Қазіргі қазақ тіліндегі окказионал фразеологизмдер


Қазіргі қазақ тіліндегі окказионал фразеологизмдер
диссертация
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 3
1 оККАЗИОНАЛ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІң
КОММУНИКАТИВТІк ПРАГМАТИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРі . . . 8
1. 1 Окказионал фразеологизмдердің зерттелуі . . . 8
1. 2 Норма және окказионал фразеологизмдер . . . 12
1. 3 Окказионал фразеологизмдердің деривациялық ерекшеліктері . . . 17
1. 3. 1 Фразеологиядағы эксплицитті-имплицитті мәселелер . . . 20
1. 3. 2 Окказионал фразеологизмдердің семантикалық
құрылым ерекшеліктері . . . 23
1. 4 Окказионал фразеологизмдердің
коммуникативтік прагматикасы . . . 28
1. 4. 1 Окказионал фразеологизмдердің узуал (қалыпты)
фразеологизмдерден айырмашылығы . . . 33
1. 4. 2 Фразеологиялық тұлғалардың окказионалды
өзектілену типтері . . . 37
1. 5 Фразеологиялық тұлғалардың окказионалды сипат алуы
сөйлеу жанры мәтіндеріндегі құралы ретінде . . . 42
1. 5. 1 Сөйлеу тілі мәтіндерінің
фразеологиялық тұлғалардың окказионалды
өзектілену рөлі . . . 42
2 окказионал фразеологизмдердің жасалуы . . . 52
2. 1 Тұрақты тіркестердің нормадан мақсатты және мақсатсыз
ауытқу себептері . . . 52
2. 2 Фразеологиялық тұлғалардың контаминациясы арқылы ОФ жасау . . . 57
2. 3 Фразеологиялық тұлға компоненттерінің инверсиясы . . . 60
2. 4 Фразеологиялық тұлғаның эллипсис тәсілімен жасалған ОФ . . . 64
2. 5 Фразеологиялық тұлғалардың плеоназм құбылысы арқылы
қайта жаңғыруы . . . 67
2. 6 Фразеологиялық тұлғалардың компоненттерінің субституциясы . . . 71
2. 7 Окказионал фразеологизмдердің семантикалық
категориялары . . . 82
2. 8 Бұқаралық ақпарат құралдарындағы фразеологизмдердің
қолдануы және оның окказионалдық сипаты . . . 96
Қорытынды . . . 108
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 111
Қосымша . . . 118
КІРІСПЕ
Тілдің даму барысында, оның ғылыми-теориялық принциптерін әр қырынан тану мақсатында соңғы уақытта тіл білімі саласындағы зерттеулер жаңаша бағытты, көзқарасты қалыптастырды. Осыған сәйкес зерттеушілер қазіргі тіл білімінде тілдің басқа салаларымен бірге фразеологизмдерді де әр қырынан қарастыра бастады.
Қазіргі қазақ тіліндегі фразеологиялық тұлғалардың жасалу жолдарын, оның семантикасын, құрылымын, құрамын, коммуникативтік-прагматикалық ерекшеліктерін зерттеу қызықты да өзекті мәселе. Осыған орай ғалымдар фразеологиялық тұлғалардың жасалу жолдарын көркем әдебиет мәтіндері арқылы зерттеуді ізгі жолға қойып отыр. Себебі ақын-жазушылардың шығармаларындағы пайда болып жатқан жаңа қолданыстардың тілді жаңа қырынан дамытудағы маңызы ерекше.
Қазақ тіл білімінде фразеологиялық тұлғалардың авторлық жеке қолданыстағы ерекшеліктері, лексика-семантикалық мәні туралы біршама теориялық пайымдаулар мен ғылыми көзқарастар айтылып жүргенімен, осы саладағы толыққанды зерттеулер әлі де болса жоқтың қасы.
Тіл білімінде окказионализмдер туралы көзқарас бұрыннан қалыптасқан, ал қазақ тіл білімінде жеке автордың қолданысындағы сөздер мен тұрақты тіркестері соңғы жылдары ғана зерттеле бастады.
ХХ ғасырдың ортасында-ақ орыс ғалымдары көркем мәтін авторының тілідік тұлғасы үйреншікті тіркестерден бөлек жаңаша қалыпта көрінетіндігі туралы айтып кеткен. Тіркес құрамындағы сөздердің орнын ауыстыру немесе оларды мағыналық, стильдік өзгерістерге ұшырату арқылы авторлар жаңа окказионал фразеологизмдер жасайды.
Окказионализм латынның «occasio» деген сөзінен шыққан, «кездейсоқ», «тосын» деген мағынаны білдіреді. Бұл терминді ең алғаш рет Н. И. Фельдман енгізген. Ғалым 1957 жылы «Вопросы языкознание» жинағының 4-ші санындағы «Окказиональные слова и лексикография» атты мақаласында жеке автордың қолданысында пайда болған сөздерді «окказионализмдер» деп атауды ұсынған еді, осыдан бастап тіл білімінде «окказионализмдер» деген термин қалыптасты [1] . Ал И. С. Ожеговтың «Словарь русского языка» сөздігінде окказионализмге мынадай анықтама берілген: «Окказиональный, - ая, -ое; Случайный, единичный. Окказиональные слова (индивидуальные неологизмы) » [2, с. 447] .
Окказионализмдерге байланысты еңбектер неміс, ағылшын, француз, орыс тіл білімінде ертерек пайда болып, тереңірек зерттелген. Бұл мәселе әсіресе орыс тіл білімінде жан жақты қарастырылған. Ол окказионализмдерге байланысты көптеген теориялық зерттеулер, ғылыми еңбектер, оқулықтар жазу нәтижесінде шешімін тауып отыр. Мәселен: В. В. Виноградов, А. В. Кунин, Л. И. Ройзензон, Л. И. Абрамец, М. А. Алексеенко, А. А. Потебня, Б. А. Ларин, Ф. И. Буслаев, В. Л. Архангельский, А. М. Бабкин, И. И. Чернышев, Н. М. Шанский, Н. Н. Амосова, А. Г. Лыков, В. В. Лопатин, Е. А. Земская, Э. Ханпира, Н. Я. Янко-Триницкая, О. И. Александрова, Л. А. Шеляховская,
Н. А. Богданов, М. А. Бакина, Б. А. Белова, В. Н. Хохлачева, В. В. Елисева және тағы да басқа ғалымдардың атын атауға негіз бар.
Қазіргі қазақ тіл білімінде жеке автордың қолданысында пайда болған окказионализмдерге байланысты жазылған еңбектер енді ғана қолға алынып келеді, фразеологиялық окказионализмдерге байланысты зерттеулер өте аз.
90-шы жылдардың ішінде окказионализмдерді зерттеп, біршама анықтама беріп, бірізді қалыпқа түсіріп жүрген қазақ зерттеушілерінің арасында Г. Мұратованың, Г. Турабаеваның, А. Алдашеваның, Х. Нұрмұхановтың, Қ. Қадырқұловтың, Г. Смағұлованың, Л. Еспекованың еңбектерін атауға болады. Ал окказионал фразеологизмге қатысты тұжырымдамаларды осы аталған ғалымдардың ішінде Л. Еспекованың «Қадыр Мырзалиев поэзиясындағы окказионализмдер», Г. Смағұлованың «Фразеологизмдердің варианттылығы», Г. Мұратованың «Қазақ көркем әдебиетіндегі окказионал сөздер», А. Алдашеваның «Қазіргі қазақ әдебиетіндегі жаңа қолданыстар», Қ. Қадырқұловтың «Қазіргі қазақ тіліндегі жаңа сөздер мен жаңа қолданыстар», Р. Сыздықтың «Тілдік норма және оның қалыптасуы»,
Х. Нұрмұхановтың «Сөз және оның контексте қолданылуы», Г. Турабаеваның «Окказиональные преобразование пословиц и поговорок в казахском языке» атты еңбектерінен тек шолу ретінде ғана кездестіре аламыз.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Тіл - ұлттың, халықтың байлығы. Тіл - этностың мәдениетін, тарихын, салт-санасын бейнелейтін бірден-бір құрал. Сондықтан да фразеологизмдерді зерттеуде сөз байлығын «жасаушы» халықтың, жеке адамның тілді «түсіну» табиғатына ерекше көңіл бөлу қажет. Қазақ халқының бай ауыз әдебиетіндегі, жазба әдебиетіндегі фразеолгизмдерді халықтың төл байлығы ретінде қарастыра отырып, қолданысы мен уәжділігі басым окказионал (тосын) фразеологизмдерді ұлттың игілігі деп танимыз. Өйткені халықтың, этностың тіл байлығын құрайтын жеке қолданыстағы мұндай уәжді бейнелі сөз орамдары сөздік қорымызды байытатын «кесек дүниелері» деп білеміз.
Окказионал (тосын) фразеологизмдердің коммуникативтік прагматикалық мәселелері, көркем мәтіндердегі окказионал (тосын) фразеологизмдер, бұқаралық ақпарат құралдарында окказионал сөз орамдарының қолданылу ерекшеліктері мен ұлттық сипатын көрсету зерттеу жұмысының өзектілігіне жатады.
Зерттеу жұмысының нысаны. Қазақ тіліндегі окказионал (тосын) фразеологизмдер және олардың қазіргі тілдік қордағы жиі қолданылу сипаты.
Зерттеудің пәні . Қазіргі қазақ тіліндегі окказионал (тосын) фразеологизмдер.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Көркем мәтіндердегі, сөйлеу жанрындағы фразеологизмдердің окказионалды өзектіленуі негізінде тілдің лингвопрагматикалық механизмін анықтау және сипаттау жұмысымыздың ең негізгі мақсаты болып табылады. Осы мәселеде төмендегідей міндеттерді қарастырамыз:
- жалпы окказионализмдер мен окказионал фразеологизмдер туралы зерттеулерді саралау;
- норма және окказионал фразеологизмдердің айырмашылығын көрсету;
- қалыпты және окказионал фразеологизмдердің ерекшеліктерін, пайда болуы және коммуникативтік себептерін айқындау;
- окказионал фразеологизмдердің прагматикалық сипатын анықтау; сөйлеу тілі мен көркем мәтіндердегі фразеологиялық тұлғалардың окказионалды өзектілену (актуалдану) типтерін көрсету; көркем мәтіндердегі окказионал фразеологизмдердің жасалуының тілдік амал-тәсілдерін (контаминация, инверсия, эллипсис, плеоназм, субституция) анықтау;
- бұқаралық ақпарат құралдарындағы окказионал фразеологизмдердің сипатын анықтау.
Зерттеу жұмысының дереккөздері. І. Кеңесбаев «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» (1977) ; Г. Смағұлова «Мағыналас фразеологизмдер сөздігі» (2002) ; мерзімді баспасөзден және Ғ. Мүсірепов, С. Мұқанов, А. Сүлейменов, О. Бөкеев, Ә. Кекілбаев, Д. Досжанов, Б. Нүржекеев, Ж. Ахмади, К. Әмірбек, Т. Әлімбек, О. Әубәкіров т. б. жазушылардың көркем әдеби және сатиралық шығармаларынан жинақталған окказионал фразеологиялық бірліктер пайдаланылды (2, 5 мыңға жуық) .
Зерттеудің әдіс-тәсілдері. Зерттеу жұмысының мақсаты мен тақырыптық ерекшелігіне байланысты сипаттама, жүйелеу және түсіндіру, тілдік факторларды салыстыра отырып зерттеу, құрылымдық, прагматикалық, лексика-семантикалық әдістері мен компоненттік талдаулар негіз болды.
Жұмыстың әдістанымдық негіздері.
Қазақ тіліндегі окказионал фразеологизмдерді коммуникативтік прагматикалық тұрғыда қарастыру барысында қазақ тіл білімінде: М. Балақаев, М. Серғалиев, Р. Сыздық, Н. Уәлиев, М. Серғалиев, Г. Смағұлова, Г. Мұратова, Г. Турабаева, А. Алдашева, Х. Нұрмұханов, Қ. Қадырқұлов, Л. Еспекова, Б. Момынова т. б. ; орыс тіл білімінде: В. Виноградов, А. Кунин, А. Потебня, В. Архангельский,
А. Бабкин, Н. Шанский, А. Лыков, В. Лопатин, Е. Земская, Э. Ханпира т. б. ғалымдар мен зерттеушілердің ғылыми еңбектеріне, мақалаларына сүйендік.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Көркем мәтіндерде, мерзімді баспасөз бетінде эмотивтік әсер туғызу мақсатында қолданылатын окказионал фразеологиялық тұлғалар (әрі қарай - ФТ) осы зерттеу жұмысында кешенді түрде алғаш рет зерттеліп, олардың лингвопрагматикалық механизмі жан-жақты сипатталды. Атап айтқанда:
- тіліміздегі окказионал фразеологизмдердің пайда болуы, салыстырмалы түрде талданып, ортақ ерекшеліктері айқындалды. Олардың тіл қабаттарынан алатын орнына теориялық және әдістемелік тұрғыдан баға берілді;
- жаңа қолданыстағы окказионал (тосын) фразеологизмдердің нормалану деңгейі анықталып, қалыпты және окказионал фразеологизмдердің аражігі көрсетілді;
- зерттеу жұмысында окказионал фразеологизмдердің коммуникативтік прагматикасы ерекше тілдік таңба ретінде қарастырылды;
- сөйлеу тілі мен көркем мәтінге қатысты окказионал фразеолгизмдердің өзектіленуінің құрылымдық ерекшеліктері айқындалды; қалыпты фразеологизмдерді түрлендіруге эллипсис (ФТ компоненттерін түсіріп айту), контаминация (араласу), инверсия (ауытқу), субституция (ФТ компоненттерін серіктес сөздермен ауыстыру), дистакт (сөз сыналту), плеоназм (жаймалап қолдану) және т. б. тілдік тәсілдердің қатысатындығы дәлелденді;
- қалыпты және окказионал фразеологизмдердің бір-біріне қарама-қайшы құбылыстар екендігі анықталды;
- БАҚ бетіндегі окказионал фразеологизмдердің ерекшеліктері айқындалып, олардың ұлттық-мәдени сипаты танымдық тұрғыдан талданды.
Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық мәні. Эмотивтік әсерді тануға тілдің қазіргі лингвопрагматикалық және антропоцентристік бағытына қарай зерттелуінің лингвистикалық теориясының дамуы, сонымен бірге көркем мәтіндегі фразеологиялық тұлғаның мәні мен мағынасының өзара байланысының түсінігін тереңдету арқылы стильдік реңктері айқындалады. Бұл жұмыс қазақ тіліндегі окказионал фразеологизмдердің тілдік табиғатын тереңірек танып біліп, оның ерекшеліктері мен мәнін нақтылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ФТ-ның коммуникативтік-прагматикалық сипаты және олардың көркем мәтіндерде окказионалды өзектіленуі лингвопрагматикалық бағыттағы сөздіктерді толықтыруға және түсіндірме сөздіктерді, фразеологиялық сөздіктерді қазіргі заман талабына сай толықтырып, түрлі коммуникативтік-прагматикалық мәліметтермен байытуына жол ашады.
Жұмыста қарастырылған теориялық пікірлер мен қағида-тұжырымдамалар туралы ойларға сүйене отырып, арнайы курстарда, жоғары оқу орындарының филология факультеттерінде көмекші құрал ретінде, сонымен бірге ғылыми-зерттеу жұмыстарына пайдалануға болады.
Зерттеу жұмысы бойынша ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
- окказионал фразеологизмдерді ерекше мазмұнға ие тілдік құрылым жүйесі деп қаралуы тиіс;
- окказионал тіркестер қалыпты тілдік нормаға қайшы болғанымен, қазақ тілінің фразеологиялық қорын байытуға негіз болады;
- көркем мәтіндерде, сатиралық шығармаларда эмотивтік сипаттағы жаңа, тың тіркестер тудырудың ең өнімді тәсілдері: контаминация, плеоназм, эллипсис, дистакт, инверсия, омонимдік, антонимдік, болымды және болымсыз, екі немесе бірнеше фразеологизмнің тоғысуы, ФТ компоненттерін ауыстыру және т. б. жатады;
- окказионал фразеологизмдердің баспасөз беттері мен көркем мәтіндегі көрінісі тіл қызметін кеңейтудегі ұлттық ерекшеліктерге сәйкес танылады;
- жұмыста қарастылырған окказионал фразеологизмдердің коммуникативтік прагматикасы фразеологиялық жүйедегі дәстүрлі тілдік қолданыстармен сабақтас;
- окказионал фразеологизмдердің қолданыс ерекшелігін стильдік қызмет тұрғысынан қарау, фразеологиялық тұлғалардың коммуникативтік-прагматикалық табиғатын терең түсінуге мүмкіндік береді.
Зерттеудің талқылануы мен жариялануы.
Зерттеу жұмысының негізгі тұжырымдары мен жалпы мазмұны бойынша Жас ғалымдардың «Филология ғылымдарының өзекті мәселелері» атты ІІ ғылыми-теориялық конференцияда (ҚазҰУ хабаршысы, филология сериясы 1999, №29) ; ҚР БжҒМ Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтында өткен «Түркітану мәселелері: бүгіні мен болашағы» (Алматы, 2001) атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда; ҚР БжҒМ Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің әл-Машани атындағы жаратылыстану-гуманитарлық институтында өткен А. Ж. Машанидың 100 жылдығына арналған «Жаратылыстану-гуманитарлық ғылымдары мен олардың Қазақстан Республикасының өндірістік-инновациялық дамуы бағдарламасын іске асырудағы рөлі» (Алматы, 2007) атты ІІІ халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда; әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де профессор М. Балақаевтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Қазақ тілі ғасырлар тоғысында: теориясы, тарихы және қазіргі жайы» (Алматы, 2007) атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда баяндалды және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ хабаршысы, филология сериясында (1999, №27) ; ҚРБжҒМ ғылыми-педагогикалық, әдістемелік «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналында (1999, №9) ; әл-Фараби атындағы ҚазҰУ хабаршысы, филология сериясында (2005, №5) ; әл-Фараби атындағы ҚазҰУ хабаршысы, филология сериясында (2006, №8-9) мақалалар жарияланды. Сондай-ақ жұмыстың негізгі тұжырымдары мен қорытындалары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қазақ филологиясы кафедрасында лингвистикалық семинарында (хаттама №2 02. 11. 2006 ж. ) баяндалды және кафедра мәжілісінде (хаттама № 11 26. 06.
2007 ж. ) талқыланды.
Зерттеудің құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.
1 ОККАЗИОНАЛ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІҢ КОММУНИКАТИВТІК
ПРАГМАТИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ
1. 1 Окказионал фразеологизмдердің зерттелуі
Қазақ тілінің фразеологиялық жүйесін зерттеуге қатысты мәселелердің қатарынан жеке авторлық қолданыс негізінде қалыптасатын окказионал фразеологизмдер мәселесін қарастыру маңызды орын алады. Осыдан ақын-жазушылардың авторлық қолданысында жаңадан қалыптасқан тұрақты тіркестер ретінде қазақ тілінің фразеологизмі деп тануға және фразеологиялық сөздікке енгізуге бола ма деген заңды сұрақ туындайды.
Фразеологизм - әдеби тілден жігі ажырамас бір бөлігі. Сондықтан оның даму жолдарын зерттеудің өзі аса күрделі әрі жауапты. Ғалымдар фразеологизмдердің қазіргі даму кезеңіндегі фразеологиялық қоры мен оның арақатынасы проблемасы және фразеологиялық семантиканың дамуы, мәтіннің құрылымдық ерекшелігі ретіндегі фразеологизм сипатын, фразеологиялық тұлғаның (әрі қарай - ФТ) әр түрлі функционалдық стильде және әдеби жанрда жасалу ерекшелігі, фразеологизм объектілерін лингвистикалық пән ретінде зерттеу тәсілдерін айқындау туралы мәселелерге көп көңіл бөліп келеді. Фразеологизмдерді зерттеу барысында жеке-жеке компоненттердің функционалдық белгілері, семантикалық құрылымының ерекшелігі, сөз таптарына қатысы, этимологиясы, этнолингвистикалық сипатына қарай фразеологиялық тұлғалар мен олардың қалыптасуын сипаттайтын бірнеше бағыт анықталды.
Фразеологизмдердің лингвистикалық сала болып қалыптасуына орыс тілі ғылымында В. В. Виноградов көп ықпалын тигізді. Ол француз ғалымы Ш. Баллидың фразеологизмдер туралы ойларын негізге ала отырып, орыс тіл біліміндегі фразеологизмдерді: 1) фразеологиялық тұтастық;
2) фразеологиялық бірлік; 3) фразеологиялық тіркес деп үшке бөледі және оның құрамына мақал-мәтелдерді, термин сөздерді енгізбейді [3, 211 б. ] .
В. В. Виноградовтың классификациясына сүйене отырып, қазақ тіл білімі де қазақ тіліндегі фразеологизм түрлерін үшке: фразеологиялық тұтастық (идиом), фразеологиялық бірлік, фразеологиялық тізбектер деп бөлді. Осы ұғымдарға төртінші түрі етіп қосқан Н. Шанскийдің фразеологиялық түсінік (К. Аханов «сөйлемше» деп аударған, кейде «орамдар» деп те атайды) деген түріне қазақ зерттеушілерінің пікірі әр түрлі. І. Кеңесбаев фразеологияны тар ұғымда түсінуде мақал-мәтелдерді фразеологизмдерге қоспайды. Фразеологияның төртінші түрі фразеологиялық түсінікке мақал-мәтелдерді, нақыл сөздерді қосатын Р. Сәрсенбаевтың пікіріне қосылсақ, шынында да тілде бар құбылысты мақал-мәтелдердің фразеологиялық тұлғалардан елеулі айырмашылығын ескере отырып, біздіңше, тіліміздегі тұрақты сөз тіркестерінің құрамында, оның ішінде фразеологиялық түсінікке (выражение) қатысты етіп қарастырған жөн бе деп ойлаймыз [4, 20 б. ] .
Идиом тіркестердің компоненттері нық, бір-бірінен ажырамайтын, құрамындағы сөздер өз мағынасын жоғалтқан, тікелей аударуға келмейтін тілдік бірліктер болса, фразеологиялық бірлікте компоненттердің орын тәртібі қатаң сақталынып, еркін тіркестер ауыс мағынада қолданылады, ал жеке сөздердің тіркесуінен жасалған еркін сөздер ФТ түрінде беріліп, фразеологиялық тізбек құрады. Осы аталған фразеологизмдердің қай-қайсысын да өзгерту тілдік нормаға қайшы, дегенмен, стильдік мақсатта әсірелеу, бейнелеу, ерекше мән үстеу үшін өзгерістер болып жатады.
Тіл мен адамның бір-бірінсіз өмір сүруі мүмкін емес. Сондықтан біз тілді «тірі» құбылыс деп атауымызға әбден болады. Кез келген тірі нәрсе өседі, өнеді, сол сияқты тілде әрдайым даму, толығу үстінде. Олай болса, тіл өмір сүруі барысында норма бойымен өте шықпайды, нағыз өмірдегідей қарама-қайшылықтарға да тап болады. Біз осы кереғар құбылыстарды қарастырмастан бұрын фразеологиялық вариант, фразеологиялық синоним және фразеологиялық окказионализмдердің аражігін ашып алғанды жөн көрдік.
Бұл туралы ғалым Г. Смағұлова: «Тілдің ішкі даму заңдылығында вариант бола беретін құбылыс. Варианттылық - тілдің тарихи дамуының жемісі. Сондықтан да вариант сөздер тілімізде белгілі кезеңге дейін уақытша да өмір сүруі мүмкін. Тілдік норма жағынан алсақ, сөйлеу тілінің нормасына қатысты. Ең соңында вариант сөздер тілдің стильдік аясында қарастырылады. Вариант сөздер сөйлеушінің еркіне қарай, саналы түрде емес, автоматты түрде (дағдылы) таңдалады және синонимдер сияқты ұдайы пайдаланылады. Қазақ тілінде варианттылық қатарды құрайтын сөздер екі немесе одан да көп кездесе береді. Фразеологизм құрамында да варианттылық қатар жиі ұшырасады. Мысалы: Түлкі бұлаңға салу /түсу/, түлкі бұлтаққа түсу /салу/; түлкі құйрыққа салу . . . » [4, 35 б. ] деген пікірі бар. Осы пікірге сүйене отырып, біз фразеологиялық варианттардың (әрі қарай - ФВ ) мынадай ерекшеліктерін анықтадық:
1. ФВ тілдік нормаға жатады;
2. ФВ ауызекі сөйлеу тілінде жиі кездеседі;
3. ФВ-да лексика-грамматикалық мағына дәлдігі сақталады;
4. ФВ құрамында ауысқан сөздердің мағынасында эмоционалды-экспрессивті реңкте аз да болса ерекшелік болады.
Енді фразеологиялық синонимдер (әрі қарай -ФС) ерекшелігіне тоқталайық:
1. ФС компоненттері қайталанбайды;
2. ФС-лар да тілдік норма меншігіне енеді;
3. ФС компоненттерінің саны әр түрлі болып келеді және барлығы қосылып бір мағынаны үстейді;
4. ФС бейнелілікке құрылады.
Ал, ФТ негізінде жасалатын жаңа тіркестерді окказионал фразеологизмдер деп атаймыз. Окказионал фразеологизмдер фразеологиялық варианттар мен фразеологиялық синонимдерден өзгеше тың тіркес жасау үшін жеке автор қолданысында пайда болады. Олар басқалардан тосындылығымен, нормалы қолданысқа енуге талпынбайтындығымен, өміршең еместігімен және аса экспрессивтілігімен ерекшеленеді. Окказионал фразеологиялық тұлғалар (әрі қарай - ОФТ) жазба тіліне де, ауызекі сөйлеу тіліне де тән. ОФТ-да құрылымдық және семантикалық өзгерістер болады. Ал, ФВ-лар трансформацияланған фразеологизмдер, олардың құрылымдық өзгерістері мағыналық өзгеріске әкелмейді.
Ауызекі сөйлеу тілі арқылы ұрпақтан-ұрпаққа берілген фразеологизмдер қазіргі кезде жазба әдеби тілінің ең өнімді тәсілдерінің бірі. Осы орайда Р. Әміровтің: «Сөйлеу тілінде қалыптасқан фразеологизмдер, идиомалар және образды сөздердің көбі айтыла келе, жазба әдебиетіндегі көркемдік тәсілдердің ажырамас бөліктеріне айналған» деген пікіріне толық қосыламыз [5, 4 б. ] . Дегенмен, сөйлеу тіліндегі фразеологизмдердің варианттары мен синонимдері өте көп. Бірақ автордың қолданысында пайда болған «су жаңа» тіркестер өз кезегінде тілдің көркеюіне көп себін тигізеді.
Ғалымдар (М. Балақаев, Е. Жанпейісов, М. Томанов, М. Манасбаев) тілімізде фразеологизмдерді қолданудың екі тәсілі бар екендігін айтқан:
1. Фразеологизмдердің жалпы халықтық формада қолданылуы.
2. Фразеологизмдердің өзгертіліп, авторлық өңдеумен қолданылуы [6, 124-127 бб. ] . Осылардың екіншісін, авторлық қолданыстағы окказионал тіркестерді қарастыру қазіргі кезде өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
Қазақ тіл білімінде окказионал фразеологизмдер туралы жазылған арнайы еңбек аз. Халықтық қолданыстағы фразеологиялық сөз тіркестерінің көркемдегіш-бейнелеуіш, образды қасиеттері зерттеулерде кеңірек қарастырылып жүрсе, фразеологизмдердің окказионалды стильдік қолданыстағы ғылыми талдау объектісіне айнала қойған жоқ [7, 103 б. ] . Қазіргі қазақ тіліндегі фразеологиялық окказионализмге қатысты мәселелер ғылыми мақалалар мен ғылыми еңбектерде ішінара тек шолу ретінде ғана беріледі. Мәселен, Г. Мұратованың (1991), Л. Еспекованың (1998) кандидаттық диссертацияларында, Г. Смағұлованың (1996, 1998) еңбегінде сипаттамалы түрде ұсынылады.
Біздің зерттеу нысанымыз фразеологиялық окказионализмдердің жасалуына қатысты болғандықтан, қазіргі қазақ тіліндегі осы мәселенің көтерілу барысын, зерттеушілердің пікірлерін ескергенді жөн санаймыз. Мысалы, Г. Мұратова: «Фразеологиялық окказионализмдер - тілдік материалдар негізінде пайда болған жеке авторлық жаңа тың тіркестер, ал семантикалық окказионализмдер - қалыпты (узуал) сөздердің бұрынғы мағынасының аясы кеңейген, жаңаша мазмұнға иеленген сөздер», - деп жазды [7, 147 б. ] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz