Аңшылық пен саятшылыққа (АС) қатысты атаулардың семантикасы


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 137 бет
Таңдаулыға:   

КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қазақ тіліндегі аңшылық пен саятшылыққа қатысты атаулар халқымыздың дүниетанымдық ерекшеліктерін танып білуге мүмкіндік береді. Аңшылық пен саятшылыққа қатысты атаулар ұлттық рухани мұраны өз бойына сақтап келеді. Осы атаулардың тілдік қабаттарын зерттеудің маңыздылығы өте зор.

Әлемдік тіл білімі соңғы жылдарды ерекше қарқынмен дамып, жаңаша бағыт алып, тың өзгерістер мен жаңа ғылыми көзқарастар легін алып келді. Ұлт тіліндегі әрбір тілдік элементтердің табиғатын ұлт болмыс-бітімімен, этнос тіршілігімен сабақтастыра қарастыру бүгінгі таңдағы ғалымдардың алға қойған мақсаттары болып отыр.

Қазақ тіліндегі халықтың рухани-материалдық дүниесіне қатысты барлық фактарларды тілдік нысан ретінде зерттеудің өзектілігі артып келеді. Ұсынылып отырған зерттеу жұмысында аңшылық пен саятшылыққа қатысты атауларының тілдік таңба ретінде қалыптасу үрдісін зерттеуге, сипаттауға арналған.

Жұмыста қазақ тіліндегі аңшылық пен саятшылыққа қатысты атаулары зерттелінді. Оның ішінде аңшылық пен саятшылықта қолданылатын құрал-жабдық атаулары, қыран бүркіттің жасына байланысты атаулардың семантикалық ерекшеліктері талданды. Зерттеуде қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, этимологиялық сөздік, фразеологиялық сөздіктердегі атауларға талдау жасалынып, олардың тіліміздегі алатын орнына мән берілді.

АС қатысты атаулар да өзге тілдік бірліктер сияқты талай ғасырды артқа салып, қазақ тілімен бірге жасап келеді. Олар қазақ тілінің сөздік қорынан ерекше орын алады. Қазақ тілінің сөздік қорына еніп, сөйлеу тілімізде, әсіресе, саятшылар мен аңшылар тілінде қолданысқа ие. АС қатысты атауларды зерттеу - қазақ тіл білімінің негізгі мәселесінің бірі болып табылады. Оларды жинастыру, зерттеу - бүгінгі күннің талабы.

АС қатысты атаулар әлемі де кең, олар адамның материалдық-рухани өмірімен тығыз байланысты болғандықтан маңызды рөл атқарады.

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазақ тіл білімінде соңғы жылдары лингвомәдениеттану, когнитология мәселелері және әлемнің ұлттық тілдік бейнесі зерттеліне бастады. АС қатысты атаулар толық түрде жеке зерттеуге негіз бола қойған жоқ. Қазақ тілі лексикасындағы АС қатысты туған мол атауларға арнайы талдаулар жасалынбаған.

АС қатысты атаулар өзге тілдік бірліктер сияқты этноспен ғасырлар бойы бірге жасап, халықтың сөздік қорынан ерекше орын алып келеді. Тілімізде олардағы халықтық, әдеби формаларының өзіне тән жасалу заңдылықтары қалыптасқан. атауларға лингвистикалық баға беру үрдісі олардың тарихи шығу кезеңдеріне, даму жолдарына, өзара байланыстарына жан-жақты зерттеу жүргізу ісін қажет етеді. Олардың тіл білімінің түрлі бағыттарында зерттеу нысаны ретінде алынуы тек қазақ тілінде, сонымен бірге жалпы түркі тілдеріндегі айта қаларлықтай маңызды мәселенің шешілуіне жол ашады.

Зерттеу жұмысының нысаны - Тілдік және тарихи деректер мен сөздіктерге сүйене отырып, қазақ тіліндегі аңшылық пен саятшылыққа қатысты атаулардың лингвомәдени мазмұнын сипаттау.

Зерттеу пәні. Қазақ лексикологиясындағы аңшылық пен саятшылыққа қатысты атаулар.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері.

Зерттеудің мақсаты - қазақ тіліндегі аңшылық пен саятшылыққа қатысты атауларға лингвомәдени талдау жасай отырып, кешенді түрде зерттеу. Аңшылық пен саятшылыққа қатысты атаулардың өзіндік сипаты мен олардың лексика-семантикалық топтарын ашу, талдау болып табылады. Бұл қазақ тіліндегі аңшылық пен саятшылыққа қатысты атауларына қатысты мәселелерді шешудің теориялық негізін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл мақсаттарға жету үшін зерттеу жұмысы мынадай мәселелерді ғылыми жақтан айқындап, саралап алу міндеттерін қойды:

- аңшылық пен саятшылыққа қатысты атауларды қазақ тіліндегі тарихи және тілдік деректерден, зерттеулерден, әртүрлі сөздіктер мен көркем шығармалардан, жалпы халықтық диалектілік лексикадан барынша жыйып көрсету;

- аңшылық пен саятшылыққа қатысты атаулардың қалыптасу, даму үрдістерін қарастыру;

- қазақ тіліндегі аңшылық пен саятшылыққа қатысты атауларының уәжділік жүйесін ашу;

- аңшылық пен саятшылыққа қатысты атауларды тақырыптарға топтастыру;

  • кейбір аңшылық пен саятшылыққа қатысты атаулардың этимологиясын анықтау.

Зерттеу жұмысының негізгі дереккөздері ретінде сөздіктер мен этнографиялық еңбектер пайдаланылды: М. Қашқаридың «Диуани лұғат-ит түрік»-Алматы, І-ІІІ (1997-1998) ; Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. 1-10 томдар (1974-1986) ; Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі. -Алматы, 1996; Қазақ тілінің аймақтық сөздігі. -А, 2005; Ж. Бабалықов, А. Тұрдыбаевтың «Қырандар» А., 1983; Б. Кәмәләшұлының «Қазақ халқының дәстүрлі құсбегілігі мен атбегілігі» А., 2006; Б. Мүптекеқызының «Қазақ құсбегілері» А., 2006. ; Б. Хинаят, Қ. М. Исабеков «Саятшылық қазақтың дәстүрлі аңшылығы» А., 2007.

Зерттеудің әдіс-тәсілдері. Диссертацияда қазіргі қазақ тіліндегі ғылыми әдістемеге негізделген дәстүрлі лингвистикалық әдістер пайдаланылған.

Аңшылық пен саятшылыққа қатысты атауларды талдаудың негізгі әдісі - сипаттама әдісі. Бұл әдіс аңшылық пен саятшылыққа қатысты атаулардың құрамын, олардың қалыптасу және даму жолдарын анықтауда қолданылды.

Салыстырмалы әдіс арқылы жалпы түркі тілдеріндегі, қазақ тіліндегі, сондай-ақ басқа тілдерден енген аңшылық пен саятшылыққа қатысты атаулар сипатталады. Салыстырмалы-тарихи әдіс арқылы көптеген аңшылық пен саятшылыққа қатысты атаулардың шығу төркіні, алғашқы мағыналары анықталады. Аңшылық пен саятшылыққа қатысты атауларды жүйелі қатынасын көрсетуде құрылымдық әдіс пайдаланылды. Этимологиялық талдау барысында аңшылық пен саятшылыққа қатысты атаулардың уәжі анықталады. Аңшылық пен саятшылыққа қатысты атаулардың семантикалық құрылымы талдау әдісі арқылы зерттелінеді.

Жұмыстың әдістанымдық негіздері. Қазақ тіл білімінде Ә. Қайдар, Ж. Манкеева, Н. Уәлиев, Г. Смағұлова, Р. Шойбеков, А. Жылқыбаева т. б. ; жалпы тіл білімінде В. Гумбольдт, А. Вежбицкая, А. А. Потебня, В. Телия т. б. ғалымдар мен зерттеушілердің ғылыми еңбектеріне, мақалаларына сүйендік.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен нәтижелері . Жұмыста бұрын арнайы зерттелмеген қазақ тілінің лексикология саласындағы тіл бірліктері - аңшылық пен саятшылыққа қатысты атаулардың даму, қалыптасу кезеңдері, тілдік табиғаты айқындалып, лингвомәдени тұрғыдан сараланып зерттелінді.

Осы орайда жұмыстың негізгі жаңалығы ретінде төмендегі нәтижелерді көрсетуге болады:

  • қазақ тіліндегі АС қатысты атаулары жинастырылып, бірінші рет тақырыптық топтарға қарай бөлініп, лексикалық құрамына қарай анықталды;
  • аңшылық пен саятшылыққа қатысты атаулардың лексикалық құрамы анықталды; аңшылық пен саятшылыққа қатысты атаулардың лексика-семантикалық тәсілдер арқылы жасалу ерекшеліктері жан-жақты зерттелініп, талданды;

- қазақ тіліндегі аңшылық пен саятшылыққа қатысты атаулардың уәжділік жүйесі ашылды;

  • аңшылық пен саятшылыққа қатысты кейбір атаулардың этимологиясы анықталды;

- аңшылық пен саятшылыққа қатысты фразеологизмдер мен мақал-мәтелдерге талдау жасалынды.

Зерттеудің теориялық және практикалық мәні . Диссертациялық зерттеудің теориялық практикалық мәні осы семасиологиялық, этимологиялық, талдаудың тұжырымдары негізінде лексикология саласын, толықтыра, кеңейте зерттей түсуге өзіндік үлесін қосады. Зерттеу жұмысындағы аңшылық пен саятшылыққа қатысты атаулардың сипаты мен саны, олардың лексика-семантикалық және грамматикалық ерекшеліктері лексикологияның лингвистикалық сала ретіндегі маңызды теориялық жақтарын кеңейтуге өз үлесін қосады. Зерттеу нәтижесінде қол жеткізген тұжырымдар мен тілдік фактілерді жоғары оқу орындарында қазақ тілінің лексико-фразеология, этнолингвистика, этимология, лингвомәдениеттану саласы бойынша оқылатын дәрістерде, арнаулы курстарда білім беруде пайдалануға болады. Сондай-ақ, лингвомәдениетке қатысты лексикографиялық сөздіктер жасауға септігін тигізеді. Аңшылық пен саятшылыққа қатысты атауларға байланысты жинақталған мысалдардың қазақ тілін өзге ұлт аудиториясында үйрету кезінде де көмегі тиетіні сөзсіз.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:

- зерттеу барысында жинақталған аңшылық пен саятшылыққа қатысты атаулар лексикалық қабаттарды құрайды және олардың мағыналық, тақырыптық топтары мен сөзжасамдық сипаты бар;

- халықпен бірге жасасып келе жатқан аңшылық пен саятшылыққа қатысты атаулар тіліміздегі мақал-мәтелдер мен тұрақты тіркестердің жасалуына негіз болған;

- этимологиялық талдау кезінде аңшылық пен саятшылыққа қатысты атаулардың мағыналық реңкін анықтауға болады;

- аңшылық пен саятшылыққа қатысты тілдік бірліктер ұлттық мәдениет пен ұлттық дүниетаным туралы ақпарат береді;

- аңшылық пен саятшылыққа қатысты атаулар сөздік қорымыздың ертеден сақталып келе жатқан қабаты, халықтың өзіне ғана тән ерекшеліктерін көрсететін құндылықтардың бірі.

Жұмыстың жариялануы мен мақұлдануы. Зерттеу жұмысының негізгі материалдары мен мазмұны, тұжырымдары мен негізгі нәтижелері төменде көрсетілген халықаралық және республикалық ғылыми конференцияларда: «Қазақ тілі ғасырлар тоғысында: теориясы, тарихы және қазіргі жайы» Профессор Айтбай Айғабыловтың 70 жылдығына арналған Республикалық ғылыми-теориялық конференция (Алматы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршысы. Филология сериясы. - 2006. №4 (94) ; «Қазақ әдеби тілінің тарихы мен диалектологиясы» Профессор Хасан Кәрімұлы Мұхамбеттің 75 жылдығына арналған Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. (Алматы, 2007) ; «Мемлекеттік тіл саясаты: терминология, аударматану, ресми құжат тілі» Академик Ө. Айтбайұлының 70 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция (Алматы, 2007) ; ҰҒА Хабаршы. Филология сериясы. 2007, №4 (164) ; «Шежірелі Жетісу» Ғ. Ормановтың 100 жылдығына арналған Республикалық ғылыми-практикалық конференция (Талдықорған, 2007) ; әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршысы. Филология сериясы. - № 2 (110) ; «Ұлағат» журналы 2008, № 4; «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы 2008, № 8; «Тіл және жаһандану: бүгіні мен болашағы» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция (Алматы, 2008) жинақтарында жарияланды.

Сондай-ақ, жұмыс әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ филологиясы кафедрасында өткен лингвистикалық семинарда (№8 хаттама «25» сәуір 2007 ж. ) және кафедра мәжілісінде талқыланды. Зерттеу жұмысы бойынша 9 мақала жарияланды.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Жұмыс кіріспеден, екі бөлім, қорытындыдан тұрады. Жұмыс соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілді.

1. ТІЛ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ

1. 1 Тіл мен мәдениеттің байланысы мен ерекшеліктері

Әлем өрісінің, заман құбылысының әлі жете танылмаған аясы кең. Ғылым мен өнер көзге көрініп тұрған дүние болмысын да, жердің шалғай ғалам кеңістігін де нақты деректермен беріле зерттеп, мүмкіндігінше оларды адамзаттың өмір шындығына біртабан жақын, шынайы бейнелеуге ізгі талпыныстар жасауда.

Халықтың санасындағы дүниені бағалау, қабылдау, жалпы тіршілік-әлемге деген көзқарасы - ғасырлар бойы қалыптасқан философиялық ойлау мәнері, қоршаған әлемді қабылдау үрдістерінің нәтижесі және ұлттық құндылықтар әлемінің көрсеткіші деуге болады. «Нақты бір этникалық топтың тұлғалық терең мәні бар құндылықтар құрылымына сәйкес күнделікті мінез-құлық пен жүріс-тұрысын қалыптастыруы ұлт ментальдылығын көрсетеді. Бұл құндылықтар тұлғаның бойына әлеуметтік тұрақтану үрдісінде - жанұясымен, туыстарымен, достарымен, яғни, өзін қоршаған ортадағылар тарапынан қабылданады» [1, 11 б] . Сол менталитеттің бір көрінісі ретінде тілдің қарым-қатынас, экспрессивтік тағы басқа қызметтерінен өзге тарихи жинақталған реалий және абстракт ұғымдарды белгілейтін ұлттық-мәдени қызметін атауға болады.

Шындықты әр ұжым, әр ұлт өз биігінен таниды. Өз биігі дегеніміз ғасырлар бойы қалыптасқан ойлау ерекшелігі, дүниетанымы, сана-сезімі. А. Вежбицкаяның айтуы бойынша, тіл біріншіден, адамға қызмет ету үшін жаралған және әлемдегі объектілер мен құбылыстардың тілдегі барлық категориялары адамға бағытталып жасалған. Бұл - кез келген тілдің қасиеті. Екіншіден, кез келген тілдің ұлттық ерекшелігі бар және тілде тек табиғи немесе мәдени ерекшеліктер ғана емес, сонымен қатар, ұлттық мінез-құлықтың ерекшеліктері де айқындалады [2, 21 б. ] .

Біздің мақсатымыз - осы ерекшеліктердің себебін табуға әрекет жасау, оларға қандай фактор әсер етті немесе сол тілді жасаушы халықтың өзіне тән ақиқатты қабылдау қасиеттеріне байланысты болды ма, осы сияқты сұрақтарға жауап іздеу.

Тілдің қоғам өміріндегі маңызы туралы ғалым Қ. Аханов: «Адам санасында шындық өмірдің бейнеленуі тілсіз іске асуы мүмкін емес. Тіл біздің ойымызды білдіре отырып, қоршаған шындық өмір жайындағы білімімізді сақтап жеткізуші болып есептеледі. Тіл объективті дүниедегі заттар мен құбылыстар, олардың сапа, белгілері және бір-бірімен қарым-қатынасы туралы қандай бір ойды болса да айтып жеткізуге икемді келеді» деп жазады [3, 50 б. ] .

Адам дүниедегі бір затты тілдегі сөздермен белгілейді, ал тілдік бейнесі жоқ, тосын дүниені немесе затты қабылдау санаға қиын соғады. Әлемнің адам санасындағы бейнесі тілдегі бейнелермен, яғни сөздермен өте ұқсас, көп жағдайда олар бірін-бірі қайталайды.

Әр ұлттың, халықтың санасында әлем бейнесі сыртқы және ішкі факторларға байланысты әр түрлі болғандықтан, тілдегі ерекшеліктер де сан алуан. Сыртқы факторларға географиялық орта, әлеуметтік жағдай, шаруашылық түрі, діннің ықпалы, тарихи жағдай т. с. с. жатса, ішкі факторларға әдет-ғұрып, дүниетанымды, әдеп-шарттарын, жол-жосықты жатқызамыз.

Тілдегі әлем бейнесі, басқаша айтқанда, сөздердің қоршаған дүниені белгілеп атауы қандай жағдайларға байланысты жүзеге асады деген сұраққа көптеген ғалымдар осы уақытқа дейін жауап іздеуде. Бұл тақырыпқа байланысты зерттеулер тілдің әлемді танудағы қызметін жан-жақты қарастыратын әр түрлі пікірталас тудыруда.

Л. О. Чернейконың еңбегінде тілдің философиялық табиғатын, шындықты (реальность) бейнелеу сапасын, абстракт атауларды когнитивтік тұрғыдан қарастырады: "Сепир - Уорф гипотезасының тұжырымдары көптеген зерттеулерге жол ашты, нәтижесінде бірқатар этностық мәселелер шешімін тапты, көптеген деректер дәлелденді, нақтыланды. Бұдан мынадай қорытынды шығады: ұжымдық сана дыбыстық атауы жоқ дүниені, затты, құбылысты, нәрсені танымайды, "көрмейді", ал сана арқылы тану лексика-семантикалық деңгейде алатын болсақ - семантикалық кеңістікке, тілдің құрылымына, сөздердің санына және олардың меңгерілу түріне байланысты" [4, 10 б. ] . Чернейко ақиқат (действительность) - және шындық (реальность) ұғымдары туралы мынадай түсінік бар екендігін айтады: ақиқат деп санадан тыс, белгісіз дүниені айтамыз, ал шындық санамызға тәуелді, таныс дүние. Ақиқат дүние материалды және идеалды болып екіге бөлінеді. Осы тұста Г. В. Гактың пікірін айта кеткіміз келеді: "Ақиқаттың кейбір элементтерінің тілде арнайы белгіленбеу себебі осы тілде сөйлеуші адамдардың санасында соған сәйкес түсініктің жоғына байланысты" [5, 257 б. ] . Материалды дүниенің тілдегі бейнесі шындыққа жақын болуы мүмкін.

Әлем бейнесі әлемге деген белгілі бір көзқарастың бүтіндігін, жалпылығын білдіреді. Бұл туралы Э. Д. Сүлейменова: "Әлем бейнесі ұғымында бүтіндік белгісі бар және ол тілде адамдардың ұзақ қатынасы негізінде мәтін түрінде жүзеге асуы мүмкін. Жеке сөздердің табиғатында әлемнің тілдік бейнесі мүмкіндігінің жоқтығы, олардың қарым-қатынас қызметін атқару мүмкіндігі бомауымен барабар" [6, 14 б. ] деп жазады.

«Ғылымда ғылыми әдістер көмегімен жасалынатын әлем бейнелерімен қатар, дағдылы сана-сезім арқылы қалыптасқан ғылымнан тыс әр түрлі әлем бейнелері бар және олардың қызметі бүгінгі таңда аса өзекті болып табылады. Әрине, кез келген шынайы әлем бейнесі шындыққа біршама жақын немесе одан алыс теориялық көшірме, танымға тәуелсіз пайда болған болмыстың объективті байланыстары мен қарым-қатынастарының көрінісі» [7, 4 б. ] .

Ұлттық мәдениеттің ең маңызды және күрделі құрамдарының бірі - тіл болып табылады. Шындықтың адам санасында қабылданып, ой елегінен өтіп, сөз болып қалыптасып, сөз тіркесі немесе сөйлем ретінде айтылу үрдісі нәтижесінде - әлем бейнесі тілде екінші көрінісін табады. Сондықтан, әлемнің бейнесі мен тіл екеуі өзара тығыз қарым-қатынаста. Осыдан келіп, әлемнің тілдегі бейнесі атты ұғым пайда болуы әбден заңды. Тіл білімінде әлем бейнесін көптеген ғалымдар зерттеу объектісі етіп алады. Осы бағытта біршама жұмыс жасаған ғалымдар - Б. А. Серебренников[8], Е. С. Кубрякова [9], В. М. Постовалова [10], А. А. Леонтьев [11], Г. В. Колшанский [12], В. А. Маслова [13], Н. Ю. Шведова [14], Г. А. Брутян [1] ., Н. Г. Комлев [15] ., Э. Д. Сүлейменова [6] т. б. Бұл еңбектерде негізінен тілдің өмір сүруіндегі, дамуындағы, қызмет етуіндегі адамның рөлі қарастырылған.

Әлемнің тілдік бейнесі деген ұғым қазіргі таңда дүние жүзі бойынша көптеген ғалымдардың зерттеу объектісі болып келеді. Бұл мәселемен айналысу көне заманнан басталды деуге дәлелдер бар. Тек зерттеудің әр кезеңінде ғалымдар «әлемнің тілдік бейнесі» деген ұғым аясын кеңейтіп, тіл білімі ғылымына өз үлестерін қосуда.

«Әлемнің тілдік бейнесі» тақырыбына деген қызығушылық танытқан, осы мәселені тереңдете зерттеушілердің бірі - неміс лингвисті В. фон Гумбольдт өз еңбегінде: «түрлі тілдер - ұлт үшін ерекше пайымдау мен қабылдау органдары болып табылады» дейді [16, 324 б. ] . Бұл пікірді қостаушылардың қатарына Е. Кассирер[17], Ш. Балли [18], Л. Вайсгербер [19] сияқты ғалымдарды жатқызуға болады.

В. Гумбольдтың зерттеулерін Америкада әрі қарай жалғастырған лингвистердің бірі - Эдуард Сепир. Бұл салада Э. Сепир «Тіл» (1927), «Грамматист және оның тілі» (1924), «Лингвистиканың ғылым ретіндегі статусы» (1929), «Қарапайым тілдердегі концептуалды категориялар» (1931) атты және т. б мақалалар жазды.

Ғалым «Лингвистиканың ғылым ретіндегі статусы» деген еңбегінде тілдің «социалды шындықтағы» жол көрсетуші екендігін айтады [20, 26 б. ] . Қоғамтануға тіл аса үлкен қызығушылық танытпағанымен, ол біздің қоғамдық үрдістер мен мәселелер туралы түсініктерімізге бірталай әсерін тигізеді. Адамдар тек материалды немесе социалды әлемде өмір сүрмейді, олардың бәрі сол қоғамның қатынас құралы болған тілдің иелігінде болады. Адамдардың сыртқы дүниеде тілсіз де жол табуға болады және де тілді пайымдау мен сөйлесу арқылы қарым-қатынас жасаудың өзіндік мәселелерін шешудегі кездейсоқ құралы деген түсінігі - жай ғана иллюзия. Шын мәнісінде «шындық дүние» әлдебір социалды топтың тілдік әдеттерінің негізінде құрылады. Екі түрлі тіл бір-біріне бір социалды шындықтың көрініс құралы деп санайтындай ұқсастық жоқ. Әр түрлі қауым өмір сүретін әлемдер - ол әртүрлі таңбалары бар өзгеше кеңістік деген сөз. Мысалы, бір жай ғана өлеңді түсіну оны құраушы әр сөздің әдеттегі мағынасын түсіну ғана емес: сөздерде көрсетілген және олардың мағыналарының реңінде айқындалатын аталған қауымның символдық көзқарасы, бүкіл өмірінің бейнесі түсінілуі қажет.

. . . «Мы видим, слышим и вообще воспринимаем окружающий мир именно так, а не иначе, благодаря тому, что наш выбор при его интерпретации предопределяется языковыми привычками нашего общества» - деп жазады Э. Сепир [20, с. 261] . Өзіміз байқағандай, Э. Сепир көзқарасындағы адамдардың сыртқы дүниені қабылдауы және тануы тек тіл арқылы жүзеге асады деген пікір қазіргі кезеңдегі ғылыми тұжырымдармен сәйкес келе бермейді. Дегенмен, Э. Сепирдің «әлемнің тілдік бейнесі» ұғымын алғаш зерттеушілер ретінде лингвистикаға қосқан үлесі орасан. Бұл ұғым ғалымның еңбектерінде былай суреттеледі:

1) Белгілі бір тілдің шеңберінде алынған тілдік формалар әлемі таңбаланудың аяқталған жүйесі болып табылады. Бір тілден екінші тілге көшу психологиялық тұрғыдан бір геометриялық санау жүйесінен екіншісіне көшумен барабар.

2) Әрбір тіл психологиялық тұрғыдан алғанда қанағаттанарлықтай формалды түрде аяқталған бағыт-бағдарды иемденеді, бірақ бұл бағдар тілде сөйлеушілердің саналық ойлау жүйелерінің қатпар қатпарында тым тереңдеп орналасқан.

3) Тілдер іс-жүзінде психикалық үрдістердің мәдени қоймасы болып табылады [20, 255 б. ] .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Аңшылық пен саятшылыққа қатысты атаулардың лингвомәдени мазмұны
«Саятшылық» концептісі
Ғұрыптық фольклор лексикасы: идиоэтникалық семантика
Тіл және коммуникация
Қазақ және түрік антропонимдерінің мәнін, олардың этномәдени табиғатына тереңдеу арқылы тарихи сабақтастығын анықтау
Аңшылық кәсібінің мәдениеттегі орны
АБАЙДЫҢ ТАБИҒАТ ЛИРИКАСЫНА ҚАТЫСТЫ ӨЛЕҢДЕРІНІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ
Ғұрыптық фольклор лексикасы: идиоэтникалық семантика туралы
Сарыарқа өңіріне тән оронимдер және орографиялық терминдер
Араб - парсы тілінен енген сөздер
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz