Ә. Кекілбаевтың повестеріндегі тарихи тұлғалар тағылымы


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 228 бет
Таңдаулыға:   

МАЗМҰНЫ

Кіріспе . . .
3
Кіріспе . . .: 1 Ә. Кекілбаевтың повестеріндегі тарихи тұлғалар тағылымы . . .
3: 13
Кіріспе . . .: 2 Ә. Кекілбаевтың романдарындағы тарихи-Әлеуметтік шындық жӘне кӨркемдік жинақтау . . .
3: 34
Кіріспе . . .: 2. 1 «Абылай хан» драмасы және суреткерлік таным . . .
3: 193
Кіріспе . . .: 3 Ә. Кекілбаев шығармаларындағы Махамбет бейнесі . . .
3: 204
Кіріспе . . .: 3. 1 Ә. Кекілбаевтың «Шандоз» тарихи-баянындағы ұлттық дүниетаным арналары . . .
3: 208
Кіріспе . . .: Қорытынды . . .
3: 295
Кіріспе . . .: Пайдаланылған Әдебиеттер тізімі . . .
3: 302
Кіріспе . . .: Қосымша А . . .
3: 309

Кіріспе

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Зерттеуде қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар, прозамызда тарихи тақырыпты бейнелеуде шығармашылық шеберлігімен үлкен белеске көтерілген суреткер, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың туындыларындағы тарихи тұлғалар тағылымы қарастырылады. Рухани дамуымызға, қазақ әдебиетінің өркендеуіне, ұлттық дәстүрге өз шығармаларымен айтарлықтай үлес қосқан өзге де қаламгерлердің туындыларын да қатар қарастырып, образ жасаудағы үндестіктері мен айырмашылықтары сарапталып, бағасын беру қажеттілігі де басты назарда ұсталды. Бүгінгі күні тәуелсіздік уақытында жаңа көзқарас биігінен жекелеген қаламгерлердің шығармашылығының тереңіне бойлап, олардың туындыларының көркемдік-шеберлік сипатын айқындау, талдау, таразылау - қазақ әдебиеттану ғылымының талабы, сұранысы екені сөзсіз.

Зерттеу жұмысында автордың көркем әдебиеттегі бейне сомдаудағы суреткерлік амал-тәсілі әр жанр бойынша сараланады. Қаламгердің тарихи тақырыпты игеруі, образ жасау жолдары, кейіпкерді типтендіру ерекшелігі, тарихи құжаттар мен мұрағат деректерін сөйлетуі, характер жасау шеберлігі, фольклорды пайдалану машығы, тағы басқа ерекшеліктері талданады. Қаламгердің «Үркер», «Елең-алаң» романдарымен қатар бірқатар повестері, «Абылай хан» драмасы, тың туындысы «Шандоз» деректі-баянындағы ұлттық дүниетаным арналары қарастырылды.

Диссертациялық жұмыстың өзектілігі. Ә. Кекілбаевтың шығармашылығы бұрын ғылыми тұрғыдан арнайы, жеке түрде зерттелген жоқ. Зерттеу еңбектің өзектілігі - жазушының шығармашылық ізденісін, кейіпкер бейнесін жасаудағы шеберлік қырларын, стильдік ерекшелігін айқындап ашып беру. Суреткердің «Үркер», «Елең-алаң» романдарының бас кейіпкері Әбілқайыр бейнесі және ол өмір сүрген дәуір ерекшелігі тарихи жырлар мен аңыз-әңгімелердің, тарихи деректердің пайдаланылуы, туындыдағы тағы басқа тарихи тұлғалардың бейнелері саралап талдауды қажет етеді. Тақырыптың өзектілігі де осы мақсаттан туындайды.

Рухани тәуелсіздік бізге еркін ойлау мүмкіндігін сыйлады. Осындай азат ойдың биігінен әдебиет тарихы мен әдебиеттану ғылымындағы ақтаңдақ тұстарымызға қайта үңілу - бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Ә. Кекілбаевтың әдеби шығармашылық мұрасын, оның ішінде, повестері мен романдарындағы тарихи таным, тағылым мәселелері, суреткерлік шеберлігін зерттеу де осындай қажеттілік пен өзектіліктен туған. Сондықтан да Ә. Кекілбайұлының рухани және көркем шығармаларын ғылыми негізде танып білудің бүгінгі күн мен келешек үшін де мәні зор. Ә. Кекілбаев - ұлтымыздың шебер суреткері, өзіндік дара қолтаңбасы бар, ұлттық тіл байлығын жете меңгерген, суреттеу мәнері айқын, ерекше талант. Оның шығармаларында қазақи тұрмыстың, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты, уақытты кең көлемде суреттеуі - соның айғағы.

Қадау-қадау тақырыптарды таңдап, тереңдеп баратын суреткердің «Үркер», «Елең-алаң», «Аңыздың ақыры», «Күй», «Шыңырау», «Ханша-дария» хикаясы», «Абылай хан», «Шандоз» т. б. шығармалары жаңа зерттеулер жасауды, тың пайымдаулар айтуды күтеді. Суреткердің қаламгерлік қарымының, парасат-пайымының, тереңдігі мен кемелдігін анықтау қажет. Оның шығармалары қазақ әдебиеті үшін көркемдік тұрғыдан, тақырып ауқымы жағынан құнды дүниелер болып табылады. Сондықтан қаламгер шығармашылығына үлкен кешенді зерттеу қажет еді. Қаламгердің тарихи тақырыпты меңгеруі, тарихи тұлға сомдаудағы құжат пен фольклорлық мұраларды пайдалану шеберлігі, шығармаға негіз болған өмірлік шындық сараланып, терең талдау өзегіне айналды. Бұл зерттеудің өзектілігін құрайды.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері . Негізгі мақсат - Ә. Кекілбаев шығармаларындағы тарихи тұлғалардың көркемдік болмысы мен олардың тарихи тағдырын және көркемдік жинақтау мақсатындағы жазушының өзіндік суреткерлік қырларын ашу. Автордың жазушылық шеберлік тәжірибесін таныту мен айқындау, саралау мақсатында, оны өзге тарихи шығармалармен салыстыра талдау барысында мынадай міндеттерді шешу көзделді:

- тарихи шындық пен көркемдік шындықтың арасындағы қатынасты айқындау, сол арқылы жазушының суреткерлік шеберлігін анықтау, тарихи тұлғалардың бейнесін жасаудағы қаламгер қолданған көркемдік әдіс-тәсілдерінің сырын ашу;

- жазушының кейіпкер портретін сомдау, оның ішкі жан дүниесін тереңнен көрсету, өзіндік, дара, суреткерлік қолтаңбасын ерекшелеп ажырату;

- қаламгер шығармасында («Үркерде») башқұрт көтерілісін, Сібірдің тарихын суреттеудегі жазушының мақсаты мен авторлық позициясы, сол арқылы отарлаудың трагедиясын, тарихын терең ашуы;

- Әбілқайыр бейнесін сомдаудағы қаламгерлік ұстанымы, тарихи туындыларындағы өткен дәуір ерекшелігін бағалау, тарихи тұлғаның көркемдік тағылымын, эстетикалық мән-маңызын, адамгершілік қасиеттер мен құндылықтардың өнегелік ықпалын айқындау. Әбілқайыр дәуірі мен оның тұлғасын бейнелеудегі тарихи шындықтың көркемдік шындыққа ұласуын, кейіпкер болмысының тарихи деректер негізінде сипатталу сәйкестігін анықтау;

- Ресей үкіметінің қазақ даласын отарлауы, халықтар арасындағы шиеленіскен жағдай, сол қилы кезеңнің тарихын терең ашуы, толыққанды дәуірдің көрінісін жасауы;

- тарихи романдағы диалог, монолог, пейзаж, портрет, авторлық баяндау тәрізді көркемдік психологиялық элементтердің тарихи дәуірдің басты оқиғалары мен тарихи тұлға бейнесін сомдаудағы қолданылу жүйесін сараптау;

- тарихи роман композициясы мен сюжетіндегі тарихи оқиғалар мен жағдайлардың кескінделуіндегі тарихи деректер мен фольклордың өзара сабақтастырылу тәсілін айшықтау;

- тарихи прозадағы тарихи мекендер табиғатының суреттелуіне, соғыс эпизодтарының дәуір шындығында бейнеленуіне сараптама жасау;

- «Шандоз» деректі-тарихи баянындағы дүниетаным арналарын даралап көрсету;

- шығармадағы ұлттық мінез бен ұлттық болмыс-бітімнің бейнелену ерекшеліктерін сараптау.

Зерттеу жұмысының нысаны . Зерттеу барысында «Үркер», «Елең-алаң», «Аңыздың ақыры» романдары, «Шандоз» деректі-тарихи баяны, «Абылай хан» драмасы, «Күй», «Шыңырау», «Ханша-дария хикаясы» повестері, «Азаттықтың ақ таңы», «Ұйқыдағы арудың оянуы» кітаптарындағы деректерге сүйендік. Қаламгердің жеке мұрағатында сақтаулы қолжазбалары, жинаған материалдары, сұхбаттасу кезінде айтқан пікірлері мен пайымдаулары, сондай-ақ сол дәуірден жазылған бірқатар Ресей зерттеушілерінің жазбалары да басты бағытымызға негіз болды.

Зерттеу пәні. Ә. Кекілбаев шығармашылығындағы тарихи тұлға және көркемдік жинақтау жүйесінің ерекшелігі, жазушы повестеріндегі, романдарындағы тарихи-әлеуметтік шындық, оның көркемдік тұрғыдан кең мөлшерде жинақталып талдануы, сонымен бірге «Шандоз» тарихи-баянындағы ұлттық дүниетаным арналары сөз болып, жазушының көркемдік шешім табудағы әдіс-тәсілдері сарапталды.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Диссертацияның соны сипаттамалары мен тың ізденістері, жаңа пайымдаулары мына нәтижелерден байқалды:

- қазақ әдебиеттану ғылымында Ә. Кекілбаев шығармашылығы алғаш рет монографиялық көлемде арнайы зерттелді. Осының өзі зерттеу жұмысының, тақырыптың сонылығы мен жаңалығын айқындап беруге тиіс. Қаламгердің шығармаларындағы тарихи тұлғалар, басқа да кейіпкерлер тұңғыш рет жинақталып, жүйеленіп, тұтастай жаңа зерттеу нысанына айналды;

- жазушының шығармаларында шетелдік отарлаудың тарихы, трагедиясы, тарихи көркем образ жасаудағы әдістері, фольклорлық материалдарды игеру шеберлігі, әр қилы деректерді пайлалану тәсілдері пайымдалды;

- кеңестік кезеңдегі тарихи романдардағы Әбілқайыр тұлғасын сомдаудағы жазушылардың қолданған әдіс-тәсілдері, суреткерлік көркемдік шешімдері, шығармашылық ізденістері тарихи тұлға жасаудағы мазмұн мен түр бірлігі, Әбілқайыр ханды қолбасшы, саясатшы, қайраткерлік қырларынан жаңаша бағалаудың тарихи деректермен, тұжырымдармен үндестігі сараланды;

- авторлардың тарихи тақырыпты және материалдарды, қайшылықты тарихта Әбілқайыр, Абылай, Жәнібек, Есет, Тайлан (Тайлақ) және басқа тарихи тұлғаларды бейнелеудегі тарихи шындық пен көркемдік шындық бірлігінің сақталу ерекшелігі айқындалды;

- қазіргі қазақ тарихи романына тән көркемдік-идеялық құндылықтар, тарихи тақырыпқа жаңаша бетбұрыс, тарихи құжатнама, фольклор мұраларын шығарма композициясына шеберлікпен пайдалану тәсілдері, тарихи романдардың көркемдік құрылымдық жетістігі дәйекті түрде сарапталды;

- дала дипломатиясы, елші, елшілік, қазақ даласын отарлаған І Петр патша, оның ісін жалғастырушы Анна Иоановна, әр сатыдағы билік өкілдері: Э. И. Бирон, И. К. Кириллов, В. Н. Татищев, А. Остерман, В. Брюс, А. И. Тевкелев, тағы басқалардың тарихи болмысы басты дәуір оқиғаларында «Үркер», «Елең-алаңда» тарихи деректер негізінде сабақтастырыла қамтылды;

- «Шандоз» деректі-тарихи баяны ғылыми жүйеде талданып, ондағы бұрын біржақты қарастырылып келген Жәңгір өмірінің қайшылықты тұстары деректер негізінде ашылды. Нәдір шах, Құлмәлі, Құлмәті, Өтеміс, Махмұт, Қара батыр, Қарауылқожа, Назарбай Байкісиев, Баймағанбет, Қайыпқали, Нұрбике, Мәмбетнияз, Байғалиға қатысты деректер жаңаша көзқарас-пайымдаулар тұрғысынан зерттеу нысанына алынды;

- қазақ әдебиетінде зерттеушілер мен әдебиетшілер осы кезге дейін әр түрлі пікірлер айтып, анықталмай келген, өмірде болғанына сенімсіздік те айтылған (болған) Махамбетұлы Махмұтқызы Нұрбикенің өмір деректері анықталып, ақтық мекені нақтыланды. Сол сияқты хиуалық ретінде танылып келген Қара батырдың да Маңғыстау облысы Қызан жеріндегі зираты (оларға қатысты жер-су атаулары: кезінде Есболай көлі, қазіргі Қараның соры) анықталды. Құлмәлінің бауыры Құлмәті туралы пайымдаулар - ғылыми жұмыстың елеулі жаңалықтары;

- «Шандоз» деректі-тарихи баянында Исатай, Махамбеттің Маңғыстауда болғаны жазылған, Үш Бөкенбайдағы бітімнің маңызы, оны бітістіруде Исатайдың мәмілегерлік қырлары ашылды. Бұл зерттеуде сол бітімге Исатаймен бірге екі руды бітістіруде үлкен мәмілегерлік іс атқарған бұрын ғылыми ортаға аты беймәлім би Мәмбетнияздың ағайынгерлік ісі, оның Қара, Есет батырлармен туыстығы т. б. жайларға әдеби талдау жасалынды. Ел егемендігімен қабат келген рухани тәуелсіздік - бәрінен қымбат. Бұрынғы үстірт кеткен ақтаңдақ тұстарымыз ұлттық дүниетаным тұрғысынан қарастырылды;

- Маңғыстау өңіріндегі құдық, құдықшылық кәсіпке байланысты 150-ге тарта сөз зерттеу көзі болып, нәтижесінде сөздік құрастырылды. Оның «Шыңырау» повесіне қатыстысы ғана зерттеудің бірінші бөлімінде беріліп, қалғаны ізденушінің жазушы Ә. Спанмен бірігіп жазған «Ұлы даланың ұланғайыр мұрасы» атты зерттеу еңбегінде жарыққа шықты.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. Зерттеу нәтижесінде төмендегідей тұжырымдар ұсынылады:

- Ә. Кекілбаев - өз шығармаларында тарихи тұлғалар бейнесін нақты тарихи деректер негізінде суреттейтін қаламгер;

- Ә. Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» романдары - отарлау тарихы мен ұлттық отарлаудың трагедиясын терең де кең ауқымда шынайы суреттеген шығарма. Ол тек қазақ халқының өмірін ғана қамтымай, көршілес орыс, қытай, қарақалпақ, башқұрт, Сібір халықтары тарихи кезеңдерін шығармасына негіз етіп көрсетуші;

- Әбілқайыр заманының шындығын ашудағы көркемдік ізденіс, тарихи баяндау үлгілері, маңызды оқиғалар мен соғыс көріністерін кескіндеудегі деректің, көркем қиялдың қолданылу тәсілдері, хан өмірінің елеулі тұстарын суреттеудегі сюжеттік тартыс өткірлігі, мінез-қылығын, болмыс-бітімін, қайраткерлік іс-әрекеттерін бейнелеудегі қаламгерлік ұстаным мен шеберлік қырларын айқындау, танымал тұлғалардың түптұлғасын ашу, кейіпкер жасау ерекшелігін анықтау;

- Әбілқайырдың ірі қайраткерлік дәрежеге жетуі, оған айналасының, дәуірдің ықпалы, тарихи оқиғалар драматизміндегі тұлғаның болмыс-бітімін суреттеудің түрлі тәсілдерін сараптайды;

- прозадағы авторлық ұстаным, кейіпкерді бейнелеуге авторлық қатынас, шығарманың композициялық құрылымының дәуірмен сәйкестігі, құжатнама мен фольклорлық көздерді сұрыптап жинақтау, пайдалану тәжірибесі талданды;

- қазақ әдебиетіндегі тарихи тұлға жасау үдерісінде қалыптасқан көркемдік-шығармашылық ізденістер тарихи романдарды талдау барысында анықталады. Әрбір шығармадан алынған мәтін үзінділері кейіпкер жасаудағы көркемдік-психологиялық элементтер ролін айқындау мысалы ретінде салыстырылады. Тарихи шындық пен суреткерлік көркемдік шындық сабақтастығы қарастырылды;

- бұрын саясатқа сай біржақты бағаланып келген тарихи тұлға Жәңгір ханды жаңаша бағалап, тың дереккөздерді ғылыми айналымға қосушы қаламгер;

- Ә. Кекілбаевтың «Шандоз» деректі-тарихи баяны - қазіргі қазақ прозасындағы көркемсөз өнерінің жаңа үлгісі, тарихи тұлғаны қалай зерттеп, қалай тану керек екендігін анық аңғартатын жаңашыл туынды. «Шандоз» тарихи баянындағы дүниетаным арналарын айқындау;

- Ә. Кекілбаев - ұлттық тұрмыс-салттың жетік білгірі, кейіпкер психологиясын жіті байқағыш, озық ойлы қаламгері, жоғары рухты кейіпкерлер жиынтығын суреттеудің талантты шебері;

- Ә. Кекілбаев - құдықтың, құдықшылық кәсіптің жай-жапсарын шебер суреттеуші.

Зерттеудің материалдары мен дереккөздері ретінде қаламгер шығармашылығы, қазақ әдебиеті тарихы мәселелеріне арналған зерттеулер, монографиялық еңбектер, әдебиеттану ғылымындағы теориялық-методологиялық негіздеме зерттеулер, орыс әдебиетіндегі Ресей бодандығына байланысты жазылған зерттеулер мен мұрағат деректері басшылыққа алынды.

Жұмыстың зерттеу әдістері. Жұмысты жазу барысында дәстүрлі ғылыми сипаттама, тарихи-салыстырмалы, кешенді талдау, әдіс-негіздері басшылыққа алынды.

Зерттеу жұмысының әдістемелік негізі. Зерттеудің негізіне қазақ әдебиетінің тарихын зерттеудегі теориялық және методологиялық тұжырымдар мен пікірлерінің ғылыми концепциялары басшылыққа алынды. Зерттеу барысында Ш. Уәлиханов, А. Байтұрсынов, Х. Досмұхамедұлы, Ә. Марғұлан, М. Әуезов, С. Мұқанов, А. Жұбанов, Б. Кенжебаев, Қ. Жұмалиев, Ә. Қоңыратбаев, Т. Әлімқұлов, Т. Кәкішев, Р. Бердібаев, З. Ахметов, З. Қабдолов, С. Қирабаев, Р. Нұрғалиев, А. Қыраубайқызы, Ш. Елеукенов, Қ. Сыдиықов, Ә. Сарай, Ж. Дәдебаев, Н. Келімбетов, С. Негимов, М. Мырзахметов, С. Қасқабасов, Д. Ысқақұлы, Б. Ыбырайым, Р. Тұрысбекұлы, Ғ. Әнес, Ж. Тілепов, Қ. Әбдезұлы, Б. Омарұлы, А. Шәріп, Ш. Ыбыраев, Б. Майтанов, З. Бисенғали, А. Ісмақова, Қ. Мәдібаева, Ө. Әбдиманұлы, С. Мақпырұлы, Т. Тебегенов, С. Дәуітов, Б. Әбдіғазиев, Т. Рахымжанов, Ғ. Есім, С. Жұмабеков, С. Қондыбай, Ә. Тарақов, Г. Пірәлиева, тағы басқа ғалымдардың ғылыми шығармаларына назар аудардық. Сондай-ақ тарихи туындыларға тікелей өзек болған И. И. Неплюев, А. И. Тевкелев, В. Н. Витевский, А. Добросмыслов, П. И. Рычков, И. Ерофеева, В. Я. Васин, А. И. Левшин, И. Соловьев, А. Бларамберг, А. Н. Рязанов т. б. ғалымдардың зерттеу еңбектеріндегі деректер мен тұжырымдарды сараладық.

Диссертацияда тарихи прозалық және поэзиялық шығармаларды зерттеу барысында тарихи-генетикалық әдістемелік негізге алынды, обьективті-аналитикалық талдау, жүйелі-кешенді саралау және салыстырмалы әдістер қолданылды.

Бейнеленіп отырған дәуір рухына сай Әбілқайыр тұлғасын сомдаудағы авторлық шығармашылық тәсілдер, тарихи кейіпкер жасаудағы дәстүр сабақтастығы, көркемдік жинақтау, тарихи шындық пен көркемдік шындық бірлігі, баяндау, бейнелеу элементтерінің құрылымдық жүйесі тұжырымдалып қорытындыланды.

Зерттеудің теориялық және тәжірибелік маңызы. Диссертациялық жұмыстың негізгі тұжырымдары мен нәтижелері көрнекті жазушы
Ә. Кекілбаев шығармаларын ауқымды, тереңдеп зерттеуді әрі қарай дамытуға үлес қосады. Жалпы зерттеудің түйіндік қорытындылары мен тұжырым-пайымдауларымен қазіргі қазақ әдебиетінен оқу құралдарын жазғанда, сондай-ақ қаламгер шығармашылығы бойынша арнаулы курс, арнаулы семинарлар жүргізгенде пайдалануға болады.

Диссертация нәтижелері ғылыми еңбектерге, оқу құралдары мен монографияларға өзіндік тың зерттеу нысаны ретінде қосылмақ. Зерттеуде түйінделген қорытындылар мен тұжырым-пайымдаулар жоғарғы оқу орындарында оқытылатын қазақ әдебиетіне, қазіргі әдебиеттануға, әдебиет теориясына, тарихқа, саясаттану, Махамбеттану, Әбіш Кекілбаев шығармашылығынан арнаулы курстар мен семинар сабақтарында пайдалануға болады. Орта мектептің жоғарғы сыныптарында әдебиетті тереңдетіп оқытатын филологиялық арнаулы мектептерде де қазақ әдебиетін өту барысында еңбек көмекші құрал ретінде маңызды.

Зерттеу жұмысының сыннан өтуі және жариялануы. Зерттеу жұмысының негізгі нәтижелері мен қорытындылары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті бекіткен ғылыми басылымдар мен республикалық және халықаралық конференциялар жинақтарында жарық көрді.

Диссертациялық зерттеу әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында талқылаудан өтті (21 қараша 2008, №3 «А» хаттама) . Ғылыми кеңесте талқыланып, тиісті сын-ескертпелерді түзетуден кейін, диссертациялық кеңеске ұсынылды. Жұмыстың қорытындылары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Қыздар мемлекеттік педагогика университетінде, Ш. Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінде, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде, Республикалық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында өткізілген республикалық және халықаралық ғылыми теориялық конференцияларда баяндалды. Зерттеудің негізінде екі монография, 1 оқу құралы, 1 типтік бағдарлама, жетпістен астам мақала, «Ә. Кекілбаевтың суреткерлік қырлары» атты 60 түсіндірмелі плакат-сызба жарық көрді.

Зерттеу жұмысының құрылымы . Зерттеу жұмысы кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан тұрады. Диссертация соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілген.

1 Ә. Кекілбаев повестеріндегі тарих тағылымы

Қазақ әдебиеті таланттарға кенде емес. ХХ ғасырдың 1980 жылдарында қазақ прозасында ұлттық құндылықтарымызды өз шығармаларына арқау еткен қаламгерлер туындылары жаңа белеске көтерілді. Әсіресе, соның ішінде, қазақ прозасында тарихи тұлғалар тағдырын суреттеу, сол арқылы өткен кезеңнің тарихи шындығын көркемдік тұрғыдан жинақтау белең алды. Бұрынғы ақтаңдақ тұстарымызға қайта оралып, тарихи тұлғалар болмысын ұлттық идеяны асқақтатуға, әспеттеуге бағытталған тың көркемдік ізденістерге толы соны шығармалар жарыққа шықты.

Ол шығармаларда бұрын еленбеген ұлттық құндылықтарымыз ескеріліп, өз бағасын ауға тиісті еді. Қазақ қаламгерлерінің арасында жазушы Ә. Кекілбаев есімі жеке аталып, ал, туындылары ықтиятты өз зерттеушісін күтуде. Әдебиетіміздің ұстын тұғыры, маңдайалды жазушысы Ә. Кекілбаевтың ілкі қадамы поэзиядан басталғанын білеміз. Әдебиетке ол өзге жұрт сияқты қауырсыны қатпаған, түбіті түспеген сары ауыз балапан күйінде емес, бірден түлеп, қанатын қомдап, топшысымен жер тіреп келді.

Оның шығармаларының басқалардан ерекшелігі кеңестік идеяның жетегінде кетпей, сойылын соқпай, өз оқырманымен шынайы табысуында. Сондықтан бірден сыншылар мен зерттеушілердің назарына ілініп, мадақталған «Күй», «Үркер», «Елең-алаң» романдары өз оқырманына кеңестік кесір саясаттың ықпалымен жал-құйрығы күзелген күйінде жетті. Жазушы Ә. Кекілбаев қаламынан туған осы кезге дейін 20-ға жуық әңгіме, 10 повесть, 3 роман жарыққа шықты. «Алтын шуақ», «Дүние ғапыл» өлең жинақтары өз алдына бір бөлек. Оның бес томдық «Сырдесте» атты әдеби-сын мақалалары - қаламгер талантының ерекше қырын танытатын мүлдем өзгеше туындылар. Азулы-азулы өзге ұлт қаламгерлерін өз ана тілімізде сөйлеткен көркем аударма саласындағы еңбектері оның талантының сан қырлы екендігін танытады.

Оның үстіне дауылпаз ақынның 200 жылдық мерейтойы кезінде жарыққа шыққан «Шандоз» деректі-тарихи баянның болмыс-бітімі өте күрделі. Өз оқырманын бірден баураған бұл еңбек ақын өмір деректерін, шығармаларын зерттеуге үлкен бетбұрыс әкелген туынды. Әдебиет сыны мен әдебиеттану ғылымындағы зерттеулер болашақта осылай жазылуға тиісті.

Ә. Кекілбаев қазақ халқының тарихын тереңнен аша, дәстүрлі мәдениет үлгілерін, ұлттық салт-дәстүр, ұлттық өнер тақырыбын жетік меңгерген қаламгер. Өзіндік стиль, тіл өрнегі қалыптасқан, ұлттық тіл нәр-нақышын өз шығармаларында көркемдік суреткерлік тұрғыда суреттей алған жазушы. Сондықтан оның шығармалары уақыт өткен сайын, жаңа қырынан танылып, келешекке өзіндік шынайы, дара болмысымен жарқырай жетпек. Оның шығармаларының тамыры тереңде. Ол өзінің ұлттық тамырынан нәр үзбеген әңгіме, повесть, романдарындағы: Тәуке, Әбілқайыр, Абылай хандар, Есет, Арыстанбай батырлар, Төле, Қазыбек, Әйтеке билер, Құрманғазы, Махамбет, Абыл ақын т. б. тарихи тұлғалар бейнесі ұрпақтан-ұрпаққа өнеге тағылымымен қала бермек. Себебі олар - қаламгердің суреткерлік шешімінде өзінің тарихи шындық болмысынан ауытқымай сомдалған шынайы образдар.

Қазақ әдебиетінде өнер тақырыбына қалам тербеген дарынды суреткерлер баршылық. Ақын, күйші, әнші өнерпаз тұлғалар өмірі оларды бәрінен бұрын қызықтырған. Соның бірі - Махамбет ақын. Ол туралы поэзиялық шығармалар да жетіп артылады. Т. Әлімқұлов, Ә. Кекілбаев, М. Мағауин, І. Жақанов, Т. Әсемқұлов, М. Ысқақбай, О. Әбділдаұлы тағы басқа прозашылар күй, күйшілік өнер, оның ғибраты туралы шынайы, биік суреткерлік деңгейдегі туындыларды дүниеге келтірді. Әсіресе, күйшілердің бейнесін өндіріп жазған Т. Әлімқұловтың: Қорқыт, Ықылас, Құрманғазы, Тәттімбет, Сейтек, Дина, Сүгір, Төлеген, Әбікен секілді күйшілердің образын сомдауы - ұлттық рухани байлығымыздың алтын арқауы іспетті.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Әбіш Кекілбаев шығармашылығы
Қазақ әдебиетінің прозасы
Қазақ әдебиетін дамытудағы еңбектері
Қазақ прозасындағы жатсыну мәселесі экзистенциализм
Әбіш Кекілбаев мемлекет қайраткері
Жазушының публицистік шеберлігін қазақтың шешендік дәстүрі аясында қарастырып, болмысты көркем бейнелеу ерекшеліктерін зерделеу
Д. Исабеков шығармаларының көркемдік ерекшеліктері
Қазіргі қазақ повестерінің проблематикасы және характері
Д. Исабеков прозасының көркемдік әлемі
Көркем прозадағы түс көру тәсілінің сипаттамасы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz