Әл – Фарабидің қоғам туралы философиялық, әлеуметтік - саяси тұжырымдамалары


Кіріспе
«Көненің көзін зерттеу болашақ».
Зерттеудің өзектілігі: Асқар таулар қоршаған қазақ жері, жусан иісі аңқыған ежелгі Қыпшақ даласы бұдан он мың жылдар бұрын жүріп өткен мұз көшкінінен, тарихшылардың айтуы бойынша, мұз дәуірінен аман қалғаны рас болса, онда адамзаттық өркениеттің туған бесігі біздің байтақ өлкеміз деуге толық негіз бар.
Шындығында да туған даламыздың құнарлы топырағы рухани суат көзі болып ашылып, әлемге сирек ұшырасатын кемеңгер тұлғаларды жарық дүниеге әкелгені ақиқат[1] .
Халық өзінің ұлы адамдарының өсиеттерін негізге ала отырып, қоғамдық құрылымы мен әлеуметтік жағдайын, адамдардың өмір сүру деңгейін, бостандық пен демократия принциптері және тағы басқа жоғары адами құндылықтарды жаңартып, дамытып отыруға қол жеткізеді.
Қай халықтың болсын, өткенін таразылап, болашағына көз жүгіртуі тек белгілі бір тарихи кезеңмен, жеке алмағайып дәуір атымен ғана байланысты емес. Ертеңін ойлаған ел әр тарихи белесті артқа тастағаннан кейін, уақыт бедеріне түскен ізін бағамдап, пайымдауы бұрын да болған, қазір де бар және алда да жалғаса беретін кәделі іс.
Ұлттық мемлекетіміз шынайы тәуелсіздікке бет бұрған кезеңде халқымыздың тарихи зердесін жаңғыртып, оның елдігін, ерлігін паш ететін асыл мұраларын түбегейлі жан-жақты пайымдап жинақтау азаматтық парыз.
Халқымыздың әлем елдері түскен бірыңғай даму жолына кірігуге ұмтылысы, осы ыңғайда есесін жіберіп алмай, ұлттық мүддесіне нұқсан келтіріп алмай қимылдау талабы үнемі есте тұруы тиіс. Ал бұған әкелетін жолдың басы халқымыздың рухани кемелденуі. Осы орайда, түркі, шығыс халықтарының заңды мақтанышы болып қана қоймай, адамзаттың ортақ қазынасына кесек үлес қосуымен бүкіл әлемдік деңгейдегі елеулі тұлғалар санатына қосылған Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми мұрасына қатысты зерттеулер жұмысы ұлттық, саяси-философиялық тарихын жүйелеу ісіне тың серпін беріп, жаңа өріс аша алатындығымен құнды болмақ.
Әр дәуір, әр кезеңнің өз шежіресін жасайтыны белгілі. Көне мұраны көзден өткізе отырып, оларды жаңамен сабақтастыра, жалғастыра білу біздің салтымыз. Тарихи тұрғыдан қарағанда халықтардың өмірі олардың нанымдары мен дүниетанымына байланысты. Бүгінгі ықпалды идеялар ертеңіне мәнінен айрылды және керісінше, ақырғы дәрежеге ие болғандары кенеттен адамзат ақыл-ойына билік жүргізді. Жеке адамдардың рухани әлемінің дамуы оның материалдық мұқтаждықтарынан әлдеқайда озып кеткен тұста тарихтағы бақытты кезеңдер, қоғамның оның мәдениетінің, білімінің, экономикасының бақытты даму дәуірі басталды. Қайта өрлеу дәуірі және одан кейінгі ағарту дәуірі дәл осындай кезеңдер болса керек. Ал бұл дегеніңіз қайта туу, қалпына келтіру, мәдениеттің қайсыбір классикалық жағдайына оралу мен рухани мәдениеттің маңыздылығына мән беру.
Қазақ халқының саяси ойының жандануы, қазақтың халық болып қалыптасуы, қазақ хандығының құрылуымен сәйкес келеді. Қазақ жеріндегі рулар, тайпалар, жүздер бір халық болып бірікті. Қазақ халқының қалыптасу процесінде оны құрайтын түркі тілдес тайпалар мен әлеуметтік топтарда аса ірі ойшылдар болды.
Қасиетті қазақ халқының даласы талай ғұламаларды дүниеге келтірді. Қазақ топырағында туған, көкірегі ояу, көзі ашық ойшыл азаматтар шығыс, араб, парсы мәдениетін меңгеріп, шығармаларын көпке ортақ тілде жазып, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыра білді.
Қазақ даласында талай елдерді философиялық көзқарастарының терең танымдылық қасиеттерімен таң қалдырған қаншама ұлы ғұламалар дүниеге келген. Қазақ халқының рухани мұрасы саяси ой-пікірлерге өте бай. Оның ішінде ең шоқтығы биігі ислам философиясының негізін салушылардың бірі, тарихымыздағы ұлы тұлғалардың бірі, атағы әлемге танымал, біздің қандас бабамыз ұлы ойшыл - Әбу Насыр әл-Фараби.
Адамзаттың ұлы перзенті, асқан білімдарлығынан «екінші Аристотель» деп аталған әл-Фараби ғылымның әр алуан саласынан аса маңызды, құнды пікірлер, тұжырымдар, философиялық сындарлы мұралар қалдырған кемеңгер. Әл-Фараби бүкіл дүниежүзінің халықтарына қазақ халқының даңқын шығарып қана қоймай, өзінің қазақтың ұлы ұрпағы екенін жер шары халықтарына шүбәсіз мойындатты.
Қазақ даласынан шыққан ұлы энциклопедист ғалым, ойшыл, философ, математик, астролог, музыка теоретигі Әбу Насыр әл-Фараби (870-950ж. ж. ) араб, парсы шежірелерінің деректеріне қарағанда 870 жылы Арыс өзенінің Сырдарияға құяр тұсында Фараб (кейін Отырар) қаласында әскербасының отбасында дүниеге келген. Заманында Екінші ұстаз (Бірінші-Аристотель) атанған ол Таяу және Орта Шығыста аристотелизмнің негізін қалаушылардың бірі, Фараб ойшылдарының ең атақтысы, ең мәшһүрі атанған ұлы ғұлама. Әл-Фарабидің толық аты- жөні Әбу Насыр Мұхаммед ибн Тархан ибн Узлағ әл-Фараби[2] .
Шығыс тарихында Фараб ғылым мен мәдениеттің үлкен ордасы ретінде мәлім, оның кітапханасы, аңызға қарағанда, кітап саны жағынан тек әйгілі Александрия кітапханасынан ғана кем түссе керек. Әл-Фараби алғашқы білімін Фараб медреселерінің бірінде алған. Кейіннен Александрия, Каир, Дамаск, Бағдат қалаларында тұрып, білімін ұштап, қызмет атқарды. Талай уақыт өз білімін араб халифатының саяси және мәдени орталығы Бағдатта молықтырды, өмірінің соңын Дамаск (Шам) қаласында өткізді.
Әл-Фарабидің жас кезінен Бағдатқа баруының екі сыры бар еді. Біріншіден, сол кездегі Бағдат халифатын басқарған Аббас әулетінің сенімді уәзірлері негізінен түркістандық Фараб қаласынан болған. Екіншіден, Бағдат шаһары ғылым мен өнер жолына бет алған адамдарға қақпасын кең ашып, барынша тұрмыстық жағдай жасаған. Бағдатта «Байт-ал-хакма» атты ғалымдар үйі және әлемдегі ең бай кітапхана болған[3] .
Мұсылман өркениетінің, оның ішінде ұлтымыздың саяси-философиялық ойы тарихында терең із қалдырған ұлы ойшыл, жерлесіміз әл-Фараби шығармашылығы энциклопедиялық білімділігімен, философиялық-теориялық ізденістеріндегі даралылығымен ерекшеленеді. Себебі бұл дара тұлға екі жақты рухани мәдениеттің, яғни Батыс пен Шығыстың, көшпенді және отырықшы әлемнің белсенді рухани сұхбаттасу, іштесу шарттылығында кәсіпқой философ деңгейіне көтерілді, адамзат танымының көкжиегін кеңейтті.
Әл-Фарабидің дүниетанымы екі әлемнің - көшпелілер мен отырықшылар өркениетінің және Шығыс пен Грек-Рим мәдениетінің өзара байланыстарының нәтижесі. Оның заманы «Жібек жолы» бойындағы қалалардың, оның ішінде Отырардың экономикасы мен мәдениетінің дамыған кезіне тұспа-тұс келеді. Өздігінен көп ізденген ойшыл, философ, логика, этика, метафизика, тіл білімі, жаратылыстану, география, математика, медицина, музыка салаларынан жүз алпыс төртке жуық трактат жазып қалдырған. Шығармаларында көне грек оқымыстыларының, әсіресе Аристотельдің «Метафизика», «Категория», «Бірінші және екінші аналитика» сияқты басты еңбектеріне түсіндірмелер жазған. Арабтың атақты ғалым-географы ибн-Хаукалдың «Китаб-ал-масалик уә-л-мамалик» деген еңбегінде және XIII ғасырда өмір сүрген ибн-Халликанның «Уфиат әл-алан фи әз-заман» атты еңбегінде әл-Фарабидің арғы аталарының есімдері (Тархан, Узлағ) таза түркі тілінде келтірілген[4] .
Өз заманында әлемге әйгілі болған қазақтың данышпан ұлдары дүниежүзілік тарихта дарынды да шынайы ұлы рухани мұралар қалдырды. Сондықтан да қазақ халқының әлемдік аренадан аса жоғары дәрежелі орын алуға мүмкіндігі зор болды.
Отырарлық ойшылдың адамгершілік, достық, салауаттылық, әділеттілік тәрізді этикалық қазына мұраттарға сүйене отырып, ізгі өркениет яғни, «қайырымды қала» жасау идеясы сан ғасырды көктей өтіп келіп, осы заман келбетіне көшсе, орта ғасыр мен жаңа дәуірдің өзгеше бітімді үйлесіміне, жарасымды ұрпақтар сабақтастығына айналары сөзсіз.
Түптеп келгенде, әл-Фараби мұрасының өзегін құрайтын «бақыт» мәселесі адамзаттың ежелгі арман-аңсары. Бақытқа сан түрлі жолмен жетуге болады. Әйтсе де нағыз сарасы ақиқатқа ғылыми таным арқылы жетуге ұмтылыс. Шын бақыт кісінің материалдық дүниеге ындыны тоймайтын кіріптарлықтан, таусылып бітпейтін мұқтаждықтан арылып, рухани дүниесін ғұмырының мәніне, өмірінің сәніне айналдыра алуы, сөйтіп, жеке адам мәдениетінің деңгей-дәрежесі арқылы өркениет дамуының көрсеткіші, өлшемі түзілетіндей биікке көтерілуі.
Біздің данышпан бабамызды бүкіл жер жүзінің жұртшылығы ықылым заманнан бері жақсы таныған. Ендігі таңда оны қайта жаңғырту, жаңалау керектігі сөзсіз. Ал сол ертедегі тарихи тамырларымызды қалпына келтіру қазақ халқының абзал да ардақты міндеті болса керек.
Зерттелу деңгейі: Дүниежүзінің көптеген ғалымдары Әбу Насырдың өмірі мен шығармаларын орта ғасырларда-ақ зерттей бастаған. Міне, ол күні бүгінге дейін жалғастырылып келеді.
Әлемдік өркениетте әл-Фараби алатын мәртебелі орын соған сәйкес оның мұрасын танып-таныту ісінің де ауқымын белгілеп келеді. Ғұлама шығармалары орта ғасырдан берменгі уақытта да зерттеу нысанасы болудан таныған емес. Осы орайда аты мәшһүр Ибн Синаның өзі грек ойшылдарының шығармаларын жүз қайыра оқып, әйтсе де ештеңе түсінбей, әл-Фарабидің сол шығармаларға берген түсіндірмелерін бір-ақ мәрте оқып ұққаны белгілі.
Жаңа дәуірде әл-Фараби мұрасын зерттеу ойшыл еңбектерінің Еуропа халықтары тілдерінде жарық көру кезеңімен тұспа-тұс келеді. Бұл кезеңде батыстағы фарабитанудың қарқынды даму тарихы А. Бадауи, Я. Р. Неттон, И. Мадкур, Л. Массиньон, Г. Дайбер, Г. Дэвидсон, У. Уотт және тағы басқалардың ғылыми еңбектері әл-Фараби мұрасының зерттеуден тыс қалып отырған мәселелер мәнін шешуге ықпалдасты[5] .
Фарабитану Кеңес Одағы дәуірінде қарқынды жүргізілді. Мәселен, М. М. Хайруллаевтың «Мировоззрение аль-Фараби и его значение в истории философии» ( Ташкент, 1967 ) атты еңбегі ойшылдың дүниетанымына қатысты жәйттерді саралаумен бірге әлеуметтік танымындағы ерекшеліктерін де жан-жақты қарастырумен бұл іске серпін берді. Сондай-ақ С. Н. Григорянның редакциялауында жарық көрген «Избранные произведения мыслителей стран Ближнего и Среднего Востока» жинағы (Москва, 1966 ) әл-Фараби еңбектері мен орыс тілді оқырманның тікелей танысуына мүмкіндік туғызды, жинақ ойшылдың онтологиялық, әлеуметтанулық көзқарастарын айқындау ісіне үлкен қозғау салды.
А. Х. Қасымжановтың «Абу Наср аль-Фараби» еңбегі Шығыс Аристотелінің әлемдік мәдениеттегі беделін биікке көтеріп, бұл өреде жинақтаушы еңбектің алар орны ерекше екендігін аңғартты.
Ал Қазақстандағы фарабитану сөз болғанда, алдымен А. Х. Қасымжанов, А. Ж. Машанов, М. С. Бурабаев, А. К. Көбесов, Қ. Б. Жарықбаев еңбектері ауызға ілігеді. Осы ғалымдардың ұзақ жылғы зерттеулерінің нәтижесінде ғұлама өз кіндік қаны тамған топырақта танылып, танытылып қана қоймай, фарбитанудың Орталық Азия бойынша ірі орталығының негізі салынды. Осы орайда әл-Фарабидің логика, философия, жаратылыстану, әлеуметтік этика саласындағы еңбектерінің ғылыми түзімімен жарық көруі ізденістің деректік базасын едәуір кеңейтті. Оларды аударуда К. Тәжікова, Б. Ошерович тәрізді ғалымдар ерекше еңбек сіңірді. Ал трактаттардың қазақ және орыс тілдерінде жарық көруі А. С. Иванов, Г. К. Құрманғалиева, С. К. Сатыбекова, А. Н. Таукелов, Г. Б. Шаймұхамбетова, н. С. Қирабаев және тағы басқа ғалымдардың зерттеу жұмыстарына мұрындық болды[6] .
1868 жылы Қазақ КСР-ы Ғылым академиясының Философия және құқық институтында (қазіргі Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің Философия және саясаттану институты) әл-Фараби мұрасын зерттеумен шұғылданатын арнайы шығармашылық топ құрылды. Ол 1991 жылы фарабитану бөлімі болып аталса, одан кейінгі жылдарда бұл бөлім фарабитану және шығыс философиясы деп аталады[7] .
Философия институтының қызметкерлері әл-Фарабидің еңбектерімен бірге оның мұрасына аса маңызды зерттеу монографияларын жариялады. Әл-Фараби мұрасын жүйелі зерттеумен философия және саясаттану институтының қызметкерлері ғана емес, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі «Әл- Фараби» ғылыми зерттеу орталығының қызметкерлері де айналысады.
Әл-Фараби тәрізді айтулы тұлғаның мол мұрасы фарабитанудың ғана еншісі емес. Бұл дүниетаным әлем мәдениетінің бір тарамы ретінде, соның ішінде Қазақсатнның рухани мәдениетінің төркіні ретінде жалпыұлттық философия ғылымының нәр алар бұлағына айналып отыр.
Әл-Фараби шығармашылығын зерттеудің жаңа көкжиектерін ашуға, ең бастысы Батыс пен Шығысың диалогына, әр түрлі елдер мен халықтардың дүниетанымдарының өзара жақындай түсуіне, адамзат баласы енді аяқ басқан жаңа мыңжылдықты бейбітшілік пен келісімнің салтанат құруына септігін тигізетіні де ақиқат.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері: Дипломдық жұмыстың мақсаты - әл-Фараби шығармашылығындағы мемлекеттік басқару саласы мен дәл қазіргі таңдағы елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекетті басқаруда жүргізіп отырған саясатымен ұштастыра, байланыстырып салыстырмалы түрде талдау жасау. Осы мақсатқа орай туындаған басты міндеттер деп, мына төмендегілерді айтуға болады:
- әл- Фарабидің туып-өскен, өмір сүрген, қызмет еткен тарихи кезеңінің ерекшеліктерін айқындау;
- әл-Фарабидің дүниетанымы мен философиялық көзқарастарының қалыптасуына әсер еткен орта ғасырлық мұсылман шығысындағы қоғамдық ой-сананың, философиялық, саяси-әлеуметтік ойдың, экономикасы мен мәдениеттің даму деңгейін бағдарлау;
- әл-Фарабидің шығармашылық қызметіне, көзқарастарының қалыптасып, әрі қарай дамуына тікелей әсер еткен тарихи жағдайлар мен негізгі идеялық арқау болған философиялық, саяси-әлеуметтік, этикалық, эстетикалық ілімдер мен теориялық алғы шарттарды анықтау;
- әл-Фараби дүниетанымының қалыптасуының өзіндік алғы шарттарын ойшылдың төл туындылары негізінде айқындау;
- әлеуметтік таным негізін құрайтын этикалық білім мен саяси философия сипаттарының мәнін ашу;
- әлеуметтік таным ерекшеліктерін адам мәселесі төңірегінде қарастырып, жетік адамның онтологиялық біліміне көз жеткізу;
- «қайырымды қала» құрудың әдіснамалық ұстанымдарының ерекшеліктерін байыптау;
- әл-Фарабидің мемлекет басқарудағы ойлары мен Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың елді басқарудағы саясатымен салыстыра талдау;
- әл-Фараби шығармашылығындағы мәдениеттер синтезінің, қазақ философиясының, ой-санасының дамуындағы орнын анықтау, оның бүгінгі Қазақстанда қалыптасқан мәдени жағдайға байланысты маңыздылығын ескеру, бағалау.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы: Бұл тақырыпты зерттей келе, сегіз қырлы бір сырлы қазақ даласынан шыққан ұлы энциклопедист, ғұлама ғалым, ойшыл, философ, математиг, астролог, әдебиет зерттеуші, ақын, музыка теоретигі Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың бойынан табылатын қасиеттері мен дарындылығын оқып біліп, өз білімімді молайттым деуге негіз бар. Бұл қасиетерінен өзге де көптеген ерекшеліктерін байқадым. Атап айтқанда:
- Шығыс елдерінде тұңғыш сындарлы педагогикалық жүйе жасаған ағартушы, оқымысты;
- Орта және Таяу Шығыс елдеріндегі музыка ғылымының негізін салушылардың ең кемелділерінің бірі;
- өз дәуірінің көрнекті ақындарының бірі, әдебиет теориясымен жан-жақты шұғылданған;
- жетпіске жуық тіл білген;
- дүниежүзі халықтарына қазақ халқының даңқын шығарып, қазақтың ұлы ұрпағы екенін жер шары халықтарына шүбәсіз мойындатқан.
Әл-Фарабидің мемлекетті басқару саласындағы ой-пікірлері ойшылдың төл туындыларын негізге ала отырып зерттелуімен белгіленеді:
- әл-Фарабидің әлеуметтік танымы жеке адамның құлықтық харекеті мен «мадинадағы» (қала) адамдар арасындағы қарым-қатынас саясатының тоғысуынан туындаған бақыт туралы ілімнің нақ өзі екеніне көз жеткізілді;
- «Қайырымды қаладағы» басқару мен философ қызметінің әдіснамалық принциптеріне адам баласының этикалық-имандылық келбеті негіз етіп алынғандығы түйінделді;
- әл-Фараби шығармашылығындағы идея мен ақиқат тарихи процестің екі жағы болып табылады. Тарихтағы идеялар толыққанды мемлекеттілік принципімен қосылып, жеке тұлғалардың өмір сүруінің қажетті рухани бастамаларына айналады[8] .
Әбу Насыр әл-Фарабидің көптеген ой-толғамдары осы күнгі өтпелі заманның ырғағына орамдас екенін, бүгінге дейін өз маңызын жоймағандығын айта кеткен жөн.
Зерттеудің объектісі: Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың мемлекетті басқару саласына байланысты жазылған еңбектері.
Зерттеудің құрылымы: Зерттеліп отырған тақырыптың мазмұнына сай кіріспеден, екі тараудан, әр тарау екі тараушадан және қорытынды бөлімінен тұрады.
І-тарау. Әл Фарабидің қоғам туралы философиялық, әлеуметтік - саяси тұжырымдамалары
«Ғалымдардың сиясы шәкірттердің қанындай қасиетті».
Әбу Насыр әл-Фараби.
- Әл-Фараби шығармаларындағы қоғам жөніндегі философиялық, әлеуметтік-саяси идеялары мен көзқарастары.
Ұлы ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің толық ғылыми-шығармашылық өмірбаянын жасау - өте маңызды әрі қиын. Әл-Фараби өздігінен оқып жетілген ғалым. Ол ең алдымен грек ғылымын, оның философиясын, әсіресе ұлы ұстазы Аристотельдің еңбектерін қызығып оқыған. Ибн Халликанның айтуына қарағанда Әбу Насыр Аристотельдің «Метафизикасын» қырық, «Жан туралы» еңбегін жүз, ал «Риторикасын» екі жүз рет оқып шыққан сияқты. Осындай ыждаһаттылығының арқасында ғана ол Аристотельдің ғылыми мұрасын еркін игерген. Ибн Халликан өз еңбегінің тағы бір жерінде жерлесіміз жайлы: «Ол аса ірі мұсылман философтарының бірі. Оның деңгейіне жеткен ешкім жоқ. Тіпті, Әбу Әли ибн Сина (980-1037ж. ж. ) өзінің шығармаларын жазу үстінде оның еңбектерін пайдаланғанын, сол арқылы мәшһүрлікке жеткенін еске алады»- деген[9] .
Әл-Фараби ерекше әлеуметтік философияны дамытты. Ол адамзат қоғамының пайда болуын, сол қоғам өмір сүріп отырған мемлекет жүйесінің мәселелерін терең талдап берді. Осы күнге дейін әл-Фарабидің «Қайырымды қала» атты тұжырымдамасы саяси құрылым мен тиісті әлеуметтік дамудың мәселелерін зерттеп, зерделеуге игі ықпал етуде[10] .
Орта ғасырлық тарихшылар оның қарапайым, аса қанағатшыл, жұпыны ғана киініп, той-думан, ырду-дырдудан бойын барынша аулақ ұстаған адам бол- ғанын тәптіштей жазған. Күндіз ол көбінесе қаладағы бақта күзетшілік қызмет атқарып, тапқан ақшасына сатып алған шырақ жарығымен түні бойы кітап оқумен шұғылданған[11] . Әл-Фараби алғашқылардың бірі болып адамды ардақтап, асқақтатты. Оның айтуынша, адам бақытты болуға лайықты, сол бақытын ол табуға тиіс. Оған өзінің іс-әрекетінің, жұмысының, тынымсыз ізденуі мен оқу-үйрену нәтижесінде жетуге болады. Ал адам жақсы да дұрыс басқарылатын қоғамда ғана шын мәнінде бақытты өмір сүре алады деді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz