Ақын поэзиясындағы ұлттық рух пен көркем шындық


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 126 бет
Таңдаулыға:   

Рамазанова Шайгүл Әмірғалиқызы

Ақын поэзиясындағы

ұлттық рух пен көркем шындық

Бөдешұлы өлеңдеріндегі,

көркем шындық

Жиырмасыншы ғасырдың 60-80 жылдары қазақ поэзиясының даму кезеңі болып саналады. Тек қазақ поэзиясы емес, жалпы қазақ өнерінің өрлеу жылдары десе де болғандай. Т. Молдағалиев, Қ. Мырзалиев, Ж. Нәжімеденов,
С. Жиенбаев, Ө. Нұрғалиев, Ж. Қыдыров, М. Мақатаев сынды жыр жүйріктерінің ұлы дүбірге қосылған кезеңі еді. М. Әуезовтің өзі де «жыл келгендей жаңалық сезінеміз» деген тұсы да осы. М. Қаратаевша айтсақ «төртінші толқын» өкілдері өздеріне-өздері кепілдік бере алатындай, өздеріне-өздері кепілдік бола алатындай тегеурінді толқын болып шықты. Осы кезең хақында С. Қирабаев «кеңес өкіметі өмір сүрген 70 жылдан артық мерзім - біздің бастан кешкен тарихымыз. Онда қайшылықтар мен бірге пайдалы нәрселер де жасалды. Жасырмай айтсақ, біздің бүгінгі кәсіби әлемге танылған әдебиетіміз - сол жылдардың жемісі» [1. 43 б. ] деген болатын. «Үстімде сұр шинелім, ақсаңдай басып келемін» - деп Қ. Аманжолов айтқандай [2, 176 б. ], немесе ақынның өзі: «біреуге жақсы атанып, пысқырмадық таққа, жатқа, өлеңді ақсатпадық, өзіміз ақсасақта» дейді. Өзі ақсаса да, өлеңді асқақтатқан төртінші толқынның өкілі - Жәркен Бөдеш.

«Бұрынғы жылдары бұйығылау көрінетін Жәркен Бөдеш сынды ақынымыз жаңбырдан кейінгі дала гүлдеріндей жадырай да жарқылдай түсуде» - деген Әбіш Кекілбаевтың бір ауыз сөзі де оның шын мәніндегі жыр жүйрігі екенін аңғартса керек [3, 3 б. ] . «Бұрынғы жылдары бұйығылау көрінетін» деген ойдың астарында Бөдештің бұрынғы жазған жырлары тұр. Оның қазақ поэзиясының қасиетті табалдырығын әдеппен аттағанынан да хабар бергендей. М. Әлімбаевтың Жәркен жырларына арнайы көңіл бөліп, пікір пайымдауы да осы кездер болса керек. «Өз басымыз ұлы болмасақ та, ұлыларды ұғынуды дәреже санаймыз һәм өзімізді жақсы көргендіктен, ақынды жабырқатқан жай тура біздің көңіл-күйіміз сияқты» деп Б. Майтанов айтқандай [4, 342 б. ],
Ж. Бөдештің «ұлыларды ұғынған» кездері де, өлең өлкесіне бет бұрған жылдары дәл осы кезең, келісті де кенішті кезең. Келісті дейтініміз - өнер адамдарының өрісі кең, кенішті дейтініміз - қазақ поэзиясының арғы-бергі тарихындағы қанжығасы - майлы, олжасы - ортақ мамыражай заманы болатын.

Қазақ жырының төрт құбыласын түгендеп, төрт аяғынан тік тұруына үлес қосқандардың ішінде Ж. Бөдештің бары да ақиқат. Болмаса, ол «өзіміз ақсасақ та, өлеңді ақсатпадық» деп айта алмас еді. «Туғанда дүние есігін ашады өлең» деп Абай Құнанбаев айтпақшы, Жәркен Бөдеш жыр әлеміне жол тартпас бұрында, халықтың арғы-бергі халық әдебиет үлгілерімен, поэзияның татымды, таңдаулы туындыларымен танысып, табысқаны байқалады, ең алдымен Жәркен Бөдеш тағдырлы ақын, әйтпесе «мен ақын емеспін, тағдырым ақын» деп бекер айтпаған болар.

Бір ақын жүр Алматы Тастағында,

Келіп еді тау асып қасқа мұнда.

Тағдырының іздері сайрап жатыр,

Өлеңінің қат-қабат астарында [5, 72 б. ] .

«Өмір-өлеңнің «қат-қабат» астарында бұғып жатқан адам тағдырына үңіліп, оны зерделеп шығу міндетіміз Һәм мақсатымыз. «Менің қосымша өмірбаяндық деректерім - өлеңдерімде», - деп С. Есенин [6, 17 б. ] айтқандай, көркем шығармадағы тұңғиық ойды, талайлы-талайсыз тағдырды, ақынның қорғаштап, шып-шырғасын шығармай, бөліп-жармай, бүтін қалпында мына дүниеге жарқыратып алып шығу - жердің жеті қат астында жатқан кенді қазып алудан да қиын шаруа. Адам баласы жаратқан, қоршаған тылсым табиғаттан да күрделі.

Ақын тағдырын өлеңдерінен бөліп қарауға болмайды. Өмірін - өлеңге, өлеңін - өмірге айналдырған ақынның өмірін өлеңінен, өлеңін өмірінен бір бөлек қарастыру мүмкін емес.

Жәркен Бөдеш 1944 жылы 15 мамырда Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағы, Толы ауданына қарасты Жайыр жайлауында мұғалім отбасында дүниеге келген. 1980 жылы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.

1973 жылы «Көкшетау правдасы» газетінің меншікті тілшісі, 1976 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Кітап палатасында, Дүние жүзі қазақтары қауымдастығында жауапты қызметтер атқарған.

1982 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері. 1993 жылы Алматыда өткізілгенТүркі дүниесі поэзиясы II фестивалінің жеңімпазы. Академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 100 жыл толуы құрметіне халықаралық Сәтбаев қоры мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп өткізген республикалық ақындар мүшайрасының бас жүлдегері. Сонымен бірге Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов, Қасым Аманжолов, Түркістан-1500, Махамбет Өтемісұлының мерейтойларына Дүниежүзі қазақтарының II Құрылтайына арналған жыр сайысында жүлделі орындарды жеңіп алған.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы ақпанның 4-індегі Жарлығы бойынша «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.

2009 жылы Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы, жазушы, қоғам қайраткері Бауыржан Момышұлының 100-жылдығына арналған Республикалық драмалық шығармалар конкурсында Батыр Бауыржанның бейнесін, ерлік істерін жан-жақты биік көркемдік деңгейде ашып көрсеткені үшін жүлделі орынға ие болған.

Қазір Қазақстан Жазушылар Одағы Басқармасының әдеби кеңесшісі.

Екінің бірі білетін Есенинді айтпағанда, Марина Цветаеваның өзі Б. Пастернакқа жазған хаттарының бірінде: «менің тағдырымды өлеңдерім арқылы танып-түстеуге, тіпті түсінуге болады» [7, 59 б. ], - деген екен. Олай болса, Жәркен Бөдештің де тағдырының іздері - өлеңінің “қат-қабат астарында».

Қытайдағы мәдениет төңкерісінің ел өміріне тигізген ықпалы ұшан-теңіз, ұлт санасын сеңдей сапырылыстырып, астын үстіне, үстін астына шығарған қауырт құбылыс болды. Қытай қаламгерлеріне де, сол елді мекендеп отырған ірілі-ұсақты ұлт өкілдеріне де қиын күн туды. «Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан көресің» дегендей, онсыз да ілдалдалап, кіріптарлық күй кешіп, «шықпа жаным шықпамен» [8, 213 б. ] отырған Шыңжаңдағы үркердей үрпиген аз ұлт өкілдеріне, атап айтқанда, қазақ халқына аталмыш «дүлей» дауылдың зардабы тіптен ауыр тиді. «Өмір мен өнер өзектес болғандықтан, белгілі бір дәуірдегі маңызды оқиғалар әдебиетте өзінің ізін қалдырмай өтпейді. » [9. 77 б] Дәл осы тұста ел ішіндегі оқыған-тоқығаны бар саналы жастар қуғын-сүргінге ұшырап, басқан іздеріне қарауыл қойылды. Қолға түсіп, құрыққа ілінгендерінің алды абақтыға жабылып, арты сең соққандай сергелдең күй кешіп, бас сауғалауға мәжбүр болды. Әбубәкір «Жүрегі ат басындай ерлерім, қайғы басып шерледі» десе, Жәркен жырларында ерлердің ақыл, амал таппай тоқырап қалған кездері кеңінен суреттеледі.

Амалсыздан тау асып, тас басып, сол кездегі Қытай-Кеңес шекарасына қарай жапырыла жөңкілді. «Талас жоқ, көшпенділердің тіршілік-тәжірибесіне тән қам-қаракеттің бірі - ауа көшу. Елді беталды қақтығысудан, бос қырылудан аман алып қалу қажет болған қысылтаяң мезеттерде қазақтар да мұндай шұғыл шараларға амал артқан» [10, 38 б. ] . Ұшқан құс, жүгірген аңды былай қойғанда, «шыбын да өте алмайды» делінетін екі империяның темірмен құрсанған шекарасынан кешегі «қашқын», бүгінгі қазақтың белгілі ақыны Жәркен Бөдеш бір топ тағдырластарымен бірге Жоңғар Алатауының мұзарт асуынан асып, Үйгентас шекарасын басып, ата жұртына жетті. Аузынан ана сүті арыла қоймаған балаң ақынды енді бұрын-соңды басынан кешірмеген мүлде бір жұмбақ әлем, төтенше тағдыр күтіп тұр еді. Сонымен «түн қатып, түс қашып», арып-ашып жүріп, өз аяғымен келіп тұтқынға түскен «қауіпті қашқынды» шекарашылар жасағы Кеңес өкіметінің көзі мен құлағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қолына әкеліп тапсырады. Осы сәтті ақын өзінің «Қашқын» өлеңінде былай суреттеген:

Таудың қасқыры

Шаптығып шаппады.

Қазақтың қашқыны,

Орысқа жақпады

Тергеушім арсыз,

Шындыққа нанбады.

Көлеңке жансыз,

Соңымнан қалмады [5, 21 б. ], -

деген астарлы жолдарда үлкен мән бары анық.

«Әлбетте әр халықтың елдік тарихының бір-бірінен елеулі айырмашылықтары болатыны сияқты, оның сол тарихпен байланысты ұлттық әдебиеті де әрқилы өзгешеліктерден кенде болмайтыны қашаннан белгілі» [11, 341 б. ] . Елдің тарихы - ақын тарихы, жыр тарихы.

Ақынның әрбір өлеңі өзінің тағдырымен тамырласып жатыр. Ілияс Омаров «Біздің өмірімізде де тартыс барына бүгін ешкім таласпайды. Бұл басы ашық жай» [12, 6 б. ], - деп ой түйеді. Ақын өмірі де талас-тартыстан тұратыны әмбеге аян.

Жәркен Бөдешті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеуінен кейін Көкшетауға жер аударады. Жәркеннің ата-жұртына оралғаннан кейінгі шығармашылық жолы дәл осы кербез Көкшеде басталды. «Оққа сүйенген арқардай» өлеңге, өнерге сүйеніп, ел қатарлы өмір сүруге бейімделеді. Болашақтан үміттенді. Абылайдың ақ ордасы тігілген Көкше өңірінің ауасы ақынға майдай жақты. Белгілеп берілген бір ауылдан екінші ауылға аттап бастырмайтын қатал заңның зардабынан жұмақтай сұлу да көркем, киелі, аруақты жер арашалап, қапастан құтқарып алғандай әсерге бөледі. Ақын көкірегінде шемен болып қатып, шегедей қадалған рухани дерттен бірте-бірте айыға бастады. Қойшының күркесінде қой күзетіп отырып, білте шамның түбінде, айдың жарығымен сағынышқа толы жырларын жазды. Ақын «Көкше даласында» деген өлеңінде:

Қой бағып жүр дегенше,

Ой бағып жүр дегейсің.

Қойны-қоншын өлеңге

Қойма ғып жүр дегейсің.

Қойға кетті дегенше,

Ойға кетті дегейсің.

Өлең деген бір елге,

Қойға кетті дегейсің, -

деп тебірене толғанады ақын [13, 59 б. ] .

Тағдыр деген қанша қатал десек те, оның да кезі келгенде құрсауы босап, құрсағы кеңитін шағы болады. Жаны жайсаң, талантты ақынға күдікшіл пенделердің іші жылып, қызыға да қызғана қарайды. Талай сынақтан өткен аяулы азаматқа бұдан былайғы уақыттарда Көкшенің көркем жерлерін көріп қайтуға рұқсат етіліп, ұзын арқаулы, кең тұсаулы «еркіндік» таңы атты. Әттең, бір көрсем деп жүретін Көкшенің көрікті жерлерін, әсіресе атақты Бурабаймен ақын алғаш қауышқанда, абзал ананың алақаны кең маңдайынан сипағандай күй кешеді.

Ассалаумағалейкум, сұлу Көкше,

Жырлар ем сұлулықты тілім жетсе.

Шығарма енді мені құшағыңнан,

Жүруші ең ертегідей бұрында есте…

Өзінің Көкше жерінде туған алғашқы өлеңдерін осылай жүрексіне бастаған Жәркен Бөдеш, көп ұзамай, Көкше сұлудың көңілін тауып кетеді. Көгілдір көктем келген шақ. Қай жағыңа қарасаң да, көкпеңбек әлем. Табиғаттың осыншама ғажайып көркіне тәнті боласың. Жер бетінде табиғат пен адам жаны үндестік табатын бір жер бар болса, ол жер, осы Көкшедей-ақ болар! М. Жұмабаев, Қ. Аманжолов, С. Сейфуллиндердің кербез Көкшені өліп-өшіп сүйіп, ағынан жарыла жырлағаны да содан шығар. Сұлу жер қайда жоқ дейсің. Бірақ сол сұлулықты ессіз сүйген жүректі таланттар асқақтатып, аспандатып, әуелетіп әкететін тәрізді. Енді сен оның қасында жүріп-ақ оған «жақындасам, жетсем» деп армандайсың. Ол енді - күндегі үйреншікті күйкі тірліктің әлемі емес, одан жоғары, одан биік, одан тыс тұрған пәк, таза дүние. Сондай бір қайталанбас сәттің суретіндей Жәркен ақын «Көгілдір әлем ішінде» атты өлең жазыпты.

…Шомылтып бір сәт жер көкті,

Көгілдір түсті сел де өтті.

Көгілдір ауа көтеріп,

Көңілді құзға өрлетті.

Көгілдір самал әлдилеп,

Орманды жайлап тербетті [5, 202 б. ] .

Талайдан бері қуғын-сүргін мен айдау жолдың шаң-тозаңы тазарып, жүдеп жүрген жас ақынның жабырқау көңілі сергіп, серпіліп сала берді. Ақынның нәзік жан-дүниесі көгілдір әлеммен астасып кеткені соншалық, оның жауқазын жырын Көкшенің көгілдір бояуынан ажырату мүмкін емес. Әсерлі де әсем, тумысы бір тұтас тіршілік көгілдір самалмен желпініп, көздің жауын аларлықтай құлпырып кетті. «Сырымды менің сұрасаң, тұманың тұнық суынан» деп Дулат Бабатайұлы айтқандай, күйге енді [14, 112 б. ] .

Табиғат пен адамның үндестік табуы бір басқа да, көркемдікке ие, талантты ақынның үндестік табуы бір басқа. Сондай-ақ осы соңғы үндестіктің өзі де аса бір сирек кездесетін құбылыс. Бұл - шығармашылық адамдарының бастарынан кешіретін сиқырлы сәттері деп жүргеніміздің дәл өзі. Адам өмірінде бақытты сәт көп болмайды. Көп болса, қадірі де болмас еді. Ол - қысқалығымен қастерлі де, қасиетті. Бұл жолы Жәркен ақынға тағдыр сондай бір бақытты сәтті жомарттықпен сыйлай салғаны анық.

Ақыры ақынды Алматының дәмі тартып, Сұлу Көкшемен қоштасады.

Дәм тартқан соң амалым бар ма, сірә,

Дәм айдады, көз жетті қалмасыма.

Бір аяғым тұр менің үзеңгіде,

Аттанамын аяулы Алматыға.

Не:

Көгілдір тау, көк орман, көгін қимас,

Сұлулыққа құмартқан көңіл бір мас.

Көкірегімнен көшеді көгілдір бұлт,

Жанарымнан үзілді көгілдір жас [5, 201 б. ] .

Аңсап көрген Көкше аруына көгілдір жырдан көк торғын көйлек кигізген Бөдештің айырылысар кездегі сезім-күйінің де көгілдір жырға айналғаны қандай табиғи! Шындап келгенде, бұл арада шын айрылысу шартты мағынада. Ал рухани тұрғыдан екеуі бір ұғымға сыйып кеткен бір бүтін дүние. Оларды ешқашан бөле алмайсың. Көкшетау туралы Жәркен Бөдешке дейінгі жазылған жырларды оқығанда, тағы да бір нәрсенің жетпей тұрғанын сезінесіз. Сезінесіз де, оны іздейсіз. Тапқанша асығасыз. Ол - Бөдештің көгілдір әлемі, Көкше көріністері! Бөдеш бірінші де, соңғы да ақын емес. Оның ізін басып талай жас шәкірттер келер. Олар да Көкшенің мәңгі жас, мәңгі мінсіз мүсінін жаңаша жырлап, мейлінше мадақтар, бірақ қалайда мына көгілдір әлемге ешкім көлеңке түсіре алмайды. Көкшетау тақырыбына бұрын-соңды жазылған қазақ поэзиясындағы жырлар бір төбе де, Бөдеш жырлары ойдың Оқжетпесі!

Өлең-жырдың жинаған ең асылын,

Иығына таулардың көп асылдым.

Кешір мені, Оқжетпес, кешіре көр,

Оқ жетпеген басыңнан сөз асырдым.

Немесе:

Кетіп барам артыма қарай-қарай,

Сұлулықты қияды адам қалай.

Көріскенше күн жақсы, кербез Көкше,

Аттанайын, енді көп аялдамай [5, 201 б. ] .

дегенде, ақын өзінің осы кінәсін айтып тұрған секілді. Қай заманда болсын ақындар өзінің туған жеріне деген мөлдір махаббаты пен ыстық ықыласын білдіріп, оны ән-жырға қосып, артына өшпестей өнеге қалдырып отырған.

Қазақ ақындары үшін де қашанда туған жердің орны ерекше. Сахара суретін салмаған, қыр қызығын жазбаған ақын жоқ. Олардың әрқайсысының өз орны бар. Әр адамның туған жері, атамекеніне деген ыстық ықыласы одан алыстаған сайын сағыныш сазына ұласып, жүрек түбіне орнығады.

Жәркен Бөдеш поэзиясындағы тұрлаулы тақырыптардың бірі - туған жер. Ол алғашқы өлеңдерінде-ақ туған жерді тебірене, емірене жырлады. Туған жерге, атамекенге деген сағыныш ақындар шығармашылығының үзілмес үрдісіне айналған. Мәселенің түйіні, оны әр қаламгердің өзінше өруі мен өңдендіруінде. «Туған табиғат, ортаның ойы, таным мен түсінік, сенім сәулесі халықтың салт-санасын қалыптастырып қана қоймайды, поэзия-парақтарында да азды-көпті ізін қалдырып кетеді» [15, 17 б. ] .

Адам қаншалықты табысқа жетіп, биікке шыққанымен туған жерінен тыс өмір сүруі мүмкін емес. Ақын өлеңдерінің құндылығы да, қуаты да осы жері мен оның халқының қасиетін зерделей білуінде: Бұл үшін, ең алдымен перзентінің ілтипаты ықыласы мен мәңгілік махаббаты қажет.

Классикалық үлгіге салғанда, туған жер мен Отан - түбірлес ұғым. Ал Ж. Бөдеш поэзиясында олай деуге келмейтін бір жай бар. Жәркен Бөдештің туған жері Жайыр - бұл кәдімгі Тарбағатай тауының, ежелгі Қытай жағында қалып қойған бір бөлшегі. Бұдан кеңірек мағынада Бөдеш туған жер деп Ер Түріктің ежелгі ту тіккен бір мекені Шығыс Түркістанды айтады. Ал Бөдеш ұғымында Қазақстан - Отан, қасиетті қара шаңырақ.

Бөдеш тағдырының тосындығы да осында. Төтенше тағдырдан тұрлаулы туынды, парасатты поэзия тумақ. Ақын поэзиясы туралы Айтан Нүсіпханұлы: «Жәркен поэзиясы - аңырап айрылысқандар мен құшақтасып қосылғандардың жан дауысы» - дейді [16, 176 б. ] .

Жәркен Бөдешке Жайыр мен Шығыс Түркістанды туған жерің емес, Көкше мен Қазақстанды Отаның емес деп айту қиын. Ақынның Шығыс Түркістан туралы өлеңдері де сол өзгеше өлкенің сипатындай сырлы, мақамындай мұңды, жаратылысындай жұмбақ.

Айрылмай мұң мен қырсықтан,

Жөргекте жатып тұншыққан,

Ақ жаным саған ашиды,

Аяулы Шығыс Түркістан!

Бұл Мағжан Жұмабаевтың «Екі дүние есігінен» гөрі кешегі Қадыр Мырзалиев жырлаған көне Түркістанға көбірек ұқсайтындай.

Бір кезде қанды соғыстан

Қаралы болған Түркістан

Садақтан самсап оқ ұшқан

Жаралы болған Түркістан [17, 47 б. ]

деген жолдарын еріксіз есіңізге салады, ырғақ, шумақ, бәрі бірдей.

«Атамекен» деген өлеңінде ақын тағы сол талауға түскен тағдыры турасында толғанады.

Қалыпты өн бойымда қыртыс, таңба,

Ұқсаймын тағдырмен көп жұлқысқанға.

Атамның туған жері - Қазақстан,

Мен тудым сонау - Шығыс Түркістанда.

Ашынып әлдекімге ұрсамын да,

Дал болып ойланамын бұл шағымда.

Шекара жүрегімді бөлді екіге,

Анамның жатқан шақта құрсағында [5, 17 б. ] .

Ақынның тағдыры тумай жатып шырмауықша шырматылған шым-шытырық құбылыстарға толы болғаны анық аңғарылады. Жарық жалғанның жүзін көрмей тұрып, анасының құрсағында жатқанда-ақ нәрестенің уыз жүрегін шекара сызығы қақ бөліпті . . . Кез-келген тағамның дәмін кіргізіп, адамның көңіл сарайын ашып, тәбетін ашатын жуаның ащы да болса да аңқыған иісін айтсаңызшы! Жоғарыдағы өлеңнің табиғаты - тап осы жабайы жуаның жаратылысындай. Өлеңнің қат-қабат астарына үңілген сайын ар жағынан бір тарихи шындықтың ащы иісі бұрқырайды… Қулық-сұмдығына құрық бойламайтын, аяғы жеткен елді, жерді, халықты бөліп алып, билеп-төстейтін, қайыс ноқталы қанды шеңгел Кеңес және темір ноқталы Қытай империялары ХІХ ғасырдың сексенінші жылдарында, ежелгі Тұран ойпатының, яғни Түркістанның заңды жалғасы Шығыс Түркістанды өлшеп-пішіп, өзара бөлісіп алды. Ақын тілімен айтқанда «Шекара деген қарғы бау», сол кезден бастап пайда болды. Мұның тауқыметін бөлініп-жарылып қалған халықтың ұрпақтары әлі күнге дейін тартып келеді. Соның куәгері - осы Жәркен Бөдеш. В. Г. Белинскийдің «ұлы ақын өзі жайлы, өзінің жеке басы жайлы айтса да көптің тағдырын, адамзат жайын сөз етеді» [18, 72 б. ], - деуі тегін емес. Мысал келтірейік:

Үзіліп қалды-ау жалғасым,

Бөлініп қалды-ау мал, басым.

Көнбесіме амал жоқ

Тағдырым басқа салғасын [5, 14 б. ], -

деп өкініш білдіреді. Ж. Бөдеште терең мағыналы өлеңдер аз емес. «Жоңғардан Сарыарқаға», «Туған ауыл», «Ұлар жыраудың шекара бөліскендегі айтқаны», «Ұлар жыраудың ел ауа көшкенде айтқаны», «Туған таудың бөлшегі», «Қашқын су өзені», «Асанқайғының күйі - «Елайырылған» өлеңдері қазақ поэзиясына қосылған кестелі де, көркем туындылар. Ақын ата жұртына өзі ғана емес, өзімен бірге шет жайлап, қиыр қонған тағдырлас, мұңдас бейбақтардың (қазіргі тілмен айтқанда, қазақ диаспорасының) мұң мен зарын, өкініші мен өксігін, қуанышы мен жұбанышын, шырқыраған жан дауысын қоса ала келді.

Ақын «Туған жердің қар, мұзы» өлеңінде туған жерге деген сағынышы мен сүйіспеншілігін былайша білдіреді:

Туған жердің қар, мұзы,

Аязыңмен жуындыр.

Туған жердің бал қызы,

Бұрымыңмен буындыр.

Туған жердің жыланы,

Шырылдатып шақ мені…[5, 61 б. ], -

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
М.Мақатаев поэзиясындағы символизм
Мұқағали Мақатаев поэзиясындағы символизм
Махамбет жырларының ерекшелік сипаты
ЖҰМЕКЕН НӘЖІМЕДЕНОВ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ КӨРКЕМДІК СИПАТЫ
М.Мақатаев поэзиясындағы отаншылдық рухы
ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы әдебиет
Махамбет Өтемісұлы поэзиясындағы көркем шындық
Қазақ поэзиясының ұлттық сипаты
ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ әдебиетіндегі символизм сипаты
Қазіргі қазақ поэзиясындағы ұйқас тәсілдері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz