Қадағалау сатысындағы іс жүргізу мәселелері


Пән: Құқық, Криминалистика
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 137 бет
Таңдаулыға:   

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

ӘОЖ 343. 13(574) Қолжазба құқығында

ХАЙРУЛЛИНА ҚАНИЯ

Қадағалау сатысындағы іс жүргізу мәселелері

12. 00. 09 - қылмыстық іс жүргізу; криминалистика және сот сараптамасы; жедел іздестіру қызметі

Заң ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін

алу үшін дайындалған диссертация

Ғылыми жетекшісі

заң ғылымдарының

докторы Айтмұхамбетов Т. Қ.

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2006

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ . . . … . . . 3

1 ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА СОТТЫҚ ҚАДАҒАЛАУ САТЫСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ . . . 12

1. 1 Қазақстан Республикасында соттық қадағалау сатысының қалыптасуы, соттық қадағалаудың міндеттері мен мәні . . . 12

1. 2 Қадағалау тәртібімен сот үкімдері мен қаулыларына шағымдану және наразылық білдіру. Қосымша материалдарды пайдалану мәселелері . . . 27

2 ЗАҢДЫ КҮШІНЕ ЕНГЕН СОТ ШЕШІМДЕРІН ҚАЙТА ҚАРАУ БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ . . . 39

2. 1 Қадағалау өндірісін қозғаудың процессуалдық және істі тексерудің ревизиялық тәртібі… . . . … . . . 39

2. 2 Қадағалау сатысындағы соттың өкілеттігі. Сотта дәлелдемелерді бағалау ерекшеліктері . . . 55

3. ҚАДАҒАЛАУ ТәРТІБІМЕН ҮКІМНІҢ КҮШІН ЖОЮДЫҢ НЕМЕСЕ ӨЗГЕРТУДІҢ НЕГІЗДЕРІ . . . 64

3. 1 Сот тергеуінің біржақтылығы немесе толық еместігі. Сот тұжырымдарының істің нақты мән-жайларына сәйкессіздігі . . . 64

3. 2 Қылмыстық іс жүргізу заңының елеулі түрде бұзылуы. Қылмыстық заңды дұрыс қолданбау. Тағайындалған жазаның қылмыстың ауырлығына және сотталушының ерекшеліктеріне сәйкессіздігі . . . … . . . 86

ҚОРЫТЫНДЫ . . . 106

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 110

КІРІСПЕ

Диссертациялық жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыс Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің маңызды саласы - қадағалау сатысының қалыптасуынын, пәні мен міндеттерін, субъектілердің шағымдану және наразылық білдіру құқықтарын, өндіріс қозғаудың процессуалдық және іс тергеуінің ревизиялық тәртібін, қосымша материалдарды пайдалануымен байланысты дәледемелерді бағалау ерекшеліктерін және қадағалау тәртібімен үкімнің күшін жоюдың не өзгертудің негіздерін зерттеп, қадағалау сапасының заңнамасын жетілдіруге, сот тәжірибесінің қажетті деңгейде қалыптасуына арналған.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қылмыстық процестің міндеттері адамды және азаматты негізсіз айыптау мен соттаудан, олардың құқықтары мен бостандықтарын заңсыз шектеуден қорғауды, кінәсіз адам заңсыз айыпталған немесе сотталған жағдайда оны дереу және толық ақтауды қамтамасыз ету, сондай-ақ заңдылық пен құқық тәртібін нығайтуға, қылмыстың алдын алуға, құқықты құрметтеу көзқарасын қалыптастыруға жәрдемдесу болып табылады. Қылмыстық процестің барлық институттары осынау мақсаттарға қол жеткізуге ықпал ететіндей етіп құрылған. Еліміздің заңнамасы осыларды жүзеге асырудың кепілдігі ретінде процеске қатысушының оның ойынша заңсыз, негізсіз деп табылған үкімдерді, содан кейін қабылданған сот қаулыларын қайта қарату құқын, сонымен қатар, процеске қатысушы басқа адамның әлгі сот шешімдерін қорғап шығу құқын белгілейді.

Профессор Қ. Ә. Мәми атап өткендей, әлемнің барлық өркениетті елдерінде азаматтардың, мемлекеттік құрылыс пен тәртіптің құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың кепілдігі сот, сондай-ақ тәуелсіз, қуатты материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілген сот жүйесі болып табылады [1, 152 б. ] . Сот жүйесінің рөлі жөнінде анықтама берген профессор Қ. Х. Халиков, сот құлықтылыққа, әділеттілікке негізделген заңды тәртіпті қоғамда және мемлекетте орнықтыруы тиіс деп көрсетеді [2, 72 б. ] .

Бірін-бірі кезек алмастырып отыратын қылмыстық процесс сатылары жүйесінде қадағалау өндірісі ерекше орын алады. Сот жүйесінің ең жоғары сатыларында орналасқан оған сот қаулыларының заңдылығы (заңсыздығы) мен негізділігі (негізсіздігі) туралы процеске қатысушыға жауап беру әрі сол арқылы іс бойынша түпкілікті шешім қабылдау сияқты өте жоғары жауапкершілік жүктелген.

Облыстық және соларға теңестірілген соттардың, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының қадағалау алқалары, Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты Қадағалау алқасының қаулыларына жасалған Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты төрағасының ұсынысын, Қазақстан Республикасы бас прокурорының наразылығын қарау жүктелген Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының Жалпы отырысы тізбесі мен мазмұны ҚР ҚІЖК-нің 10-31-баптарында көрсетілген, азаматтардың алдыңғы сот сатыларында бұзылған конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды мұрат тұтады. Қадағалау сатыларындағы соттар қайта қараудың заңда көзделген процессуалдық тәртібін (сот қаулыларының күшін жою, өзгерту немесе оларды өзгеріссіз қалдыру құқы) қолдана отырып, төменгі сатылардағы соттарды қолданыстағы заңнамалардың мәні мен мазмұнын дұрыс түсінуге бағыттайды және олардың дұрыс қолданылуын қамтамасыз етеді.

Қадағалау өндірісін реттейтін заңнама республикамыздың қылмыстық сот өндірісі туралы басқа да заңнамалары сияқты даму және жетілдірілу үстінде. Ұлттық заңнамаларымыздың дамуы адам құқықтарының басымдығы туралы конституциялық ұстанымдарға сай олардың кепілдіктеріне деген ықыласты тереңдете түсумен сипатталады. Осы бағытта қол жеткізілген табыс ретінде процеске қатысушылардың қадағалау өндірісі сатысындағы құқықтарына байланысты кепілдіктердің нығая түсуіне мүмкіндік берген Қазақстан Республикасының 2005 жылдың 30 желтоқсанындағы «Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу және Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне соттылықтың аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №111-III заңын атауға болады (әрмен қарай 2005 жылдың 30 желтоқсанындағы ҚР заңы) [3, 6 б] . ҚР ҚІЖК-нің осы Заңмен толықтырылып, жаңа редакцияда жазылған 463-465-баптары процеске қатысушының қадағалау шағымын тиісті қадағалау алқасының үш судьясынан құрылған сотта алдын ала қараудың және сол бойынша қадағалау іс жүргізуін қозғау немесе одан бас тарту туралы қаулы қабылдаудың тәртібін бекітті. Алдын ала қараудың тәртібі прокурордың қадағалау наразылығы үшін де белгіленген. Жаңа Заң айыптау мен қорғау тараптарының заңды күшіне енген сот шешімдерін қадағалау тәртібімен қарау сатысында кездесетін процессуалдық құқықтары арасындағы сәйкессіздікті (прокурордың наразылығы қадағалау тіртібі бойынша, қорғау тараптарының қадағалау шағымдарынан айырмашылығы, міндетті түрде тиісті қадағалау сатысындағы сотта тікелей қаралуға жататын) жойды [4, 21 б] .

Сот жүйесін реформалау, қадағалау өндірісін регламенттеуге қатысты жүргізілген өзгертулер қадағалау өндірісінің республикамыздың қолданыстағы сот жүйесінде алатын орнын, осы сатыдағы соттардың сот қателіктерін ашудағы, оларды түзетудегі және осы сатының жалпы һәм оның әрбір буынының Қазақстан Республикасының сот өндірісі жүйесінде орын алуының процессуалдық шарттарын ескере отырып, осыған орай құқық қолдану тәжірибелерін қалыптастырудағы рөлін анықтауға бағытталған теориялық зерттеулерді әрмен қарай жалғастыруға себепші болады.

Әрі осы айтылған фактілер аталмыш зерттеу тақырыбын таңдауға, оның практикалық және ғылыми маңыздылығын саралауға ой салған еді.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қадағалау өндірісі сот қателіктерін түзету және сот тәжірибесін қалыптастыру бойынша іс жүргізу сатыларының бірі ретінде кезінде талай әйгілі кеңестік процессуалистердің назарын үнемі аударған болатын. Кеңестік авторлардың сот үкімдерін, ұйғарымдарын, қаулыларын қадағалау тәртібімен қайта қарау мәселелеріне арналған ғылыми жарияланымдары мен оқулықтары көптеп жарық көрді. Солардың ішінен мынадай авторларды айрықша атап өткен болар едік: М. М. Гродзинский [42], М. С. Строгович [43], Р. Д. Рахунов [62], А. Л. Ривлин [27], А. Л. Цыпкин [64], А. Я. Грун [66], В. А. Алексеев [65], И. Д. Перлов [61] .

Қадағалау өндірісінің маңызды тақырыптары «Советское государство и право» [5, 27б. ; 6, 113 б. ; 7, 105 б. ; 8, 69 б. ; 9], «Социалистическая законность» [10; 11], «Советская юстиция» [12; 13] журналдарында жарық көрді.

ҚазССР Қылмыстық іс жүргізу кодексі қолданыста болған 1960-1997 жылдары қадағалау өндірісіне қатысты республиканың сот тәжірбиесі мен заңнамасы жөніндегі мәселелер қазақстандық ғалымдар М. Е. Сапарғалиевтің [14, 388-389 бб. ] еңбегі мен Т. К. Айтмұхамбетовтың [15; 16] одақтың заң журналдарында жарияланған мақалаларында көрініс тапты.

Еліміз тәуелсіздік алып, Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық іс жүргізу кодексі (әрмен қарай ҚР ҚІЖК) өмірге енгізілгеннен кейін талқыланып отырған тақырыпқа байланысты мәселелер Қ. Ә Мәмидің [1], Б. Х. Төлеубекованың [17] еңбектерінде, республикалық заң журналдарында жарияланған К. Х. Халиқовтың [2, 71-78 бб. ], Б. Мақұлбековтың [18], М. Ч. Қоғамовтың [19], Л. Ш. Берсугурованың [20, 71 б. ], А. Н. Ахпановтың, Р. Н. Юрченконың [21, 2-18 бб. ], Б. С. Әлібековтің [22, 35-40 бб. ], Г. Л. Бондаренконың [23, 40-41 бб. ] мақалаларында тұрақты түрде талқылана бастады.

Қадағалау сатыларындағы өндіріс жайын жазған барлық ғылыми- теориялық әдебиеттер ҚІЖК мен одақтық заңдар қолданыста болған барлық уақытта бірыңғай ортақ пікірді ұстанды: қадағалау инстанциясы қылмыстық сот өндірісіндегі қажетті саты болып табылады, ол өміршең және міндетті түрде іс жүзінде қолданылуы тиіс. Белгілі кеңестік процессуалистер мен қазақстандық ғалымдардың жоғарыда аталған еңбектері аталмыш сатыны дамытудың нысандары мен тәсілдерінің ғылыми негіздерін көрсетіп, өздерінің конституциялық құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау барысында процеске қатысушылардың шағымдарын қараудың процессуалдық мүмкіндіктерін кеңейтудің жолдарын нақтылай түсті. Оларда заң реформаларының негізіне алынатын практикалық ұсыныстар айтылды.

Дегенмен де, қадағалау өндірісіндегі барлық мәселелер теориялық әдебиеттерде өз шешімін толық тапты деп айту қиын. Ғалымдар осынау сатының мәнін, оны қолданудың процессуалдық жағдайларын, ол қабылдайтын шешімдердің түрлерін анықтау мәселесінде ортақ тоқтамаға әлі келген жоқ. Мәселен, істі тексерудің ревизиялық тәртібін қолдану, қосымша материалдарды пайдалану жөнінде қарама-қайшы пікірлер бар. Ғалымдардың арасында қадағалау өндірісін бастау туралы, қадағалау шағымдарын қарау процедурасы және істі сұратудан бас тарту немесе наразылықтарды келтіруден бас тарту жөніндегі жауаптардың процессуалдық мәртебесі туралы әр түрлі пікірлер айтылып келеді. Соттардың лауазымды қызметкерлерінің, соның ішінде Республика Жоғарғы соты төрағасының істі қайта қарауға байланысты ұсыныс жасау жөніндегі өкілеттігі туралы да әр алуан ұстанымдарға жол берілген. Істі қарау кезінде прокурордың орнын айқындау мәселесінде де бірыңғай байлам жасалмаған.

Қадағалау сатыларындағы соттардың құқық қолдану тәжірибелерінде туындап, бірақ теориялық әдебиеттерде өз шешімін таппаған осынау мәселелерден басқа, ҚР ҚІЖК-нің қадағалау өндірісі туралы ережелеріне байланысты жаңа проблемалар пайда болды. Мысалы, сот үкімдері мен қаулыларын қайта қараудың негіздері біршама ойлануды және шектеу қоюды қажет етеді. Шын мәнінде, бұлар сот шешімдеріне шағымдану және наразылық білдіру мәселесінде процеске қатысушыларға үлкен кедергілер жасап отыр. Сондай-ақ процессуалистердің кейінгі жаңа буынының алдында 2001 жылдың 11 шілдесінде қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне сот ісін жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының №238-ІІ заңымен (әрмен қарай 2001 жылдың 11 шілдесіндегі ҚР заңы) [24, 233-251 б. ] енгізіліп, сот тәжірбиесінде пайда болған едәуір ауыр қылмыс түрлері және жазаны қатайту туралы ережені қолдану жайлы мүлдем жаңа институтты екшеу мәселесі тұр. Қадағалау өндірісіне жоғарыда аталған Қазақстан Республикасының 2005 жылдың 30 желтоқсанындағы Заңымен де елеулі өзгерістер енгізілді.

Сонымен, сот шешімдерін қайта қарау мәселесінде бүгінгі заман талабы мен кейінгі уақыттарда қабылданып жатқан заңнамалардағы өзгерістерге орай мейлінше актуалды проблемалардың туындап отырғанын байқау қиын болмаса керек.

Бұл жұмыс қадағалау өндірісі саласындағы Қазақстан Республикасының жаңғырған қылмыстық іс жүргізу заңнамасы аясында заңды күшіне енген сот шешімдерін қайта қарау проблемаларын саралауға бағытталған зерттеу болып табылады.

Зерттеу объектісі. Зерттеудің обьектісі қылмыстық сот өндірісінде заңды күшіне енген сот үкімдері мен қаулылырын қайта қарауға байланысты туындайтын құқықтық қатынастар болып табылады.

Зерттеудің пәні заңды күшіне енген сот шешімдерін қайта қарау проблемалары бойынша теориялық жетілдіру, қылмыстық сот өндірісіне тартылған адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету проблемаларын зерттеу, қайта қараудың осы сатысының орнығуы мен дамуы бағытындағы отандық және шетелдік қылмыстық іс жүргізу заңнамаларын және әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау құқығы туралы конституциялық ережелерді жүзеге асыруға байланысты құқық қолдану қызметтерін сараптау болып табылады.

Диссертацияның мақсаты азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру барысындағы қадағалау сатысы соттарының мәнін, маңызды механизмдерін анықтау, қадағалау өндірісінің құқықтық регламенттелуін және оның іс жүзінде қолданылуын жетілдіру жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

Диссертацияның міндеті. Белгелінген мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай міндеттерді іске асыру көзделеді:

- қадағалау өндірісі туралы республикалық заңнаманың қазіргі жағдайын және ұлттық сот өндірісіндегі сот шешімдерін қайта қарау институттарының даму заңдылығын анықтау;

- осы институттың регламенттелу принциптерін пайымдау мақсатымен шетелдік мемлекеттердің қылмыстық іс жүргізу заңнамаларындағы заңды күшіне енген сот шешімдерін қайта қарау институттарының рөлі мен мазмұнын зерттеу;

  • сот шешімдеріне шағымдану жөніндегі тараптардың құқықтарын жүзеге асыру жолдарын кеңейту және олардың істі қарауға қатысуын қамтамассыз ету мәселелерін негіздеу;
  • қадағалау шағымдарын алдын ала тексеру және қарау туралы Қазақстан Республикасының 2005 жылдың 30 желтоқсанындағы Заңының жаңа ережелерін қолдануға байланысты сот тәжірибелерін сараптау және оларды жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
  • істі қадағалау тәртібімен қараған кезде үкімді қайта қараудың негіздерін (ҚІЖК 459-баптың бірінші бөлігі) және үкімнің күшін жоюдың немесе өзгертудің негіздерін реттейтін ережелерді қолдану теориясы мен практикасын салыстыра отырып, талдау жүргізу;

- заңды күшіне енген сот шешімдерін қайта қарау барысында істі ревизиялық тәртіппен қайта қараудың мазмұнын ашу және істі қараудың шектерін анықтау;

  • сотталғанның жағдайын нашарлатуға жол берілетіндігіне байланысты қадағалау сатысындағы сот өкілеттігінің шегін белгілеу;
  • қадағалау сатысындағы соттардың қосымша материалдарды қолдану тәжірибелерін зерттеу және оларды пайдаланудың теориялық негіздерін нақтылау;
  • заңнамаларды, ғылыми зерттеу еңбектерін, құқық қолдану тәжірибелерін талдау арқылы заңды күшіне енген сот шешімдерін қайта қарауға байланысты мәселелерді реттейтін қылмыстық іс жүргізу заңнамаларын жетілдіруге бағытталған ұсыныстарды негіздеу.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Зерттеудің бірінші ғылыми жаңалығы сол, мұнда Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексі қолданысқа енгізілгеннен кейін алғаш рет ғылыми және практикалық мәні зор ең үлкен проблеманың бірі - Қазақстан Республикасы соттарының заңды күшіне енген үкімдері мен қаулыларын қайта қарау мәселесін егжей-тегжейлі саралау жүзеге асырылып отыр.

Зерттеудің екінші ғылыми жаңалығы, еліміздің тоталитарлық жүйеден демократиялық жүйеге өту кезіндегі соттардың және сот шешімдерінің айрықша рөлі жөнінде ғылыми тұжырымдар жасалады. Сонымен қатар, соттардың қызметін бағалау мәселелері олардың жаңа ҚР ҚІЖК-де көрсетілген процессуалдық нысандарымен байланыстырыла отырып қарастырылады.

Диссертацияда заңды күшіне енген сот шешімдерін қайта қарауды жүзеге асыратын соттардың өкілеттігін регламенттейтін отандық заңнамалардың қосымшаларына, олардың нашарлату жағына қарай бұруға тыйым салу іліміне сәйкестілігіне зерттеу жүргізілген.

Зерттеу еңбегінің үшінші жаңалығы ретінде, Қазақстан Республикасында құқықтық мемлекет құруды көздеген сот құрылысы мен сот өндірісінің қиын да жаңа жолында туындап жатқан қайшылықтарды, пікір таластарды шешудің нақты тәсілдерін анықтау болып табылады. Диссертациялық жұмыста заңды күшіне енген сот шешімдерін қайта қарау институтының орнығу жағдайын жақсарта түсу мақсатымен қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіруге бағытталған біршама ұсыныстар жасалады.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар.

1. Апелляциялық және қадағалау сатысындағы соттарға істі жаңадан сот талқылауына қайтармай-ақ сотталғанның жағдайын нашарлататын шешім қабылдауға рұқсат етілуі, тек процессуалдық үнемдеу тұрғысынан тартымды көрінгенмен оның сот төрелігі қарама - қайшы келетіндігін ескеретін болсақ, уақытты осылайша үнемдеу әлде қайда қымбатқа түсетінді.

Апелляциялық сатыда істің нақты мән-жайларын анықтаудың дұрыстығын тексеру мұндай қараудың мәніне жататын болса (ҚІЖК 405-бап), қадағалау сатысындағы сотқа мұндай өкілеттік берілмеген. ҚІЖК-нің 459-бабы бойынша қылмыстық заңды дұрыс қолданбау негізінде қадағалау тәртібімен істі қайта қарауға тек сот тағайындаған жаза қылмыстың ауырлығы мен сотталған адамның жеке басына сай келмеген жағдайда ғана негіздеме болып табылады. Алайда істің нақты мән-жайлары тексерілмей жатып, заңның дұрыс қолданылғанын анықтау мүмкін емес.

Үкімді сотталғанның жағдайын жақсартуға қарай өзгерту заңның дұрыс қолданылғандығын делелдейді, ал адамның кінәлілігі жөніндегі кез келген күдік айыпталушының пайдасына шешілуі тиіс. Конституциялық деңгейде бекітілген сот өндірісінің бұл принципі, едәуір ауыр қылмыс туралы заңды қолдану арқылы қадағалау сатысындағы сотта сотталғанның жағдайын қиындатуға құқықтық негіздердің жоқ екендігі туралы тұжырым жасауға ерік береді. Ал, мұның өзі жаңа мән-жайларды анықтаумен байланысты болады.

2. Соттың бастамасы бойынша жүргізілетін тексерудің ревизиялық тәртібі және іске қатысты шешім қабылдау алдыңғы инстанциялардың үкімі мен қаулыларына шағымданған сотталғанның, сол сияқты прокурор наразылығының, жәбірленуші шағымының жолданған-жолданбағанына қарамастан іске қатысты өзге де сотталғандардың жағдайын жақсартуға (соның ішінде олар сотталғанның жағдайын нашарлату жөнінде келтірілгенде де) қолданылады. Заң сотталғанның пайдасына жатпайтын шешім қабылдауды тек прокурор наразылығының және жәбірленуші шағымының осы сияқты дәйектерімен негіздейді. Сонымен бірге, егер прокурор немесе жәбірленуші сот тергеуінің біржақтылығына немесе толық еместігіне, яки қылмыстық іс жүргізу заңының елеулі түрде бұзылуына байланысты үкімнің күшін жою туралы мәселе көтерсе, ревизиялық тәртіпті едәуір ауыр қылмыс туралы немесе қатаңырақ жаза тағайындау туралы заңды қолдану жөніндегі соттың бастамасы ретінде қолдануға болмайды.

3. Сот қорытындысының нақты мән-жайларымен сәйкес келмеу негізін, үкімді бұзу немесе өзгерту негіздерінің бірі ретінде мынадай жайттармен толықтыру қажет:

а) үкімнің сипаттау-дәйектеу бөлімі мен қорытынды бөлімінің арасындағы елеулі қайшылықтар;

ә) үкімнің сипаттау-дәйектеу бөлімінің ішіндегі елеулі қайшылықтар - қылмыс оқиғасын, қылмысқа қатысушылардың әрекеттерін, кінәнің нысандарын, қылмыс жасаудың тәсілдерін сипаттау барысында жіберілген қателіктер, дәлсіздіктер, сотталушылардың жеке басы туралы мәліметтерді анықтаудағы қателіктер;

б) үкім мен сот отырысы хаттамасының арасындағы қайшылықтар.

4. ҚІЖК-нің 459-бабында келтірілген сот шешімдерін қайта қарау негіздерінің тізбесін толық деп айтуға болмайды. Өйткені ҚІЖК 467- бабының жетінші бөлігінде былай деп жазылған: «Істі қадағалау тәртібімен қарау кезінде үкімнің күшін жоюға немесе оны өзгертуге осы Кодекстің 412-бабында көрсетілген мән-жайлар негіз болып табылады». Сонымен, көріп отырғанымыздай, үкімнің күшін жою немесе оны өзгертудің негіздері істі қайта қараудың негіздеріне қарағанда әлдеқашан кең. Мұндай сәйкессіздік құқықтық нормалар арасында оларды түсіндіруде және іс жүзінде қолдануда әр қилылықты туындатады. Сондықтан, ҚІЖК - нің аталмыш 459 және 412 баптарының аралығындағы сәйкессіздікті жою қажет.

5. Процессуалдық ғылым мен практика қосымша материалдар ұғымын әр уақытта әрқалай түсіндіріп келеді. Заң әдебиеттерінде қосымша материалдарды дәлелдемелер қатарына жатқызу керек деген пікірлер айтылды. Алайда сот шешімдерін қайта қарау кезінде пайдаланылатын қосымша материалдарда, оларды дәлелдемелердің қатарына жатқызуға келмейтін өзіндік табиғи өзгешеліктер бар. Мәселен, оларда дәлелдемеге тән міндетті қасиет - рұқсат етушілік жоқ.

Апелляциялық іс-жүргізуден қадағалау өндірісінің айырмашылығы, мұнда мәні бойынша қосымша материалдарды пайдаланудың заңдық регламенттелуі жоқ. Тек ҚІЖК-нің 462-бабында ғана шағымның, наразылықтың дәлелдерінің негізділігін қуаттайтын өзге де материалдардың қадағалау шағымына, наразылыққа қоса тіркелетіндігі айтылған. Заңды күшіне енген сот шешімдерін қайта қараған кезде мұндай материалдардың пайдаланылу қажеттігі көп жылғы тәжірибеде дәлелденген тиімділігімен түсіндіріледі. Қосымша материалдарды қадағалау өндірісінде пайдаланудың құқықтық негізі жөніндегі мәселеге келсек, бұл процессуалдық заңның ұқсастығын қолдану арқылы мүмкін болмақ, өйткені апелляциялық өндірісте қосымша материалдарды ұсынудың және пайдаланудың тәртібін реттейтін заңды ұқсастығы бойынша қолдану қылмыстық іс жүргізу құқығындағы заңды ұқсастығы бойынша қолданудың жалпы теориясының жекелеген жағдайы болып табылады.

Демек, қадағалау сатысында қосымша материалдарды пайдалануға рұқсат ететін нақты құқықтық негіз қажет.

Зерттеудің әдістемелік негізі. Зерттеудің негізіне диалектикада қарастырылып, салалық ғылымдарда жасалынған арнайы тәсілдерімен толықтырылған ғылыми білімнің жалпы методологиясы алынды. Ұсыныстарды әзірлеуге байланысты нормативтік материалдарды, сот тәжірибелерін, арнайы әдебиеттерді зерттеу барысында сараптаудың жүйелі-құрылымдық, салыстырмалы-құқықтық, формальды- логикалық, нақтылы-тарихи тәсілдері, статистикалық қорытындылау және тағы басқадай жекеше-ғылыми тәсілдер кешенді қолданылды.

Заңдық тұрғыда басшылыққа Қазақстан Республикасы Конституциясының, отандық және шетелдік қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамаларының нормалары, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының нормативтік қаулылары алынды.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ЖҮРГІЗУДЕГІ ДӘЛЕЛДЕУДІҢ ТҮСІНІГІ, ПӘНІ
Қадағалау сатысындағы соттың қылмыстық істі қарау тәртібі
Қадағалау сатысындағы соттың өкілеттігі
Апелляциялық шағымдар, наразылықтар бойынша істерді қарау
Қылмыстық істі қозғау сатысының құқықтық табиғаты
Прокурордың қадағалау сот сатысына қатысуы
Қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асырудың себептері мен негіздері
Жаңа ашылған мән-жағдайларға байланысты сот шешімдерін қайта қарау
Соттың қадағалау шағымын алдын ала қарау нәтижелері бойынша шығарған қаулысында
Адвокаттың азаматтық процеске өкіл ретінде қатысу мәселелері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz