Газет мақала тақырыптарын зерттеу


КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Зерттеу жұмысы қазақ газеті бетіндегі тақырыптардың ерекшеліктеріне арналады. Бұқаралық ақпарат кұралының кұрамдас бөлігі болып табылатын газет беттеріндегі тақырыптар әдеби тілдің функционалдық түрінің бірі ретінде арнайы зерттеу нысаны бола алатыны сөзсіз. Тіл білімінде соңғы жылдары бұқаралық ақпарат құралдарының тілін ғылыми тұрғыда қарастыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Әсіресе, мерзімді басылымдар тілі тіл білімінің әр түрлі деңгейлерінің нысаны болып, жан-жақты зерттелуде.
Диссертациялық зерттеудің өзектілігі. Ғылым мен техниканың қарқынды дамуымен байланысты қазіргі кезде адамдар тығыз ақпараттық кеңістікте өмір сүруде. Бұқаралық ақпарат кұралдарының, соның ішінде радио, теледидар мен интернеттің дамуына қарамастан, қазіргі қоғам өмірінде газеттің алар орны ерекше. Әрбір оқырман газет бетін ашқанда, ең алдымен, мәтін тақырыптарымен танысатыны анық. Қазіргі таңда лингвистика ғылымының даму деңгейі бұқаралық ақпарат құралдарының негізгі өзегі - газет мақалалары тақырыптары құбылысына тілдік тұрғыдан талдау жасап, теориялық негізде баға беруге мүмкіндік береді. Ерекше тілдік бірлік болып табылатын газет мақалалары тақырыптарының қолданылу ерекшеліктері, құрылымдық сипаты қазақ тіл білімінде зерттеу нысаны болған емес.
Жалпы тіл білімінде тақырыптар арнайы ерекше тілдік бірлік ретінде жиырмасыншы ғасырдың елуінші жылдарынан бері зерттеле бастады. Бұл зерттеу еңбектерде тақырыптардың номинациялық құрамы, олардың сөз таптарына қатысы, грамматикалық тұлғалары, экспрессияның берілу тәсілдері, синтаксистік ерекшеліктері, функционалдық типологиясы мен семантикасына жасалған талдаулар қарастырылған.
Соңғы кездегі газет басылымдарының молаюына байланысты олардағы тақырыптардың да аясы кеңейген, сонымен бірге коммуникацияға негізделген газет мақалалары тақырыптарының құрылымдық сипаты да сан алуан.
Тақырыптардың құрылымдық, семантикалық зерттелуі қазақ тіл біліміндегі алғашқы зерттеу болып табылады.
Зерттеу жұмысының нысаны - ерекше тілдік бірлік болып табылатын газет беттеріндегі тақырыптар.
Зерттеу пәні - газет мақалалары тақырыптарының синтаксистік ерекшеліктері, соның ішінде «жеке сөз», «түйдекті тіркес» және «сөз тіркес» типті (байланысу формалары мен тәсілдері), «сөйлем» типті тақырыптардың құрылымдық өзгешеліктері.
Зерттеудің мақсаты - баспасөз бетіндегі мақала тақырыптарына құрылымдық, семантикалық, функционалды тұрғыдан талдау жасау.
Алға қойған мақсаттардан төмендегідей зерттеу міндеттері туындайды:
- газет беттеріндегі тақырыптардың зерттелуіне шолу жасау;
- бұқаралық ақпарат құралдарының негізгі өзегі болып табылатын баспасөз бетіндегі тақырыптардың лингвистикалық табиғатын анықтау;
- газет мәтіні тақырыптарының сөйлеу әрекетімен арақатынасын анықтау;
- қазіргі газет мәтіні тақырыптарының негізгі қызметтерін саралау;
- баспасөз бетінде тақырып ретінде қолданыс тапқан жеке сөз, түйдекті тіркес, сөз тіркестері, сөйлемдердің тақырыптану үрдісін ашып көрсету;
- тақырыптардың баспасөз бетіндегі қолданылу ерекшелігі мен синтаксистік қызметін айқындау;
- газет тақырыбына негіз болатын жеке сөз, түйдекті тіркес, сөз тіркесі, жай сөйлемдердің грамматикалық-семантикалық ерекшелігі негізінде газет бетіндегі тақырыптардың семантикасына тигізетін ықпалын саралау.
Зерттеу әдістері алға қойған мақсаттары мен міндеттерді кешенді зерттеуді талап етеді, соның негізінде туындаған сипаттамалы-синхрондық, құрылымдық-семантикалық, лингвистикалық топтастыру, іріктеп алу тәсілдері қолданылды.
Зерттеудің дереккөздері. Соңғы он жылда жарық көріп тұрған, қалың оқырманға танымал газеттер “Егемен Қазақстан”, “Ана тілі”, “Қазақ әдебиеті”, “Жас Алаш”, “Жетісу”, “Алматы ақшамы”, “Айқын” беттерінен жинақталып алынған баспасөз бетіндегі жиі қолданылатын тақырыптар пайдаланылды. Жиналған мысалдардың жалпы саны - бес мың, диссертациялық зерттеуді талдауға мыңнан аса тілдік бірлік алынды.
Зерттеу жұмысының әдіснамалық негізі.
Қазақ тіл білімінің көрнекті өкілдері А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, С. Аманжолов, Н. Сауранбаев,
М. Балақаев, Қ. Есенов, Т. Қордабаев, М. Серғалиев, Р. Әмір, Т. Сайрамбаев, т. б. ғалымдар еңбектеріндегі ғылыми-теориялық көзқарастар, пайымдаулар мен қағидаттар негізге алынды. Тіл білімі теориясында бұқаралық ақпарат құралдарының тілдік ерекшелігін және баспасөз бетіндегі мақала тақырыптарын зерттеген ғалымдар еңбектері мен монографиялық зерттеулері: Э. А. Лазарева, А. С. Попов, В. М. Ронгинский, сонымен қатар қазақ тіл білімінде баспасөз тарихы және оның қалыптасу кезеңдерін, газет тілі және оның ерекшеліктерін арнайы зерттеген Қазақстан тіл білімі ғалымдары С. М. Исаев, Б. А. Әбілқасымов, Б. Қ. Момынова, Н. В. Қарашева, Г. К. Ихсангалиева, Ф. З. Жақсыбаева, Қ. Есенова және т. б. зерттеу еңбектері жұмысымызға негіз болды.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Зерттеу жұмысының нәтижесінде мынадай мәселелер ғылыми жаңалық ретінде шешімін тапты:
- жалпы тіл біліміндегі және қазақ тіл біліміндегі газет беттеріндегі тақырыптарға арналған еңбектерге талдау жасалды;
- газет тақырыбы құрылымындағы лебіз ерекше сөйлеу актісіне айналатыны анықталды;
- қазіргі газет мәтіні тақырыптарының әмбебап және факультативті қызметтері сараланды;
- қазақ тіл білімінде алғаш рет баспасөз бетіндегі мақала тақырыптары құрылымдық, мағыналық тұрғыдан анықталды;
- газет мәтіні тақырыптарының баспасөз бетіндегі қолданылу ерекшелігі мен қызметі семантикалық, құрылымдық тұрғыдан талданды;
- газет тақырыбына негіз болатын жеке сөз, түйдекті тіркес, сөз тіркесі, жай сөйлемдердің грамматикалық-семантикалық ерекшелігі негізінде газет бетіндегі тақырыптардың семантикасына тигізетін ықпалы сараланды.
Зерттеу жұмысының теориялық маңызы. Қазіргі қазақ тіліндегі газет басылымдарындағы тақырыптардың қызметі мен құрылымдық ерекшеліктерін анықтауға алынған тұжырымдар мен нәтижелер тақырыптардың тілдік табиғатын жете тануға қазақ баспасөз тілінің теориясына өзіндік деңгейде үлес қосады. Осы орайда зерттеліп отырған газет мақалалары тақырыптары сөз тіркесі саласында байланысу түрлеріне, сөз тіркесі мен сөйлем құрылымына арналған арнайы курс етіп өтуге де болады.
Зерттеу жұмысының практикалық мәні. Диссертацияның негізгі материалдары мен теориялық тұжырымдары жоғары оқу орындарында морфология, синтаксис салаларынан оқулықтар мен оқу құралдарын жасауда, арнайы семинар курстарында пайдалануға болады. Сонымен қатар журналистика тарихы мен баспасөз тілінің ерекшеліктерінің аражігін ашуға септігізін тигізіп, болашақ зерттеулерге жол ашады.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
- газет беттеріндегі синтаксистік жүйені қалыптастырған сөйлем ерекшелігі, сөз тіркесінен қиысу, матасу, меңгеру, қабысу байланысу формаларының ерекшелігі бар;
- баспасөз бетіндегі газет мақалаларының тақырыптары - жүйелі түрде қолданылатын тілдік бірлік, олар бұқаралық ақпарат құралдарының құрамдас бөлігі бола тұра, мақаланың мазмұнын ашатын, автордың көзқарасын білдіретін, қоғамдық сана мен өзгерістерді бейнелейтін ерекше құбылыс;
- газет мақалаларының тақырыбы бағытындағы лебіз - бұл сөйлеу актісі, өйткені ол автордың интенциясымен айқындалатын, қарым-қатынасқа негізделген және оқырманға бағытталған қажетті коммуникациялық белгі болып табылады. Сонымен, тақырып - бұл ерекше құрылым, онда лебіз сөйлеу актісі ретінде қызмет етеді;
- тақырыптардың баспасөз бетінде қолданылу ерекшелігі бар. Бұл синтаксистік құрылымдар дербес синтаксистік құрылым ретінде мәтінмен бір тұтастықта жұмсалады, олардың өзіндік функционалдық мүмкіндіктері қалыптасқан;
- газет мақалалары тақырыптарының түрлері мен типтері сан жағынан, құрылым жағынан алғанда жазбаша және ауызша сөйлеудегі сөйлемдерден еш кем түспейді және газет мақалалары тақырыптары қазақ тілінің синтаксистік құрылымының сипатына сәйкес «жеке сөз» типті тақырыптар, «түйдекті тіркес» типті тақырыптар, «сөз тіркес» типті тақырыптар, «сөйлем» типті тақырыптар деп бөлінеді.
Жұмыстың сарапталуы мен талқылануы.
Зерттеу жұмысының нәтижелері мен қорытындылары когнетивтілік теориясының кейбір мәселелері туралы «Тіл және жаһандану: бүгіні мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. - Алматы, 2008. - 27-28 қараша; «Газет бетіндегі тақырыптардың берілуі» «Түркі әлемі: Тіл. Қоғам. Мәдениет». Профессор Б. Сағындықұлының 70 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. - Алматы,
2009. - 25-26 мамыр; «Газет тақырыптарының синтаксистік ерекшеліктері».
А. С. Аманжоловтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Түркі әлемі: тіл, тарих және мәдениет интеграциясы» атты халықаралық конференция материалдары. - ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы. №4 (120) . - Алматы, 2009; Газет тақырыптарының функционалдық-прагматикалық аспектісі // Тілтаным- Языкознание. - №4. - Алматы, 2008; Газет мәтіндерінің синтаксистік құрылымы // ҚазҰУ хабаршы. Филология сериясы №8 (116) . - Алматы, 2008; Газет мәтініндегі тақырыптардың синтаксисі // Ұлт тағылым. - 2009. - №1; Газет тақырыптары жасалу жолдарының синтаксисі. «Қазақ тілі және мәдени кеңестік» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары. - Алматы, 2009 баяндамалар оқылып, мақалалар жарияланды. Республикалық ғылыми басылымдар мен ғылыми жинақтарда зерттеу жұмысы бойынша
8 мақала жарық көрді.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертация кіріспеден, екі бөлімнен және қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілді.
1 ГАЗЕТ МАҚАЛА ТАҚЫРЫПТАРЫН ЗЕРТТЕУДІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
1. 1 Газет мақала тақырыптары, олардың зерттелуі
Баспасөз тілі бұқаралық ақпараттық мәліметті жеткізетін белгілі бір өзіндік ерекшелігі бар бұқаралық ақпараттар құралының түрлілігі болып табылады. Газет мәтініндегі тақырыптық желілердің дамуы экстралингвистикалық сипаттағы факторлармен анықталады. Құрылымдық-мағыналық жағынан газет тақырыптарын тақырыптың негізгі идеясымен, мәтіннің өн бойындағы ішкі компоненттерімен өріле байланысқан тілдік құбылыс ретінде сипаттауға болады. Мақала авторлары газет мәтінін жаза отырып, ең алдымен, оқырман санасында бұрыннан бар «ескі» мәліметтерді басшылыққа алып, оны жаңа, соны ақпараттармен толықтырады. Баспасөз - қоғамға қызмет ететін ақпараттар ағыны. Баспасөздің жеделдігі, нақтылығы, мазмұндылығы, дәлдігі басты рөл атқарады. Қоғамда болып жатқан әр алуан ірілі-ұсақты оқиғалар туралы дер кезінде оқырмандарына мәлімет жеткізу міндетін атқаратын мерзімді басылым уақыт өте келе баға жетпес құнды деректер көзіне айналды. Халыққа болған оқиға туралы жедел ақпарат таратқан мерзімді басылым сол оқиға туралы өз бойына қажетті мағлұматтар да жинайды, сөйтіп уақыт өте келе өзі де тарихи дерек көзі ретінде ғылымға қызмет етіп, оқиғалардың кейбір қырларын ашуға көмектеседі.
Газет не журнал белгілі бір мерзімділікпен өткенді өз бетінде бейнелейді. Сондықтан олар қоғам өмірінің өткені жазылған өзіндік күнделік міндетін атқарады. Демек, уақытылы шығып тұрған газеттер өткеннің белгілі бір кезеңдегі үздіксіз даму тарихын қалпына келтіруге көмектесе алады. Газет материалдары өзінің құрамы жағынан әр алуан болып келеді. Онда ақпараттық мәліметтермен қатар өзінің мазмұны жағынан әр түрлі жанрларға жататын жеке адамдық деректер, хаттар, күнделіктер, естеліктер, ресми құжаттар, статистикалық мәліметтер, көркем шығармалар, тағы басқалары кездеседі.
Баспасөз материалдарының құрамы жағынан күрделілігі оның басты деректік ерекшелігі болып табылады. Баспасөз мәліметтерінің формасы жағынан да, мазмұны жағынан да әр түрлі болып келуі олардан ұлт өміріне қатысты жан-жақты мәлімет алуға мүмкіндік береді.
Тілдегі әрбір құбылыс белгілі дәрежеде басқа құбылыстармен тығыз байланысты. Тілдік құбылыстар арасындағы байланыстар мен олардың сипаттары тарихи жағдайларға байланысты құбылып өзгереді. Тілдің тарихын, тілдік құбылыстардың туып, қалыптасу тарихын зерттегенде оның қалыптасу негізінде басқа құбылыстармен қандай айырмашылығы барын анықтау қажет. Әрбір ұлт өзіндік табиғи болмыс-бітімін, мінез-құлқы мен рухани құнды асыл қазынасын ғасырдан-ғасырға сақтап жеткізетін аса қасиетті құралы - тіл болып табылады. Сондықтан да ұлттық тіліміздің болашағы мен оны дамытудағы бағыттары - тілші ғалымдардың ең басты назардан таса етпейтін өзекті мәселесі. Тілдік құбылыстың өзгеруі көбіне өзі өмір сүріп отырған байланыста болатын басқа құбылыстармен өзгеріп кетуі нәтижесінде пайда болады. Тіл - қоғамдық құбылыс болғандықтан, дамып, өзгеріп, белгілі құбылыстың жоғалып отыруы заңды. Қай кезеңнің болмасын баспасөз материалының тілін өзгертпесек те, сол кезең тұрғысынан қарап, пікір айтуымыз қажет. Өйткені баспасөз тілі де сол заман ағысына қарай өзгеріп отырады. Тіл - халық өмірінің айнасы болса, әр кезеңнің, әр ұлттың өміріндегі болып жатқан барлық өзгерістер мен құбылыстар, жаңалықтар сол халықтың өз тілінен көрініс табады. Міне осы өзгерістер мен тілдік көріністерді баспасөз бетінен көруге болады.
Ал қоғам өзгерісімен бірге кірген жаңа сөздер мен жаңа ұғымдарды қазір толық түсініп білу мүмкін емес. Енген жаңалықтар халық ұғымына толық ізін қалдырып, айқын бейнесін көрсетіп бірден сіңісіп кете қоймайды. Осы жағдайларда да, ұғымға қойылған ат кездейсоқ болатыны белгілі. Көбінесе тіпті бір ұғым бірнеше атпен де аталып жүреді. Терминдік лексиканы қалыптастыруда сол дәуір баспасөзінің орны ерекше. Өйткені қандай да болмасын жаңалық алдымен баспасөз, радио арқылы келеді. Мерзімді баспасөз сол қоғамдағы әлеуметтік-саяси, ресми қаулы-қарарларды өз беттерімен жариялап тұратын ақпараттар ағыны. Осы мәселе тұрғысында Б. Қ. Момынова: «Қазіргі кездегі өркендеп дамыған бұқаралық ақпарат құралдары оқылатын (визуалды) мерзімді басылымдар, тыңдалатын (аудиоалды - радио), әрі тыңдауға, әрі көруге болатын (аудиовизуалды - теледидар, деректі кино) болып үш түрге бөлінеді. Бұлардың коммуникативті құрылымдарындағы айырмашылықтары болмаса, атқаратын қызметтері ұқсас» [1, 4 б. ], - дейді. Сондықтан олардың үш түріне де ортақ қызметтері (функциялары) бар екендігін айта кету керек. Атап айтсақ:
1. Түрлі оқиға, факті мен ситуация туралы оқырманға, тыңдаушы мен көрерменге хабар жеткізу арқылы танылатын информациялық-ақпараттық функциясы;
2. Белгілі бір факті, дерек туралы хабардар етіп, түсінік-комментарийлер, баға беруге, анализ жасауға ұштасып жататын комментарий-бағалауыштық функциясы;
3. Қандай да бір мәдени, тарихи, ғылыми сипатты информациямен таныстыру барысында сол информацияны қабылдаушының таным, түсінігін, білім-біліктілігін арттыруға септесетін ағартушылық-танымдық функциясы;
4. Қоғамдық пікір тудыру, оны қалыптастыру, адамдардың көзқарасын кеңейту және қоғамда болып жатқан инверсиялық өзгерістер мен науқандық, әлеуметтік-саяси акцияларды ұйымдастыру, өткізу кезінде, қайта құрулар мен ірі саяси оқиғалар, төңкерістер тұсында қоғам мүшелерінің дүниетанымына әсер ету функциясы;
5. Кез келген информацияның таратылуы кезінде қабылдаушының эстетикалық талғамынан шығуы үшін тиімді тәсілдердің пайдаланылуы, сол арқылы жағымды эффектілер тудыруы гедоникалық функциясына жатады [1, 4 б. ] .
Мерзімді басылым тілін түрлі мамандық иелері әр түрлі қырынан зерттеуі мүмкін. Егер журналистерді нақтылы басылымның әдеби-публицистикалық сапасы, автордың материалды бере білу шеберлігі қызықтырса, деректанушы баспасөзді оның деректік маңызы мен ерекшеліктерін көрсету үшін, жалпы тарих дерегі ретіндегі ғылыми құндылығын анықтау үшін зерттейді, ал тілшіні газет беттеріндегі тақырыптардың синтаксистік, лексикалық т. б. жақтары қызықтырады.
Номинатив сөз (тақырып сөз) тілдің белгілі (Ф. де Соссюр бойынша - языковой знак) немесе тіл білімінде сигнификат терминінен газет тақырыбының басты айырмасы оның «белгілі бір заттың биологиялық табиғи байланысы жоқ акустикалық бейнесі емес, мақаладан туындайтын оймен, оның мазмұнымен тікелей байланысты, өзге деңгейдегі тақырып болуында» [2,
56 б. ] .
Тілдегі болып жатқан өзгерістер, белгілі бір тілдік құбылыстың өшіп, екінші біреуінің туып, жандана бастауы ешбір себепсіз болмайды. Әр заманның ағымына қарай жанрлардың өсетіні, өнетіні, жоғалып, жаңадан қайта туатыны бар. Белгілі кезеңдегі жаңалық, өзгерістер жалпы тілдің даму барысынан, қоғамдық қажеттіліктен тілдің ішкі заңдылықтарының негізінде туып отырады. Тілдің белгілі бір кезеңдегі тармағын зерттегеннің өзінде де ол жалпы тілдің даму заңдылығына бөлінбей, сол дамудың желісінде қаралады. Зерттеуші Р. А. Будаговтың пікірінше, «тілдің дамуы оның өткен кезеңінен ғана емес, қазіргі сәтінен де байқалады, тілдегі тарихи құбылыстар оның қазіргі сәтінен көрініп отырса, қазіргі дәрежесіне жетуі тарихи дамуынан танылады» [3, 17 б. ] .
Осы пікірді газет тақырыптарына да қатысты айтуымызға болады. Қоғамдағы әлеуметтік-саяси, экономикалық, мәдени т. б. өзгерістер, халық өміріндегі жаңалықтар мен жетістіктер міндетті түрде газет беттеріндегі тақырыптарға арқау болады.
Зерттеуші А. Абашинаның газет тақырыптарына берген анықтамасында: «Анализ газетных текстов во временной разветке и в определенном среде показал, что языковая форма словоформы до микротекста. При этом Т. А. ван Дейк утверждает: . . . категория заголовков в тексте имеет строго определенную форму, однако комментариев по этому поводу не дает. Из этого логически следует, что автор газетной публикации, давая тексту название - заголовок, должен самостоятельно решать, немалотрудную задачу выбора структурных параметров заголовка, руководствуясь стремлением, с одной стороны, избежать установившихся стереотипов, а с другой придать публикации выразительность уже на первой стадии ее организации давая ей название» [4, 473-471 бб. ] .
Газет тақырыптарын зерттеуші жас маман Г. К. Ихсангалиева өзінің «Функционально-прагматический анализ заголовков» атты диссертациялық зерттеуінде газет тақырыптарына талдау жасай келіп, олардың негізгі номинативтік, ақпараттық (информативтік), прагматикалық және болжағыштық төрт тұрақты қызметіне тоқталып, «қалған функциялары қосалқы қызмет атқарады» [5, 12 б. ] - дейді.
Баспасөздегі ақпарат беретін газет тақырыптарының бірінші типі оқырманға қоғамда болып жатқан бүгінгі оқиғаларды түсіндіріп, қауіпті жағдайларға ұшырамай, сәтсіздіктерден шығудың жолын табуға көмектесе аларлықтай болуы тиіс. Сонымен қатар оқырмандарға бұрын-соңды ол естімеген, білмеген, көрмеген жаңа хабарды танытуы қажет.
Газет тақырыбының оқырманға әсер ете алуы материалдардың қызықты, әр алуан болуына байланысты. Белгілі-бір салаға маманданған тілші, болмаса басылымдар кез келген оқырманды бейжай қалдырмайды. Газет тақырыптары - өмірдің сан-саласынан хабар беретін ақпараттар ағыны - қазіргі газет ұжымының алдында тұрған басты мақсат пен міндет. Егеменді еліміздің тарихына жаңа көзқараспен қарап, шындық тұрғысынан жазу.
Мерзімді баспасөз қоғам өміріне, қоғам мүшелерінің күнделікті тіршілігіне тікелей араласып, қоғамдық пікір тудыруды мақсат етеді. Тілші белгілі бір жайды хабарлап отырып, мақала тақырыптарына өз бағасын береді. Осы мақсаттарға сәйкес берілген мақалаларда қолданылатын сөздің ерекшеліктері, газет тілшілерінің тіл мәдениетін сақтаудағы шеберліктері айқындалады.
«Бас мақала - газет ұстанатын идеялық бағыттың айнасы. Бас мақала маңызы кеше де, дәл бүгінгі күні де актуальды, себебі, мемлекет тұтынып отырған идеология, ол ұстанған стратегиялық бағыт, оларды іске асырудың тиімді жолдары, құнды пікірлер мен нұсқаулар мақаланың аталмыш түрі арқылы газеттерде күн сайын көрініс беруі - басты саясатты іске асырудың тиімді тәсілі. Әсіресе, бұл ұстаным мемлекеттік басылымдарда, республикалық деңгейдегі, айталық, «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Заман-Қазақстан», «Заң газеті», т. б. сынды органдар арқылы елге, қалың оқырманға танылуы керек. Бірақ, байқауымызша, кейбір газеттер бұл тенденцияны, осы бағытты жоғалтып отырған сыңайлы.
Бас мақала алғашқы қазақ газеттерінің ішінде «Қазақта» тұрақты және жүйелі түрде кездеседі. Бұл газеттегі бас мақалалардың авторлары сол тұстағы саяси және қоғам қайраткерлері А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ә. Бөкейхановтар еді. Газет шығарушылары үшін бас мақалалар өз позицияларын елге таныту мен жеткізудің өте оңтайлы тәсілі болды» [1, 59 б. ] .
Бұл дәстүр Кеңес өкіметі жылдарында одан әрі жалғасын тауып, орнығып, тіптен ерекше күнделікті өмірде бұлжымас қағидаға айналып, олар «Правда», «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» сынды газеттердегі бас мақала-нұсқауларда өріліп отырғанын біз жақсы білеміз, соның нәтижесінде бас мақалалар одан әрі идеологияландырылып, көтерер жүгі ауырлай түсті.
Б. Момынова қазіргі кезде кейбір республикалық басылымдарда бас мақаланың орны толық анықталмағанын айтады. Әсіресе, «Жас Алаш» газеті бас мақалалардың маңызды рөл атқаратынын есепке алмайтынын, жастарға идеологиялық бағыт-бағдар берудің орнына, газеттің бірінші бетінде ұсақ-түйектерді тілге тиек ету, қарапайым тілдік қолданыстарды талғамсыз қолдану, тіпті кейде варваризмдерді қалай болса солай пайдалану әдетке айналып бара жатқандығын ескертіп өткен [1, 62 б. ] .
Сонымен, қорыта айтсақ, бас мақаланың газет құрылымындағы ерекше орны оның мәтіндік мазмұнымен тікелей байланысты.
Бас мақала жоғары деңгейдегі, яғни мемлекеттің жүргізіп отырған идеологиясын, саяси бағытын танытуға тиіс газеттің ерекше жанры болып табылады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz