Фариза оңғарсынова поэмаларындағы идеялық - көркемдік ізденістер


ӘЛ - ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
Керімбекова Баян Дәулетханқызы
Фариза Оңғарсынова поэмаларындағы идеялық - көркемдік ізденістер.
Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін
алу үшін дайындалған кандидаттық диссертация
Алматы, 2007
Мазмұны
Кіріспе
І тарау
Ф. Оңғарсынова поэмаларының тарихи, сюжеттік негіздері.
1. 1. Тарихи тұлға және ақындық таным.
1. 2. Әйел-тұлға образы.
ІІ тарау
Ф. Оңғарсынова поэмаларындағы лиризм.
2. 1. Ақынның лирикалық поэмадағы ізденістері.
2. 2. Лирикалық монологтың кейіпкер бейнесін ашудағы рөлі.
ІІІ тарау
Ф. Оңғарсынова поэмасының тілдік-бейнелілік ерекшеліктері
3. 1. Көркемдегіш құралдар(метафора, эпитет, т. б. )
3. 2. Буын, ұйқас, шумақ.
Қорытынды
Сілтемелер көрсеткіштері.
КІРІСПЕ
Халықтың рухани өмірі мен әдебиеттің жалпы даму процесінде поэма жанрының алар орны ерекше. Қазақ поэмасы өзінің қарқынды даму барысында әрдайым ғылыми және теориялық талдау жасауды талап ететін елеулі құбылыс. Қазақ әдебиетіндегі эпикалық, лирикалық поэмалар бастауын батырлар жыры мен ғашықтық жырларынан алады. Өйткені, поэма әу бастан эпос түрінде пайда болды, және оның осы қасиеті әлі күнге дейін өз құндылығын жоғалпаған.
Поэманың жанр ретіндегі ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін анықтауға байланысты орыс және кеңес әдебиеттануында әртүрлі пікірлер кездеседі. Мәселен, Г. Н. Поспелов: “Будем называть поэмой всякое большое стихотворно - повествовательное литературное произведение, в отличие от подобных же произведений в устном песенном народном творчестве”/1. 161/, - деп ауыз әдебиетіндегі ұзақ жырлардан басқа барлық баяндау өлеңдерді поэма деп есептесе, Числов: “Поэма - қоғамның рухани өмірінің маңызды мәселелеріне және оларды әмбебап шешуге арналған синтетикалық жанр”/2. 12/, - дейді. “Новые пути поэмы” атты мақаласында В. Кубилюс та поэманың синтетикалық жанр екендігін айта келе: “Әрбір әдеби жанрды басқа әдеби жанрлардан оқшау, байланыссыз, томаға-тұйық “автономия” ретінде қарауға болмайды. Белгілі бір жанрдың өмірге келу, даму эволюциясы басқа әдеби жанрдың өзара әсеріне байланысты . . . Алайда әдебиетте өмір сияқты, диалектика заңына тәуелді. Қатып қалған қағидасы болмайды. өмір ағымымен қатар, адам, оның әлемді қабылдауы өзгереді, содан келіп әдебиетте жаңа идеялар пайда болады. Кез-келген үлкен өнер жанрдың қатып қалған шекарасын бұзады, жылжытады. Дегенмен, біз дәстүр мәселесінен аттап кете алмаймыз. Қазіргі әдебиетте жанр араласады, ауысады, бірақ әр жанрдың дәстүрлі негізі сақталады”, - дегенді айтады. /3. 70/. Ал латвиялық ақын Ю. Марцинкявичус өзінің “Судьбы поэмы” атты мақаласында әдебиеттанушылардың ортасына “Поэманың басты көздеген мақсаты не?” деген сауал тастай отырып былай деп жазады: “Мен әдебиеттің өзге жанрларына қарағанда, поэманың алдына үлкен міндеттер қоямын. өз заманында философия ғылымының ғылымдардың атасы атанғаны белгілі. Дәл сол сияқты мен де поэманы жанрлардың жанры деп есептеймін . . . Поэма мінез даралай отырып, прозаның тәжірибесіне сүйенеді, лириканың жарқ еткен бір сәттік көңіл-күйін пайдаланып, драмада үнемі қозғалыс үстінде көрінеді. Тіпті публицистиканың өзі де поэмаға жат емес. Бұдан өзге әмбебап жанрды мен білмеймін. Бұл - тұтас симфониялық оркестр”/4. 142/ Көріп отырғанымыздай, поэма туралы өз заманында аз жазылмады.
Поэма еркін құрылған жанр қатарына жатады. Революцияға дейін қазақ әдебиетінде поэма деген термин қолданылмай, көбінесе өлең, дастан, қисса, хикая деген әдеби терминдер қолданылып келді. Қазақтың революцияға дейінгі поэмаларын зерттеген ғалым Ш. Әлібеков: “Поэма өлеңмен жазылған көркем шығарманың көлемді бір түрі. Өзінің шығу тегі жағынан эпосқа жатады”, - деп поэманың дастан, қисса - хикаялардан айырмашылықтарын атап көрсетеді/5. 8/.
Қазақ поэмаларын зерттеуші Ә. Нарымбетов 1968 жылы жарық көрген “Жанр және шеберлік” атты еңбектің “Қазіргі қазақ поэмалары” атты тарауында қазақ әдебиетіндегі орын тепкен поэмалардың “лирикалық поэмалар, эпикалық поэмалар, лиро-эпикалық поэмалар” сынды түрлерін ажырата келе, бұлардың өзара айырмасы барлығына тоқталады. /6. 171/. Ғалым кейінірек 1982 жылы жазылған “Қазіргі қазақ поэмасы” еңбегінде поэманың мынадай түрлерін ажыратады: “сюжетті эпикалық поэма, лирико-публицистикалық поэма, очерк-поэма, драмалық, циклды поэмалар”/7. 186/. Поэмалардың мұндай түрлерінің өзіндік ерекшеліктерін профессор Қ. Алпысбаев былайша анықтайды: “Эпикалық немесе сюжетті баяндау поэмаларында эпикалық сипат шешуші мәнге ие болып, бүкіл шығарма құрылымын айқындайды. Мұндай поэмаларды көбінесе эпикалық деп атайды. Эпос элементтерінің барлық поэмада кездесетіні сияқты эпикалық баяндау формаларында да лирикалық элементтер болуы мүмкін Ал лирикалық сипат болса, көбінесе қосалқы элемент түрінде ғана көрінеді де, негізгі сюжеттік желінің құрылымына, оның дамуына ықпал ете алмайды, онымен өзара композициялық байланысқа түсе алмайды”/8. 12/.
Қазақ поэмасының өсу, даму жайлы айтқан С. Мұқанов, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, М. Қаратаев, Б. Кенжебаев, Х. Сүйіншәлиев, т. б. ғалымдардың пікірлерінен бөлек, қазақ әдебиетінің тарихында поэма жанрына арналған бірнеше арнаулы ғылыми зерттеу еңбектер жарық көрді. “Қазақ совет әдебиетіндегі 20-30-жылдардағы поэмалар”деген еңбегінде ғалым Ә. Нарымбетов қазақ поэмаларының қалыптасу кезеңін белгілесе, “Қазіргі қазақ поэмасы” /1982/, “70-80 жылдардағы қазақ поэмасы”/1999/ т. б. еңбектерінде әдебиет тарихында бағалы орынға ие бірқатар поэмалардың тақырыптық - идеялық маңызы теориялық тұрғыдан әр қырынан қарастырылады. Ш. Әлібековтің “Қазақтың революцияға дейінгі сюжетті поэмалары”атты диссертациясында ХХ ғасыр поэмалары сөз болады. Н. Қарбанованың “Тарихи адамдар бейнесі”/1968/ диссертациясында 50-60-жылдардағы тарихи тақырыпқа жазылған поэмалардың жанрлық-көркемдік ерекшеліктері Х. Ерғалиев, Қ. Бекхожин, Ғ. Қайырбеков, Қ. Тоғызақов поэмалары негізінде сараланып, ғылыми негізде тұжырымдалса, М. Султанбековтың “Поэмы Абая” /1970/ атты кандидаттық диссертациясында А. Құнанбаевтың поэмаларының ерекшеліктері танылады. Б. Отарбаеваның “Идейно-художетвенное и жанровое своеобразие казахской советской поэмы 50-60х гг”/1983/, Қ. Алпысбаевтың “Проблемы жанров современной казахской поэмы” /1986/, “Поэма және сюжет”/1992/, А. Егеубаевтың “Идейно-художественное влияние поэмы “Кудатгу билик” Юсуфа Баласагунского на развитие казахской литературы” /1989/ ғылыми еңбектері де қазақ поэмасының көркемдік ерекшелігін ашуға арналған.
Кейінгі жылдары поэмаға қатысты жазылған Ж. Балтоғаеваның “М. Жұмабаев поэмаларының жанрлық-көркемдік ерекшеліктері” /2003/, М. Жақыпбекованың “Ерлікті бейнелеудің ұлттық өрнектері”(28 Панфиловшылар туралы поэмалар) /2005/, Ж. Досбайдың “Қ. Бекхожин поэмаларының көркемдік әлемі /2005/, Г. Қажыбаеваның “Қазіргі қазақ балалар поэмасы” /2006/, Қ. Құрмамбаеваның “Шәкәрім поэмаларының тарихи және әдеби негіздері”/200/ атты кандидаттық диссертацияларда қазақ поэмаларының идеялық-көркемдік ерекшеліктері жекелеген ақындар шығармашылығымен байланысты қарастырылады. Сонымен бірге Қ. Юсуповтің “Ж. Нәжімеденовтың ақындығы”, Ж. Мәмбетовтің “Ж. Молдағалиевтің ақындық шеберлігі”, Қ. Хамидуллаевтың “М. Мақатаевтың ақындық шеберлігі” т. б. сынды диссертациялық жұмыстарда аталған ақындардың өлеңдерімен қатар поэмаларына да жан-жақты талдаулар жасалады.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі: Ф. Оңғарсынованың жалпы шығармашылығы, оның ішінде лирикасы жөнінде көптеген құнды пікірлер айтылып, бірқатар зерттеу еңбектердің арқауына айналды. Ал біз сөз еткелі отырған ақын поэмаларының жанрлық, көркемдік ерекшеліктері бірқатар мақалалар аясында сөз болғанымен, арнайы көлемді ғылыми-зерттеу нысанасына айнала қойған жоқ. Бітімі бөлек өлеңдерінен тыс оннан астам поэмалардың авторы, қазақ поэзиясында өзіндік дара қолтаңбасымен ерекшеленетін ақын Ф. Оңғарсынова поэмалары үшін мақала түріндегі мұндай ой-пікірлердің аздық етері сөзсіз. Ақын поэмаларына арналған Р. Аяпбергенұлының шағын көлемді бірқатар мақалаларынан бөлек толымды зерттеу еңбектің жоқтығы зерттеу тақырыбының өзектілігін өткірлей түседі. Бұл турасында ақынның өзі: “Менің поэмаларым туралы өз кезінде де, кейін де ешбір баспасөз бетінде сын айтылып, сөз қозғалмады. Соған қарап менің поэмаларым оқылмайды екен-ау деген ойға қалдым”, - дейді. Алайда, бұл ақын поэмаларының аз оқылғандығынан туындаған жайт емес еді.
Біздің бүгінгі диссертациямыздың арқауына айналып отырған Ф. Оңғарсынова шығармашылығын әдебиеттанушы-ғалымдар 1960-80 жылдардағы әдебиет аясында қарастырып келеді. Осы дәстүрден біз де алшақтамай, ақын поэмаларын осы кезеңнің әдеби даму процесімен байланыста сөз етпекпіз.
Тақырыптың зерттелу деңгейі: Зерттеу жұмысын жазу барысында әдебиет тарихы мен әдебиеттану ғылымындағы поэма жанры жөнінде маңызды ой айтқан отандық және шет елдік ғалымдардың теориялық тұжырымдары негіз ретінде алынады. Мәселен, ұлттық әдебиеттану ғылымында А. Байтұрсыновтан/9/ бастап қазақ әдебиетіндегі поэмалар табиғатына сипаттама беріп, олардың поэтикасын, көркемдік қасиеттерін талдап қарастырған М. Әуезов/10/, С. Мұқанов/11/, Ғ. Мүсірепов/12/, Б. Кенжебаев/13/, М. Қаратаев/14/, Е. Ысмайлов/15/, Х. Сүйіншәлиев/16/, Қ. Жұмалиев/17/, З. Қабдолов/18/, З. Ахметов/19/, М. Дүйсенов/20/, Т. Әбдірахманова/21/, Н. Қарбанова/22/, Ш. Әлібеков/5/, Б. Отарбаева/23/, Ә. Нарымбетов/24/, Қ. Алпысбаев/8/, Ж. Толысбаева/25/ т. б. ғалымдардың монографиялық еңбектері, ғылыми-сын мақалалары бар.
Сондай-ақ, Г. Н. Поспелов/26/, Л. И. Тимофеев/27/, Г. Л. Абрамович/28/, А. Н. Соколов/29/, М. М. Числов/2/, С. А. Коваленко/30/, И. Кисилев/31/, И. Кирпель/32/, Е. Колмановский/33/, Д. Максимов/34/, Л. К. Швецова/35/, Ю. Суровцев/36/, Е. Уманская/37/, Ю. Марцинкявичюс/4/, т, б, сынды жақын шет ел ғалымдарының кең көлемді зерттеу еңбектері мен ғылыми мақалалары, ой-пікір, ұсыныс-анықтамалары осы поэма жанрдың ерекшеліктерін танытуға бағытталған.
Ал біздің зерттеу жұмысымыздың басты насанасына айналғалы отырған Ф. Оңғарсынова поэмалары Ә. Нарымбетовтың “70-80-жылдардағы қазақ поэмасы” атты оқу құралында осы жылдардағы озық үлгідегі қазақ поэмаларының аясында қарастырылса/38/, ғалым Р. Нұрғалиевтің “Мінезді жырлар”/39/ мақаласында ақын поэмаларының тарихи - тақырыптық сипаты сөз болады. Сонымен қатар, филология ғылымдарының кандидаты Р. Аяпбергенұлының “Қазақ тілі мен әдебиеті” журналының 2002-2003 жылдар аралығындағы сандарында ақын поэмаларының әрқайсысына қысқа көлемді шағын мақалалары арналып отырады/40/. Бұлардан бөлек ақын лирикасы туралы сөз қозғалғанда ақын поэмаларының кейбір қырлары жөнінде де аракідік әңгімелер айтылып жүрді.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының мақсаты: Ф. Оңғарсынова поэмаларын тарихи-тақырыптық, жанрлық тұрғыда жан-жақты қарастыру; әрбір поэмаға жеке-жеке талдаулар жасау арқылы ондағы ұлттық сипат, мінез даралығының ақын қолданысындағы ізденіс іздерін көрсету. Ақынның лирикалық поэма жазудағы ақындық қолтаңбасын айқындау; лирикалық поэманы дамытудағы дәстүр мен жаңашылдық мәселелерін анықтау. Басты мақсат - Ф. Оңғарсынованың әлі де сыншылар назарына ілінбеген, ғылыми айналымға енбеген поэмаларының жанрлық-көркемдік ерекшеліктерін жіті зерттеп, оларды бүгінгі күн тұрғысынан жаңаша бағамдау. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін зерттеу жұмысы төмендегідей міндеттер жүктейді:
- Ф. Оңғарсынова поэмаларының композициялық, сюжеттік құрылымын анықтау;
- ақын поэмаларының тақырыптық - идеялық сипатын нақтылау;
- тарихи тақырыпқа жазылған ақын поэмаларының ерекшелігі мен олардың әдебиеттегі орнын анықтау;
- дәстүр мен жаңашылдық мәселесін басшылыққа ала отырып, ақынның тарихи тақырыпты игерудегі жетістіктерін көрсету;
- лирикалық поэмадағы ақындық дербес ізденістермен ондағы лиризм белгілерін айқындау;
- ақынның соғыс тақырыбындағы поэмаларына тән ақындық ізденіс іздерін бағдарлау;
- Ақын поэмасындағы “Жалғыздық” мотивінің берілуі;
- Ақын поэмалардың тілдік-бейнелілік, көркемдік ерекшеліктерін саралау;
Зерттеу жұмысының теориялық және әдіснамалық негіздері. Жоғарыда айтылған мәселелер бойынша тақырыпты ашу барысында зерттеудің теориялық және методологиялық өзегі Қазақстан мен жақын шетел ғалымдарының поэма жайлы жазылған еңбектеріне негізделген. Қазақ поэмасының өзіндік ерекшеліктерін зерттеген әдебиеттанушы - ғалымдар: А. Байтұрсынов, Қ. Жұмалиев, З. Ахметов, З. Қабдолов, М. Дүйсенов, Т. Әбдірахманова, Ә. Нарымбетов, Н. Қарбанова, Ш. Әлібеков, Қ. Алпысбаев, Ә. Тарақ, т. б. сынды қазақ әдебиеттанушы ғалымдарының еңбектеріне және қазақ әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілдері: Р. Нұрғалиев, Ж. Дәдебаев, С. Қирабаев, С. Негимов, Б. Кәрібозұлы, Қ. Мәшһүр Жүсіп, Қ. Әбдезұлы, Б. Майтанов, Ж. Тілепов, Б. Кәрібаева, Т. Шапай, Г. Пірәлиева, т. б. сынды ғалымдардың еңбектері құрайды. Сондай-ақ, поэма табиғатын жете зерттеген көрнекті орыс ғалымдары: Г. Н. Поспелов, Л. И. Тимофеев, Г. Л. Абрамович, А. Н. Соколов, М. М. Числов, Л. К. Швецова т. б. ой-пікірлері басшылыққа алынып, жалпы поэма жанрына қатысты зерттеулеріндегі поэманың дамуы, оның заңдылықтары жайлы ой-пікірлеріне сүйендік.
Зерттеу әдістері. Ф. Оңғарсынова поэмаларының тарихи-тақырыптық сипатын, тілдік-бейнелілік ерекшеліктерін ашып, тұжырым -қорытындылар жасау барысында салғастырмалы - салыстырмалы, объективті - аналитикалық, талдау, жүйелеу әдіс- тәсілдерін қажетімізге орай қолданыландық.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы: Ф. Оңғарсынованың өлеңдері әдебиеттанушы ғалымдар тарапынан өзінің әділ бағасын алғанымен, ақын поэмалары ғалымдардың арнайы тақырып етіп, жекелеген зерттеу нысанасына әлі айнала қойған жоқ. Осы себепті бүгінгі зерттеу жұмысымызға ақынның тек қана поэмалары арқау болмақ. Ақын поэмаларының ғылыми негізде алғаш рет кең көлемде зерттеу көзіне айналуы да жұмысымыздың ғылыми сипатын салмақтандыра түседі. Зерттеудің ғылыми жаңалығы мыналар:
- Ф. Оңғарсынова поэмалары алғаш рет жүйелі түрде негізделіп, ғылыми айналымға енеді;
- Ақынның тарихи тұлғалар мен өнер иелеріне арналған поэмаларының тарихи - тақырыптық сипаты анықталады;
- Ақынның лирикалық поэма жазудағы идеялық - көркемдік ізденістері сараланады;
- Ф. Оңғарсынова поэмасындағы драматизм, психологизм көріністері айқындалады;
- Ақын поэмаларына тән “Батылдық”, “Жалғыздық” мотивтері турасында алғаш сөз болады;
- Кейіпкер әлемін ішкі монолог құру арқылы ашудағы ақын шеберлігі мысалдармен дәлелденеді;
- Поэмалардың эстетикалық қуатын арттырудағы көркемдік әдіс-тәсілдердің ақын қолданысындағы ерекшеліктері көрсетіледі.
Зерттеу жұмысының нысанасы ретінде орыс және отандық әдебиеттанушы ғалымдардың поэмаға қатысты бірнеше ғылыми-зерттеу еңбектерімен қатар, Ф. Оңғарсынованың “Шілде” таңдамалы өлеңдер жинағы (1978), “Сенің махаббатың”(1979), Екі томдық таңдамалы шығармалар жинағы: өлеңдер мен поэмалары (1987), “Шашы ағарған қыз”: мақала, эссе, повестер (1990), “Қыз - ғұмыр”: Өлеңдер мен эсселер (1996), “Мен саған ғашық емес ем” (1999), Он томдық шығармалар жинағы (?), “Қазына”(2002) сынды жыр жинақтары алынды.
Зерттеудің теориялық және тәжірибелік маңызы: Зерттеудің ғылыми нәтижелері мен негізгі тұжырымдарын XX ғасырдың 60-80 жылдарындағы қазақ поэмасына арналған арнаулы курстарда, ақын Ф. Оңғарсынова шығармашылығына арналған семинар сабақтарда қолдануға болады.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
- -Ф. Оңғарсынова сыршыл лириктігімен қоса, кең құлашты шебер эпик ақын;
- Ол - тарихи тұлға тағдырын арқау ете отырып, олардың көркем бейнесін сомдауда тың ізденістерге барды;
- соғыс тақырыбына арналған ақын поэмалары жаңаша көркемдік арнада шешім табады;
- Ф. Оңғарсынова поэмаларында тұлға дәрежесіне көтерілген лирикалық қаһарман мінезі бой көтереді;
- Ақын поэмаларындағы ұлттық рух, ұлттық сипат шынайылығымен, айқындығылығымен танылады;
- Қазақ әйелінің ұлттық болмысы, әйел-ананың дүниетанымы, ішкі рухани әлемі ашылып, “әйелдер галереясы” сомдалады;
- лирикалық поэмалардағы ақын ізденістері, ондағы лиризм, драматизм, психологизм, мотив мәселелеріне баса назар аударылады;
- ақын поэмаларындағы кейіпкер тұлғасын ашудағы ішкі монологтың ақындық дербес қолданыс табу ерекшеліктері нақты мысалдармен дәлелденеді;
- Ф. Оңғарсынова поэмаларындағы тілдік, көркемдік ерекшеліктер дәстүрлі әдеби әдіс-тәсілдерді сақтай отырып, жаңашылдықпен қолданылуымен ерекшеленеді. Ол өз поэмаларында қазақ тілінің бай сөздік қорын ақындық шеберлігіне орайластыра отырып, түгелімен дерлік пайдалана білді.
Жұмыстың жариялануы мен сыннан өтуі. Зерттеудің теориялық мәселелері мен тұжырымдары халықаралық ғылыми-тәжірбиелік конференцияларда, республикалық конференцияларда баяндама ретінде тыңдалып, жинақтарда жарияланды.
Сондай-ақ, диссертацияның зерттеу нәтижелері Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитеті бекіткен республикалық ғылыми басылымдарда жарық көрді. Ғылыми мақаланың жалпы саны - 10. Жұмыс әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында талқыланып, қорғауға ұсынылды.
Жұмыстың құрылымы: Диссертициялық жұмыстың құрылымы талапқа сай кіріспеден, үш тараудан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
І ТАРАУ
Ф. Оңғарсынова поэмаларының тарихи, сюжеттік негіздері
Поэма жанры әдебиеттегі күрделі жанрдың бірі ретінде бірден қалыптаса салмады. Оның ұзаққа созылған өсу жолдары, даму кезеңі бар. Сондықтан да, Ф. Оңғарсынованың поэма саласындағы еңбектерін сөз етпестен бұрын, ең алдымен, қазақ поэмасының тарихының өткеніне көз жіберіп, қысқаша шолу жасап өтелік.
Поэма жанрын жетілдіруде ақындар туған халқының ғасырлар бойы жинақталған бай көркемдік дәстүріне сүйенуді басты мұрат тұтты. “Қазақ әдебиетінде алғашқы поэманың басты белгілері ХҮІІІ-ХІХ ғасырдан тарихта белгілі Дулат, Нысанбай, Күсен, Мұрат, т. б. творчествосында айқын көрінді. Мысалы, Дулаттың “Еспембет” дастаны, Сүйінбайдан кейін Жамбыл жырлаған “Өтеген батыр”, Алмажан Азаматқызының “Жетім қыз” поэмалары әлгі айтылған үлгіде жасалды”/22. 2/. Ежелгі дәстүрге сүйенген, соны жалғастырып байыта түскен олар қазақ поэмасының алғашқы ең жақсы үлгілерін қалыптастырып берді.
Жаңа әдебиеттің басы болған “қазақтың бас ақыны” Абай поэма жанрында да жаңашылдықтың көшбасшысы болды. Абайдың “Ескендір”, “Масғұт”, “Әзімнің әңгімесі” поэмалары шығыстық желіге құрылған қазақ поэмаларының озық үлгілерінің қатарынан саналады. Сондай-ақ, сол кездегі поэмалардың басы болып Абай мектебінің өкілдері Ақылбайдың “Дағыстан”, “Зұлыс” поэмалары мен Мағауияның “Медғат-Қасым” поэмасы тұрды.
ХХ ғасырдың бас кезіндегі М. Сералиннің (“Гүлхашима”, “Топ жарған”), С. Торайғыровтың (“Кедей”, “Адасқан өмір”) поэмалары осы ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы Б. Майлин (“Разия қыз”, “Хан күйеуі”, “Өтірікке бәйге”, “Қанай”), С. Мұқановтың (“Құрдас”, “Батырақ”, “Октябрь өткелдері”, “Сұлушаш”) поэмаларымен бұл жанр ерекше қарқынмен дами түсті. Аталған поэмалардың басым көпшілігінде әлеуметтік теңсіздік пен кедей өмірінің көріністері суреттелсе, С. Сейфуллиннің “Аққудың айырылуы”, “Көкшетау” поэмалары таза романтикалық бағытта жазылған туындылар болатын.
Отызыншы жылдардағы поэмаларды сөз еткенде, І. Жансүгіровтің “Құлагер”, “Күй”, “Күйші”, “Дала” поэмалары ақындық шеберліктің қайталанбас үлгісі ретінде алдымен ауызға ілігеді. Дегенмен, бұл жылдардағы көп жырланған тақырыптың бірі - колхозға ұйымдастыру науқаны мен еңбекшілердің талмай еткен еңбектері еді. Ал шын мәніндегі реалистік поэма жанрын өмір шындығы тудырды. С. Сейфуллиннің “Советстан”, “Альбатрос”, И. Байзақовтың “Құралай сұлу”, “Алтай аясында”, Ж. Сыздықовтың “Майкөл тамы”, Т. Жароковтың “Күн тіл қатты”, “Тасқын”, т. б. поэмалар қазақ поэзиясының қалыптасу кезеңінен іргелі орын алды.
Негізгі тақырыбы - Отан қорғау жолындағы жан аянбас ерліктерге толы халық өмірі болған Ұлы Отан соғысы жылдарында да поэмалардың саны арта түсті. Осы тұста дүниеге келген поэмалар қатарында Н. Байғаниннің “Ер туралы жыр”, Қ. Аманжоловтың “Ақын өлімі туралы аңыз”, Т. Жароковтың “Зоя туралы жыр”, Д. Әбілевтің “Майданбек”, Қ. Сатыбалдиннің “Әлия”, М. Хакімжанованың “Мәншүк” поэмалары бар. Бұл поэмалардың да басым көпшілігі халық ауыз әдебиетіндегі жыр-дастандар үлгісімен жазылған.
Елуінші жылдардағы қазақ поэмасын зерттеуші ғалым Н. Қарбанова осы тұстағы қазақ поэмаларының сан жағынан орасан өскендігін айта келе: “Біз сөз етіп отырған 1950-1960-жылдардағы поэмалар санын жылдап есептейтін болсақ, 1950-54 - жылдары 11 поэма, 1951-52-жылдар аралығында 14 поэма, 1959-60 -жылдары 21 поэма, ал 1950-60- жылдар аралығындағы он жылда 200 ге жуық поэма жазылыпты. Бұл сөз жоқ, көңіл аударарлық құбылыс”/22. 10/, - дейді. Көркем шығарманың өсу, даму процесін санмен өлшеу арқылы анықтау-әдебиеттану ғылымындағы аса табысты тәсіл болмағанымен, сөздің дәйектілігі үшін керек. 1950-60-жылдардағы жарық көрген эпикалық поэмалар - кеңес әдебиеті тарихында көтерер жүгі, алар орны, көркемдік сапасы жағынан ерекше көзге түсті. “Сондықтан да кеңес әдебиетін зерттеушілер мен әдеби сыншылардың 60-жылды әдеби процесс тарихында жаңа даму кезеңіне жатқызуы тегін емес“/23. 77/.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz