Тарих философиясы


Пән: Философия
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 140 бет
Таңдаулыға:   

КІРІСПЕ

Зерттеу тақырыбының өзектілігі және оның мемлекеттік бағдарламалармен байланысы . Бұрынғы КСРО орнына тәуелсіз жаңа мемлекеттер пайда болып, олар егемен әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамудың арнасына түскен уақытта бұл сапалы өзгерістерге лайық тарихи сананы қалыптастыру қажеттігі өз-өзінен түсінікті. Н. Назарбаев Қазақстанның ХХ ғасырдағы басты даму жолын белгілеген “Қазақстан-2030” атты стратегиялық бағдарламасында халқымыздың рухани жаңару процесінің егемендікпен келген рухани бостандық, ұлттық дүниетаным мен тарихтағы дербес танымдардың қалыптасуы нәтижесінде болғанын атайды [1] . Бұл үрдістерді ары қарай тереңдету тек ұлттық мәдениет аясында ғана жүзеге аса алады және батыстық дайын философиялық үлгілерді қабылдау еліміздің алдында тұрған тарихи мәселелерді шешуге негіз бола алмайды.

Алайда, мәселенің басқа жағынан алғанда, ұлттық тарих философиясын деконструкциялау тек партикулярлық ұстанымдармен шектеле алмайды және бұл қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтаған тарихи тәжірибесіне сай келмейді. Зерттеу тақырыбының өзектілігі қазіргі озық өркениеттерде жүріп жатқан әмбебап гуманитарландыру үрдістерімен де байланысты. ХХ ғасырдың басында мәдениеттанушы О. Шпенглер батыс тарихы аяқталып, тек техникалық құндылықтарға сүйенген өркениет рухани мәдениетті күйзелтіп жібереді деген еді. Батыс зиялылары К. Ясперс, А. Тойнби, Э. Фромм, И. Хейзинга, Х. Ортега-и-Гассет ж. т. б. индустриалдық қоғам, бұқаралық мәдениеттің әсерінен рационалдық енді мәдени дамудың тежеуішіне айналды, сол себепті тарих философиясының түбегейлі жаңа концепциясы алдынғы қатарға шығу керек деген пікір айтты. К. Поппер айтқандай, “бәріне ортақ ешбір тарихи заңдылықтар болуы мүмкін емес… Әрбір жаңа ұрпақ тарихты өз еркінше талдау құқына ие. Тіпті, өзіңнің күнделікті қажеттіліктерін өтеу үшін, белгілі бір мағынада, солай ету тиіс те! Меніңше, адамзаттың ортақ тарихы жоқ, оның орнына адам өмірінің түрлі қырларымен байланысқан шексіз көптеген тарихтар бар…” [2, 305, 310, 311, 312 бб. ] .

Кеңес дәуіріндегі жетпіс жыл бойы халқымыздың өзіне лайық тарихы тұмшаланып айтылмай келгені, айтылса да саясаттың ыңғайына қарай бұрмаланып, теріс түсіндіріліп келгені белгілі. Шынайы тарихи дамуды түсіндіру амалдары тек қана тап күресімен шектеліп қарабайырландырып жіберілді. Қазақстан мен Орталық Азиядағы көшпелі мәдениет алғашқы қауымдық, жабайылық ретінде қарастырылып, ұлттық тарихтағы мемлекеттік дәстүр жоққа шығарылды. Қоғамдық және мәдени дамудың батыстық үлгіден түбірлі айырмашылықтары ескерілмеді. Қазақстанның Ресейге кіруінің себеп-салдары асыра дәріптелді, оның отаршылдық саясатының тұжырымдары бүркемеленді. Қазақ халқының мәдени тарихына деген нигилистік көзқарас қалыптасты. Тек тәуелсіздік тұсында ғана халық өз тарихы мен тағдырына бет бұруға мүмкіндік алды. Осыған орай отандық тарихты саралап танудың басты бағыттарының біріне қазақ халқының этногенездік, этникалық-саяси және рухани-мәдени тарихының мәселелерін тиянақтап талдау қажеттілігі туындайды.

Қазіргі отандық тарих ғылымы мен тарих философиясындағы өзекті мәселелердің бірі дербес жалпытарихи ғылым ретіндегі Қазақстандық тарихнама саласының жеке бөлініп шығуы екендігі сөзсіз. Бұрын «орталықтың» ықпалымен көшіріліп жазылатын жалпыодақтық ғылымның бір бөлігі ғана болып келген бұл тарихнама ғылымы біздің еліміздің тәуелсіздік алуымен ертеректегі отаршылдық жағдайында үстемдік етіп келген идеологиялық қондырғылардың шеңберінде ғана зерттелген және аз немесе мүлдем зерттелмеген мәселелерді алдыңғы орынға шығарады. Бұл көкейтестілік бірнеше алғышарттармен сипатталады: егемендікке қол жеткізуге байланысты елдің қоғамдық-саяси, мәдени-рухани жағдайының өзгеруіне байланысты мұқтаждықтар, жаңаша пайымдауды талап ететін жаңа тарихнамалық айғақтардың пайда болуы; ескі маркстік-лениндік дүниетанымның дағдарысы және отандық тарих философиясының әдістемелік негізін және оның жаңа тұжырымдамалық тәсілдерін қалыптастыру қажеттілігі; тарихнамалық теория мен практиканың даму логикасы және т. б.

Ғасырлар тоғысындағы 2000 жылдың елімізде «Мәдениетті қолдау жылы деп жарияланғаны белгілі. Халық пен ұлттың болашағы, оның мәдениеті мен білімділігінің деңгейі ғасыр басында қаланған іргетастың беріктігіне байланысты. Бұл шара сол бір жылдың ішінде өткізілген науқан болып қана қоймай, өзінің заңды жалғасын тапқаны көңілге қуаныш ұялатады. Осыдан екі жыл бұрын Елбасы Н. Назарбаевтың ұсынысымен «Мәдени мұра мемлекеттік бағдарламасы қолға алына бастап еді. Енді міне оның алғашқы жемістері де қолға тиіп қалың оқырманның игілігіне жарауда.

Мәселенің қазіргі деңгейі және зерттеу қажеттілігі. Әлемдік және отандық тарихи үрдістерді мәдениеттанулық тұрғыдан зерттеу, мәнісінде, ХХ ғасырдың екінші жартысынан кейін басталды. Жаңа ғасыр, жаңа уақыт, жаңа кезең жаңа түсініктер мен ұғымдарды талап етті. Енді ғылым шынайы түрде өз назарын адамның тарихи санасына аудара бастады. Философия классикалық онтологиялық және гносеологиялық мәселелермен қатар тарихтың мәні мен мағынасы туралы сұрақтарды қоя бастады, Батыста тарих философиясы мен мәдени антропология алғашқы қадамдарын жасады. Бұл бағыттың қалыптасуында төмендегідей философтар мен ойшылдардың рөлі ерекше болды: Э. Б. Тайлор, Поппер К., Кассирер Э., Гердер И., Дильтей В., Риккерт Г., Ницше Ф., О. Шпенглер, Хайдеггер М., Фуко М., Деррида Ж., Ясперс К., Тойнби А. және т. б.

Егеменді ел болудың арқасында, қазақ халқының тарихын қайта қарап, саралау, тиянақты, әділетті тұжырым жасау мүмкіндігі пайда болды. Тарихшыларымыз бұл салада объективті түрде біршама тарихи туындылар бергені аян. Кәсіби тарих ғылымын қалыптастыруда және елімізде тарих саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруда екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған Қазақ КСР ғылымдар академиясы құрамында Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты үлкен рөл атқарды. 1930-шы және 1950-ші жылдар аралығында қазақтардың қазан төңкерісіне дейінгі де, кеңестік дәуірдегі де тарихын қорытуға арналған тарихи зерттеулер пайда болды [96] . Ең алғашқы мұндай еңбектердің қатарына С. Д. Асфендияровтың және М. П. Вяткиннің еңбектерін жатқызуға болады [97] .

Қазақстан мен Орта Азиядағы глотто- және этногенетикалық процестер туралы білімдердің тереңдеуіне А. Н. Бернштамның, А. Х. Марғұланның, С. В. Киселевтің, Л. Р. Қызласовтың, С. П. Толстовтың, К. А. Ақышевтің, М. П. Грязновтың, М. В. Воеводскийдің, М. Қ. Қадырбаевтың, С. С. Черниковтың [99] және т. б. археологиялық ғылыми ізденістері көп ықпал етті. Қазақ хандығының құрылуы мен даму тарихына қатысты қалам тартқан танымал тарихшылар қатарына мыналар жатқызылады: М. Х. Әбусейітова, К. М. Байпақов, В. В. Востров, Н. Ибрагимов, С. Г. Кляшторный, Н. Н. Мингулов, М. С. Мұқанов, К. А. Пищулина, Т. И. Сұлтанов, В. П. Юдин және т. б. Көшпенді-қазақтардың қоғамдық қатынастары мәселелері С. З. Зимановтың, Д. К. Кішібековтың, Н. Е. Масановтың көлемді де терең монографияларында кеңінен зерттелді [106] .

Қазан төңкерісіне дейінгі және, әсіресе, кеңестік дәуірдегі Қазақстанның тарихына байланысты еңбектер көп жазылғанымен, осы кезеңдерге қатысты тарихнамалық еңбектер саусақпен санарлықтай. Бұл, бір жағынан, тарихнаманың дербес ғылыми сала және арнаулы дисциплиналық пән ретінде кенже пайда болуымен түсіндіріледі. Қазақстандық тарихнама ғылымының танымал өкілдері қатарына Г. Ф. Дахшлейгерді, Д. И. Дулатованы, Н. В. Ерофееваны, Ж. Қ. Қасымбаевты және т. б. жатқызуға болады. Елімізге есімдері белгілі М. Қозыбаев, К. Байпақов, К. Нүрпейісов, М. Қойгелдиев, Т. Омарбеков, Темірқұлов, Б. Көмеков, Ж. Абылғожин, Т. Сұлтанов сынды майталман мамандар тәуелсіздік тұсында ұлттық тарихты реконструкциялауда қыруар жұмыстар атқарды.

Батыстық және ресейлік ықпалмен қатар, Қазақстанда тарих философиясына деген ынталылық үлкен рөл атқарды. Осы бағытта мынадай философтарды атап өтуге болады: А. Қасымжанов, Ә. Нысанбаев, Ғарифолла Есім, Ж. Алтаев, С. Ақатай, М. Орынбеков, О. Сегізбаев, Т. Ғабитов, Ж. Молдабеков, М. Хасанов, Г. Нұрышева, Ж. Мүтәліпов, Ә. Наурзбаева, Б. Қазыханова, Айтқазин Т., Ақмамбетов Ғ. Ғ., Әбішев Қ. Ә., Әженов М. С., Бурбаев Т., Кішібеков Д. К., Нұрмұратов С. Е., Нұрланова Қ. Ш., Шүлембаев Қ., т. б.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Тарих философиясының әлемде қалыптасуындағы басты факторлар мен қисындарды, теориялық үрдістерді қарастыра отырып, Қазақстандағы осы ілімнің пәндік, объектілік, әдістемелік және бағдарлық ерекшелігін зерттеуді диссертациялық ізденістің негізгі мақсаты деп анықтаймыз. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін мынадай міндеттерді шешу қажет:

  • тарих философиясының пән ретінде қалыптасуындағы әлеуметтік, өркениеттік және теориялық факторлардың арасалмағын анықтау;
  • тарих философиясының Батыс өркениетіндегі қалыптасу қисынын зерделеу;
  • қазақ халқының өз ерекшелігін айқындайтын, яғни өзіне ғана тән ұғым, терминдер туындатқан тарих философиясын пайымдау және де сол жүйенің халқымыздың қоршаған табиғи және әлеуметтік ортаны игеру барысында қалыптасқан дүниетанымдық-философиялық ұстанымдарын, ойлау жүйесі мен ұғымдарын көшпелі мәдениет кең мәтінінде талдап, оларға мәдениеттанулық талдау беру;
  • қазақтың тарих философиясы қалыптасуының алғышарттарына шолу жасаудың негізінде Қазақ хандығы дәуірінде қалыптасқан тарихи сананың үрдістерін пайымдау;
  • жаңа замандағы Қазақстан тарихы мен мәдениетінің дамуынан шыға отырып, отандық деректану мен тарихнама ғылымдарының қалыптасуын сипаттау.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Диссертациялық ізденістің сонылығы таңдалып алынған тақырыпты қарастыруда жаңа әдістемені қолдану және осы мәселеге арналған әдебиетте кездеспейтін немесе ерекше мән берілмеген соңы қағидалар мен тұжырымдар арқылы айқындалды. Диссертацияда мынадай жаңа ғылыми нәтижелер алынды:

  • Тарихи рефлексия және оған сай ойлау мәндері әрбір этномәдениет пен тұлғаның қайталанбайтындығымен, оның ішкі дүниесінің эмоциялық күйінің, сезімдерінің, дарындылығының ерекшелігімен, оның әлеуметтік-мәдени ортаға жатуымен айқындалады. Қазақтың тарих философиясын философиялық ойлардың рационалистік парадигмасына негізделген батыстық тарихи ұстындардан өзгеше, Шығыс дүниетанымы мен көшпелілік мәдени-рухани кеңмәтінінде қарастыру қажет. Зерттеу нәтижесінде ұлттық тарих философиясы терминдері жаңаша сарапталады, өзіндік философиялық ұғымдардың әлемдік тарих философиясының озық үлгілерімен үндестігі танытылады, қазақ мәдениеті тарихының архетиптері мене хронотоптары көрсетіледі, ұлттық философиялық ой үрдістерінің бастаулары айқындалады. Ұлттық тарих философиясы қалыптасуының алғышарттарын - эпикалық дәстүрді, ауызша шежірені, сондай-ақ араб, парсы, түркі тілдеріндегі жазба деректерді талдау негізінде қазақтардың дәстүрлі тарихи санасы қалыптасуының үрдістері айқындалады. Отаршылдық, кеңестік және тәуелсіздік кезеңдеріндегі қазақ тарихы мен мәдениетінің даму ерекшеліктерін ғылыми тұрғыдан сипаттау нәтижесінде отандық тарихнаманың өзекті мәселелері түйінделеді.

Зерттеудің қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдары:

1. Тарих философиясының қалыптасуында мифтік және генеалогиялық үрдістерден әмбебаптылық пен деректілікке ауысу үлкен рөл атқарды. Бірінші көзқарас бойынша, тарих соқпақтары, халықтар тағдыры мен әрбір адам өмірі “жоғары күштер” арқылы басқарылады және олар алдын ала белгіленіп қойылған. Оларға құдайдың аяны, тағдыр, жазмыш, астрологиялық карта, карма жатады. Адам өз маңдайына жазылған тағдыры алдында дәрменсіз. Оның күші тек қана өз тағдырын тани білуге талпынуға ғана жетпек. Тарих ғылымы қалыптасқанға дейінгі уақытта тарихты түсіндірушілер және шежірешілер, бұрынғы заманның алхимиктері іспеттес, қоғамның тарихи заңдарын өз қалауынша өзгерте алады деп түсінген.

2. Тарих философиясының пәндік парадигмасын құрастыратын принциптерге жататындары: әмбебаптылық және мәдени төлтумалық, зерттеу объектісінің көпқырлылығы және күрделілігі, диахрония мен синхронияның бірлігі, адам мен тарихтан мән және мағына іздеу, тарихтың субъект орталық суреттемесінің өрістеуі, қоғамдық өмірді” гумандануы және гуманитарлық білімнің жаңа деңгейге көтерілуі, рационалдық және классикалық әдістемелердің күйзелісі, т. т.

3. Көшпелі қазақ қоғамының тарихи санасын зерделегенде, оның ауызекі мәдениет аясында баяндалғанын, естен шығармаған жөн. Сондықтан өзіміздің кім екенімізді, тарихи-болмыстық бастауларымыз бен даму бағдарларымызды айқындағанда преформативтік дара дискурс үлгілеріне ерекше мән берген дұрыс. Қазақ халқы қалыптасуы барысындағы этномәдениет ерекшеліктерін ой елегінен өткізуде ислам аясындағы түркі халықтарының тарихи санасындағы өзгерістерді концептуальды сараптау ерекше рөл атқарады. Алайда осындай зерттеулерде басқа ұлттардың тарихи-философиялық идеяларына иек арту және өзге тарихи-мәдени кең мәтінде қалыптасқан ұғымдарды өзімізге таңудан алыс болған дұрыс.

4. XІX ғасырдан бастап Ресейдің қол астындағы қазақтардың тарихына қатысты жазылған, әсіресе, әртүрлі басылымдарда жарияланған мақалалармен сипатталатын материалдардың көп мөлшерде болуы қазақ даласын бағындырудың көкейтестілігінен туындайды. Жергілікті халықтың тарихы мен мәдениетіне деген бұл қызығушылық патшалық өкіметтің отаршылдық саясатын іске асыру мақсатына бағындырылды. Жарияланған материалдардың көпшілігі арнайы тарихи зерттеу деңгейіне көтеріле алмады және көбіне білгір мамандардың еңбектеріне ғана жүгінетін компилятивті және тенденциялық сипатта болды. Бұл материалдардың маңызды құндылығы кәнігі зертеушінің өзге тарихи деректерде кездеспейтін сол заман үшін де, қазіргі заман үшін де мәнді айғақтарды аңғара білуімен сипатталады.

5. XX ғасырда Кеңес дәуірінде Қазақстандағы тарих ғылымы мейлінше идеологияландырылған сипатымен ерекшеленді. Сондықтан да тарихи басты мәселенің негізгі тақырыптарын елдегі тап күресі, қазан төңкерісінің тарихи рөлі, социалистік өндіріс, буржуазиялық өмір тәртібін сынау, интернационализм, мәдени төңкеріс және т. б. құрады да, тарихнама барынша тенденциялық тұрпатта болды. Дегенмен, қазақ халқының этногенезі мен этникалық тарихы, дәстүрлі шаруашылығы мен мәдениетіне қатысты тақырыптардың да көтеріліп, олар туралы орасан зор тарихи-этнографиялық материалдардың жинақталып, тарихи ғылымының дамуына оң ықпалын тигізгенін де айта кету керек.

Зерттеудің әдістемелік негіздері. Диссертацияда қолданылған басты әдіс-тәсілдерге жататындары: тарихилық пен логикалықтың бірлігі, герменевтикалық және салыстырмалы зерттеу, құрылымдық-функцияналдық талдау және т. б. Мұнан өзге тарихи зерттеулердің барысында мойындалған объективтілік, пәндік жүйелік, топшылау, тарихи психоталдау, салыстырмалы-тарихи және, сонымен қатар, қарастырылып отырған мәселенің күрделілігіне орай, жан-жақты үңілу қажеттілігінен туған ғылымаралық әдіс, яғни мәдениеттанымдық тәсілдермен қатар, тарихтың этнография, археология, деректану, тарихнама сияқты арнаулы салаларының әдістері мен принциптері де басшылыққа алынды. Осы мәселеге қатысты зерттеулерімен танымал болған белгілі мамандардың қолданған әдіс-тәсілдері де назардан тыс қалған жоқ.

Зерттеудің теориялық және қолданбалы маңызы. Зерттеудің теориялық маңызы ұлттық мәдениеттану мен философияны қазіргі заман талаптарына сай, «шәкірттіктің және «елігушіліктің ұстанымдарынан жоғары деңгейде дамыту қажеттілігімен айқындалады, ұлттық құндылықтар тек тарихи-тағылымдық жақтарымен қоса, қазіргі маргиналдық белгілері басым қоғамда ұлттық мәдени құндылықтарды қорғау және олардан білім алу қызметін атқарады.

Жұмыстың сыннан өтуі. Кандидаттық диссертация әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінде орындалып, осы ұжымның философия тарихы және мәдениеттану кафедрасында талқылауға ұсынылды ізденістің негізгі қағидалары мен тұжырымдары ғылыми конференциялар мен семинарларда баяндалып, ғылыми мақалалар жарияланды.

Диссертациялық жұмыстың құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі бөлімнен (бес параграфтан), қорытынды және пайдаланылған деректер тізімінен тұрады. Жұмыстың көлемі бет.


І ТАРИХ ФИЛОСОФИЯСЫНЫҢ МӘДЕНИ НЕГІЗДЕРІ

1. 1 Батыс тарих философиясының негізгі мәдени-өркениеттік қайнарлары. Дүниежүзілік тарих философиясының батыстық және шығыстық үлгілерінің бар екендігі даусыз мәселеге жатады. Сонда да батыстық тарих философиясын қазақ дүниетанымы тұрғысынан сараптау біршама қиындықтарға ұшырайды. Солардың арасында төмендегідей ой желілеріне басты назар аударғымыз келеді:

1. Тарихи сананың батыстық формалары мен құндылықтары қазір үстемдік танытып, өздерін бірден-бір мүмкін ақиқат деп жариялап келеді.

2. Батыстық тарих философиясы христиандық өркениеттің бүкіл әлемдік батыстандыруға деген ұмтылысының өзіндік санасын түйіндейді.

3. Қазақ және басқа түрік халықтарының тарихи санасы отаршылдық қысым жағдайында қалыптасты.

Осы жағдайларды ескере отырып, қазіргі батыстық тарих философиясының кейбір ой түзілімдеріне назар аударайық.

Тарихи үдерістердің онтологиялық қырларын (тарихтың мәні мен мағынасы, бағыттары, тарих пен табиғат, тарихи прогресс, және т. б. ) зерттейтін арнаулы философиялық ілім - тарих философиясы негізінен Жаңа заманда қалыптасып, толысты. Оның басты өкілдері Дж. Вико, Ш. Монтескье, Ф. Вольтер, И. Гердер, Гегель христиандық сәуегейшілдік формаларын сақтағанымен, тарихи процестерге терең философиялық талдау бере білді.

Зерттеудің өзіндік мақсаттарын ескере отырып, батыстық тарихи сананың мынадай үрдістерін топтастырып (типтік ерекшеліктерін жіктеп) көрейік.

Алдымен көзге түсетіні - барлық халықтардың тарихты жеке иеленіп, оны тек өзінікі деп түсінуі. Антик заманындағы бөлінулер: грек-римдік және варварлар, христиандар және «жабайылылар», Робинзон мен Жұма, еуропалық саяхатшылар немесе миссионерлер суреттемелеріндегі «қатігез, топас, жауыз, жануарға жақын аборигендер» - осылардың бәрі тарихтың этноцентрлік тұғырнамаларын қалыптастырды. Сондықтан, барлық адамдық бірлестіктердің теңқұндылығы идеясы орнықпай әмбебапты тарих туралы айту мүмкін емес еді. Басқаша айтқанда, тарихты аңғару үшін адамзаттың өзін ашу керек болды. Әзірше әрбір халық тек өздерін нағыз адам, ал басқаларын жай ғана адамсымақтар деп есептеп келді. Мысалы, жапондықтар XVІІІ ғасырда португалдықтарды «мысық көзді, тарбиған мұрны бар, қызыл шашты» деп суреттеген. Ресейлік жылнамалардағы қыпшақтардың да жетісіп тұрғаны шамалы.

Тарихтың пайда болуы, алғашқы әмбебапты тарихи сана Геродоттан басталатыны белгілі. Гректерден бөтендерді ол дәстүр бойынша «варварлар» деп атағанымен, олардың істері мен қылықтары жөнінде, тіпті қазіргі нәсілшіл батыстық тарихшылардан ол біршама әділ, ерекше қызығушылықпен баяндай бастайды. Іс жүзінде ол дүниежүзілік тарихтың қаһармандарын суреттейді және сол себепті оны кейін Плутарх «патриот емес» деп жазғырады. Алайда қазіргі өркениетті адамзат Геродотты «тарихтың атасы» деп құрметтейді.

Үлкен әріппен жазылатын «Тарих» тек өткенді баяндап, «қалай болды?» деген сұрақпен шектелмейді. Ол неге осылай болды?, соның себептері неде? сияқты сұрақтарды қояды, ал «біздерден» «басқалар да» бар және біздің отанымыз - аса үлкен әлемнің тек бір бөлігі ғана делінеді.

Тарих философиясы қайнарларының біріне ежелгі Рим жатады. Ертедегі антик тарихшысы, өркениет пен варварлық құндылықтарының ара қатынасы мәселесін көтерген Публий Корнелий Тациттің көзқарасы тарихи маңызды сұрақтарға жауап бере алды. «Ертедегі Рим тарихшыларының ізденістері дұрыс бағытта. Онда азаматтық, идеалдарға деген сенімділік, жанұяға деген махаббат сияқты әлеуметтік мәні бар адамзаттық, өнегелік құндылықтар бар, бірақ сонда да адамның ішкі дүниесінен, жан сарайынан бір дабыл сезімі сезілетін секілдің [3, 118 б. ] - дейді Тацит. Оның көптеген ойлары әлі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ. Қай кезеңде болмасын тек ізгілікті ойға негізделген идея ғана мәңгілік болмақ, ізгіліксіз ой уақытша ғана үстемдік етеді. Оған маркстік ілім мысал бола алады. Социализм тұсындағы марксизм-ленинизм атты тұтас ілімнің бүгінгі күні маңызы жайлы, яғни ол уақытша үстемдік еткен өктем ой ретінде қала берді. Ойымызды жалғастырар болсақ, Тацит әртүрлі халықтардың өмір сүру ерекшеліктерін қарастыра отырып, мынандай жағдайды байқайды: «Гректер тек өздеріне табынады, олар жалқау әрі өз бетімен кеткен… арабтарда тәртіп жоқ, египеттіктер ырымшыл». Бірақ Тацит Рим экспанциясын қолдады. Б. э. д. ІІ ғасырдың басында Римнің жаулап алу саясатын ақтау шаралары басталған еді. Сол кезеңде Римнің саяси қайраткелері мен сөз шешендері, Рим жаулап алу соғысын жүргізіп жүрген жоқ, керісінше, мәдениетті, халықтар достығын жариялап жүр [3, 118 б. ] деп дәріптеді. Тациттің пікірінен, римдіктердің өркениетті енгізуде «мәдениет, өркениет» идеяларын ұстанып, осы саясатты жүргізіп жүрміз деп дәлелдегенімен, бұл идея немесе «өркениет» теориясы шын мәніндегі мағынасын аша алмағанын байқауға болады. Осындай тарихи мәліметтер қатары жоғарыда аталған әртүрлі көзқарастардың қалыптасуына мүмкіншілік туғызды.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Тарих философиясы жайлы
Ғылым таным әдістері, қалыптасу себептері
ӘЛЕУМЕТТІК ФИЛОСОФИЯНЫҢ ПӘНДІК МӘРТЕБЕСІ
Тарихқа өркениеттік көзқарас
«Тарихи үрдіс және тарихи таным теориясы» пәні
Философиялық тарих
Тарихи үрдіс және тарихи таным теориясы туралы
Тарих философиясы. Қазіргі өркениет, оның ерекшеліктері мен қайшылықтары. Адамзаттың даму үрдістері
Қазіргі заманғы әлеуметтiк философия пәнi
Қоғам философиялық таным обьектісі ретінде
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz