Т. Әбдіковтің прозасын жанрлық, тақырыптық тұрғыдан кең көлемде қарастыру, қазақ прозасының түрлі жанрында жазылған шығармаларындағы көркемдік-идеялық ерекшеліктерді, қоғамдық-әлеуметтік көзқарастарды адам мәселесі тұрғысынан саралау, қаламгердің дара стильдік белгілерін көрсету


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 131 бет
Таңдаулыға:   

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ . . . 4

1 ЖАЗУШЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ЖАНРЛЫҚ, ТАҚЫРЫПТЫҚ БОЛМЫСЫ . . . 10

1. 1 Прозалық шығармаларының жанрлық сипаты . . . 13

1. 2 Прозалық шығармаларының тақырыптық ерекшеліктері . . . 32

1. 2. 1 Қаламгер шығармаларындағы заман көрінісі . . . 36

1. 2. 2 Жазушы шығармаларындағы философиялық мәселелер және психологизм . . . 59

2 Т. ӘБДІКОВТІҢ СУРЕТКЕРЛІК ШЕБЕРЛІГІ . . . 79

2. 1 Т. Әбдіков прозасының көркемдік ерешеліктері . . . 81

2. 2 Т. Әбдіковтің шығармашылығындағы экзистенциализм . . . 97

2. 3 Жазушының стильдік және тілдік ізденістері . . . 111

ҚОРЫТЫНДЫ . . . 123

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 127

КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қазақ әдебиетінде өзіндік орны, қолтаңбасы бар, мол ізденетін, шығармашылық деңгейі жоғары қаламгерлеріміздің бірі - Төлен Әбдіков. Ол - қоғам қайраткері, жазушы, драматург. Қаламгер өз туындыларында адамның қоғамдағы орнын, қызметін, оның өз дәуірімен қарым-қатынасын көркемдікпен ашуға ұмтылған. Жазушы шығармаларында әрқилы тақырыптарды өрбіту арқылы қазақ халқының кеңес дәуіріндегі тақсіретін астарлы түрде болса да сабақтастыра білген. Ұлтымыздың жоғала жаздаған тілі мен дәстүрін, мінезі мен табиғи қасиеттерін көрсетуге, адам болмысының сан қатпарлы құпияларын ашуға ұмтылуы - жазушы шығармашылығының негізгі арқауы. Жазушы қазақ әдебиетіндегі «қос тұлғалылық», «жатсыну» теорияларын жаңа тұрғыдан, жаңа қырынан прозалық шығармалары («Оң қол» әңгімесі, «Парасат майданы» повесі) арқылы дамыта түсті. Төлен Әбдіков қаламының ұшқырлығы туралы ғалым
Г. Пірәлиева « . . . Оның қай туындысын алмаңыз, артық-ауыз әңгімеге, жалған сезім, жылтырауық теңеуге кездеспейсіз. Немесе, ділмарсыған кейіпкер, не автор жоқ. Мүмкіндігінше аз сөзге көп мағына сыйдыруға және әр сөзінің әйтеуір бір роль атқаруына аса жауапкершілікпен қарайтындығы - қаламгердің өзіндік қолтаңбасы, өзіндік әдіс-тәсілі» [1, 75 б. ], - деп пікір айтқан.

Төлен Әбдіков шығармаларындағы образдар жүйесінің байлығы, тіл көркемдігі, сурет, бейне, мінездеу, психологиялық иірімдер, ішкі монолог пен диалог - түгелдей әдебиеттің классикалық үлгілерін үйренуден, оны өз жолымен дамытудан туған жаңалықтар.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Ұлт болашағы оның тәуелсіздігінде екенін уақыт шындыққа шығарып берді. Ата-бабаларымыздың армандап өткен, жан алысып, жан берісіп күткен тәуелсіздігі қазіргі таңда тұғырына қонды. Кез келген ұлттың, халықтың тағдыры, басынан өткерген тарихи кезеңдері ең алдымен сол халықтың әдебиетінде із тастайтыны баршамызға мәлім. Міне, жазушы Т. Әбдіков жеке адамның санасындағы, ойлау жүйесіндегі сан алуан сезімдік, психологиялық, философиялық құбылыстарды, ой ағымына, түс көруді талдауға және де психологиялық сыртқы детальдарға бірден-бір ерекше көңіл аударатындығын ескере отырып, қаламгердің прозалық шығармаларының өзіндік сипаты, өзіндік қолтаңбасы мен стилі бар екендігін дәлелдеуге тырыстық.

Төлен Әбдіковтің шағын жанр - әңгімеден бастап, повестері мен романы жеке дара түбегейлі ғылыми тұрғыдан сараланбаған. Тек тәуелсіздік жылдардан бастап прозалық шығармалары салыстырмалы түрде ішінара қарастырыла бастады. Алайда жазушының прозалық шығармаларындағы әлеуметтік ахуал мен кейіпкер характері, тілі мен жазушының өзіндік стилі жүйелі түрде жан-жақты сөз болып, ғылыми тұрғыдан арнайы зерттеу нысанасына айналмағандықтан, қаламгердің прозалық шығармалары толығымен өз тиесілі бағасын ала қойған жоқ. Осы тұрғыдан келгенде, суреткер қаламынан туған шығармалардың мазмұны мен құрылымын, көркемдік ерекшеліктерін, шеберлік сырларын зерттеу - қазақ әдебиеті ғылымы үшін аса маңызды істердің бірі болып табылады. Өйткені жазушы Төлен Әбдіков прозасында қазақ баласына рухани азық болатын өзіндік ерекшелігі бар. Қаламгер шығармаларында тоталитарлық саясаттың қыспағы ашық та, айқын берілген. Сонымен қатар қаламгердің прозалық шығармаларын экзистенциализм тұрғысынан саралаймыз.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Төлен Әбдіковтің прозалық шығармаларының жанрлық, тақырыптық ерекшеліктері ішінара зерттеу объектісіне алынғанымен, әлі де саралауды қажет ететіні хақ.

Қазақ әдебиетінде көркем прозаның даму тарихын зерттеген ғалымдар мен қаламгерлердің: М. Әуезов, Б. Кенжебаев, З. Қабдолов, Е. Ысмайылов,
Т. Нұртазин, С. Қирабаев, М. Қаратаев, З. Ахметов, М. Дүйсенов, Т. Кәкішев,
Р. Нұрғали, Ж. Дәдебаев, С. Әшімханова, С. Әшімбаев, Б. Майтанов,
Г. Пірәлиева, Қ. Әбдезұлы, М. Хамзин, Ө. Күмісбаев, З. -Ғ. Бисенғали,
Ж. Тілепов, Б. Әбдіғазиұлы, Д. Ысқақұлы, Р. Тұрысбек, С. Негимов,
А. Жақсылықов, Т. Есембеков, З. Сейітжанов, Т. Рахымжанов, А. Ысмақова,
Д. Хамзабекұлы, Қ. Жанұзақова, Т. Тебегенов, Р. Тұрысбек, Ө. Әбдиманұлы,
Қ. Мәдібаева т. б. еңбектері мен мақалаларында құнды-құнды пікірлер баршылық.

Жазушының шығармашылығы хақында пікір айтқандар
Ә. Нұрпейісов, О. Бөкеев, Д. Исабеков, Б. Майтанов, Қ. Жанұзақова,
Г. Пірәлиева, М. Хамзин, О. Тұрғалиев, С. Асылбекұлы, Ш. Елеукенов,
Е. Жеңісұлы, Ж. Әбдіхалық және т. б.

Асылбекұлы Серік «Қазіргі қазақ повестеріндегі заман шындығы (1970-1989 жылдар) » атты кандидаттық диссертациясында Т. Әбдіковтің повестерін замандастары О. Бөкей, С. Мұратбеков, Ә. Кекілбаев, А. Сүлейменов,
Д. Исабеков, Ә. Тарази тағы басқалардың шығармаларымен салыстырмалы түрде қарастырады. Хамзин Мәуеннің «60-80 жылдардағы қазақ романының стилі мен типологиясы» атты докторлық диссертациясында жазушының «Өліара» романына талдау жүргізілсе, Оразбек Мақтагүл Социалқызының «Көркем прозадағы шығармашылық тұлға мен авторлық позицияның арақатынасы» /1980-2000 жылдар әдебиет бойынша/ атты жұмысында «Өліара» романын Т. Жұртбайдың «Жер бесік», З. Жәкеновтің «Зұлмат», С. Ерубаевтың «Ақ боз үй», Б. Мұқайдың «Жалғыз жаяу» секілді романдарымен салыстырмалы түрде талдау жүргізген. Ал, Жарылғапов Жансая Жанғазыұлының «70-80 жылдар қазақ прозасындағы адам концепциясы» (2001), Смағұлова Нүргүл Қайырбекқызының «Қазіргі қазақ әңгімелеріндегі тартыс табиғаты» (2006) атты кандидаттық диссертацияларында жазушының прозалық шығармаларына экзистенциалистік тұрғыда Д. Исабековтің,
Ә. Кекілбаевтің, О. Бөкейдің, Ә. Таразидің шығармаларымен қатар талдау жүргізген.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық жұмыстың негізгі мақсаты - Т. Әбдіковтің прозасын жанрлық, тақырыптық тұрғыдан кең көлемде қарастыру, қазақ прозасының түрлі жанрында жазылған шығармаларындағы көркемдік-идеялық ерекшеліктерді, қоғамдық-әлеуметтік көзқарастарды адам мәселесі тұрғысынан саралау, қаламгердің дара стильдік белгілерін көрсету. Әсіресе, Төлен Әбдіковтің оқырманға ой тастап, психологиялық, философиялық (экзистенциалистік) тұрғыдан жазылған прозалық шығармаларының жанрлық-тақырыптық ерекшеліктерін айқындау барысында өз замандастарының шығармаларымен саралауға, салыстыруға айрықша мән берілді. Осыған орай аталған мақсатқа жету үшін алдымызға мынадай нақты міндеттерді белгіледік:

  • Т. Әбдіковтің прозалық шығармаларының жанрлық сипатының ерекшеліктерін таныту; қаламгердің прозалық шығармаларының тақырыптық болмысын айқындау; прозалық шығармаларының композициялық құрылысы мен сюжет өрбіту, образ сомдаудағы сырын саралау; суреткердің көркем ойды астарлап жеткізудегі стильдік, тілдік шеберлігін көрсету; кең танылған күрделі философиялық, әдеби ағым - экзистенциализмнің Т. Әбдіковтің прозасындағы орнын көрсету;

- қаламгер Т. Әбдіковтің прозалық шығармаларындағы өмір құбылыстарын, адамның ішкі жан дүниесін, көңіл-күйді бейнелеудегі өзгешелігін, ерекшеліктерін нақтылы талдаулар негізінде көрсету.

Жұмыстың ғылыми жаңалығы. Қазіргі таңға дейін біршама ғылыми еңбектерде Төлен Әбдіков шығармалары талданып, жетістік-кемшіліктері айтылып, жоғары бағаланғанымен, жазушы еңбектері өз бағасын толыққанды алды дей алмаймыз. Жалпы, Төлен Әбдіковтің прозалық шығармаларын жанрлық, тақырыптық, теориялық тұрғыдан арнайы қарастырылған алғашқы еңбектердің бірі болғандықтан, жазушының суреткерлік шеберлігіне, прозалық шығармаларының жанрлық, тақырыптық ерекшеліктеріне, өмір шындығын толыққанды көркем бейнелерімен жеткізу бағытындағы ұстанымдарына баса назар аудардық. Зерттеу жұмысында Төлен Әбдіков қазақ әдебиетінің тарихына өзіндік стиль алып келген, ерекше қолтаңбалы жазушы екеніне айрықша көңіл бөлдік. Төлен Әбдіков қазақ әдебиетіндегі экзистенциалистік ағымда жазатын жазушыларымыздың ішінде өзіндік орнын айқындауға тырыстық.

Төлен Әбдіковтің прозалық шығармаларындағы дүниетаным туралы зерттеушілердің еңбектеріндегі пікір қайшылықтарын саралай келіп, өз көзқарасымызды білдірдік. Жазушы шығармашылығына қатысты мерзімді баспасөз беттерінде, зерттеу еңбектерінде айтылған тұжырымдар мен ой-пікірлер бүгінгі күн талабына сай жүйеленді және жаңа дерек-пайымдаулармен толықтырылды.

Зерттеу жұмысының нысанасы мен пәні ретінде ҚҰ мұрағаты деректерін, еліміздің кітапханаларындағы құжаттар мен жазушы мұрасын, БАҚ жүйесі материалдарын, зерттеушілер еңбектерін негізгі назарда ұстадық.
Төлен Әбдіковтің «Көкжиек» (1969), «Күзгі жапырақтар» (1971), «Ақиқат» (1974), «Айтылмаған ақиқат» (1979), «Таңдамалы» (1992) шығармаларын, «Оң қол» (2002), «Әке» (2004) әңгіме-повесть жинақтарын, «Өліара» (1985), «Ақшоққыда қыс қатты» (1987), «Парасат майданы» (2002) туындылары және архив материалдарын деректілік негіз ретінде пайдаланылды.

Жұмыстың теориялық және әдіснамалық негіздері. Зерттеуді жазу барысында әдебиет теориясы туралы іргелі зерттеулердегі, тақырып және жанр жөнінде айтылған пікірлер мен қаламгерлер стилі туралы озық ойлар негізге алынды.

Т. Әбдіковтің шығармашылығына қатысты еңбектердің нәтижелері қажетіне қарай пайдаланылды. Осы ретте М. Әуезов, Қ. Жұмалиев, З. Ахметов, З. Қабдолов, С. Қирабаев, Р. Бердібаев, Т. Кәкішев, Р. Нұрғалиев, Б. Майтанов, М. Хамзин, Ш. Елеукенов, Қ. Әбдезұлы, Ж. Тілепов, Ж. Дәдебаев,
З. -Ғ. Бисенғали, Г. Пірәлиева, Ә. Нұрпейісов, Д. Исабеков, Ә. Әзиев,
М. Оразбек, С. Әшімбаев, Ө. Күмісбаев, Д. Ысқақұлы, Р. Тұрысбек,
С. Негимов, А. Жақсылықов, Т. Есембеков, З. Сейітжанов, Т. Рахымжанов,
А. Ысмақова, Д. Хамзабекұлы, Қ. Жанұзақова, Т. Тебегенов, Ө. Әбдиманұлы,
Қ. Мәдібаева, С. Асылбекұлы, Ж. Жарылғапов, Е. Аманшаев, Б. Құралқанова, Н. Смағұлова, т. б. ғалымдардың еңбектеріндегі теориялық пікірлері мен тұжырымдары басшылыққа алынды. Шетелдік зерттеушілер В. Г. Белинский,
Г. Гегель, М. Хайдеггер, М. М. Бахтин, Н. П. Утехин, Л. Тимофеев,
И. Виноградов т. б. ғылыми-зерттеу еңбектері қамтылды. Сондай-ақ, алыс-жақын елдердің осы бағытта тұрақты еңбектеніп жүрген ғалымдарының еңбектеріндегі теориялық пікірлер мақсатымызға орай қолданылды.

Зерттеу әдістері. Шығарманың тууына себеп болған автор идеясын тану үшін жазушының көркем шығармасын талдау, басқа жазушылармен салыстыру, сараптау, топшылау әдістері қолданылды.

Сонымен қатар Т. Әбдіковтің прозалық шығармаларын талдау барысында объективті-аналитикалық талдау тәсілі пайдаланылса, шығармаларын саралауда кешенді тәсілдер қолданылды.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. Төлен Әбдіковтің прозасы ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде елеулі рөл атқарды, жазушы туындыларының құрылымы, образдар жүйесі, өзіндік стилі немесе қолтаңбасы басқа қаламгерлердің жетілуіне негіз қалады.

- Т. Әбдіковтің прозалық шығармаларын жаңа көзқарас пен уақыт талаптары тұрғысынан зерделеу, жанрлық тұрғыдан талдап, саралау;

- жазушының қоғам, замана келбетін айқын ашатын тақырыптарды терең және дер кезінде көре білуі, соларды көркемдік тұрғыдан жинақтап, шынайы суреткер ретінде негізгі мақсат пен идеяға жету жолындағы ізденістерінің қыр-сырын талдау;

- Т. Әбдіковтің прозалық шығармаларын замандастары Ә. Нұрпейісов,
Д. Исабеков, О. Бөкей, М. Байғұт, С. Мұратбеков, А. Сүлейменов, Ә. Кекілбаев, Т. Нұрмағамбетов және т. б. шығармаларымен өзара тақырыптық тұрғыдан талдап, ерекшеліктері мен сабақтастығын салыстыра отырып айқындау;

- Т. Әбдіковтің әңгіме-повестері мен романындағы психологиялық иірімдер, философиялық толғаныстарының қазақ прозасының дамуына үлкен үлес қосқандығын айқындау;

- кейіпкер бейнесін сомдаудағы қаламгердің суреткерлік шеберлігі мен тақырыпты көркемдік мақсатта зерттеп-зерделеу, сол арқылы қолданысқа енгізе алған өзіндік жазушылық әдіс-тәсілдері, дара қолтаңбасы және жазушылық, стильдік ерекшеліктерінің сырын ашу;

- қаламгер қолтаңбасын даралап тұратын өзіндік тақырыптық-идеялық ізденістері, қаламгердің шығармашылық үдерісіне оңтайымен және сәтті, жемісті қолдана алған тілдік өрнектері, сөздік қоры нақты мәтіндік талдау негізінде сараптау.

Зерттеу жұмысының дереккөздері. Диссертацияда жазушы шеберлігі мен прозалық шығармаларының жанрлық, тақырыптық ерекшеліктері, өмір шындығы, қаһарманның көркемдік әлемі өзара байланыста қарастырылды. Жиырмасыншы ғасырдың соңғы ширегіндегі жазушылардың шығармаларымен өзара байланысы, ерекшеліктері әр алуан зерттеулермен, дерек көздерімен байытылды.

Диссертацияда М. Әуезовтің еңбектерін, З. Қабдоловтың «Әдебиет теориясының негіздері» (1971), «Арна» (1988), «Сөз өнері» (1992),
Қ. Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы» (1960), С. Қирабаевтың «Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті» (1998), «Ұлт тәуелсіздігі және әдебиет» (2001), Т. Шаңбаев,
З. Ахметовтің «Әдебиеттану терминдерінің сөздігі» (1998), Т. Кәкішұлының «Дәуір дидары» (1985), «Жанр жайлауы» (2007), «Санадағы жаралар» (1992),
Б. Майтановтың «Қазақ прозасындағы замандас бейнесі» (1982), «Қазақ романы және психологиялық талдау» (1996), «Монолог құрылымы» (2006), «Портрет поэтикасы» (2006), Р. Бердібаевтың «Әдебиет және өмір» (1964),
Р. Нұрғалиевтің «Телағыс» (1986), Г. Пірәлиеваның «Әдебиет өрнектері, Әдеби сын. Зерттеу. Сұхбаттар» (2001) Ш. Елеукеновтің «Қазақ әдебиеті тәуелсіздік кезеңінде (1991-2001жылдар) » (2006), С. Әшімбаевтың «Талантқа тағзым» (1982), «Азаматтыққа адалдық. Әдеби сын мақалалар, зерттеулер, толғаныстар» (2007), Ж. Тілепов «Тарих және әдебиет» (2001), Ж. Дәдебаевтың «Жазушы еңбегі» (2001), «Шымырлап бойға жайылған» (1988), Қ. Әбдезұлының «Тарих және тағдыр» (2004), З. -Ғ. Бисенғалидің «ХХ ғасыр басындағы қазақ романдары» (1997), Ө. Әбдиманұлының «ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті» (2002), Ө. Күмісбаевтың «Терең тамырлар» (1994), Б. Сарбалаевтың «Ақиқат алдында: Әдеби-сын мақалалар» (1986), Б. Кәрібаеваның «Қазіргі қазақ әдебиетіндегі көркемдік даму арналары» (2001), Б. Шалабаевтың «Көркем проза тілі» (1994), С. Асылбекұлының «Қазақ мәдениеті - қазақ мемлекетінің жүрегі» (2003), Б. Құралқанованың «Қазіргі қазақ повестері» (2007) және тағы да басқа ғалымдардың еңбектерін басты назарға алдық.

Зерттеудің теориялық және тәжірибелік маңызы. Зерттеу жұмысында алынған ғылыми нәтижелер мен тұжырымдарды әдебиеттің теориялық мәселелерін оқытқанда, орта мектептердің жоғарғы сыныптарында және жоғары оқу орындарының филология факультеттерінің қазақ бөлімдерінде қазақ әдебиеті тарихын оқыту барысында, қазіргі заман әдебиеті курсы бойынша, арнаулы курстар мен семинарлар өткізуге, сондай-ақ гимназия, лицейлерде, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін тереңдетіп оқытатын мектептерге оқулықтар, оқу құралдарын, көмекші құралдар жазуда пайдалануға болады.

Жұмыстың жариялануы мен сарапталуы. Диссертацияның негізгі мазмұны мен нәтижелері, оның тарауларында айтылған негізгі мәселелер «ХХ ғасыр қазақ әдебиетін оқыту мен зерттеуідің өзекті мәселелері» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясында (Алматы, 2008), «Әуезов оқулыра - 7: М. Әуезов және қазақтанудың өзекті мәселелері» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында (Шымкент, 2008), «ХХІ ғасырдағы жоғары кәсіби білімді мамандар даярлаудың мәселелері: кешегісі, бүгіні және болашағы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында (Шымкент, 2009), «Қазақ мемлекеттілігі және түркі әлемінің тарихи-мәдени құндылықтары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында (Шымкент, 2009), «Х. Сүйіншәлиев және қазақ әдебиетінің өзекті мәселелері» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясында (Алматы, 2009) баындалып, «Қаз ҰУ Хабаршысы», «Қар МУ Хабаршысы», «Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ҰУ Жаршысы», «Қазақстанның ғылыми әлемі», «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналдарда басылған мақалаларда тұжырымдалған.

Жұмыстың құрылымы. Диссертация кіріспе, екі бөлімнен, әр бөлім бірнеше тараудан және қорытындыдан тұрады. Жұмыс соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілді.

1 ЖАЗУШЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ЖАНРЛЫҚ, ТАҚЫРЫПТЫҚ БОЛМЫСЫ

Кез келген ұлттың, халықтың тағдыры, басынан өткерген тарихи кезеңдері ең алдымен сол халықтың әдебиетінде із тастайтыны ақиқат. Қазіргі таңда қазақ әдебиетінің әрқилы кезеңдерінде рухани дамуымызға, мәдени өркениетке, әсіресе ұлттық жан дүниемізге өз шығармаларымен айтулы үлес қосқан қаламгерлеріміздің бірі - Төлен Әбдіков.

Жазушының шығармалары адам мінезінің құпия сырларына үңілуімен, өмірдің мән-мағынасына философиялық тұрғыда қарауымен, өмірдің қайшылықты құбылыстарының күрделі шындығын ашумен ерекшеленеді. Төлен Әбдіков шығармашылығының негізгі өзегі - пенде мұңы. Жеңіл-желпі желұшық мұң емес, артында қара тастай қасірет жатқан көштей күңіренте-сыңсытып өз жүрегінен өткізген жалқының мұңы.

Төлен Әбдіков 1942 жылдың 4 қыркүйегінде бұрынғы Торғай (қазіргі Қостанай) облысы, Ә. Жангелдин атындағы ауданның Еңбек кеңшарында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің филология факультетін бітірген. 1964 жылы жас жазушылардың жинағында «Райхан» атты алғашқы әңгімесі жарық көрді. 1967 жылы Ғ. Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер драма театрында «Біз үшеу едік» атты пьесасы сахналанды. 1969 жылы «Көкжиек» деген атпен тұңғыш жеке кітабы оқырман қолына тиеді. 1965-1970 жылдары «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары қызметін атқарса, 1977-1979 жылдары «Қазақ фильм» киностудиясында бас редактор, 1979-1990 жылдары Қазақстан КП ОК-нде жауапты қызметте болған. Біраз жыл «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарды. 1993 жылдан ҚР Президенті әкімшілігінде жауапты қызметте болады [2, 40 б. ] .

Төлен Әбдіковтің шығармалары 1964 жылдан жариялана бастаған. Оның «Көкжиек» (Алматы. Жазушы, 1969), «Күзгі жапырақтар» (Алматы: Жазушы, 1971), «Ақиқат» (Алматы: Жалын, 1974), «Айтылмаған ақиқат» (Алматы: Жалын, 1979), «Өліара» (Алматы: Жалын, 1985), «Таңдамалы» (Алматы, 1991), «Оң қол» (Алматы: Ата мұра, 2002), «Әке» (Алматы: Қайнар, 2005) атты жинақтарының қазақ әдебиетінің тарихына қосқан өзіндік үлесі бар.

Т. Әбдіков Халықаралық Кафка және Қазақстандағы ПЕН клуб сыйлықтарының 2003 жылы лауреаты аталған. «Парасат майданы» повесі жайында белгілі жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов: «Төлен Әбдіковтің бұл шығармасы - бүгінгі болмыстың ащы да өзекті шындығынан туындаған жан айқайы. Менің досым Анатолий Ким де хикаяттың әлі пісіп-жетілмеген аудармасын оқығаннан-ақ: «Мына қазақтың Кафкасы ғой!», -деп өзінің таңғалғанын жасыра алмаған еді» [3, 4 б. ], - деп ой толғайды.

Кезінде Софокл: «Әлемде неше алуан ғажайыптар бар, бірақ Адам - олардың барлығынан да ғажайып», -деген екен. Сол айтқандай, қаламгерлік қабілеті тек өзімізде ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде лайықты бағасын алған Төлен Әбдіковтің шығармашылық жолы туралы жазу мойынымызға үлкен жауапкершілік жүгін жүктейтіні ақиқат.

Төлен Әбдіковтің әдебиеттегі қолтаңбасы ерекше екендігін өзіндік жазу мәнері, сөз қолданысы, кейіпкерлерінің іс-әрекетін, мінез-құлқын сомдауы, оқшау образдар жасауы, тосын тұлғалар табуы тайға таңба басқандай дәлелдеп-ақ тұр.

Жазушы шығармаларының бірден-бір ерекшелігі жеке адамның санасындағы, ойлау жүйесіндегі сан алуан сезімдік, психологиялық, философиялық құбылыстарды, сана қозғалысының пластикасын беру мен жан диалектикасын монологқа, ой ағымына, түс көруді талдауға және де психологиялық сыртқы детальдарға (ым мен ишараттарға, іс-әрекеттегі, дауыс ырғағындағы, портреттегі физиологиялық, физиономиялық, сезімдік құбылыстарға) да көңіл бөлген. Мысалы «Оң қол» әңгімесінде кейіпкер - Алманың түсі арқылы автор адам санасында үздіксіз жүріп жатқан үдерісті, үрей мен қорқынышты, өмір мен өлім арасындағы арпалысты, жан толғанысын көркемдікпен кестелей білген. Саябақтағы гүлді жұлдырып, дәрігер жігіттің сезімін сынайтын сұлу да, тәкаппар, адал да, ерке Алма ұйқыға ене бастаса-ақ алқымына ұмтылатын оң қолдың опасыздық әрекеті тұқым қуалаған қауіпті сырқат, оны медицинада дененің екіге жарылуы дейді, ал әдебиеттануда адам ішіндегі адам деген тәсілді жазушы тігісін жатқыза пайдалана білген. Шығарма сюжетін берудегі суреткер шеберлігі сондай, әңгімені оқи отырып, көз алдыңда өтіп жатқан кинолента куәгеріндей кейіпкерімен бірге қуанасың, бірге қайғырасың, бірге қорқасың. Бұл сарын қазақ әдебиетіне Т. Әбдіков енгізген жаңалық емес, алайда, жазушы оны өз қырынан дамыта, өрбіте білді.

Төлен Әбдіковтің шығармашылығында дәстүр жалғастығы да сезіледі. Бұл жайында әдебиет сыншысы Мырзан Кенжебайдың баспасөз бетінде жарық көрген мақалаларының бірінде кешегі Х. Есенжанов, Ғ. Мүсірепов,
Ғ. Мұстафин, А. Нұрманов, М. Иманжанов, Т. Жармағанбетов шығармаларынан бастап бүгінгі Т. Әбдіков, Б. Нұржекеев, Т. Нұрмағанбетов, Қ. Мұханбетқалиев, С. Мұратбеков, Д. Исабеков, С. Балғабаев туындыларының арасындағы дәстүр жалғастығының барлығын, әдебиет игілігі үшін қызмет еткен осынау бірнеше буын қазақ қаламгерлерінің шығармашылық жолын салыстыра, сабақтастыра сөз етеді.

Расында да, Төлен Әбдіковтің прозалық шығармаларынан өзінің жаңашылдығымен қоса дәстүр жалғастығын да байқай аламыз. Мысалы, жазушы шығармашылығындағы «Өліара» романын алсақ, мұнда жазушы тың тақырып емес, бәріне таныс, барша жазушылардың шығармашылығында кездесетін өз халқының тағдырын бейнелейді. Алайда, Төлен Әбдіковтің бұл шығармасы жазушының жан-жақты білетін, жан-жақты ойлайтын, мәселенің бетін емес, түбін көретін, өз халқының тағдырын өз өміріндей жан-тәнімен сезінетін жанқияры екенін дәлелдейді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Төлен Әбдіковтің прозалық шығармаларының жанрлық, тақырыптық және көркемдік ерекшеліктері
Төлен Әбдіков және қазақ әдебиеті
1960-1980 жылдардағы қазақ прозасындағы адам концепсиясы
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ прозасы
Қазақ прозасындағы кейіпкер болмысы және авторлық ұстаным. Суреткерлік шеберлік және көркемдік әдіс-тәсілдер
Мінез және лиризм
Т. Нұрмағамбетұлының шығармалары
Төлен Әбдікұлы шығармаларының көркемдік ерекшелігі, ұлттық құндылықтары
Ғабит Мүсіреповтің өмірі және шығармашылығы, қазақ әдебиетіндегі орны
Ғалымның қазақ ертегілеріне қатысты ұстанған көзқарастарының концепциясын айқындау
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz