Көркем мәтіндегі мәтінтүзуші фоносемантикалық және лексика-семантикалық факторлар


Мазмұны
КІРІСПЕ . . . 3
1 МӘТІН ЖӘНЕ МӘТІНТҮЗІМ ҰҒЫМДАРЫ
1. 1 Мәтін лингвистикасының зерттелуі . . . 9
1. 2 Мәтін түрлері мен типтері . . . 15
1. 3 Мәтінге тән категориялар . . . 29
1. 4 Көркем мәтіннің құрылымдық ерекшеліктері . . . 45
2 КӨРКЕМ МӘТІНДЕГІ МӘТІНТҮЗУШІ ФОНОСЕМАНТИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ЛЕКСИКА-СЕМАНТИКАЛЫҚ ФАКТОРЛАР
2. 1 Көркем мәтіндегі мәтінтүзуші фоносемантикалық құралдар . . . 50
2. 1. 1 Фоносемантикалық доминант - мәтінтүзуші құрылымдық компонент
2. 1. 2 Дыбыстық қайталамалардың мәтінтүзімдік қызметі . . . 57
2. 1. 3 Көркем мәтіндегі дыбыстық символика мәтінтүзуші фактор ретінде . . . 65
2. 2 Қазақ көркем мәтініндегі мәтінтүзуші лексика-семантикалық құралдар . . . 84
2. 2. 1 Мәтіндегі тірек сөздер . . . 84
2. 2. 2 Сөздік қатарлар мен сөздердің тақырыптық топтары мәтін түзуші бірліктер ретінде . . . 88
2. 2. 3 Синонимиялық парадигманың мәтінтүзімдік қызметі . . . 93
2. 2. 4 Антонимиялық парадигманың мәтінтүзімдік қызметі . . . 97
2. 2. 5 Көркем мәтіндегі фразеологизмдер мен символдар - мәтінтүзуші - лексика-семантикалық бірліктер . . . 100
2. 2. 7 Лексикалық қайталамалардың мәтінтүзудегі қызметі . . . 122
2. 2. 8 Мәтіннің мағыналық ұйымдастырылуы . . . 131
3 КӨРКЕМ МӘТІНДЕГІ МӘТІНТҮЗУШІ ГРАММАТИКАЛЫҚ ФАКТОРЛАР
3. 1 Морфологиялық деңгейдегі тілдік бірліктердің мәтінтүзімдік қызметі . . . 133
3. 1. 1 Есімдік - мәтін байласымын жүзеге асырушы тілдік бірлік . . . 133
3. 1. 2 Шылаулардың мәтінтүзімге қатысы . . . 141
3. 1. 3 Етістікті құрылымдардың мәтінтүзімдік қызметі . . . 143
3. 1. 4 Сан есімдердің мәтінтүзімдік қызметі . . . 147
3. 2 Көркем мәтіндегі синтаксистік мәтінтүзуші факторлар . . . 149
3. 2. 1 Сөйлем - мәтінтүзуші тілдік бірлік . . . 149
3. 2. 2 Парцелляциялық сөйлемдердің мәтінтүзімдік қызметі . . . 153
3. 2. 3 Сұраулы сөйлемдердің мәтінтүзу қызметі . . . 159
3. 3 Күрделі синтаксистік тұтастық - мәтіннің құрылымдық-семантикалық бөлшегі
3. 4 Синтаксистік параллелизмдердің мәтін құрылымындағы қызметі . . . 182
4 МӘТІНТҮЗІМНІҢ ПРАГМАТИКАЛЫҚ ЖӘНЕ КОММУНИКАТИВТІК АСПЕКТІЛЕРІ
4. 1 Көркем мәтіннің коммуникативтік-прагматикалық ұйымдасуы . . . 187
4. 2 Көркем мәтіндегі субьект категориясы мәтінтүзуші фактор ретінде . . . 193
4. 3 Мәтін астарының имплицитті-коммуникативтік сипаты . . . 201
4. 4 Көркем мәтіндегі автор сөзі мен кейіпкер сөзінің прагматикалық қызметі . . . 207
4. 5 Көркем мәтіндегі композициялық баяндау формаларының коммуникативтік-прагматикалық қызметі . . . 237
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 254
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 260
КІРІСПЕ
Тілді зерттеу ұзақ жылдар бойы тілдің жеке бірліктері - дыбыс, сөз, сөз тіркестері және сөйлеммен шектелгені белгілі. Қазіргі тіл білімінде сөйлемнен үлкен тілдік бірліктер - күрделі синтаксистік тұтастық, абзац және тұтас мәтінді зерттеу қолға алынды. Кейінгі жылдардағы зерттеулер нәтижесінде мәтін лингвистикасы саласы біршама қарқынды дамып, мәтін ұғымына қатысты зерттеулер нәтижесінде мәтіннің ерекше құрылымға ие екендігі анықталды. Мәтіннің өзіндік белгілері, сондай-ақ мәтінаралық байланыстар түрлері мен мәтіннің байласымдық, тұтастық, аяқталғандық сияқты қасиеттері ашылды. Сондай ақ мәтін құрылымындағы байланыстар тек шылаулар мен шылау мәндес сөздермен ғана жүзеге аспайтындығы, мәтін бөліктерін байланыстырушы басқа да тәсілдер бар екендігі белгілі болды. Мәтін лингвистикасы саласының кейінгі уақытта қарқынды дамып келеді, соған қарамастан, мәтінге қатысты әлі де анықталмаған, бірізге түсірілмеген мәселелер де жеткілікті.
Тілдің сатылық құрылымында мәтін семантика - синтаксистік құрылым ретінде жоғары деңгей болып есептеледі. Кез келген мәтін тілдік жүйеге бағынады. Сонымен қатар әрбір мәтіннің белгілі бір тұрғыда қайталанбайтын өзіндік ерекшеліктері болады. Тіл деңгейінің құрамы ретіндегі мәтін концепциясында, мәтін төмендегідей қасиеттерге ие:
1 Мәтін байласымдылығы. Мәтіннің байласымы алдын ала жоспарланған болады, яғни, алдын ала ойластырылған мәселе ретінде іске асады.
2 Мәтін тұтастығы. Тұтастық - мәтінде пайдаланылған бірліктердің интеграциалану қасиетін іске асыратын мәтіндік категория. Мәтін, әдетте, бөлшектері ескерілмей, бүтіндік ретінде қабылданады. Сонымен қоса, мәтін тұтастығы бір біріне қарама қайшы келетін логикалық негізге келіп тіреледі - үзіліссіздік және дискреттік. Бұл екі тұтастық қасиеттердің арасындағы басымы - үзіліссіздігі, өйткені мәтінді дискреттеу арқылы, ішінен бөлек компоненттерді белгілей отырып, оған барлық мәтінді телімейміз. Мәтіннің тұтастығы мен оның үзіліссіздігі тікелей байланысты. Мәтін тұтастығы кілт сөздердің қайталануы арқылы іске асады.
3 Жағдаяттылық . Мәтін тұтастығында (ситуативный) жағдаяттылық қасиет міндетті түрде көрініс табады. Осы жағдаяттылық арқасында тұтастық мағыналық категорияға айналады. Зерттеушілердің пікірінше, мәтін мен жағдаяттылық арақатынасы жеткілікті деңгейде еркіндікке ие.
4 Мәтін денотаттық бірлестікке ие: ол басқа мәтіндерден бөлектенген және шектелген. Мәтін арасындағы шекара салыстырмалы.
5 Салыстырмалылық. Мәтіннің салыстырмалы болуымен оның тағы бір антиномиясы байланысты - аяқталу антиномиясы. Оның аяқталмауы кездейсоқтық және лингвистикадан тыс факторларға байланысты.
6 Аяқталғандық.
7 Модальділік.
Мәтін - сөйлеу барысында қалыптасып, сұрыпталған, тұрақталған айрықша типтік сигналдардың жиынтығы болып табылады. Оған айрықша форма мен композиция, құрылым тән болып келеді. Мәтін әр түрлі тілдік бірліктер мен олардың арасындағы қатынастардың күрделі құрылымы болып табылады. Мәтін құрамындағы тілдік бірліктер өзара әр түрлі лексикалық, стилистикалық, логикалық байланысқа түседі.
Мәтіннің негізгі сипаттарының бірі - мағыналық тұтастығы. Мәтінді тұтастай алғанда бір ғана мазмұнға ие, өзара логикалық және грамматикалық байланыстағы әр түрлі тілдік бірліктерден құралған көп деңгейлі құрылым деп тануға болады. Мәтіннің мағыналық тұтастығы оның бойында кездесетін кейбір «тірек сөздермен» тікелей байланысты. Мәтін сөйлеудің сыртқа шыққан, материалданған көрінісі. Ал сөйлеу психологиялық әрекет нәтижесі болып табылатын жоғары психикалық қызметтің күрделі түрі. Сөйлеу әрекетіне көп деңгейлі, көп қырлы құрылым мен өзге де психикалық қызметпен тікелей байланыстағы күрделі жүйе тән. Осымен байланысты мәтінге тән күрделі психикалық құрылым оның мағыналық, құрылымдық және композициялық тұтастығынан, грамматикалық ерекшелігінен көрінеді. К
Көркем мәтінді нақты бір ақпаратты өз бойына жиған, әрі өзгеге жеткізе отырып, белгілі бір уақыт пен кеңістіктен ақпарат беретін, жеке тұлғаның рухани әлемін ашатын, коммуникативтік бағыттағы, күрделі тілдік таңба деп танимыз. Көркем мәтіннің коммуникативтік-прагматикалық ұйымдасуы мәтінтүзімнің коммуникативтік-прагматикалық аспектісін айқындайды. Көркем мәтіндегі субьект категориясының мәтінтүзушілік қызметіне, мәтін астарының имплицитті-коммуникативтік сипатына талдау жасау мәтінтүзімнің коммуникативтік-прагматикалық аспектісін айқындауға көмектеседі. Көркем мәтіннің коммуникативтік прагматикалық сипатын айқындауда автор сөзі мен кейіпкер сөзінің, композициялық баяндау формаларының коммуникативтік-прагматикалық қызметіне талдау жасаудың мәні зор.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Мәтіннің өзіне тән болмыс-қасиетін зерттеу сан ғасырлардан бері зерттеушілер назарынан түспей келе жатса да, мәтіннің бүгінгі күн талабынан зерттеуді қажет етіп жатқан тұстары әлі де көп. Бұл бағытта қазақ мәтіні лингвистикасында соңғы он жылдың ішінде біршама мәселелер анықталып, құнды зерттеулер жарық көрді. Мәтін лингвистикасының өзекті мәселелері бойынша бірнеше кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды. Бұл зерттеулер қазақ мәтін лингвистикасының дамуына, мәтіннің басқа да қырларының зерттелуіне негіз болғаны анық.
Мәтін лингвистикасында зерттеуді аса қажет ететін маңызды мәселелердің бірі - мәтінтүзуші тілдік бірліктерді анықтау. Көркем мәтіндегі фоносемантикалық доминант, дыбыстық қайталамалар мен дыбыстық символика, мәтіндегі тірек сөздер, сөздердің тақырыптық топтары мен және ассоциативтік қатарларының, фразеологизмдер мен сөз-символдар, сондай-ақ синтаксистік құрылымдар белгілі бір дәрежеде мәтінтүзімдік сипатқа ие. Қазақ тіліндегі мәтінтүзімнің фоносемантикалық, лексика-семантикалық, морфологиялық және синтаксистік факторлары және олардың мәтінтүзудегі қызмет ерекшеліктері кең көлемде тереңірек зерттеуді, жүйелеуді қажет етеді. Себебі, тіл білімінде бұрыннан бар дәстүрлі құрылымдық зерттеулерде аңғарыла бермейтін кейбір тілдік құбылыстардың қызметі мен ерекшеліктері тілдің мәтінтүзушілік қызметін зерттеуде айқындала түседі.
Осы орайда зерттеу жұмысының қажеттілігі және өзектілігі көрінеді. Зерттеу тақырыбы сонымен қатар, мәтінтүзімнің прагматикалық және коммуникативтік аспектілерін, көркем мәтіннің коммуникативтік-прагматикалық ұйымдасуы, көркем мәтіндегі субьект категориясы мәтінтүзуші фактор ретінде, мәтін астарының имплицитті-коммуникативтік сипаты мен көркем мәтіннің прагматикалық ерекшеліктерін қарастыруымен өзекті болып табылады. Аталған мәселелер қазақ мәтін лингвистикасының толыға түсуіне үлес қосады.
Зерттеудің мақсаты .
Қазақ тіліндегі мәтінтүзуші мағыналық құрылымдық компоненттерді анықтап, олардың мәтін құрылымындағы мәтінтүзушілік қызметін талдауп, мәтінтүзімнің коммуникативтік-прагматикалық аспектілерін анықтау. Осыған байланысты мынадай міндеттерді шешуді көзделді:
- мәтіннің зерттелуіне шолу жасау;
- Мәтін категорияларын саралап, мәтінтүзуші категорияларды анықтау;
- Көркем мәтіндегі мәтінтүзуші фоносемантикалық және лексика-семантикалық факторларды анықтау;
- Фоносемантикалық доминант, дыбыстық қайталамалар мен дыбыстық символиканың мәтінтүзушілік қызметіне талдау жасау;
- Қазақ көркем мәтініндегі мәтінтүзуші лексика-семантикалық құралдарды саралау;
- көркем мәтіндегі мәтінтүзуші грамматикалық факторлар мен олардың мәтінтүзімдік қызметін анықтау;
- Мәтінтүзімнің прагматикалық және коммуникативтік аспектілерін анықтау;
- Көркем мәтіннің коммуникативтік-прагматикалық ұйымдасуын мәтінтүзімдік фактор ретінде айқындау;
- Көркем мәтіндегі субьект категориясының мәтінтүзушілік қызметін дәлелдеу;
- Мәтін астарының имплицитті-коммуникативтік сипатын көрсету.
Зерттеудің нысанына қазақ тіліндегі мәтінтүзуші мағыналық-құрылымдық компоненттер және олардың мәтінтүзушілік қызметі алынды.
Зерттеудің әдістері. Жұмыста мәтін лингвистикасына арналған зерттеулердегі ой-пікірлерді түсіндіру, жинақтау, салыстыру, талдау, топтастыру, жүйелеу, сипаттау әдістері қолданылды.
Зерттеу жұмысының дереккөздері ретінде ХХ ғасыр қазақ көркем прозасының көрнекті өкілдері Ж. Аймауытов, Ғ. Мүсірепов, М. Әуезов М. Мағауин, Қ. Жұмаділов, О. Бөкей, С. Мұратбеков, С. Шаймерденов шығармалары алынды.
Зерттеудің теориялық-әдістанымдық негізін мәтін лингвистикасы, мәтін стилистикасы мен прагматикасы, тіл білімінің жекелеген мәселелерін зерттеуші А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, С. Аманжолов, М. Балақаев, Ә. Т. Қайдар, Р. Сыздық, Т. Қордабаев, Е. Жанпейісов, С. Құнанбаева, Б. Шалабай, С. Мұстафина, Г. Смағұлова, Г. Әзімжанова, Ж. Қайшығұлова, В. В. Виноградов, В. В. Одинцов, И. Р. Гальперин, Г. Я. Солганик, З. Тураева, И. О. Москальская, Е. А. Реферовская, М. П. Брандес, сынды қазақ және шетел тіл білімі ғалымдарының мәтін теориясына, мәтінтүзім мәселелеріне қатысты айтқан ой-пікірлері құрайды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен нәтижелері.
-Жалпы тіл біліміндегі және қазақ тіл біліміндегі мәтін лингвистикасының
зерттелуіне шолу жасалды;
- Мәтін категориялары сараланып, жіктелді;
- Көркем мәтіндегі мәтінтүзуші фоносемантикалық және лексика-семантикалық факторларды анықталды;
- Фоносемантикалық доминант, дыбыстық қайталамалар мен дыбыстық символика мәтінтүзуші фактор ретіндегі қызметі сараланды;
- Қазақ көркем мәтініндегі мәтінтүзуші лексика-семантикалық құралдар ретінде мәтіндегі тірек сөздер, сөздердің тақырыптық топтары мен және ассоциативтік қатарларының, фразеологизмдер мен сөз-символдардың, синонимиялық, антонимиялық парадигманың мәтінтүзімдік қызметі ашылды;
- көркем мәтіндегі мәтінтүзуші грамматикалық факторлар мен олардың мәтінтүзу және мәтіндегі ойды дамыту қызметтері ашылды;
- Мәтінтүзімнің прагматикалық және коммуникативтік аспектілері айқындалды;
- Көркем мәтіннің коммуникативтік-прагматикалық ұйымдасуы мәтінтүзуші фактор ретіндегі қырынан айқындалды;
- Көркем мәтіндегі субьект категориясының мәтінтүзушілік қызметі талданды;
- Мәтін астарының имплицитті-коммуникативтік сипаты анықталды.
Зерттеудің теориялық мәні. Қазақ тіліндегі мәтінтүзуші мағыналық-құрылымдық және стилистикалық компоненттерді зерттеу барысында алынған нәтижелер мен тұжырымдар мәтінтүзуші тілдік-стильдік құралдарды айқындауда және олардың мәтін құрылымындағы қызметін тануда жалпы мәтін лингвистикасы мәселелерінің толығуына үлес қосады. Сонымен бірге қазақ мәтінін оқытудың лингвистикалық-теориялық негіздерін анықтауға үлес қосады.
Зерттеудің практикалық мәні. Жоғары оқу орындарының филология факультеттерінде мәтін лингвистикасы, қазақ тілінің стилистикасы, тіл мәдениеті, көркем мәтінді лингвистикалық талдау бойынша оқылатын дәрістерде және арнайы курстарда қосымша құрал ретінде пайдалануға болады.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
- Мәтін - негізгі қасиеттері тұтастық пен тығыз байланыстылық болып
табылатын, ең жоғары тілдік жүйе.
- Фоносемантикалық доминант - мәтінтүзуші құрылымдық компонент
- Көркем мәтіннің дыбыстық ұйымдастырылуы акустико-артикуляттық ассоциация (ой байланысы) мен бейнелік ассоциация арқылы мәтіннің мағыналық ұйымдасуына жағдай жасайды;
- Фоносемантикалық құралдарды талдау дыбыстың ассоциативті-бейнелі уәжделуі негізінде мәтіндегі имплициттік-коммуникативті астарды анықтауға мүмкіндік береді.
- Мәтіннің дыбыстың жағынан бірыңғай үйлесімді берілуі қайталамалармен тығыз байланысты. Ассонанс пен аллитерация - көркем мәтіннің дыбыстық құрылымын күшейтіп, стильдік бояуын әрлендіріп қана қоймайды, сонымен қатар мәтіннің құрылымдық компоненттерін байланыстыру қызметін атқарады.
- Көркем мәтіндегі дыбыстық символикалық сөздер мәтін семантикасына қызмет етеді;
- Мәтіндегі тірек сөздер, сөздердің тақырыптық топтары мен және ассоциативтік қатарларының, фразеологизмдер мен сөз-символдар - көркем мәтінтүзуші лексика-семантикалық құралдар.
- көркем мәтінтүзуші грамматикалық факторлар мен олардың мәтінтүзу және мәтіндегі ойды дамыту қызметтері ашылды
- Мәтіннің мағыналық ұйымдастырылуы - мәтін тұтастығын қамтамасыз ететін мәтінтүзімнің негізгі лексика-семантикалық факторы. Мәтіннің мағыналық компоненттерін орталық (негізгі ой) және перифирициялық (қосалқы ой) деп бөлуге болады.
- Лексикалық қайталамалар көркем шығарманың сюжет желісін түзу, дамыту, оқиғаны бір-бірімен байланыстыру, мәтін композициясы мен архитектоникасының бір бүтін болуына қызмет етеді.
- Көркем мәтіндегі етістік тұлғалары, есімдік, шылаулар мен үстеу сөздер белгілі бір дәрежеде мәтінтүзімдік қасиетке ие.
- Мәтіндегі сұраулы, лепті, хабарлы сөйдлемдер де мәтіннің композициялық құрылымын түзуде, мәтін бөліктерін бір-бірімен байланыстыруда, мәтіндегі ойды дамытуда белгілі бір қызмет атқарады.
- Күрделі синтаксистік тұтастық - мәтіннің құрылымдық-семантикалық бөлшегі
- Мәтінтүзімнің коммуникативтік-прагматикалық аспектісі - көркем мәтіннің коммуникативтік-прагматикалық ұйымдасуына негізделеді.
- субъектоценнтризм - көркем мәтінді тілдік жүйе ретінде анықтайтын аспект және мәтін дербестігі категориясының тілдесім талабы ретіндегі репрезентациясы.
- Көркем мәтіндегі «автор сөзі» көркем туындының тілдік арқауын құрудың күрделі саласы;
- Көркем мәтіндердегі антропоморфизмдер - автор модальдылығы аясын қалыптастырушы тұлға. Автор модальдылығы мен антропоморфизмдердің әрекеттесуі нәтижесінде кейіпкер өміріндегі автордың ойы бойынша жасалған фактілер мен құбылыстар бейнелік тұрғыдан қайта ұғынылады.
- Мәтін астары - реципиент пен автордың бірлескен шығармашылығының нәтижесінде қалыптасқан, имплицитті-коммуникативтік сипатқа ие ақпарат.
Жұмыстың талқылануы мен жариялануы .
Зерттеу жұмысының мазмұны мен нәтижелері «М. О. Әуезов шығармашылығы және мәдени мұра мәселелері» республикалық ғылыми-теориялық конференциясында (Семей, 2006), «М. О. Әуезов шығармашылығы және мәдениеттер диалогы» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында (Семей, 2007), «Жаһандану жағдайында тілдердің дамуы және қазақ тілінің көкейкесті мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясында (Павлодар, 2009), Профессор Құдайберген Жұбановтың 110 жылдығына арналған «Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясында (Алматы, 2009), «Әуезов оқулары - 2009» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында (Семей, 2009) республикалық ғылыми-практикалық конференцияда (Павлодар 2009), «Жұбанов тағылымы VІІ» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясында (Ақтөбе, 2009) баяндалды. Диссертациялық жұмыстың негізгі тұжырымдары мен нәтижелері ҚР БжҒМ Білім және Ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитеті тізіміндегі басылымдарда және түрлі ғылыми жинақтарда жарияланды. Барлығы ғылыми жұмыс бойынша 30 мақала, 1 оқу құралы жарық көрді.
Жұмыстың құрылымы. Диссертация кіріспеден, төрт тараудан және қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілді.
1 МӘТІН ЖӘНЕ МӘТІНТҮЗІМ ҰҒЫМДАРЫ
1. 1 Мәтін лингвистикасының зерттелуі
Мәтінді зерттеу өте көне замандардан бастау алады. Алғашқы зерттеулер діни кітаптар мәтінін қарастырудан басталса, кейіннен заң және әдеби мәтіндер, мәтіннің басқа да түрлері ғалымдардың назарына ілікті. ХІХ ғасырдың аяғына қарай мәтінді зерттеумен этнологтар айналыса бастады. Ал мәтінді тілдік құрылым ретінде арнайы қарастыру 19-20 ғасырларда басталды. Мәтін туралы алғашқы мәліметтер қатарында орыс фольклористі, әдебиеттанушы ғалым В. Я. Пропптың 1928 жылы жарық көрген «Морфология сказки» еңбегін атауға болады [1] .
1950-60 жылдары В. Я. Пропптың бұл кітабы ағылшын және француз тілдерінде жарық көрді. 1960 жылдары Чех лингвистикалық мектебінің ықпалымен мәтіннің лингвистикалық теориясы қалыптаса бастады. Бұл бағытта П. Хартманн, Р. Харверг, З. Шмидт, Т. ван Дейк, В. Дресслер, Я. Петефи, К. Гаузенблаз, П. Сгалл, И. Беллерт, Н. Энквист және т. б. ғалымдардың еңбектерін атауға болады.
Бұл кезеңдердегі зерттеулерге тән ортақ сипат мәтіннің құрылымдық әдіспен зерттелуі болды. 1970 жылдардың ортасына қарай мәтінді коммуникативтік үрдіс ретінде қарастыру қолға алынды. Кеңестік дәуірдегі мәтін лингвистикасына қатысты мәліметтер И. А. Фигуровский, Н. С. Поспелов еңбектерінен басталады.
Қазақ тіл біліміндегі мәтін теориясы жөніндегі зерттеулер соңғы уақытта кеңірек қолға алына бастады. Алайда, мәтін лингвистикасына қатысты, кейбір ойлар қазақ тіл білімінің негізін қалаушылар Ахмет Байтұрсынұлы мен Құдайберген Жұбанов еңбектерінде де кездеседі.
А. Байтұрсынұлы мәтінді «шығарма сөз» деп атайды: «Сөз өнерінен жасалып шығатын нәрсенің жалпы аты шығарма сөз, ол аты қысқартылып шығарма деп аталады. Ауыз шығарған сөз болсын, жазып шығарған сөз болсын бәрі шығарма болады» [2, 344 б] . Құдайберген Жұбанов «сөз бұйымы» деп атайды [3] .
Кейінгі жылдары мәтін лингвистикасы кеңінен зерттеле бастады. Мәтін лингвистикасы мәселелері Р. Сыздық [4], Б. Шалабай [5], А. Жұбанов [6], Г. Смағұлова [7], Н. Уәли [8], Г. Әзімжанова [9], А. Әділова [10], Ж. Жақыпов [11], С. Мұстафина [12], С. Құнанбаева [13], Ж. Қайшығұлова [14], Ж. Кеншінбаева [15], М. Ахметова [16], М. Маретбаева [17] т. б. ғалымдардың зерттеулеріне нысан болса, М. Балақаев [18], Е. Жанпейісов [19], М. Серғалиев [20], Х. Кәрімов [21] еңбектерінде көркем мәтіннің ерекшеліктері сараланады. Б. Момынова [22], Қ. Есенова [23], А. Алдашева [24], еңбектерінде газет мәтінінің, С. Әлісжанов [25] зерттеуінде ғылыми мәтіннің ерекшеліктері қарастырылады. Мәтін теориясына қатысты мәселелер орыс тіл білімі тарихында А. А. Потебня еңбектерінен бастау алады [26] . 1950-60 жылдары мәтін құрылымы туралы тұжырымдар Н. Ю. Шведова, Т. Г. Винокур, Е. В. Подучева, Ю. С. Мартемьянов зерттеулерінде кездеседі. Бұл еңбектерде абзац құрылымы, мәтіндегі фразааралық қатынастар семантикасы туралы мәселелер көтерілді. Орыс тіл білімінде 1970-80 жылдары мәтін лингвистикасының өзекті мәселелері Т. М. Николаева, С. И. Гиндин, И. И. Ревзин, М. И. Откупщикова, В. Г. Гак, Б. М. Гаспаров, З. Я. Тураева, Е. А. Реферовская, И. И. Ковтунова, В. А. Бухбиндер, Г. В. Ейгер, Ю. А. Здоровов т. б. ғалымдар еңбектерінде көрініс тапты. Бұл зерттеулерде мәтіндегі интонация мен просодия, мәтін құрылымындағы ең кіші тілдік бірліктердің көрінісі (фонема, морфема) мәтіннің жалпы құрылымы, мәтіндегі уақыт пен модальдылық, мәтін референциясы, мәтін типологиясы туралы сараланады. Мәтін құрылымы, мәтін түзуші бірліктер және олардың бір-бірімен байланысуы сияқты мәселелер А. М. Пешковский, Н. С. Поспелов, И. О. Москальская, И. Гальперин, Г. Я. Солганик, Л. Ельмслев, т. б. ғалымдар қарастырған.
Мәтін лингвистикасы туралы маңызды еңбектердің бірі М. И. Откупщикованың «Синтаксис связного текста» атты оқу құралы болды [27] . Ғалым мәтін бірліктері, мәтін байласымы, мәтінді өзекті бөлшектеу сияқты ұғымдар мен олардың зерттелуіне тоқталады.
Мәтінді зерттеу оның қолданбалылық сипатына да байланысты жүргізілді. Компьютерлік лингвистикада У. Манн мен С. Томпсонның риторикалық құрылым теориясы бастапқыда мәтіндегі байланыс типтерін анықтауға бағытталған қолданбалы зерттеу ретінде қалыптасты.
ХХ ғасырдың екінші жартысында кеңестік тіл білімінде мәтін грамматикасы (лингвистикасы) бағыты қалыптаса бастады. И. Р. Гальперин, О. И. Москальская, З. Я. Тураева және т. б. ғалымдар мәтінді ұйымдастырудың лингвистикалық заңдылықтарын қарастырып, сөйлем мен айтылымның ара жігі, мәтін және оның бірліктері мәселелерін зерттеуде қолданылып жүрген әдістердің жеткіліксіздігін, терминдік аппаратты бірізге түсіру және нақтылау қажеттігін анықтады. Сонымен қатар, дәстүрлі құрылымдық-семантикалық әдіс мәтіннің тұтастығы және байласымдылығы сияқты басты ерекшеліктерін зерттеуде әлсіздік танытты.
Қазіргі уақытта мәтін әр қырынан, әр түрлі бағытта жан-жақты зерттелу үстінде. Онтологиялық тұрғыда - мәтіннің болмысы, алатын орны, ауызекі сөйлеуден айырмашылығы қарастырылса, гносеологиялық тұрғыда мәтіндегі объективті шындық бейнесінің берілуі сипатталады. Лингвистикалық тұрғыда - мәтіннің тілдік ұйымдасуы, психологиялық тұрғыда - мәтіннің қабылдануы, прагматикалық тұрғыда - мәтін авторының объективті болмысқа және мазмұнға деген қатысы анықталады. Бүгінгі таңда мәтін тіл білімі ғылымы саласында лингвоцентристік, текстоцентристік, антропоцентристік, когнитивтік сияқты бірнеше бағыттар бойынша зерттелуде. Мәтін лингвистикасы мәтіннің түрлі аспектілеріне кешенді талдау жүргізеді. З. Я. Тураева оның қазірде белгілі болған онтологиялық, гносеологиялық аспект, жеке лингвистикалық, психологиялық, прагматикалық аспектілерін көрсетеді [28] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz