Хабар жанрларының тақырыптық шеңбері


Пән: Журналистика
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 51 бет
Таңдаулыға:   

Мазмұны

Сөз басы . . .

І ТАРАУ. Қазак баспасөзіндегі хабар жанрларының жалпы ерекшеліктері

  1. Ақпарат жанрларының құрылымы және ондағы өзгерістер . . .
  2. Хабар жанрларының тілі, стилі және бас тақырып қоюдағы жетістіктер… . . . . . .

ІІ ТАРАУ. Хабар жанрларының тақырыптық шеңбері.

  1. Ресми ақпарат көзінен алынған хабарлардың сипаты. Ақпарат сөздері туралы бірер сөз. ………. .
  2. Республикалық және жергілікті басылымдардағы хабар жанрларының ерекшеліктері

Қорытынды.

Пайдаланылған әдебиеттер . .

Мерзімді басылымдар . . .

Сөз басы

Кім? Не? Қайда? Қашан? Қалай? Неге?

Адамзат қашанда осы сауалдарға жауап іздеумен болған. Ол осы ізденістің арқасында талай жетістікке жетіп, даму сатысынан өтті. Әр нәрсенің болмысы мен сырын білуге ұмтылудың нәтижесінде талай асулардан асты, ғарышты игерді, техниканың шарықтап дамуына қол жеткізді. Алайда, уақыт бір орында тұрмайтындықтан, оған сай сұрақ та үнемі туындай берері сөзсіз. Әр күн, әр сағат, әр минут сайын өзгеріс пен жаңалыққа куә боламыз десек, оның негізі - ақпаратта жатыр. Ақпаратпен, жаңалықпен сусындап отырған адам ғана дамып, алға басады. Ал ақпарат болса, өз қуаттылығын арттырмаса, еш жоймақ емес.

Ғалымдардың пайымдауынша, адамзат өмірі үш түрлі кеңістікте өтеді. Олар: энергетикалық, гравитациялық және ақпараттық. Қандай да бір жүйенің екіншісіне қатынасы ақпарат алмасумен байланысты. Яғни, адам баласы қашан да жаңалықпен хабар алмасып отырған. Осының нәтижесінде жүйелі ақпараттық байланыс орнады. Ақпар мен хабар алудағы қажеттілік пен алғашқы газеттің пайда болуы өмірімізге журналистиканың енуіне әсерін тигізді. Журналистиканың басты міндеті - хабар, ақпарат тарату, жаңалықты паш ету болып табылады. Бұқаралық ақпарат құралдары қоғам ағзасының негізгі қан тамырларының бірі десек, оның мақсат-міндеті әлеуметтік процестерді алға бастыру үшін қоғамды ақпарат ағымымен қамтамасыз ету.

Дамыған елдердің баспасөзі осы қызметін толығымен орындап отыр. «Жалпы Америка газеттері ошақтың үш бұтындай үш принципке құрылған. Біріншісі - ақпарат, екіншісі - технология, үшіншісі - жарнама. Америка журналистері материал дайындауда қандай принциптерге жүгінеді? Ақпарат дайындаған кезде тек қана фактіні сөйлетеді. Қандай да болмасын оқиғаға түсініктеме бермейді». 1

Біз осы ғасырды ақпарат ғасыры деп айтып жүрміз. Бұл дегеніміз - журналистиканың хабарлаушы функциясы бұрынғыдан да қарқынды жүріп, соны жаңалыққа сусап отырған аудитория журналистерден бұрынғыдан да көбірек жеделділік, нақтылық пен шыншылдықты талап етеді деген сөз.

Бүгінгі кезеңде дүние жүзінде 40 мыңнан астам радио-теледидар станциялары, 1. 4 миллиард радио қабылдағыш, 600 миллион теледидар бар. Әлемнің 130 елінде ұлттық ақпараттық агенттіктер жұмыс істейді. Күн сайын 10 мыңға жуық газеттің әр саны 500 миллион данамен басылып, оларда 3 миллион материал жарық көруде. 2

Еліміздегі ақпарат жеткізудің алғашқы түрі - үкілі почталардан» бастап қазірге дейін қаншама өзгеріс даму болып өтті. Тұңғыш қазақ басылымдарында журналистика тек таным беруші, қарым-қатынастық қызметін атқарды десек, қателесеміз. 1870 жылы Ташкентте жарық көрген «Түркістан уалаяты» газетіндегі ресми хабарлар ішінде Түркістан генерал-губернаторы мен әскери губернатордың жергілікті халықтарға қатысты бұйрықтарымен бірге ғылым-білімнен, ауыл шаруашылығынан, өзге мемлекеттердің мәдениеті мен әдебиетінен хабарлар жарияланып тұрған екен.

1888 жылдан 1902 жылға дейін Омбыда шығып тұрған «Дала уалаятының газеті» баспасөз тарихында ерекше орынға ие. Осы басылымның бетінде қазақ тілінде бұрын болмаған публицистикалық, ресми іс қағаздары стилі қалыптасты, ғылыми стильдің негізі қаланды, аударма тәжірибесінің алғашқы қадамы жасалды, араб графикасына негізделген қазақ жазбасында бірінші рет тыныс белгілер қолданылды. Сондай-ақ, газет хабарлаушы қызметін де көрсете бастады. Мысалы, «Ғылыми хабарлар», «Жат жер», «Оны-мұны», «Хроника» тағы басқа бас тақырыппен ақпаратты жарияланымдар жарық көрген.

Беріректе қазақ халқының біртуар азаматы Ахмет Байтұрсынов «Қазақ» газетінде: «Әуелі, газет - халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Бөтен дүниежүзіндегі халықтар телеграмма, телефон, почталардың арқасында бір-бірімен хабарласып, газет арқылы жұртты жинап, бір үйдегі адамдардай сөйлесіп отыр. Дүниеде болып жатқан істер кімге пайдалы, кімге залалды екенін күні бұрын біліп, пайдасы болса шаттанып, залалдысынан сақтанып тұрады. »

Залалдысы демекші, ақпарат беретін көздердің көбеюі әлемдік тәжірибеде болсын, не еліміздің журналистикасында болсын, хабардың зиян тұстарын көрсетіп берді. Мәселен, бұрын-соңды құпия сақталып келген нашақорлық, жезөкшелік, түрлі жыныстық аурулар, адамдар арасындағы қарым-қатынасты қатігездік сияқты бірқатар көріністердің қоғам өмірінде көптеп орын алуына әкеп соқты. Мемлекетімізде адамгершілікке қайшы ақпараттардың көптеп көрінуі кейбір жандардың жамандыққа үйірлеу болатынын көрсеткендей. Әр затқа екі жақты қарасақ, оның екі түрлі табиғатын көреміз, бұл ақпаратқа да қатысты нәрсе екен. Ақпарды екшеп, оған сын көзбен қарағанда ғана оның зиянынан сақтанып, пайдасына шаттануға мүмкіндік туады.

Қазіргі күні баспасөзде ақпаратты берудің әдіс-тәсілі өзгергені болмаса, түпкі мақсат сақталып қалған. Жаңашылдық үрдісі қазақ бұқаралық ақпарат құралдарының құрылым, мазмұн, формасына өзгерістер әкелді. Еліміздегі газет-журнал, телекомпаниялардың саны 1667-ге жетті. Мемлекеттік емес басылымдар мен тәуелсіз радио, ақпарат агенттіктері құрылып, жұмыс істеп жатыр. Жаңалықты тұтынушыға жедел жеткізу, оны жалпыға ортақ, жариялылыққа сай етіп әзірлеу негізгі мақсатымыз десек, осыған орай ұлттық журналистикамызда тәуелсіз баспасөздің негізі қаланды.

Журналистика теориясында шығарманың ақпараттық сипатын, оның құрылымындағы элементтерді ажырата келе оларды үш түрлі: хабар, талдамалы, көркем және сатиралық жанрларға бөліп қарастырамыз. Әр жанрдың атауы айтып тұрғандай өзіне тән ерекшеліктері бар. Журналистика жанрлары бір-бірімен тығыз байланыста, біріне тән сипат екіншісінде кездесу мүмкіндігі бар екендігін есте ұстауымыз керек.

Бүгін хабар жанрында жазылған материалдар қоғам өмірі мен адамзат санасының бағытымен бірге біршама жаңаланып дами бастады. Нақты, шын ақпар алу жариялылықтың бір көрінісі екенін ұққандаймыз. Ал осы қажеттілік хабар жазу, тарату, оның құрылымына сын көзбен қарап, анализ жасау журналистен көп ойлам мен шеберлікті талап етеді. Себебі, қысқа әрі нұсқа жазу тілшінің қимыл-әрекетін ретсіздік пен шашыраңқылықтан сақтап, нақты шығармашылыққа бет бұруға бағыт береді. Осындай ерекшеліктеріне байланысты хабар жанры өтімді, пайдалы жанр болып табылады.

Жанр мәселесі қазақ баспасөзі, телевизия мен радиодағы жарияланымдар мен бағдарламалардың формасы, әр жанрдың ерекшеліктері мен өзара байланысы туралы қазақ тілінде жазылған әдебиеттер аз екені жасырын емес. Белгілі журналист Т. Амандосовтың “Қазақ совет баспасөзіндегі жанрлар” және бірнеше автордың бірігіп жазған “Газет жанрлары” тәрізді еңбектері

журналистиканың теориясын зерттеушілерге талай жыл ақылшы, бағыт беруші болып келгені рас. Дегенмен, Кеңес одағы ыдырап, әр ел өз отауын құрған кезде журналистика сол бетінде қалған жоқ.

Қазақ журналистикасы соңғы жеті-сегіз жылда бірталай жаңартулар мен өзгерістерді басынан кешірді. Ең басты өзгерістердің бірі жариялымдардың мән-мазмұны, формасы, ақпардың берілу тәсілінің қызықтырақ бола бастағаны десек, жанрлардың ауқымы кеңейіп, ақпараттың маңыздылығы артқаны тағы бір жаңалық. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлаушы қызметі де ұлғаю үстінде екенін аңғару қиын емес.

Яғни, журналистика теориясын зертеушілер алдында әр жарда жазылған жарияланымдағы өзгерісті тексеріп, талдау жасау міндеті туындады. Түрлі ақпарат агенттіктері құрылып, баспасөз, телевизия, радио редакцияларының хабар алу көздері көбейді. Бір оқиғаны әр түрлі формада жеткізу-жанр сөзінің кең ұғымға айналып, оны зерттеу аясының кеңеюіне әкеп соқты. Бұл қазіргі күнгі қазақ журналистикасындағы жаңартулар мен өзгерістер тиісінше зерттелуі керек деген сөз. Журналистикамыздың теориялық-практикалық келелі мәселелерін жан-жақты зерттеу қажеттілігі өмірдің өзінен туындап отыр. Ресмиленген, белгілі бір қалыпқа салынып жазылған жарияланымдар азая бастаған шақта жарияланымның тілі мен стилі, ақпаратты жеткізу тәсілі, формасы тәрізді мәселелерді зерттеу кең ауқымды жұмыс болары түсінікті. Әсіресе, бір-бірімен сіңісіп, біте қайнасып кеткен жанрларды айырып, әрқайсысына сипаттама беру үлкен еңбекті талап етеді.

Ұлттық журналистикамыз осы күні республикадағы өзгерістер мен жаңалықтарға ықпал етуге және өзін-өзі қайта құруға бет бұрған. Журналистика қоғамның санасына әсер етіп, қалың бұқарамен рухани-ақпараттық байланыста болғандықтан, ол қоғамдық даму мен қозғалыстардың бейнесі бола отырып осы процестерге сай өзі де өзгеруге тиіс.

Бүгінгі күні журналистика жанрларын тиімді қолдану қажеттілігі бұқаралық ақпарт құралдары үшін өзекті мәселе болып отыр. Қандай да бір оқиға, құбылысты белгілі бір жанрда оқырманға жеткізу шеберлікті қажет етеді. Өйткені, қазіргі оқырманның рухани қажеттілігі мен талабы, ақпаратқа сұранысы мен талғамы, саяси мәдениетінің деңгейі өскен. Осыған байланысты бұқаралық ақпарат құралдарының саны көбейіп, жарияланымдардың сапасы жоғарылай бастады. Бұл өзгерістің өзі журналистика теориясын зерттеушілерден белгілі бір талдау жұмысын жасауды талап етеді.

Газеттің шырайы мен келбетінің келісті болуына бірден бір ықпал ететін фактор-жарияланымның тартымды, қызықты әрі тақырыбына сай жанрда жазылуы. Ал үлкен ізденісті қажет ететін жанрды зерттеу ісі болса, қиын әрі қызықты. Журналистика жанрларын зерттеп, оларға ұдайы анализ жасау жанрдың дамуына, өркендеуіне жетелеп отырады. Ақпарат, жаңалықты талдау, оның құрылымы мен сапасына баға беру, ақпараттың болашақтағы рөлін болжауды осы шағын ғылыми жұмысымның тақырыбы етіп алуымның себебі де сол.

Журналистикадағы ауқымды, сан салаға бөлінетін үш жанрдың ішіндегі хабар жанры бүгінгі күні алға шығып, кез келген оқырман, көрермен не тыңдарманның қажетіне айналды. Ендеше, қазақ журналистикасындағы хабар жанрының даму қарқыны қандай екеніне бір көңіл бөлейік.

І Т А Р АУ

Қазақ баспасөзіндегі хабар жанрларының жалпы ерекшеліктері

1. 1 Ақпарат жанрларының құрылымы және ондағы өзгерістер

Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлаушы функциясы жылдан жылға артып келеді. Яғни, бұрыннан бар хабар жанрларының салмағы ауырлай бастады. Баспасөздегі хабар жанрлары туралы айтар алдында ақпарат, яки информация жанр емес, хабарлау материалдарының бірі екенін білу керек.

Ақпарат пен жаңалықтың арасындағы байланыс пен айырмашылықты айқындап алсақ, хабар жанрын зерттеуде аса қиналмаймыз. Сонымен, ақпарат дегеніміз не? Ал жаңалық ше? Жанр дегенді қалай түсінуге болады?

“Газет бетіндегі жарияланымдар қалай көп болса, жаңалыққа берілген анықтамалар да сонша көп. Британияда ең көп тараған анықтамада ит адамды қауып алғаны емес, адамның итті тістегені жаңалық делінеді. Басқаша айтқанда, жаңалық дегеніміз селт еткізерлік, өзгеше қызықты болып келеді. Бірақ, бұл жаңалықтың негізгі қасиеті емес. Жаңалық - адамдар бұрын естімеген тың нәрсе. Алайда, біздің әрқайсымыз осы шарттарға жауап бере алатын, бірақ жаңалық болып табылмайтын ақпараттан мысал келтіре аламыз. Мәселен, мен жаңа автокөлік сатып алдым. Бұл тың ақпарат және ғажайып екені де түсінікті, сондай-ақ мен бұл туралы көпшіліктің білгенін қаламаймын (салық инспекциясы, ұрылар, көре алмайтындар және басқалар) . Бірақ бұл жаңалық деп айта алмайсың, бұл өте тар шеңбердегі адамдарды, яғни менің достарым мен отбасымды ғана қызықтырады. Сондықтан, жаңалық тек тың немесе елең еткізерлік емес, сондай-ақ жалпыға ортақ қызықты болғаны дұрыс”. 3

Сонымен, жаңалықты жалпыға ортақ тақырыптағы тың ақпарат жиынтығы деуге болады. Жарияланымның сапасы, ақпараттық ауқымы неғұрлым жоғары болса, оқырман хабарды соғұрлым тұшына оқиды.

«Баспасөз, телевизия және радиодағы жанрдың дамуына байланысты жанр деген сөзге жаңа анықтама беру туралы сұрақ туындайды. Ең әуелі, жанр барлық бұқаралық ақпарат құралдарында ешқашан түбегейлі өзгермейтінін айту керек. Жанр бірнеше жылдар бойы тұрақты қалыптасады, түбірімен өзгермейді. Жанр - мазмұн өзгергенімен формасын өзгертпейді». 4

Жарияланымның мәтінін белгілі, жүйелі түрде беру жанр сөзінің мағынасын ашқандай. Баспасөздегі, жалпы бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабар жанрындағы жарияланымдар оқиға, дерек, құбылыс жайында хабарлайды. Журналистиканың осы хабар жанрының өзі іштей бірнеше түрге бөлінеді. Олар: хроника, интервью, репортаж және есеп. Бұл түрлердің бірінде бар қасиет екіншісінен де кездесіп, олар бір-бірімен астасып жатады. Олардың әрқайсысын бөліп тану үшін басты ерекшеліктерін анықтау жетіп жатыр.

Хабар жанрларының ішіндегі үнемі бір айдардың астына топтастырылып берілетіні - хроника. Ол өте шағын, заметкаға ұқсас болғанымен айыруға болады. Хроникада хабар, ақпар бір-үш сөйлемнің аясына сыйғызып беріледі. Ал заметканың көлемі хроникаға қарағанда үлкенірек, әрі оқырманға барынша жан-жақты тұжырымды дерек жеткізеді. Хроника, заметка не интервью-бәріне тән сипат - олар белгілі айдармен жарияланып тұруы мүмкін. Көптеген басылымдар тұрақты айдар жүргізуді дәстүрге айналдырған. Мысалы, 1976-1987 жылдары хроникалар «Егемен Қазақстан» газетінде «Қысқаша», «Жер-жерден жаңалықтар», «Планета тынысы», «Шартараптан», «Социализм елдерінде» деген айдармен берілетін болса, 1990 жылдардан бері кейбір айдарлар газет бетінен жойылып, «Қысқа қайырып айтқанда», «Дүбірге толы дүние», «Ақпараттар ағыны», «Естімеген елде көп» деген айдарларға орын берді.

«Жас Алаш» газетінде 1976-1987 жылдары «Комсомол тұрмысы», «Ауыл-селоны көркейте берейік», «Мал қыстатуды үлгілі өткізейік», «Шет елдерде», «Халықтық демократия елдерінде», «Оқиға. Дерек» айдарлары кең тараса, 1990 жылдан бері хроника, заметка жанрындағы хабарлар «Оқи қалар оқиғалар», «Қысқа», «Дөңгеленген дүние», «Алаш ақпарат» деген айдарлармен жарық көріп келеді.

Хабарды айдар астына топтастыру газетті шашыраңқылық пен оғаш көрінуден сақтап тұрады. Сондықтан тартымды ақпаратты айдардың астына алып жариялау ыңғайлы әрі дұрыс екенін айту керек.

Хроника жанрында жазылған хабарлар көп дегенде төрт-бес сөйлемнен тұрады. Ең қысқа хроника өз бойына он бес-жиырма сөзді тізген. Мысалы, «Егемен Қазақстан» газетіндегі мына бір хроникаға көз жүгіртейік:

«Шри-Ланканың солтүстігінде тамил жікшіл топтары мен үкімет әскерлері арасында қайта басталған ұрыс қимылдары 62 адамның өмірін қиған».

Бұл хабар 16 сөз, бір сөйлемнен тұрады. Хроника жанрындағы хабар «Не? Қайда? Қашан?» деген сұрақтарға жауап береді. Бұл жанр қазақ баспасөзінде алғаш пайда болғаннан бері өзінің сыртқы бейнесін сақтап келе жатыр. Хроникалар көбінесе бас тақырыпсыз беріледі. Алайда, бас тақырып қойылып жарық көретін кездері де болған. Әсіресе, 1992 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде хроникаларды бас тақырыппен және хабарларға анонс жасау арқылы жариялаған.

«Жас Алаш» газетіндегі хроника жанрындағы жарияланымдарға айдармен қоса бас тақырып емес, күнделікті санда берілетін тұрақты тақырыпшалар қою 1994 жылдарға дейін көрініс табады. Мысалы, «Дөңгеленген дүние» айдарында «Жаңа әдіс», «Дабыл», «Базар», «Қайырымдылық», «Кино», «Сүйінші»5 тағы басқа тақырыпшаларды кездестіруге болады. Хроникаларды осындай формада беру бұл газетте де кейін жалғасын таппай қалған. Себебі, қай басылым болмасын 1990-1994 жылдары хабар не басқа проблемалық мақалаларды қандай түрде жариялау тиімдірек болатынын іздегенге ұқсайды. Бүгінде «Жас Алаштағы» «Дөңгеленген дүние» айдарының формасы өзгеріп, қазір мұнда хроникалар емес заметкалар топтастырылатын болды.

Хрониканың, жалпы жаңалықтың бір өзгешелігі олар уақыт өте келе жақсармайды. Алайда, уақыт өздігінен негізгі фактор бола алмайды. Егер сіз бір ірі оқиға туралы екі апта не бір айдан соң барып естісеңіз, бұл жерде осы жаңалықты білетін адамдар негізгі фактор болып қалады. Егер, жаңалық бір ай өтсе де жалпыға ортақ болмай келсе, яғни әлі толық таралмаса, жаңалық бағалылығын жоғалтпайды. Дегенмен, хроника жанрын апталық газеттерге енгізіп, техника дамыған заманда болған оқиғаны бір айдан соң ғана қанығып отыру қисынға келмейді. Сондықтан, хроника аса оперативті, қысқа әрі нұсқа түрде күнделікті және екі күнде бір шығатын басылымдарда жиі жарияланады.

Ал заметканы кез-келген күнделікті не апталық газеттерден кездестіруге болады. «Заметка дегеніміз - ең шағын және оперативті жанр. Ол өмір шындығының нақты фактілері, құбылыстары туралы дәлме-дәл тұжырымды хабарлайды. Заметка көбінесе телеграфтық стильде жазылады. Баспасөздің бұл шағын да қарапайым жанры үгіт-насихатта факті арқылы жүргізетін, оқушыға әсерлілігі жағынан ең бір қонымды да ыңғайлы жанр болып саналады. Ол еліміздің, республика мен өлкенің, облыс пен ауданның өмірінде болып жатқан жаңалықтарды, өнеге боларлықтай жайларды, үздік үлгі боларлық істер мен жаңа бастамаларды газет оқушыларына тұжырымды түрде жеткізеді». 6

Бұл анықтамаға бүгінгі күні жартылай ғана қосылуға тура келеді. С. П. Скот: «Баға беріп, талдау жасай беріңдер, бірақ, дерек - бұл киелі» деген екен. Яғни, деректі пайдаланып үгіт-насихат жасау қазірде жоқ деуге болады. Заметкасыз бір де бір газет шықпайды. Олай болған күнде ол басылым өз құнын төмендетіп алар еді.

Қазіргі қазақ баспасөзіндегі заметкаларды жай және кеңейтілген деп екіге бөліп қарастыруға болады. Болған оқиғаға қатысты «Не? Қайда? Қашан? Қалай? Не себептен?» деген сұрақтарға қысқаша жауап беретін жай заметкалар қазақ баспасөзінде көптеп кездеседі. Олар көбіне газеттің бірінші және екінші, өте сирек жағдайда үшінші, төртінші беттерінде орналасады. Жай заметкалар бас тақырыппен, тұрақты айдармен топтастырылып немесе жеке-жеке бас тақырыппен жариялануы мүмкін. Жалпы, заметка лидтен, корпустан немесе негізгі бөлімнен тұрады. Кей жағдайда оған қорытынды жасалады. Лид - заметканың тағдырын шешіп, оның оқылып-оқылмауына әсер ететін дүние. Хабардың басына ең негізгі, әрі қажетті факт, оқиғаны сыйғызу керек. Лидтің ең басты мақсаты оқырманның назарын мақалаға тарту болып табылады. Лид неғұрлым қызықтыра аларлық деңгейде жазылса, жарияланымның оқырманы да соғұрлым көбірек болмақ. Ал сан мен дерекке, жауыр болған жаттанды тіркестерге көмілген, бір схемада жасалған абзацтар оқиғаны ашып көрсете алмайтындықтан лид бола алмайды.

Кез келген басылымда заметка бас тақырыппен беріледі. «Жас Алаш» газетіндегі мына бір заметкаға көңіл аударайық:

Норвегияның Боро қаласында мыңдаған кемпірлердің қатысуымен «Әжелер фестивалі» өтті. Әдеттегідей олар ұлттық бұйым жасап немесе тамақ пісіруден сайысқа түскен жоқ.

Керісінше, қуаты қайта қоймаған кемпірлер саяхатқа шығу, футбол ойнау, ат жарысы, мотогонка, аквалангпен суға түсу, тіпті, ұшақпен парашютпен секіруден сынға түсті.

Осыдан кейін норвегиялық қариялардың қандай екенін өзіңіз-ақ шамалайтын боларсыз. 7

Әдетте, заметканың лиді қарайтылып беріледі. Ал негізгі бөлімде оқиғаның жалпы барысы баяндалып, қорытынды бір сөйлеммен-ақ жасалады. Кейбір ресми оқиғаларға, болмаса жедел хабарларға қорытынды жасалмайды.

Заметканың оқырманға тек үгіт-насихат ретінде қызмет еткен кездері болғаны белгілі. Сондай-ақ, оқырманды мезі етіп, оны тек сарыуайымға түсіретін хабарлар, әсіресе, нарықтық экономикаға ауысқан кезде белең алып кеткен еді. . «Жас алаш» газетінде осыдан он бір жыл бұрын жарық көрген мына бір хабар осы сөзіміздің дәлелі:

Жаңа оқу жылының басталуымен мектептердің күнделікті қам қарекеті де, тауқыметі де көбейді. Соның бастысы маман ұстаздардың жетіспеуі болып отыр.

Биыл білім министрлігі бойынша 980 жас маман Жамбыл облысының мектептеріне жолдама алған еді. Соның 320-сы ғана есік қақты. Өзгелері қайда?

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Репортаж жанрының ерекшелігі
Талдамалы публицистикалық жанр
Публицистика жайында
Шығыс Қазақстан облыстық газетінің қалыптасу, даму кезеңдері (1931 – 2004 жж.)
Әдебиет жанрлары
Радиожурналистика туралы
Сұхбат негізінде ақпараттық жанр
Көркем деректі жанр түрлері
Аударуманың теориялық мәселелері
Баспасөз Конференциясы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz