Қазақ тіліндегі сұраулы сөйлем


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 108 бет
Таңдаулыға:   

Жоспар

  1. Сұраулы сөйлемнің грамматикалық сипаты (сұраулы сөйлемдер қандай топқа жатады, лепті, хабарлы, пікірдің баламасы ретінде, пікір-субъект, орны қандай, сұраулы сөйлемдердің пікірге қарым-қатынасы)
  2. Сұраулы сөйлемнің түрлері, жасалуы (дәстүрдегіні қарау, жасалуы, алдымен топтап алу, риторикалық - шартты термин, өз терминін ұсыну, дәл айтпайды)
  3. Сұраулы сөйлемнің сөйлеу түрлеріне қатысы, сөйлеу түрлерінде жұмсалуы (Сөйлеудің түрлері, тілдесу - сөйлесу бір. Дидарластық сыпайы әңгімелердегі сұраулы сөйлемдердің жұмсалысы, даулы сөздерде қандай, ғылыми, публицистикалық стильде қандай жұртпен контакт үшін)
  4. Қорытынды (құрмаласқа қатысы)

ЖОСПАР

КІРІСПЕ . . .

1. СҰРАУЛЫ СӨЙЛЕМДЕРДІ ЗЕРТТЕУДІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ . . .

1. 1. Сұраулы сөйлемдердің құрылымдық-семантикалық деңгейі немесе сұраулы сөйлемнің грамматикалық сипаты . . .

1. 2. Сұраулы сөйлемдердің лингвистиканың зерттеу нысаны ретінде жалпы тіл білімі мен түркологияда зерттелуі . . .

2. ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ СҰРАУЛЫ СӨЙЛЕМНІҢ ТҮРЛЕРІ, ЖАСАЛУЫ . . .

2. 1. Сұраулы сөйлемдердің жасалуы . . .

2. 2. Қазақ тіліндегі сұраулы сөйлемнің түрлері . . .

3. СҰРАУЛЫ СӨЙЛЕМНІҢ СӨЙЛЕУ ТҮРЛЕРІНЕ ҚАТЫСЫ, СӨЙЛЕУ ТҮРЛЕРІНДЕГІ СҰРАУЛЫ СӨЙЛЕМДЕРДІҢ КОММУНИКАТИВТІК ПОТЕНЦИАЛЫ . . .

3. 1. Сұраулы сөйлемдердің даулы сөзде жұмсалуы . . .

3. 2. Публицистикалық стиль . . .

3. 3. Ғылыми стиль . . .

3. 4. Дидарластық, сыпайы әңгімелердегі сұраулы сөйлемнің жұмсалысы . . .

4. ҚОРЫТЫНДЫ . . .

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . .

КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қазіргі тіл білімінде тілдік құбылыстардың функционалды және коммуникативті қырын зерттеу маңызды орын алып, тілдің прагматикалық аспектісіне қызығушылық артып келеді. Алайда мағына мен оны жеткізу құралы арасындағы байланыс әлі де лингвистердің назарынан тыс қалып, зерттеуді қажет етеді. Сұраулы сөйлемдер құрылымы жағынан күрделі тілдік бірліктердің бірі болғандықтан, оны зерттеу үлкен қызығушылық тудырып отыр.

Тіл білімінің грамматикалық жүйесінде сөйлемдерді хабарлы, сұраулы, бұйрықты және лепті деп бөлу шартты екені белгілі. Бұл - сипаттамалы тілдік деректердің жалпы жүйесіндегі кішкене арал деуге болады. Сонымен қатар мұндай бөлініске негіз болған принциптерге қарасақ, әсіресе, сұраулы сөйлем не деген түсінікке келсек, мұнда жалпы грамматиканың ең өзекті мәселелерін қозғауға болады.

Қазақ тілінде сұраулы сөйлем жайындағы ең алғашқы мағлұматты А. Байтұрсынов пен профессор Қ. Жұбановтың еңбектерінен кездестіреміз. Олар, негізінен алғанда, бұл сөйлемге анықтама берумен шектелген болса, одан кейінгі зерттеулерде оның жасалу жолдары мен интонациясы сөз етіледі.

Қазақ тілінің синтаксистік құрылысы алғашында жалпы түрде зерттелді. Бүгінгі әдеби тіліміздің даму қарқынын есепке алсақ, осындай жалпы сөйлем синтаксисінің ішінен арнайы зерттеу нысаны бола алатын көптеген нақтылы жайттардың шыға беретіні сөзсіз. Соның бірі - сұраулы сөйлемнің коммуникативтік қызметі, функционалдық жұмсалысы. Сөйлемнің сазы (Қ. Жұбанов) әдеби тіліміздің қолданысында алуан түрлі қызметте жұмсалып, айтушының әр жақты көңіл-күйін білдіріп отырады. Ал одан бергі кездерде сұраулы сөйлемге қойылатын бірнеше сұрақтар айқындалып, оның мағыналық түрлері сараланды. Дегенмен қазақ тіліндегі сұраулы сөйлемнің жеке стильдердегі функционалдық қызметі туралы ғылыми мақала көлеміндегі еңбектер бар болғанымен, тұтастай жинастырып қарастырған толық еңбек жоқтың қасы.

Қазақ тіліндегі сұраулы сөйлемдер, басқа тілдердегі сияқты, бір нәрсені анықтау үшін қойылған сұраққа міндетті түрде жауап күту мақсатымен айтылған сөйлемдер болып табылады. Сонымен қатар олар өзінің екінші қызметі, яғни тек жауап алу үшін емес, ақпарат беру, пікір білдіру үшін де жұмсалып, түрлі коммуникативтік қызмет атқаратыны анықталды.

Қазақ тіліндегі сұраулы сөйлемдердің ерекшеліктері ондағы грамматикалық тәсілдер мен интонациялық белгілері арқылы жасалады. Бұлар сөйлемде сондай-ақ сұрау мағынасын білдірудің тәсілі де болып табылады. Мұндағы грамматикалық амалдар төмендегідей: 1) сұрау шылаулары, 2) сұрау есімдіктері, 3) сұрау мағынасын туғызушы одағайлар - ә, ау, апыр-ай, япырау, т. б., 4) сұрау мағынасын туғызатын модаль сөздер: болар, шығар, бәлкім, мүмкін, 5) сұрау мағыналы қыстырма сөздер - кәне, сірә, амал не, әлде, кім білсін, 6) сұрау мағыналы көмекші сөздер - ғой, мыс, ше-шы-ші . Бұған қоса тілдегі сөйлем құрамын анықтай білуде интонация айрықша қызметке ие болады. Ол өзінің ерекше дауыс ырғағы арқылы ешбір қосымша амалдарды қажет етпей-ақ сөйлем түрлерін ажыратады.

Зерттеудің өзектілігі. Сұраулық категориясы, біріншіден , сөйлем-пікірді тілдік емес деректермен байланысын орнататын және оның коммуникативтік потенциалын жүзеге асыратын бірден-бір категория болғандықтан зерттеушілердің назарын аударып келеді. Әсіресе, бұл қызығушылық соңғы онжылдықта, тілдік фактілерді адами фактормен байланыста қарастырғанда арта түсті. Лингвистикалық зерттеулердің антропоөзектілік бағыты, өз кезегінде, тілдік құбылыстарға, соның ішінде, тек функционалды-семантикалық қана емес, сондай-ақ коммуникативтік-прагматикалық категория ретінде қарастырылып жүрген сұраулық категориясы да жаңаша зерттеулерді қажет етіп отыр.

Екіншіден, сұраулық категориясының прагматикалық аспектісіне назар аудару зерттеушілердің мәтін мен сөйлеудегі сұраулы сөйлемдердің қызметін зерттеуге белсенді қызығушылық тудырды.

Сондай-ақ, зерттеу нысаны - сұраулы сөйлемнің өзі де өзекті болып табылады. Егер сұраулы сөйлемді «медальдің екі жағы» деп қарастырсақ, онда оның бір жағы білмеушіліктен білуді, хабардарлықты қамтамасыз ететін танымдық потенциалы да: «сұрақ - таным процесінің бірінші, бастапқы бөлімі. Кез келген танымның толық акті сұрақты білдіреді» (Ф. С. Лимантов), ал екінші жағы сөйлеушінің маңызды сұрағы арқылы оны субъект ретінде бейнелеп көрсету және қоршаған ортамен қарым-қатынасты орнату болып табылады. Орыс жазушысы В. Пелевицтің сөзімен айтар болсақ, сұрақты «адамнан адамға жіберетін түсінік көпірі» деп атауға болады. Сұрақтың осындай жеке анықтамасы лебізге қатысушылардың қарым-қатынасын тартысқа емес, өзара түсінушілікке итермелейтін жалғыз синтаксистік құрылым ретінде сұраулы сөйлем-пікірдің мәнін толық сипаттап бере алады. Сондықтан да сұраулы сөйлемнің кез келген аспектісін зерттеу тек жалпы ғылыми ғана емес, жалпы мәдени маңызға да ие.

Жоғарыда аталған фактілер диссертациялық тақырыптың өзектілігін көрсетеді.

Зерттеудің нысаны - қазақ тіліндегі түрлі коммуникативтік мақсатта жұмсалатын сұраулы сөйлемдердің ерекшеліктерін, сұраулы сөйлемнің қай мағыналық түріне жататынын, мағыналық-тақырыптық топтарын айқындау.

Зерттеудің пәні - сұраулы сөйлемдердің түрлерінің арақатынасы және сұрақты білдіру құралдары мәселесі болып табылады.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық жұмыстың мақсаты - қазақ тіліндегі сұраулы сөйлемдердің ерекшелігін, сөйлеудегі оның коммуникативтік қызметін, қазақ тіліндегі сұрақты білдіру амалдарды анықтау болып табылады.

Жоғарыда аталған мақсаттарға жету үшін төмендегідей міндеттерді шешу көзделеді:

1. Қазақ тіліндегі сұраулы сөйлем туралы айтылған пікірлерді саралап, оған толық шолу жасап, сұраулы сөйлемнің табиғатын ашу. Сұраулықты білдіру формалары мен тәсілдерін анықтау, яғни сұраулы сөйлем жасауға қатысатын грамматикалық тәсілдерді (сұрау шылаулары, сұрау есімдіктері, одағайлар, қыстырма, көмекші сөздер) және интонация арқылы жасалатын жолдарын айқындап, оларды жеке-жеке талдау;

2. Сұраулы сөйлемнің грамматикалық сипатын анықтау, оның хабарлы, лепті, бұйрықты сөйлемдердің арасындағы орнын айқындап, қай топқа жататынын нақтылау;

3. Қазақ тіліндегі сұраулы сөйлемдердің түрлерін жіктеп, олардың әрқайсысына тоқталу;

4. Қазіргі қазақ тіліндегі сұраулы сөйлемдердің қызметін сипаттау;

5. Сұраулы сөйлем білдіретін коммуникативтік қызметтер жүйесін көрсету, коммуникативтік потенциалына негізделген қазақ тіліндегі сұраулы сөйлемдерді топтастыру.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы: Диссертациялық жұмыста қазіргі қазақ тіліндегі сұраулық формасының тілдік категорияның бір бөлігі ретінде функционаллдық-семантикалық деңгейі, түрлі коммуникативтік жағдаяттардағы сұраулы сөйлемдердің потенциалы анықталып, олар қызметтік жағынан мағыналық топтарға бөлініп қарастырылды.

Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы. Қазақ тіліндегі сұраулы сөйлемдерді ерекше категория ретінде өз алдына жеке тақырып етіп зерттеудің бүгінгі таңда практикалық та, теориялық та үлкен мәні бар.

Зерттеудің теориялық маңызы бұл еңбектегі байқаулар мен шешімдер сұраулықты бұдан кейінгі зерттеулерде функционалды-семантикалық және коммуникативтік категория ретінде қарауға мүмкіндік береді. Сұраулы сөйлемдердің түрлі коммуникативтік мақсаттардағы жұмсалысын қарастыру олардың түрлі коммуникативтік потенциалымен тереңірек танысуға мүмкіндік береді.

Зерттеу жұмысының нәтижелерін қазақ тілінің грамматика салалары бойынша арнайы курстар мен дәрістерде, семинарларда қолдануға болады.

Зерттеудің әдістері. Диссертациялық жұмыстың мақсаты мен міндеттері зерттеудің кешенді әдістерін анықтады. Яғни, диссертация жазу барысында байқау, талдап қорыту, фактіге негізделген материалды топтап бөлу; сұраулы сөйлемнің құрылымдық-семантикалық сипаттау әдісі, мәтін талдау әдісі; функционалды-семантикалық сараптау әдісі. Сонымен қатар талдауға философиялық және лингвистикалық энциклопедиялық басылымдардың мәліметтері келтірілді.

Зерттеудің материалдары мен дереккөздері. Түрлі жанрлардағы көркем әдебиеттерден, публицистикалық мақалалар, ғылыми шығармалардан, сондай-ақ ауызекі сөйлеу тілінен жаппай сұрыптау тәсілімен жинақталған сұраулы сөйлемнің 430-дай бірлігі топтастырылды.

Диссертацияның теориялық негізін А. М. Пешковскийдің, В. В. Виноградовтың, Г. Е. Крейдлиннің, Н. Д. Арутюнова, Е. В. Падучева, Н. И. Жинкиннің, М. В. Зайнулинаның, сондай-ақ А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, Р. С. Әміровтың сұраулы сөйлемдерге қатысты ғылыми-теориялық пікірлері құрады.

Зерттеу тақырыбының мақұлдануы: ғылыми еңбектің негізгі мазмұны мен бағыттары, басты мәселелер түйіні бойынша 5 мақала жарияланды:

  1. Сұраулы сөздердің даулы сөзде жұмсалуы // ҚазҰУ Хабаршысы. Филология сериясы. 2011 жыл, №2 (132), 98-101-б.
  2. Махамбет өлеңдеріндегі сұраулы сөйлемдердің мәні // Қазақ әдебиеті тарихының өзекті мәселелері. Зерттеу мақалалар жинағы. - Алматы: «Ценные бумаги», 2011. - 19 б.
  3. Диалогтағы сұраулы сөйлемдердің коммуникативтік қызметі // Абай Хабаршысы, 2012 (баспада)
  4. Сұраулы сөйлемдердің функционалды-семантикалық сипаты // ҚазҰУ Хабаршысы. Филология сериясы. 2012 жыл (баспада)
  5. Сұраулы сөйлемдердің функционалды-семантикалық типі // «Қазақ тіл білімі: жаңа ғылыми парадигмалар мен оқытудың инновациялық технологиялары» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. Алматы, 19-20 сәуір, 2012 ж. 366-369 бб.

Диссертацияның құрылысы. Диссертация кіріспе, үш тараудан және қорытындыдан тұрады. Оған қоса пайдаланған әдебиеттер мен көркем әдебиеттер тізімі, қосымшалар берілген. Әрбір тарау тараушаларға және қорытындыларға бөлінген.

Кіріспеде диссертациялық жұмыстың тақырыбының өзектілігі дәлелденіп, зерттеудің мақсаты мен міндеті, әдістері, ғылыми жаңалығы анықталды.

Жұмыстың бірінші тарауы сұраулы сөйлемді зерттеудің теориялық мәселелеріне арналды. Онда сұраулы сөйлемнің құрылымдық-семантикалық деңгейі және грамматикалық сипаты туралы, сұраулы сөйлемнің жалпы тіл білімі мен түркологияда зерттелуі туралы мәселе айтылған.

Екінші тарауда қазіргі қазақ тіліндегі сұраулы сөйлемнің жасалуы, сұраулы сөйлем жасауға қатысатын сұрау есімдіктері, сұрау шылаулары мен сұраулық интонацияның қызметі қарастырылады. Ал тараудың екінші тараушасында қазақ тіліндегі сұраулы сөйлемнің түрлері, олардың зерттелуі туралы мәселе айтылады.

Үшінші тарау қазақ тіліндегі сұраулы сөйлемнің функционалдық жағынан зерттелуіне арналған. Түрлі қарым-қатынастағы сұраулы сөйлемдердің коммуникативтік потенциалдары қарастырылған.

Қорытындыда зерттеудің негізгі түйіндері айтылады.

2. СҰРАУЛЫ СӨЙЛЕМДІ ЗЕРТТЕУДІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

2. 1. Сұраулы сөйлемдердің құрылымдық-семантикалық деңгейі

Сұраулық категориясы тілдегі ең қиын құбылыстардың бірі және қазіргі күні толық зерттелмеген тақырып болып табылады. Сұраулық категориясын зерттеу әртүрлі ғылыми пәндер: логика, философия және тіл білімінің аясында жүргізіліп келді. Түрлі ғылыми бағыттардың өкілдері оның таным процесі үшін маңыздылығын мойындай отырып сұрақ мәселесін зерттеуді тоқтатпады. Сұрақ мәселесіне алғаш тоқталған атақты антикалық ойшыл - Протагор болды. Ол, Диоген Лаэртскийдің айтуы бойынша, алғашқы болып сөйлеуді төрт түрге - өтініш, сұрақ, жауап және бұйрық деп бөлген ойшыл.

Платоннан бастап көптеген зерттеушілердің еңбектерінде сұрақтың танымдық рөлі аталады. Кез келген пікірдің тууына сұрақтың қойылуы себеп болатыны белгілі, сондықтан оны тұжырымдап айтқаннан кейін дәлелдеуді және орын тәртібін қажет етеді. Осыған байланысты жаңа білімнің пайда болуына сұрақтың себепші болу рөлін атаған жөн.

Сұрақ қою кез келген практикалық мәселелерді шешеді. Сұрақтар қоғаммен жиналатын білімдерді меңгеруде туады. В. Ф. Берковтың пікірі бойынша, « . . . сұрақтар барлық жағдайда белгісіздік, ойдың толық еместігі, білмеушіліктен білуге, бірдеңені білуден толық әрі нақты білімге қарай ойдың қозғалысын көрсетеді.

Сұрақтың пайда болу алғышарттарының бірі ретінде жеке тұлғаның тәжірибесінде объектінің актуальды жағдайына белгілі бір реакциялардың жоқтығы, ол туралы мәліметтердің жеткіліксіздігін атауға болады.

Сұрақ проблемалық жағдайларды болдырмау құралы ретінде қызмет етеді. Сонымен қатар, автордың айтуы бойынша, субъект пен объект арасындағы енді, алдағы уақытта болатын тартыстан шығу, белгісіздікті болдырмау және жаңа, әлдеқайда толық әрі нақты білім алумен сипатталады. Осыған орай сұраулық мәселесіне байланысты ғылымда үлкен мәселелер қозғалды: сұрақ пен пікірдің өзара байланысы туралы, сұрақтағы білу мен белгісіз элементтердің өзара байланысы, оларды құру мен топтау принциптері туралы.

Сұрақ логикалық формалардың бірі болып табылады. Ол, ереже бойынша, автордың белгілі бір білім шоғырына негізделеді. Кез келген сұрақ, ең алдымен, негіз (базис) немесе сұрақтың алғы шарты деп аталатын өзінде бар ақпаратпен қамтылады. Сондай-ақ сұрақта оның жетіспейтінін және білімді әрі қарай кеңейту мен толықтыру қажеттігін көрсететін нұсқау бар.

Дегенмен логикада сұрақ пен жауап арасындағы қатынас нақты қарастырылмады. Сұраулы сөйлемдердің логикалық теориясын жасауға Аристотель талпыныс жасағанымен, кейін оның зерттеуі жүйелілік сипатқа ие болмады. Логика ғылымы ұзақ уақыт бойы тек тұжырым мен терістеу туралы ғылым ретінде дамыды. Көптеген ғалымдар сұрақты ойлаудың жеке формасы ретінде қарастырмады, оны пайымдау ретінде қарағандықтан сұрақтың логикалық аспектісін жасау қажеттілігін көрмеді. Ресейдегі ЖОО-на арналған оқулықтардың авторларының бірі П. С. Попов логикада сұрақ туралы бөлім оның басқа негізгі бөлімдері, яғни, түсінік, пайымдау, ой қорытындысы сияқты тең қарастырылмады деп атап көрсетеді [1. 21] . Бірақ та, ағылшын тарихшысы және философы Р. Коллингвудтың айтуынша, «білім жиынтығы «сөйлем», «пікір», «пайымдау» немесе басқа да ойлау тұжырымдарынан ғана емес, сонымен бірге олармен тұжырымдалатын актілерден де тұрады. Тек жауаптарға ғана назар аударып, сұрақты елемейтін логика - жалған логика» [2. 339] .

Кейін ХХ ғ. 30-60 жылдардағы К. Айдукевич, К. Хемблин, Д. Харр, Н. Д. Белнеп, Т. Кубинский және т. б. зерттеулерінде сұрақтың өз ерекшелігі бар екендігі көрсетілді. Бұл теорияның жасауындағы бәсеңдік пікір алысу, жасанды интеллект, басқару, оқыту салаларындағы өзекті практикалық мәселелерді шешуді кешеуілдетті.

Түрлі сұрақ-жауап бірліктерінің жиынтығының білімінен қамтылған логикалық теория эротематикалық (гр. еrotimatikos - сұрақ формасындағы), немесе интеррогативті (лат. interrogativus - сұраулы) логика деп аталады.

Эротематикалық логиканың негізгі түсінігі - сұрақты қарастырайық. Сұрақ диалогта басты рөл атқарады. Сұрақтың көмегімен сенімсіздік, күмәндану, белгісіздіктің шешімін табуға және жаңа, нақты әрі толық білім алуға, сондай-ақ қарым-қатынас жасаушы адамның ойы немесе мәтінді, кейбір істің мәнісін жете түсінуге болады. Түсінік пен пайымдауға қарағанда, сұрақтар адамдардың танымы мен қарым-қатынас жасау кезінде пайда болатын түрлі қажеттілікке назар аудартады, олардың берілуі, құрылуы таным мен қарым-қатынас жасаудағы түрлі қиындықтар мен қайшылықтарға байланысты.

Сұрақтың логикалық құрылымын жалпы түрде былайша сипаттауға болады:

«- в нем обозначено, хотя и весьма неопределенно, искомое, или рема вопроса;

- в нем содержится некоторое знание в виде предпосылок тема вопроса) ;

- в нем содержится требование перехода от незнания (непонимания) к знанию (пониманию), от данного к искомому (от ремы к теме) [3. 388] .

Сұрақ-жауап біртұтастығы адамдардың ойлау жүйесі мен қарым-қатынасындағы қажетті бөлшек болып табылады. Бұл логикалық-тілдік құрылым екі қызмет атқарады. Біріншіден, онда қоршаған орта туралы біздің білімдеріміздің дамуы көрініс табады. Бұл - танымдық, немесе эпистемикалық қызметі. Екіншіден, сұрақ пен жауап арқылы бір адамнан екінші бір адамға мақсатты түрде білімдер мен түсініктердің берілуі жүзеге асады. Бұл - коммуникативтік қызмет.

Сұрақ пен жауап - бір бүтін құрайтын бір-біріне қарама-қарсы екі жарты: сұрақ - ол өзіне жауапты күтетін қаратпа, назар аударту, ал жауап - сұраққа орай айтылған пікір, пайымдау болып табылады.

Осыған орай сұрақ бұрынғы заманнан зерттеушілердің назарын аударып келеді және әртүрлі уақытта логика, философия, психология сияқты түрлі ғылым пәндерінің зерттеу нысаны болып келді. Алайда сұрақтың анализі логика-философиялық немесе психологиялық аспектіде сұраулық табиғатын толық түсінуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан да ойлаудың тілдік тәжірибесі сөйлеудегі сұрақты жүзеге асыру шартына назар аударуға міндеттейді.

Лингвистика ғылымы сұраулық мәселесін зерттеумен сөйлеу синтаксисі, коммуникация, функционалды-грамматикалық зерттеулер теориясы аясында зерттейді. Фонолог және фонетист ғалымдар сұраулық мәселесімен сөйлеудің түрлі типтерінің интонациясын зерттеуде кездеседі.

Сұраулық мәселесіне арналған көптеген еңбектерде синтаксистік категория ретіндегі сұраулы сөйлемдерді сөйлем ретінде сұрақтың міндетті түрде ақпаратқа ие семантикалық түсінігінен ажырату қажеттігі туралы пікірлер айтылды. «К признакам вопросительного предложения обычно относят наличие в нем специальных слов (частиц, союзов), определенного словорасположения и особенно специфической интонации. Под вопросом разумеют один из видов цели сообщения, а именно, побуждение собеседника ответить на обращенную к нему речь» [4. 88] .

Коммуникативтік-функционалдық жағынан О. Есперсен жеке сұрақ және формасы жағынан сұраулы сөйлем, ал мазмұны жағынан ақпарат сұрауды білдірмейтін интеррогативті сөйлемдер деп бөледі [5. О. Есперсен 1958] . Сол сияқты Е. В. Падучева сөйлемдерді стандартты (жеке сұрақ) және стандартты емес мағыналы (идиомалық сөйлемдер, риторикалық сұрақ, қайта сұрау, эмоционалды пікір) сөйлемдерге ажыратады. Ал Н. И. Жинкиннің пікірі бойынша « . . . сұраулы сөйлемде сұрақ мағынасы да, тұжырым пікір, сондай-ақ бір іске түрткі болудың түрлі түрлері қатар болуы мүмкін . . . Сондықтан дәстүрлі грамматикада қабылданған сөйлемнің сыртқы белгілері қарым-қатынас жасау процесінде оның мағынасын анықтауға жеткіліксіз болады» [4. 89] . Сондықтан да болар кейбір ғалымдар, мысалы, В. И. Петрянкин, сұраулы сөйлемдерді талдағанда олардың коммуникативтік-функционалдық бағытын ескеру керектігін алға тартады.

П. Рестанның пікірінше, сұрақ дүние жүзінің барлық тілдеріне ортақ функционалды рөл атқарады. Сондай-ақ сұрақтың формасы, автордың көрсетуінше, «не универсальна, так как не все языки распологают одними и теми же средствами выражения категории вопросительности» [6. 28] .

Орыс тілінің грамматикалық оқулықтарында сұраулық мағынаны білдіру құралы ретінде сұрау есімдігі мен сұрау шылауларының орын тәртібі мен интонация құралдарымен өзара байланысы анықталған. Алайда сұраулық мәселесін зерттеген көптеген ғалымдар сұраулық мағынаны құраудағы интонацияның рөлі ерекше екенін көрсетеді (А. М. Пешковский, И. П. Распопов, П. Рестан, т. б. ) . Бұл жерде айта кетер бір жайт, сұраулық мағынаны жасайтын интонация сияқты маңызды құрал ең соңынан аталуы дұрыс емес. Орыс тіліндегі сұраулы сөйлемге алғашқылардың бірі болып жан-жақты талдау жасаған П. Рестанның «без учета интонационных моментов описание вопросительных предложений неминуемо остается неполным» [6. 502] деген пікіріне қарамастан ұзақ уақытқа дейін интонацияны синтаксистік құрылымдарды репрезентациялау құралы ретінде немесе пікірдің мағыналық көпмәнділігін шешіп, анықтау үшін қолданылатын құрал ретінде қарастырған.

Тілдік жүйедегі интонацияның ерекше рөліне Н. И. Жинкин назар аударады. Оның пікірінше, «кроме чисто формальной, интонация выполняет и смысловую функцию . . . Слова имеют значение, но интонация накладывает на них свою переозначающую печать . . . Интонация значительно больше, чем звуковое оформление предложения» [4. 90] . Ғалымдардың мұндай қорытынды жасауына психологиялық зерттеулердің нәтижесі негіз болды. Бұл зерттеулердің барысында сұраулы пікірдің субъектінің эмоционалды-психологиялық жағдайымен тығыз байланысы анықталған. Бұл маңызды ерекшелік Аристотельдің «Метафизикасында» да айтылады, ол алғашқылардың бірі болып сұрақты таным процесінің таң қалу жағдайымен сипатталатын таным процесінің басты бөлігі ретінде қарастырады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Түрткі сұрақты білдіретін сұраулы сөйлемдер
Қазақ тілді студенттерге ағылшын тілінде сұраулы сөйлемдердің дауыс ырғағын оқыту әдістемесінің үлгісі
Қазақ және ағылшын тілдерінде бұйрық мәнінің білдірілуі
Ағылшын тілінде сұраулы сөйлемдерді оқытудың лингвистикалық негіздері
Қазіргі қытай тілі грамматикасындағы қытай тілінің сөз жасам тәсілі
Сөйлемдердің түрлі грамматикалық құрылымдарда жасалу және қалыптасу ерекшеліктері
Сұраулы сөйлемдердің стилистикалық ерекшеліктері
Қазіргі қазақ тіліндегі атаулы сөйлемдер
Ағылшын тілінің морфологиясын синтаксистік негізде оқыту әдістемесінің негіздері
Модальді етістіктердің аудармасы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz