Әсет Найманбайұлы шығармашылығы


КІРІСПЕ
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Еліміздегі демократиялық жаңарулар, ұлт мәдениетіне деген ілтипат ел басының Қазақстан халқына жолдаған жолдауынан көрініс тауып, мәдени мұраға қатысты соны серпіліс тудырды. Елбасымыздың ерекше атап көрсетіп отырғанындай, жан қоштауынан туған сөз өнерінің сан ғасырлық тарихының әр дәуіріне тән әдеби даму ерекшеліктерімен сол дәуірлер әдебиетінің көрнекті өкілдері тудырған әрбір әдеби мұраны зерттеп, зерделеп, ұлттық әдебиет тарихының асыл қазынасына қосудың маңызы зор. Өйткені, әдебиет тарихы-адам баласының өсіп, өркендеу эволюциясының көркемөнердегі көрінісінің әдеби шежіресі. Осындай халқымыздың тарихи ғұмырнамасындағы саяси-әлеуметтік жағдайлар тудырған кезеңдерді, дәуірлерді, ел өміріне елеулі өзгерістер әкелген ірі-ірі оқиғаларды тарихи хронологиялық тәртіппен жүйелесе, қазақ әдебиетінің тарихы сол кезеңдер мен дәуірлердің көркемдік кескінін, ұлтымыздың рухани жан-дүние болмысының көркем образын қалыптастырады.
Міне, осы себепті де Әсет Найманбайұлының әдеби-ғылыми айналымға түспеген мұраларын ақынның шығармашылық ғұмыр жолы аясында алынған XIX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы әдеби даму мен халық тарихын, әм ел мүддесінің ақын мұраларындағы көркемдік көріністері тұрғысында жан-жақты саралауымыз қажет.
XIX ғасырда халықты мемлекеттік тәуелсіздігіне ғана емес саяси-әлеуметтік, шаруашылық-тұрмыстық, рухани жағынан да бодандыққа түсірген отарлық езгі ғасырдың екінші жартысында ерекше қарқынмен өрістегені белгілі. Соған орай осы дәуірдегі әдебиеттің ішкі құрылымында, көркемдік кескінінде, әдеби үлгісі мен туындылардың тақырыптық, мазмұндық, идеялық ой-тұжырымдарында өркендеу, даму үдерісі айқын көрінген езгіге қарсы бағытталған әдебиет дамып қалыптасты. Бұл дәуір әдебиетінде әнші ақындардың сырлы да, нұрлы лирикалары, саяси-әлеуметтік, заманауи мәні тереңдеген айтыс өнері, Шығыстық қисса-дастандардың аударма және нәзирагөйлік ел арасына тараған нұсқалары, Батыстың эпикалық поэзиясы негізіндегі поэмалар, ең бастысы, Абай іргесін қалаған жаңа жазба әдебиет өсіп-өніп, өркендеді. Әдебиеттану ғылымындағы әдебиет тарихы саласының негізгі зерттеу нысаны: әдебиеттің даму үдерісі және әдебиет тарихындағы дәуірлер мен сол дәуірлердегі көркем туындыларды дүниеге әкелген сөз зергерлерінің шығармашылықтарын зерттейтін ғылым болғандықтан, Әсет Найманбайұлының шығармашылық мұрасын ұлт әдебиетінің тарихымен бірлікте қарастырумыз керек. Өйткені, ел тарихының көркем өнердегі бейнесі-әдебиет болса, сол әдебиеттің ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы түрлі көркемдік ізденістер айшығы Әсет Найманбайұлы мұраларында да өз көрінісін тапқан. Яғни, Әсет шығармашылығы мен оның мұрасын ХІХ ғасырдағы әдебиет дәуірінің аясында ғана зерделеуді еш көтермейді. Оған қоса әдебиет тарихын дәуірлеудегі ХІХ ғасыр әдебиеті, 20- ғасыр басындағы әдебиет деп жіктеу, сол дәуірлер әдебиетіндегі басты сарындары (отарлық дәуір әдебиеті, ояну дәуіріндегі әдебиет) мен әдеби бағыт және ағым, әдеби тек пен түрлердің дамуы тұрғысынан жіктелсе, ақын шығармашылығында осы дәуірлер әдебиетіне тән аталған сипаттардың бәрі де бар. Сол себепті де, бір-бірімен тарихи әдеби сабақтас дәуірлер әдебиетінде өзінің өшпес ізін қалдырған Әсет ақынның әдеби мұрасын ақын өмір сүрген кезеңдегі әдебиет дәуірлерімен шығармашылық тұтастықта алып, арнайы сөз ету - ғылыми қажеттілік. Сонымен қатар Әсет Найманбайұлының ақындық өсу жолы мен ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы әдебиеттің ішкі мазмұн, сыртқы түр және көркем сөз айшықтары мен идеялық ой-танымдары үлгісінде қалыптасып, ХХ ғасыр басындағы әдебиеттің жаңа дәуірін шығармашылықпен өркендеткен Әсет ақынның поэтикасындағы шығыстың қисса жанры, ән-өлеңдері мен айтыс саласындағы мол мұраларының әлі де болса, толыққанды, әрі толымды түрде жиналып, жан-жақты ғылыми зерделеніп, сол кезеңдегі әдебиет тарихынан өзіндік бағасын алып, әдеби процестегі өз орнын тауып, түрлі әдеби-ғылыми жинақтарға енбеген ақынның артында қалған туындылары баршылық. Солай бола тұрса да, осы кезеңге дейін Әсет мұрасы әдебиет тарихын зерттеушілер тарапынан алдымен- таптық идеология тұрғысынан, кейін - мпровизациялық дәстүр тұрғысынан біржақты қарастырылып, ақынның шығармашылығы толық зерделеніп, қарастырылмай келді.
Міне, осы айтылған жайттардың бәрі жиылып келгенде Әсет Найманбайұлы шығармашылығын әдебиеттің даму тарихымен, Абай дәстүрімен байланыста ала отырып, ақын туындыларының белгісіз беттерін әдебиет тарихына енгізудің көкейкестілігін танытады.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында бұрынғы-соңғы тарихи-әдеби жәдігерлеріміз қайта қаралып, жаңа уақыт бедері тұрғысынан зерттеп зерделенуі басталды. Ұлт тәуелсіздігі руханият әлеміне де кең жол ашты. Қазақ әдебиетіндегі кеңестік ресми саясаттың орынсыз ардың ісі әдебиетке араласуы 1951 жылғы Абайдың ақындық мектебі айналысындағы әдеби пікір таластан кейін Абайдың талантты шәкірттері: Әріп Тәңірбергенұлының, Көкбай Жанатайұлының және Әсет Найманбайұлының артында қалдырған шалқар мұрасына кезеңдік ақындар деген бейресми көзқарас қалыптастырып, аталған ақындар шығармашылығында кеңес үкіметін жақтау бар ма, жоқ па деген қате ұстаным тудырып, олардың шығармашылығының қаны мен сөлі болып табылатын діни-уағаздық тінінен айырып, ғалымдарымызға бір жақты сыңар жақ зерттеулер жасауға мәжбүрледі. Осы тұмшаланған бүркеуді аталған ақындар шығармашылығынан қорғалған ғылыми дисссертация мен іргелі зерттеулер тас-талқан етті. Бұрын кеңестік кезеңде мүлдем тыйым салынған, жартылай зерттеуге мәжбүр болған алаштың белгілі де, айтулы қаламгерлерінің шығармашылық мұралары бұрынғыдай беймәлім белгісіз күйінде қалмай арнайы зерттеу нысанына алына бастады. Әсет Найманбайұлы шығармашылық ғұмыр кешкен ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы заман әдебиетінің тарихы туралы ғылыми зерттеулер аз емес. Оларды ел тарихы мен халық өмірінің әдебиеттегі көркем бейнелуі тұрғысында тарихи - әдеби екі топқа бөліп қарастыруға болады. Бұлайша зерделеуде біз кемеңгер ғұлама ғалым М. О. Әуезовтің хакім Абай мұрасын тарихи-әдеби бірлікте, әрі тұтастықта алып зерттеген “Абай Құнанбаев” [1] атты монографиясын үлгі тұттық. Өйткені, М. Әуезов Абай шығармашылығын сөз ету үшін Абайды туғызған заман жайын айтудың ғылыми қажеттілік екендігін ескерткен болатын.
Міне, тап осындай жайт Әсет Найманбайұлы ғұмыр кешкен ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы тарихи, саяси -әлеуметтік жағдаяттар жайлы М. Тынышбаев [2], Е. Бекмаханов [3], М. Қозыбаев [4], М. Мұқановтар [5], сынды т. б. тарихшы ғалымдардың еңбектерінде сөз етіледі. Сондай-ақ, ел тарихының бүгінгі жаңарған тәуелсіз таным тұрғысындағы тарихнамасы да отандық ғылымдар тарапынан кең көлемде жарық көруде.
Қазіргі кезеңдегі әдебиет тарихының ақын ғұмыр кешкен дәуірі турасындағы зерттеулердің қарасы да мол. Бұл орайда, Р. Мәрсековтің 1915 жылы жазған “Қазақ әдебиеті жайынан” [6] атты мақаласынан бастап, әдебиеттің тұтас дәуірлерін, негізгі бетбұрысты ерекшеліктерін жіктеп, саралап жазған А. Байтұрсынұлының “Әдебиет танытқыш” [7] теориялық зерттеуінде әдебиет тарихын дәуірлердің алғашқы нышандық үлгілері кейінгі зерттеулерге ғылыми-теориялық негіз қалады. Тұңғыш рет ғылыми тұрғыда ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы әдебиетті, оның “Зар заман” ағымын талдап, жазған М. Әуезовтің “Әдебиет тарихы” [8] зерттеуінен бастап, С. Сейфуллин “Қазақ әдебиеті” [9], С. Мұқановтың “ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті” [10], М. Жолдыбаев, М. Әуезов, Ә. Қоңыратбаевтардың “ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті” [11] сынды ғылыми еңбектерден кейін жазылған Е. Ысмайылов [12], Қ. Жұмалиев [13], Б. Кенжебаев [14], Қ. Мәдібай [15], т. б әдебиеттанушы ғалымдардың әдебиет тарихының біз қарастырып отырған кездеріне қатысты тұтас дәуір әдебиетін қамтыған зерттеу еңбектері жазылып, ғылыми ортаға танылды, осындай игі ізденістер бүгінгі күнде де отандық әдебиеттану ғылымындағы тәуелсіз ой-танымдар тұғысында дүниеге келген соны еңбектермен үсті-үстіне толығып, Ахаң түрлеген ғылыми дәстүр өз жалғастығын табуда.
Әсет Найманбайұлының бірнеше салт өлеңдерін ақын ауызынан жазып алып, 1910 жылы тұңғыш рет жұрт назарына ұсынған Құрбанғали Халиди болды. Одан соң 1920 жылдары Тұрар Рысқұлов басқарған Түркістан Кеңес республикасының фольклортанушы, әдебиеттанушы ғалымдары ұйымдастырған ғылыми экспедицияларда Әбубәкір Диваев, І. Жансүгіров, т. б экспедиция мүшелері ақынның көптеген шығармаларын ел ішінен жинап, жазып алды [16, 82-83 бб] . Осылардың ішіндегі “Әсет пен Кемпірбайдың қоштасуы” атты әдебиет тарихындағы ең көркем дәстүрлік салт жырына жататын қоштасу өлеңі 1925 жылы “Таң” журналының №1 санында жарық көрсе, 1936 жылы “Социалды Қазақстан” газетінде А. С. Пушкиннің “Евгений Онегин” романының Әсет Найманбайұлы аударған нұсқасы жарыққа шықты. Осы жылы “Социалды Қазақстан” газетінің 26 маусымдағы санында Әсет ақынның “Ақырғы сөзі” де басылды. Әсет Найманбайұлының түрлі дерек көздерінен алынып, мерзімді баспасөздерде әр кезеңде жарияланған шығармалары мен Ғылыми кітапханалардағы сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында жинақталған мұралары негізінде 1968 [17], 1988 [18] жылдары ақынның жеке жинақтары жарыққа шықты. 2000 [19] жылы ақынның толық шығармалар жинағы Қытай Халық Республикасында басылды.
Қазақ әдебиеті тарихындағы Әсет Найманбайұлының туындылары, шығармашылық өмір жолы мен әдеби мұралары жайлы бүгінгі күнге дейін басылған 200-ден аса үлкенді-кішілі материалдардың қоры бар. Әсет Найманбайұлының әдебиет тарихындағы шығармашылық ғұмыр жолы қазақ әдебиеттану ғылымында Б. Ысқақовтың “Әсет әрі өнерлі, әнші, әрі халық ақыны” [20, 4] атты мақаласында алғаш рет жеке зерттеу объектісіне айналып, онда Әсет шығармашылығы ғылыми зерттеу нысанына алынды. Бұдан соң С. Мұқанов 1942 жылы жарыққа шығарған “Қазақтың XVІІІ - XIX ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер” атты зерттеу еңбегінде Әсет ақын шығармашылығын жан-жақты саралап жазды [21, Б 202-206] . Абай тағлымының Әсет Найманбайұлы шығармашылығына әсері, Әсеттің Абай мектебі шәкірттерінің қатарында екендігі жайлы М. Әуезовтен басталған ғылыми концепция кешегі кеңес дәуірінің түрлі саяси-идеологиялық кезеңдерінде әр қилы ой-тұжырымдар тудырғаны аян. Бұл салада зор ғылыми еңбектер атқарған абайтанушы ғалым Қ. Мұхамедхановтың 1995 жылы жарық көрген 4 томдық “Абайдың ақын шәкірттері” ғылыми зерттеу еңбегінің 3 томында Әсет ақынның қазақ әдебиеті тарихында алатын орны түбірлі дәйектеліп, тұжырымдалды. Ақынның тұңғыш жинағына жазған Б. Адамбаевтың “Әсет ақын” [17, Б 5-18 ] атты көлемді мақаласы қаламгердің шығармашылық өнер жолындағы тың деректерді қосуымен құнды болды. Қазақ әдебиеттану ғылымы тарихында Е. Ысмайылов [22, Б 272-286], С. Ордалиев [23, Б 56-73 ], Б. Абылқасымов [24, Б104-110 ], т. б да ғалымдардың тынбай ізденген тыңғылықты зерттеу жұмыстарының да Әсет Найманбайұлы мұрасының әдебиет тарихында өзінің лайықты орнын алуына зор септігін тигізді. Әсет Найманбайұлының ақындық мұрасы арнайы ғылыми зерттеу нысанына алынып, 2000 жылы осы тақырыпта С. Қ. Қожағұловтың диссертациялық еңбегі қорғалды [25] .
Солай десек те, Әсет ақынның шығармашылық мұрасы бізге негізінен ел ішіндегі орындаушылар аузынан жазылып алынып жеткендіктен, ақынның жұрт арасындағы, мұрағаттар мен ғылыми қорларда сақталып, жарыққа шықпаған, сондай-ақ ҚХР-сының Шығыс Түркістан өлкесіндегі қазақ диаспорасының арасында таралған, сол жақтағы баспаларда жарыққа шықса да, туған елінде әзірге жариялана қоймаған өлеңдері, ән өлеңдері, лирикалары, қисса-дастандары мен айтыстары бар. Әсет ақынның әлі әдеби-ғылыми айналымға түспеген осындай әдеби мол мұрасын әдебиет тарихы, Абай тағлымы, Әсеттің жалпы әдеби мұрасымен бірлікте алып, мұқият зерттеуді біз өз ғылыми жұмысымызға өзек еттік.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты - Әсет Найманбайұлының шығармашылығының белгісіз беттерін ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы әдеби даму, Абай тағлымы және әдебиеттің тарихилық принциптері негізінде тақырыптық- мазмұндық, жанрлық құрылымдық әдеби-көркемдік және стильдік тіл өрнегі тұрғысында саралай қарастырып, сол арқылы ақын мұрасына әдеби-ғылыми үлес қосу. Осы мақсаттар үдесінен шығу үшін зерттеу жұмысының алдына мынадай міндеттер қойылды:
Әсет ақынның шығармашылық өмір жолы мен ақындық мұраларына қатысты әдеби-ғылыми ой-пікірлерді соны дерек көздерімен салыстыра талдай отырып, бір ізге түсіру;
Әсет Найманбайұлы шығармашылығының рухани бұлақ көздері мен әдеби өсу, толысу эволюциясын сол дәуірлердегі қазақ әдебиетінің даму тарихымен бірлікте алып саралау;
Әсет ақының әдеби мұрасын ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы тарихи, саяси-әлеуметтік жағдайлармен байланыста алып қарастыру негізінде ақын шығармашылығының тақырыптық-идеялық аясы мен нысанын айқындау;
Абай тағлымының ақын шығармашылығындағы көріністерін әдеби-ғылыми тұрғыда дәйектеу;
Ақынның белгісіз әдеби мұраларының Әсет шығармашылығына тән даралық стильдік сипаттарын айқындау;
Әдебиет тарихына еніп, бұрын жарық көрмеген ақын шығармаларының тақырыптық, мазмұндық, идеялық және әдеби-көркемдік қырларын саралап, оларды Әсет ақынның әдеби мұра қорына енгізу.
Зерттеудің дерек көздері. Ғылыми жұмысты даярлауда ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдағы қазақ халқының тарихы мен ұлттық әдебиетіне қатысты зерттеу еңбектер, монографиялар, сондай-ақ, Әсет ақынның шығармашылық мұрасын тарихи-әдеби нақты ғылыми негізді ақиқат деректермен байланыста қарастыра талдаған қилы басылымдардағы әдеби-ғылыми материалдар пайдаланылды. Зерттеуде бүгінгі күнге дейін жарыққа шықпаған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Орталық ғылыми кітапханасындағы, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қолжазбалар мен сирек кездестін кітап қорындағы, М. О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорындағы, Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайы мен оның филиалы Әсеттің әдеби-мемориалдық мұражайы қорындағы Әсет Найманбайұлының әдеби шығармашылық еңбектері дереккөздері нысанына алынды. Жұмыста Әсет ақынның шығармашылығын толымды түрде қарастыру үшін ақынның 1968, 1988 жылдары жарыққа шыққан жинақтары мен ҚХР 2000 жылы шыққан жинақтары бірлікте алынып отырды.
Қазақстан және Қытай еліндегі әр кезеңдерде түрлі басылымдарда жарияланған ақын шығармалары, сондай-ақ ел ішінен, Қытайдағы қазақ диаспорасы арасынан жиналған, бірақ ақын жинақтарына енбеген әдеби мұралары зерттеудің дерек көздері ретінде қолданылады.
Зерттеудің теориялық және методологиялық негіздері. Диссертацияға қазақ әдебиеттану ғылымының әдебиет теориясы, әдебиет сыны, әдебиет тарихы салалары өзек болып, осы үш саладағы ғылымның көрнекті өкілдері: А. Байтұрсынұлы [7], М. Әуезов [8], С. Мұқанов [10], Қ. Мұқаметханов, [26], З. Ахметов [27], Х. Сүйіншәлиев [28], Р. Сыздықова [29], Р. Нұрғали [30], А. Еспенбетов [31], Б. Әзібаева [32], А. Қыраубаева [33], Қ. Жүсіпов [34], М. Мырзахметұлы [35], Қ. Әбдезұлы [36] т. б ғалымдардың әдебиет тарихын дәуірлеуге, әдебиеттегі ағым, бағыт, әдебиеттің даму кезеңдері, оларға тән ерекшеліктер мен жекелеген сөз зергерлерінің әдеби мұраларына арналған зерттеу еңбектерінің жетістіктеріне сүйеніп, қисынды, теориялық ой-пікірлері мен тұжырым, ұсыныстарын басшылыққа алдық. Сонымен қатар, Ә. Найманбайұлы шығармашылығы арнайы зерттеу нысанына алынған: Б. Ысқақов, Б. Адамбаев, Б. Абылқасымов, С. Қожағұлдың зерттеулері мен Қытай халық Республикасындағы қазақ әдебиеті тарихына қатысты О. Егеубаев, Ж. Маман, З. Сәнік, А. Қайбарұлы, т. б адамдардың жазған еңбектері, ой-пікірлері, әдеби-ғылыми тұжырымдары пайдаланылды.
Зерттеу әдістері: Зерттеу әдістері мен тәсілдері жұмыстың алдына қойылған мақсаты мен міндеттеріне байланысты айқындалды. Ғылыми жұмыстың әдіснамалық негізіне жүйелі-кешенді, объективті-аналитикалық, тарихи-функционалды, салыстырмалы текстологиялық әдіс-тәсілдер қолданылды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Әсет Найманбайұлының белгісіз әдеби мұрасы ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы ел тарихы, қазақ әдебиетінің даму жолымен бірлікте алынып, кемелді түрде бүгінгі жаңарған тәуелсіз таным тұрғысында тарихи-әдеби зерттеу нысанына алынды. Ақын мұрасының әдеби-ғылыми айналымға бұрын түспеген шығармаларының жүйелі зерттелуі нәтижесінде Әсеттің одалық, элегиялық “Қара ағашқа”, “Шылбыға хат”, “Омарға”, “Нұғыманға”, “Рабатқа” т. б. өлеңдері тұңғыш рет зерттеу нысанына алынды. Осындай бұрынан белгісіз өлеңдердің толық ғылыми айналамға енуі аталмыш ғылыми диссертацияның ғылыми жаңалығын анықтайды.
Ақынның осы дәуір әдебиетіндегі өзіндік даралық стилі, шығармашылық жаңашылдық сипаты, белгісіз шығармалары арқылы қосқан әдеби үлесі жан-жақты сараланды;
Қазақстан мен Қытайдағы ел ішінен, мұрағаттар мен қолжазбалар қорынан алынған Әсет ақынның бұрын жарияланбаған поэмалары, қисса-дастандарын ғылыми айналымға түсіре отырып, “Бақтиярдың қырық бұтағы” циклдік шығарма екендігі жайында тың тұжырымдар жасалды;
Әсет Найманбайұлының белгісіз шығармаларының туу тарихы, олардағы ақынның дүниетанымдық көзқарастары сол кезеңнің тарихи жағдайларымен, әлеуметтік-саяси мәселелерімен, тарихи-әдеби мұрағаттардың материалдарымен салыстырыла қарастырылып, замана шындығы мен көркемдік таным тұрғысында талданды;
Әсеттің жаңадан табылып отырған жұмбақ өлеңдеріне сараптау жасалынды;
Осы жанрдың ақынның жұбақ атйыстар шығаруға негіз болғанын дәлелдеуге тырыстық. “Әсет пен Әріпжан”, “Әсет пен Есенқұл ақын” және “Ғняр төре мен Гүлзағипа” секілді белгісіз туындыларының жанрлық және көркемдік ерекшеліктеріне тұңғыш рет талдау жасалынды;
Қытай Халық Республикасындағы ел аузынан жиналып, түрлі басылымдар мен жинақтардан алынған ақын шығармалары қазіргі жазуға түсіріліп, оларға текстологиялық зерттеулер жүргізілді.
Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы. Диссертациялық жұмыстың нәтижелерін қазақ әдебиетіне қатысты зерттеу еңбектерде, жоғары оқу орындарында “ХІХ ғасыр әдебиеті” мен “ХХ ғасыр басындағы әдебиет” пәндерінде оқылатын дәрістерде, семинарлық сабақтарда пайдалануға болады. Сондай-ақ, зерттеудің ғылыми-көпшілік мәні де бар.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
Әсет Найманбайұлы - ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы тарихи-әдеби үрдіске өзінің рухани мол мұраларымен зор үлес қосқан сөз зергері:
ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы әдебиеттегі діни тәлімгерлік бағыттағы қисса-дастандар мен айтыс өнерін дамытудағы өзіндік орны бар дарынды тұлға;
Әсет Найманбайұлы - қазақ әдебиеті тарихында Абай негізін қалаған жаңа жазба әдебиетінің сыншыл реалистік бағытын жалғастырған ақын;
Әсет ақын - қазақ әдебиеті тарихында өзіндік әуезділігімен, сыршылдығымен, сөз өрнегінің мағыналық тереңдігімен әнші-ақындар мен сал-серілер поэзиясының асыл қазынасын өзінің ән-өлеңдерімен түрлендіре байытқан өнер иесі;
Әсет Найманбайұлының әдебиет тарихына енбеген шығармалары әсеттанудың көкжиегін кеңейтіп, ақын мұрасын жан-жақты толықтырар әдеби мұра көздері ретінде танылуы тиіс.
Зерттеу жұмысының жариялануы мен сарапталуы. Диссертациялық жұмыстың теориялық мәні мен мазмұнның тұжырымдарын құрайтын мәселелері бойынша халықаралық республикалық ғылыми-практикалық конференция материалдарының жинақтарында баяндамалар жарияланып, сыннан өтті. Сонымен бірге диссертация тақырыбы мен мазмұнын сипаттайтын зертеу жұмысының негізгі нәтижелері ҚР білім және ғылым министрлігінің Қадағалау және аттестаттау комитеті бекіткен басылымдарда жарық көрді.
Атап айтқанда, “Шәкәрім және Әсет шығармаларындағы замана бейнесі” “Шәкәрім ұлы Абай дәстүрін жалғастырушысы және дамытушысы” тақырыпты республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары, - Семей, 1998, - 154-157-б. “Әуезов Абай шәкірттері хақында”, “М. Әуезов Әсет ақынның айтыстары жөнінде” “М. Әуезов ұлы суреткер және ойшыл” тақырыпты республикалық ғылыми -теориялық конференция материалдары, - Семей, 1998, - 41-44, - 63-67-б. “Әсет Найманбайұлы өлеңдеріндегі тарихи шындықтың көркемдік шешімі”, “Шәкәрім шығармашылығын зерттеудің өзекті мәселелері” атты ғылыми-теориялық конференциясының материалдары, - Семей, 2006, -160-163-б. “Әсет афоризмдері”, “Әсет Найманбайұлының тарихи поэмалары” “Мемлекеттік тіл: бүгіні, болашағы тақырыбындағы республикалық ғылыми- практикалық конференция материалдары, - Семей, 2007, - 52-56, - 123-128-б. “М. Әуезов зерттеуіндегі Әсет айтыстары” “М. О. Әуезов және мәдениеттер диалогы” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары, - Семей, 2007, - 94-98-б. “Әсет Найманбайұлының Мұңлы қыз дастаны жайында”, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің хабаршысы. Филология сериясы. - 2006, № 3. - 97-98б. “Әсет және қазақ фольклоры” Семей университетінің хабаршысы, - 1998, № 2. - 149-154 б. “Әсет Найманбайұлының дастандары жайында” Ізденіс. Гуманитарлық ғылымдар сериясы. - 2006, № 2. - 163-167 б. “Әсет арнауларының белгісіз қырлары”, Қазақстан Республикасы ұлттық ғылым академиясының хабарлары. Филология сериясы. - 2007, № 4. - 9-13-б.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz