Қазақстандағы қола дәуірінің ауқымында жазылған ғылыми еңбектер мен мақалалардағы авторлардың ойларын, тұжырымдарын, қорытындыларын тарихнамалық тұрғыдан талдай отырып қола дәуірінің зерттелу деңгейін анықтау


МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 3
1 . ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚОЛА ДӘУІРІ
1. 1. Мәселенің теориялық-методологиялық негіздері . . . 9
1. 2. Қола дәуіріне жалпы сипаттама . . . 20
2 . ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚОЛА ДӘУІРІНІҢ ТАРИХНАМАСЫ
2. 1. Қазақстан аумағындағы Андронов мәдениеті тарихының ғылыми зерттеулерден көрініс табуы . . . 38
2. 2. Беғазы-Дәндібай мәдениеті тарихи еңбектерде . . . 65
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 83
ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР МЕН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . .
КІРІСПЕ
Жұмыстың өзектілігі . Бүгінде Қазақстан өз тарихында күрделі бетбұрыс кезеңін басынан кешіріп отыр. Республика тәуелсіздік алып, дүниежүзілік қоғамдастық таныған егеменді мемлекетке айналды. Қазақ халқының, Қазақстан Республикасының тарихында жаңа дәуір басталды.
Республика бетбұрыс кезеңінде болып жатқан ғаламат өзгерістер тарих ғылымының алдына көптеген проблемалар қойды. Қазақ халқының төл тарихының қайта жандандырып, бай мәдени мұраларының жете бағалануы басты мәселелердің бірі болып табылды.
ХХ ғасырда Қазақстан тарихы жөнінде көптеген еңбектер жарық көрді. Бірақ тарих саласында негізгі нақты және теориялық қағидалары толығымен мойындала қойған жоқ . Дегенмен де, бұл еңбектер көне дәуірлерді зерттеу үшін және өткенге сыни көзбен қарау кезінде қажет болатын нақты тарихи ақпараттарды берді. Қазіргі таңда Қазақстан тарихының даму кезеңдері жөнінде жаңа материалдарды жинақтап, оларды Кеңес үкіметі тұсында жазылған еңбектермен салыстыра отырып, терең тарихнамалық талдаулар жасап, бірқатар қағидаларды нақтылау жолға қойылып отыр.
Белгілі бір әлеуметтік - экономикалық формацияның дамуына байланысты адамзат тарихи ұзақ - ұзақ кезеңдерге бөлінеді. Археологияда кезеңдендірудің өзіндік әдісі жасалған, оған сәйкес адамзат тарихы тас, қола мен темір және ортағасырлар дәуірлеріне бөлінеді. Көне дәуір ескерткіштерінің ашылуы, Қазақстанның ежелгі тарихы мен археологиясын жаңа қырынан алып көрсетуге мүмкіндік береді.
Қазақстанның археологиялық ескерткіштері туралы алғашқы мәліметтер орта ғасырлардағы ғалымдар мен тарихшылар, географтар мен саяхатшылардың еңбектерінде кездеседі. Олар өз еңбектерінде өздері тікелей көзімен көрген немесе өздеріне айту бойынша мәлім болған әдеттен тыс заттар, бейнелер, өз замандарынан көп бұрын болған қалалар мен қоныстардың жұрттарын, оқиғаларды айтып кеткен.
Қазақстанның өткендегісін ғылыми зерттеуде І Петрдің көне мұраларға ұқыпты қарауға, оларды суреттеу мен жинауға әмір берген жарлықтары, сондай-ақ оның бастамасы бойынша Сібірді және Ресейге іргелес жатқан Қазақстан жерін зерттеу мақсатымен қолданылған шаралары маңызды рөл атқарды.
Қазан төңкерісіне дейін қазақ халқы тарихының көне дәуірлеріне айтарлықтай зерттеу жұмыстары жүргізіле қойған жоқ. Болған күннің өзінде ғылыми сапасы төмен, кездейсоқ табылған көне дәуірлердің құрал - саймандары жайлы хабарлар ғана.
Қазақстандағы қола дәуірінің зерттелуі - Кеңес үкіметінің кезінде ғылыми жағынан жүйелі жолға қойылды. Арнайы ұйымдастырылған экспедициялар қола дәуіріне тән ескерткіштерді ашып, Қазақстан аумағында тарихқа андронов және беғазы - дәндібай мәдениеті деген атпен енген тайпалар мекендегенін дәлелдеп берді. Қол дәуіріндегі Қазақстан тарихын зерттеуде бұл ескерткіштердің маңызы зор. Қола дәуірінің ескерткіштері Қазақстанның төрт бұрышынан да табылған. Мәселен Орталық Қазақстанды зерттеу үшін ұйымдастырылған «Нұра экспедициясының» көрнекті мүшелері П. С. Рыков, М. И. Артамонов, М. П. Грязнов, К. Арзютов, И. В. Сыницин сияқты ғалымдар андронов және беғазы - дәндібай мәдениетінің қоныстары мен зираттарын тауып, зерттеп, қазу жұмыстарын жүргізіп көне дәуір тарихына өз үлестерін қосты. Қазақстанның батыс бөлігінде қола дәуірінің ескерткіштерін зерттеген О. А. Кривцова - Гракова, Солтүстік Қазақстанды А. М. Оразбаев, Шығыс Қазақстанды С. С. Черников, кейіннен оған А. Г. Максимова қосылған, Солтүстік Қазақстан мен Батыс Қазақстанды В. С. Сорокин, Жетісуды А. Н. Бернштам, К. А. Акишев зерттеп, қола дәуіріне қатысты құнды мәліметтер тапқан.
Осы жоғарыда көрсетілген зерттеушілердің еңбектерінде андронов мәдениеті жөнінде көптеген ақпараттар беріледі. Бірақ бұл еңбектерде әр түрлі көзқарастар айтылады. Бүгінгі таңда, Қазақстандағы қола дәуірін зерттеуге байланысты жоғарғыдағы ғалымдардың еңбектерімен танысып, тарихнамалық талдау жасап, ғылыми еңбектердің ұтымды тұстары мен кемшіліктерін көрсетудің, мәселенің зерттелмеген тұстарын анықтаудың маңызы артып отыр.
Бұл ғалымдардың еңбектерімен көпшілік ғалым жақсы таныс. Қола дәуіріндегі Қазақстан тарихын оқытуда бұл еңбектерді оқытушылар мен студенттер кеңінен қолданады. Бірақ зертеушілердің еңбектеріне тарихнамалық талдау жасалмаған. Міне, осы күрделі де өзекті мәселенің кейбір тұстарын магистрлік жұмысымызға арқау етіп алып отырмыз.
Жұмыстың зерттелу дәрежесі. Зерттеушілер қола дәуіріндегі Қазақстанның тарихына қатысты ғылыми дәрежесі жоғары көптеген еңбектер жазып қалдырған. Әсіресе кеңес дәуірінде жазылып, жарық көрген еңбектер қола дәуірінің тарихнамасын құрайды. Бірақ қазақстандық тарих ғылымында қола дәуірінің тарихнамасы арнайы зерттеліп, жан-жақты талданбады. Сондықтан да бұл мәселенің төңірегінде іргелі тарихнамалық еңбектер жарияланбады. Тек кейбір ғалымдар ғана мәселенің белгілі бір тұстарына қысқаша шолулар жасап өтеді. Мәселен, М. К. Қадырбаев пен Ж. Құрманқұлов өздерінің «Культура древних скотоводов и металлургов СарыАрки» атты еңбектерінің кіріспе бөлімінде зерттеушілер арасында әр түрлі пікір-сайыс тудырып отырған андронов мәдениетін кезеңдеу мен хронологиясына байланысты көзқарастарға тоқталып өтеді. М. К. Қадырбаев пен Ж, Құрманқұлов, М. П. Грязновтың, К. В. Сальниковтың, М. Н. Комарованың, Е. А. Агееваның, А. Г. Максимованың, С. С. Черниковтың, Н. А. Аванесованың, В. С. Стоколостың кезеңдеуі мен кезеңдеу мен хронологиясын жеке-жеке бөліп көрсетеді /1/ .
Сонымен қатар, А. Х. Марғұлан, К. А. Акишев, М. К. Қадырбаев, А. М. Оразбаевтардың «Древняя культура Центрального Казахстана» атты ғылыми жұмыстарының кіріспе бөлімінде де андронов мәдениетін кезеңдеу мен хронологиялау мәселесіне және Орталық Қазақстан бойынша А. Н. Седельниковтың, А. Ф. Сорокиннің, О. А. Кривцова- Гракованың, В. В. Радловтың пікірлеріне талдау жасалынады /2/ .
Ә. Х. Марғұланның «Бегазыдан-дыбаевская культура Центрального Казахстна» атты монографиялық еңбегінің кіріспе бөлімінде, П. И. Рычковтың, Ф. Страленбергтің, И. П. Фальктың, Г. Ф. Миллердің, С. Б. Броневскийдің, А. И. Шренктің, П. С. Рыковтың, М. П. Грязновтың Орталық және Солтүстік-Шығыс Қазақстан жөнінде берген мәліметтеріне тоқталып өтеді /3/ .
Тақырыптың деректік негізі. Мәселенің объективті түрде зерттелуі шынайылық деңгейі жоғары деректерге байланысты.
Қола дәуіріне байланысты деректер негізінен І Петрдің тұсынан бастап күні бүгінге дейін жинақталып келеді. Олар қазба жұмыстары барысында алынған жәдігерлер, археолог-зерттеушілердің жыл сайын беретін есептері, мақалалары, ғылыми еңбектері ретінде жинақталды. Осыған орай деректерді мынандай үш топқа бөліп сараптауға болады:
1) І Петрдің тұсынан Қазан төңкерісіне дейінгі еңбектер. Бұл уақыт аралығында І Петрдің көне мұраларға ұқыпты қарауға, оларды суреттеу мен жинауға әмір берген жарлықтары, сондайақ оның бастамасы бойынша Сібірді және Ресейге жапсарлас жатқан Қазақстан жерін зерттеу мақсатымен қолданылған шаралар маңызды рөл атқарды. Осы әрекеттердің нәтижесінде құнды деректер жинақталды. Осы уақытта географтар, геологтар, саяхатшылар көненің көздеріне назар аударып, оларды сипаттап, жазып отырған, сөйтіп қола дәуірінің ескерткіштері туралы деректердің қорын молайта берген. Бұл уақыттағы деректердің тобын көбіне заттай деректер құраған. Қола дәуірінің қорғандары қазына іздеушілердің ұмтылыс жасағандығынан тоналып, құнды жәдігерлердің көбі жоғалып кеткен. Бұл уақытта табылған заттар тек С. Б. Броневский, А. И. Бахирева, Дарто арқылы ғана белгілі болған. Дегенмен араға уақыт салып заттай деректердің қатары толығып отырған. Қола дәуірі мәдениетінің заттай деректерін А. И. Шренк жинаған. А. И. Шренктың коллекцияларының көбі қола бұйымдары мен заттары. Материалдар КСРО ҒА-ның антропология және этнология мұражайында сақтаулы /3. 18/ . Қола дәуірінің ескерткіштері жөнінде офицерсаяхатшылар Волошанин, Н. Рычков, И. Андреев, Безносиков қолжазбаларында жазылған. Заттай деректердің қатарын өлкетанушы-ғалымдар да толтырған. Олардың қатарында Н. М. Ядринцев, Г. Н. Потанин, С. Н. Гуляев, В. В. Радлов, Н. Я. Коншин болды. Бірақ олардың ішінде В. В. Радловтан басқалары толыққанды археологиялық қазба жұмыстарын жасамаған /2. 17/ . Қола дәуірін алғашқылардың бірі болып зерттеген В. И. Каменский Өскеменнің солтүстікбатысының Қызылсу өзеніндегі Қойшыбай қыстауы маңынан Кіші Қойтас обасына және Көкпектінің солтүстігінен 30 шақырым жердегі Қараөзек және Қаражал шатқалдарындағы андроновтық қоршауларға зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде, қызыл сазды нағыз керамика сынықтарын беретін бай қабірлер, геометриялық фигуралар түріндегі бірнеше ыдыстар табылған. Сонымен қатар қола сырғалар, жүзіктер, қола қанжарлар, алқаларды қолға түсірген. В. И. Каменскийдің қазба жұмыстары нәтижесінде алынған материалдарды С. А. Теплоухов, М. П. Грязнов, С. С. Черников жариялаған /4. 42/ . Ю. В. Аргентов солтүстік Қазақстандағы қола дәуірінің дөңгелек қоршауларын зерттеген. Қазба жұмыстары өте айқын заттай деректерді берген.
2) 1917 жылдан 1991 жылға дейін жазылған ғылыми еңбектер. 1917 жылғы революциядан кейін археологиялық зерттеулер мемлекеттік негізде жүргізілді. 1919 жылы Материалдық мәдениет тарихы академиясы, ал 1920 жылы Мұражайлар және өнер, табиғат, көне ескерткіштерді қорғау істері жөніндегі Түркістан комитеті құрылды. Аталған мекемелер ұйымдастырған экспедициялар қола дәурінің ескерткіштеріне зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде құнды деректер жинақталды. Қазақстан бойынша ұйымдастырылған экспедициялардың есептері жыл сайын ҚазССР Ғылым Академиясының Хабаршысында жарияланып, ғалымдардың ғылыми еңбектерінде көрініс тапқан. Қола дәуіріне қатысты деректердің көпшілігі тарихи шындықты оъективті түрде көрсете алатындығы дау тудыра қоймас. Себебі оларды археологиялық зерттеу жұмыстары барысында ғалымдар өз көздерімен көріп, жүйелеп, ғылыми айналымға енгізген.
1933 жылы Орталық Қазақстанды зерттеу үшін ұйымдастырылған «Нұра экспедициясының» көрнекті мүшелері П. С. Рыков / 5/ , М. П. Грязновтың /6/ еңбектерінде Орталық Қазақстанның қарасуық кезеңінің және энеолиттен бастап кейінгі орта ғасырға дейінгі кезеңінің ескерткіштері, сонымен қатар Қарағандының оңтүстік - батысынан 60 шақырым жердегі Шерубай-Нұра өзенінің аңғарынан табылған дәндібай ескерткіштері жөінде құнды мәліметтер бер. А. М. Оразбаевтың /7/ еңбегінде Орталық Қазақстанның қола дәуірінің екі ірі обалары - Елшібек пен Беласар туралы деректер кездеседі. Сондай - ақ Ә. Марғұлан, К. А. Акишев, М. К. Қадырбаев, А. М. Оразбаев /2/ еңбектерінде Орталық Қазақстанға жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижелері көрсетілген. Бұл еңбек екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім- қола дәуірінің ескерткіштеріне арналған. Бөлімде андронов мәдениеті мен беғазы мәдениетінің обалары мен қоныстарына сипаттамалары беріліп, кезеңдеу жасалынады. Сонымен қатар жергілікті тайпалардың шаруашылығы, тұрмысы, діни наным - сенімдері баяндалады. Қазақстанның қола дәуіріне қатысты мәліметтерді М. К. Қадырбаев пен Ж. Құрманқұловтың /1/ еңбектерінен кездестіреміз. Олар археологиялық қазба жұмыстары барысында алынған материалдар бойынша тұрғын жайлардың классификациясына, шаруашылық құрылыстарына баса көңіл аударған. Орталық Қазақстандағы қола дәуіріне байланысты құнды дерек - Ә. Х. Марғұланның /3/ монографиялық еңбегі.
Қола дәуірінің ескерткіштері Қазақстанның Шығыс бөлігінен де орын алған. Шығыс Қазақстанның қола дәуірі А. Г. Максимованың /8/, С. С. Черниковтың /9/ еңбектерінде көрініс тапқан. Олар қазба жұмыстарында қолға түсірілген материалдар негізінде қола дәуірінің ескерткіштерін кезеңдеді.
Ал Қазақстанның солтүстігі мен батыс бөлігіндегі қола дәуір жөніндегі құнды мәліметтерді М. А. Оразбаевтың /10/, Б. Г. Здановичтың /11/, В. С. Сорокиннің \12\, Г. А. Максимованың /13/ еңбектерінен аламыз.
3) деректердің бұл тобын 1991 жылдан бері жинақталған зерттеулер құрайды. Ж. Құрманқұлов, А. Ермолаева, А. З. Бейсенов, В. В. Евдокимов, С. О. Жауымбаев секілді археолог-зерттеушілердің жұмыстарының нәтижесінде құнды деректердің үлкен шоғыры жинақталды. Олардың еңбектерін жаңа тарихи жағдайда пайда болғандықтан плюралистік теорияларға негізделген зерттеулер деп қарастыруға болады. Бұл кезде кеңестік идеологиядан бас тартып, ұлттық тұрғыда жазылған еңбектер орын алып келеді. Отандық археология тарихнамасы тың мағұлматтармен толығып келеді.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Қазақстандағы қола дәуірінің ауқымында жазылған ғылыми еңбектер мен мақалалардағы авторлардың ойларын, тұжырымдарын, қорытындыларын тарихнамалық тұрғыдан талдай отырып қола дәуірінің зерттелу деңгейін анықтау. Осы мақсаттан туындайтын міндеттерім мыналар:
- Мәселенің теориялық-методологиялық негіздерін айқындау;
- Қола дәуіріне жалпы сипаттама бере отырып, дәуірдің ерекшелігін көрсету;
- Қазақстан аумағын қола дәуірінде мекендеген тайпалар қалдырған мәдениеттерді анықтау;
- Ғылыми зерттеулердегі андронов мәдениеті жөніндегі ой - пікірлер мен тұжырымдарды анықтау;
- Беғазы-Дәндібай мәдениеті туралы зерттеулерді талдап, кемшіліктері мен жетістіктерін көрсету.
Магистерлік диссертацияның ғылыми жаңалығы. Диссертациядағы басты жаңалықтар болып мыналар саналады:
- Қазақстандағы қола дәуіріне қатысты ғылыми еңбектерге тарихнамалық талдаулар жасалынды;
- зерттеушілердің Қазақстан аумағын қола ғасырында мекендеген тайпалар, олардың қоныстануы, шаруашылығы, қоғамдық қатынастары, діни нанымдары жөніндегі пайымдаулары көрсетілді;
- қола дәуірін кезеңдеуге қатысты ой-пікірлер жүйеленді.
Тақырыптың методологиялық негіздері. Магистрлік жұмысты жазу барысында ғылыми еңбектерді тарихилық, аймақтық, ғылыми принциптер негізінде оқып - үйрену, талдау басшылыққа алынды. Тақырыпты жазу барысында, осы мәселе төңірегінде ой қозғаған ғалымдардың еңбектеріндегі ғылыми ой - пікірлер мен тұжырымдарға, көзқарастарға сүйендік. Зерттеу барысында - баяндау, жүйелеу, бағалау, қорытындылау, салыстырмалы тарихи, хронологиялық әдістері қолданылды. Тарихнамалық талдауда салыстырмалы тарихи әдіс бірнеше авторлардың тұжырымдарын, пікірлерін айқындауда аса маңызды болып табылады. Сондықтан да бұл әдіс кеңінен қолданылды. Нақты талдау тарихнамада тарихи оқиғалар мен процестерді өзара байланыста, сабақтастықта зерттеуге, бірін - бірі толықтыратын теориялық және тәжірбиелік материалдарды зерделеуге тиімді болып саналады.
Тарихнамада хронологиялық әдіске үлкен мән беріледі. Ол тарихнамалық бұлтартпас дәлелдерді бір кезеңді екіншілеірмен салыстыру мақсатында өзара байланыста зерттеу ісіне мүмкіндік береді.
Зерттеудің мерзімдік шегі. Магистрлік жұмыстың хронологиялық шеңберін ХІХ ғасырдан бастап осы кезеңге дейінгі уақыт аралығы қамтиды. ХІХ ғасырдың І жартысының өзінде саяхатшылар қола дәуірі жөнінде мәліметтер жинай бастаған. ХІХ ғасырдың ІІ жартысында өлкетанушы ғалымдар, ХХ ғасырдың басынан бастап көрнекті археологтар Қазастандағы қол дәуіріне зерттеу жүргізіп, нәтижесінде ғылыми құндылығы жоғары еңбектер дүниеге келді. Бүгінгі таңда да мәселе төңірегінде зерттеу еңбектері жарық көруде. Диссертацияда көрсетілген уақыт ішіндегі еңбектер қарастырылады.
Магистрлік диссертацияның құрылымы. Жұмыс кіріспеден, негізгі мәселені қарастыратын екі тараудан, қорытынды бөлімнен, пайдаланған деректер мен әдебиеттер тізімінен тұрады.
1. ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚОЛА ДӘУІРІ
1. 1. Мәселенің теориялық-методологиялық негіздері. Тарихымыз бүгінгі таңда өтпелі кезеңді бастан кешіруде. Маркстік, таптық концепциядан бас тартып, жаңа тәуелсіз методологиялық принциптерді іздестіруге бас бұрған отандық тарихымыздың және тарихнамамыздың методологиялық және теориялық мәселелері аз емес. Осы арада Қазақстан тарихындағы қола дәуірінің теориялық-методологиялық негіздерін де жеке бір мәселе ретінде қарастыруды қажет ететіндігін ескере отырып, бұл мәселеге тоқталып өтуді жөн санадық.
Қола - мыстың әр түрлі элементтер (қалайы, алюминий, берилий, қорғасын, кремний, кадмий, хром т. б) қосылған қорытпасы. Қосылған элементтердің атына сәйкес қола қалайылы, алюминийлі, берилийлі т. б аталады. Қоланың түсі әр түрлі. Қышқыл әсерінен жасылдау түстен қою қызыл, қоңыр кейде қара түске дейін өзгереді. Қола көне заманнан бері әшекейлік бұйымдар мен мүсіндер құюға пайдаланылып келген. Қоланың балқу температурасы мыстан төмен әрі берік, өте жақсы құймалық қасиеті бар.
Ерте заманда негізінен қалайылы қола пайдаланылса, орта ғасырларда күміс қосылған қола кең тараған. Қолаға қосымша әр түрлі элементтер қосу арқылы сипаттамалары әр қилы қорытпалар алынады. Мысалы, мырыш қоланың технологиялық қасиеттерін жақсартады әрі оны арзандатады; фосфор қоланың құймалық қасиетін, қаттылығын, төзімділігін, антифрикциялық қасиеттерін арттырады, никель қорытпаның түйірлерін ұсақтайды, механикалық көрсеткіштері мен коррозияға төзімділігін арттырады. Қорғасын мыспен қатты ерітінді түзбейтіндіктен, қола құрылымында домалақ түйірлер түрінде кездеседі. Қорғасын қосылған қоланың механикалық қасиеттері нашарлайды, бірақ құйманың тығыздығы артады, әрі кесіп өңдеу процестері оңайлайды және антифрикциялық қасиеттері жақсарады.
ХХ ғасырда құрамында қалайы жоқ, бірақ әр түрлі сипаттамалары қалайылы қоладан тиімді қолалар жасалған. Бұлардың ішінде ең көп тарағаны-мыс пен алюминийге қосымша түрде никель, марганец, темір т. б. элементтер қосылған алюминий қолалар.
Қола сонымен қатар өнерде сән және қосалқы өнер бұйымдары мен мүсін құюда көне заманнан бері қолданылып келе жатқан материал. Қоланың ұнтақтары ағаштан, сүйектен, қара металдан, гипстен жасалған бұйымдарды әсемдеу үшін пайдалану арқылы мүсіндердің шағын бөліктеріне дейін нұсқаға дәл етіп құюға болады /14. 592/ .
Қола дәуірі - адамзат қоғамындағы тарихи-мәдени кезең. Ол қола металлургиясының кең қанат жайып, еңбек құралдары мен қаружарақ жасауға арналған негізгі материалға айналуымен сипатталады. Бұл кезде неолит дәуірінің мәдениеті дамып, металл игеріле бастады. Адам баласы мысты энеолит дәуірінде игерген болатын. Оған қарағанда, қоланың қатты әрі берік болуы құрал-саймандардың сапасын арттырып, еңбек өнімділігін жоғарылата түсті. Қола дәуірінің мәдениеттері металл кендері көп жерлерде дамыған. Қола дәуірінің хронологиялық шегі б. з. б. 4-мыңжылдықтың аяғы мен б. з. б. 1-мыңжылдықтың басын қамтиды /15. 30/ . Ежелгі қола құралдары Оңтүстік Иран, Түркия мен Месопотамиядан табылды. Кейінірек олар Мысырға (б. з. б. 4-мыңжылдық аяғы), Үндістанға (б. з. б. 3-мыңжылдық соңы), Қытайға (б. з. б. 2-мыңжылдық ортасы) және Еуропаға, Қазақстанға (б. з. б. 2-мыңжылдық) тарады. Қола дәуірінің Америкада өз тарихы бар. Мұнда металлургия орталығы Перу мен Боливия жерінде болды. Африкадағы қола дәуірі туралы мәселе археологиялық зерттеулердің жеткіліксіздігіне байланысты әлі толық шешілмей келеді.
Қола дәуірінде Азияда бұрын қалыптасқан қала мәдениеті (Месопотамия, Элам, Мысыр, Сирия) одан әрі дами түсті және жаңа мәдениеттер (Үндістанда-Хараппа, Қытайда-Инь) қалыптасты. Мұндай жағдай Еуропада да байқалды. Қала жұрттары, сарайлар, жергілікті жазу, т. б. деректер Еуропадағы өзіндік мәдени орталық еді. Бұл дәуірде кен қорына бай кавказдың маңызы зор болды. Ол Шығыс Еуропаның далалық аудандарын мыс бұйымдарымен жабдықтайтын Еуразиядағы ең ірі металлургия орталықтарының біріне айналды.
Қазақ жерін сол тұста мекендеген тайпалардың осы кезеңдегі мәдениеттері қола дәуірі ескерткіштері алғаш ашылған жерлердің атымен -Андрон мәдениеті, Беғазы-Дәндібай мәдениеті деп аталған. Андронов мәдениеті - б. з. б. 2-мыңжылдықтың басында Батыс Сібір мен Қазақстанды мекендеген тайпалардың мәдениеті. Оған жататын археологиялық мұралар алғаш 1914 жылы Ачинск қаласы маңындағы Андронов деревнясының қасынан табылған. Андронов мәдениеті деп аталу себебі осыдан /16. 502/ .
Ал Беғазы-дәндібай мәдениеті қола дәуірінің соңғы кезеңінде (б. з. б. 9-8 ғғ. ) Қазақстан жерінде өркендеген мәдениет болып саналады. Көне заманның жойқын белгілері әсіресе Беғазы тауының бір тармағында (Беғазыбұлақ, Қаратал) сақталғандықтан, Беғазы-дәндібай мәдениеті деп аталған. Беғазы-дәндібай мәдениетінің ерекшелігі ескі қола мәдениеттің түрлері өзгеріп, соның негізінде оған ұқсамайтын жаңа мәдениет түрлері қалыптасқан /17. 226/.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz