.
1729 ж. әкесінен қалған хандық билікті әлсіретіп алған Болат хан өмірден өтті. Жоңғар қаупі біржола жойылмаған жағдайда қуатты хандық билікті қалпына келтіру мәселесі билеуші саяси топ арасында қайтадан талқыға түсе бастайды. 1730 ж. көктемнің жазға ұласар сәтінде Сайрамға жақын маңдағы Састөбеде үш жүздің билеушілері бас қосып, талқыға екі мәселе түседі. Бірі - қаңарлы жоңғар қаупі жағдайында Тәуке хан тұсындағы Түркістандағы ұлы хандық билікті қайта жаңғыртып, соған сай жалпы қазақ ханын сайлау, екіншісі - бұл кезде босқыннан оралған үш жүздің “енші мекенін” анықтау. Әйтеке би бастаған топ ұлы хандық таққа Кіші жүздің билеушісі Әбілқайыр ханды ұсынады. Бірақ бұл ұсынысқа Қазыбек би мен Тастемір би (Төле бидің орнына келген) бастаған қалған екі жүздің өкілдері қарсы шығып, бір жетіге созылған тартыс нәтижесіз аяқталады. Осы арада мынадай жағдайды айта кеткен жөн. Бұл кезде төре тұқымдары арасындағы аса белсенді де жігерлі, айлалы Әбілқайыр ханға тура соның деңгейінде баламаға түсе алатын басқа қайраткер де жоқ еді. Ұлы жүздің ханы Жолбарыс Әбілқайырға бауыр, оның айтқанынан шықпайтын, ал Орта жүзді билеуші Әбілмәмбет хан мен Сәмеке, Күшік сұлтандардың жеке бас қасиеті мен ел арасындағы беделі ұлы хандық таққа жетімсіз еді. Жақсы аты енді ғана шыға бастаған Абылай мен Барақ сұлтандар бұл кезде әлі жас болатын. Сонымен құрылтай үш жүздің “енші жерін” анықтаумен аяқталады.
Сөйтіп, Састөбе құрылтайы қазақ жүздерінің феодалдық бытыраңқылық жолына бет бұрғандығын ресми түрде бекітіп берген тарихи кеңес еді. Сонымен бірге, бұл кеңес Қасым хан заманынан бері, әсіресе Әз-Тәуке хан тұсында тұрақты өтіп тұрған үш жүздің ең соңғы бас қосуы болды. Бұдан былайғы уақытта іс жүзінде әр жүз өз мәселелері бойынша дербес шешім қабылдауға құқылы болды. Басқаша айтқанда, Састөбе құрылтайы қазақ елінің саяси өмірінде жаңа тарихи кезеңнің, яғни саяси бытыраңқылықтың біржола үстемдік алғандығын көрсеткен оқиға болды.
Басқарушы топ. Төле би мен Абылай. ХVІІІ ғ. алғашқы жартысындағы қауырт саяси оқиғалар, әсіресе “Ақтабан шұбырынды” оқиғасы ел басқару ісімен, оның ішкі және сыртқы қатынас мәселелерімен арнайы кәсіби деңгейде айналысатын топтың қалыптасуына түрткі болды. Бұл топ тек төре тұқымынан ғана тұрған жоқ, оның арасында қара сүйектен шыққан би мен батырлар да, бай мен ақын-жыраулар да бар еді. Оның басында тұрғандардан алдымен Төле би Әлібекұлын (1663-1756), Қазыбек би Келдібекұлын (1667-1763) және Әйтеке би Бәйбекұлын (1666-1722) атауға болады. Қоғам өмірінде Бұқар жырау сияқты қайраткер-ойшылдардың, Жәнібек тархан, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Есет, Тайпақ, Қойгелді, Хангелді, т. б. сияқты батырлардың орны да қомақты болғаны даусыз.
Ел арасында сақталған деректік материалдар ХVІІІ ғ. 20-30- жылдары қазақ басқарушы тобының жалпыұлттық мынадай үш мәселені ел алдына міндет етіп қойғанын аңғаруға болады. Олар - жалпыұлттық мемлекеттілікті қалпына келтіру және орнықтыру, халықтың белгілі бір бөлігін біртіндеп отырықшы тұрмысқа аудару және ру-тайпалық, жүздік мүддеден жалпыұлттық мүддеге бет бұру еді.
ХVІІІ ғ. 50-жылдарының алғашқы жартысында Түркістандағы Төле биге Көкшетаудан Абылай сұлтан бастаған өкілдік келеді. Шәкерім Құдайбердіұлы өзінің “Шежіресінде” және Абылай туралы тарихи жырда сапарға келушілердің мақсаты “Қазақ хандығының тұрағын анықтау” болды деп көрсетеді. Бұл кезде Ұлы жүздің соңғы ханы Жолбарыс хан қаза тауып (1740), билік Төле бидің қолында еді. Бидің 1748-1749 жылдары Барақ сұлтанды Ұлы жүз ханы етіп қою әрекетінен ештеңе шықпайды. Ал бұл жолы қартайған Төле бидің үш жүз алдында бірдей беделді Абылай сұлтанмен арада болған келіссөзде сұлтанды Орта жүз бен Ұлы жүздің тең билеушісі ретінде мойындағандығы жөнінде тұжырым жасауға толық негіз бар. Абылай сұлтанның ресми түрде хандық билікке сайланғанға (1771) шейін-ақ Ұлы жүз билеушілерінің өтінішімен қырғыздар мен Қоқан хандығына әскери жорықтар жасауы (1766, 1770) соның айғағы.
“Ақтабан шұбырынды” оқиғасы көшпелі мал шаруашылығына сүйенген экономиканың әлсіз жақтарын көрсетіп, оны реформалау қажеттігі туралы мәселе қойды. Басқарушы топтың оны елемеуі мүмкін емес-тін. Төле би алқалы кеңесте сөйлеген сөзінде халыққа: “ . . . Дұрыс жолға түс, жер емшегін ем, орнықты болсаң қарның тойынар, киімің бүтінделер! Аяқты малға сенбе, мал бір жұттық . . . төрт түлік жиған малыңнан күндердің күні келгенде бір үзім нан артық!”, - деген үндеумен қайырылады. Бидің түсінігі бойынша қазақ жерінің ерекшелігіне байланысты егіншілік пен дәстүрлі мал шаруашылығы қатар дамуға тиіс. Мәшһүр Жүсіп Көпеев Төле би заманында 22 наурызды Жаңа жылдың басы ретінде (наурыз мейрамы) қарсы алу, осы күннен бастап егіншілік қамына кірісудің қазақ арасында дәстүрге айналғандығын жазады.
Тура осы мазмұндағы пікірді Абылай хан да ұсынады. Ол Қалдан Серенмен болған әңгімеде “қазақ орнықпай жүрген ел еді, бір жерге орнықтырып, отырықшы өмірге кіргізіп өлсем армансыз болар едім” деген ойын білдіреді.
Қар астынан қылаң берген жауқазындай бас көтерген қоғамдық өмір мен ойдағы бұл тенденциялар бұдан былайғы уақытта өзінің табиғи жалғасын таба алған жоқ; мемлекеттіліктің қалыптасу үрдісі соңына жетпей үзілді, енді ғана басталған қоғамның белгілі бөлігінің отырықшы тұрмысқа өту үрдісі тоқтап қалды, қоғамдық санада рулық, жүздік жіктелуден ұлттық тұтастыққа көшу аяқталмады.
Ал осы іргелі мәселелер аталмыш тарихи мезгілде неге өз шешімін таппады? Көшпелі мал шаруашылығына негізделген экономика және өмір салты тұрақты басқару аппаратына сүйенген мемлекеттік жүйенің тамыр жайып, орнығуына қолайлы жағдай туғыза алған жоқ. Сонымен бірге, экстенсивті көшпелі мал шаруашылығын жүргізуге тиімді үлкен аумақ сан жағынан аса көп емес халыққа интенсивті экономикалық жүйеге көшуге аса қолайлы фактор емес-тін. Сондай-ақ, елде білім беру саласының мүлдем жоқтығы, сауаттылықтың өте төмен деңгейі шаруашылық пен қоғамдық өмірдің тиімді жүйесіне көшуге негізгі кедергілердің біріне айналды.
Сонымен, ХVІІІ ғ. 30-шы жылдары Ресей империясы құрамына енуге аяқ басқанда қазақ жұрты жоғарыда аталған іргелі жалпыұлттық мәселелерді біржола шешу кезеңінен өте қойған жоқ-тын.
§ 3. РЕСЕЙ ПРОТЕКТОРАТТЫҒЫН ҚАБЫЛДАУ
А. И. Тевкелев елшілігі. Састөбе құрылтайында қызу айтыс тудырған мәселелердің бірі жоңғарға қарсы әскери одақ сипаты еді. Әбілқайыр хан бастаған топ Ресей мемлекетімен жаңа мазмұндағы қатынас жасауға көшу бағытын ұстайды. Құрылтайдан оралған бетте Әбілқайыр хан Ресей патшасымен әскери одақ құру жөніндегі Кіші жүз билеушілерінің келісімін алып, Уфадағы патша өкілдігі арқылы Петербургке Құтлымбет Қоштайұлы бастаған, құрамында жеті адам бар елшілік жібереді. Ал ханның өзі құпия түрде елшілікке Ресей патшасымен тек әскери одақ құру жөнінде келіссөз жүргізіп қайтуды емес, қазақ елін тұтас империя құрамына алу туралы өтінішті жеткізуді тапсырады.
Патша сарайы Әбілқайыр хан елшілігін көңілді қарсы алып, түрлі сый-сияпат көрсетіп, соңында оған Сыртқы істер министрлігінің тілмашы А. И. Тевкелев бастаған Ресей өкілдігін күзетуші әскерімен қосып қайтарады. Тевкелевке “қырғыз-қайсақ ордасын Ресей ықпалына” алу жөнінде акт қабылдау тапсырылады. Жазба түрінде берілген нұсқауда “егер хан мен жанындағылары басқа ниет танытар болса, онда Тевкелевке оларды көндіру жүктеледі”.
Татар мырзасы А. И. Тевкелев Ресейдің Қазақстанмен қатынасы ісінде жаңа адам емес-тін. Ол кезінде император І Петрдің “егер бұл орданың құзырымызға шын кірмек ниеті болмаса . . . жоқ дегенде бір парақ қағазға түскен уәдесін алсақ та жеткілікті” деген тапсырмасын естіген адам еді.
А. Тевкелев елшілігі 1731 ж. 5 қазанда Ырғыз өзенінің бойындағы Майтөбе атты жерде отырған хан ауылына жетеді. Алғашқы келіссөздерде-ақ Әбілқайыр ханның өтірігі шыға бастайды. Ол жөнінде П. И. Рычков: “Тевкелев ордаға келгенде халық ханға “мұндай мәселені бізбен ақылдаспай жалғыз шештің” деген мағынада көптеген ауыр айыптаулар тағып, соған байланысты аса зор кедергілерге жолықты”, - деп жазды. Тевкелев ханнан мұндай өтінішті жеке өзі емес, жалпы қазақ жұртының атынан неге жасағандығын түсіндіруді сұрайды. Хан ондай қадамның өтініш тек жеке өз атынан ғана жасалса, патшаның қанағаттандырмай тастауы мүмкін-ау деген қауіптен туған шара екендігін айтады.
Әбілқайыр хан Ресей патшасына өтініш жасау себептерін де атайды. Олар, біріншіден, ел ішінде беделден айырылған хандық билікті орыс патшасының қолдауына сүйене отырып қайта жандандыру ниетінің бар екендігі және екіншіден, орыс әкімшілігінен казак әскерлерінің, башқұрт пен қалмақтардың қазақ ауылдарына шабуылына тыйым салуды өтініп, сол арқылы қазақтарға негізгі қарсыласы жоңғар қалмақтарымен күресуге мүмкіндік әперу еді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz