Диуани-хикмет” ескерткіші тілінің грамматикалық ерекшеліктері (тәуелдік, жіктік және көптік жалғауларының қолданылуы)


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 122 бет
Таңдаулыға:   

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

ӘОЖ 811. 512. 1-112 Қолжазба құқығында

ДИУАНИ-ХИКМЕТ” ЕСКЕРТКІШІ ТІЛІНІҢ ГРАММАТИКАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ (ТӘУЕЛДІК, ЖІКТІК ЖӘНЕ КӨПТІК ЖАЛҒАУЛАРЫНЫҢ ҚОЛДАНЫЛУЫ)

ЖОЛДАСОВА АЙГУЛЬ АБДУЛЛАЕВНА

10. 02. 06 - түркі тілдері бойынша

Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған кандидаттық диссертация жұмысы

Ғылыми жетекші

филология ғылымдарының докторы,

профессор Момынова М. Қ.

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2009


МАЗМҰНЫ

Кіріспе
3
: 1
Кіріспе: Ясауи хикметтерінің зерттелуі және түркі тілдеріндегі тәуелдеу, жіктеу және көптеу категорияларының тарихы
3: 8
: 1. 1
Кіріспе: Орта түркі тілдері және олардың Ясауидың “Диуани-хикмет” ескерткіші тілімен тарихи сабақтастығы
3: 8
: 1. 2
Кіріспе: Ясауидың өмірі мен “Хикмет” тілінің түркі және әлемдік тіл білімінде зерттелуі
3: 10
: 1. 3
Кіріспе: Категория ұғымы және түркі тілдеріндегі тәуелдеу категориясының қалыптасып дамуы
3: 17
: 1. 4
Кіріспе: Меншіктілік қатынасты білдірудің ерекше формасы - изафеттік тіркестердің тарихи қалыптасуы
3: 34
: 1. 5
Кіріспе: Жіктеу категориясының арғы негізі және түрлену жүйелері
3: 39
: 1. 6
Кіріспе: Көптік категориясының дамуы мен қалыптасуы
3: 43
:
Кіріспе: 1 тарау бойынша қорытындылар
3: 58
: 2
Кіріспе: Хикмет тілінде тәуелдік, жіктік, көптік жалғауларының берілуі
3: 62
: 2. 1
Кіріспе: Тәуелдік жалғауларының хикмет тіліндегі көрінісі
3: 62
: 2. 2
Кіріспе: Хикметтердегі жіктік жалғауларының қолданысы
3: 76
: 2. 3
Кіріспе: Жіктік жалғаудың ықшамдалған түрі және болымсыз түрде қолданылуы
3: 97
: 2. 4
Кіріспе: Хикмет тілінде көптік жалғауларының қолданылуы
3: 103
:
Кіріспе: 2 тарау бойынша қорытындылар
3: 108
:
Кіріспе: Қорытынды
3: 113
:
Кіріспе: Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
3: 117


КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қожа Ахмет ибн Ибрагим ибн Әли Ясауидың дүниеге келуі ІХ-ХІІ ғасырларда билік еткен Қараханид мемлекетінің ислам дінін қабылдап, мұсылмандықтың жергілікті халықтың әдет-ғұрып, салт-санасымен үйлесу кезеңімен тұспа-тұс келді. Ислам дінінің бір тармағы - сопылық бағытты уағыздаушы Ясауи ілімі - жалғыз тәңіріге бас ию, адамгершілік қасиеттерді дәріптеу, “ерік бостандығы” ұғымын ту етіп ұстай отырып, Жаратушыға деген сенімнен, “тура жолдан” адаспауды міндеттеді. Сопылық бағыттың басты ұстанымдары Қожа Ахмет Ясауидың “Диуани хикмет” туындысында көрініс тапты. “Диуани-хикмет” - өз заманында жергілікті халықтың рухани өмірінде зор роль атқарған құнды еңбекке айналды.

Зерттеу жұмысының өзектілігі: “Диуани-хикмет” ескерткіші әдебиет, тарих, философия тұрғысынан толыққанды зерттеу нысандары болған, оның тілдік жағы тілшілер тарапынан да қарастырылып жүр. Алайда, шығарманың тілі туралы мәселе бірізді тұжырымға келіп тоқталды деуге болмайды, өйткені әрбір зерттеушінің өзіндік ой-пікірі сақталып келеді. 2004 жылы Р. Сыздықтың Ясауи хикметтерінің тілі мен оның лексикалық, морфологиялық және синтаксистік құрылысындағы кейбір ерекшеліктері туралы көлемді зерттеуі жарияланып, онда “Диуани-хикмет” тілінің грамматикалық құрылысын қарастыруға ниеттенген жас ізденушілерге айқын бағыт-бағдар сілтенген. Ғалымның сілтеген бағытымен жүре отырып, ескерткіш тіліндегі тәуелдік, жіктік және көптік жалғауларының қолданылуын зерттеу барысында біршама грамматикалық ерекшеліктердің табиғатын аша түсуге болатыны айқындалды. “Диуани-хикмет” тілінің грамматикалық ерекшеліктері, атап айтсақ, тәуелдік, жіктік және көптік жалғауларының қолданылуы бұрын-соңды арнайы зерттеу нысаны ретінде қарастырылған емес. Зерттеу жұмысымыздың өзектілігі қазіргі қазақ тілі және түркі тілдері фактілерімен салыстыра отырып, “Диуани-хикмет” тіліндегі тәуелдік, жіктік және көптік жалғауларының функционалды-семантикалық мәнін айқындап көрсетуден де анық байқалады.

Зерттеу жұмысының нысаны: Өз заманында жергілікті халықтың рухани өмірінде зор роль атқарған, адамгершілікке, имандылыққа, өнегелі өмірге тәрбиелейтін, мұсылмандықтың жергілікті халықтың әдет-ғұрпы, салт-санасы, тұрмыс-тіршілігімен етене араласып, үйлесіп кетуіне де ықпал еткен ақын Қожа Ахмет Ясауидың “Диуани-хикмет” (“Ақыл кітабы”) шығармасы - зерттеу жұмысының негізгі нысаны болды.

Зерттеудің пәні. Қожа Ахмет Ясауидың “Диуани-хикмет” шығармасының тіліндегі тәуелдік, жіктік және көптік жалғаулары.

Жұмыстың әдіснамалық негізі. Зерттеу жұмысының барысында түркологияға және қазақ тіл білімінде танымал А. М. Щербактың “Грамматический очерк языка тюркских текстов Х-ХІІІ вв. из Восточного Туркестана” (1961), А. К. Боровковтың “Лексика среднеазиатского тефсира (ХІІ-ХІІІ вв. ) ” (1963), Н. А. Баскаковтың “Введение в изучение тюркских языков” (1969), Б. Серебренниковтың “Сравнительно-историческая грамматика тюркских языков” (1979), М. Томановтың “Қазақ тілінің тарихи грамматикасы” (1981), А. Ысқақовтың “Қазіргі қазақ тілі. Морфология” (1991), М. Томановтың “Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы” (1992), Б. Сағындықұлының “Қазіргі қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері” (1994), Р. Сыздықтың “Ясауи “Хикметтерінің” тілі” (2004), М. Сабырдың “Орта түркі лексикасы мен қазақ тілі лексикасының сабақтастығы” (2004), Б. Момынованың “Қазақ тілінің морфологиясы (есімдер) ” (2006) зерттеу еңбектері, көне түркі, орта түркі жазба мұралары жайындағы ғылыми мәліметтер мен зерттеулер пайдаланылды.

Зерттеудің мақсаты: “Диуани-хикмет” ескерткіші тілінің грамматикалық құрылысындағы тәуелдік, жіктік және көптік жалғауларының қолданыс ерекшелігіне тоқталып, оларды қазіргі қазақ тіліндегі тәуелдік, жіктік және көптік жалғаулары жүйесімен салыстырып, арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды тілдік фактілермен дәлелдей отырып, тәуелдік, жіктік және көптік жалғауларының қалыптасу тарихынан мәлімет беру - зерттеу жұмысының басты мақсаты.

Зерттеудің мақсаты. “Диуани-хикмет” ескерткіші тілінің грамматикалық құрылысындағы тәуелдік, жіктік және көптік жалғауларының қолданыс ерекшелігіне тоқталып, оларды қазіргі қазақ тіліндегі тәуелдік, жіктік және көптік жалғаулары жүйесімен салыстырып, арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды тілдік фактілермен дәлелдей отырып, тәуелдік, жіктік және көптік жалғауларының қалыптасу тарихынан мәлімет беру - зерттеу жұмысының басты мақсаты.

Зерттеудің міндеттері. Диссертациялық жұмыс алдына қойған мақсатына орай мынадай міндеттерді шешуді көздейді:

  • тәуелдік, жіктік және көптік жалғауларының тарихи қалыптасуы барысындағы кейбір ерекшеліктердің табиғатын ашып көрсету; “Диуани-хикмет” ескерткіші тіліндегі тәуелдік жалғауларының қолданылуы мен меншіктілік қатынасты білдірудің айрықша тәсілі - түрік изафетінің қолданылуындағы кейбір ерекшеліктерді айқындап, қазіргі қазақ тілі фактілерімен салыстыра қарау; “Диуани-хикмет” тіліндегі көптік жалғаулары қолданылуының функционалды-семантикалық, синтаксистік ерекшеліктерін ашып көрсету; “Диуани-хикмет” тіліндегі сөздердің (зат есім және етістіктер) жіктелуіндегі кейбір ерекшеліктерді айқындау; “Диуани-хикмет” тіліндегі тәуелдік, жіктік және көптік жалғауларының қолданылуына талдау жасай отырып, олардың қалыптасу жүйесін, мағыналық, тұлғалық, қолданыстық сипаттарын қазіргі қазақ тілі және орта ғасырлардағы ескерткіштер (“Құтадғу білік”, “Диуани лұғат-ит түрк”, “Қисас-ул әнбия” т. б. ) тілімен салыстыра зерттеу.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен нәтижелері. Ескерткіш тіліндегі тәуелдік, жіктік және көптік жалғауларының қолданылуын зерттеу барысында мынадай нәтижелерге қол жетті:

  • “Диуани-хикмет” тілінде орта ғасыр ескерткіштеріне тән тәуелділік қатынасты білдірудің тәсілі - түрік изафетінің І және ІІ типі өте сирек ұшырасады, ал ІІІ типі жиірек қолданылады. көптік жалғауының ІІІ жақ жедел өткен шақта жіктелген етістікке жиі жалғануы; дене мүшелерін білдіретін атауларға жалғануы арқылы жұптық мән мен автордың субъективті көзқарасын білдіруі, сонымен бірге көптік мәннен гөрі үстеудің белгілі бір тұлғасын жасауы, өлең өлшемі мен ұйқас шарттарын орындайтыны т. б. ерекшеліктері айқындалды; “Диуани-хикмет” тіліндегі сөздердің жіктелуіндегі орта ғасыр ескерткіштерінің тіліне тән бірнеше ерекшеліктер санамаланып, қазіргі қазақ тіліндегі тұлғаларымен салыстырылып, ықшам формалары анықталды; баяндауыш қызметінде тұрған есім сөздерге-дүр, -дурэлементтері жалғанып, етістіктердегідей жақтық көрсеткіш ретінде емес, іс-әрекетке немесе сын есімдерге кәмілдік реңк мәнін үстейтіні айқындалды.

Зерттеу жұмысының дереккөздері. Нақты тілдік деректер Қожа Ахмет Ясауидың “Диуани-хикмет” шығармасының Самарқанд (Залеман) қолжазбасының транскрипцияланған нұсқасы мен Стамбулдағы Вафик-паша кітапханасында сақтаулы тұрған, 1299 жылы көшірілген нұсқасының көшірмесі пайдаланылды.

Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңызы. Зерттеу жұмысында тәуелдік, жіктік және көптік жалғауларының тарихи қалыптасуына мейлінше толығырақ тоқталу барысында зерттеушілердің ой-пікірлері, тұжырымдары мен болжамдары өзара салыстырылды. Меншіктілік қатынасты білдірудің айрықша тәсілі изафеттік тіркестердің функционалды-семантикалық мәніне назар аударылып, қазіргі қазақ тілі, түркі тілдері және орта ғасыр ескерткіштері материалдарымен салыстырылды. Сондықтан зерттеу нәтижелері аталған категориялардың қалыптасу жүйесінің кейбір мәселелеріне өзіндік теориялық үлес қосады.

Диссертациялық жұмысты жазу барысында жинақталған кеспе қағаздар мен зерттеу жұмысының нәтижелерін “Қазақ тілінің тарихи грамматикасы”, “Қазақ әдеби тілінің тарихы”, “Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі” курстары бойынша оқытылатын лекциялар, тәжірибелік сабақтарда, орта ғасыр ескерткіштері тілі тарихына арналған арнаулы курсттарда пайдалануға болады.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:

  • “Диуани-хикмет” тіліндегі тәуелдік, жіктік және көптік жалғауларының қолданылуы қазіргі қазақ тілінің қалыптасу кезеңдеріне тән ерекшеліктерді көрсетеді; “Диуани-хикмет” тіліндегі меншіктілік қатынасты білдіретін сөздердің қолданылу аясын, ерекшеліктерін айқындап көрсету тәуелдік категориясының табиғатын аша түсуге септігін тигізеді, ал түркі тілдеріндегі изафеттік тіркестер арқылы меншіктілік қатынастың берілуі ерекше синтаксистік конструкция болып табылады; “Диуани-хикмет” тіліндегі-лар, -леркөптік жалғауларының қолданысы қазіргі қазақ тіліндегі көптік жалғауларының қолданысымен үнемі сәйкес келе бермейді. Араб тіліндегі бұрыс көптік формасының үлгісімен жасалған зат есімдерге екінші көптік жалғауының қабаттаса жалғануы “Диуани-хикмет” тілінде бірлі-жарым сөздердің құрамында көрініс тапқан. Жіктік жалғауларының бұйрық (ІІ жақта жіктелуінде-ғыл, -гілформасы мен-ғын, -гінформасы қатар қолданылуы) және қалау райлы (І жақ жекеше түрінде-айын, -ейінтұлғаларымен қатар ықшамдалған-айтұлғасының келуі) етістіктерге жалғануында өзіндік ерекшеліктері бар және бұл ерекшеліктер орта ғасыр ескерткіштері тіліне ортақ болып келеді. Жедел өткен шақтың ІІІ жағында және-ар, -ертұлғалы етістіктер мен кейбір зат есімдерге, мен, сенжіктеу есімдігіне жалғанып, қаратпа мәнін білдіретін ерекше-йа, -аформантының келуі “Диуани-хикмет” тілінің ортағасырлық ерекшелігін танытады.

Зерттеу жұмысының әдістері. Зерттеу барысында тарихи-салыстырмалы, сипаттама, трансформация, тәуелдік, жіктік және көптік жалғауларының семантикалық мәнін айқындау үшін компонентті талдау, статистика әдістері қолданылды.

Зерттеу жұмысының талқылануы мен жариялануы. Диссертациялық жұмыстың тұжырымдары мен материалдары бойынша бірнеше халықаралық және республикалық ғылыми-теориялық конференцияларда баяндама жасалып, барлығы 7 мақала жарияланды. Мақалалар Оңтүстік Қазақстан облысында өткен конференцияларда (Білім беру мен ғылымның дамуының өзекті мәселелері, Шымкент, 2003; Педагог маманды кәсіби даярлаудағы қазіргі білім беру технологиясы. Шымкент, 2004; Жас ғалымдардың инновациялық идеялары. Олардың ғылымның дамуына қосқан үлесі. Шымкент, 2007), Алматы қаласында өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда (Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясының кейбір мәселелері. Алматы, 2001; Мемлекеттік тіл саясаты: терминология, аударматану, ресми құжат тілі. Алматы, 2007) баяндалып, конференция материалдарының жинағында жарияланды. Сондай-ақ ҚР ҰҒА-ның Хабаршысында (шілде-тамыз, 2007 ж. №4), ҚазМҰУ хабаршысында (2002 ж. №5), Тілтаным ғылыми жинағында жарияланды.

Жұмыстың ғылыми жаңалығы. Ескерткіш тіліндегі тәуелдік, жіктік және көптік жалғауларының қолданылуын зерттеу барысында мынадай нәтижелерге қол жетті:

  • “Диуани-хикмет” тілінде орта ғасыр ескерткіштеріне тән тәуелділік қатынасты білдірудің тәсілі - түрік изафетінің І және ІІ типі өте сирек ұшырасады, ал ІІІ типі жиірек қолданылады. көптік жалғауының ІІІ жақ жедел өткен шақта жіктелген етістікке жиі жалғануы; дене мүшелерін білдіретін атауларға жалғануы арқылы жұптық мән мен автордың субъективті көзқарасын білдіруі, сонымен бірге көптік мәннен гөрі үстеудің белгілі бір тұлғасын жасауы, өлең өлшемі мен ұйқас шарттарын орындайтыны т. б. ерекшеліктері айқындалды; “Диуани-хикмет” тіліндегі сөздердің жіктелуіндегі орта ғасыр ескерткіштерінің тіліне тән бірнеше ерекшеліктер санамаланып, қазіргі қазақ тіліндегі тұлғаларымен салыстырылып, ықшам формалары анықталды; баяндауыш қызметінде тұрған есім сөздерге-дүр, -дурэлементтері жалғанып, етістіктердегідей жақтық көрсеткіш ретінде емес, іс-әрекетке немесе сын есімдерге кәмілдік реңк мәнін үстейтіні айқындалды.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытынды бөлімнен және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.


1 Ясауи хикметтерінің зерттелуі және түркі тілдеріндегі тәуелдік, жіктік және көптік категорияларының тарихы

1. 1 Орта түркі тілдері және олардың Ясауидың “Диуани-хикмет” ескерткіші тілімен тарихи сабақтастығы

636 жылы арабтар алғаш рет Орта Азияға ислам дінін тарату мақсатымен шабуыл жасайды. Нәтижесінде, ҮІІІ ғасырда-ақ арабтар Орта Азияны түгелімен жаулап алды. Соның салдарынан Орта Азия халықтарының тілі араб тілінің ықпалына түскен болатын. Араб тілінің ғылым мен мәдениет саласындағы үстемдігі Х ғасырға дейін өмір сүрді. Х ғасырдан бастап, араб тілін парсы тілі алмастыра бастайды. Түркі тілдес тайпалардың Орта Азияға қоныс тебуі осы Х ғасырдың кезінде күшейе түседі. Алғашында жер аударып, көшіп-қонған түркілер Орта Азияны тұрғылықты мекені ретінде пайдалана бастайды. Мұндай түркі тілдес халықтардың негізі қараханидтер болды. Түркі тілдес халықтар жергілікті тұрғындар, тәжіктермен араласып, қарым-қатынас жасауы үшін ортақ тіл - түркі тілін пайдалана бастайды.

ХІ ғасырда оғыз тайпалары Орта Азияның орталығына қарай бет алады. Оғыздар түркі тайпалары мен массагеттерден біріккен тайпалар болатын. Оғыздардың біріккен мемлекеті Х ғасырда Сыр-Дарияның төменгі ағысында пайда болған. Оғыздар Орталық Азияға қарай ығысқан тұста, бұл жерлерді қыпшақтар мекендей бастағаны тарихтан белгілі. Египет территориясында қыпшақ-оғыз тілінде жазылған ескерткіштерді Сырдарияның төменгі жағасында осы тілде жазылған ескерткіштер тілімен салыстыра отырып, тілшілер, бұл ескерткіштер тілінің негізінде түркі тілдерінің оғыз тобына енетін тілдердің әсеріне түскен қыпшақ тілі жатқанын айтады.

Түркі әдеби тілдері мен түркі тілдес әдебиет ұзақ та күрделі даму жолынан өткен. Түркі халықтарына ортақ ең алғашқы шығармалар V-VІІІ ғасырларда жазылған руникалық Орхон-Енисей жазбалары болып табылады. Осы руникалық жазумен бір кезеңде түркі халықтары арасында ұйғыр жазуы да кең қолданыста болды. Ең алғашқы ұйғыр жазуымен жазылған шығармалар манихей дінін уағыздауды мақсат тұтып, V ғасырға саяды. Кейіннен ұйғыр жазуымен будда дінін уағыздауға бағытталған, юристтік құжаттар, көркем шығармалар жазыла бастайды.

Түркі тілдерінің дамуындағы Х-ХV ғасырларды қамтыған уақыт аралығы тілшілер тарапынан шартты түрде IV кезең - “Орта түркі дәуірі” деп аталды. Ғалымдардың пайымдауынша, міне осы дәуірде қазіргі түркі тілдерінің негізі қалана бастаған [1, 304 б. ] .

Орта түркі дәуірін екі кезеңге бөліп қараймыз: қараханидтік (Х-ХІІ ғғ. ) және моңғолдық (ХІІІ-ХV ғғ. ) кезеңдер.

Н. А. Баскаковтың айтуынша, салыстырмалы түрде аталған қараханидтік кезеңнің (Х-ХІІ ғғ. ) тілі қарлұқ тобына енеді. Бұл топ тілдері Қараханид дәуірінде, бір жағынан тәжік, екінші жағынан Орта Азияның басқа да иран тілдерімен байланысы, яғни шығыс пен батыс тілдердің байланысы нәтижесінде пайда болған.

Түркі тілдерінің осы қарлұқ тобы екі тілдік топшаға бөлінеді:

1) көне екі тіл - Қараханид мемлекетінің тілі (Х-ХІ ғғ. ) мен “Қысас ул-әнбийа” (“Пайғамбарлар туралы аңыз”») ескерткішінің тілін біріктірген қарлұқ-ұйғыр топшасы;

2) Қожа Ахмет Ясауи шығармасының тілі - хорезм тілі (XII ғ. ) мен қарлұқ тілін біріктірген қарлұқ-хорезм, Шығыс Алтын Орда тілі, шағатай тілі, ескі өзбек тілдері мен қазіргі өзбек және жаңа ұйғыр тілдер топшасы.

Бұл тілдер тобы алғашында Қараханид, кейін Хорезм мемлекеттерінің құрамына енген ягма, түргеш, қарлұқ, түкей, ұйғыр тайпаларының өзара қарым-қатынасы нәтижесінде пайда болған.

Қарлұқ-хорезм топшасын хронологиялық тұрғыдан соңғы кезеңге жататын әдеби және ауызекі тілдер құраған. Бұл тілдердің ішіндегі ең көнесі - XII ғасырда ауызекі тіл негізінде жазылып, оғыз-қыпшақ тілдерінің ерекшеліктерін ең көп көлемде сипаттаған Қожа Ахмет Ясауидың “Диуани хикмет” шығармасының тілі.

Жалпы алғанда, Ясауи “Хикметтерінің” тілі, оның шәкірттерінің әдеби тілі секілді (айталық, хорезмдік Сүлеймен Бақырғанидың (Хакім-ата) оғыз-қыпшақ және қараханид әдеби тілі негізіндегі еңбектері) шартты түрде ортағасырлық қараханид-хорезм тіліне жатқызуға болады. Бұл тіл, моңғол шапқыншылығынан кейін соңғы тілдің негізін жасаса керек. Олар:

1) Жошы ұлысының, яғни Хорезмнің шығыс бөлігінің әдеби тілі (ең үлкен жазба мұрасы - Хорезмидің “Мухаббат-намесі” (б. з. 1353 ж. ) ;

2) шағатай ұлысы (ХІІІ-ХІV ғғ. ) кейін ескі өзбек тілінің әдеби тілі.

Осылайша ескі өзбек тілі өзінің негізі - ауызекі халық тілінен басқа,

а) қараханид әдеби тілінен;

ә) хорезмде XII ғ. пайда болған қарлұқ-хорезм немесе оғыз-қыпшақ әдеби тілінен;

б) шағатай (XIII-XIV ғғ. ) тілдерінен құралған [1, 301-304 бб. ] .

Сонымен, қарлұқ-хорезм топшасының құрамына Н. А. Баскаков төмендегі тілдерді жатқызады:

  1. қарлұқ-хорезм (“Диуани хикмет” пен Сүлеймен Бақырғанидың шығармаларының тілі),
  2. Жошы ұлысының алтын орда тілі (шығыс варианты),
  3. Шағатай ұлысының шағатай тілі,
  4. Әмір-Темір дәуіріне жататын апогейлердің көне өзбек тілі,
  5. жаңа ұйғыр және өзбек тілінің диалектілері.

Орта Азия территориясында жазылған шығармалардың алғашқылары әртүрлі тайпалардың тілдік ерекшелігін бейнелейтін аралас тілде жазылған. Оларды шартты түрде “ескі түркімен тілінде жазылған ескерткіштер” деп атауға болады. Олар қыпшақ тайпалары мен ұйғыр әдеби тіл дәстүрінің ықпалына аз түскен.

Осы территорияда жазылған шығармалардың екінші тобын көпшілік ғалымдар түркі тілдерінің j (й) тобына жатқызады [2, 56 б. ] . Бұл топтағы тілдер қыпшақ тайпаларының тілі мен кітаби әдеби дәстүрінің ықпалына көбірек түскен. Оларды шартты түрде, “ қыпшақ-оғыз тілдер тобы” деп атаймыз.

Үшінші топтағы ескеркіштер түркі тілдерінің z (з) тобында жазылып, қараханид дәуіріндегі ұйғыр әдеби тіл дәстүрінің әсеріне ұшыраған. Бұл топтағы шығармаларға Құтыбтың “Хосроу-Ширин”, “Нахдж ал-Фарадис”, “Сираж ул-қулуб”, “Тефсир”, Рабғузидың “Қиссас-ул-әнбийа” секілді туындылары жатады.

Төртінші топтағы ескеркіштерге ХІҮ ғасырда жазылып, қыпшақ тайпаларының тілдік ерекшеліктерін айқындайтын С. Сараидың “Гүлистан бит-турки” шығармасы мен Хорезмидың “Мухаббат-наме” дастаны жатады. Бұл топтағы ескеркіштердің тіліне қыпшақ тайпалары мен ұйғыр әдеби тілдік дәстүрінің әсері болған [2, 82-83 бб. ] .

Қараханидтік кезеңге жататын шығармалар ауызекі тілде жазылып, оғыз және қыпшақ тілдерінің ерекшелігін ашуға негізделген. Бұл заманның көлемді үлкен мұрасы - Жүсіп Баласұғанидің “Құтадғу Біліг” дастаны. “Құтадғу білігтің” пайда болуымен жаңа жазба тіл пайда болды. Ол - қараханид мемлекетінің шығыс бөлігінде кең қолданыста болған қарлұқ-ұйғыр жазба тілі еді. Дәл осы кезеңде Махмуд Қашқаридың “Диуани лұғат ит-түрк” еңбегі жазылады.

ХІІ ғасырда Сыр-Дарияның төменгі ағысында суфизм бағытының негізін қалаушы “танымал түркі дәруіші” (Э. Наджиптің сөзімен айтқанда) Ахмед Ясауидың (Қожа Ахмет ибн Ибраһим ибн Әли) мистикалық, сопылық-поэтикалық “Диуани хикмет” (“Даналық кітабы”) шығармасы мен оның шәкірті Ахмет Йүгнекидің “Ғибадат ул-хақайық” (“Ақиқат сыйы”) өлеңдері жазылады.

Түркі әдебиетіндегі еңбектерді салыстыра-салғастыра келе, тілші ғалымдар Х-ХІІ ғасыр жазба ескерткіштерін Қараханид әдеби тілінің дәстүріндегі j тобындағы қыпшақ-оғыз тілінде (кей деректер бойынша шағатай тілі) жазылған туындылар деп табады.

ХІҮ ғасырда Орта Азияда Дүрбектің “Жүсіп-Зылиха” дастаны жазылады. Дастанның тілі Ясауи хикметтерінің тіліне жақын келіп, Рабғуздың “Қисас-ул-әнбийәсы” мен “Тефсир” тілінен айтарлықтай алшақ. Дүрбектің поэтикалық тілі жаңа әдеби тілдің, шағатай тілінің (ескі өзбек) дамуына үлкен ықпал жасайды. Шағатай тілі ортаазиялық й тобындағы тілдердің шығыс түркілік тілдермен және кейбір қыпшақ, оғыз-түрікмен тілдерімен байланысы негізінде пайда болса керек.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Көптік жалғаудың сөзбен сөзді байланыстырушылық қызметі
Ахмет Ясауи «Хикметтеріндегі» сөздің морфологиялық құрылымы
Қазақ тілі мен түркі тіліндегі жалғауларды мысалдар арқылы салыстыру
Негізгі зерттеу нысаны - туынды сөз
Көптік жалғауларының даму тарихы
Түркі тілдерінің, оның ішінде қыпшақ тілдерінің, әсіресе, қазақ тілінің сөздік қоры ғасырлар бойы қандай жолдармен дамығанын зерттеу
Қазақ поэзиясындағы есімдіктер
Көне түркі тіліндегі есім сөздер
Есімдік түрлері
Қазақ тіліндегі сөздердің байланыу тәсілдері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz