Кәсіпкерлердің құқыққа қарсы бейім мінез-құлықтарының алдын алу мәселелері


Жұмыс түрі: Дипломдық жұмыс
Тегін: Антиплагиат
Көлемі: 133 бет
Таңдаулыға:
Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті
ӘОЖ 343. 37:343. 98 (574) Қолжазба құқығында
Садықов Алмас Жасенұлы
КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ құқыққа қарсы бейім мінез-құлықтарының алдын алу мәселелері
(криминологиялық аспектілер)
12. 00. 08 - қылмыстық құқық және криминология;
қылмыстық-атқарушылық құқығы
Заң ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын алу үшін дайындалған диссертация
Ғылыми жетекшісі
заң ғылымдарының докторы,
профессор Е. О. Алауханов
Қазақстан Республикасы
Алматы
2009
МАЗМҰНЫ
Белгілеулер мен қысқартулар . . . 3
Кіріспе . . . 4
1 Кәсіпкердің жария-құқықтық мәртебесі және оның құқыққа қарсы бейім мінез-құлықтары үшін қылмыстық жауаптылығы . . . 14
1. 1 Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтық мәртебесі және оның кәсіпкерлік қатынастарға құқық тәртібін қамтамасыз етудегі маңызы . . . 14
1. 2 Кәсіпкерлік субъектілерінің құқыққа қарсы бейім мінез-құлықтары үшін қылмыстық жауапкершілігі . . . 24
1. 3 Қылмыс жасаған кәсіпкерлерді топтастыру . . . 38
2 Субъектісі кәсіпкер болып табылатын қылмыстарды жасағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылған адамдардың сипаттамасы . . . 48
2. 1 Экономикалық қызмет саласындағы қылмыскердің жеке басының ерекшеліктерін анықтаудың теориялық тәсілдері . . . 48
2. 2 Кәсіпкерлік қызмет саласында қылмыс жасаған адамдардың сипаттамасы . . . 58
3 Кәсіпкерлердің қылмыстық іс-әрекеттеріне қарсы тұрудың ұйымдық және құқықтық шаралары . . . 70
3. 1 Кәсіпкерлердің қылмыстық іс-әрекетіне қарсы тұрудың ұйымдық шаралары . . . 70
3. 2 Кәсіпкерлердің қылмыстық іс-әрекетіне қарсы тұрудың құқықтық шаралары . . . 78
3. 3 Кәсіпкерлердің құқық бұзуға бейім мінез-құлықтарының алдын алудың криминологиялық бағыттары . . . 89
Қорытынды . . . 104
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 112
Белгілеулер мен қысқартулар
АК - Азаматтық кодекс
ӘҚтК - Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс
БАҚ - Бұқаралық ақпарат құралы
БҰҰ - Біріккен Ұлттар Ұйымы
ЕК - Еңбек кодексі
ЖІҚ - Жедел іздестіру қызметі
КТІБ - Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімшелер
КПБ - Криминалдық полиция бөлімі (басқармасы)
ҚАЖК - Қылмыстық атқару жүйесі комитеті
ҚК - Қылмыстық кодекс
ҚСжАЕК - Құқықтық статистика және арнайы есеп жүргізу комитеті
ҚІЖК - Қылмыстық іс жүргізу кодексі
МҚК - Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті
МТК - Мемлекеттік тергеу комитеті
МҰК - Мемлекеттік ұлттық комитет
ОҚО - Оңтүстік Қазақстан облысы
СМҰКБ - Социалистік меншікті ұрлаумен күрес бөлімі
ТҚД - Техникалық қызмет департаменті
ҰҚКБ - Ұйымдасқан қылмыстылықпен күрес бөлімі
ҰҚКД - Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Департаменті
ШҚО - Шығыс Қазақстан облысы
ЭСҚКА - Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстармен күрес жөніндегі Агенттік
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық зерттеу кәсіпкерлердің қылмыстық іс-қылық проблемаларын және оларға қатысты заңдарды жетілдіру мәселелерін зерделеуге арналған. Жұмыста кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтық мәртебесі және оның кәсіпкерлік қатынастардағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі маңыздылығы қарастырылады, қылмыс жасаған кәсіпкерлердің топтамасы, сондай-ақ кәсіпкерлік қызмет саласында қылмыс жасаған адамдардың сипаттамасы беріледі.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Соңғы онжылдықта Қазақстанда заңнама едәуір өзгерістерге ұшырап, ұдайы дамуда. 1995 жылы 30 тамызда жаңа Конституция қабылданды. 1998 жылдың 1 қаңтарынан жаңа Қылмыстық, Қылмыстық іс-жүргізу және Қылмыстық-атқару кодекстері күшіне енді. Қылмыстылықтың алдын алу саласындағы құқықтық қатынасты реттейтін бірқатар нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілді [1, 4-б] .
Осы кезеңде заңдылық пен құқық тәртібін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандығын қорғау, қылмыстылықтың алдын алу және одан сақтау, оның аса қауіпті түрлері ұйымдасқан, рецидивтік, экономикалық қылмыстармен және сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту мәселесі ерекше маңыздылық алды. Бір сөзінде ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаев:
« . . . біздің әлеуметтік-экономикалық өзгерістеріміз бен демократиялық мемлекеттілік құрған іс-әрекеттеріміз реформалар саясатына, қоғамдағы тұрақтылыққа, азаматтардың өмірі мен аман-саулығына қауіп төндіретін криминогендік процестердің кең етек алу кезеңіне тап болып отыр», - деген еді [2, 3-б. ] .
Шаруашылық қызметтің қоғам дамуындағы рөлі айрықша, ол әртүрлі негізде дамуы мүмкін. Оны біз бір кездері әкімшілік-әміршілдік тәсілдермен жүзеге асыруға талпыныс жасадық.
Бірақ ХХ ғасырдың 90-жылдары әлеуметтік-экономикалық және саяси-құқықтық реформаларды нарықтық негізде жүргізе бастадық. Нәтижесінде меншіктің неше түрі пайда болды, ал кәсіпкер меншіктің негізгі өндірістік функциясын іске асырушы және объективтік экономикалық факторларды іске асыру тетіктерін қамтамасыз етуші субъект ретінде қарастырылды [3, 2-б. ] .
Соңғы жылдары мемлекет кәсіпкерлікті дамытуда бірқатар жұмыстар атқарды, нәтижесінде сауда-саттық, халыққа тұрмыстық қызмет көрсету, қоғамдық тамақтандыру, құрылыс, материалдық-техникалық қамсыздандыру, дайындау және өткізу, жылжымайтын мүліктермен операция салаларында жеке меншік формасындағы кәсіпорындар көптеп пайда болды. Олардың көпшілігі коммерциялық ұйымдар мен жеке кәсіпорындар. Кәсіпкерлік қызмет құқықтық ықпалдың объектісіне айналды, оның қалыпты жұмыс істеуіне жағдай туды [4, 12-б. ] .
Бірақ, мұндай дұрыс жақтары бола тұра, мемлекеттің меншіктен бас тартуға және оны жеке адамдардың жекешелендіруіне бағытталған соңғы жылдардағы саясаты нарықтық экономикадан біз күткен нәтижені бермей отыр. Оның экономикалық егжей-тегжейін ақтармасақ та, қоғамның қарқынды дамуына кедергі болып отырған криминалдық сипаттағы бірқатар мән-жайларды айтпай кетуге болмайды.
Мысалы, ресми емес экономика деген пайда болды, экономикалық қызметтің заңды түрлерінің өзінде ресми статистикада көрсетілмейтін тауар өндіру, қызмет көрсету сияқты фактылар көбейді, олар үшін салық төленбеді. Сонымен қатар экономикада қосып жазу, алыс-беріс мәмілелері, алаяқтық кең етек алды. Және де экономикалық қызметтің заңда тыйым салынған түрлеріне нәр беріп тұратын криминалдық экономика қалыптасты. Сондықтан да, бізде, экономиканы дамытудың оң үрдістерімен қатар, кәсіпкерлердің криминалдану процесі жүрді, ол заңды да еді.
Бұл үрдіс, жалпы, нарықтық экономиканы ұстанған елдерге тән, онда кәсіпкерлер жасайтын қылмыстардың барлық қылмыстар ішіндегі үлесі едәуір болып келеді. Құқыққа қарсы іс-әрекеттің бұл түрінде өзінше ерекшелік бар: олардың шын сипатын айқындау өте күрделі, себебі оны жасайтын адамдар, негізінен, мансапты адамдар. Ал бұл қылмыстардың зардаптары материалдық тұрғыдан да, моральдық тұрғыдан да басқа қылмыстардан кем түспейді.
Нарықтық қатынастардың өз бетімен дамуы, кәсіпкерлік белсенділік формаларының жетілуі экономикалық қызмет саласында жасалатын және оны жүргізу тәртібін бұзуға бағытталған кейбір іс-әрекеттердің криминалдануына алып келді. Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстар мен коммерциялық және өзге ұйымдардағы қызмет мүдделеріне қарсы қылмыстар үшін жауапкершілік Қылмыстық кодекстің 7-8 тарауларында қарастырылған.
Мұндай қоғам үшін қауіпті іс-әрекеттер қатарына кәсіпкерлік қызметтің заңсыз формалары жатады, онда бизнеспен еркін айналысу үшін заң берген мүмкіндік заңсыз баюға, аса ауқымды капитал жинақтауға жұмсалады, ал ол қисапсыз қаржы тіптен саясатқа да ықпалын тигізуі мүмкін.
Кәсіпкерлік қызмет саласындағы заңдардың тұрақтанбауы, қылмыстық істердің бұл санаты бойынша тергеу және сот практикасының жан-жақты зерделенбегендігі, сондай-ақ оларды алдын алудың және тергеудің ғылыми әдістемелігінің жоқтығы бұл проблемамен айналысатын қызметкерлерге едәуір қиындықтар тудырып отыр.
Заңсыз кәсіпкерлік қызметтің жасырындық сипаты қылмыстылықтың бұл түрінің нақты масштабын дұрыс бағалауға, осы саладағы экономикалық жағдайға тиімді ықпал ете алатын нормативтік-құқықтық актілер даярлауға мүмкіндік бермей отыр.
Кәсіпкерліктің заңсыз формасының қауіптілігі сонда, ол:
1) қоғамға және азаматтарға едәуір материалдық зиян келтіреді;
2) бұл қылмыстық іс-әрекет жалпы экономикалық жүйені тұрақсыздандыруы мүмкін.
«Экономиканың ресми секторындағы өндіріс қарқыны төмендеген сайын оның заңсыз секторындағы қарқын үдейді және керісінше», - дейді
Л. А. Мифтахова [5, 59-б. ] .
Қоғамда құқыққа қарсы бағдар алған әлеуметтік-экономикалық құрылымдар да пайда болуда, олардың ел ресурстарының басым бөлігін өзіне бағындыруға мүмкіндігі бар.
П. М. Колесниковтың РФ Ішкі істер министрлігінің экономикалық қылмыстармен күрес бөлімшелерінің қызметкерлерінен алған жауаптарының қорытындысына жүгінсек, олардың 52, 5%-ы заңсыз кәсіпкерлікті «қауіпті» деп, 28, 8%-ы - «аса қауіпті» деп, 18, 7%-ы - «онша қауіпті емес» деп бағалаған [6, 5-б. ] .
Практика көрсетіп отырғандай, экономикалық қызмет саласындағы қылмыстарды тиімді тергеуге кері әсерін тигізіп отырған факторларға мыналарды жатқызуға болады:
1) тергеу бөлімшелері мен жедел-іздестіру қызметінің материалдық-техникалық тұрғыдан нашар жабдықталғандығы;
2) құқық қорғау органдарының практик қызметкерлерінің кәсіби деңгейінің жоғары еместігі;
3) мүдделі адамдар тарапынан қарсылық көрсетілуі;
4) мұндай қылмыстарды тергеуге қатысты әдістемелік ұсыныстардың жоқтығы;
5) сот сараптамасын жүргізудегі қиындық;
6) қылмыс жайында дер кезінде хабарламау;
7) басқа қызметтермен арада үйлесімді әрекеттердің болмауы;
8) басқа да факторлар [7, 279-б. ] .
Бұл проблемалар заңсыз кәсіпкерлік қызметпен күрестің терең экономикалық реформаларды жүзеге асырудың қажетті шарты ғана емес, жалпы экономиканы ары қарай дамытудың тағдырын анықтайтындығын көрсетіп отыр. Заңсыз кәсіпкерліктің жан-жақты тергелуі практикалық қызметте кездесетін проблемалардың қылмыстық-процессуалдық және криминалистік тұрғыдан кешенді дұрыс талданғанына көп байланысты.
Сонымен заңсыз кәсіпкерлікті тергеудің әдістемесін жетілдірудің теориялық ғана емес, тікелей практикалық та маңыздылығы бар. Міне, осы мән-жай жұмыстың тақырыбын таңдауға негіз болды.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Кәсіпкерлер субъектісі болып табылатын қылмыстарға, әкімшілік және салықтағы құқық бұзушылықтарға қарсы әрекет ету проблемалары отандық заң әдебиетінде едәуір көрініс тапқан.
Диссертациялық зерттеуді жазу барысында А. И. Алексеев, Р. С. Белкин, Н. Н. Ветров, В. П. Верин, Б. В. Волженкин, И. М. Гальперин, С. И. Герасимов, Я. И. Гилинский, Е. Е. Дементьева, А. И. Долгова, А. Э. Жалинский,
А. А. Жижиленко, Б. В. Здравомыслов, С. М. Иншаков, Н. Ф. Кузнецова,
И. И. Карпец, В. В. Колесников, И. И. Кучеров, В. Ф. Кириченко,
Н. И. Коржанский, В. Н. Кудрявцев, И. С. Лейкина, Ю. И. Ляпунов,
В. Д. Ларичев, С. Ф. Милюков, Г. А. Миньковский, А. Б. Мельниченко,
С. В. Максимов, В. Е. Мельников, А. Б. Сахаров, Е. В. Платонов, Ш. И. Чинхоев сияқты кеңестік және ресейлік ғалымдардың еңбектері зерделеніп, тиісті бағаларын алды.
Қазақстанда экономикалық қылмыстармен күрес мәселесі Н. М. Абдиров, А. Н. Ағыбаев, Е. О. Алауханов, И. Ш. Борчашвили, Н. О. Дулатбеков,
Р. Е. Джансараева, А. Ш. Ещанов, С. М. Иманбаев, Е. И. Қайыржанов,
Б. Калаганов, М. Ч. Қоғамов, Б. М. Құрманбаев, Ғ. С. Мәуленов,
С. С. Молдабаев, М. О. Нукенов, С. М. Рахметов, И. И. Рогов, А. Темербеков, А. А. Смагулов, Н. Н. Турецкий, Б. Х. Төлеубекова, Е. З. Тұрғымбаев,
Г. Д. Тіленшиева, К. Ш. Уканов еңбектерінде жарық көрген.
Кәсіпкерлердің құқыққа қарсы бейім мінез-құлықтарының алдын алуға шетелдік криминологтар да (әсіресе АҚШ пен Англияның) қызығушылық танытып отыр. С. Альберхттің және Дж. Венцтің [8, 45-б. ], Г. Каизер,
Х. Кернер, Дж. Шелли, Э. Шур және басқалардың жұмыстарында кәсіпкерлердің қылмыстық іс-қылықтары мәселесі «ақжағалы», «артықшылықты» және «маңғазды» қылмыстылық тұрғысынан қаралады. Көрсетілген авторлардың экономикалық қылмыстармен күрес проблемасын шешуге қомақты үлес қосқандығына қарамастан, олардың жұмыстарында жалпы іс жүргізу ұсыныстары не заңсыз кәсіпкерліктің жекелеген мәселелері берілген. Және де кәсіпкерлердің құқыққа қарсы іс-қылығымен байланысты қылмыстық-құқықтық және криминологиялық проблемалар монографиялық зерттеу мен салааралық байланыс деңгейінде зерделенген жоқ.
Сондықтан да кәсіпкерлердің құқыққа қарсы іс-қылықтарына қарсы тұрудың тиімді шараларын дұрыс анықтаудың қылмыстық құқық және криминология ғылымындағы рөлі ерекше. Кәсіпкер субъектісі болып табылатын қылмыстармен күресудің теориялық және тәжірибелік мәселесін оңтайлы шешу үшін Қазақстан Республикасында қалыптасқан нақты әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайға сүйену керек.
Диссертациялық зерттеудің мақсаты мен міндеті. Диссертациялық зерттеудің мақсаты мынадай:
- субъектісі кәсіпкер болып табылатын қылмыстардың қылмыстық-құқықтық және криминологиялық проблемаларын кешенді талдау;
- теориялық негіздеу және сол арқылы кәсіпкерлердің қылмыстық іс-әрекеттеріне қарсы тұра алатындай ұйымдық және құқықтық шараларды жүйеге келтіру;
- тергеу және сот практикасын жинақтап қорыту негізінде бұл қылмыстық қызметпен күресті ұйымдастыру мәселесін қарау.
Мұндай мақсатқа жету үшін мынадай теориялық және ғылыми практикалық міндеттерді шешу қажет:
- «кәсіпкердің құқықтық мәртебесі» ұғымының мәні мен ерекшелігін анықтап, кәсіпкерлерді қылмыстық және өзге де жауапкершілікке тартумен байланысты мәселелерді шешу үшін оның қаншалықты маңызды екендігін айқындау;
- кәсіпкерлердің қоғамға қарсы іс-әрекеттер үшін жауапкершілігі проблемасын айқындап, оны талдау және бұл мәселенің шешілу жолдарын анықтау;
- субъектісі кәсіпкерлер болып табылатын қылмыстармен күресуге бағытталған қылмыстық заңдарды жетілдіру жөнінде ұсыныстар даярлау;
- кәсіпкерлерді белгілі бір санаттарға бөлшектеу проблемасын талдау және әртүрлі критерийлерді ескере отырып оларды топтастыру;
- «қылмыскер тұлғасы» ұғымына криминологиялық талдау жасау және оның «қылмыскер-кәсіпкер тұлғасы» ұғымымен арақатынасын анықтау;
- кәсіпкерлік қызмет саласындағы қылмысы үшін сотталғандардың жеке бас ерекшеліктерін олардың әлеуметтік-демографиялық және қылмыстық-құқықтық сипаттамалары негізінде бөліп алу;
- кәсіпкерлердің қылмыстық іс-қылықтарына қарсы тұрудың ұйымдық шараларының күйіне баға беру және оларды жетілдіру жөнінде ұсыныстар даярлау;
- кәсіпкерлердің қылмыстық іс-қылықтарымен күресудің қылмыстық шараларының мүмкіндіктерін анықтау және бұл шараларды оңтайландыру мақсатында отандық заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар даярлау.
Зерттеудің объектісі мен заты . Кәсіпкерлерді қылмыстық және өзгедей жауапкершілікке тартумен байланысты туындайтын қоғамдық қатынастар, сондай-ақ олардың құқыққа қарсы бейім мінез-құлықтарының алдын алу шараларының жүйесі диссертациялық зерттеудің объектісі болып табылады. Кәсіпкерлердің мәртебесін және қылмыс үшін, өзгедей құқық бұзушылық үшін жауапкершілігін белгілейтін құқықтық нормалар, сол нормаларды құқық қорғау органдарының іске асыру практикасы, сондай-ақ олардың кәсіпкерлер тарапынан болатын қылмыстық іс-әрекеттердің алдын алу қызметі диссертациялық зерттеудің заты болып табылады.
Диссертациялық зерттеудің ғылыми жаңалығы . Бұл диссертация субъектісі кәсіпкер болып табылатын немесе оның қатысуымен жасалуы мүмкін қылмыстармен күресудің қылмыстық-құқықтық және криминологиялық проблемаларын кешенді монографиялық зерттеу болып саналады. Ол экономикалық қылмыстармен күресті оңтайландыруға бағытталған алғашқы жұмыстардың бірі, онда құқық қорғау қызметі үшін аса өзекті мәселелердің жүйелік талдамасы берілген.
Диссертант кәсіпкердің құқықтық мәртебесінің мәні мен ерекшелігін анықтау мақсатында кешенді зерттеу жүргізген. Экономикалық қызмет саласында құқыққа қарсы іс-әрекет жасағаны үшін кәсіпкерлерге қойылатын жауапкершілік проблемалары талданған, оларды шешудің варианттары ұсынылған. Автор қылмыс жасаушы кәсіпкерлерді топтастыру мәселесін зерделеген, мұндай адамдардың типологиясын жасаған.
Ғылыми-теориялық материалдарды және құқық қолдану практикасын жинақтап қорыту негізінде автор заңнамалық және ұйымдық сипаттағы бірқатар ережелер даярлап, оларды қорғауға ұсынып отыр.
Диссертациялық зерттеудің теориялық және тәжірибелік маңыздылығы. Диссертацияның теориялық маңыздылығы сол, субъектісі кәсіпкер болып табылатын экономикалық қылмыстарды айқындау, ашу және тергеу тәжірибесін зерделеу арқылы диссертант бұл тұлғалардың сипаттамаларын модельдеді. Оны тұрғызу кезінде автор ғылыми зерттеу нәтижесінде алынған нәтижелерін басқа авторлардың сондай материалдарымен салыстырды, өз тарапынан тиісті тұжырымдар жасап, оларға ғылыми дәлел келтірді. Диссертант, сонымен қатар, экономикалық қызмет саласындағы қылмыскер және қылмыскер-кәсіпкер сияқты категорияларға тән ерекшеліктерді анықтау үшін қылмыскер тұлғасына психология және криминология тұрғысынан талдама жасады.
Диссертациялық зерттеудің тәжірибелік маңыздылығы сонда, автор кәсіпкерлердің қылмыстық іс-әрекеттеріне қарсы тұрудың ұйымдық-құқықтық шараларын анықтап, оларды жүйеге келтірді, ол құқық қорғау органдарының кәсіпкерлер субъектісі болып табылатын қылмыстардың алдын алудағы жұмысының тиімділігін арттырады.
Бұл қылмыстың тергелуін жетілдіруге қатысты жұмыста келтірілген ұсыныстар:
- құқық қорғау органдарының заңсыз кәсіпкерлікті ашу және тергеу жұмыстарында;
- кәсіпкерлер (коммерсанттар) жасайтын қылмыстармен күресу заңдарын және шараларын жетілдіру проблемаларына қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстарында;
- әртүрлі оқу органдарында осы мәселеге қатысты берілетін сабақтарда пайдаланылуы мүмкін.
Қорғауға ұсынылған диссертацияның негізгі тұжырымдары:
1) Кәсіпкердің мәртебесі - кешенді салааралық институт, оны конституциялық, азаматтық, әкімшілік, қылмыстық және салық заңдарының нормалары құрайды, тиісті салалық ережелерде сол адамның әлеуметтік рөлінің белгілі бір аспектілерін көрсетеді, оған нақты құқықтар мен міндеттер береді. Кәсіпкер мәртебесінің ерекшелігіне оның құрылымында жеке-құқықтық және жария-құқықтық компоненттердің, сондай-ақ құқық бұзғандығы кәсіпкерді әкімшілік, қылмыстық және салықтық жауапкершілігінің субъектісі деп тануға алып келетін норма-тыйымдардың бар екендігі жатады.
2) Кәсіпкердің құқықтық мәртебесінің кешенді сипаты бұл адамдардың жауапкершілігінің көп құрамды екенін көрсетеді, сол белгілі бір құқықтық қатынастардың туындауы үшін нақты негіздер белгілейтін құқық саласының нормаларымен реттелетін құқықтық қатынастарды қамтиды. Кәсіпкерлік теріс қылық кәсіпкерлер жауапкершілігінің туындауына негіз болады.
Кәсіпкерлердің қылмыстық іс-әрекетіне қарсы тұру практикасы бұл теріс қылықтарды әкімшілік, салықтық және қылмыстық құқық бұзушылыққа және жасалған әрекетте құқыққа қарсы белгі бар қылмыстарға жіктейді.
3) Кәсіпкерлердің жауапкершілігі институты заңдар техникасының аралас құқық қарсының сияқты тетіктеріне негізделіп тұрғызылған, сондықтан да жасалған іс-әрекетті саралағанда барлық мән-жайлар мұқият талдануға тиіс, себебі оның субъектісінің мәртебесін ғана анықтау кәсіпкердің жасалған қылмысқа кінәлі екендігін білдірмейді.
4) Қылмыстық құқықтың теориясына сүйенсек кәсіпкер арнайы субъект болып табылады, себебі оны қылмыстық жауапқа тарту үшін тек жалпы ғана емес, конструктивтік белгілерді де анықтау керек, олар кәсіпкерлік қызмет түрлерін лицензиялауды және анықтау тәртібін регламенттейтін әкімшілік заңдардың нормаларымен және де кәсіпкерлік үшін маңызы бар азаматтық заң нормаларымен анықталады.
5) Экономикалық қызмет саласындағы кейбір қылмыстар үшін, сондай-ақ өзге де бірқатар қылмыстар үшін жеке тұлға да, заңды тұлға да кәсіпкер ретінде қылмыстық жауапкершілік субъектісі бола алады, себебі құқықта тек адам ғана емес, ұйым да тұлға деп саналады, олардың құқықтары мен міндеттері бірдей және ұқсас.
Бұл жағдайды автор заңды тұлғаны құқықтың айрықша субъектісі деп танитын реалистік теорияға негіздейді.
6) Қылмыс жасайтын тұлғалар ретінде кәсіпкерлер типологиясын мына негіздерге сүйеніп жүргізуге болады: біріншіден, оларды нақты конструктивтік белгілермен ерекшеленетін арнайы қылмыс субъектісі деп, екіншіден, бұл тұлғалар қол сұғатын қылмыстардың тікелей объектісі деп ескеріп, үшіншіден, олар жасайтын құқыққа қарсы іс-әрекеттердің объективтік жағының ерекшеліктерін ескере отырып.
7) Әрбір адамға тән психологиялық ерекшеліктердің, сондай-ақ қылмысқа итермелейтін сыртқы факторлардың ықпалынан қылмыс жасаған, бойында құқыққа қарсы іс-әрекеттің арнайы субъектісінің белгісі бар адамды автор кәсіпкер-қылмыскер деп санап отыр.
8) Кәсіпкер мәртебесі бар және экономикалық қызмет саласында бірқатар қылмыстар жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылған адамдық сипаттамаларының талдамасы олардың арасында некеде тұратын, кәмелетке толмаған балалары бар ересек ер адамдардың басым екендігін және олардың білім деңгейінің едәуір жоғары екендігін көрсетті.
Олар қылмыс жасағанға дейін өзіне кәсіби мансап жасап, қоғамға танылып үлгергендер. Күнделікті өмірде екі жақты тірлік жасайды: бір жағынан - кәсіпкердің жария-құқықтық мәртебесімен жүреді, екінші жағынан - экономикалық қызмет саласында криминалдық бағыт ұстайды. Бұлар негізінен, еңбек қабілеті бар, денсаулығы жақсы, есі дұрыс адамдар. Бірлі-жарымы ғана бұрын сотты болғандар. Қылмыс жасаған кезде экономикалық қызмет шегінен шықпаған. Олардың дұрыс жолдан тайып, қылмыстық жолға түсу себебін автор Қазақстанда орын алып отырған кәсіпкерлік қызметтегі қиындықтармен байланыстырады.
9) Кәсіпкер-қылмыскерлерді сипаттайтын көрсеткіштерді алаяқтарды, ұры-тонаушыларды сипаттайтын көрсеткіштермен салыстыра отырып қазіргі кезде Қазақстанда мүлде жаңа, артықшылығы бар (байсалды) қылмыстылықтың пайда болғандығын көреміз, ол өзінің ерекшелігіне қарай алдын алу қызметінің өзінше дербес объектісі болып отыр және оған қарсы тұрудың мемлекет шегінде арнайы шаралары қарастырылуға тиіс.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz