Берқайыр Аманшиннің шығармашылық ізденіс саласы


КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Туған әдебиетіміздің ең бір өркен жайған алтын ғасыры - ХХ ғасырдың елуінші жылдарынан бастап, қазақ әдебиетінің дамуына өз үлесін қоса білген, шығармашылық мұрасы мол әрі сан салалы қаламгерлік тұлғаның бірі - Берқайыр Аманшин. Ол төл әдебиетімізге түрлі жанрдағы еңбектері арқылы өз мүмкіндігін толығымен танытып, талант дарынын жан-жақты аша алды. Ақындық арқылы поэзия әлеміне із тастаса, проза арқылы көркем сөзде өз орнын айқындай алды. Оның аударма арқылы түрлі ұлттар арасындағы әдеби байланысты бекіте түсуі де үлгі аларлық шығармашылық ұмтылыс деп білеміз. Ал енді әдеби-сыни еңбектері осы саладағы талғам мен танымды қалыптастыруға елеулі үлес қосты. Әсіресе, зерттеушінің ұлтымыздың ұлы ақыны, азаттық жолында қайсар күрескер Махамбет жайлы зерттеулері - ХІХ ғасыр әдебиетінің ең айбынды тұлғасының әдеби мұрасын танып білудегі көшбасшы ізденістер деп бағалауға тұрарлық еңбектер. Ендеше бір басына бірнеше шығармашылық бағытты тоғыстырған творчестволық тұлғаның әдеби мұрасын зерттеу ХХ ғасырдың екінші жартысынан бергі әдебиетіміздің өсу жолдары мен кейбір кемшін тұстарын саралауға мүмкіндік туғызады. Демек, бір ғана Берқайыр Аманшин әдеби мұрасын зерттеу арқылы төл әдебиетіміздегі қилы құбылыстардың болмысына бойлау мүмкіндіктері ашылады. Осы тұрғыдан алғанда зерттеу еңбекте көрнекті қаламгердің әдеби мұрасы, оның ақындық, зерттеушілік, жазушылық қырлары шығармашылық тұлға ретіндегі шеберлік, әдеби танымға үлес болып қосылған зерттеушілік қабілет-қарым тұрғысынан сараланады. Оның ақын ретіндегі суреткерлік болмысы, жазушы ретіндегі өзіне ғана тән қолтаңбасы айқындалады.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі.
Тәуелсіздікке қол жеткізіп, ата-бабаларымыздың арманы болған егемендікке ие болып, өткен күндер тарихы мен мұрасына назар аудара бастаған тұстан бері әдебиет тарихының кеңестік аталатын 70 жылдық кезеңіне де жаңаша қарай бастадық. Кеңестік дәуірдегі әдеби-шығармашылықпен сол кезең туындыларына қайта бір жаңаша көзқарас тұрғысынан назар салу, уақыт талабына сай бағалау замана талабы. Өйткені бүгінгі ой-сана өзгеріп, өткенге ұлттық мүдде биігінен назар салуға бет бұрдық. Әйтсе де, төл жазба әдебиетіміздің, негізінен кеңес заманында өркендеп, нығайғанын естен әсте шығаруға болмайды. Ендеше әдебиет тарихынан кеңестік кезеңді қамтитын 1970-1975 жылды да сызып тастай алмайсыз. Осы кезең әдебиетін жетік білетін академик З. Қабдолов: «Кеңес әдебиеті кеңес дәуіріндегі шым-шытырық шытырман шындықтың шежіресі және жай емес көркем шежіресі. Сол үшін кеңес жазушылары өз ғасырындағы өмір шындығын өнер шындығына айналдырып, шыңдап қана қоймай, келер ғасырлардың жады үшін шегелеп қойды. Сол шегелеген шындықты танып білмесек, біз өз басымыздан өтіп жатқан осы ғасырымыздың шырғалаң сыры мен сипатын танып біле алмаған болар едік» [1, 140-141 бб. ], - дейді бұл туралы. Шыны солай. Әсіресе, ХХ ғасырдың елуінші жылдарынан кейін әдебиет ерекше бір сілкініс пен жаңаруды бастан кешірген сынды. Ол социалистік қоғамның ұлы жетістіктерін жырлаумен бірге ел тарихын, сол тұстағы қоғамдық дамудың шындығын, белгі бедерін бейнелеуге ұмтылыс жасады. Өткенді көркем ойдың елегінен өткізіп, болашақтың бағдарын сол өнері арқылы танытуға тырысты.
А. Байтұрсынов арнасын ашқан ұлттық сананы оятуға деген құштарлық
ХХ ғасырдың әр кезеңіне белгі беріп қалып отырған десек, ол ХХ ғасырдың екінші жартысында жаңа тыныс ашты. Ендеше сөз өнерінің құдіретін асқақтатқан ХХ ғасыр қазақ әдебиетінің ұлттық мәдени өмірінде үлкен өзгерістер жасаған рухани өрлеу дәуірі болып тарихқа енері еш талас туғызбаса керек. Әрине, ХХ ғасырдың басында ұлттық оянуды ұран ете келген әдебиет не бары отыз жыл уақыттан кейін қайта бір тығырыққа тіреліп, замананың қатыгезіне душар болып, «өртеңге шыққан» өрендердің арқасында елуінші жылдардан кейін қайта жанданды. Міне, осы әдебиеттің басты арналарына «қан жүгіре» бастаған тұстары ту ұстаушы шығармашылық тұлғалардың бірі - Берқайыр Аманшин. Ол әдебиетке алдыңғы толқын ағалары Қ. Аманжолов,
Ж. Саин, Ә. Сәрсенбаев, Қ. Бекқожин, Д. Әбілев, Ә. Әбішев, Ә. Тәжібаев,
Ғ. Сланов, Т. Жароков, т. б. аға ақын-жазушылардың ізін баса келді. Ал жоғарыда аталған ақын-жазушылар жөнінде академик С. Қирабаев:
« . . . таланттардың ешқайсысы бірін-бірі басып кетпей, біріне бірі бөгет жасамай, нағыз өсер әдебиетке тән әр түрлі және талантты қаламгерлердің тобын құрайды. Әркім өз бетінше ізденеді, біреулері, заман дүбірін, оның қарқынды дамуын лепті жырларымен дүрілдете жырласа, екіншілері, өмірдің өзіндей баяу ағысымен реализмнің толымды жолын қарастырды» [2, 82 б. ], - деп оларға тән шығармашылық ерекшелікті нақтылай көрсетеді. Біз зерттеуге құлықты болып отырған Б. Аманшин - «Өмірдің өзіндей баяу ағысымен реализмнің толымды жолын қарастыруды» құп көрген қаламгер. Ол өзіндік іздену өрісін байытып, қазақ әдебиетінің жаңа өмір ағысын шыншылдықпен көрсетуді байыта білген шығармашылық тұлға.
Берқайыр Аманшин ақын ретінде өзі өмір сүрген кезеңдегі тіршілік тынысын, елдің өткен жолын, соғыс кезіндегі патриотизмнің үлгісін көрсете білген үлкен жүректі адамдардың қаһармандық ерлігін, қарапайым адамның Отанға деген адалдығын, туған жердің табиғатын көркемдікпен суреттеп, ақындық шабытпен жырлай білді. Өзі өскен ортаға, азамат ретінде қалыптастырған қоғамға ақын көзбен қарап, өмір шындығына терең ой жіберіп, оны сезімдік шабытпен өрістес ете біліп, өз өлең-жырына өзек, арқау боларлық оқиғаларды көңіліне тоқи алды. Сөйтіп, сыр мен сезім тоғысынан жаралған тамаша жырлар туғызды. Сондықтан да ақын поэзиясын көркем бейнелейтін туындыларға айналып, ұлттық оқырман жүрегінен өз орнын таба алды.
Б. Аманшин қырық жылдан астам шығармашылық жолында шағын жанр, сыршыл жанр лирикадан бастап, үлкен эпикалық жырлар жазып, поэзиядағы тұғырын биіктете алған ақын деуге толық құқығымыз бар. Ендеше, қазақ поэзиясының дамуын, ондағы көркемдік ізденіс жолдарын тану үшін сол уақыт жағынан үндес өзге ақындар шығармашылығымен бірге уақыт тынысын сезінуге, ақындық дәстүрді дамытуға белгілі дәрежеде қызмет еткен Берқайыр Аманшиннің ақындық мұрасын танып білудің қазақ әдебиеті тарихы үшін маңызы аса зор. Жазушы ретінде Б. Аманшин өзі өмір сүрген кезеңнің әлеуметтік, психологиялық жай-күйін адам өміріне, тіршілігіне, асыл мұраттарға байланыстыра бейнеледі. Сол арқылы заман шындығын тануға ұмтылды. Оның көркем прозасынан адам болмысының қоғам мүддесімен тығыз байланыста көрінетіндігін тану қиын емес. Б. Аманшиннің прозаик ретіндегі басты ерекшелігі өзі өмір сүрген қоғамның ағымымен біржақты кетпей, ондағы алуан түрлі құбылыстарды «көкірек көзімен» көре біліп, суреткерлік түйсікпен қабылдап, қат-қабат қыртыстардағы болмашы өзгерістердің мәнін жіті байқап, оны өз туындысының өзегіне айналдырып, оқырманға ой сала алған қаламгерлік дарынында. Жазушы шеберлік мектебінің көрігі іспетті әңгіме жанрында ізденісті еңбек етті. Оның әңгімелері тұғырлы идеясымен де, көркемдік құнарлығымен де қызықтырады. Қаламгердің көптеген әңгімелері қарапайым оқиғалардан көкейге түрлі ой салар келелі мәселелерді көтере алатындығымен және оны өзінің азаматтық мақсат-мұраты биік кейіпкерлерінің өнеге-үлгі шаша алар адами қасиеттері арқылы оқырман санасына орнықты жеткізетіндігімен ерекшеленеді. Оған, әрине, шеберлік қажет. Бұл туралы: «Шеберлік шексіз, оның ұшы-қиырын табу қиын, өйткені суреткер ғұмырын тек шеберлік жолына сарп етеді» [3, 359 б. ], - депті әдебиет теоретигі әрі жазушы З. Қабдолов. Рас сөз, Б. Аманшин де шеберлікті игеруге шығармашылық ғұмырын сарп еткен жазушы.
Жалпы алғанда, Б. Аманшин қаламынан қазақ әдебиетінің қорына қосылар мол дүние қалды. Қаламгердің әдеби мұрасында оның суреткерлік қолтаңбасының белгісін, жазушылық дарыны мен көркемдік танымын танытатын біршама жақсы туындылар бар. Атап айтсақ, «Көкжар», «Жар мұңы», т. б. повестері мен тарихи тақырыптарды игеруге деген құлшыныс танытқан «Махамбеттің тағдыры» атты романы. Аталмыш шығармалар туралы республикалық басылымдар беттерінде ара-кідік сөз болғанымен де, олардың көркемдік эстетикалық деңгейлері туралы пікір қалыптаса қойған жоқ. Сондықтан да жазушының әдеби мұрасындағы бұл туындылардың қазақ әдебиетінен алар орнын айқындау үшін олардың бүгінгі әдебиеттану ғылымының зерттеу нысанына, таным өзегіне айналуы аса қажет.
Берқайыр Аманшиннің әдеби мұрасының бір саласын әдеби сын және әдеби зерттеу құрайды. Ол өз басына шығармашылық таланттың бар қырын топтастырған жан-жақты дарын ретінде бұл салада қомақты істер атқарды. Аса көрнекті әдебиетші ғалым Е. Ысмайылов: «Сыншы қайнаған қызу айтыстардан сырт қала алмайды. Бүгінгі әдебиеттің ең көкейкесті творчестволық мәселелеріне күнбе-күн араласу жауынгер сыншының басты міндеті» [4, 6 б. ], - десе, Берқайыр Аманшиндей туған әдебиет жайлы қызу айтыс-тартыстардан бас тартып көрмеген, көркем шығармаға деген талап талғамын еш төмендетпеген талғампаз таным иесі осы бір қиындығы мол, талабы зор, рахметі аз істе де өзіндік орнын таба білді. Сын тарихының білгірі, профессор
Т. Кәкішев қазақ әдебиеті сынының тарихын үш кезеңге бөліп: «Бірінші кезең - қазақ әдебиеті сынының туу дәуірі. Қазақ әдебиеті сынының туу процесі қазан төңкерісіне дейін созылған. Екінші кезең - қазақ әдебиеті сынының жанр ретінде қалыптасу және әдебиеттану ғылымының қалыптасу, туу дәуірі. Бұл процесс 1917-1937 жылдардың арасын қамтиды. Үшінші кезең - қазақ әдебиеті сынының өсіп-өркендеу және әдебиеттану ғылымының қалыптасу дәуірі 1938-1985 жылдар аралығы» [5, 30 б. ], - деп көрсетеді. Міне, осы үшінші кезеңде елеулі еңбек еткен сыншылардың бірі - Берқайыр Аманшин. Көп қырлы талант иесінің әдебиеттану саласындағы ізденісі сыни ой-пікірмен ғана шектеліп қалмайды. Ол қазақ әдебиеті тарихынан алар орны айқын Шернияз Жарылғасұлы, Ығылман Шөреков, т. б. шығармашылықтарын танып білуге біршама қызмет етіп, ақиық ақын Махамбет Өтемісұлы поэзиясын зерттеуге, жалпы махамбеттануға өлшеусіз үлес қосты. Зерттеушінің Махамбеттің өмірі мен отаршылдыққа қарсы күрес басшысы ретіндегі қайраткерлігін, ақындық құдіретін танудағы өлең-жырларының мәтіндік негіздерін қалпына келтірудегі ұшан-теңіз еңбегін айрықша бағалауы тиіс. Қазақ әдебиетіндегі ұлт-азаттық идеяның дәстүрін қалыптастырған ұлы ақын болуы Махамбет поэзиясының құдірет-күшін ғылыми негізде зерделеу, байыптау ісін жалғастыра беру қажеттігін танытады. Махамбеттану кеше мен бүгіннің ғана емес ертеңнің де ілімі. Сондықтан махамбеттанушы ғалымдардың осы саладағы атқарған, зерттеген еңбектеріне уақыт, қоғам тұрғысынан баға беріп отыру қажеттігі даусыз. 30-40 жыл шамасындағы махамбеттанумен түбегейлі айналысып, осы саланың көрнекті зерттеушісі деңгейіне көтерілген Б. Аманшиннің Махамбеттің азаматтық, ақындық тұлғасын ашқан еңбектерін ғылыми тұрғыдан саралай қарастыру әдебиеттану ғылымына аса қажет екендігін айқындай түседі.
Жоғарыда айтылғандардың бәрін қорытындылай келгенде, Б. Аманшин - өзіндік ақындық үнімен, жазушы суреткерлік қолтаңбасымен, әдебиеттанудағы жаңашыл ізденістерімен төл әдебиетімізде өз орнын төрден алған шығармашылық тұлға. Қаламгер мұрасы өте бай. Оның қаламынан алуан жанрда талай тамаша туындылар туып, олар өз кезегінде қазақ әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосты. Осы орайда, 50-80 жылдардағы ұлттық әдебиетіміздің дамуын, көркемдік биігін байыптау үшін өзге де ақын-жазушы, зерттеушілерімізбен қатар Б. Аманшиннің әдеби мұрасы сарапталуы, жан-жақты қарастырылуы тиіс. Сан қырлы саңлақ дарынның артында қалған әдеби мұрасын екшеп, сұрыптап, талдап тарамдап, ғылыми сараптамадан өткізу оның шығармашылық шеберлігін, зерттеушілік ізденімпаздығын таныту бүгінгі тәуелсіз ел атанып, етек-жеңімізді жиған тұста аса қажет. Зерттеудің өзектілігі, міне, осында көрініс табады.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Б. Аманшиннің әдеби мұрасы - күрделі зерттеу жұмыстарына болмаса да, әр жылдарда қаламгер шығармашылығына арналған жекеленген әдеби-сыни мақалаларда сөз болып жүрген ғылыми мәселе. Шығармашылық тұлғаның рухани мұрасының көркемдік деңгейі, ақындық қуаты, жазушылық шеберлігі, зерттеушілік табыстары туралы баспасөз бетінде бір қатар әдеби сын-мақалалар жарық көрді. Ол еңбектерде қаламгер шығармашылығының біраз қырлары сөз болып, байыпты толғамдар айтылған. Олардың бастылары ретінде Х. Ерғалиевтің, Ғ. Қайырбековтің, З. Қабдоловтың, А. Шәмкеновтің, Б. Қорқытовтың, т. б. мақалаларын атап өткен орынды. Дегенмен, Б. Аманшиннің шығармашылық мұрасы жүйелі түрде зерттеліп, жан-жақты қарастырылып, әдебиеттану ғылымында арнайы зерттеу объектісіне айналған жоқ. Поэзиясының поэтикалық қуаты, прозасының сыр сипаты, зерттеу еңбектерінің ғылыми бағалығы жеке-дара да, тұтас күйінде де толыққанды ашылған жоқ. Оның әдеби мұрасын қазақ жазба әдебиетінің қол жеткізген биігінің бірі ретінде ғана емес, жалпы көркем әдебиет әлеміндегі дара сипатқа ие құбылыс ретінде зерттеудің қажеттілігін елеусіз қалдыруға болмайды.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың басты мақсаты -Б. Аманшин әдеби мұрасының жалпы әдеби үдерістегі алатын орнын, қаламгердің идеялық-эстетикалық ізденістерін, өзіне тән шығармашылық болмысын, әдеби-сыни еңбектерінің әдебиеттану ғылымындағы үлес салмағын таразылау. Осы мақсатқа орай алдымызға төмендегідей міндеттер қойдық:
- Б. Аманшиннің шығармашылық ғұмырнамасын жүйелей отыра жалпы көркем шығармашылықтағы ізденіс жолын саралау;
- Б. Аманшин лирикасының сыршылдық табиғатын танып, кезең шындығын жырлаған өлеңдеріндегі ой-танымның мән-мағынасын ашу;
- Б. Аманшин поэмаларының жанрлық ерекшеліктерін, саяси-қоғамдық, тарихи-тақырыптық, идеялық-эстетикалық құндылықтарын айқындау;
- Б. Аманшиннің әңгіме-хикаяттарындағы көркемдік ізденістер мен өмір шындығын бейнелеудегі өзіндік шығармашылық болмысын анықтау;
- «Махамбеттің тағдыры» романындағы тарихи шындық пен көркемдік шындық сабақтастығын саралау;
- Б. Аманшиннің сыни еңбектерінің 50-80-жылдардағы сын жанрының дамуына қосқан үлесін, кейбір жекеленген шығармашылық тұлғалардың(Ш. Жарылғасұлы, Ы. Шөреков, т. б. ) қазақ әдебиетіндегі орнын айқындаудағы ізденістерінің мән-маңызын зерделеу;
- Б. Аманшиннің Махамбет шығармашылығына қатысты өзіндік ғылыми ұстанымдарын нақтылау және махамбеттанудағы зерттеуші ізденістерінің басты бағыттары мен желілі арналарын жүйелеу.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Зерттеу жұмысында Б. Аманшиннің шығармашылығы монографиялық деңгейде тұңғыш рет зерттеу нысаны болып отыр. Сондықтан жұмыстың ғылыми жаңалығы көтерілген мәселелердің көкейкестілігімен айқындалады:
- жұмыста тұңғыш рет қаламгердің толыққанды шығармашылық ғұмырнамасы жасалып, әдебиеттің түрлі жанрларындағы жемісті ізденістері жүйелі сараптаудан өтті;
- Б. Аманшин поэзиясы идеялық-тақырыптық тұрғыда алғаш жүйелі түрде негізделіп, оған бүгінгі көзқарас тұрғысынан баға берілді;
- жазушының суреткерлік болмысы мен сөз зергері ретіндегі шеберлік қырлары ғылыми тұрғыдан алғаш рет дәйектелді;
- Б. Аманшин шығармаларының көркемдік-эстетикалық сипаты замана шындығымен байланысы арқылы ашылып, ғылыми тұрғыда байыпталды;
- қаламгерді қызықтырған тақырыптар мен идеялық ізденістер аясы толық қамтылып, оның шығармашылық шеберлігін танытатын көркем дүниелерді талдау барысында туындыгердің өзіне ғана тән ерекшеліктері нықтыланды;
- қаламгердің өзіне тән шығармашылық әдіс-тәсілдері, эстетикалық әлемі, философиялық танымы, көркемдік ізденіс жетістіктері жүйелі зерттеліп, дәйекті пікірлермен тұжырымдалды;
- Берқайыр Аманшиннің ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесі айқындалды.
Зерттеу жұмысының нысанасы ретінде Б. Аманшиннің лирикалық өлеңдері мен поэмалары топтастырылып, әр жылдары жарық көрген «Өлеңдер» (1954), «Бұтақтағы бұлбұлдар» (1958), «Жетісу-Жайық» (1961), «Менің өмірбаяным» (1965), «Маңғыстауым менің» (1972), «Жайық желі» (1978), «Құттыхана» (1983) өлең жинақтары, әңгімелері мен «Жар мұңы», «Көкжар» повестері, «Махамбеттің тағдыры» романы және әрі сыншы, әрі зерттеуші ретіндегі қаламгердің әдеби-сыни мақалалары мен соңғы жылдары жарық көрген іргелі зерттеулері алынды.
Зерттеу жұмысының теориялық және әдіснамалық негіздері.
Қаламгердің талант қырын жан-жақты ашу үшін қазақ әдебиеттануы көрнекті өкілдерінің басты да бағалы ғылыми еңбектері басшылыққа алынды. Атап айтсақ, А. Байтұрсынов, М. Әуезов, З. Қабдолов, С. Қирабаев, Т. Кәкішұлы,
Р. Бердібаев, Р. Нұрғали, Ж. Тілепов, Ж. Дәдебаев, С. Негимов, З. Бисенғали,
Б. Майтанов, С. Әшімханова, Ө. Күмісбаев, З. Сейітжанов, Д. Ысқақұлы,
Н. Сағындықова, Т. Есембеков, Н. Жуанышбеков, Ө. Әбдиманұлы,
Қ. Мәдібаева, Д. Қамзабекұлы, А. Шәріп, Б. Әбдіғазиев, А. Жақсылықов, т. б. зерттеулеріндегі диссертацияның мазмұнына қатысы бар теориялық тұжырымдар мен ұстанымдар зерттеу тақырыбымыздың мақсатына орай пайдаланылды.
Зерттеу пәні. Берқайыр Аманшиннің поэзиясы, қарасөзді көркем шығармалары, сыни мақалалары мен әдеби еңбектері зерттеудің пәні болып табылады.
Зерттеудің әдіс-тәсілдері. Диссертациялық жұмыста жинақтау, жүйелеу, кешенді дәйектеу, салыстырмалы талдау, қорыту әдістері пайдаланылды.
Зерттеудің ғылыми - тәжірибелік мәні. Жұмыстың нәтижелері мен негізгі тұжырымдарын болашақ ғылыми жұмыстарда, орта, арнайы мектептер мен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, оқу құралдарын жазуда, сондай-ақ, жоғары оқу орындарында қазақ әдебиетінің қазіргі кезеңдерін оқытуда, арнайы курстар мен семинарлар жүргізгенде пайдалануға болады.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. Зерттеу нәтижесінде мынадай тұжырымдарды қорғауға ұсынуға болады:
- Б. Аманшин шығармашылығы - алғаш рет зерттеу нысанына айналған, бұрын-соңды зерттеушілердің кең көлемдегі ізденісіне арқау болмаған әдеби мұра;
- Б. Аманшин поэзиясы - өзіне дейінгі қалыптасқан дәстүрден жалғасын тауып, оны жаңашылдықпен дамыта алған, қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар ақындық өнер өрісі;
- Б. Аманшин - шағын жанрдан бастап, повесть, роман жанрына дейін қалам қарымен байқап, шеберлік мектебінен өткен, өз заманының көркемдік шындығын жасап, уақытқа сай көркем образдар сомдай алған жазушы;
- Б. Аманшиннің әдеби-сыни шығармашылығынан көрініс табатын көркемдік таным-талғамы қазақ әдебиеттануындағы сапалы ізденіс белгісі болып табылады;
- Б. Аманшиннің «Махамбеттің тағдыры» романы - тарихи дерек пен жазушы қиялының бірлігінен жаралған тарихи тұлғаның көркем образын сомдаудағы қазақ әдебиетінің биік белесі;
- Б. Аманшиннің махамбеттануға қосқан үлесі - қазақ әдебиеттану ғылымындағы махамбеттану саласының даму үдерісінің нақты көрінісі.
Жұмыстың жариялануы мен сыннан өтуі. Зерттеу жұмысының негізгі нәтижелері мен мазмұны «Әдеби мұра және қазақ әдебиеті тарихын оқыту мен зерттеу мәселелері» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясында (Алматы, 2005), «ХІХ ғасыр әдебиетін оқыту мен зерттеудің өзекті мәселелері және Шернияз Жарылғасұлының әдеби мұрасы» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясында (Алматы, 2007), «ХХ ғасыр әдебиетін зерттеу мен оқыту мәселелері» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында (Алматы, 2008), З. Қабдоловтың 80 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Атырау, 2007) баяндалып, «ҚазҰУ Хабаршысы», «Ақиқат», «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналдарында басылған мақалаларда тұжырымдалды.
Республикалық ғылыми басылымдар мен ғылыми жинақтарда зерттеу тақырыбы бойынша 9 мақала жарияланып, бір ғылыми еңбек жарық көрді.
Зерттеудің құрылымы. Диссертация кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ІЗДЕНІС БАСТАУЛАРЫ
Әдебиет атты ұлы құдіреттің құпиясына құмартып, сөз өнерінің сырларына елтушілер көп те, соның жаратушысына айналған шығармашылық тұлғалар өте аз. Асыл сөздің қыр-сырын меңгеріп, өзінің қаламгер шеберлігін жетілдірудің қиын асуларынан шаршап-шалдықпай, жасқанып-жасымай, тауы шағылмай еңбегінің нәтижесі ел сүйсінерліктей деңгейге көтерілген қаламгерлер сирек. Оның себебі сөз өнерін, сөз сиқырын меңгеруді талап еткенді өзгені тәркі етіп, ұлы Абай айтқандай:
Өзгеге көңлім тоярсың,
Өлеңді қайтіп қоярсың?
Оны айтқанда толғанып,
Іштегі дертті жоярсың [6, 152 б. ], -
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz