Ұлт-азаттық көтерілісі туралы тарихи жырлар


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 146 бет
Таңдаулыға:   

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті

ӘОЖ 398. 21/22(943. 42) (510) Қолжазба құқығында

ҰЛТ-АЗАТТЫҚ КӨТЕРІЛІСІ ТУРАЛЫ ТАРИХИ ЖЫРЛАР

(Қытайдағы қазақтардың ХІХ ғасырдың екінші және ХХ ғасырдың бірінші жартысында туған тарихи жырлары бойынша)

10. 01. 09. - ФОЛЬКЛОРТАНУ

Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін

алу үшін дайындаған диссертация

Ғылыми жетекші:

филология ғылымдарының

докторы, профессор

Қазақстан Республикасы

Алматы

2007

МАЗМҰНЫ

Кіріспе . . . 3

І Қытайдағы қазақтардың тарихи жырларының жиналуы мен зерттелуі . . . 7

ІІ Тарихи жырлардың шындықпен арақатынасы . . . 38

ІІ. І “Ер Демежан” жыры нұсқаларының өзіндік ерекшеліктері . . . …. 77

ІІІ Зерттеу нысанындағы жырлардың поэтикасы …… . . . 94

Қорытынды . . . . . . 123

Пайдаланылған әдебиеттер . . . 127

КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қазақ фольклорының сүбелі саласының бірі - тарихи жырлар. Зерттеуде Қытайда тұратын қазақтардың ұлт-азаттығы көтерілісіне байланысты туған бір шоғыр жырлар фольклортану ғылымының бүгінгі талаптары мен жетістігі тұрғысынан жан-жақты қарастырылады.

Тақырыптың өзектілігі. Қазақ деген ұлт біреу-ақ, демек, оның тілі мен діні, тарихы мен этнографиясы, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі, әдебиеті мен мәдениеті де біреу-ақ. Олай болса, шет елдегі қазақтардың әдеби мұрасы - жалпы қазақ мәдениетінің бір саласы, сырттан құяр қайнар бұлақтың бірі.

Бұл күндері тәуелсіз ел болып шаңырақ көтердік. Қоғамдық өмірде түбегейлі өзгеріс болды. Атажұртты аңсаған ағайындарды бауырға тарта бастадық. Олардың тағдыр-тарихын, рухани дүниесін зерттеуге мүмкіндік туды. Бұл жөнінде елбасы Н. Назарбаев: «Ұлттың рухани өмірі, оның мәдениетіне байланысты әлі де болса көпшілік қауымға жетпей жатқан тарихи, әдеби асыл мұраларымызды игеру жолында еңбектену, бұрын мән бермей келген халықтану, шығыстану, түркітану ілімдерін барынша дамытуға көңіл қою, ұлттық мәдени ерекшеліктерімізді сақтау, жинау, зерттеу ісін жетілдіре түсу - бүгінгі маңызды міндеттеріміздің қатарына кіреді» [1, Б. 14-15] - деген болатын. Бүгінгі күннің кезек күттірмес міндетіне айналған бұл іс оқымысты қауымға да үлкен міндет жүктегені белгілі. Осы ретте академик С. Қирабаев: “Қазақ халқының рухани мұрасы тек бүгінгі Қазақстан жеріндегі ұлт өкілдері еңбектерімен шектелмейді. Тағдырдың тәлкегімен шет елдерге және бұрынғы КСРО көлеміндегі мемлекеттерге ыдырап кеткен қазақтардың әдебиеті мен мәдениеті де біздің ұлттық байлығымыздың бөлінбес бөлігі” [2, 17 б. ] - деп орынды пікір айтады.

Қазақ халқының бір бөлігі Шыңжаң өлкесінің солтүстігін мекендейді. Шыңжаң атауы - ХҮІІІ ғасырдың 50-жылдары мәнжүрлік Цин әулеті жаулап алған Шығыс Түркістан мен Жоңғария даласына берілген қытай атауы "Жаңа шеп" немесе "Жаңа шекара" деген мағына береді. Бүгінде Қытай мемлекетінің құрамдас бөлігі. Қазақтар негізінен Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарына шоғырланған. Соңғы санақтарға қарағанда Шыңжаңда бір млн. екі жүз мың қазақ бауырларымыз өмір сүріп келеді екен. [3, 240 б. ]

Қытай отаршылдары қазақтарды уысынан шығармау үшін сан түрлі амал-айла қолданып келді. Сондықтан қытайдағы қазақтар озбырлықтың небір қорлық-зорлықтарын бастарынан өткерді. Қытай билеушілері қазаққа ауыр алман салық салу арқылы күшпен ұстаймыз деп сенді. Бірақ қазақ халқы қытайдың мұндай қанау, дінсіздендіріп ассимиляцияға ұшырату, қолындағы құрал-сайманын тартып алып, ел бастайтын ерлер мен халықтың ар-ожданын қорғайтын көсемдерін, рухани дем беруші ақын-жазушыларын абақтыға жабу, олардың көзін біржола жою, құнарлы жерлерге ішкі қытайдан «тың игерушілерді» қоныстандыру, . . . [4, 81 б. ] сияқты жан түршігерлік қорлық-зорлығына қарсы күресті.

Отаршылдардың түрлі жолдармен жүргізген қысым-қиянаттарына шыдамаған халық әркез азаттық, еркіндік үшін арпалысқа түсіп, атқа қонып отырды. Олардың ішінен ел бостандығы, жер тұтастығы жолында күрескен ерлер шыға бастады. Демежан, Бөке, Зуха, Оспан, Елісхан, Әкбар, Сейіт, Бүркітбай, Сұлубай т. б. батырлар тұлпар жаратып, ту көтерді. Елді бастап, озбырлықтан құтылуға ұмтылды. Бірақ басқаның басымдығына шыдамай елінің ертеңін ойлаған батырлар мақсат-мұраттарына жете алмады. Ұлт-азаттығы жолында мерт болды.

Алайда халқының қамын ойлаған батырлардың ерлік әрекеттері көп көңілінде қалды, ұрпаққа өнеге болды. Сондықтан халық ішінен шыққан ақын-жыршылар батырлардың ерліктері жайында неше түрлі өлең-жырлар тудырды. Ұлтының азаттығы үшін күрескен ерлерді дәріптейтін мұндай тарихи жырлар ауызша тарап, халықтың рухани қажетін өтеп келеді.

Біздің зерттеуімізде Қытайдағы қазақтардың ұлт азаттығы үшін күрескен ерлердің көтерілісіне байланысты туған “Демежан батыр”, “Зуха батыр”, “Үркін-қорқын”, “Жақыпберді батыр” қатарлы тарихи жырлар алғаш рет зерттеу нысанына айналды. Бұрын ғылыми айналымға түспеген бұл жырлардың ерекшеліктерін ашып, жан-жақты зерттеу фольклортану ғылымының басты проблемаларының бірі. Жұмыстың өзектілігі де осы қажеттіліктен байқалады. Сондай-ақ, мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламасына да сәйкес келеді.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қытайдағы қазақтардың халық әдебиеті, соның ішінде тарихи жырлардың туып, даму жолдары соңғы жылдары ғана зерттеу нысанына айнала бастады. Әйтсе де, аймақтағы қазақтар арасында айтылатын ұлт-азаттығы көтерілісіне байланысты туған тарихи жырлар қазірге дейін арнайы зерттелген емес. Бұл жанрдың мән-маңызы туралы мақалалар жазған әдебиетші-зерттеушілер саусақпен санарлық. Олардың қатарында Н. Мыңжани, А. Татанайұлы, Б. Кәсей, А. Кірішбаев, О. Қызырқанұлы, Ж. Маман, З. Сәнік, І. Сүлейменұлы, Т. Қабаев, т. б. болды. Бұл әдебиетшілердің мақалаларында таптық принцип пен коммунистік идеологияның әсер-ықпалы болды. Сондықтан бұл мақалаларда ұлт-азаттық көтерілісінің шығу себептері мен олардың мақсаттарын ашып айта алмады, тек мазмұндық таныстыру деңгейінде ғана жазылған еңбектер болды.

Қытайда тұратын қазақтардың фольклоры соның ішінде тарихи жырларын зерттеу нысанасы етіп алған зерттеуші З. Сейітжанов болды. Ғалым 1988 жылы “Қазақтың реалды-тарихи эпосы” атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Автор өз жұмысында Шыңжаңдағы қазақтардың бірнеше тарихи жырларының ерекшеліктерін ашып, оларға бірінші рет түркі тілдес халықтардың жырларымен тарихи-типологиялық салыстыру жасады. Ортақ сипаттары мен өзгешеліктерін айқындады. Осы арқылы эпикалық дәстүрдің жаңа бір белесін - реалды-тарихи эпостың қалыптасуын тұжырымдады.

Зерттеудің мақсаты мен міндеті. Диссертациялық жұмыста ұзақ уақыт ақтаңдақ қатарында қалып, зерттелмей келе жатқан Қытайдағы қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты туған тарихи жырлардың туып, қалыптасу жолдарын белгілі кезең шындығымен байланыстыра қарап, сипаттама беру мақсат етілді. Осындай өзекті мәселені шешуде төмендегідей міндеттер белгіленді.

  • Ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты туған тарихи жырлардың жиналу, жариялану, зерттелу деңгейін пайымдау;
  • Тарихи жырлардың жанрлық табиғаты мен жырлану ерекшеліктерін саралау;
  • Гоминдаң өкіметінің қазақ ұлтына жасаған қысымының тарихи жырлардағы көрінісіне баға беру;
  • Ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты туған жырлардың тақырыптық-идеялық сипатын зерделеу;
  • Тарихи жыр мен тарихи шындықтың арақатынасын анықтау;
  • Жырлардағы образдар жүйесінің бейнеленуіне мән беру;
  • Тарихи жырлардың поэтикасы - бейнелеу құралдарының эстетикалық табиғатын ашу.

Диссертацияның ғылыми жаңалығы. Қытайдағы қазақтардың ұлт-азаттығы көтерілісіне байланысты туған тарихи жырларды жүйелеп, алғаш рет ғылыми айналымға қосу және оларды жан-жақты бүгінгі күн талабы тұрғысынан зерттеу жұмыстың ғылыми жаңалығын көрсетеді. Зерттеуде ХІХ ғасырдың екінші және ХХ ғасырдың бірінші жартысында туған тарихи жырлар халықтың азаттық, бостандық жолындағы күрестерінің фольклордағы көріністері екендігі дәлелді түрде тұжырымдалады. Халық үшін қан майданға шығып, қаһармандық-ерлік көрсеткен батырлар жайында туған тарихи жырлардағы ұлт-азаттық идеясы сол тұстағы саяси-әлеуметтік жағдайлармен, тарихи факті-деректермен салыстырыла, сабақтастырыла қарастырылуы - ғылыми еңбекте көтерілген мәселенің сонылығын, маңыздылығын, ауқымдылығын байқатады. Әрі есімдері ел тарихында мәңгілік жатталатын батырларымыз хақындағы тарихи жырлардың фольклорлық тұрғыдан тарихқа қарым-қатынасы мен поэтикалық ерекшеліктерінің талдануы ғылым үшін мәні бар жаңалық екендігін дәйектейді.

Зерттеудің нысаны. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы Қытайдағы қазақтардың саяси-әлеуметтік жағдайы мен елім деп еңіреген ерлердің ерліктері негіз болған тарихи жырлардың «Шалғын», «Мұра», журналдары мен «Қазақ ауыз әдебиетінен таңдамалылар» және «Қазақ қиссалары» жинақтарында жарық көрген жыр нұсқаларының мәтіндері алынды.

Зерттеу жұмысының әдісі. Жырларға жүйелі-кешенді салыстырмалы-тарихи зерттеу әдісі қолданылды.

Зерттеудің теориялық-методологиялық негізі. Зерттеу барысында қазақ әдебиеттану ғылымының көрнекті зерттеушілері М. Әуезов, А. Байтұрсынов, Қ. Жұмалиев, М. Ғабдуллин, С. Сейфуллин, Е. Ысмаилов, Ә. Марғұлан, Б. Кенжебаев, Н. С. Смирнова, З. Ахметов, З. Қабдолов, С. Қирабаев, Р. Бердібаев, С. Қасқабасов, М. Жармұхамедов, Т. Қоңыратбаев, Ш. Керім, Б. Әзібаева, т. б. ғалымдар еңбектері теориялық-методологиялық негіз ретінде пайдаланылды. Сонымен бірге орыс ғалымдары В. Я. Пропп, Б. Н. Путилов, В. М. Жирмунский, В. Веселовский, В. М. Гацак еңбектері және Қытайдағы фольклорлық мұраларды зерттеушілер Н. Мыңжани, Б. Кәсей, А. Кірішбаев, З. Сәнік, Ә. Қалиұлы, Т. Қабаев зерттеулері басшылыққа алынды. Сондай-ақ, тарихи дерек көздері ретінде Н. Мыңжанидың, А. Татанайұлының, М. Қозыбаевтың, Н. Мұқаметқанұлының, Л. Бадавамовтың, Ж. Сәмитұлының, Су Бейхайдың зерттеу еңбектері назарда болды.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:

  • Қытайдағы қазақтар арасында ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысында ұлт-азаттығы көтерілісіне байланысты тарихи жырлар туды.
  • Қытайдағы қазақтардың тарихи жырлары қара шаңырақтағы қазақ фольклорының құрамдас бір бұтағы.
  • Тарихи жырларда халықтың азаттық арман-аңсары көрініс тапты.
  • Бодандық бұғауына қарсы тұрып, ұлт тәуелсіздігі жолында ақын-жыршылар сөз өнерін қару еткен.
  • Ел еркіндігі үшін күрескен батырлар ерлігімен бағаланды.
  • Тарихи шындық пен көркемдік шындық үйлесім тапқан.
  • Фольклорлық мұра негізінде идеялық-көркемдік дәстүр сабақтастығы дәйектелді.

Зерттеу жұмысының жариялануы және сыннан өтуі. Диссертациялық жұмыс І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы кафедрасының мәжілісінде қаралып, қорғауға ұсынылды. Жұмыстың негізі нәтижелері мен тұжырымдары республикалық және халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалды. Сондай-ақ, Білім және ғылым саласындағы аттестаттау және қадағалау комитеті белгілеген тиісті ғылыми басылымдарда 8 мақала жарық көрді.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Жұмыс кіріспеден, үш бөлім және қорытындыдан тұрады. Жұмыстың соңында пайдаланған әдебиеттер тізімі берілген.

І Қытайдағы қазақтардың тарихи жырларының

жиналуы мен зерттелуі

Басқаға бағынышты болу - халық тарихының қаралы беттері екені даусыз. Әр кезде бодандық бұғауына шыдамаған халқымыз атажұрттан алыстап, басқа елдерге бас сауғалап кетуге мәжбүр болды. Өйткені отарлықтың озбыр саясаты бір тұтас халықтың жұдырықтай жұмылуынан сескенді. Сондықтан “бөлшектеп” билеу отаршылдарға өте тиімді болды. Осының салдарынан қазақ халқы әртүрлі елдерде өмір сүріп келеді.

“Қазақстанмен жапсарлас болса да тыс жерде саны қалың шоғыр күйінде қалған және шалғай жерлерде тарыдай шашырап кеткен қазақ диаспорасының 1997-сиыр жылының басындағы жалпы саны 5 миллион 400 мың деп есептеледі. Олар жалпы саны 13 миллионнан асқан туған халқымыздың 39, 7 пайызын, бестен екісіне жуығын құрайды» [5, 4 б. ] . Демек, әр үш қазақтың біреуі шет елде жасайды деген сөз. Статистикалық анықтамаларға қарағанда қазақтар көп шоғырланған мемлекеттер Қытай Халық Республикасы, Ресей, Монғолия, Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан болып табылады екен.

Қазақтар көп шоғырланған елдердің бірі - Қытай Халық Республикасы. Қазақтардың Қытай елінде көптеп шоғырлануының өзіндік тарихи себебі болды. “ХҮIII ғасырдың 50-жылдары Қытайды билеген Еженханның (Цин империясы) армиясы жоңғарларды бағындырып, Орта Азия өңiрiне келдi. 1757-жылы Абылай, 1762-жылы Кiшi жүз ханы Нұралы Еженханға бағынды” [6, 5 б. ] . 1860-жылы Қытай-Ресейдің Пекин шартына, 1864-жылы «Қытай-Ресей батыс солтүстік шекараны өлшеп айыру тоқтамына» қол қойылды. Сөйтіп, ХIХ ғасырдың соңғы жартысында Ресей мен Цин империялары қазақ даласын қызыл сызықпен қақ бөлiп алып, “Қазақ халқы бұрын қай жерді қоныстанып келген болса, бұдан былай да сол жерді қоныстанып, байырғы мекендерінде отырып, бұрынғы кәсіптерін істеп, бейбіт өмір өткізе береді. Шекара айрылғаннан кейін бұл жер қай мемлекетке қараса, сол жерді мекендеген адамдар жерімен қоса сол мемлекетке қарайды”[7, 305 б. ] . // деп шешті. Қазақ халқының бір бөлімі Цин империясына, бір бөлімі Ресей империясына, енді бірі Моңғолияға қарауының себебі осында еді. Ал, Цин империясы «1884 - жылы Шығыс Түркiстанды ресми түрде “Синь - Цзянь өлкесi” деп жариялады [8, 399 б. ] . Демек, Шығыс Түркістанда тұрып жатқан қазақтар ресми түрде екі империяның бөлісінде қалды. “Осы уақыттан бастап Шығыс Түркiстан өлкесi “Шыңжаң” деп аталады да, ол Манжур-Қытай империясының ресми отар өлкесiне айналды”[9, Б. 10-11] . Бір сөзбен айтқанда, Қытай Халық Республикасын мекендеген қазақтар өзінің атақонысында отыр. Бір ұлтты екі империяның қызыл сызығы ғана бөліп тастаған. Ал, Қытай Халық Республикасында қалып қойған қазақтардың сан мөлшері қандай? 1990-жылдардан кейінгі санақ бойынша ондағы тұрып жатқан қазақтың жалпы саны бір миллион екі жүз мыңға таяды деген межелер бар. Олай болса, қазақтар Қытай елінде де жан саны бір миллионнан асатын үлкен ұлттар қатарына жатады [3, 240 б. ] .

Қытайдағы қазақтардың рухани мұрасы жалпы қазақ фольклорынан бастау алады, тамырлас. Шыңжаңдағы қазақтардың халық әдебиеті туралы Қазақ Совет Энциклопедиясында “Шыңжаң (Жаңа өлке) өңірін мекендеген қазақтардың әдебиетінің тарихы қазақ халқының ауыз әдебиетімен сабақтас. Кейінгі туған фольклорында өзіне тән ерекшелік бар” [10, 328 б. ] - деп жазады.

Олар ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап мәнжүр-қытай империясының ресми отар өлкесiне айналды және бертінге дейін (өткен ХХ ғасырдың елуінші жылдардың ортасына дейін) көшпелі және жартылай көшпелі өмір кешті. Осыған орай осы өлкеде дәстүрлі фольклор үлгісі сақталды. Алайда, кейбір қоғамдық жағдайларына, өмір тіршілігіне байланысты жаңа жырлар да туған. Басқаша айтқанда тарихи жырлардың жаңа тобы қалыптасқан. Ақын-жыршылар оларды ауызша тудырып, ауызша таратып отырған. Өйткені халықтың рухани сұранысы осыны қажет еткен. “Жыр, қиссаларды айту дәстүрі Шыңжаң қазақтарының арасында ертеден қалыптасқан. Ақын, жыршылар жиын-тойларда, қонақта белгілі бір әуенге салып домбыраның сүйемелдеуімен орындаған. Кейде көпшілік сұрап, қалап, тілек етіп айтқызатын болған. Жыршыларды қолқалап ауылдан-ауылға жиі алып барып отырған. Тіпті жақсы ертекшілер де халықтың қадірменді адамдарының бірі болып есептелінген. Сондықтан халық ақын, жыршылардың еңбегіне, өнеріне әркез ілтипатпен қараған” [11, 13 б. ] .

Екі елдің арасына шекара сызығы тартылғаннан кейін сол жақтағы жағдайларға байланысты эпикалық жырлар қайта өңделіп жырланды, жаңа эпикалық жырлар да туа бастады. Шыңжаңда осы кезеңде эпикалық жырлардың көптеп туғандығы байқалады. Атап айтқанда “Манас”, “Сабалақ”, “Бердіқожа батыр”, “Қабанбай батыр”, “Жәнібек батыр”, “Арқалық батыр”, “Әлібек-Бор батыр”, “Әтікей-Нұржекей”, “Зуха”, т. б. батырлық, “Ахмет-Кәшім”, “Садық-Салиқа” сияқты лиро-эпостық жырлар болған. [10, 328 б. ] . Бұдан шығар түйін сол - Қытайдағы қазақ фольклорының басты бір саласы эпикалық жырлар екенін байқаймыз.

Ауыз әдебиетінің өкілдері, яғни ақын-жыршылар байырғы ерлік жырларынан басқа енді өз заманының тарихын шертетін жаңа шығармалар тудыра бастады деген тұжырымға келуге болады.

Жазба әдебиеттің жалпыласа бастауына қарамастан Шыңжаңда қалыптасқан жыршылар мектебі халық әдебиетінің жалғастырушық қызметін атқарды. ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда Шәу жырау (1694-1763), Отарбай (1834-1914), Көтбай (1838-1930) Ә. Найманбайұлы (1867-1922), Шылбы (1876-1936), Есенсары, Өмірзақ (1830-1929), т. б. ақын-жыршылар болған /10, 328б/.

ХХ ғасырға келгенде де жыршылық дәстүрді жалғастырған Әріпжан Жанұзақұлы, Қыдырмолла Әділбеков, Ауған Жақсылықұлы, Кәсімбай Құсайынұлы, т. б. ақын-жыршылар болды. Ақпарат құралдары жоқ көшпелі елде ақын-жыршылардың еңбегі өте маңызды болды. Өйткені ақын-жыршы халықтың рухани сұранысын өтеп отырды. “Әншілік, актерлік, күйшілік, әңгімешілдік, тарихшылдық бас қосатын өнер-жыршылық ерте кезде театр, филармония орнына жүріп, елдің көңіл көтеретін, сұлу сөз бен саздан ләззат алатын сүйікті ермегіне айналған” [12. 37 б. ] . Осындай “ермек” ететін табиғи қажеттілік жыршылық өнердің дамуына әсер етті.

Егер халық арасынан осындай саңлақ ақын, жыршылар болмаған жағдайда көркем, әрі көлемді эпикалық жырлардың туып, тарамауы да мүмкін еді. Академик Ә. Марғұлан жыршылардың қызметі мен рөлі, ақыннан айырмашылығы жөнінде жыршылардың әдеби мұраны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші, таратушы, сақтаушы екенін, әрі ақындарға қарағанда олардың жырлау ауқымының кең екенін орынды айтқан [13, 77 б. ] . Бұдан жыршылардың сол тұстағы қызметі мен рөлін байқауға болады. Жыршылардың көшпенді халықтың рухани сұранысын өз межесінде орындаған халық таланттары екені аңғарылады. “Ақындар” атты зерттеуінде белгілі ғалым Е. Ысмаилов та олардың халықтың ғасырлар бойы жасап, сақтап келген аңыз-ертегі, батырлық жыр, тапқыр сөз, мақал басқа да тіл көркемдіктерін өз шығармаларында мол пайдаланып, жаңа мазмұнға сәйкес өзгертіп отыратынын айтады [14, 19 б. ] . Бұдан шығатын қорытынды, жыршылар қай ортада болса да, сол ортаның қым-қуыт тіршілігіне белсене араласады. Сол ортада туылып жатқан әр түрлі оқиғаға тарих көзімен баға береді, оқиғаны жырға айналдырып кейінгі ұрпақтың талап-талғамына ұсынады. Бір жыршыдан бір жыршы естіп, әр жыршы оқиға сюжетін негізге ала отырып өзінше жырлап, жаңа ортаға ұсынған қалпында жаңа нұсқаны тудырады. Сөйтіп, жаңа ауызша туылған жыр ауызша тарай отырып, өзінің бастапқы жыршысынан айырылып, ел ішіне әр жыршының айтуы бойынша әртүрлі жырланып, көп нұсқаланады. Мәселен ХІХ ғасырда Алтай аймағында өткен Арқалық батыр жайындағы жырды алғаш ХІХғасырда Көтбай ақын жырласа, ХХ ғасырда осы жырды Сағдолла Нуралин жырлаған [10, 328 б. ] . Демек, ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қалыптаса бастаған жазба әдебиет жыршылардың Арқалық батыр туралы жырды тудырып, одан әрі дамытып, таратуына кедергі бола алмады. Өйткені жыр тыңдайтын ортаның рухани талабы осыны қажет етті. Бұл жөнінде зерттеуші Б. Кәсейұлы: “Ауыз әдебиеті жасампаздық дәстүр бойынша айтқанда “Арқалық батыр” жырының жаратылу, жырлану барысы бізге ең алдымен 19-ғасырдан бері қазақ жазба әдебиеті недәуір жалпыласып дамығанымен, халықтың ауызша жасампаздық, жырлау дәстүрінің оған бола солғындамағанын, жазба әдебиетпен жарыса жалғасқанын аңғартады. Сонымен бірге, соңғы нұсқасындай толық болмағанын халық дастандарының бастапта қалай да бірер ақын жырлаған нұсқа негізінде қалыптасып, таратылғандығын, вариантталғандығын растай түседі. Қолдағы бар материялдарға негізделгенде 19-ғасырдың екінші жартысында өз ортасында қисса өлең-жырларды көп жырлап таратушылардың бірі К. Көшкіншіұлы болған. Ол өзінің жалынды жыр-дастандарымен Алтай, Тарбағатай және Қобда қазақтарына мәшһүр болған адам. Әйгілі “Арқалық батыр” дастанын тұңғыш рет жырлаушы” [15, Б. 574, 790] . - деп жазады.

Қалай болған күнде де қандай да бір ортада болған тарихи жағдайға сол ортаның ақын, жыршы, жыраулары араласпауы мүмкін емес. Халық ауыз әдебиетінің авторы мүлдем болмайды деген сөз жоқ, туындының авторы болған, туынды кезінде хатқа түспей ауызша туып, ауызша таралғандықтан уақыт өте келе жыршының аты ұмытылған. Алғашқы жырлаушыдан естігенін кейінгі жыршылар өздерінше қайта өңдеп жырлаған. Кейде тіпті оқиғаның бір эпизодын ғана алып жырлауы немесе жыршы өз ақындығының дәрежесіне қарай асыра жырлауы да кездеседі. Сөйтіп, ақын-жыршылар өз арасында тарихи оқиғаларды негізге ала отырып, жырдың бірнеше нұсқаларын тудырған.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ұлт азаттық көтерілісі жылдарындағы өлең, жырлар
1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты туған өлең-жырлар
Қарқара көтерілісі
Халық көтерілістерінің әдебиетте бейнеленуі
Ұлт-азаттық жылдарындағы батырлар туралы жырлар
Банктік тіуекелдер және оларды бағалау әдістері
Кенесары ханның халық ауыз әдебиетіндегі бейнесі
Бөлтіріктің Ел жарыла көшкенде дастаны
ХХ ғ. басындағы тарихи-әлеуметтік жағдай және әдебиет
Тарихи жырлардың субъективтілігі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz