Интеллектуалдық капитал


МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. XX ғасырдың аяғы ақпараттық революциямен есте қалып, ақпараттық қоғамның негізін салды. Бұл қоғамда ақпарат пен білім қоғамдық өндірістің басты құралы және объектісіне айналады. Сонымен бірге олар дамуды айқындайтын факторға айналып, еңбекті қосымша құнның жаңа көзі ретінде алмастырады. Ақпарат және білімді қамтитын интеллектуалдық капитал жеке кәсіпорынның да, бүкіл ұлттық экономикалардың да бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын болады. Интеллектуалдық капиталды (зияткерлік капитал) өндіру, пайдалану және арттыру қабілеті - бұл мемлекеттің экономикалық қуатының, оның халқының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасының іргесі.
Экономиканың интеллектуалдық капиталды өндіріп, оны тиімді түрде қолдана білу қабілеті ұлттың экономикалық қуаты, оның тұрмысының жасампаздық деңгейін уақыт өткен сайын көбірек айқындауда. Қоғамның түрлі білім, ой және ақпаратты импорттауға дайындығы, экономиканың оларды өнімді түрде өңдеуге қабілеттілігіне кез келген мемлекеттің сәтті әлеуметтік-экономикалық, саяси дамуы тәуелді.
Заманауи фирма - бұл тек тауар өндірушісі емес, сонымен бірге білім өндірушісі де. Көптеген ұйымдарда алынған нәтижелер арнайы білім, персоналды кеңінен оқыту және серіктестер мен контрагенттермен жұмыс істеудің көрсеткіші. Интеллектуалдық капитал физикалық активтер мен қаржы капиталына қарағанда әлдеқайда тұрақты бәсекеге қабілетті артықшылыққа айналып жатыр.
Мәселенің ғылыми зерттелу деңгейі. Интеллектуалдық капиталдың экономикалық прогрестегі үлкен рөлі оны тиімді қолдану жолдарын іздеуге бағытталған зерттеулерді өзекті ете түседі. Бұл мәселеге біздің заманымыздың көптеген белгілі экономистер назарын аударды. Берілген категория мәнін анықтауға Э. Брукинг, В. Гейц, Дж. Гэлбрейт, М. Кастельс, Э. Тоффлер, В. Иноземцев, Б. Леонтьев, Л. Мельник және т. б. өз еңбектерін арнады. Олар интеллектуалдық капиталдың категориялық негізін жасап, құрылымын анықтап, оның жалпы және әр құраушы элементінің қазіргі таңдағы рөлі ашылды. Аталған еңбектер теоретико-методологиялық бағыт ұстанғанымен ерекшеленеді және көбінесе макроэкономика тұрғысынан бұл мәселені қарастырады, ал жеке кәсіпорынмен байланысты мәселелер өзінің толық зерттелуін әлі күтуде. Кейбір басылымдарда кәсіпорын мен шаруашылық жүйелердің интеллектуалдық капиталын пайдалану мен бағалаудың қолданбалы аспектілері қарастырылғанымен, бұл шектеулі түре ғана жасалынған. Осының салдарынан берілген түсініктің құрылымын және оны бағалау тәсілдерін әртүрлі тұрғыдан талдау интеллектуалдық капиталды басқаруды қиындатып, шынайы жағдайға сай келмейтін стратегияны таңдауға алып келеді. Осы мәселелердің шешілуі кәсіпорынның интеллектуалдық капиталын оның даму факторы ретінде қалыптастырып, менеджментті оңтайландырып, тәуекел деңгейін төмендетіп, бәсекеге қабілетті және тұрақты дамуды қамтамасыз етуге бағытталған басқарушылық шешімдердің негізділігі мен жылдамдығын көтеруге мүмкіндік беретін болады.
Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың басты мақсаты - дүние жүзінің ақпараттық қоғамға өту жағдайында еліміздің интеллектуалдық әлеуетін талдау арқылы интеллектуалдық капиталымызды арттыру жолдарын ашып көрсету. Дипломдық жұмыстың міндеттері: интеллектуалдық капиталдың мәнін, құрылымын, нысандарын және ғаламдану жағдайындағы рөлін анықтап, көрсету; қазіргі қоғамдағы ақпараттану үрдістерін, елдің экономикасының өсуі мен интеллектуалдық капиталды арттыру арасындағы тікелей байланысты ашып көрсету.
Жұмыстың пәні - Қазақстанда интеллектуалдық капиталды арттыру және экономикалық өсудің инновациялық типін қалыптастыр мәселелерін талдау. Зерттеу объектісі - Қазақстан Республикасының интеллектуалдық әлеуеті және оны жүзеге асыру тетіктері.
Жұмыстың ғылыми-әдістемелік негізі. Дипломдық танымал отандық және шетел экономист ғалымдарының зерттеу нысаны болып отырған мәселенің түрлі қырларын қарастырған еңбектері пайдаланылды. Сондай-ақ зерттеу жұмысында нақты тарихи, жүйелі және салыстырмалы түрдегі талдаулар мен зияткерлік капиталды одан әрі арттыруға бағытталған зерттеушілердің пікір-түйіндері, тұжырымдары мен пайымдаулары ескеріле отырып, басшылыққа алынған.
Тәжірибелік маңыздылығы. Диплом жұмысы «интеллектуалдық капитал» категориясының мәнін анықтау тәсілдерінің жүйелі анализіне, кәсіпорынның интеллектуалдық капиталының мазмұны мен құрылымын анықтауға, оны бағалаудың әдіснамалық негіздерін жасауға бағытталған. Жұмыста Қазақстан Республикасының инновациялық экономика құрудың алғышарттары зерттеліп, нақты шаралар мен қадамдар ұсынылды. Қоғамның ақпараттануы жағдайында білімге негізделген экономика құрудың өзектілігі және интеллектуалды ұлт қалыптастырудағы ЖОО рөлі көрсетілді.
Диплом жұмысында интеллектуалдық капиталдың әлеуметтік, экономикалық және саяси маңызы туралы тұжырымдалған экономикалық тұрғыдағы талдаулар мен нақты тәжірибелік іс-әрекет нәтижелері негізінде жасалған ұсыныстардың ерекше тәжірибелік маңызға ие екендігі көрсетілген. Сондықтан да, дипломдық жұмыс қоғамның қазіргі даму барысындағы көкейтестілігі мен өзектілігі артып отырған әлеуметтік шындық кұбылыстарын ғылыми тұрғыдан талдап, қорытындылауға үлес қосады. Соңдай-ақ, интеллектуалдық капитал теориясы мен практикасында, экономика дамуында зерттеу жұмысы нәтижелерінің теориялық және әдіснамалық маңызы зор.
Диплом жұмысының құрылымы. Диплом жұмысы үш тараудан тұрады: 1, 2-тарау екі бөлімнен, 3-тарау 3 бөлімнен құралған. 1-тарауда интеллектуалдық капиталдың экономикалық мазмұны: интеллектуалдық капиталдың мәні, құрылымы, нысандары және әлем экономикасының жаһандану жағдайындағы интеллектуалдық капиталдың рөлі. Интеллектуалдық капитал - құнның жаңа өлшемі ретінде қарастырылған. 2-тарауда интеллектуалдық капитал және заманауи талаптар: интеллектуалдық капиталды өлшеу әдістері мен бағыттары және инновациялық экономиканың ресурстық жүйесіндегі интеллектуалдық капитал қарастырылған. 3-тарауда интеллектуалды белсенділіктің экономикалық әсері және оны реттеу мәселелері: Қазақстанда экономикалық өсудің инновациялық типін қалыптастыру, жоғары оқу орнының интеллектуалды ұлт қалыптастырудағы міндеттері және білімге негізделген экономика: мәселелері және шешу жолдары көрсетілген.
Сондай-ақ, жұмыстың негізгі қорытындысы жасалып, пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілді.
1 ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ КАПИТАЛДЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ МАЗМҰНЫ
1. 1 Интеллектуалдық капиталдың мәні, құрылымы, нысандары
Капитал табиғаты, оның мәні экономикалық ойдың назарын өзіне ғасырлар бойы тартып жүр. Өндірістік күштер, өндірістік қарым-қатынастардың даму деңгейіне байланысты адамдар «Капитал деген не?» деген сұраққа әр түрлі жауап беріп келді. «Капитал» категориясының даму кезеңдерін (1-сурет) қарастырайық:
1-сурет. Капитал дамуының тарихи аспектісі [1, 3 б. ]
Осылайша, капитал белгілі бір экономикалық жүйені қалыптастыру, дамыту үшін қажет материалды-заттай, ақпараттық, ақшалай, еңбек факторларының жиынтығы бойынша пайда болатын меншік қарым-қатынастарын білдіреді. Аталған элементтердің бір жүйеге бірігуі олардың әрқайсысының табиғатын өзгертеді: олар капиталдың органикалық құрылымына айналады.
Капитал қатынастары өндірістік факторларды рационалды қолдану жөнінде үнемі қосылып, жүзеге асырылып және қайта жаңартылып отырады. Капиталды қайта өндіру барысында оның субъектілерінің түрлі мүдделері қанағаттандырылады: кәсіпкердің, жұмысшылардың, жергілікті атқару билігінің, мемлекет және т. с. с. Субъектілердің жеке мүдделерінің қанағаттандырылуы меншікті иелену, басқару және қолдану негізінде жүзеге асырылады.
Қоғам мен ғылым дамыған сайын, экономикалық белсенділіктің үлкен әлеуетіне ие капиталдың жаңа, күрделірек нысандары пайда болады. Олар дамудың өзіндік бір бағдары болып шығады.
Капиталдың қуаты оның түрлі нысандарының бірлігінде, тоқтамайтын тиімді өндірісте шоғырланған.
Осылайша, капитал экономикалық категория ретінде меншік субъектілерінің арасындағы материалды және материалды емес өндіріс факторлары, жұмыс күші, қызметкерлердің интеллектуалдық потенциалы, қаржы капиталының жиынтығын рационалды қолдану жөніндегі қарым-қатынасты білдіреді. Қазіргі таңда және жақын арадағы келешекте өзінің дамуы сандық-сапалық параметрлер, сондай-ақ уақыт парамтерлері бойынша кең ресурсқа ие бір ғана фактор - бұл адам капиталы.
«Адам капиталы» және «интеллектуалдық капитал» экономикалық категориялары адамның экономикалық жүйедегі орны мен қызметі, оның еңбекке деген қабілетіне негізделеді, сондықтан да олардың ортақ нәрселері көп [1] . Алайда, бұл екі түсінікті айыра білу қажет.
«Интеллектуалдық капитал» категориясын анықтауға және зерттеуге қазіргі рыноктық экономика кезеңінде ғалымдар үлкен мән беруде. Бұл Э. Брукинг, Т. Бьюзен, Г. Минс, Д. Шнайдер, Ричард Р. Нельсон и Сидней Дж. Уинтер, А. Сли-вотски, Д. Моррисон сияқты шетел авторларының кеңінен танымал зерттеулері. Ресей рыногындағы осы категорияның негізін салушылар деп Л. С. Шаховская, Б. Б. Леонтьева, В. Л. Иноземцева, С. А. Ленскаяларды айтуға болады.
Қазіргі белгілі көзқарастарды қысқаша қарастыра кетейік. Мысалы, Э. Брукинг оны кәсіпорынның тіршілік ету және бәсекелік артықшылықтарына тірек болатын материалды емес активтеріне балайды. «Түйінді құраушыларға адами активтер (білім, тәжірибе, шығармашылық қабілеттер және т. б. ), зияткерлік (интеллектуалдық) меншік, инфрақұрылымдық және рыноктық активтер жатады. Адами капитал деп кәсіпорын қызметкерлерінің ұжымдық білімі, олардың шығармашылық қабілеттері, мәселені шеше білуі, көшбасшылық қасиеттері, кәсіпкерлік және басқарушылық дағдылары түсініледі» [2, 31 б. ] . Мұндай баға іс жүзінде бағалауға және басқаруға келетін материалды емес активтерді өзінің шығармашылық әрекетінде кеңінен қолданып жүрген практик тұрғысынан берілген.
Л. Мельник интеллектуалдық капиталды кеңірек мағынада: адамдардың ақыл-ой қабілетімен қоса олар жасаған және интеллектуалдық еңбек үрдісінде қолданылатын материалды және материалды емес активтер деп қарастырады; осылайша, интеллектуалдық капиталдың құрамына материалды емес активтермен қатар материалды активтер де енді.
В. Л. Иноземцев пен Б. Б. Леонтьевтің Л. Эдвинсонның құраған анықтамасына негізделген көзқарастары өте ұқсас.
В. Иноземцевтің анықтамасы бойынша, «өндірістік процеске қатысу нысаны және өзінің табиғаты бойынша ерекшеленетін білім мен ақпарат фирма ішінде интеллектуалдық капиталға айналады. » Бұл ғалымның тұжырымы бойынша, интеллектуалдық капитал - бұл кәсіпорынның жинақталған тәжірибесін, зияткерлік (интеллектуалдық) меншікті, ұйымдық құрылым, ақпараттық жүйе, имидж және қызметкерлердің білімін жинақтайтын «ұжым миы» рөлін атқаратын ақпарат пен білім [3, 340 б. ] .
В. Иноземцевтің пікірінше, интеллектуалдық капиталдың құраушы элементтеріне, біріншіден - компания қызметкерлерінің тәжірибесі, білім, дағды, жаңашылыққа деген қабілеті, сондай-ақ, фирманың философиясы, ортақ мәдениеті, оның ішкі құндылықтары ретіндегі адами капиталы; екіншіден - құрылымдық капитал, оған патенттер, лицензия, сауда маркалары, ұйымдық құрылым, мәліметтер базасы, электронды жүйелер жатады [3, 342 б. ] .
Б. Леонтьев белгілі бір субъектінің интеллектуалдық капиталы деп оның қолында бар барлық интеллектуалдық активтер құндарының қосындысын айтады. Оған зияткерлік меншік, табиғи және жүре пайда болған ақыл-ой қабілеті мен дағдылар, сондай-ақ, жинақталған білім базасы мен өзге де субъектілермен орнатылған пайдалы қарым-қатынастар: мысалы, брэнд, клиентура, фирма атауы, өткізу каналдары, лицензиялық және өзге де келісімдер жатады [4, 101 б. ] . Интеллектуалдық капитал субъектісінің құнды-лығы оның интеллектуалдық қызметінен күтілетін шынайы нәтижелерімен қатынаста қарастырылып және осының негізінде сәйкесінше құнмен сипатталу керек. Интеллектуалдық капитал қазіргі рыноктық экономикада жетекші капитал болып табылады және кез келген кәсіпорынның негізін құрайды [1] .
Тауар, қызмет, ақпарат ағымдарының енуі, адам және идеямен алмасудың тереңдігі мен қарқыны экономикалық жүйелердің бір-біріне деген тәуелділігінің артуына әкеледі. Әлемдік экономикаға бұл жүйелердің интеграциясының нәтижесінде ұлттық өндірушілер шетел тұтынушыларымен тығыз байланысты бола бастайды. Сәйкесінше, ішкі рыноктарда да шетелдік экономикалық субъектілермен бәсеке ұлғая түседі. Осылайша, қарым-қатынастың сандық өсуінің орнына сапалық өсу келеді. Ғаламдық экономикалық дамудың осы жаңа кезеңіне өтуі бүгін, ХХI-ғасырда, дамыған елдердің материалдық және қаржы инвестицияларының басыңқы бағыттары интеллектуалдық капитал бола бастағандығымен есте қалады. Интеллектуалдық капитал қоғамдық игіліктерді жасаудың әлеуметтік маңыздылығының артуы арқасында капитал нысанына ие болуда. Әр капитал түрінің қозғалысы өзінің ерекше құрылымын қалыптастырады, міне сондықтан да Ресей мен шетелде интеллектуалдық капитал түсінігіне түрлі мағына беріледі. Ресей әдебиеттерінде интеллектуалдық капитал деп интеллектуалдық активтер жиынтығы түсініледі. Оларға келесілер жатқызылуы мүмкін:
- Рыноктық активтер (рыноктық операциялармен байланысты материалды емес активтер) ;
- Актив ретіндегі зияткерлік меншік (патенттер, авторлық құқықтар, тауар мен қызметтердің сауда белгілері, ноу-хау, сауда құпиялары, т. б. ) ;
- Адами активтер (кәсіпорын қызметкерлерінің ұжымдың білімі, олардың шығармашылық қабілеттерінің жиынтығы және жеке тұлғалардың түрлі жағдайлардағы мінез-құлқы жайындағы мәліметтер мен психометриялық ақпарат) ;
- Инфрақұрылымдық активтер (кәсіпорын жұмысына жағдай жасайтын технология, әдістер мен үрдістер) .
Алайда, интеллектуалдық капиталдың басқа да анықтамалары белгілі. 1969 жылы Дж. К. Гэлбрейт бұл терминді адамның «таза интеллектісінен» едәуір үлкенірек нәрсе және ол интеллектуалдық қызметті қамтиды деп анықтаған. Бұл терминнің қазіргі заманауи талқылауы менеджмент тәжірибесінен бастау алған. Осы терминді «Fortune» журналының редакторы Томас Стюарт әйгілі етті. Оның «Ми шабуылы» атты мақаласы интеллектуалдық капитал тақырыбын менеджменттің теоретиктері мен практиктерінің қабылдауындағы катализаторы болды. Содан бері интеллектуалдық капитал анықтамасы көп рет дұрысталып, толықтырылды. Қазіргі таңда ондай анықтамалардың бірнешеуі бар. Тәжірибеде кеңінен қолданылатындары «интеллектуалдық капитал - компанияның қаржылық құжаттарында көрініс таппайтын, бірақ кодталған, бағаланған және компаниямен басқарыла алатын материалды емес (немесе сезілмейтін) активтері» деген анықтамаға сайып келеді. «Материалды емес активтер» термині компаниялардың жылдық есептерінде компанияны сатып алу кезінде және баланстарда есептелуге жататын патент, сауда белгісі мен брэндті белгілеу үшін қолданылады. Есептерде бұл сезілмейтін активтердің құны амортизацияны есепке алумен қатар көрсетіледі.
Осы анықтаманың өзге түрлері мәселенің түрлі аспектілеріне негізделген тәсілдерге байланысты беріледі: заңгерлер, журналистер, экономистер мен менеджерлер бұл терминге түрлі мазмұн береді. Кәсіпқой емес адамға «интеллектуалдық капитал» термині белгілі бір білім мен дағдыларға ие, және сондықтан да компанияға пайдалы индивидтердің құндылылығын білдіреді. Адам интеллектісі интеллектуалдық капиталды өсірудегі басты рөлге ие болғанымен де, соңғысы тек одан ғана құралмаған.
Іскерлік прессада интеллектуалдық капитал деп патенттер, үрдістер, басқарушылық дағдылар, технология, тәжірибе және тұтынушылар мен мердігерлер жайындағы ақпарат түсініледі Экономистер үшін интеллектуалдық капитал Тобиннің q-индексімен анықталады. Ол компанияның нарықтық бағасын оның нақты активтерін (ғимарат, құрылыс, құрал-жабдық және қорлар) алмастырудың бағасына қатынасына тең.
Осылайша, интеллектуалдық капиталды құрайтын салалар өте көп: ірі фармацевтикалық компанияның патенттерінен бастап жедел жәрдем ауруханасының медбикесінің дағдыларына дейін.
Интеллектуалдық капитал түсінігіне берілген кеңінен таралған анықтамалар:
Стивен Уоллман, АҚШ-тың қауіпсіздік және айырбас жөніндегі комиссия өкілі (1995) :
« . . . Интеллектуалдық капитал - бұл баланстық есеп бойынша құны нөлге тең активтер» [5, 7 б. ] .
Томас Стюарт, «Fortune» журналының редакторы (1991) :
« . . . патенттер, үрдістер, басқарушылық дағдылар, технология, тәжірибе және тұтынушылар мен мердігерлер жайындағы ақпарат. Осылар бірігіп интеллектуалдық капиталды құрайды» [5, 7 б. ] .
Дж. К. Гэлбрейт, экономист (1969) :
«Интеллектуалдық капитал - бұл интеллектуалдық қызмет» [5, 7 б. ] .
Кит Брадли, Ашық университетінің бизнес Мектебінің халықаралық менеджмент кафедрасының профессорі (1996) :
«Интеллектуалдық капитал - бұл жеке индивидуумдар, фирма және бүкіл ұлтқа бәсекелестік артықшылық беретін пайдалы ресурстарға білім мен сезілмейтін активтердің айналуы» [5, 8 б. ] .
Энни Брукинг, The Technology Broker консультациялық компаниясының бастығы (1997) :
«Біз сезілмейтін активтердің төрт категориясын анықтадық: адами ресурстар, зияткерлік меншікке құқық, инфрақұрылым және рыноктағы орналасу жағдайы. Бұлар, жалпы айтқанда, интеллектуалдық капитал терминімен аталады» [5, 8 б. ] .
Губерт Сент-Ондж, Canadian Imperial Bank of Commerce банкі (1996) :
«Интеллектуалдық капиталға үш элемент кіреді: адам капиталы, тұтынушылық капитал және құрылымдық капитал» [5, 8 б. ] .
Іс жүзінде компания басқарушылары өздерінің акционерлері мен қызметкерлеріне интеллектуалдық капиталдың жоғарыда аталған жалпы анықтамаларынан әлдеқайда толығырақ сипаттамаларын беруге ұмтылады. Skandia, Dow Chemical сияқты компаниялар және Canadian Imperial Bank of Commerce жақын арадан бері интеллектуалдық капиталдарының құнын бағалауды дәстүрлі қаржылық көрсеткіштермен қатар жылдық есептерінде қосымша көрсете бастады, сондай-ақ, олардың қызметінің ерекшеліктеріне сәйкес келетін интеллектуалдық капиталдың сипаттамалары қолданылатын, іштей пайдалануға арналған есептерінде де көрсете бастады. Booz-Allen & Hamilton, Price Waterhouse, KPMG және The Technology Broker сияқты консультациялық компаниялар интеллектуалдық капитал концепциясын олардың материалды емес активтерінің жасырын құрылымын клиенттерге түсіндіру құралы ретінде қолданады. Олар, әсіресе, белгілі бір саладағы табыстылықтың түйінді факторларымен байланысты активтерді көрсетуге тырысады. Сондықтан да, интеллектуалдық капиталдың анықтамасы көбінесе талдаудың мақсаттарына тәуелді. Нәтижесінде, көріп отырғанымыздай, интеллектуалдық капиталдың дәл анықтамасын табу қиын болып отыр. Кең мағынада бұл термин компанияның бәсекеге қабілеттілігіне және табыстылығына шешуші әсер ететін сезілмейтін активтерді білдіру үшін қолданылады. Осыған байланысты оларды компанияның жылдық есебінде көрсету қажеттігі жылдан жылға өсуде [5] .
Жоғарыда аталған анықтамалар мен көзқарастарды талдай келе, біз келесідей қорытынды жасай аламыз: интеллектуалдық капитал - бұл экономикалық субъектіге бәсекелік артықшылық беретін және интеллектуалдық қызмет нәтижесінде пайда болған барлық материалды және материалды емес активтер жиынтығы.
Интеллектуалдық капиталдың экономикалық категория ретіндегі мәнін анықтасақ, ол - түрлі экономикалық субъектілердің жеке экономикалық мүдделері негізінде белгілі бір тауар, қызмет, табысты өндіру, өмір сүру деңгейін көтеру, аймақтық және әлемдік даму теңсіздігі мәселесін шешу мақсатымен ғылымның қарқынды дамуының арқасындағы оны рационалды, тұрақты өндіру жөніндегі қатынастар жүйесі [6, 188 б. ] .
Б. Леонтьев Л. Эдвинсон берген анықтамаға негізделе отырып, интеллектуалдық капиталдың құрамында келесідей үш құрауышты атайды (ол құрауыштардың әрқайсысы жеке меншік ретінде немесе қарыз түрінде болуы мүмкін) :
- Адам капиталы (білім, дағды, тәжірибе, ноу-хау, шығармашылық қабілеттер, ойлаудың креативті әдісі, рухани құндылықтар, еңбек мәдениеті, т. б. ) Бұл капитал оның иесінен ажыратылмайды.
- Ұйымдық капитал немесе құрылымдық капитал-қызметкерлер үйлеріне қайтып кеткен кезде кәсіпорында қалатын, оның интеллектуалдық потенциалымен байланысты барлық заттар (патенттер, лицензиялар, ноу-хау, бағдарламалар, тауар белгілері, өндірістік үлгілер, техникалық және бағдарламалық қамтамасыз ету, ұжымдық құрылым, ұжым мәдениеті, т. б. ) .
- Тұтынушылық капитал. Бұл тұтынушы, клиенттермен орнатылған екіжақты пайдалы, берік және сенімді қарым-қатынастар жүйесі. Кейбір ғалымдардың пікірінше, оны кеңірек, қарастырған жөн. Оған экономикалық контрагенттермен (мердігерлер, тұтынушылар) байланыс, осы контрагенттер жайындағы ақпарат, олармен байланыс тарихы, тауар белгісі (брэнд) жатады. Жалпы айтқанда, бұл кешенді әрі күрделі материалды емес актив. Оған, сондай-ақ, клиентура, фирма атауы, өткізу каналдары, лицензиялық және өзге де келісімдер жатады [1] .
Сонымен, интеллектуалдық капитал адам, құрылымдық және тұтынушылық капиталдан тұрады (2-суретті қара) .
2-сурет. Интеллектуалдық капитал құрылымы [1, 5 б. ]
Көріп отырғанымыздай, ноу-хау адами капиталмен қатар ұйымдық капиталға да жатады. Кейбір мамандар білім техникалық құжаттауда жүйеленетінін және адамнан адамға тікелей берілетінін, сондай-ақ, жұмыс әдісін, қабілеттерді өзгеше қабылдау мүмкін еместігін қарастырмай, ноу-хауды тек соңғысына жатқызады.
Алайда, аталған құрылым негізінен интеллектуалдық капиталдың тек бір жағын ғана қарастырады - ресурстық жағын, яғни потенциал, ал екінші жағын - оны нәтижелі түрде жүзеге асыру мүмкіндігін және қабілетін қарастырмайды. Бірақ, бұл жағы өте маңызды. Шынымен-ақ, отандық кәсіпорындар мен экономиканың интеллектуалдық капиталын қарастырғанда оның әлі де өте жоғары екенін аңғару қиын емес. Дегенмен, интеллектуалдық капиталы біршама тең елдермен салыстырғанда біздің экономикамыздың дамуы әлдеқайда төмен. Яғни интеллектуалдық әлеуеттің болуы (яғни ресурстық жағынан алғанда) ғана жеткіліксіз, сонымен бірге оны белсенді түрде жүзеге асыра білу керек.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz