М. Әбдіхалықовтың замана өзекті мәселелерін шағын жанрларында бейнелеуі


Кіріспе
Белгілі бір кезеңде өз халқына қалтқысыз қызмет еткен және бір кезде туған халқы өзін қорған етіп қалқан тұтқан арыстарды еске алып, еткен еңбегін паш ету, бедел тұтып, бетке ұстау, қалтқысыз қастерлей білу өреміздің өскендігінің белгісі болса керек.
“Өткендерін еске алған - өскендіктің белгісі; өткендерін ұмытқан -өшкендіктің белгісі”, - деп халық даналығы айтқандай, барын базарлай білуі, мақтан тұтып, қадіріне жету - өсетін елдің қасиеті, жақсылық нышаны.
“Көркем әдебиетті тек ұлы ақын-жазушылар жасамайды. Оның ұлылы-кішілі, ірілі-уақты өкілдері болады. Әдебиет тарихы әр кезеңде әдебиетке атсалысқан, оған өзінше аз да болса үлесін қосқан ақын-жазушыны ұмытпайды, ұмытуға тиісті де емес” - деген Т. Кәкішевтің пікірі Маршал Әміржанұлы Әбдіхалықовтың да әдебиеттегі еңбегіне арналғаны сөзсіз [1, 77 б. ] .
Ердің жасы елудің үстінде, нағыз творчестволық кемелдену кезеңіне келгенде бақилық болған талантты жазушы өзінен кейін өз алдына жеке зерттеуге лайық қомақты әдеби мұра қалдырды.
Әдебиет - адам рухының қуатын танытатын ғажайып құбылыс болса, талантты суреткер белгілі бір дәуірдің үні, халық ойы мен жай-күйінің жаршысы. Жазушы - алдымен өз дәуірінің перзенті.
Маршал Әбдіхалықов - көп қырлы тұлға. Қаламы жүйрік журналист, жазушы, аудармашы, драматург.
Таланттың өнер және өмір жолдарына тоқтала кетелік. Ол 1936 жылы 26 шілдеде Маңғыстау облысының бұрынғы Сығынды ауыл советінің Ақшұқыр жерінде дүниеге келген. Әкесі Әміржан 1942 жылы соғысқа аттанып, 1943 жылдан бастап хабар болмайды. Сөйтіп, бала Маршал шешесі Балипанның тәрбиесінде болады.
Маршал 1943-1953 жылдары Форт-Шевченко қаласындағы С. М. Киров (қазіргі Е. Өмірбаев) атындағы орта мектепте оқи жүріп, тырнақалды туындыларын қабырға газеттеріне жариялай бастайды.
М. Әбдіхалықовтың мектеп қабырғасында жүргенде-ақ әдебиетке құштарлығы байқалады. Ол әдеби кітаптарды үзбей оқып, оқыған кітаптарының аты-жөнін, жазушының, кітаптағы басты кейіпкерлердің аттарын өзінің жеке дәптеріне жазып жүретін болған. Оның қолы мен қолтығынан ешқашан да әдеби кітаптар түспейтін, орыс тілін жетік меңгергендіктен оны сыныптастары “қасқа бас тілмәш” атандырған.
1954 жылы С. М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университеті филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне оқуға түсіп, аталған оқу орнын 1959 жылы бітіріп шығады.
Оқып жүрген шағында оның болашақ жазушылық дарыны байқала бастайды. 1955 жылы “Әдебиет және искусство” (қазіргі “Жұлдыз”) журналында 2-курс студенті Маршалдың “Нәрсіз гүл” әңгімесі қазақтың белгілі прозаик-жазушысы Мұқан Иманжановтың алғысөзімен жарық көрді. Тырнақалды бұл әңгімесі республикамыздағы оқырман қауымға Маршал есімін таныс етті.
1959 жылы университетті ойдағыдай бітіріп, “Лениншіл жас” газетінің жауапты қызметіне жұмысқа тағайындала тұрса да жанұя жағдайымен елге келеді. Өзі оқып, білім алған С. М. Киров атындағы орта мектептің әдебиет пәнінің мұғалімі болып сабақ береді және директордың оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарады.
1962 жылы ауданның партия, Кеңес орындары Маршалды Т. Г. Шевченко мемориалдық музейінің (мұражай) директоры етіп бекітеді.
Мұражайдың директоры болып қызмет істеген М. Әбдіхалықовтың өлке тарихына, мәдениетіне сүбелі үлесін қосып жүргеніне жазушы
З. Қабдоловтай кемеңгердің мына сөзі дәлел болса керек: “22 шілде 1962 жылы музейді аралап көрдік. Музей әлі шағын болса да ұлы ақынға, оның үлкен халқына деген ересен махаббатты паш ете алады.
Т. Г. Шевченконың болуы - Маңғыстау үшін ерен оқиға. Бірақ бұл музей тек сол оқиғаның шежіресі ғана болып қоймай, қазақ халқының аса бір қызықты, тарихи шежіреге бай өлкесінің мол тарихын түгел тоғыстырғаны абзал. Сондықтан да, бұл үлкен мекеменің өз өлкесінің өткен-кеткенін, сән-салтанатын, әдет-ғұрпын, өзгеру-өсуінің айнасы боларлықтай дәрежеде қайрат қылғанын қалар ек” [2] .
1963 жылы шығармашылық, жазушылық талабын жалғастыру мақсатында ұстазы З. Қабдоловтың шақыруымен жанұясымен Алматыға қоныс аударады.
Осы жылы М. Әбдіхалықов бір кезде еңбек жолын бастаған “Лениншіл жас” газетіне әдеби қызметкер болып орналасады.
Орталықтан шалғай жатқан, республикалық баспасөз бетінде қағажу көрумен келген Маңғыстау тақырыбының бағы жанып сала береді. Бәлкім, онысына сол кезде М. Әбдіхалықовтың Маңғыстау топырағынан шыққан жалғыз журналист болғандығы себеп те шығар. Әңгіме, очерк, мақала, суреттеме бір сөзбен айтқанда Маршал қаламы жанр талғаған жоқ.
1964-1967 жылдар арасында “Қазақстан әйелдері” журналында бөлім меңгерушісі қызметін атқарады.
1967-1975 жылдар аралығында “Қазақфильм” киностудиясында Совет киноөнерін насихаттау бюросында, режиссер-ұйымдастырушы халқымыздың көрнекті қаламгері, дарынды тұлға Әбіш Кекілбаевпен қызметтес болды. Әбіш Кекілбаев дубляж бөлімінің бас редакторы, М. Әбдіхалықов редакторы болды.
Киностудиядағы жылдары Маршал шығармашылығындағы ең бір жемісті жылдар десек асыра айтқанымыз емес.
Ол “Қазақфильм” киностудиясында редактор орынбасары болып істей жүріп, елуге жуық фильмдерді, киносценарийлерді аударуға қатысқан.
Шығармашылық жұмысқа ауысқанға дейін 1976-1986 жылдар арасында “Жұлдыз” журналында аға әдеби қызметкер болып жұмыс жасайды. “Жұлдыз” журналы сол кезеңде республикадағы бірден-бір әдеби журнал болғандығы белгілі.
М. Әбдіхалықов Маңғыстауды “Жұлдыз” журналы арқылы танытқан ең алғашқы жазушы болып табылады. Қаламгердің бірнеше әсерлі әңгімелері, аудармалары, “Аққыстау” хикаясы, “Сүйінғара” романымен де оқырмандар осы журнал бетінен танысты.
1965 жылы “Қайнар” баспасынан “Отызмыңыншы” атты тұңғыш кітабымен тұсауын кесіп, әдебиет әлеміне қадам басқан жас жазушының осыдан кейін “Маңғыстау хикаялары” (1967), “Ленин тапсырмасы” (1967), “Желаяқ бала” (1969), “Алыстағы Маңғыстауда” (1971), “Қара тасқын” (1975), “Жердің асты жеті қат” (1975) сияқты туындылары жарыққа шығады.
Қаламгер шығармашылығының үлкен бір белесі - “Сүйінғара” тарихи романы 1981 жылы “Жұлдыз” журналының №8, 9 сандарында жарияланды.
Драматургия саласындағы бірден бір еңбегі “Асыл жандар” пьесасы 1981 жылы Атырау облысы М. Өтемісов атындағы облыстық драма театрында қойылды.
М. Әбдіхалықовтың редакторлық, аудармашылық қызметтері де көңіл толтырарлық. Ол әуелде итальян жазушысы А. Моравианың “Өмір - ну орман”, Л. Палаштидің “Айырылысу шарттары”, А. Найменовтың “Мекке мен Мәдина” әңгімелерін, А. Зегерс, Э. Коштың әңгімелерін аударса, кейін Ж. Икрамидің “Жаны сірі сілімтік”, А. Сергеевтің “Петербург елшісі”, М. Симашконың “Комиссар Жанкелдин” романдарын ана тілінде сөйлетті. Жазушының жеке мұрағатынан бұрын баспа бетін көрмеген “Мен күнге сенемін” (Т. Әлниязов туралы) . “Мұнара басындағы жұлдыз”, “Біздің мектептің баласы”, “Балсұлу апай хақында”, “Ескі Палестина жерінде”, “Аралағаш этюдтері”, “Қауырт маусым” сияқты публицистикалық шығармалары, “Кәрі арлан”, “Даладағы кездесу”, “Нағима”, “Шымыр иірім”, 2007 жылдан репортаж (қиял), “Актриса” әңгімелері, “Жапандағы жылғыз келіншек” (телевизияға арналған драмалық шығарма), “Сол бір үш-төрт ноқат” повесі, “Қарасорды игеру” романдары (толық емес) қолжазбалары табылып отыр.
“Жазушы творчествосы оның адамдық болмысымен, азаматтық бітімімен, өзгеден ерек өз өмір тәжірибесімен, білімімен, мәдениетімен, дүниетанымымен ұласып, керек десеңіз бірігіп біте қайнасып жататынын” академик Зейнолла Қабдолов терең пайымдаған [3, 334 б. ] . Осы тұрғыдан келгенде әдебиет әлеміне публицистикалық пафосты жанрлар арқылы келіп, көркем проза, таза журналистік сала, бұларға қоса көркем аударма да ден қойып құдіретті сөз өнеріне құнды дүниелер әкелгені, әрине М. Әбдіхалықовтың қаламгерлік қуатын танытарлық еңбектер еді.
Әдебиет - қоғамдық ой-сана, пікірлердің аса жүйелі, жинақталған көрінісі. Қоғамдық ой-сана әдебиет арқылы танылып, қалыптасады. Осы бағытта уақыт талабына жауап беретін шығармалардан алдымен іздейтініміз - тақырыптың көркемдік шешімін табуы, ой мен сезімнің тереңдігі мен мөлдірлігі, өмір бедерлерінің молдығы, жан-жақтылығы, ең бастысы адамгершілік ізденістер болмақ. М. Әбдіхалықов өмірден қандай құбылысты алып суреттемесін оны адам өміріне, тіршілігіне, асыл мұрат-мақсаттарына замана шындығы арқылы шығаруды көздейді.
Бұл диссертациялық еңбегімізде М. Әбдіхалықов шығармалары жан-жақты қарастырылады. Қаламгердің мол әдеби мақсатына, шығармашылық жолына сипаттама бере отырып, олардың өз заман шындығын қандай дәрежеде ашып бергеніне, өзекті проблемалар мен тақырыпты көтергендігіне, характерді жасау мәселесін шешудегі жетістіктеріне тоқталамыз. Сондай-ақ аталған міндеттерді жүзеге асыруда қандай көркем құралдарды, әдеби тәсілдерді пайдаланғандығы нақты мысалдар арқылы талданады.
Жазушы қаламынан бірнеше публицистикалық шығармалар, әңгімелер мен повестер, пъеса, романдар дүниеге келді. Қашан да тынымсыз ізденіс үстінде болған жазушы нені жазса да, қалай жазса да замана шындығынан ауытқымай өзі өмір сүрген кезеңнің сан түрлі мәселелерін суреттеуге ұмтылды. Суреткердің әр шығармасынан өмір шындығы айқын танылып, қоғам адам жайлы азаматтық ойлар туындап жатады.
Өзіміздің қарапайым араласып жүрген қарапайым замандастырымыздың тағдыры жазушыны көп толғандырады. Сол себепті М. Әбдіхалықов өз замандастарының өмір тіршілігін, көңіл-күйі мен сезімін, ой толғаныстарын, күйінші мен қуанышын, ой-арман мұраттарын суреттей келе, олардың бойындағы қасиеттерді даралап көрсетуде ізденістерге барады. Замандас бейнесі дегенде жаңа заманда, ғылыми-техникалық қарыштау дәуірінде өмір сүріп жатқан замандастарымыз көз алдымызға келеді. Уақыттың жылдам алға жылжуы мен қоғамда болып жатқан ірі өзгерістердің әсері арқылы алпысыншы-сексенінші жылдар әдеби шығармаларында көрініс тауып жатты.
М. Әбдіхалықов өз творчествосында халық өмірінің түрлі торабын қамтыған жазушы. Әрбір заманның шындығы шежіре боларлықтай оқиғалардан тұрады. Қаламгер шығармаларына арқау болған негізгі желі - халық өмірінің шынайы көріністері, кейіпкерлері - еңбек адамдары болды. Кімде-кім туған халқының өмірі мен тағдырын жетік біліп, оның қайғысы мен қуанышына ортақтаса алса, сол жазушы ғана көркем дүниелерін тудырары анық.
М. Әбдіхалықовтың әрдайым замана, уақыт талабына сай оқиғаларға жауап беретін тақырыптарды тап басып, сол арқылы болашаққа сеніммен қарауы оның жекелік қырын танытады.
Қазақ әдебиетінде қалыптасқан дәстүрлі арнаны жаңа қырынан таныта отырып, кейіпкерлердің ішкі әлеміне үңіледі, көңіл-күйлеріне терең мән береді. Замандас бейнесін сомдай отырып, өмір шыңдығын шынайы бейнелейді, еңбек адамдарының жасампаз күшін, ерен еңбегін көркем суреттей отырып, әлеуметтік мәселелерді алға тартады.
Көркемдікті әдеби шығарманың төл ерекшелігі мен дара сапалық көрсеткіші десек, ол суреткердің өмірді тани білуі, кейіпкер келбетін шебер бейнелеуі және ой сезім мен жан толқынысын әсерлі суреттеп, негізгі идеясын жеткізудегі қабілет-қарымына байланысты жасалады. Көркемдіктің бастауы жазушының көрген-түйгенімен қатар, оның көргендігі мен қиялға байлығында. М. Әбдіхалықов көркемдікті шындықтан шығарады. Кәдімгі күнделікті өмір болмысты табиғи түрінде көркем бейнелей біледі. Бұл - бір. Екіншіден, жазушы шығармаларындағы замана келбеті мәселелерімен қоса, кейіпкер бейнесі мен жазушының көркемдік әлемі жайлы шығармалары ғылыми айналымға түспей келеді.
Үшіншіден, қаламгердің шығармашылығын түгелдей қарастыру арқылы, оның стилінің сапалық ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік аламыз. Осы тұрғыдан жазушы шығармаларын жүйелі түрде талдау арқылы өмір шындығының көркем шешімін табудағы авторлық ізденісті айқындау, сол арқылы өмір шындығының өнер туындысына айналу жолындағы жазушының өзіндік мәнері мен қолданған әдіс-тәсілдерінің көркемдік сыры тексерілді.
Тақырыптың өзектілігі
Қазақ әдебиеті, қазақ сөз өнері ХХ ғасырда жаңа бір көркемдік кеңістікте жасап, байыды. Жекелеген қаламгердің шығармашылық тағдырын қазбалап танытып, тереңіне бойлап, қаламынан шыққан туындылардың көркемдік сапасын ажырату, талдау, таразылау бүгінгі күннің сұраныстары екендігі анық. Көркем ойдың айдынында өз бағытын барлап, діттеген меже, көздеген мақсат тұрғысында шығармашылық қарымын көрсеткен суреткердің бірі Маршал Әбдіхалықов еді.
Уақыт деңгейінен Маршал Әбдіхалықов шығармашылығы жайлы сөз қозғау үшін ең әуелі оның жазушылық, суреткерлік, азаматтық ұстанымы жайлы айту қажет. М. Әбдіхалықов шығармашылығы - қаламгердің қалыптасу, өмір сырына бірте-бірте қанығу, өмір тану және оны көркемдік шындыққа айналдыру тәсілдерін игеру, табу, жетілдіру жолы.
Жалпы М. Әбдіхалықов қаламынан екі жүзге жуық публицистикалық мақала-очерк, проза жанрында жиырмадан астам әңгіме, 6 повесть, 2 роман, 1 драмалық шығарма дүниеге келіпті. Аударма саласында оннан аса әңгіме-новеллаларды, романдарды ана тілімізде сөйлетті. Мұның өзі қаламгердің сан қырлы талант иесі болғандығын танытады. Жарияланып үлгермеген, жазушы қоржынында қалып қойған құнды дүниелерінің өзі бір төбе, бөлек әңгіме.
Тәуелсіз мемлекет ретінде өткен тарихымызды қайта тірілтіп, ұлттың қамын ойлаған ұлылар айтқан ұлы өсиетті ұрпақтар жадында сақтау үшін сан-салалы жұмыстар жүргізілуде.
Өзі өмір сүрген кезеңдегі әлеуметтік істердің үнемі басынан табылған, қоғамның мәдениеті, рухани өмірінің әр саласында аянбай айналысқан, мұны азаматтық борышы санаған М. Әбдіхалықов қарымды публицист дәрежесіне жеткен қаламгер. Оның азаматтық, қаламгердік қадірі жайлы қабырғалас дарындар құнды пікірлер айтты.
“Мәкең - Маңғыстау өлкесінің жазушылары мен ақындарының, әдебиетшілері мен журналистерінің, қалам ұстаған барша азаматтарының шын мәнінде Маршалы еді”.
“Маршал Әбдіхалықовтың оқырманына сондай жақын болуына сонау алпысыншы-сексенінші жылдарда әр санын ел асыға күтетін “Лениншіл жас”, “Қазақстан әйелдері”, “Жұлдыз” секілді оқырманы соншалықты көп газет, журналдарда еңбек етіп жүрген кездегі жиі-жиі шығып жататын көркем очерктері мен публицистикалық тақырыптарға арналған мақалаларының да ролі аз болған жоқ. Кейіпкерлері әр қилы мамандық иесі, әр түрлі атыраптың азаматтары болатын. Бұл тұрғыда ол бүкіл Қазақстанның күллі аймағын шығармашылығында қамтыған қаламгер секілді қабылдануға лайықты еді [4, 9 б. ] .
Маршал Әбдіхалықовтың жазушылық сыры, шығармашылық шеберханасы жайлы белгілі бір деңгейде пікір айтып, ой толғауға мүмкіндік беріп отырған бірнеше жай бар. Ол ең әуелі, жазушы шығармаларының өзі.
Жазушының көркем прозасында орын алған тақырыптың бірі- замандастар тағдыры, бүгінгі заман тақырыбы. Қаламгердің бірнеше публицистикалық шығармалары, әңгіме, повесть, романдарында ХІХ-ХХ ғасыр басындағы тарихи шындықты арқау етеді. Жазушы қай кезеңнің оқиғаларын, немесе қандай тақырыпты арқау етпесін, алдымен адам тағдырын, оның тыныс-тіршілігін, өмірдегі күрес-тартысын, әлеуметтік ортадағы әрекетін, қоғамдағы азаматтың белсенділігін тереңірек танытуды мақсат етеді.
Жазушы адам мен қоғам, адам мен орта қатынасын әрдайым басты назарда ұстайды. Алпысыншы-сексенінші жылдарда тереңірек көрінген қоғамдық-әлеуметтік өзгерістер, ол әлеуметтік немесе өндіріс саласында болса да жазушы ең алдымен адамның адамгершілік, рухани-моральдық қасиеттерін ашып суреттеуге ден қояды.
Диссертация жұмысының өзектілігі - Жазушы Маршал Әбдіхалықовтың барлық әдеби мұрасын алғаш рет тұтастай толық түрде жан-жақты қарап, оның әдебиеттегі орны мен бағыттарын анықтау. Жазушының әдеби шығармашылық мұрасы диссертациялық зерттеуге арқау болып, бұрын ғылыми тұрғыда қарастырылмауы себепті тұңғыш рет жалпы шығармашылық тұтастық күйінде арнайы сөз болуы және өзі өмір сүрген кезеңнің тарихи-мәдени даму ауқымында саралануы тақырыптың зәрулігін анықтайды.
Тақырыптың зерттеу деңгейі. Маршал Әбдіхалықовтың әдеби мұрасы осы уақытқа дейін толыққанды топтастырылып, ғылыми тұрғыда танылмаған. Ширек ғасырлық шығармашылық өмірінде жазушының артына қалдырған әдеби мол мұрасы публицистикалық еңбектері, прозасы, аудармалары осы диссертацияның арнайы объектісі болады, сонымен қатар зерттеу барысында жазушының өмірі мен шығармашылығының негізгі кезеңдері де сөз болып отырады. М. Әбдіхалықовтың шығармашылығы арнайы ғылыми зерттеудің нысаны болғанымен, жазушының өмірбаяны, шығармашылығы туралы
З. Ғ. Бисенғали [5], Ж. Тілепов [4], М. Атымов [6], Қ. Әбдезұлы [7], Т. Тоқбергенов [8], Т. Мәмесейітов [9], С. Оспанов [10], Ә. Спан [11], У. Қайралапов [12], А. Өтегенов [13], Ж. Құрмашевтың [14], т. б. сын-мақалаларын атап өткен орынды.
Дегенмен, жазушының әдеби мұрасын, қоғамдық қызметкерлігін қалың көпшілік арнайы зерттеу деңгейі тұрғысынан тани алған жоқ. Жазушылық шығармашылық ғұмырбаяны, жекелеген еңбектерінің тақырыптық-жанрлық, көркемдік ерекшеліктері де арнайы зерттеу жүйесіне айналмаған еді. Осы еңбек сол кемшіліктердің орнын толтырып, жаңаша көзқарастар трғысынан сөз етеді. Қаламгердің 70 жылдық мерейтойына орай 2006 жылы Маршал Әбдіхалықовтың әдеби мұрасы және рухани тәрбие мәселелері” атты ұжымдық жинақ жарық көрді.
Жұмыстың мақсаты мен міндеті. Диссертациялық арнайы еңбек жазу барысында Маршал Әбдіхалықовтың әдеби мұрасын тұтас қамти отырып, оның шығармашылығы жайлы әдеби сындағы баға, бағдар; әдебиеттану ғылымының теориялық ұстанымдарын негіз ете отырып, жазушының суреткерлік әлемі, шеберлік алымы жайлы жан-жақты, нақтылы талдау жасап, қаламгер Маршал Әбдіхалқовтың жазудағы даралығын аша түсуді көздедік.
Осы мақсатта Маршал Әбдіхалықовтың публицистикалық шығармаларындағы проблемалық тақырыптың ерекшеліктерін, әңгіме, повесть, романдарының жанрлық сипатын, тілдік ерекшелігін, шеберлігін арнайы, нақтылы зерттеуді міндет еттік.
Алға қойған мақсаттарды жүзеге асыру үшін төмендегідей нақты міндеттерді белгіледік.
- Маршал Әбдіхалқовтың жазу шеберлігін ұштау жолындағы ізденіс нәтижелерін айқындау;
- М. Әбдіхалықовтың публицистикалық шығармаларының жанрлық, проблемалық және тақырыптық ерекшеліктерін ашып, түрлерін көрсету;
- Жазушының прозалық шығармаларындағы сюжет құру, композиция жасау тәсілдерін, баяндау үлгілерін табудағы даралығын, шығармаларының жанрлық сипаттарын ашып көрсету;
-М. Әбдіхалықовтың шығармасындағы тілдік қолданыс, кейіпкер тіліндегі ерекшелік жайын талдау;
- Прозалық шығармашылығының негізгі кезеңдерін, сондай-ақ оларға тән ерекшеліктерді айқындау.
- Публицистің мерзімді басылымдардағы жарияланымдарын талдау;
- М. Әбдіхалықов шығармаларындағы жаңашыл, өзіндік суреткерлік қолтаңбаны айқындау, жазушы қол жеткізе алған көркемдік арналардың көріну аясына ден қою.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Диссертациялық жұмыста М. Әбдіхалықовтың әдеби шығармашылық мұрасын тұңғыш рет барынша терең, жан-жақты және кешенді түрде зерттеуге талпыныс жасалды. Оның публицистикалық, прозалық шығармаларының тілі, стилі, жанрлық ерекшеліктері, қамтыған тақырыбы, көтерген проблемалары сарапқа салынды. Жазушының шеберлігі кең көлемде қарастырылды, өмірі, шығармашылығы қазақ әдебиетінің тарихында алғаш рет арнайы зерттелініп отыр.
Қаламгер публицистикасының әлеуметтік мәні тұңғыш рет жан-жақты зерттелді;
- Маршал Әбдіхалықовтың шығармашылық қалыптасу, шеберлікке төселу бағыттары оның публицистикалық туындылары, әңгіме, повестері мен үлкен прозадағы көркемдік алымдарын сабақтастыра, салыстыра талдау арқылы айқындала түсті;
- Жазушының шығармашылық мұраты, қаламгерлік ұстанымы, қоғамдық-әлеуметтік көзқарас мәселесі көркемдік таным аясында зерделенді.
- М. Әбдіхалықов шығармаларындағы замандас бейнесі мен заман шындығының арасындағы терең сабақтастық сыры қарастырылып, осы бағыттағы суреткер стиліне тән ерекшеліктер екшеліп көрсетілді.
Зерттеудің нысаны ретінде Маршал Әбдіхалықовтың әр жылдары баспасөз бетінде жарық көрген жеке жинақтарындағы тақырыптардағы публицистикалық туындылары, көркем әңгімелері мен “Отыз мыңыншы”, “Желаяқ бала”, “Алыстағы Маңғыстауда”, “Ленин тапсырмасы”, “Қара тасқын” повестері, “Жердің асты жеті қат”, “Сүйінғара” романдары алынды.
Диссертацияның деректік көзі ретінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы Орталық кітапханасының, Қазақстан, Республикасы Ұлттық кітапханасының арнайы және сирек қолжазбалар қорларында сақталған, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінен, Маңғыстау облыстық кітапханасынан, Маңғыстау облыстық өлкетану мұражайы, мұрағатынан, Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Ақшұқыр елдімекеніндегі М. Әбдіхалықов атындағы орта мектептегі “Маршалтану” мұражайы, М. Әбдіхалықовтың жеке архивінен алынған көптеген публицистикалық шығармалары, оның өмірбаянына, шығармашылығына қатысты түпнұсқа құжаттар мен деректік маңызы бар мәліметтер жұмысымыздың өзегі болды. Сонымен бірге қаламгердің “Әдебиет және искусство”, “Лениншіл жас”, “Пионер”, “Қазақстан ауыл шаруашылығы”, “Қазақстан әйелдері” журналдарында, “Лениншіл жас”, “Қазақ әдебиеті”, “Социалистік Қазақстан”, “Маңғыстау”, “Коммунистік жол”, “Жұмысшы” т. б. газеттерде жарияланған публицистикалық мақалалары мен очерктері, естеліктері, әңгімелері, повесть, романдарынан үзінділер пайдаланылды.
Зерттеу тәсілдері. Зерттеу жұмысының барысында тарихи талдау, салыстыру, жүйелеу әдістері қолданылды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz