Тілдік-кешенді талдау технологиясы


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 63 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ

БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ


ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ


Филология факультеті

Қазақ филологиясы кафедрасы

ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ

Тілдік-кешенді талдау технологиясы

Орындаған:

4-курс студенті Әділбекова Ж. Б.


Ғылыми жетекшi:

филол. ғыл. канд., доцент Саткенова Ж. Б.

Норма бақылаушы:

филол. ғыл. канд., доцент Әміров Ә. Ж.

Кафедра меңгерушісінің

рұқсатымен қорғауға жіберілді:

филол. ғыл. док., профессор Момынова Б. Қ.

(қолы, күні)

Алматы, 2011

МАЗМҰНЫ

Кіріспе . . .

I Тілдік талдау технологиясы, оның теориялық- әдіснамалық негізі

1. 1 Қазақ тіл біліміндегі тілдік талдау тарихы, зерттелуі . . .

1. 2 Тілдік талдаудың негізгі шарттары . . .

II Кешенді талдау технологиясы

2. 1 Технология ұғымы, тілдік талдаудағы орны . . .

2. 2 Тілдік талдаудағы озық үлгілер, олардың қызметі . . .

Қорытынды . . .

Пайдаланылған әдебиеттер . . .

Қосымша . . .

РЕФЕРАТ

Жұмыстың тақырыбы: Тілдік-кешенді талдау технологиясы

Жұмыстың көлемі:

Пайдаланылған әдебиеттер саны:

Тірек сөздер: технология, тілдік талдау технологиясы.

Жұмыстың құрылымы: Жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен, қосымшадан тұрады.

Жұмыстың мақсаты: Тілдік талдаудың маңызы мен қажеттілігін, оның қолданылу технологиясын жетілдіру жолдарын іздестіру.

Жұмыс белгіленген мақсатқа жету үшін мынадай міндеттерді шешуді көздейді:

  • технология ұғымына шолу жасай отырып, тілдік талдаудағы орнын айқындау;
  • тілдік талдаудың тарихына сүйене отырып, тілдік талдаудың маңызды шарттарын анықтау;
  • тілдік талдау үлгілері, олардың қажеттілігі мен маңызын саралау;
  • тілдік фактілерді мысалға келтіру арқылы тілдік талдаудың ретін, тәртібін көрсету;
  • оқытудың инновациялық технологияларын сараптау нәтижесінде тілдік талдаудағы озық технологияларды іріктеу.

Жұмыстың жалпы сипаттамасы: Кіріспе бөлімде тілдік талдау туралы түсінік беріліп, оның оқыту қажеттілігі туралы сөз болады. Екінші тарауда технология, педагогикалық технология ұғымдарына түсінік беріліп, оқыту үрдісін технологияландыру заман талабынан туындаған қажеттілік екендігі айтылады және тілдік талдауды кешенді жүргізуде тиімді болатын озық технологияларды анықтау міндеті көзделеді.

Жұмыста қолданылған әдістер: Тілдік талдау үлгілері мен технологиясын зерттеу барысында баяндау, жүйелеу, саралау, талдау, топтастыру, салыстыру әдістері қолданылды.

Пайдаланылған дереккөздері: Бітіру жұмысына дереккөзі ретінде А. Байтұрсынов, С. Исаев, М. Достанов, Ә. Ермеков, Ш. Әуелбаев, Н. Оразахынова еңбектеріндегі тілдік талдау үлгілері алынды.

ГЛОСАРИЙ

Талдау - күрделі мәселені жекелерге, аса қарапайым кіші мәселелерге бөлуден тұратын зерттеу рәсімі.

Тілдік талдау - тіл бірліктерінің сипаттамаларын, заңдылықтарын, ерекшеліктерін, бөліну жолдарын, бір-бірімен байланысу амалдарын ажыратып саралау.

Тілдік талдау технологиясы - тілдік бірліктерді талдаудың жолдарын оңтайландыру барысында анықталатын тиімді әдіс-тәсілдер жиынтығының жобасы.

Фонетикалық талдау - тіл дыбыстарының ерекшеліктері мен заңдылықтарын, жасалу тәсілдері мен жолдарын анықтау.

Лексикалық талдау - сөзді түрлі мағыналық ерекшеліктері, шығу тегі, қолданылу сипаты, стильдік мәні тұрғысынан тексеріп зерттеу.

Морфологиялық талдау - сөзді құрамына, сөз таптарына, грамматикалық мағынасы мен қызметіне қарай ажыратып көрсету.

Синтаксистік талдау - сөйлемді құрылысы мен құрамына, сөз тіркесі, сөйлем мүшелеріне қарай ажырату.

Жеке дара талдау - тілдік бірліктерге бір бағытты жеке сипаттама беру.

Қатар талдау - бір тілдік фактінің ерекшеліктерін екінші факторды ескере отырып қатарласа қарастыру.

Кешен - біріктіруші жүйе, тұтастық, өзара бір-бірімен байланысқан бөлімдердің жиынтығы.

Кешенді талдау - тілдік талдау үлгілерін жинақтай келе, жеке дара талдаудан бастап барлық тілдік талдау түрлерін қосып жүйелейтін түрі.

Сатылай кешенді талдау технологиясы - оқыту мақсаты, міндеттері, әдіс-тәсілдері, өзіндік ерекшелігі бар және оқушыларға білімді ғылыми негізде сатылай, жүйелі, кешенді меңгертіп, оларға ұлттық құндылықтарды бағалай, қолдана білуге машықтандыратын оқыту.

Технология - шеберлік туралы ғылым. Оқу процесін жандандыру мақсатында ұйымдастырылған, белгілі бір мақсатқа жұмылдырылған, алдын-ала ойластырылған ықпал мен әсер.

Жаңа технология - оқу-тәрбие үдерісінің шығармашылықпен терең ойластырылған көптеген факторлардың үйлесімділігін және оқыту мен тәрбиенің тиімділігін қамтамасыз ететін; адамның дербес қабілеті мен берілетін материалдың танымдық бірлігін іске асыратын; оқушының шығармашылық мүмкіндігін дамытуға бағытталған; жүйелі білім беруге негізделген сапалы оқыту тәсілдерінің жиынтығы.

Инновация - белгілі бір жүйедегі ішкі өзгеріс, жаңашылдық.

Модификациялық инновация - ұқсас немесе түпнұсқасы бар бағдарламаларды, әдістемелерді, құрылымдарды, алгоритмдерді, талдауларды және т. с. с. жетілдіру, тиімділігін арттыру, түрін өзгерту, жаңартуымен байланысты инновация.

Комбинаторлық инновация (қиыстыру инновациясы) - бұрыннан белгілі әдістемелер элементтерінің, тап осы үйлестіруде бұрын қолданылмаған, конструктивті жаңа қиыстыруы.

Радикалды инновация (тиімді инновация) - оқыту жүйесінде түбірлі өзгертулерді көздейтін жаңарту.

Инновациялық оқыту - жаңашылдықпен оқыту дәстүрі, нормативті оқытумен салыстырғандағы білімді игертудің ерекше балама түрі. Ол мұғалім мен оқушылардың дамуын қамтиды; оларды демократиялық ұстаным негізінде ортақ шығармашылық және нәтижелі қызметпен қаруландырады; оқу білім беру жүйесіне жаңалық ендіреді.

Педагогикалық технология - алдын-ала жоспарланған нәтижеге жеткізетін реттелген әрекеттер жүйесі.

Интербелсенді оқыту - өзара қарым-қатынасқа (коммуникацияға) негізделген оқу/оқыту, диалог арқылы үйрену/үйрету, яғни «үйретуші-үйренуші», «үйренуші-үйренуші», «үйренуші-өзімен-өзі» форматтарында жасаған қарым-қатынас («әңгіме», «сұхбат», «пікірлесу», «бірлескен әрекеттері») .

Проблема - 1) шешуді, зерттеуді талап ететін күрделі сұрақ, міндет; 2) келешектегі зерттеулер саласын қамтитын тұжырымдалған ғылыми сұрақтардың орасан зор жалпыланған жиынтығы.

Проблемалық жағдай - 1) адамның немесе топтың қызметі өрістейтін, қарама-қайшылығы бар және бір мағыналы шешімі жоқ жағдайлар мен шарттардың арақатынасын белгілеу; 2) танымдық сұраныс жағдай негізінде туатын ойлаудың пайда болуының психологиялық моделі.

Проблемалық оқыту - оқытудың әдіс-тәсілдерін қолдана отырып білімді шығармашылық тұрғыдан меңгеруге негізделген дидактикалық жүйе.

Жүйе - үйлесімді орналасқан бөлшектердің тұтастығы.

Жүйелеу - игерген білімнің ішкі механизмі арасында логикалық байланыстар, жеке элементтер арасында ішкі шартты байланыстар орнату, білім, іскерлік, дағдылардың бірізділігі, сабақтастығы, жиынтығы.

Интеграция - педагогикалық тұтастықты қалыптастырып, білімді жүйелеу мен жинақтауда әр түрлі ғылымдарды біріктіру.

Қатысымдық әдіс - оқушы мен оқытушының тікелей қарым-қатынасы арқылы жүзеге асатын белгілі бір тілде сөйлеу мәнерін қалыптастыратын; тілдік қатынас пен әдістемелік категорияларына тән басты белгілер мен қағидалардың жүйесінен тұратын; тіл үйретудің тиімді жолдарын тоғыстыра келіп, тілді қарым-қатынас құралы ретінде іс жүзіне асыратын әдістің түрі.

Репродуктивтік білім - біреудің тасымалдаған (берген) ақпаратын бәлсенді (пассив), ырықсыз түрде қабылдау.

Рефлексия - ойланып-толғану, өз түсінігіңді қалыптастыру, өзіңді тану мен түсіну.

Даму - заңды, тек ілгері бағытталған өзгерістер.

Саналылық - оқушылардың игеретін материалды толық түсінуі, оқығанын жаттанды түрде емес, мән-мағынасына ой жүгіртіп меңгеруі. Білім алушылар материалды өзінің бар ақыл-ойын жұмсай отырып, күш салып, ойлау белсенділігінің арқасында ұқсастық байланыстарын немесе оның ерекшеліктерін анықтау арқылы меңгереді.

Тұлға - дербес әрекет ететін субъект ретіндегі нақты жеке адам болмысының қайталанбас, ерекше әдісі, адамның қоғамдық өмірінің дара нысаны.

Модуль - ірі блок, бөлшек, дидактикалық бірлік, шама, мөлшер. Яғни оқу материалын бөлшекке, блокка бөліп беру.

Оқытуды интенсивтендіру (қарқынды күшейте оқыту) - оқытудың сапасын да, мерзімін де өзгертпей, бірақ оқу ақпаратын кеңірек көлемде беру.

Қарқынды оқыту технологиясы - жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуға, оның өзіндік және шығармашылық қабілетін жетілдіруге, қажетті іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыруға бағытталған технология. Қарқынды оқыту технологиясы - берілген уақыт көлемінде үлкен табыстарға қол жеткізіп, студенттердің шығармашылық қабілетін арттыруға, кәсіби шеберлігін шыңдауға негізделген оқыту технологиясының бірі.

Жаңаша жаңғырту - белгілі іс-әрекет технологиясына кейбір толықтырулар мен жаңалықтар енгізу.

Жаңаша жаңғыртып оқыту технологиясы - дербес оқу қабілетін дамытуды қамтамасыз ететін, стандартты емес жағдаяттарда ақылмен шешуді және белсенділігін, дағдыларын қалыптастыратын жеке тұлғаның білім мен тәжірибені игерудегі ерекше түрі.

Ынтымақтастық педагогикасы - талап ету педагогикасынан қарым-қатынас педагогикасына көшу, балаға ізгілік тұрғысынан қарау, оқыту мен тәрбиенің ажырамас бірлігі. Ынтымақтастық педагогикасының ерекшеліктері: мұғалім-оқушы, оқушы-мұғалім, оқушы-оқушы формасындағы қарым-қатынас. Оқушы да субъект, мұғалім де субъект; оқушының жеке басына ізгілік қарым-қатынас; оқушы мен мұғалім арасындағы өзара түсінушілік, ынтымақтастық қарым-қатынас.

Тілдік сезім - сөйлеудің тууы мен қабылдануы барысында тілдің үйлесімділігін, үйлесімсіздігін эмоциялық сезу.

КІРІСПЕ

Жұмыстың тақырыбы: Тілдік-кешенді талдау технологиясы

Жұмыстың жалпы сипаттамасы: Зерттеу жұмысында тілдік талдаудың негізгі қызметі қарастырылып, оның оқыту қажеттілігі туралы сөз болады. Технология, педагогикалық технология ұғымдарына түсінік беріліп, оқыту үрдісін технологияландыру заман талабынан туындаған қажеттілік екендігі айтылады және тілдік талдауды кешенді жүргізуде тиімді болатын озық технологияларды анықтау міндеті көзделеді.

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазақстан Республикасы әлемнің білім беру кеңістігінде өз мақсат-мұраттарын анықтап алған, бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде танылуы үшін оқыту, білім беру жүйесінде көптеген талап-міндеттерді жүзеге асыруды көздейді. Жаңа сапалық білімді қалыптастыру да оқыту үрдісіндегі ғылыми-әдістемелік жетістіктермен байланысты болмақ. Оқыту үрдісіне инновациялық технологияларды енгізу арқылы білімдік тұрғыдан жан-жақты қаруланған, өмірлік қажеттіліктерін жүзеге асыра алатын дербес интеллект иесін, әлеуметтік тұлғаны қалыптастыру да келелі мәселелердің бірі. Осыған орай, бітіру жұмысымыздың тақырыбын «Тілдік-кешенді талдау технологиясы» деп алуымыз - рухани жан-дүниесі бай, ақылы кемел, жазу, сөйлеу мәдениеті жоғары деңгейде дамыған субъектіні тәрбиелеп қалыптастыруға деген ұмтылыс.

Бүгінгі таңда тілдік талдау үлгілері, тілдік талдауды жүргізу жолдары - назардан тыс қалып келе жатқан мәселе. Себебі тілдік талдаудың қажеттілігі, маңызы мен оны жетілдіру жолдары, оның технологиялық жақтан әдістемелік жолдарын ұсыну толық өз мәнінде шешімін таппай келеді. Бұл мәселенің өзектілігін назарға алып, алғаш тілдік талдауды технологияландыруды ұсынған, бұл жолда жемісті еңбек етіп, бірқатар жетістіктерге қол жеткізген - педагогика ғылымдарының докторы, профессор Н. А. Оразахынова. Әдіскер-ғалымның тілдік-кешенді талдауды жетілдірудегі «Сатылай кешенді технологиясының» алатын орны ерекше. Қазақ тілін оқыту әдістемесінде тіл бірліктерінің теориялық мәселелерін сатылы құрылым арқылы үйрететін тұңғыш төл технологиямыз дүниеге келді.

Біздің зерттеу жұмысымызда тілдік талдаудың қажеттілігі басты мәселе ретінде қойылып, оның теориялық-әдістемелік кешені құрастырылып, талдау жасалынды. Тілдік талдау немесе лингвистикалық талдау - тіл бірліктерінің сипаттамаларын, заңдылықтарын, ерекшеліктерін, бөліну жолдарын, бір-бірімен байланысу амалдарын ажыратып саралау. Бұл мәселенің күрделілігі - оны оқыту, үйрету әдістемесін, технологиясын қалыптастыруда. Бітіру жұмысымызда тілдік-кешенді талдау үлгілерін ұсынып қана қоймай, оған жаңаша қырынан келу - алға қойылған міндеттеріміздің бірі.

Зерттеудің нысаны. Тілдік-кешенді талдау.

Зерттеу пәні. Бұл зерттеу жұмысының пәні тілдік талдау үлгілерін, олардың ерекшеліктері мен маңызын көрсетеді.

Зерттеудің дереккөздері. Бітіру жұмысына дереккөзі ретінде А. Байтұрсынов, С. Исаев, М. Достанов, Ә. Ермеков, Ш. Әуелбаев, Н. Оразахынова еңбектеріндегі тілдік талдау үлгілері алынды.

Жұмыстың мақсаты: Тілдік талдаудың маңызы мен қажеттілігін, оның қолданылу технологиясын жетілдіру жолдарын іздестіру.

Жұмыс белгіленген мақсатқа жету үшін мынадай міндеттерді шешуді көздейді:

  • технология ұғымына шолу жасай отырып, тілдік талдаудағы орнын айқындау;
  • тілдік талдаудың тарихына сүйене отырып, тілдік талдаудың маңызды шарттарын анықтау;
  • тілдік талдау үлгілері, олардың қажеттілігі мен маңызын саралау;
  • тілдік фактілерді мысалға келтіру арқылы тілдік талдаудың ретін, тәртібін көрсету;
  • оқытудың инновациялық технологияларын сараптау нәтижесінде тілдік талдаудағы озық технологияларды іріктеу;

Зерттеудің жаңалығы: Алғаш рет тілдік талдау тарихына, үлгілеріне шолу жасалып, тілдік талдаудың негізгі шарттары мен ұстанымдары, маңызы, заңдылықтары анықталды:

  • зерттеу жұмысы барысында технология ұғымы кешенді қарастырылып, оның тілдік талдаудағы орны айқындалды;
  • жұмыста тілдік талдаудың тарихы, зерттелуі жан-жақты қамтылды, соның негізінде тілдік талдаудың маңызды шарттары анықталды;
  • жұмыс барысында тілдік талдау үлгілері ұсынылып, олардың қажеттілігі мен маңызы сараланды;
  • тілдік фактілерді мысалға келтіру арқылы тілдік талдаудың реті, тәртібі көрсетілді;
  • оқытудың инновациялық технологияларын сараптау нәтижесінде тілдік талдаудағы озық технологияларды іріктеліп, ұсынылды.

Зерттеудің әдістері: Тілдік талдау үлгілері мен технологиясын зерттеу барысында баяндау, жүйелеу, саралау, талдау, топтастыру, салыстыру әдістері қолданылды.

Жұмыстың құрылымы: Жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.

І ТІЛДІК ТАЛДАУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ, ОНЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ-ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗІ

1. 1 Қазақ тіл біліміндегі тілдік талдау тарихы, зерттелуі

Қазақ тіл білімінде тілдің өзекті мәселелеріне ерекше назар аударып, оның теориялық және практикалық әдіснамалық негізін орнатуды мақсат еткен тіл жанашырлары баршылық. Қазақ тілінің теориясын түсіндірумен шектеліп қана қоймай, оны тәжірибелік негізде алғаш талдап дәлелдеген қазақ халқының рухани көсемі, тілші-ғалым - А. Байтұрсынов. Ғалымның 3 бөлімнен тұратын «Тіл - құрал» атты кітабы [1] қазақ тілінің фонетикасы мен грамматикасынан тұңғыш ғылыми пікір мен тұжырымдарын ұсынған, жаңа терминдік атауларды тіл білімінде қалыптастыруға зор үлес қосқан құнды еңбектердің бірі. Дыбыс, әріп, буыннан бастап, сөз тұлғалары - түбір мен қосымшадан сөз таптарына дейін, синтаксис мәселелерін де қамтып, жіктеп жүйелеп берді. Тілдік талдауға қатысты әдістемелік оқыту жүйесі тіл біліміндегі алғашқы баспалдақ болып, көптеген зерттеуші-ғалымдардың негізгі сүйенетін объектісіне, құралына айналды. «Тіл - құралда» біріншіден, теориялық мәліметті жан-жақты түсіндіріп, оны практикалық жақтан ұғындыруда «дағдыландыру» сатысында мәтінмен, жаттығулармен жұмысты қамтыса, келесі «сынау» сатысында алынған білімді толық бекіту жұмысы қарастырылған.

«Сынау» деген атау беруде де өзіндік мән-мағына бар. Себебі үйренуші тілдік фактілерді талдау арқылы өзін-өзі сынауға үйренеді. Эмпирикалық білім мазмұнынан рефлекцияға дейінгі кезеңді қалыптастыру міндеті көзделген. «Рефлекция кезеңі шәкірттердің сезімдері мен ойларының көрініс табуын меңзейді» [2, 223-б. ] . Бұл - шәкірттің, үйренушінің өздігінен білім алып, ізденіске деген ұмтылысын қалыптастыруға бағытталған бірден-бір шарттарының бірі болып табылады. А. Байтұрсынов өз еңбегінде осы мақсатты көздейді.

Ғалым Н. Құрманованың «Сөз тіркесін оқыту барысында оқушылардың теориялық ойлауын дамыту әдістемесінің негіздері» атты монографиясында «Тіл - құралда» ұсынылған синтаксиске байланысты тілдік талдау үлгісін мынадай сызба арқылы береді:

1-кесте -

І кезең - нақтылықтан абстрактылыққа қарай жүру жолы, бұл - эмпирикалық деңгей.

ІІ кезең - абстрактылықтан нақтылыққа қарай жүру жолы, бұл - теориялық білім алу кезеңі» [3, 182-б. ] . Осы жүйе бойынша тілдік талдау жүргізудің тиімділігі үйренуші өздігінен білім игеруге тырысады да, «құр жаттандылықтан» алшақтап, тілдік фактілер негізінде ой-санасында қорытып, өздігінен теория, ереже жасауға тырысады. Осындай жолмен қалыптастырған білімнің әлдеқайда берік болатындығы айқын.

Ф. Оразбаеваның «Тілдік қатынас негіздері» деген еңбегінде А. Байтұрсыновтың тіл біліміндегі көптеген мәселелерді сөз етіп, зерттеу нысанына айналдырғаны және «Оқу құралы», «Сауат ашқыш», «Тіл - құрал» сияқты оқулықтарда қолданылатын әдіс-тәсілдердің ерекшелігі өз алдына арнайы қарастыруды қажет ететін өзекті мәселе екендігі айтылған. «Кез келген әдіскер мұғалім тілшінің еңбектерін оқу арқылы тілдік материалдармен танысып қана қоймайды, сонымен қатар оқулықтарда берілген тақырыптарды оқытудың әдістемелерін де үйренеді» [4, 6-б. ] деген тұжырымға келеді.

Сондықтан әдістемелік оқу құралдарының ерекшелігі - оқытуда едәуір тиімді болатын әдіс-тәсілдерді ұсыну. Бірақ мұндай әдістемелік еңбекті жазу зерттеушінің бойынан теория мен практиканы ұштастырудан бөлек көптеген факторларды назарға алуын көздейді, әсіресе, білімді игеруде үйренушіге неғұрлым тиімді және түсінуіне жеңіл боларлық құралын, кілтін табуда қажырлы еңбек пен ізденісті қажет етеді.

Тілдік талдауды зерттеу объектісіне айналдырып, оның үлгілері мен жүргізілу ретін барынша толық сипаттайтын, теориялық-әдіснамалық негізін қалыптастырған еңбектер қазақ тіл білімінде аздық етеді. Алғашқылардың бірі болып осы күрделі мәселені назарға алған тілші-ғалым С. Исаев болды. Автордың «Сөйлемдегі грамматикалық талдаудың тәсілдері» [5] еңбегі үйренушілер үшін тілдік талдауды жүргізудің дамытушылық бағытын ұстанған негізді, жүйелі оқу құралына айналды.

Тілдік талдаудың өзіндік ерекшелігі мен маңыздылығына қатысты зерттеуші-ғалым С. Исаевтың: «Мектепте болсын, жоғары оқу орындарында болсын қазақ тілі пәнінен теориялық материалды жақсы ұғынып, алынған білімді тұрақтандырып, оқушының ол туралы практикалық дағдысын қалыптастырудың бірден-бір жолы - сөйлем талдау , өйткені ол талдау арқылы өтілген тілдік құбылысқа байланысты материалды оқушының құр ережені ғана жаттап емес, саналы түрде қабылдап, түсіне алғаны, алған білімін өз бетінше практикада қолдана білу дағдысы байқалады. Егер оқушы сөздің морфологиялық құрамын, яғни сөз қандай бөлшектерден тұра алатынын, сөйлем мүшелерінің анықтамалары мен сұрақтарын ағызып айтып тұрғанымен, сөйлемді дұрыс талдай білмесе, жекелеген сөздердің морфологиялық құрамын (түбірін, қосымшаларын, түрлерін) анық ажырата алмаса, сөйлемдегі сөздердің байланысын дұрыс таба алмай, сөйтіп, сөзге сұрақты дұрыс қоя алмай қалса, олардың ережелерін қанша жақсы білгенімен, оқушының білімі жеткілікті дей алмаймыз. Демек, сөйлемді грамматикалық жағынан дұрыс талдай білу тілдік құбылыстардың мәнін оқушының нақты түсінуімен, грамматикалық дағдысының практикалық жағынан қалыптасуымен байланысты» [5, 5-б. ] деген пікірі де орынды айтылған. Себебі үйренушінің бар жинақтаған білімі практика арқылы шыңдалмаса, арадағы байланыс үзіліп, түбегейлі білімді қалыптастыра алмайды, сапасыздыққа жолығады.

Тілдік талдауды жетілдірудің жолдарын іздестіруде сатылы құрылымдық негізге жуықтайтын үлгіні ұсынған ғалым - М. Достанов. Зерттеуші-ғалымның «Қазақ тілі сөздерінің фонетика-лексикалық және грамматикалық ерекшеліктерін қатар талдау әдістері» [6, 47-б. ] деген еңбегінде талдаудың дәстүрлі үлгісі берілген және студенттердің теориялық, грамматикалық ережелерді түсінуіне жеңіл болу үшін тірек сызбалар келтірілген.

Автордың пікірінше, оқытудағы бірден-бір кемшіліктердің бірі - оқулықтарда дайын мысалдардың берілуі. Сондықтан тілдік фактілерді талдауда студенттің ойлануына негіз болатын, қорытынды жасауға итермелейтін мысалдардың болуын талап етеді.

Әдіскер-ғалым бұрынғы оқулықтарда келтірілген талдау үлгілерінің кемшіліктерін сынай отырып: «Қазақ тілін оқыту методикасына арналған еңбектерде грамматикалық талдау үлгілері берілген: « үйдің - зат есім, ілік жалғауында тұр, іші - көмекші есім, шай - зат есім». Оқушыдан осындай ғана қабілет талап ету - дәстүрлі методиканың сілемі. Ал, қазіргі талап басқаша. Зат есім категориясының программалық ондаған ерекшеліктерінен әлгі көрсеткіштерді ғана қамту шәкірттің ой-өрісі дамуын тежейді» [6, 77-б. ] -деген пікірінен автор талдаудың мейілінше толық, кең үлгісін үйретуді жөн көреді.

С. Исаев орындалу тәсіліне қарай тілдік талдаудың ауызша және жазбаша формасын атап өтеді. « Ауызша талдау - көбінесе сыныпта, дәрісханада жүргізіледі, жазбаша талдау негізінен үйге тапсырма ретінде беріледі де, сыныпта ауызша әңгімеленеді. Ауызша талдау көбіне оқушылардың білімі әбден жетілген кезде, дағдысы қалыптасқан кезде жүргізіледі» [5, 19-б. ] .

Автордың көрсетуінше, үйренушінің білімін дамытуда тілсіз сызбалардың қызметі зор [5, 9-б. ] . Кестеде белгіліден белгісіздікке қарай табу әдісі қолданылып, оқушының зейіні мен ойлау логикасына қарай бағытталған. Мұндай кестелер көбіне дерексіз ұғымдар мен қатынастарды бейнелеуде тиімді болады. Белгісіз бағандарды толтыру арқылы шәкірт білмейтін тұстарын анықтап, ізденушілікке деген ынта-ықыласы оянады.

С. Исаев, М. Достанов талдау барысында қарама-қарсы қою әдісін қолданады:

К - дауысты емес, дауыссыз;

О - дауыссыз емес, дауысты;

Л - дауысты емес, дауыссыз [5, 8-б. ] .

М. Достановта:

а) Ә - механикалық дыбыс емес, тілдік дыбыс;

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Сатылай кешенді талдау технологиясының деңгейлері
Қазақ тілі синтаксисін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың ғылыми- әдістемелік негіздері (ЖОО филолог мамандықтары үшін)
Сатылай оқыту технологиясы
Қазақ тілін оқытудың жаңа технологиялары
Сатылай кешенді талдау технологиясына анықтама
Бастауыш сынып оқушыларының тілдік дағдыларын Сатылай кешенді оқыту технологиясы арқылы қалыптастыру
САТЫЛАЙ КЕШЕНДІ ТАЛДАУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ ҚАЗІРГІ ЗАМАН БІЛІМ ТАЛАБЫНЫҢ ШЕШІМІ
Құрмалас сөйлемді оқыту әдістемесі
Зат есімнің жалғауларын оқыту
Кәсіптік мектептің орыс тілді аудиторияларында қазақ тілін витагендік технология арқылы оқыту үдерісі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz