Көнеленген септік жалғаулары, олардың синтаксистік ерекшеліктері


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 122 бет
Таңдаулыға:   

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Көнеленген септік жалғаулары, олардың синтаксистік ерекшеліктері

10. 02. 02 - қазақ тілі

Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациялық жұмыс

Ғылыми жетекші

филология ғылымдарының

докторы, профессор Т. Сайрамбаев

Қосымша жетекші

филология ғылымдарының

докторы, профессор Р. Әмір

Қазақстан Республикасы

Алматы 2010

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ . . . 3

І КӨНЕЛЕНГЕН СЕПТІКТЕРДІҢ ТІЛДІК ЖҮЙЕДЕГІ ОРНЫ . . . 7

1. 1 Септік жүйесінің лексика-грамматикалық сипаты мен зерттелуі . . . 7

1. 2 Көнеленген септіктердің зерттелуі . . . 16

1. 3 Көнеленген септік жалғауларының түбір мен мағынаның өзгеруіне

әсері . . . 32

ІІ КӨНЕЛЕНГЕН СЕПТІК ЖАЛҒАУЛАРЫНЫҢ ТҮРЛЕРІ

МЕН СИНТАКСИСТІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ . . . 64

2. 1 Көнеленген септік жалғаулы сөздердің түрлері . . . 64

2. 1. 1 Барыс септік арқылы жасалуы . . . 67

2. 1. 2 Жатыс септік арқылы жасалуы . . . 69

2. 1. 3 Шығыс септік арқылы жасалуы . . . 75

2. 1. 4 Көмектес септік арқылы жасалуы . . . 79

2. 2 Көнеленген септік жалғауларының синтаксистік қызметі . . . 82

2. 3 Көнеленген септік жалғаулары арқылы жасалған мағыналық-

синтаксистік қатынастар . . . 97

ҚОРЫТЫНДЫ . . . 105

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 107

ҚОСЫМША А . . . 118

КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы . Диссертациялық жұмыс көнеленген септік жалғауларының (барыс, жатыс, шығыс, көмектес) синтаксистік ерекшеліктерін, олар арқылы жасалған туынды сөздердің түрлерін, мағыналық ерекшеліктерін, құрамын, анықтауға арналады. Зерттеу жұмысында септік жалғауларының көнеруінен пайда болған сөздер анықталып, синтаксистік қызметтері сараланып берілді. әдеттегі септік жалғаулары мен көнеленген септік жалғауларының ерекшеліктері анықталды.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақ тіл білімінде түбегейлі ғылыми зерттеуді күтіп жатқан мәселелер аз емес. Соның бірі - көнеленген септіктердің синтаксистік ерекшеліктері. Септік жалғауларының түбірде көнеленіп үстеу сөз табын жасайтыны туралы айтылып жүргенімен, оның толық жүйесі, синтаксистік сипаты арнайы зерттелмеген.

Септік қосымшаларының түбірге кірігу әрекеті - тілдің даму барысында қалыптасатын құбылыс. Бұл - өзіндік жасалу жолы, белгілері мен ерекшеліктері бар тілдік зандылық.

Қосымшалардың көнелену, лексикалану құбылысы туралы ой-пікірлер - Қ. Жұбанов, А. Ысқақов, М. Томанов, Н. А. Баскаков, Э. В. Севортян, А. М. Щербак, А. Н. Кононов, В. И. Асланов, Т. Г. Агаева сынды ғалымдар еңбектерінде сөз болғанымен, бұл зерттеулерде септік жалғауының түбірге кірігу әрекетіне қатысты мәселелер қысқаша түрде ғана қамтылған.

Cептік жалғауларының түбірге кірігу әрекеті қазақ тіл білімінде де, түркітануда да үстеу сөзге қатысты қарастырылып келеді. Бұған қатысты деректер ғалымдар еңбектерінде көнелену, сөзжасамдық мәселеге байланысты атап өтілгені болмаса, түбегейлі қарастырылмаған. Септік жалғауларының түбірге кірігу әрекетінің негізінде аналитикалық қатынасты тудыруы, сол арқылы тілде жаңа синтаксистік қатынастың, мағынаның қалыптасуы - тереңіне үңіліп, айқындауды қажет ететін мәселелер. Бұл тақырыптың өзектілігін дәлелдейді.

Зерттеу жұмысының нысаны. Қазіргі қазақ тіліндегі септік жалғаудың түбірге кірігу әрекеті арқылы жасалған көнеленген септік жалғаулардың түрлері.

Зерттеудің пәні. Қазіргі қазақ тілінің көнеленген септік жалғаулардың синтаксистік қызметі.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Қазақ тіліндегі сөз түбіріне кіріккен, көнерген септік жалғаулардың өзіндік ерекшеліктерін салыстыра отырып, кіріккен септік жалғаулардың әдеттегі септік жалғаулардан айырмашылығын, көнеленген септік жалғаулардың түрлерін анықтау және синтаксистік ерекшеліктерін көрсету - жұмыстың мақсаты болмақ. Осы мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттерді орындауға ұмтылыс жасалды:

  • сөз түбіріне кіріккен септік жалғауына тән негізгі белгілерді анықтау;
  • көнеленген септік жалғауларының түбірде көнеруі арқылы жасалған туынды сөздердің сөз таптарына қатысын көрсету;
  • көнеленген септік жалғауының лексика-семантикалық, морфологиялық, синтаксистік ерекшеліктерін айқындау;
  • септік жалғаудың көнелену нәтижесіндегі мағынаның өзгеруіне әсерін талдау;
  • септік жалғауының көнеленуінен туынды сөздердің синтаксистік қызметінің өзгеруін дәлелдеу.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы мен нәтижелері.

  • қазақ тіл білімінде септік жалғауының түбірге кірігу әрекеті бұрын- сонды синтаксистік тұрғыдан арнайы зерттеу нысаны болмағандықтан, оның теориялық толық сипаттамасы жасалды;
  • септік жалғауының түбірге кірігу әрекетінің негізінде пайда болған туынды сөздердің нақты саны анықталып, жүйелі түрде көрсетілді;
  • септік жалғауының түбірге кірігу әрекеті арқылы жасалған туынды сөздердің белгілері көрсетіліп, жеке лексема ретінде танылу мәселесі өз шешімін тапты;
  • сөз түбіріне кіріккен септік жалғаулардың негізгі түрлері анықталып, оларға жеке-жеке сипаттама берілді;
  • септік жалғауының кірігу әрекеті арқылы жаңа грамматикалық қабілетке ие болуы, жаңа қызметіне тән негізгі ерекшеліктері айқындалды.

Жұмыстың теориялық мәні. Зерттеу жұмысының нәтижелері қазақ тілінің синтаксистік қатынастар теориясын, сөзжасам ілімін толықтырады. Жұмыс барысында жасалған теориялық тұжырымдардың осы мәселенің одан әрі зерттелуіне, жалпы қосымшалардың кірігу әрекетінің зерттелуіне әсері мол болмақшы. Зерттеу жұмысы қазақ тіл біліміндегі жалпы қосымшалардың түбірге кірігу әрекетінде тілдегі ауысу құбылысын қарастыруды жалғастырар еңбектің біріне жатады. Еңбек жалғаулардың түбірге кірігу әрекетінің сөзжасамдық тәсіл ретінде танылуына әсер етеді.

Жұмыстың практикалық мәні. Зерттеу жұмысының келтірілген фактілері, нәтижелері, қорытынды тұжырымдары жоғары оқу орындарының филология факультеттерінде синтаксис, морфология, сөзжасам пәндері бойынша арнайы курстарда оқып, семинарлар жүргізуде пайдалануға болады. Сонымен қатар зерттеу жұмыстың нәтижелері болашақта, грамматикадан оқулық, оқу құралдарын жазушы, сөздіктер құрастырушы ғалымдарға пайдалы болмақ, аспиранттар мен ізденушілерге пайдалы.

Зерттеу жұмысының дереккөздері. Зерттеу жұмысына «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (10 томдық), «Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі» (Алматы, 2007), «Қазақ тілінің сөздігі» (Алматы, 1999), «Қазақ тілінің орфографиялық сөздіктерінде» (Алматы, 1978, 2002) біртұтас сөз ретінде берілген септік жалғауларының түбірге кірігу әрекеті арқылы қалыптасқан сөздер және соларға байланысты қазақ көркемсөз шеберлерінің шығармаларынан екі мыңнан астам мысал жиналып, еңбекте мыңнан астамы талданды.

Зерттеудің теориялық-әдіснамалық негіздері. Ғылыми еңбекте мәселені зерттеуде тіл білімінің көрнекті ғалымдарының (Қ. Жұбанов, А. Ысқақов, М. Томанов, М. Балақаев, Т. Сайрамбаев, Н. А. Баскаков, В. И. Асланов, А. А. Юлдашев, Т. Г. Агаева, С. Н. Иванов, Э. В. Севортян, Б. О. Орузбаева, Н. Қ. Дмитриев, А. М. Щербак, А. Н. Кононов, Ә. Төлеуов, А. Ибатов, А. Қалыбаева, Н. Оралбаева, Ж. Манкеева, А. Раманова т. б. ) көзқарастары негізге алынды. Нақты айтқанда, зерттеуге түркітану мен қазақ тіл біліміндегі қосымшалардың түбірге кірігу әрекеті, яғни лексикалану құбылысының негізгі теориясы арқау болды.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:

  • септік жалғауының түбірге кірігу әрекетінің негізінде қалыптасқан сөздер сөздіктерде біртұтас сөз ретінде беріліп, сөздік қорымызды байыта түседі;
  • барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерінің көрсеткіштері түбірге толық кірігу әрекеті арқылы тілде үстеулер, шылаулар, қыстырмалар қатарын толықтырып отырады;
  • септік жүйесінен оқшауланған септік тұлғалы сөздер (сөз таптары) сөйлем ішіндегі байланыстыру қызметінен де алшақтап, синтаксистік тұрғыдан етістікпен байланысы артқан. Сөз таптарының ауысу процесі синтаксистік деңгейде өтеді;
  • қазақ тіліндегі сөйлем ішінде грамматикалық қатынасты білдіретін әдеттегі септік жалғауларынан көнеленген септік жалғауларының өзіндік ерекшеліктері бар;
  • жалғаулар түбірге кірігу арқылы туынды сөздер жасап сөздердің байланысу түріне әсер етеді;
  • түбірдегі көнерген септік жалғауы бастапқы синтаксистік қызметі мен мағынасын жойып, жаңа синтаксистік қызметті иемденеді;
  • көнеленген септіктердің пысықтауыштық қатынаста түрлі мағыналары анықталды. Көнеленген септіктер арқылы мекендік мәндегі үстеу сөздер, мезгілдік мәндегі үстеу сөздер, сын-бейне, амал мәндегі үстеулер, мөлшер, шама мағынасын білдіретін үстеу сөздер қалыптасқан.

Зерттеу әдістері. Жұмысты жазу барысында ғылыми сипаттама, анализ, морфемалық талдау, статистика әдістері қолданылды.

Зерттеудің жарияланымы мен мақұлдануы. Диссертациялық жұмыстың негізгі түйіндері Көкшетау универсиетінде өткізілген «Сейтенов оқулары-2007» атты халықаралық ғылыми конференцияда (Көкшетау, 2007) ; Қызылдорда гуманитарлық университетінде өткізілген Ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлының туғанына 125 жыл толу құрметіне арналған республикалық ғылыми-теориялық конференцияда (Қызылорда, 2007) ; Қызылдорда гуманитарлық университетінде өткізілген «Жаңаша педагогикалық технология - жаңаша білім берудің негізі» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда (Қызылорда, 2008) ; А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында өткізілген «Этнос және тіл» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2009) ; әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, қазақ филологиясы кафедрасында өткен лигвистикалық семинарда баяндалып (2009 жыл, 18 желтоқсан), әл-Фараби атындағы ҚазМУ хабаршысы, филология сериясында (2004, №5) ; ҚазҰУ хабаршысы, филология сериясы (2008, №3) ; А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының хабаршысы. Филология сериясында (2009, №6) жарық көрді.

Жұмыстың құрылымы: Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі бөлімнен, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.

І КӨНЕЛЕНГЕН СЕПТІКТЕРДІҢ ТІЛДІК ЖҮЙЕДЕГІ ОРНЫ

1. 1 Септік жүйесінің лексика-грамматикалық сипаты мен зерттелуі

Жалпы тіл біліміндегі септіктерді анықтау қырлары. Септік категориясы есімдердің жалпы грамматикалық категориялар ішінде маңызды рөл атқарады және тілдің грамматикалық құрылымын зерттеуде басты мәселенің қатарынан орын алады. Өйткені бұл категория - сөйлемде сөздерді байланыстыратын негізгі грамматикалық көрсеткіш. Сонымен қатар, септік жалғаулары синтагматикалық тұрғыдан көбіне етістікпен байланысатындықтан, тілдік қатынастың оларсыз жүзеге асуы мүмкін емес. Септік категориясын лингвистер әр қырынан қарастыруда. Септік жалғаулары морфологиялық, синтаксистік және мағыналық тұрғыдан зерттеліп келеді.

Морфологиялық тұрғыдан септік категориясы грамматикалық мағыналары бар септік категорияларының жүйесі ретінде грамматикалық категория болып табылады.

Септікті грамматикалық тұлға ретінде орыс тіл білімінде Ф. Ф. Фортунатов пен В. В. Виноградов қарастырады. Ф. Ф. Фортунатов септіктерді түрлену парадигмасында қарастырады. Ғалымның жұмысында септіктің мағынасынан гөрі түрлену парадигмасы мен оның дамып қалыптасуына көп көңіл бөлінген [1, 139 б. ] .

В. В. Виноградов өзінің іргелі жұмысында септікті «басқа сөз таптарына қатынасын білдіретін есімдер формасы» деп анықтайды [2, 139 б. ] .

Р. О. Якобсон да септікті морфологиялық тұрғыдан қарастырады. Ғалым әр септікке тән ортақ мағына бар деп біледі. Ол мағына морфологиялық сипатқа ие. Септіктердің жекелеген мағыналары сөз тіркесіне қатысты дейді [3] .

Синтаксистік тұрғыдан септік сөйлемнің синтаксистік категориясы ретінде анықталады, септіктердің белгілі бір мағыналары оның парадигмалық тұлғаларында емес, сөйлемді құрайтын сөзформалар қатынасында қарастырылады.

Сөз сөйлемнің құрылыс материалы бола отырып, сөйлемде түрлі тұлғаларда түрленіп келіп жұмсалады. Мысалы, зат есім септік тұлғаларының бірінде келе алады. Бұл тұлғалар сөздің сөйлемдегі орнына (позициясына) қатысты келеді. Сөздің мұндай формасы сөзформа деп аталады [4, 143 б. ] . Септік категорияларын синтаксистік тұрғыдан А. А. Шахматов өз еңбектерінде талдайды, ол септіктерді анықтау негізі олардың синтаксистік қызметінде жатыр дейді.

Е. Курилович көзқарасындағы септіктің синтаксистік сипаты септіктің функциясына негізделген. Ғалым септіктердің грамматикалық және семантикалық қызметтерін ажырата қарастырады [5] .

А. А. Потебня көзқарасы септіктерді семантикалық бағытта қарастырады. Ол сөздердің көпмағыналығы мен грамматикалық формаларды жоққа шығарды: оның пікірінше, әрбір жаңа мағына жаңа сөз немесе жаңа форма тудырады. Форманың нағыз ұғымы «оның сөйлеудегі мәні, онда ол әрбір кезде бір мағынаға ие болады». Ғалым септіктерді бірегей грамматикалық категория ретінде қарамайды, оларды түрлі генетикалық өзара байланыстағы категория ретінде қарастырады [6, 64 б. ] .

Семантикалық бағыттың көрнекті өкілінің бірі - Ч. Филлмор. Ғалым септікті мағыналық қатынасты анықтауда қолданады.

Кейбір ғалымдар септікті анықтауда әр қырынан келіп, кешенді талдаулар жүргізген.

Айталық, В. Б. Касевич септік категориясын екі аспектіде қарастыру керек дейді. Бұл мәселе есім формаларына сәйкес келетін мағыналық категория негізінде және бұл формалар толтыратын синтаксистік қызметі негізінде талданады. Ғалым сондай-ақ есімдердің синтаксистік және аналитикалық форма жасауға қатысуы туралы айтады.

«Лингвистикалық энциклопедиялық сөздікте» септікті «грамматическая категория имени, выражающая его синтаксические отношения к другим словам высказывания или к высказыванию в целом» [7, 355 б. ] .

Септікті екі түрлі анықтауға болады:

  1. септік синтаксистік қатынасты білдіретін грамматикалық категория;
  2. сөйлем құрылымында белгілі бір қызметі мен мағына білдіретін қасиеті бар нақты форма (атау, ілік, барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес) .

Септіктердің мағынасы туралы тіл білімінде бірнеше көзқарас қалыптасқан. А. Вежбицкая оларды төмендегіше жіктеп көрсетеді:

1) септіктердің мағынасы бар, алайда септік формалары көпмағыналы; кейбір септіктердің мағынасының көптігі сондай - оларды бір-бірінен ажырату оңай емес (Б. Дельбрюк, А. А. Потебня) .

2) септіктердің мағынасы бар, және септік формалары көпмағыналы емес, септік мағыналарын нақты анықтауға болады (Р. О. Якобсон, А. В. де Гроот, Э. Бенвенист) .

3) септіктердің мағынасы жоқ, олар тек сөйлемде ғана нақты семантикалық сипатты иеленеді; «септік белгісі» - таза сыртқы құбылыс (Ч. Филлмор) .

Біз септіктердің мағынасы бар деген пікірлерді қолдаймыз. А. Вежбицкая жинақтаған пікірлер ішіндегі Р. О. Якобсонның және тағы басқа лингвистердің септіктердің көп мағыналы емес деген көзқарасты басшылыққа аламыз. Септіктердің бір түпкі бір мағынасы және грамматикалық жұмсалымы нәтижесінде пайда болатын бірнеше туынды мағынасы болады. Әрбір мағынасы мәнмәтінде түрленіп отырады. Сөйтіп бұл жағдайда септіктердің мағынасы туралы емес, олардың сөйлемдердегі беретін мағыналары жөнінде айту орынды.

И. А. Мельчук та Е. Курилович көзқарасын ұстана отырып, септіктерді грамматикалық және пысықтауыштық деп бөледі. Номинатив, генитив, аккузатив субъектік-объектік қатынасты білдіріп, грамматикалық септікке жатқызыла отырып, септік жалғау жүйесінің негізін құрайды. Қалған септіктер - датив, аблатив, латив пысықтауыштық қатынасты білдіріп, септік жалғауы жүйесінің перифериясын құрайды (Курилович, 1962)

Түркі тіл біліміндегі септік жүйесі және зерттелуі. Септік категориясы түркі тілдерінде Н. К. Дмитриев, Э. В. Севортян, Н. З. Ғаджиева, А. М. Щербак, Н. А. Баскаков, Г. Ф. Благова еңбектерінде қарастырылған.

Г. Ф. Благова түркі септіктерін септелу парадигмасы тұрғысынан былай топтастырған: атау, посессивті-атау және есімдік. Түркі тіл білімінің септелу жүйесіндегі ерекшелік көлемдік септіктер аясында байқалады. Сонымен бірге автор септік тұлғаларының даму мәселесі мен түркі тілдері ішіндегі өзара ықпалын қарастырған.

Көптеген жұмыстарда септіктер жүйесі диахрониялық тұрғыдан зерттелген. Ғалымдардың еңбектері есімдердің түрленуін тарихи тұрғыдан талдауға бағытталған. Бұл бағытта Н. З. Гаджиева, Н. А. Баскаков, Б. А. Серебренников пен Н. З. Гаджиева еңбектері жазылған.

Түркі тілдерінің грамматикасында септік тұлға мен мағынаны білдіретін есімдердің грамматикалық категориясы ретінде, сонымен қатар сөйлем мүшелерінің түрлену көрсеткіші ретінде қарастырылады (Дмитриев, Исхахов) .

Түркі тілдеріндегі септік категориясының бүгінгі күні алты негізгі өнімді формасы бар. Септік категориясының парадигмасын атау, ілік, барыс, табыс, жатыс және шығыс септіктері құрайды. Кейбір түркі тілдерінде бұл септік тұлғаларынан басқа екі-үш септік тұлғалары кездеседі. Ол көмектес септік (қазақ, хакас, шор, якут, чуваш тілдерінде), жеке септік (якут тілінде) т. б.

Н. А. Баскаков түркі тілдерінде алты өнімді және бес көнеленген септіктерді көрсетіп, олардың әрқайсысына жеке сипаттама жасайды.

Өнімді септіктер грамматикалық қызметіне қарай екі топқа жіктеледі: грамматикалық (атау, ілік, табыс) және мекен (барыс, жатыс, шығыс) септіктер. Грамматикалық септіктер үшін бастапқы қызметі - субъект пен объектіні білдіру. Барлық түркі тілдерінде грамматикалық септіктер сөйлемдерде субъектілік, объектілік қатынасты және сөз тіркестерінде меншіктілікті білдіреді.

Мекен септіктер көлемдік қатынасты білдіреді, ал басқа мағыналары (заттық, пысықтауыштық) бұл септіктер үшін екіншілік мағына әрі олар бірінші мағына негізінде өрбісе керек.

Көнеленген септіктерге -dak салыстырмалы, - ca салыстырмалы-бойлық , -yn көмектес , -tyn шығыс , -gary барыс септік тұлғаларын жатқызады. Н. А. Баскаков пікірінше, бұл септіктер септіктің түрлену жүйесіндегі өзгерістермен байланысты және бүгінгі таңда олар белгілі бір лексикалық топтар ретінде қолданылады. Соңғы үш септікке мынадай мысалдар келтіреді: gyzyn, mynartyn, teskeri.

Кейбір түркі тілдерінің септік жүйесінде септік жалғауларларына жекелеген дауысты немесе дауыссыз дыбыстардың қысқарып септеулік-қосымшаға айналған грамматикалық қатынас жағынан ұқсас септеулік шылаулар формасы да енгізіледі:

1) -ла/-ле қосымшасы, ол бирлен септеулігінен пайда болған, алтай тілінде - көмектес немесе құралдық септік, тува тілінде - биле септеулігі;

2) -наң/-нең қосымшасы, бұл да бирлен септеулігінен пайда болған, хакас тілінде - көмектес септік;

3) - сар/-сер қосымшасы, хакас тілінде қолданылады, алтай және шор тілдерінде бағыттық мақсатта жұмсалады [8] .

Н. З. Гаджиева түркі септік жүйесінің тарихи даму тұрғысынан омоним болатын - ча септік тұлғасын бөліп көрсетеді: бағыттық мағынадағы септік және салыстырмалы мағынадағы септік [9, 275 б. ] .

Қазіргі қазақ тілінде септік жүйесін атау, ілік, барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес септік жалғаулары құрайды. Бұл септік жалғаулар өзіне тән грамматикалық тұлғалар арқылы белгілі грамматикалық мағына білдіріп, сөйлемде белгілі бір синтаксистік қызмет атқарады.

Жеті септіктің ішінде атау септігінен басқа септіктердің барлығының грамматикалық көрсеткіші бар.

Атау септігін барлық зерттеуші ғалымдар басқа септік тұлғаларына негіз болатын форма ретінде қарастырған. Сондықтан барлық түркологиялық әдебиеттерде атау септігі негізгі септік (основной падеж) деп беріледі. «Атау септік формасы, бір жағынан, басқа септіктердің формалары мен мағыналарын салыстырып ажырату үшін қабылданған негізгі форма болса, екінші жағынан, ол тек белгілі бір затты атау үшін ғана емес, онан әлдеқайда кең грамматикалық қызмет атқаратындықтан, арнайы талдайтын негізгі форма ретінде қаралады» [10, 61 б. ] .

Септік жалғауларын қазақ тіл білімінде морфологиялық әдебиеттерде, синтаксистік әдебиеттерде де жан-жақты талданып келеді.

Септік жалғауларының мағыналық құрылымын С. Аманжолов «Септік жалғауларының қызметі» атты мақаласында қозғап, жеті септікке тоқталады. Әр қайсысының сөйлемдегі мағынасын қарастырады, жұмыста біз тек барыс, жатыс, шығыс, құралды (көмектес) септіктерге тоқталдық.

«Барыс жалғау. Негізгі барыс жалғаудың қызметі: "заттың бет алысын көрсету" дейтін болсақ, оны барлық бірдей барыс жалғау тұлғасы атқара бермейді. Міне, сол жақтарын түгел айқындап шығу үшін бірнеше жікке бөлеміз.

Жатыс жалғау. Жатыс жалғауының негізгі тұлғасы -да/-де, -та/-те. Бұлар заттың мекенін жалпы түрде көрсетеді. Ал заттың мекенін жалпы көрсетпей, айқынырақ басқалардан жіктеп көрсету болса, олардың үстіне -ғы/-гі жалғауы қосылып, мекеннің ішкі жағын тұрақты етіп көрсетеді. Мысалы: қаладағы бала, үйдегі бала, т. т. Жатыс жалғауының негізгі екі мағынасы бар, бірі - тік мағына, екіншісі - көлденең.

Шығыс жалғау. Шығыс жалғаудың негізгі қызметі - бір заттың екінші заттан шыққандығын, бет алғанын көрсету. Негізгі сұраулары: "қайдан, неден, кімнен?". Оның барлық түрі бұл сұрауға жауап бермегендіктен, оңдайларды көлденең мағыналыға қосамыз. Сөйтіп, мұның да тік, көлденең мағыналары бар екен.

Құралды жалғау. Құралды жалғаудың негізгі қызметі - істің нендей құралмен істелгендігін көрсету. Бірақ барлық құралды жалғау ол міндеттен шыға бермейді. Негізгі сұраулары "кімнен? немен?", сондықтан бұларда да тік мағына, көлденең мағына дегендер болады [11, 24-34 бб. ] .

Ғалым септік жалғауларының мағыналарын нақты деректермен тиянақтай келе, мынадай қорытынды жасайды:

«1 Септік жалғаулары тек жалғау үшін жүрген жоқ, олар сөз бен сөз
арақатысындағы мағынаны ашады;

2 Сөз бен сөздің орнына қарай (сөз таптарының сөйлем ішіндегі
орнына қарай) әрбір жалғау бір ғана емес, 1-ден 22-ге дейін мағынаға
ие болады (мысалы, шығыс жалғауы) ;

3 Септік жалғауларының тұлғасына лайық түпкілікті тік (прямое
или вертикальное) мағынасынан басқа, тұлғасына сай емес көлденең
(горизонтальное или косвенное) мағынасы да барлығы байқалады.

Әрбір жалғаудың беретін мағынасын санағанда мынадай есеп шығады:

  1. Барыстың 8 тік, 9 көлденең мағынасы бар - 17;
  2. Жатыстың 2 тік, 4 көлденең мағынасы бар - 6;
  3. Шығыстың 13 тік, 9 көлденең мағынасы бар - 22;

Құралдың 2 тік, 4 көлденең мағынасы бар - 6» [11, 34 б. ] .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ЗАТ ЕСІМНІҢ ЖАЛҒАУЛАРЫ
Грамматикалық формалардың лексикалануы
Үстеу сөзжасамының ерекшеліктері
Меңгеріле байланысқан есімді сөз тіркестері
Сан есім туралы
Мезгіл устеулері
Есімдік және оның мағыналық түрлері. Есімдіктің лингвистикалық қызметтері
СӨЗ ТІРКЕСІНІҢ ҒЫЛЫМИ-ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ, ҚАЛЫПТАСУЫ
Сөз табы ретінде үстеулерді оқытудың мақсаты мен міндеттерін анықтау
ЕСІМДІК. ЕСІМДІКТЕР ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ СИПАТТАМА
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz