Қара Ертіс өзені алабының негізгі өзендерінің жылдық ағынды үлестірімі


ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
География факультеті
Құрлық гидрологиясы кафедрасы
ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ
ҚАРА ЕРТІС ӨЗЕНІ АЛАБЫНЫҢ НЕГІЗГІ ӨЗЕНДЕРІНІҢ ЖЫЛДЫҚ АҒЫНДЫ ҮЛЕСТІРІМІ
РЕФЕРАТ
Диплом жұмысы 42 беттен, соның ішінде 5 сурет, 8 кестеден тұрады. Жұмыстың құрылымы кіріспеден, 3 тараудан, қорытындыдан және 13 атаулы әдебиеттер тізімінен тұрады.
Зерттеу объектісі - Ертіс өзені алабының негізгі өзендері.
Жұмыстың мақсаты Ертіс өзені алабының су ресурстарын бағалау.
Түйінді сөздер: гидрологиялық зерттелгендік, бақылау қатары, бақылау қатарындағы бос орындар, гидрологиялық бекет, ұқсас-бекет, корреляциялық байланыс, қатардағы бос орындарды қалпына келтіру, репрезентативті кезең, бөген, жаймалап суару, су бұру.
КІРІСПЕ
Қазақстан жыл сайын қалпына келетін су ресурстарына - өзен ағындысына өте кедей ел. Ағынды көлемін әрбір шаршы шақырымға шаққандағы көрсеткіш бойынша біздің ел ТМД мемлекеттерінің арасында ең соңғы орында. Түркменстанның өзі бұл көрсеткіш жөнінен Қазақстанды үш есеге басып озады.
Ертіс өзені алабы Қазақстан экономикасын сумен толықтай қамтамасыз етіп тұрған бірден-бір аудан. Дегенмен, соңғы жылдарда Ертіс өзені ағындысына жүргізілген зерттеулер нәтижесі айтарлықтай алаңдатушылық туғызып отыр. Ал ҚХР Қара Ертістен су алу көлемін азайтпаса, жағдай ушығып кетуі мүмкін. Экономикамыздың ары қарай дамуы су тапшылығына алып келуі ықтимал. Су ресурстары еліміздің экономикалық дамуын шектеуші факторға айналуы мүмкін.
Сол себептен де су ресурстарының қазіргі және болашақтағы жағдайын бағалауға, өзендердің жылдық ағынды үлестірімін есептеуге баса назар аударған жөн. Қазақстанның су ресурстарын мемлекеттік деңгейде бағалау жұмыстары өткен ғасырдың 50-60 жылдарына тиесілі. Қазір жағдай басқаша. Біріншіден, соңғы жылдарда су ресурстарын бағалауды нақтылауға мүмкіндік беретін айтарлықтай қосымша гидрометеорологиялық мәліметтер жинақталды. Екіншіден, ол уақыттан бері өзендердің су жинау алабына адам әрекетінің тигізетін әсері (мысалы, суармалау, жер жырту) артып, су ресурстарын пайдалану қарқындай түсті. Мұның бәрі өзен ағындысы көлемінің азаюына әсер етті, ал ағындының осындай өзгеріске ұшырау процесі қайтымсыз болғандықтан, алдында жасалған су ресурстарын бағалау жұмыстары бүгінгі күннің шындығына сәйкес келмей отыр. Үшіншіден, климаттың өзгерісін жатқызуға болады. Су ресурстарын бағалауда осы тенденцияларды жоққа шығаруға болмайды.
Су ресурстарын бағалау, олардың жыл ішіндегі үлестірімін тек қолда бар гидрометеорологиялық деректердің негізінде ғана емес, сонымен қатар орын алған гидроклиматтық тенденцияларды да есепке ала отырып жүзеге асырылуы тиіс. Диплом жұмысының негізгі мақсаты Ертіс өзенінің жылдық ағынды үлестірімін маусымдық жинақтау және нақты жылдар әдісі бойынша бағалау.
Диплом жұмысында Ертіс өзені алабындағы су көздерінің гидрологиялық тұрғыдан зертелгендігін анықтау, жылдық ағынды бойынша деректер жинау, ағынды шамаларының кеңістіктік байланысын талдау, жанама әдістер бойынша бақылау қатарындағы бос орындарды қалпына келтіру, жылдық ағынды үлестірімін түрлі әдістер бойынша есептеу жұмыстары орындалды.
1 ЕРТІС өзені алабының физикалық-географиялық жағдайына сипаттама
Қарастырылып отырған аудан аумағы 47 0 мен 53 0 с. е және 78 бен 90 0 ш. б. аралығын алып жатыр. Ол Алтай мен Таулы Алтайдың оңтүстік бөліктерін, Шығыс Қазақстан облысының елеулі бөлігін қамтиды. Қарастырылып отырған аумақтың ауданы 306750 км 2 құрайды (Сурет 1) .
Аймақтың айтарлықтай аумақты қамтып жатуы, оның орографиялық және климаттық жағдайларының әркелкілігі табиғи жағдайдың әртүрлілігіне әкеліп соқтырады. Объ өзенінің оң жағалауындағы солтүстік-шығыс беткейлік тайгалық орманды және орманды-дала аймағын батысқа және оңтүстік батысқа қарай далалы және бетегелі дала болып өзгереді, кейін шөл далалық және соңында, Ертіс өзені алабының солжағалаулық бөлігінде шөлейтті аймақ болып өзгереді. Жоғарғы Ертіс және Таулы Алтай аумағының оңжағалаулық таулы бөлігінде табиғи жағдайдың өзгеруі биіктік белдеулікке бағынышты болып келеді [1] .
1. 1 Геологиялық құрылымы
Қарастырылып отырған аймақтың геологиялық құрылымы күрделі болып келеді. Алтай, Тарбағатай жоталарының және Қазақстанның аласа таулы ұсақ шоқыларының тау жыныстары жасы, литологиялық құрамы, жер қыртысының жылжу және метамофоздану дәрежесі бойынша әртүрлі. Солтүстік-батыс бейімделу осьтері қатпарлар мен опырындылардың анағұрлым сипатты құрылымдық ерекшелігі болып табылады.
Қарастырылып отырған аймақтың шығыс бөлігінде ежелгі геологиялық құрылымдар байқалады. Анағұрлым кең тарағаны палеозой қалдықтары (негізгі - силур, девон және карбон), кварциттер, әктас, құмтас және тақта тастар түрінде кездеседі.
Докембрийлік жыныстар аласа таулардың төбелерінде кездеседі және олар метаморфозданған қалдық жыныстар, граниттер мен гранодиорлар (эффузифтері және интрузиялар) түрінде кездеседі. Аласа таулар беткейлері және ұсақ шоқылардың төбелері (ежелгі жыныстары) төрттік (делювиалдық) қалдықтармен (саздақ, құмдақтар) көмкерілген. Өзен аңғарларындағы аллювиалды шөгінділер ұсақ жұмыр тас, құмды-сазды құрылымдар түрінде, ал көлдік қалдықтар - тұнба, құм, құмтас түрінде кездеседі.
1. 2 Жер бедері
Жоғарғы Ертіс өзені алабы Қазақстанның қаптарлы белдеуінің Алтай-Саян тау жүйесіне тоғысқан жерінде орналасқан. Аймақтың жер бедері жер беті пішінінің әртүрлілігімен және күрделі орографиялық құрылымымен ерекшелінеді. Орографиялық тұрғыдан қарағанда, қарастырылып отырған аумақ қатпарлы-жақпарлы, абсолюттік биіктіктері 2000-4000 м-ге дейінгі аралықты қамтитын таулы аймақ болып келеді. Жоғарғы Объ және Ертістің
Сурет 1 - Ертіс өзені алабының гидрологиялық желісі
оң жағалаулық аймағына қыраттардың және солтүстік-батыстағы Батыс сібір ойпатының аңғар түбінің, шығыс оңтүстік-шығыста Алтайдың басты тау тізбегіне қарай жалпы көтерілуі байқалады. Ал Ертістің батыс сол жағалаулық бөлігіне Қазақстанның қатпарлы белдеуінің солтүстігі мен батысындағы жота - тізбектік ұсақ шоқысы мен аласа тауларынан бастап, оңтүстігіндегі орташа және биік таулы жер бедеріне дейінгі жергілікті жердің біртіндеп көтерілуі байқалады. Алтай мен Қазақстанның шығыс қатпарлы дала орографиясының басқа өзіне тән ерекшелігі батыс және солтүстік-батыстың тау қыраттарының басым болуында.
Қарастырылып отырған аймақты (Ертістің сол жағалауы) бес геоморфологиялық ауданға бөліп қарастыруға болады:
- Қазақстанның қатпарлы даласының ұсақ шоқылы ауданы;
- Шыңғыстау жотасы, Сауыр-Тарбағатай ауданы;
- Зайсан қазаншұнқыры;
- Ертіс маңы жазығы;
- Қалба жотасы.
Ұсақ шоқылы аймақ қарастырылып отырған ауданның солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Орталық Қазақстандық ұсақ шоқылардың беткі қабатында жүріп жатқан үгілу процесі нәтижесінде қалдық таулар мен шоқылар беті жазық беткейлік деңгейге дейінгі жеткен. Аласа шоқылар (абсолюттік биіктіктері 500-600 м жететін) бір қатарға топтасып, бірнеше аласа таулы жоталармен (Дегелен - 1085 м, Семейтау - 606 м, Ордатас - 604 м) және үлкен аумақты қамтитын аңғарлармен ауысып отырады.
Солтүстік-шығысында ұсақшоқы біртіндеп Ертіс маңы жазығына өтеді, ал оңтүстік-батысында Шыңғыстау аласа таулы жотасына қарай енеді.
Шыңғыстау жотасы Қазақстанның қатпарлы даласының кішігірім қатпарлы тауы болып келеді. Ол солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 200 км-ден астам аумаққа созылып жатыр және қоршаған ортадан 500-600 м (абсолюттік биіктігі 1150 м-ге дейін) биік орналасқан жотаның түзілуі асимметриялы - солтүстік-шығыс беткейлері қатты тілімденген және тік, ал солтүстік-батыс бөлігі үш жазықты құламалы сатыдан тұрады. Жалпы алғанда Шыңғыстау жотасы кең ауқымды аңғарлармен бөлініп (шектеліп) тұратын аласа түзу бағыттылаған таулар мен шоқырлардың кезектесіп отыруымен сипатталады. Оңтүстік-шығысында Шыңғыстау Тарбағатай жотасымен ұсақ шоқылық тізбекпен жалғасады.
Сауыр-Тарбағатай жотасы, қарастырылып отырған аумақтың қиыр оңтүстігіне қарай кеңінен созылады және оған тек солтүстік беткейі ғана енеді. Бұл орташа таулы массив Тарбағатай және Сауыр жоталары болып екіге бөлінеді.
Сауыр-Тарбағатайдың шеткі аймағы көптеген терең аңғарлармен тілімген аласа таулы аймақ болып келеді. Мұндай бөліну шығыстан батысқа қарай азаяды. Сауыр-Тарбағатайдың аласа таулары солтүстік-батысында Қалба жотасының тау сілемдерімен жалғасады, ал оңтүстігіне қарай, олар Зайсан қазаншұңқыры арқылы Алтай тауынан бөлініп жатыр.
Зайсан қазаншұнқыры оңтүстік Алтай, Сауыр-Тарбағатай және Қалба тауларымен шектелген. Оңтүстік пен солтүстікте оның шекарасы айқын көрінеді, шығыста Қара Ертіс кең аңғары қазаншұңқырдың жалғасы ретінде саналады, ал батыста біртіндеп Орталық Қазақстанның ұсақ шоқысына айналады.
Мұнда түрлі жер бедері пішінінің шоғырлануы тән. Қазаншұңқыр құрғақ арналармен және жарлармен сәл қиылысатын тегіс жазықтық болып келеді; шеткі аймаққа қарай ол белесті сипат алады және оның қиылысуы артады. Зайсан қазаншұңқырымен қатар, Ертіс маңы оң жақ жағалауының солтүстік бөлігі жазық бетті болып келеді.
Жазық бетті Ертіс маңы қарастырылып отырған территорияның аз ғана бөлігін қамтиды (Белағаш жазығы) . Бұл аймаққа аздап белесті немесе құламалы жер бедері абсолюттік биіктігі 200 м төмен, көбінесе кіші көлдермен толтырылған, тұйықталған табақша тәріздес ағынсыз ойыстар тән. Сондай-ақ кең қолаттармен бөлінген құм тізбектер тән Ертіс маңы жазығы солтүстігінде Құлынды даласымен жалғасады, ал оңтүстік-шығысында Алтай тау бөктеріне өтеді.
Қалба жотасы сол жағалаулық Алтай тау сілемдерінің жалғасы болып келеді. Шығысында ол Ертіс аңғарына үлкен ирең қалыптасуына жағдай жасап, Нарым жотасынан өтеді. Сондай-ақ аңғар Шар өзені аңғарына қарай кең ауқымды жайылып, сотүстік-батысқа қарай, Ертістен 40-60 км-де көптеген тізбектермен аяқталады.
Жотаның шығыс бөлігі анағұрлым жоғары (Қайыңды борының аймағы) және күрт тілімденген тау бедері көбінесе Ертіске қарай тік құламалы беткейлері кездеседі. Батысына қарай қырат 800-1200 м-ге дейін төмендейді және біртіндеп ұсақ шоқыға айналады. Жотаның оңтүстік беткейі солтүстікке қарағанда, қысқа және анағұрлым тік құламалы. Қалбадан шығысқа және оңтүстікке қарай көптеген Алтай тау тізбектері орналасқан.
Алтай тауының жоғарылай түсу құбылысының жері ежелгі мұздану және эрозиялық бөлшектенуге әкеліп соқтырды. Бұл құбылыстар қазіргі кездегі жер бедерінің сипатты түрлерінің негізгі айырмашылықтарына жағдай жасады.
Жер бедері сипатына және басқа да табиғи ерекшеліктеріне байланысты Алтай аумағында бес геоморфологиялық ландшафттар түрі кездеседі:
- мұз рельефі пішінінің жоғары дамитын биік таулық альпілік ландшафты;
- ежелгі жер бедері жамылғысының тегістелуі;
- орташа таулық эрозиялық жер бедері;
- аласа таулық эрозиялық жер бедері;
- тауаралық ойпаттар және жер бедері пішініне шоғырлануы тән белдеулер. 1. 3 Климаттық жағдайы
Таулы Алтай және Жоғарғы Ертіс аумағы шұғыл континенталдылығымен сипатталады. Жылы әрі ылғалды ауа массалары мұхиттардан қашықта орналасуына байланысты аталған аумаққа өте аз мөлшерде жетеді. Мұның басты себебі аумақтың алшақтығы және тау жүйелерімен оқшауланып жатуында. Солтүстік мұзды мұхитынан келетін ауа массасы - суық, әрі құрғақ. Ертістің сол жағалаулық төбелі - ұсақ шоқылық және жазық аудандары елеулі құрғақтығымен ерекшеленеді. Ең жоғары ылғалдылық Алтайдың батыс және солтүстік шеткі аймақтарында, сонымен қатар орталық биік таулы аудандарында байқалады. Күрделі орографиясы, тұйық қазаншұңқырлар мен таулы үстірттердің көп болуы, Алтайдың жекелеген аймақтарының климаттық ерекшеліктерінің үлкен өзгешелігіне себепші болып отыр.
Жалпы алғанда, Алтайдың климаты көршілес аймақтарға қарағанда, жүмсақ, жазы салқын, қысы салыстырмалы жылы.
- Радиациялық баланс
Жылдың жылы мезгілінде радиациялық баланс альпілік биіктаулық белдеулерден басқа барлық жерлерде маусым-шілде айларында үлкен мәнге ие болады. Теріс мәнді баланс қарашадан ақпанға дейінгі аралықта күнделікті байқалады, және желтоқсан-қаңтар айларында ең төмен мәнге ие болады. Ең жоғарғы орташа айлық радиациялық баланс қосындысы 9, 8-10 ккал/см 2 -қа жетеді, ал ең төменгі -1, 7 -1, 9. Радиациялық баланстың жылдық қосынды мәні биіктауларда 35-40 ккал/см 2 -ден 40-42 ккал/см 2 -ге дейін өзгереді және Зайсан қазаншұнқырларының оңтүстігінде 50 ккал/см 2 -ге дейін жетеді.
- Ауа температурасы
Оңтүстік-батыс жазығындағы ауданда және ірі су қоймаларының маңында (Телецкое және Зайсан көлдері) орташа жылдық ауа температурасы +3, 0 0 -3, 6 0 С-ден -6-7 0 С-ге дейін биік таулық аудандарда өзгеріп отырады. Солтүстіктен оңтүстікке және шығыстан батысқа қарай жылуына байланысты жазық және тау бөктері мен аласа таулы аудандарда (орташа жылдық ауа температурасының) жоғарлауы байқалады.
Аумаққа тән орташа жылдық температураның төмендігіне қарамастан, көп аймақтарда жазы жылы. Ең жылы айдың (шілде) орташа температурасы жаппай (биік таулы жерлерден басқа) 15 0 С-ден асады да, оңтүстік-батыс және батыс құрғақ шөл және шөлейт аймақтарда 20-22 0 С-ге дейін жетеді.
Жаз мезгілінде биіктеген сайын, температура біртіндеп төмендейді. Таулы аймақ үшін температуралық градиент шілдеде әр 100 м-ге -0, 5-0, 7 0 С-ді құрайды. Мұздықтар маңында орташа айлық температура шілде айында +6-10 0 С-ден аспайды. Таулы шөлдерде шілденің температурасы +13-15 0 С-ге тең.
Ең суық ай қаңтар болып саналады. Қаңтардың орташа айлық температурасы -14-19 0 С аралығында өзгереді.
Көптеген бекеттерде наурыздың үшінші декадасында ауа температурасы -5, 0 0 С-ден жоғары болу кезеңі басталады да, қазанның соңғы күндерінде және қарашаның бірінші декадасында аяқталады. Кезеңнің жалпы ұзақтығы жергілікті жердің биіктігіне байланысты 160-260 күнге дейінгі аралықта өзгеріп отырады. Суық кезең (көктемде 0 0 С-ден өту) наурыздың үшінші декадасының соңында - сәуірдің бірінші декадасының басында аяқталады. Күзде 0 0 С-ден өту қазан айының соңында байқалса, биіктаулы аудандарда қыркүйекте байқалады. Аязсыз кезең орташа алғанда 180-210 күнге дейін созылады.
Вегетациялық кезең (орташа тәуліктік температурасы +5 0 С-ден жоғары) сәуірдің екінші, үшінші декадасы - мамырдың екінші декадасынан қыркүйектің және қазанның соңына дейін байқалады. Жергілікті жердің биіктеуіне байланысты вегетациялық кезеңнің ұзақтығы тау бөктерінде 190 күннен 60 күнге дейін биіктаулы аудандарда қысқарады.
- Жауын-шашын және қар жамылғысы
Таулы Алтай мен Жоғарғы Ертіс территориясы бойынша атмосфералық жауын-шашынның таралуына жергілікті жердің биіктігі мен орографиясы үлкен әсерін тигізеді.
Ертіс маңы жазығында, Зайсан қазаншұнқырларында және Қазақтың ұсақ шоқысында жауын-шашын анағұрлым бірқалыпты таралған. Жауын-шашынның әркелкі таралуы Алтай аумағында байқалады. Әртүрлі қыраттарда (беткейлерде) жылдық жауын-шашын мөлшерінің айырмашылығы ылғал тасымалданушы ауа массаларына байланысты 300-ден 500 мм-ге дейін жетеді. Орографиясы біртекті аудандарда жауын-шашын мөлшеріне жергілікті жердегі биіктігі шешуші әсер етеді.
Қазақтың ұсақ шоқысында және Ертіс маңы жазығында жылдық жауын-шашын мөлшері орташа алғанда көпжылдық кезең үшін 250-300 мм-ді құрайды, ал Зайсан қазаншұнқырларында 180-200 мм. Шыңғыстаудың солтүстік беткейінің ең жоғары бөліктерінде жылдық жауын-шашын мөлшері 350 мм-ге дейін артады, ал Сауыр-Тарбағатайдың тау бөктерінде 300 мм-ден 500-600 мм-ге дейін орташа таулық белдеулерде және тауларда көбейеді.
Жауын-шашынның жаңбыр немесе қар күйінде түсу мөлшерінің қатынасы жергілікті жердің биіктеуіне байланысты өзгереді. Жазық және аласа таулы - тау бөктерінде жауын-шашын жаңбыр түрінде түседі. Қар мен жаңбырдың мөлшері 2200-2500 м биіктікте бірдей, ал биік тауларда қардың мөлшері көп. Алтайдың 3100-3400 м биіктігінде тек қар жауады.
Айлық ең жоғары жауын-шашын мөлшері, көбінесе маусым немесе шілде айында байқалады. Қазақстанның бөлігінде екінші максимум қазан-қарашада байқалады. Кей аудандарда бұл максимум жаздағыдан асып түседі (Зайсан қазаншұнқыры, Оңтүстік Алтай) .
Алғашқы қар түсу және тұрақсыз қар жамылғысы солтүстік-батыс аудандарда қазан айында, солтүстік-шығыс тау бөктерінде - қыркүйекте, ал биік таулы Алтайда - тамыздың соңында, қыркүйектің басында байқалады. Тұрақты қар жамылғысы орташа есеппен 20-30 күннен кейін қалыптасады.
Жоғарғы Ертіс және Алтайдың жазық аудандарында ең жоғарғы қар жамылғысы 16-20 см-ге тең, ал қары аз болған қыста - 3-5 см. Шыңғыстау беткейлерінде және басқа да ұсақ шоқылар жотасында қар жамылғысының орташа биіктігі 20-25 см-ге тең, ал Тарбағатай және Қалба жоталарының беткейлерінде 50-60 см-ге дейін жетеді.
Қар жамылғысындағы ең жоғары су қоры Ертістің солжағалаулық аудандардағы жазықтарда орташа есеппен алғанда 30-40 мм-ден Батыс және Орталық Алтай биіктаулы аудандарында 800-1000 мм-ге дейін құрайды.
Қары аз батыс аудандарда қар ерудің басталуы және қар жамылғысы тұрақтылығының бұзылуы орташа есеппен алғанда наурыздың соңында байқалса, қары көп орманды аудандарда - сәуірдің ортасы, аяғында, ал биіктауларда - мамыр, маусымда байқалады.
- Ауа ылғалдылығы
Ауа ылғалдылығы аумақ бойынша ауа температурасының өзгерісін қайталайды. Орманды, орманды-дала, аласа таулы бөктерінде ең үлкен абсолюттік ылғалдылық шамасына шілде айында жетеді (11-12 мб) . Ең кіші абсолюттік ылғалдылық шамасы жазда биік таулы аймақтарда байқалады (Қос-ағаш - 7, 3 мб; Қара-Терек - 7, 7 мб) . Ең суық қыс айында (қаңтар) абсолюттік ылғалдылық шамасы аумақ бойынша 1, 1-ден 1, 8 мб-ға дейін өзгереді.
Салыстырмалы ылғалдылық ең үлкен мәніне желтоқсан-қаңтарда, ең кіші мәніне жаз айларында жетеді.
Ауа ылғалдылығының тапшылығы жаз айларында барлық жерде ең үлкен мәнге ие болады (10-17 мб шілдеде), ең кіші мәні - қыста (0, 4-0, 8 мб қаңтарда) . Көл жағалауында және биік таулы аудандарда оның жүрісі біршама бірқалыпты, бұнда ауа ылғалдылығының тапшылығы қыс айларында 0, 7-0, 9 мб-дан 3, 4-3, 8 мб-ға дейін жазда өзгеріп отырады.
- Жел режимі
Орташа жылдық жел жылдамдығы батыс жазықтарында және аласа таулы аудандарда 4, 0-4, 5 м/с, Зайсан қазаншұнқырында - 3, 0-3, 5 м/с. Алтайдың аласа таулы бөктерінде аумақтың тұйықталып жатуына байланысты, желдің орташа жылдық жылдамдығы 1, 5-3, 5 м/с, ал орташа таулы белдеулерде 1, 0-4, 0 м/с-қа дейінгі аралықта өзгереді. Биік таулы аймақты орташа жылдық жел жылдамдығының өзгерісі анағұрлым үлкен - тауаралық қазаншұнқырларда - 1, 5-2, 0 м/с-тан тау қыраттарының ашық учаскелерінде 6, 5-7, 0 м/с-қа дейін жетеді.
1. 4. Гидрографиясы
Қарастырып отырған аймақта 32050 астам өзен бар. Олардың ішінде ұзындығы 1000 км астам Ертіс өзені, 500-1000 км-ге дейін Қатын және Шарыш өзендері, ал 300-500 км-ге дейін Бия, Бұқтырма, Чулышман, Чуя өзендері. Қалған өзендердің ұзындығы 300 км-ден кем.
Таулы Алтай және Жоғарғы Ертістің өзендер желісінің гидрографиялық құрылымы күрделі жер бедері және түрлі климаттық жағдаймен негізделген.
Жазық және төбелі ұсақ шоқылық құрғақ аудандар ең сирек гидрографиялық желісімен сипатталады (0, 1-0, 15 км/км 2 ) . Қазақтың ұсақ шоқысының гидрографиясы шекаралық өзендер учаскесі және уақытша ағын сулардың терең емес арнасы ретінде байқалады, ал Зайсан қазаншұнқырында және Ертіс маңы жазығында - көптеген құрғап қалған арналар, жыралар, кеуіп жатқан көлдермен толтырылған ағынсыз ойпаттар кездеседі.
Гидрографиялық зерттеулер Ертіс өзені алабында 47 өзенде, сондай-ақ Ұба өзені алабында 13 өзенде келтірлген.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz