Корей мақал-мәтелдерін аударудың ұқсастықтары мен айырмашылықтары


Кіріспе
Бұл магистрлік диссертация жұмысының тақырыбы - «Корей мақал-мәтелдерін аударудың ұқсастықтары мен айырмашылықтарына» арналған.
Зерттеу жұмысының өзектілігі - қай тілде болмасын, мақал-мәтелдер халық ауыз әдебиетінің асыл қазынасы, құн жетпес мұрасы, халық өмірінің айнасы. Мақал-мәтелдерде адамдардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі, болмы сы, дүниетанымы, тарихи оқиғалар мен құбылыстары, өмірге деген көзқарас тары көрініс тапқан әліптеу жанры десек те қателеспейміз. Корей халқының мақал-мәтелдеріне қатысты көзқарастар мен ой-пікірлерді қайта қарастырып, әлі де фольклордың осы жанры туралы дұрыс анықталмаған деректерді зерт теу; даулы тұстарын ашып көрсету - өзекті мәселе болып табылады.
Зерттеу жұмысының мақсаты - корей халқының сансыз мақал-мәтелдерінің бай қорымен таныстыру; корей нақыл сөздерінің өзіндік ерекшелігін, сипатын, ықшамдылығын, мәнерлілігін, бейнелігін көрсету; осы ерекшеліктерді қазақ мақал сөздерімен салыстырмалы түрде зерттеу жұмысын жүргізе отырып, екі тілдегі мақал-мәтелдердің ұқсастықтары мен айырым белгілерін көрсету.
Зерттеу жұмысының міндеті - екі тілдің, яғни қазақ және корей мақал- мәтелдерінің мағыналық сипаты, поэтикалық табиғаты, құрылымы мен құрамдық бөлшектері, қолдану аясы, мақал-мәтелдерді топтастыру жағынан ұқсастықтары мен айырмашылықтарын тауып, талдау жасау; бір-бірінен ерекшеліктерін ашып көрсету; тарихи және ғылыми әдебиеттер мен деректердегі корей мақал-мәтелдері жөніндегі мағлұматтарды қарастыру; қазақ тіліндегі мақал-мәтелдер жайлы әдістер мен принциптерді корей тіліндегі мақал-мәтелдермен салғастырып, оларға сол әдістерді қолдана отырып, экспериментальды зерттеу жұмысын жүргізу.
Зерттеу жұмысының мазмұны - зерттеу жұмысының көлемі мен мазмұнына қойылатын талаптар мен шарттарға байланысты зерттеу жұмысы үш бөлімнен: кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды бөлімдерінен тұрады. Негізгі бөлім 4 тарауға бөлінген, онда мынандай мәселелер қарастырылған: корей мақал-мәтелдеріне жүргізілген паремиологиялық зерттеу жұмысы; корей мақал-мәтелдерінің грамматикалық құрылымы; корей мақал-мәтелдерінің көркемдік сипаттамасы; мақал-мәтелдердің тұрақты сөз тіркестерімен ұқсастықтары және айырым белгілері; мақал-мәтелдердің қолданысы; мақал-мәтелдерді топтастыру; мақал-мәтелдерді аудару мәселесі.
Зерттеу жұмысының әдістері . Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттеріне сай экспериментальды әдіс, салғастырмалы әдіс, талдау әдісі пайдаланылды.
Зерттеу жұмысының қайнаркөздері ретінде зерттеу жұмысының салғастырмалы әдісіне қажетті қазақ паремиологы Қайдар Әбдуалидің «Халық даналығы: қазақ мақал-мәтелдерінің түсіндірме сөздігі және зерттеу», корей мақал-мәтелдерін зерттеуші Лим Судың «Корейские народные изречения» және Ким Са Ептың «Мақал-мәтелдер туралы теория» атты еңбектері пайдаланылды. Сонымен қатар оқу бағдарламасы бойынша осы тақырыпқа байланысты өткен материалдардың көмегі зор болды.
Зерттеу жұмысының жаңалығы - корей тіліндегі мақал-мәтелдер алғаш рет қазақ тілі тұрғысынан қарастырылып отыр. Бұған дейін қазақ және корей мақал-мәтелдері аударма саласында салғастырмалы түрде зерттелмеген. Корей мақал-мәтелдерін зерттеу барысында келесі ғылыми мәселелер шешімін тапты:
- корей тіліндегі мақал-мәтелдердің қазақ тіліне жеткізілу сипатталды;
- экспериментальды әдіс арқылы жүргізілген зерттеу жұмысы нәтижесінде корей мақал-мәтелдеріне қазақ мақал-мәтелдерінің поэтикалық тәсілдері қолданыла алатындығы және ұқсастықтары мен айырым белгілері айқындалды;
- салғастырмалы әдіс арқылы қазақ және корей мақал-мәтелдерінің узуальды және оккозианальды қолданыс аясында да ұқсас белгілері табылды;
- варианттлық тұрғысынан бір мақалдың бірнеше вариантта кездесуі тек қазақ мақалдарына ғана емес, корей мақал-мәтелдеріне де тән екендігі аңғарылды;
- қазақ паремиологы Қ. Әбдуали мен Г. Л. Пермяков ұсынған мақал-мәтелдерді топтастыру жүйесі қазақ және корей мақал-мәтелдеріне бірдей ортақ деңгейде қолданыла алатындығы анықталды;
- аударуда туындайтын қиындықтар айқындалды; аударма саласында қалыптасқан және жиі қолданылатын аудару тәсілдері қазақ және корей мақал-мәтелдерін аударуда жарамды, тиімді екендігі байқалды.
Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық мәні .
Осы зерттеу жұмысының негізгі қол жеткізген нәтижелері қазіргі таңда аударматану теориясының жетілуі және салғастырмалы\ талдау әдістері арқылы паремиология саласында мақал-мәтелдерді зерттеу жұмысының негіздерін дамыту - оның теориялық маңызы болып табылады.
Пайдаланылған диссертация материалдары, дереккөздері, сонымен қатар зерттеу жұмысы берген нәтижелер салғастырмалы паремиология саласы, аударма саласында туындайтын қиындықтар бойынша лекциялар оқығанда, қазақ және корей мақал-мәтелдерінің ұқсастықтары тақырыбына лекция оқығанда немесе семинар сабақтарын жүргізгенде, паремиологиялық түсіндірме сөздігі ретінде қолданылу мүмкіндіктері - оның практикалық маңызын құрайды.
Корей мақал-мәтелдеріне жүргізілген паремиологиялық зерттеу жұмысы атты І тарауында даналық сөздерді білдіретін жалпы ұғым ретінде қолданылатын «соктам» түсінігіне және корей паремиология саласына, корей паремиологиясында кездесетін «чунгук соктам» немесе қытай паремияларына зерттеу жұмысы жүргізіледі. Сонымен қатар корей мақал-мәтелдерінің ХVІІғ. - 1961 жылдарға дейінгі аралықты құрайтын жинақталу тарихы қамтылды. Корей және қазақ тіліндегі «мақал» және «мәтел» паремиологиялық ұғымдарының айырмашылықтарына салыстырмалы түрде анықтама берілді.
Корей паремиясы үшін мақалдың басқа да түрлерін ажырату да септігін тигізер грамматикалық белгілері, соның ішінде синтаксистік сипаты мен лексикалық құрылымы қарастырылады.
Корей мақал-мәтелдерінің көркемдік сипаттамасы туралы сөз қозғалады. Мұнда корей мақал-мәтелдерінің мазмұны, көркемдік ерекшеліктері, поэтикалық табиғаты, корей мақал-мәтелдері халық ауыз әдебиетінің жанрлық түрі ретінде ертегілерден, аңыз-әңгімелерден, жұмбақтардан өзінің бастау алғандығы жайлы айтылады.
ІІ тарау жалпы мақал-мәтелдердің барлығына ортақ тұрақты тіркестермен, яғни фразеологизмдер және идиомалармен ұқсастықтары, айырым белгілері, фразеологизмдерден туындаған мақал-мәтелдер атты тақырыпты қамтиды.
ІІІ тарауда қазақ және корей мақал-мәтелдерінің узуальды (тұрақты) және оккозианальды (өзгермелі) қолданысы туралы сөз болады. Біріншісінде, оның парадигматикалық, синонимдік, метатезалық, эллипсистенген (ықшамдалған) варианттары; екіншісінде, мақал-мәтелдердің құрамындағы лексемаларды алмастыруға байланысты өзгерістер, мақал-мәтелдер құры лымы мен лексикалық құрамының оккозиональды кеңеюі, мақал-мәтелдерді мәтінге (сөз жүйесіне, сөйлеу процесіне) енгізу сияқты үш ішкі топтары, ал келесі бөлімде мақал-мәтелдердің өзгермелі деформацияға бейім белгісіне жататын оның варианттылығы қарастырылған.
Мақал-мәтелдерді топтастыру атты бөлімде оларды алфавит тәртібі бойынша, заттық-тақырыптық белгілері бойынша, «Адам», «Қоғам», «Табиғат» - үш саласы бойынша, монографиялық, генетикалық және тірек сөздер бойынша, логикалық-семантикалық тұрғыдан топтастыру тақырыбы кеңінен талдауға алынады.
ІV тарау мақал-мәтелдерді аудару мәселесіне арналған. Мұнда мақал-мәтелдерді аудару ісінде туындайтын қиындықтар, тілара балама мақал-мәтелдер немесе корей тіліндегі мақал-мәтелдердің қазақша баламасы атты тақырыптар төңірегінде осы мәселеге қатысты түрлі авторлардың пікірлері, ойлары талқыланады.
Бұл ғылыми жұмыста негізінен Ко Джонок, Лим Су, Г. Л. Пермяков, Джонъ Джон Джин сияқты авторларының еңбектері, А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов құрастырған мақал-мәтелдер жинағы, Қайдар Әбдуали қазақ паремиологының еңбегі, Ө. Айтбаев және М. Әлімбаевтың мақалалары т. б. қолданылды.
І тарау
1. Корей мақал-мәтелдеріне жүргізілген
паремиологиялық зерттеу жұмысы
Әрбір халықтың рухани-мәдени өмірінде мақал-мәтелдердің атқаратын қызметі аса зор. Олар адам арасындағы қарым-қатынас қызметімен қатар, өткен өмір мен бүгінгі заманды, ұрпақ пен ұрпақтың арасын жалғастырып тұратын «алтын көпір» болуымен ерекшеленеді. Сондықтан да, этнос өмір- тіршілігінің барлық түйіндері келіп тоғысатын мақал-мәтелдердің күрделі табиғатын танып- білу тек әдебиетші, философтардың ғана емес, халық педагогикасының, этнографтардың, психологтардың, әрине, аудармашылардың да т. б. ғылым салаларының тікелей қатысы бар. Бұл ғылымдардың басын қосып жүрген «паремиология» саласы олардың мақсат-мүддесін толық қамтиды (1, 201) . Осы тұрғыда корей паремиология саласын қарастыра отырып, ондағы даналық сөздерді білдіретін жалпы ұғым ретінде қолданылатын «соктам» ұғымын анықтап, одан басқа да түсініктерді ашып көрсету - біздің мақсатымыз.
1. 1. «Соктам» ұғымы және паремиология саласы .
Әдетте, сөзбе-сөз аударма көркем шығарманың мән-мағынасын бұзады деп саналады. Алайда, мақалдардың әдеби өңделуі басқаша өтеді. Түпнұсқаның лексикалық мағынасы мен грамматикалық құрылымын ескермеу - мағынасы бойынша ұқсас, бірақ шын мәнінде түпнұсқадан ауытқуға ұшыраған мақалдардың жаңа нұсқаның пайда болуына әкеліп соғады.
Өзіміз білетіндей, мақал-мәтелдермен қатар халық афоризмдері мен мәтелдер бірге қолданылады. Шынында да, «мақал-мәтелдер» ұғымдары сараланбайтындығы рас. Яғни мақалдардың мәтелдерден айырмашылығы, нақыл сөздердің басқа түрлері аталып көрсетілмейді. Басқа сөзбен айтқанда, паремияның барлық түрлерінің өзгешелігі көрсетілмейді және «мақал-мәтелдер» ұғымы нақыл сөздің екі типін ғана білдірудің орнына, олар халық ауыз әдебиеті жанрының жалпы атауы ретінде қолданылады. Бұл тікелей «соктам» ұғымына қатысты.
Осыған орай, корей тілінде « соктам- 속담» ұғымы нақыл сөздердің барлық типтерін, яғни мақал, мәтел, халық афоризмдері мен дана сөздерді біріктіреді.
Жалпы ұғым ретінде «паремия» термині қолданылады. «Паремиология» деп мақал-мәтелдерді арнайы зерттеуге байланысты ғылымда қалыптасқан пәнді айтады. Бұл сала әдебиет құзырында қарастырылады. «Паремия» атауы грек сөзінен шыққан, ол «нақыл, нақыл сөз», «өсиет әңгіме» деген мағынаны білдіреді.
Корей паремиологиясында көптеген нақыл сөздердің түрлі типтеріне нақты шек қойылмайды. Оларды айыру үшін « соктам- 속담», « кйогон- 격언», « ион- 이언» синонимдер ретінде пайдаланылатын терминдерді қолданады.
Корей паремиологиясының өзінің байырғы дәстүрлері бар. Мақал, мәтел, нақыл сөздер, асыл сөздер түсініктерін ажырататын күрделі терминология болған. Осы түсініктерге сәйкес келетін оннан астам терминдер сақталып қалды. Мұндай терминдерді олардың пайда болу көздеріне қарай екі категорияға бөлуге болады: а) қытай тілінен шыққан терминдер- « соктам- 속담», « ион- 이언», « кйогон- 격언», « кйоктам- 격담», « кйонгу- 견구», « кымон- 금언», « соксоль-속설 »; ә) өздік корей атаулары- « йоммаль- 염말», « санъмаль- 상말» (20, 5-6) .
Қазіргі таңда, танымал фольклоршы Ко Джоноктың «Чосон соктам йонгу» еңбегіне сүйенсек, корей паремиологиясында негізінен қытай тілінен шыққан «соктам», «кйогон», «ион» үш терминдері қолданылады. Дегенмен, бұл терминдер семантикалық жағынан аралас болып келеді, бірақ олардың мағыналық белгілерін жіктеуге болады. Жоғарыда аталған терминдердің ішінен Ко Джонок «кйогон», «ион» ұғымдарын жалпы түсінік ретінде сипаттайтын «соктамды» ерекше атап көрсетеді.
Қазіргі корей тілінде бұл үш ұғымдар өздік корей терминдерімен қоса, қалғандарын да қолданыстан ығыстырып жіберді. Бұл терминдердің этимологиясына келетін болсақ, « соктам- 속담» тура мағынада «қарапайым халық сөздері» (яғни халықта кең тараған қанатты сөздер) дегенді білдіреді; « ион -이언» сөзбе-сөз «мәтел » (яғни қарапайым халық ортасында қолданылатын сөздер) ; ал « кйогон- 격언» термині «өнегелі сөздер» деген мағынаны білдіреді (яғни насихаттаушы нақыл сөздер, конфуцишілдік сентенциялар және тарихи тұлғалардың дана сөздері) .
Ко Джонок «нақыл сөз бен мәтел» ұғымдары үшін арнайы терминдер қолданбаған, тіпті бұл паремия түрлерін бөліп көрсететін мүмкіндік туралы да сөз қозмаған. Алайда мақал сөздердің мұндай типтерін корей халық ауыз әдебиетінде жоққа шығаруға болмайды. Зерттеу жұмыстары көрсеткендей, әдетте мақал-мәтел, шын мәнінде нақыл сөздер мен мәтел болып саналады.
Лим Судың айтуынша, «нақыл сөз» ұғымының корейше баламасы ретінде «кйонгу» терминін қолданған жөн. «Мәтел» деген ұғым үшін арнайы термині корей паремиологиясында жоқтың қасы. Нақыл сөздің бұл түрі салыстырмалы оралымдардан тұрғандықтан, біз оған « пион- 비언» терминін ( «салыстырмалы сөздер») қолданамыз.
Мақалдарды, мәтелдерді, нақыл сөздерді жіктеу негізіне жатпайтын көптеген қатыссыз белгілердің орнына Г. Л. Пермяков үш негізгі критерий ұсынады: а) тұйықтық- тұйықсыздық; ә) бейнелік-бейнесіздік; б) жалпылылық- жалпылылық еместік (14, 11-13) .
Барлық мақал-мәтелдер өздерінің жалпылылық дәрежесіне қарай екі топтарға бөлінеді. Олардың біреуісі қандай да бір оқиғалар, төтенше жағдайлар туралы әңгімелейді (мысалы, «ұсталған ұры сақшыны тонады»т. б) . Енді біреуісінде өмірде жиі қайталанатын құбылыстар, заңдылықтар, ережелер, дәстүр туралы айтылады (мысалы, «су әрқашан ойпаңға ағады») . Бірінші типті сөйлемді « дербес», ал екінші типті сөйлемді «жалпылағыш» деп атауға болады.
Бейнелі дәлелі (мотиві) бар аталған нақыл сөздердің төрт типтерінің біріне - жалпы мағынасына қатысы жоқ, бірақ бейне арқылы байланысқан жазба (клише) жатады, мысалы: «айсыз жұлдыз жарқ-жұрқ етіп жарқырар» (яғни, жақсылық жоқ жерде жамандық аса байқалады) ; немесе «біреу аюдан қашамын деп, қасқырдың аузына түсті» (яғни, бір қасіреттен екіншісіне тап болды) ; немесе «кірпі өз баласын мамығым дер» (яғни, өзіңдікі әрқашан дұрыс болып көрінеді) .
Басқа осы типке жалпы мағынаның тура дәлелі бар түрі жатады, аты айтып тұрғандай, мағынасына тікелей қатысты клише болып табылады. Мысалы, «әркім өзінің ақылына қанағат», «қаншалықты данагөй болса, соншалықты пікір бар».
Жоғарыда көрсетілген мақал сөздер жіктеудегі үш категориялары мақал-мәтелдер арасындағы айырмашылық мәселесін шешуге ғана емес, сонымен қатар нақылдар бен қанатты сөздер сияқты паремия түрлерін мақал-мәтелдерден ажыратуға мүмкіндік береді.
Мақал мен нақыл сөздер үшін олардың тұйықтығы, пайымдауының толықтылығы, тиянақтылығы ортақ. Олардың көпшілігін жалпылауыш сөздер құрайды. Барлық мақалдар жалпы мағынаның бейнелі дәлелі бар сөздерге жатса, нақылдар жалпы мағынаның тура дәлелі бар сөздерге жатады. Мақалдарға мысал келтірейік: « 꼬리 먼저 친 개가 밥을 나중에 먹는다 » - «бәрінен бұрын құйрығын бұралаңдатқан ит тамақты соңынан ішеді»; « 궁지에 빠진 쥐가 고양이를 문다» - «тығырыққа түскен тышқан мысықты тістейді».
- Мақал - жалпылама ортақ мағынаны білдіретін және бейнелі дәлелі бар тұйық сөз. Оған «кйогон-격언»атты корей термині сай келеді.
- Мәтел - ықшамдалу (эллипсис) немесе бастауыш пен тұрлаусыз мүшелер қызметін атқаратын есімдік арқылы жасалған сөйлем мен бейнелі дәлелі бар тұйықсыз сөз. Мәтелдер үшін«ион-이언»атты корей терминін бекіткен жөн.
- Нақыл сөз - тура дәлелі бар жалпылауыш сөйлемдер арқылы жасалған тұйық сөз. Оған«кйонгу-견구» корей термині сәйкес келеді.
Ал, «соктам» сөзіне келетін болсақ, оны «мақал сөздер», яғни мақалдар, мәтелдер, нақыл сөздерді біріктіретін ортақ атау ретінде қолдануға болады (10, 240) .
Сол сияқты Қайдар Әбдуәли ұсынған қазақ мақал мен мәтелдерінің арасындағы айырмашылықты салыстырып көрейік.
1. Мақал-мәтелдердің жалпы мағынасы оның құрамындағы компоненттердің тура мағыналарынан туындаса, мәтелдердің жеке мағынасы оның астарлап айтылған ауыспалы, идиомалық мағыналары негізінде қалыптасады. Мақал мен мәтелдің айырмашылығын ажыратудың бір параметрі осы.
2. Мақал, әдетте, жалпылама мағынаны білдірсе, мәтел - бұл белгілі жағдаятқа байланысты іске асқан, не асуға тиісті құбылыстың, іс-әрекеттің тек өзіне ғана тән мағынасын білдіруге бейімділігі. Мұны жалпақ тілмен айтқанда, мақал, болған, болатын және болып жатқан құбылыс пен процестің өзгеру, даму, алмасу т. б себептерін де, нәтижені де бірден, қолма-қол баяндаса, мәтел сол процестің өзін ғана атаумен шектеліп, оның немен тынатынын, қандай нәтиже беретінін нақтылап баяндамайды, себебін айтады да, салдарын астарлап, бейнелеп қана аңғартады.
Өзіміз көріп тұрғандай, екі тілдің мақал-мәтелдер арасындағы айырмашылықтары ұқсас келеді.
Корей мақал сөздерін жіктемес бұрын, біз оларды екі топқа бөлдік:
а) көп мәндес мағынасы бар сөздер, яғни ауыспалы мағынада түсінуді және кең түрде түсіндіруді қажет ететін сөздер. Бұған, біріншіден, мақал сөздер, дәл айтсақ, мақалдар, мәтелдер, нақылдар, және екіншіден, жұмбақтар мен әзіл-сықақтар жатады.
ә) бір мәндес мағынасы бар сөздер, яғни тура мағынада ұғылатын, кең түрде түсіндіруді қажет етпейтін сөздер. Мұның құрамына ырымдар, наным-сенімдер, өмірдегі шаруашылық кәсібі мен тұрмыстық тәжірибелер мен кеңестер, қоғамдық-тарихи сипаттағы сөздер, есептер, ойлан тап мысалдары кіреді (13, 320) .
1. 2. Корей мақал-мәтелдеріндегі қытай
паремиялары немесе «чунгук соктам»
Корей мақалдары арасында бұрынғы адамдардың дүниетанымдарын түрлі адасушылық пен соқыр наным-сенімдерін бейнелейтін көне мақалдар да кездеседі. Сондықтан да, мақалдардың қалыптасқан тарихи жағдайына, кезеңге мән берген жөн.
Корей мақал-мәтелдерімен қатар, Кореяда таралған - «чунгук соктам-중국 속담», яғни қытай тілінен енген мақалдар баршылық. Өйткені, Корей мемлекеті б. з. Іғ. бастап қытайдың «иероглиф мәдениеті» ықпалында болды, әрине бұл құбылыс корей халық әдебиетінің дамуына өз септігін тигізді.
1тип . Қытай нақыл сөздерінің көпшілігі корей тіліне аударылып пайдаланылды, мысалы: «우물의 개구리 »- «құдықтағы бақа». Осы іспеттес қытай нақыл сөздерінің корей тіліне ұқсастырылып, халық өміріне терең сіңгендігі сонша, оларды корей мақалдарынан айыру қиынға соғады.
2тип . Сонымен қатар, қытай тілінен аударылған нақыл сөздерінен басқа, корей тілінде бұрыннан бері аударылмаған мақалдар, қытайландырылған түрде, дайын сөз тіркестері ретінде қолданылады, мысалы: «이서구원»- «қабырғада да құлақ бар » т. с. с. Қытай тілінен енген мақалдардың ішкі грамматикалық құрылымы сол күйінше қытай тіліне сәйкес болып қалды. Мысалыға: «서중유검» деген мақалы қытай тілінің «со-서»(«күлімсіреу, күлкі») түбір морфемасынан, «чунъ/ джунъ-중»(«-да, -де, -та, -те»; «ішінде») демеу шылауларынан, «ю-유»(«болу, бар») баяндауыш қызметін атқаратын түбір морфемасынан, «ком/ гом-검» («қылыш, пышақ, қынжал») бастауыш қызметін атқаратын түбір морфемасынан тұрады. Бұл сөйлемді сөзбе-сөз аударсақ, мынандай мағынаны білдіреді: «күлімсіреу - ішінде - болу - пышақ », яғни «күлкіде де пышақ бар». Бұл сөйлемнің синтаксистік құрылысы корей тіліне емес, қытай тіліне сәйкес. Сол себепті де, корей тілінің түсінігі үшін бұл қытай мақалдары біртұтас, бүтін сөзжасам болып табылады. Осыған бірер мысал:
- 건목수생 - құрғақ ағаштың шырынын алу; (пайдасы жоқ іспен айналысу) ;
- 견여금석 - алтын және тас сияқты берік (ант турасында) ;
- 금의야행 - түнде жібектен тігілген киімін киіп жүреді (сенің байлығыңды ешкім көрмеген жағдайда) ;
- 숙호충비 - ұйықтап жатқан жолбарыстың мұрнын түртіп жатыр (қауіпті жауын келеке қылып жатыр) ;
- 어망홍라 - торға жабайы қаз түсті (күтпеген жерде сәті түсті, жолы оң болды) ;
- 일구이언 - бір ауыздан екі сөз шығады (екіжүзді турасында) ;
- 일석이조 - бір оқпен екі қоянды өлтірді;
- 연지삽말 - іркілдек жерге шеге қағу (оңай жұмыс турасында) ;
- 취모멱자 - шашын жайып тыртық іздеу(қазымырлықпен кемістігін іздеу) ;
10) 유구무원 - тілі бар, бірақ сөйлей алмайды.
Бұл қытай мақалдары кітап бетінен жарық көрген мақалдар. Өйткені, мақалдар күнделікті тұрмыс қолданысына жазба әдебиеті арқылы енді, бұл нақыл сөздер негізінен сауаты ашылған, оқыған корей қоғам таптары арасында, яғни дворяндар мен шенеуніктер арасында пайдаланылды. Басқаша айтқанда, бұл қытай нақыл сөздерінің мағыналық және синтаксистік құрылысын «вэньян» қытай тілін меңгерген адамдар, корей елінде ұзақ уақыт бойы түрлі салаларда ресми түрде қабылданған әдеби тіл ретінде қызмет еткен «ханмунды», яғни қытай тілінің ортағасырлық жазба әдебиетінің корейлендірілген түрін білген адамдар ғана түсіне алды. Қытай жазуын білмеген адамдар бұл нақыл сөздерді түсінгенімен де, оның ішкі құрылымын, құрамындағы сөздердің мағынасын ұға алмады. Адамдар оларды дайын жазу (клише) ретінде қабылдады. Оқыған адамдардың белгілі бір жағдайға сай айтылған нақыл сөздерін аузынан естіп, ойына түйген қарапайым халық мақалдардың мағыналық мазмұнын оңай қабылдаған.
3тип . Сонымен бірге қытай тілінен енген мақалдардың үшінші тобын да қарастыруға болады. Оған корей елінде екі түрде кездесетін қытай мақалдары жатады: 1) корей тіліне аударылған және 2) жалпы мағынасы дәлелденбеген, аударылмаған бүтін, біртұтас мақалдар. Мысал ретінде жоғарыда аталып кеткен «Соджунъюгомды» келтіруге болады, оны корей тіліне аударылған күйінде де пайдаланады: « 웃움 속에 칼이 있다»- «Күлкіде де пышақ бар» (15, 11-13) .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz