А. ҚЫРАУБАЕВАНЫҢ «РАБҒУЗИ ҚИССАЛАРЫ» МЕН «МАХАББАТНАМА» ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕРІ


Мазмұны
Кіріспе 3
1 А. Қыраубаеваның «Рабғузи қиссалары» мен «Махаббатнама» туралы зерттеулері
1. 1 Ғалым, ұстаздың шығармашылық ғұмырнамасы 9
1. 2 Алтын Орда дәуірі әдебиеті мен «Рабғузи қиссалары»
А. Қыраубаева зерттеуінде 18
1. 3 Хорезмидің «Махаббатнама» дастаны - түркі тілдес халықтардың
ортақ әдеби мұрасы 48
2 Қазақ әдебиетіндегі шығыстық қисса-дастандар
А. Қыраубаеваның зерттеуінде
2. 1 Қисса жанры: табиғаты мен даму сатылары 59
2. 2 А. Қыраубаеваның ежелгі әдебиет үлгілерін аударудағы еңбегі 92
2. 3 Ежелгі әдебиет: жаңашыл қөзқарастар мен пайымдаулар 105
Қорытынды 121
Пайдаланылған әдебиеттер 128
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Тоталитарлық жүйенің қыспағына қарамастан ежелгі дәуір әдебиетінің мәселелеріне терең бойлап, байыпты ғылыми пайымдаулар мен қорытындылар жасаған Халықаралық Жамбыл сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Алма Мүтәліпқызы Қыраубаева (1947-2001) - дүниеден ерте өтсе де, ұлттық әдебиеттану ғылымының дамуында өзіндік орны бар дарынды ғалым болды. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқып жүргенде-ақ, ғылымға деген қабілетін, ынтасын танытып, үлкен әдебиеттанушы ғалым Б. Кенжебаевтың ықыласын өзіне аударады. Жас ғалымның сол кездегі «жабық тақырып» ежелгі дәуір әдебиетіне, оның ішінде Алтын Орда дәуірі әдебиетінің жауһары саналған «Махаббатнама» дастанына, дау-дамайы мол, «діни қисса» атанған «Рабғузи қиссаларына» батыл баруы бір жағы ұстазы Б. Кенжебаевтың ғылыми концепциясын дәлелдеуге белсене қатысуы болса, сондай-ақ ғалым ретіндегі принциптілігі мен қажырлылығын, ізденгіштігі мен ұлтқа қызмет етудің үлгісін көрсетуі болды.
А. Қыраубаеваның ғылыми зерттеу арнасына бүгінгі күн биігінен көз салсақ, тың тақырыпқа баруынан қиыннан-қиынға құлаш ұрған шын ғалымға тән қайсар мінезін, мықты рухын байқаймыз. «Қазақ әдебиетіндегі шығыстық қисса-дастандардың түп-төркіні мен қалыптасуы» деген тақырыпта докторлық диссертация жұмысын орындауы осының айғағы. Кең көлемді бұл зерттеудің ұшқыны ғалым көңілінде кандидаттық диссертация жұмысының арқауына айналған «Махаббатнама» дастаны мен «Рабғузи қиссаларын» зерттеп жүргенде-ақ оянғанын жазбай тануға болады. Қазақ қисса-дастандарының түп-төркінін ежелгі әлемдік мифтермен байланыстыра қарауы, нәзирашылдық дәстүрінің ХІІІ-ХІV ғасырларда түркі әдебиетіне келуін ғылыми тұрғыдан пайымдауы, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында шығыстық желідегі қисса-дастандардың дамуын көрсетуі мен қалыптасқан сюжеттік арналар бойынша оларды топтастыра қарастыруы тың ғылыми қорытындылар мен жаңалықтарға құрылған байыпты зерттеу болды. Ежелгі дәуір әдебиетін Түркі қағанаты дәуіріндегі әдебиетпен (V-VІІІ ғасырлар) шектемей, біздің заманымыздан бұрынғы сақ, ғұн, үйсін дәуіріндегі жазу-сызулар, аңыз-жырлар деп қарастыруы да кейін ежелгі дәуір әдебиетін зерттеуші ғалымдар тарапынан қолдау тауып өрістетілді.
А. Қыраубаеваның ғалымдығымен қатар үлкен жүректі ұстаз болғандығын да даралап айтып өту орынды. Әл-Фараби атындағы Ұлттық университетте, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде дәріс жүргізді, «Ежелгі дәуір әдебиетінен» оқу құралын жазды, хрестоматиялық оқу құралын құрастырды. Әсіресе, ғалымның ежелгі дәуір әдебиетінен хрестоматиялық оқу құралын құрастырып, студенттерге ұсынылуы уақыттың өзі талап еткен маңызды жаңалық болды. Ғалым М. Жолдасбековтың сөзімен айтқанда, соңғы жетпіс жылда қазақ баспасында мүлдем жарық көрмеген әдеби жәдігерлер транскрипциясымен және қазіргі қазақ тіліндегі аудармасымен тұңғыш рет көпшілік назарына ұсынылды. Мұнда ғалым Хорезмидің «Махаббатнамасын», Хұсам Кәтибтің «Жұмжұма сұлтан» мен Сәйф Сарайдың «Жәдігернама», «Түркіше «Гүлстан» туындыларының үзінділерін аударды. 90-жылдардың соңында ауыл балаларының білімін тереңдетіп, жоғары деңгейге көтеріп, ой-өрісін кеңейту мақсатында Қаскелеңде «Қазақ мәдениеті мектеп-лицейін» ашуы да жас ұрпақтың келешегіне бейтарап қарай алмайтын ұстаздық үлкен жүректің ұмтылысы болатын. Мектеп, лицей-гимназияға арналған «Ежелгі әдебиет» оқулығын жазып, жариялауы да ұлтын сүйген жүректің соңына қалдырған таза ниет-аманаты іспетті.
А. Қыраубаева ұстаз ғалымдары, әріптестері туралы тебірене толғанып мақалалар жазды, өзі де ежелгі дәуір әдебиеті мәселелерін өзек еткен жас ғалымдардың ғылыми жұмыстарына жетекшілік жасады. Жасындай жарқ еткен ғұмырдың ұлт ісіне, ұлттық ғылымға, ұлттық тәрбиеге арналғаны бүгіндері алдын көрген шәкірттері, замандас әріптестері, аға буын ұстаздары тарапынан жыр ғып, сыр ғып айтылуда.
Зерттеу жұмысында көрнекті ғалым, ұстаз А. Қыраубаеваның ғылыми зерттеулерінің мәні ашылады, басты ғылыми бағыттары мен ұлттық әдебиеттану ғылымына әкелген жаңалықтары зерделенеді, мағыналы ғұмырының тағлымы таразыланады.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірін зерттеу ұлттық әдебиеттану ғылымында оңай қалыптасқан жоқ. Өзара күрес-тартысы, қуғындауы мол, оның үстіне кеңестік цензураның қырағылы мықты жағдайды бастан кешіруге тура келді. Алайда әлемдік түркология ғылымында, Кеңес одағындағы өзге туыстас түркі халықтарында ежелгі мәдениет пен ежелгі әдебиетке үңілу, оны тану және таныта білу үдерісі қызу жүріп жатқанда, бұдан қазақ ғалымдары тыс қалмады. А. Қыраубаеваның ғылыми еңбектерін зерттеу арқылы қазақ әдебиеті тарихындағы ежелгі дәуір әдебиетінің зерттелу тарихын, негізгі бағыттары мен ізденіс арналарын, әлі де зерттелуге тиісті өзекті мәселелерін тануға болады. Ғалымның Алтын Орда дәуіріндегі әдебиеттің дамуын аударма-нәзиралық шығармалар және тыңтума әдебиет деп екіге бөліп, зерттеу жұмысында соған қатысты әдеби нұсқаларды жан-жақты талдауы мен кейбір туындылардың аудармасын жасауы қазақ әдебиеті тарихының орта ғасырлар кезеңімен, сол уақыттағы әлемдік әдебиетпен сабақтасып жатқанын нақтылы дәйек-дерекпен орнықтыра түсті. Қайбір туындылардың кеңестік идеология ықпалымен біржақты, теріс бағаланып келгені дәлелді анықталды. Сондай-ақ қазақ әдебиетіндегі шығыстық желідегі қисса-дастандар туралы іргелі зерттеу жұмысы да халықтық эстетиканың, таным-түсініктің ешқашан томаға-тұйық болмайтынын, оның әлемдік көркемдік дүниетаныммен тығыз ұштасып жататындығын, мұндай рухани байланыстың қалыптасуында белгілі бір тарихи кезеңдердің, өзара қарым-қатынастардың, дарынды тұлғалардың орны мен маңызы айрықша екендігін анықтауға құрылды. Қазақ әдебиетінің тарихы біздің дәуірімізге дейінгі көне замандардан бастау алатыны бүгінде ғылыми тұрғыдан дәйектелуде десек, осындай батыл ойлы көзқарастың туындауы мен орнығуында А. Қыраубаева зерттеулері елеулі қызмет атқарды. Жалпы, А. Қыраубаеваның ғылыми мұраларын зерттеу арқылы ғылымдағы дәстүр мен жаңашылдық мәселесі, яғни Б. Кенжебаев тәрізді аға ұрпақ өкілдерінің ғылыми ой-қорытындылары мен орта буын ғалымдарының ғылыми ізденістері, сабақтастығы, тұжырымдары қалай ұштасты және ежелгі дәуір әдебиетіне қатысты бүгінгі әдебиеттану ғылымының алдында қандай көкейкесті мәселелер бар деген сұраққа жауап ізделінеді. Бұл әдебиеттану ғылымында өзекті мәселе. Зерттеу жұмысы тақырыбының өзектілігін осымен байланыстырамыз.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Ғалым А. Қыраубаеваның ғылыми мұрасы туралы жүйелі зерттеу жұмысы әлі қолға алынған жоқ. Ол туралы аға ғалымдар, тұстастары мен шәкірттері тарапынан бірсыпыра естеліктер, мақалалар жазылды, қазіргі уақытта да жазылу үстінде. Онда ғалымның еңбектеріне, қарым-қабілетіне, ұстаздық-адамдық қадір-қасиетіне баға беріледі, ғылыми бағыты мен ізденістеріне шолу жасалып, оң пікірлер айтылады. Ғалымның жекелеген еңбектеріне баспасөз бетінде сын мақалалар жарияланған. Алайда, бұл мақалалар тұтасымен алғанда А. Қыраубаеваның зерттеу жұмыстарының маңызын тануда дерек көздерінің бірі ретінде саналғанмен, алғы шарт қана. Ғалым еңбегінің ішкі мәні мен көкейкестілігін диалектикалық бірлікте ашуды міндетіне алмайды. Ол үшін тұтас, жүйелі зерттеу қажет.
Зерттеу нысаны. Ғалымның жарияланған монографиялық зерттеулері мен әр алуан жинақтарда, баспасөз бетінде басылған мақалалары, диссертация жұмысы мен авторефераты, соған қатысты еңбектер зерттеу негізіне алынды.
Зерттеу пәні. Ежелгі дәуір әдебиетінің көкейкесті мәселелері, әлемдік әдеби байланыстар көрінісі, халықтық әдебиеттің танымдық-эстетикалық тағылымы.
Зерттеу жұмысының мақсаттары мен міндеттері. Диссертация жұмысының негізгі мақсаты белгілі әдебиеттанушы А. Қыраубаеваның ежелгі дәуір әдебиетін зерттеудегі негізгі ғылыми ұстанымдары мен ой-тұжырымдарын тану, жүйелеу және бүгінгі әдебиеттану ғылымының дамуындағы маңызын айқындау мен бағалау болып табылады. Осы мақсатқа жету жолында мынандай міндеттерді орындау алға қойылды:
- ғалымның ізденіс арналарын, ғылымға келу жолындағы дәстүр жалғастығы мен ежелгі дәуір әдебиетін зерттеудегі өзіндік дүниетанымы мен көзқарасының қалыптасуын анықтау;
- ғалымның негізгі ғылыми бағыттарын айқындау және жүйелеу, оның негізділігі мен өміршеңдігін таныту, сондай-ақ бүгінгі әдебиеттану ғылымының дамуындағы орны мен маңызын көрсету;
- А. Қыраубаеваның ғылыми ой-тұжырымдарын өзге әдебиеттанушы ғалымдардың еңбектерімен салыстыра тексеріп, сабақтастығы мен өзіндік жаңалығын тану;
- «Рабғузи қиссалары» туралы зерттеудің монографиялық сыр-сипаты мен ғылыми тереңдігін, жаңашылдық сипатын ашу;
- Хорезмидің «Махаббатнама» дастанына жан-жақты талдау жасаған, тың ой-пікірлерін дәлелді ұсынған А. Қыраубаева еңбегінің мән-маңызын анықтау;
- қазақ әдебиетіндегі шығыстық қисса-дастандардың түп-төркіні мен қалыптасуы туралы кең көлемді зерттеулердің әдебиеттану ғылымындағы жаңалығы мен негізгі қорытындыларын айқындау;
- тәуелсіздік алғаннан кейінгі еркін, азат ойлы ғалым зерттеулерін саралау, түркі әдебиетінің жемісті бір бұтағы қазақ әдебиетінің тарихының бастауы біздің заманымызға дейінгі уақыттардан басталады деген ғылыми ізденісінің басқа ғалымдар еңбектерінде тереңдетілуін, жүйеленуін көрсету.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Белгілі әдебиеттанушы ғалым А. Қыраубаеваның ғылыми мұрасы алғашқы рет арнайы, жан-жақты зерттеу нысанына айналып отыр;
- ғалымның ежелгі дәуір әдебиетін қарастырудағы маңызды ғылыми ой-тұжырымдары зерттеу еңбектері негізінде айқындалып, қорытылып беріледі;
- ежелгі дәуір әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы мен оның әлем халықтары әдебиетімен байланыстылығы, өзара ықпалы мен заман, ортаға орай өзгерісі туралы А. Қыраубаеваның ғылыми талдауларының құндылығы көрсетіледі;
- «Рабғузи қиссалары» туралы күрделі зерттеудің негізгі ғылыми қорытындылары, оның маңызы мен жаңашылдық сипаты сараланады;
- Хорезмидің «Махаббатнама» дастанының әлемдік көркемдік дүниетаныммен қатысы және шығарманың стилі мен тілінің берідегі қазақ поэзиясымен жақындығы анықталады;
- қазақ әдебиетіндегі нәзира дәстүрінің көрінісі қисса-дастан жанры ХІІІ-ХІҮ ғасырларда туып, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында кеңінен дамыды деген А. Қыраубаеваның ғылыми қорытындысының негізі сараланып көрсетіледі;
- қисса-дастандардың мифтік негізі, тұрақты сюжет желілері, оның шығыс, әлем халықтары әдебиетімен байланысы, дәстүр жалғастығы А. Қыраубаева зерттеуі негізінде анықталып, оның ғылыми негізділігі, жаңалығы мен маңызы белгіленеді;
- қазақ әдебиетінің тарихы біздің заманымызға дейінгі дәуірден басталады деген ғылыми концепциясының негізділігі мен өзге әдебиеттанушы ғалымдар тарапынан өрістетілуі жүйеленеді;
- А. Қыраубаеваның ежелгі дәуір әдебиетінің нұсқаларын аударудағы еңбегі бағаланады.
Зерттеу әдістері. А. Қыраубаеваның ғылыми мұрасын зерттеуде талдау, жинақтау, салыстыру-салғастыру, қорыту әдістері қолданылды.
Зерттеу жұмысының әдістемелік және теориялық негіздері.
Жұмысты орындауда ежелгі дәуір әдебиетінің өзекті мәселелерін, әдебиет тарихының негізгі жайларын зерттеген танымал, білікті әдебиеттанушы ғалымдар:
М. Әуезов, Ә. Марғұлан, Б. Кенжебаев, Ә. Қоңыратбаев, Қ. Жұмалиев,
Е. Ысмайылов, Ы. Дүйсенбаев, З. Қабдолов, Р. Бердібаев, М. Мырзахметұлы,
Х. Сүйіншәлиев, Ә. Дербісалин, Ш. Сәтбаева, Н. Келімбетов, М. Жолдасбеков, С. Қасқабасов, М. Жармұхамедұлы, Т. Кәкішұлы, М. Мағауин, М. Бөжеев,
М. Ғұмарова, А. Сейдімбек, Б. Омарұлы, С. Негимов, Ө. Күмісбаев,
Ж. Дәдебаев, Қ. Әбдезұлы, Б. Майтанов, Н. Сағандықова, С. Әшімханова,
Т. Тебегенов, А. Жақсылықов, Қ. Мәдібай, Б. Жақып, З. Сейітжанов,
З-Ғ. Бисенғали, Ө. Әбдіманұлы, Ж. Тілепов, Д. Ысқақұлы, Б. Әзібаева,
Ш. Ыбыраев, А. Егеубай, Т. Еңсегенов, т. б. негізгі еңбектері басшылыққа алынды. Сондай-ақ ежелгі, орта ғасыр әдебиеті мәселелерін қарастырған шетел, түркі ғалымдарының сүбелі зерттеулері пайдаланылды.
Зерттеудің ғылыми-тәжірибелік мәні. Зерттеуде белгілі әдебиеттанушы ғалым А. Қыраубаеваның ғылыми мұрасы алғаш рет ғылыми тұрғыдан қорытылған. Еңбектің ежелгі әдебиет мәселелері мен қисса жанрының тууы, қалыптасуы жайларын тануда маңызы зор. Алдағы уақытта көне дәуір әдебиетінің өзекті жайларын қарастыратын зерттеулерде ғалымның қорытылған ғылыми ой-тұжырымдарын пайдаланудың теориялық-практикалық маңызы жоғары. Зерттеуді ежелгі әдебиет тарихын оқытуда оқу құралы ретінде, арнайы курста пайдалануға болады.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар.
- А. Қыраубаева - ежелгі дәуір әдебиетінің білікті зерттеушісі;
- ғалым еңбегінде кеңестік идеологияның қыспағына қарамастан, халықтық, ұлттық мүддеге айрықша мән берілді;
- түркі әдебиетінің бір бұтағы қазақ әдебиетінің тарихы біздің заманымызға дейінгі дәуірден басталады деген ғалым тұжырымының маңызы айқындалды;
- Алтын Орда дәуірінде түркі халықтарының әдебиеті аударма-нәзиралық шығармалар және тыңтума әдебиет үлгісінде және әлем, шығыс халықтары әдебиетімен байланыста дамыды деген қорытындының ғылыми негізі көрсетілді;
- «Рабғузи қиссаларының» діни сипатымен қатар ондағы аңыз-әңгімелердің дүниетанымдық-тәрбиелік құндылығы анықталып, ондағы аңыз-әңгімелердің түп-төркіні ертедегі шумер жазуларымен, көне араб-парсы әдебиетімен, Құран, Библиямен, Фирдоуси дастанымен, басқа да әлемдік мәдениет-әдебиет үлгілерімен байланыстығы дәлелденді;
- Хорезмидің «Махаббатнама» дастанына Шығыс Қайта өрлеуі мен
А. Ясауидың сопылық поэзиясының әсері елеулі болды деген ғалым қорытындысының мәні айқындалды;
- қисса-дастан жанры қазақтың шығыс елдерімен рухани байланысын, бай мифологиясынан, діні, халық тарихы, адамдық мұраттарынан жан-жақты мағлұматтар беретін көркем дүние екені А. Қыраубаева зерттеуі негізінде анықталды.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі мен жариялануы. Диссертациялық жұмыстың теориялық мәні мен мазмұнның тұжырымдарын құрайтын мәселелері бойынша ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитеті белгілеген республикалық ғылыми басылымдарда және халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конференция материалдарының жинақтарында баяндамалар жарияланды.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу кіріспеден, негізгі екі тарау мен қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 А. ҚЫРАУБАЕВАНЫҢ «РАБҒУЗИ ҚИССАЛАРЫ» МЕН «МАХАББАТНАМА» ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕРІ
1. 1 Ғалым, ұстаздың шығармашылық ғұмырнамасы
Қызылорда облысы Сырдария ауданындағы «Бірқазан» станциясында дүниеге келген Алма Мүтәліпқызы Қыраубаева әкесі мен шешесінің тоғыз жыл күткен тұңғышы. Әкесі оны кішкентайынан «Қара қызым!» деп еркелетеді. Мүтәліптің Алмадан кейінгі баласы Асылбектің еске алуында әкесі ақындық пен палуандық қатар дарыған, жыр-қиссаларды, аңыз әңгімелерді бір естігеннен жаттап алу қабілеті ерекше, жан дүниесі кең, ақылды, әзілқой адам болса керек. Ақжарқын әке балаларымен де қалжыңдасып отыратын. Оның күш-қайратының молдығы туралы мынандай дерек келтіріледі. Бірде Мүтәліп бір топ баланы жиып алып, қармақ аулап отырса, үстеріне колхоздың белсендісі, ірі денелі Базарымбет келіп, атымен суды кешіп тұрып айқай салады: «Ей, Мүтәліп, қып-қызыл қызметкерсің, балалармен қармақ аулайсың, жұмыс қайда?», - деп аузына келгенін айтады. Сонда ол суды кешіп барып сүңгіп кетіп, кенет ат-матымен Базарымбетті көтеріп алып, шалқасынан тастағанда, аттың төрт аяғы көктен келіп, белсенді аттың астында қалып қоя жаздапты. Сөйткен Мүтәліп 51 жасына дейін сабан тойларда күрескен, жаурыны жерге тимеген палуан болған. Ал оның балажандылығы жайлы, бала тәрбиесіне көп мән беріп, әсіресе әдебиетке баулудағы орны ерекше болғаны туралы да көп айтылады. Өзі айрықша зерек болған, 80-100 бет жырды бір рет домбыраға салып айтып шығып, қайтадан жатқа айта береді. Үйде отырып әуелетіп ән шырқап, кейде балаларынан тақырып сұрап, ойдан өлең де құрастырады екен. Әр тақырыпқа жарты сағат, не 15 минут уақыт беріліп, кейде соған тоқтай алмай жатқанда, «Жүріп келе жатқан поезды қалай тоқтатасыңдар» деп күлетін көрінеді. Әке балаларын ойынан өлең шығаруға да жастайынан баулыса керек. Ұйқыға жатар алдында 1-2 сағат кітап, ертек, жыр дауыстап оқу бұл үйде әдетке айналады. Алманы жасынан ер балаша өсіріп, шөп шабу, шөмеле үю сияқты жұмыстарға салған көрінеді. «Бұл нағыз ерлер істейтін жұмыс» десе, намыстанып, қасындағы балалардан қалыспай өршелене түсуші едім, - деп еске алады Алма балалық шағын.
Бұдан ежелгі дәуір әдебиетін, кейін қисса жанрын зерттеуші
А. Қыраубаеваның бұл тақырыпқа батыл қадам жасауының түп төркінін ұғынуға болады. Кішкентай кезінен халық әдебиетінің үлгілерін, оның ішінде батырлар жыры мен қиссаларды үлкендердің ықпалымен еркін тыңдап өсуі болашақ ғылыми тақырыпты таңдауда септігі тиген.
Студенттік жылдары да ол білімге деген құштарлығымен, ізденісімен танылады. Жан-жақты өнер иесі болып танылған ол ғылымға бетбұрыс жасайды. Алманың бір қасиеті бір нәрсені аяқтамай тынбайтын деп еске алады бірге оқыған құрбылары. Студенттер каникул кезінде үйді-үйлеріне тарқағанда, ол Москва, Ленинград кітапханаларына барады. Университетте оқып жүргенде М. Әуезов атындағы атаулы стипендияның иегері болған ол 1968 жылы Ташкентте өткен түркітану мәселелеріне байланысты ғылыми симпозиумға ҚазМУ студенттері атынан қатысады.
Зерек студенттің университетте оқытушы болып жұмысқа қалуына «Іліктіріп жіберу керек, әйтпесе бұл қыз арқылы көне тарихтың бір кезеңі кетіп қалады» деп белсенді араласқан ұстаз-ғалым Б. Кенжебаевтың үлкен септігі тиеді. Ол сол кездері кафедра меңгерушілігін уақытша атқарып жүрген ғалым Т. Кәкішевті, А. Қыраубаеваны университетке енді басшылыққа келген ректор Ө. Жолдасбековке ертіп барып, өтініш жасай отырып сағат бөлдіреді. Мұның себебін Т. Кәкішев кейін былай түсіндіреді: «Бейсекеңнің Алмашыл болатын себебі қазақ әдебиетінің тарихын сонау Орхон-Енесей жазбаларынан тарату жөнінде ғылыми концепция жасап, Қазақ университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының күшімен 1967 жылы «Ежелгі дәуірдегі әдебиет» нұсқалары деген хрестоматия шығарып, оның сүбелі шығармасы атақты Хорезмидің «Мұхаббат намасы» болған еді. Оны қазақшалауға, яғни қазақтардың түсінуіне ғана емес, Алтын Орда заманында жасалған ортақ мұраны зерттеуге Бейсекең жастарды көп тартқан уақытта Алмаға да сенім артқан екен. Оны 1969 жылы жазған «Мұхаббат нама» деген мақаласын Алма Қыраубаевамен бірлесіп жазғанын «Әдебиет белестері» деген жинағында айрықша атап көрсеткені айқын дәлелдейді» [1, 10 б. ], - дейді ғалым.
Ғалым мен шәкірт арасындағы байланысты естелік мақалалары негізінде осылай таратсақ, алдыңғы кезекте ұстаз ғалым Б. Кенжебаев туралы біршама таратып айтуды қажет санаймыз. Әрине, шәкірттерін осылай баулуды мақсат тұтқан үлкен ғалым әдебиеттану ғылымының кейін қалып бара жатқан бұл арнасына келуінің, талай сыннан өтуінің өзіндік тарихы, «тар жол, тайғақ кешулі» жолы бар болатын.
Б. Кенжебаев ұлттық әдебиеттану ғылымында қазақ әдебиетінің тарихын түркі халықтарына ортақ кезеңнен бастау керектігі туралы күрделі мәселені сонау 20-жылдары көтереді. Ол С. Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» атты оқулығына жазған рецензиясында осы мәселені тұңғыш рет баспасөз бетінде айтқанын жазады.
Қырқыншы жылдары «Қазақ тілі мен әдебиеті» жинағында, «Социалистік Қазақстан» газетінде бұл мәселені тағы айтып «қараланады». Бірақ ішкі толқын бәрібір тыныштық бермей, соғыс жылдары Алматыға келген ірі түрколог ғалым С. Е. Маловпен ақылдаса жүріп, ойын бекіте түседі. 1959 жылы «Әдеби мұра және оны зерттеу» деп аталатын ғылыми конференцияда ғалым өз бастамасымен баяндама жасап, тағы да сөзге, дауға қалады. Ойларын мақалаға айналдырып, «Қазақ әдебиеті» газетіне ұсынады. М. Әуезовтің қолдауымен мақала жарияланып, ғылыми ортада үлкен серпіліс туғызады. Қолдағандар да, қарсы дау айтқандар да болды. Қажырлы ғалымға бұл жай үміт отын тұтатады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz