Абайдың ақындық дүниетанымы (түсіну, пайымдау, бағалау)


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 98 бет
Таңдаулыға:   

СӨЗ ӨНЕРІ

Ж. Дәдебаев

АБАЙДЫҢ АҚЫНДЫҚ ДҮНИЕТАНЫМЫ

(түсіну, пайымдау, бағалау)

Абайдың қазақ поэзиясының жарық жұлдызы екендігі туралы ойда үлкен мән бар. Абай - әлемдік ақындық өнердің алып бәйтерегі. Абайдың поэзиясы да, қара сөздері де қазақ әдеби тілінің көркемдік-эстетикалық байлығын, қазақтың адамгершілік, әлеуметтік, философиялық ойларының салаларын толық қамтумен бірге оларды дамытып, жаңа биікке көтерді. Абайдың сөз өнеріндегі классикалық өрнегі, философиялық ойлары ұлттық ойлау деңгейіне көтерілген ойлы қазақтың бәрінің де жанына жақын, жүрегіне ыстық. Сондықтан да ол ақын әрі ойшыл ретінде қазақ сөз өнерінің аспанында ғана айшықты емес, әлем әдебиетінің биік көгінде жарқыраған шоқ жұлдыздар тобында да ерекше нұрлы және сәулетті. Әйтсе де әлем әдебиетінің білгірлерінің еңбектерінде Абайдың ақындық өнері мен азаматтық тұлғасы, адамгершілік ұстанымдары мен философиялық қағидалары әрдайым өз деңгейінде лайықты бағалана бермейді. Оның бірден-бір себебі - Абай шығармаларын басқа тілдерге аударудың қиындығы. Абайдың өлең сөздегі қайталанбас өнерін, әр шығармасындағы тас бұлақтың суындай бірөңкей келісіммен жарасқан сұлулықтың ішкі нұры мен сыртқы жарығын басқа тілде өз деңгейінде лайықты беру қиын. Аудармада ақынның шығармаларында философиялық категория деңгейінде пайымдалған және көркем өрілген мәнді ойлардың, мазмұн мен мағынының тереңдігін жеткізу де оңай емес. Абай шығармалары аудармаларының көркемдік-эстетикалық әсерін түпнұсқаның көркемдік-эстетикалық әсеріне саймасай жеткізудің жолы мен жобасын да ешкім көрсете алмайды.

Абайдың А. С. Пушкин шығармаларының қазақ тіліне аударған үлгілері, әсіресе, «Евгений Онегиндегі» Татьянаның хаттары, И. В. Гетенің «Жолаушының түнгі әні» Абайдың өз шығармалары секілді айналасы жұп-жұмыр, тегіс келіп, ой мен сезімді қатар баурайды, тыныштық рахатына бөлейді. Мазмұнда не пішінде бұл қалай дерлік бір де бір артық ия кем түсіп жатқан ештеңе табылмайды. Ойдың байлығы, сезімнің шынайылығы, сөздің суреттілігі, көңілдің балбыраған күйі - бәрі де келісті. «Wanderer’s Nachtlied» - «Ночная песнь странника» - «Қараңғы түнде тау қалғып» жүйесінде үш түрлі халықтың үш түрлі дәуірде жасаған үш ұлы ақыны бірін бірі қапысыз түсінеді, бірінен бірі асып түсетін ақындық үлгі көрсетеді. Гете - Лермонтов - Абай арасындағы мұндай үндестіктің сыртқы сәні мен ішкі нәрі жайында біраз пікірлер айтылды. Солардың ішінде Т. Әлімқұловтың [1], Г. Бельгердің [2], Т. Шапайдың [3] талдаулары ғылыми мәнімен де, эмоциялық байлығымен де, эстетикалық әрімен де дара һәм сара. Ал енді Абайдың шығармаларының орыс тіліндегі аудармалары хақында бұлай айтуға болмайды: сөз де, ой да қарапайым, тіпті көп тұстарда қарабайыр; сөз бен ойдың суреттілігі, мазмұн мен пішіннің келісімі түпнұсқадағы деңгейінен әлдеқайда төмен. А. С. Пушкиннің қазақ тіліне Абай аударған шығармаларының эстетикалық әсерімен салыстырғанда, Абай шығармаларының орыс тіліндегі аудармаларының эстетикалық әсері әлсіз, әлжуаз. Эстетикалық талғамы А. С. Пушкиннің, М. Ю. Лермонтовтың мінсіз ақындығы негізінде қалыптасқан оқырманның Абайдың аудармаларын да сол талғаммен таразылайтынында сөз болмаса керек. Осындай жағдайда орыс тілді оқырманның Абайдың орыс тіліне аударылған шығармаларын қабылдауға эстетикалық сұранысын ояту мен қалыптастырудың маңызы зор. Бұл орайда ойдағыдай табысқа жете алмай келе жатқанымыз айтпасақ та түсінікті. Қазіргі заманда Абайды қазақ, орыс, сондай-ақ бұларға қоса ағылшын (немесе басқа шет тілдері) тілдерінде бірдей оқып, түсіне білетін оқырмандар тобы қалыптасты. Олар Абайды асыл нұсқада да, осы тілдерде салыстырып та оқи алады. Абай шығармаларының түпнұсұасы мен аудармаларының оқырмандарға әсері дегенде, тек бір тілді оқырмандардың ғана емес, көптілді оқырмандардың да эстетикалық қабылдау ерекшеліктерін ескеруге тура келеді. Ал Абай шығармаларының қазақ оқырмандарына әсері мен Абай шығармаларының орыс тіліндегі аудармасының орыс тілді және екі тілге бірдей жетік оқырмандарына әсерін салыстырғанда, орыс тіліндегі аударма оқырмандарының Абай туралы түсінігі түпнұсқа оқырмандарының ұғымындағы Абайдың шаңына ілесе алмайды десек, артық емес. Абайдың үш тілге бірдей оқырмандарының түсіну, пайымдау деңгейі негізінде түйінделетін ойлар да ақын шығармалары аудармаларының деңгейін жоғары белгілей алмайды. Абайдың сөзі - бүгінде қазақ халқы түгел таңырқаған сөз. Абайдың орыс немесе басқа тілге аударылған сөзі орыс немесе басқа тілді оқырманды дәл осылай таңырқата алғандай жетістікке қалай жетуге болады?

Абай - қазақтың бас ақыны. Оның шығармаларында қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-санасы, дүиетанымы, ойлау ерекшелігі, күйіну және сүйіну сипаты, сөйлеу мәдениеті мейлінше терең көрініс тапқан. Сондықтан Абайды орыс тіліне аударамын деген жанның орыс ақыны немесе орыс тілді ақын ғана болуы жеткіліксіз. Ол алдымен Абай деңгейіндегі ақын болуы шарт.

Арғын, Найман жиылса,

Таңырқаған сөзіме.

Қайран сөзім қор болды

Тобықтының езіне . . . [4, 63] -

деген жолдарда ой да анық, сөз де сара. Бөтен не бұрма сөз кездеспейді. Сөздің, тармақтың, жалпы шумақтың астарында қосымша немесе қосалқы мағына да жоқ. Соған қарамастан, осы төрт тармақты аудару аудармашыға оңайға түспеген:

Аргын, Найман всегда внимает мне,

Для них всегда я - всадник на коне.

А тобыктинцы, старая родня,

Смеются надо мною в стороне . . . [5, 59] .

Аудармашы - М. Дудин. Белгілі ақын. Аудармаға келетін болсақ, онда Абай өлеңінің төрт жолының бірінің де мағынасы дұрыс берілмеген. Түпнұсқаның әр тармағы жеті буынды, іштей екі бунақтан тұрады. Аудармада бұл өлшемдер сақталмаған. Буын сандары көбейтілген. Соған орай әр тармақтағы сөздердің тобы да, түпнұсқамен салыстырғанда, артып, өсіп кеткен. Артық сөзге, артық ойға орын берілген. Жолма-жол кері аударғанда, бұдан мынадай шумақ шығады:

Арғын, Найман әрқашан мені тыңдайды,

Олар үшін әрқашан мен - атты кісімін.

Ал тобықтылар, ескі туысқандарым,

Мені сыртымнан күлкі етеді.

Абайдың бүгінгі дүйім қазақ таңырқап оқып, тамашалап тыңдайтын сөзінің орыс тіліне аударылғандағы мазмұны мен мағынасы осылай болып шыққан. Мұнда да едәуір мәліметтер бар. Оқырман аударманың осы мазмұнынан да ақынның жайы туралы біршама хабар алады. Алайда бұдан ақын өлеңіндегі поэтикалық мазмұнды, поэтикалық құндылықты табу қиын. «Әрқашан тыңдау» («всегда внимает мне») мен «таңырқаған сөзіме» арасында жер мен көктей айырмашылық бар. «Әрқашан мен - атты кісімін» («всегда я - всадник на коне») секілді бөтен сөздердің тұтас бір тармағын аудармашы өз жанынан қосқан. Аударманың кейінгі екі тармағында түпнұсқадағы кейінгі екі тармақтың мазмұны да, мағынасы да өрескел бұрмаланған. Егерде аудармашының мұндай еркіндігі Абай шығармасының мазмұнын, ақынның айтып отырған ойын бұрмаламай, толық жеткізген жағдайда, тіпті түр мен түсте, ырғақ пен ұйқаста кемістік, кемшілік болған күннің өзінде, оған ықылас қойып қарауға болар еді. Өкінішке қарай, аудармада ақын өлеңінің осы төрт жолындағы қарапайым мазмұнның өзі ашылмай қалған.

Абайдың ақындық даналығы, алдымен, оның шығармасының мағынасының түпсіз тереңдігінде, идеялық құндылығы мен өмір құбылыстарын тану мен бағалаудағы кемелдігінде. Ақынның философиялық ойларына тірек болған ұғымдар жүйесінің мазмұны мен мәнінің кемелдігі мен тереңдігінде кінарат жоқ. Оларды даралап, әрқайсысын жеке, жүйеден тыс алып қарауға болмайды. Өйткені автордың философиялық ойларының негізін түзетін тірек ұғымдар бір-бірімен тығыз байланысты, бір шығармада түйінделген тұжырымнан келесі шығарманың мағыналық болмысына жалғасады. Ақынды танудың кілті осы ұғымдар жүйесінің мазмұны мен мәнін дұрыс түсініп, дұрыс пайымдауда. Олай болса, Абайды аударғанда, лингвистикалық әдістеме өлшемдерінің талаптарын орындау жеткіліксіз, турасын айтқанда, Абай шығармаларын сөзбе-сөз, жолма-жол аударуға жол жоқ деп білуіміз керек. Бұл жерде түпнұсқа туындының тақырыбы мен идеясының тұтастығына айрықша назар аударуға тура келеді. Аудармашының сөз бен сөйлемді емес, Абай шығармаларында көрініс тапқан тақырып пен идеядағы, мән мен мағынадағы осындай құндылықтарды аударуы шарт. Мән мен мағынадағы осы түпсіз тереңдікті түр мен түстегі керемет келісіммен еркін өріп шығарған аудармашыны қанша ардақтасақ та болар еді. Алайда аудармашының жоғарыдағыдай еркіндігінен мұндай ықыласқа лайықты дерлік қасиет табу қиын. Сондықтан аудармашының мұнысы шығармашылық еркіндік емес, еркінсу болып шыққан. Өмірде еркінсудің түрлері әрқандай: біреу еркеліктен еркінсиді; біреу еріккеннен еркінсиді; біреу желіккеннен еркінсиді . . . Өнерде де еркінсу нышандары болады. Ал аударма өнерінде шығармашылық еркіндікке орын болғанмен, еркінсуге жол жоқ. Көретұғын көз болса, бұл секілді еркінсуден туған бұрмалаулардың, Абайдың өзі айтқандай, «бірі құрау, бірі жамау» екенін көрмеу мүмкін емес. Мұндай нәтижелерге, негізінде, аудармашының түпнұсқа тілін білмеуі, автордың ойын дұрыс түсінбеуі, ақынның өзі суреттеп отырған өмір құбылыстарына берген бағасын лайықты пайымдай алмауы себепкер болады.

Тілге тиек болып отырған шумақтың кейінгі екі жолын Г. Бельгер жолма-жол былай аударады:

Для ничтожных тобыктинцев

Напрасной тратой они стали [6, 89] .

Алғашқы тармақ тұтас тобықтыны түкке тұрғысыз етеді. Абай ондай ой айтпайды. Ақын тұтас тобықтыны ез санамайды, тұтас тобықты туралы емес, «тобықтының езіне» ғана қатысты сөйлейді. «Тобықтының езі» мен «тұтас тобықты» екі түрлі құбылыстар қатарына жатады. Олардың бір-біріне қатысы жалқының жалпыға, бөлшектің бүтінге қатысымен парапар. Абай бүтіннің бөлшегі туралы айтса, Г. Бельгер бөлшек туралы емес, бүтіннің өзі туралы пікір ұсынады. Бұлардың орнын алмастыру бөлшектің мазмұнын бүтінге көшіруге, ал бүтіннің пішінін бөлшекке көшіруге алып келеді. Г. Бельгер бөлшектің орнына бүтінді қолдану арқылы осындай нәтижеге қол жеткізеді. Бұл аудармашының қолайсыз, орынсыз жасаған шешімі болды.

Өлсем, орным қара жер, сыз болмай ма?

Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма? [4, 178] -

деген жолдарда ақынның дәстүрлі дүниетанымының маңызды, концептуалды қыры көрініс тапқан. Автор ойын қалың жұртқа ұғымды, түсінікті баяндайды. Ал оның концептуалды тереңдігі оқырманның түсіну, пайымдау және бағалау қабілетінің өрісіне қарай анықталмақ. Бірінші тармақта бейнелі айтылған, қолдан ажарланған нәрсе жоқ. Болмыстағы құбылыстар еш боямасыз, әсірелеусіз сипатталған. Екінші жолда сөзбен салынған сурет, образ бар. Бірақ ол да өмірдің өзіндегідей шынайы. Ақын қазақ тілінің ұлттық дара ерекшеліктерінен туындайтын көркемдік кестенің әсем әшекейінсіз-ақ кемел ой, келісті сурет жасайды. Ю. Нейман осы жолдарды былай аударған:

Когда умру, не стану ль я землей?

Язык мой дерзкий - девушкой немой? [5, 180] .

Бірінші тармақ мазмұн-мағына жағынан түпнұсқаға біршама жақын келетін сияқты. Оның үстіне өлген адамның тәні қара жерден орын табады да, ақырында топыраққа айналып, жер болады. Дәстүрлі дүниетанымда осындай ақиқат жарығы бар. Осы тұрғыдан келгенде, аудармашының «өлген кезімде мен жер болмаймын ба?» деуі бастапқы шындықтың өзі болмаса да, онымен ұштасып жатыр. Алайда ақын поэтикалық ойының түйінін өліммен түймейді. Өлеңнің бастапқы төрт тармағының әрбірінде өмір мен өлім сипаттары шендестіріліп, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері дараланады. Соған орай Абай өлеңінің бастапқы төрт тармағын түгел немесе осы бір тармағын қазақ оқырмандарының түпнұсқадан оқып, қабылдауы ерекше сыр сазымен әрленеді. Ойын сұраулы сазбен жеткізе отырып, ақын өзіне белгілі, анық та айқын шындықты тура, тіке айтудан тартынғандай күйін сездіреді. Енді сол оқырман мына аударманы оқығанда, одан әлгіндей сыр сазының алыс сарынын да таба алмайтыны анық. Екінші жағынан, ақын орнының қара жер, сыз болуының уақытын көрсетіп отырған жоқ, шартын көрсетіп отыр («өлсем») . Мұнда терең мән бар. Өлеңнің мәні мен мағынасы, автордың ақындық тұрғысы үшін тармақты түзген тірек сөздердің мәні мен мағыналық байланыстарындағы келісім мен жарасымды қамтамасыз етуде шарттылық реңктің атқаратын қызметі зор. Аудармада адам орнының қара жер, сыз болуының шарты ашылмай қалады да, уақыты көрсетіледі («когда умру») . Осы тармақты орыс тіліне аударудың басқа, бұдан гөрі орыс әдеби тілінің бай мүмкіншіліктерін еркін пайдалану нәтижесі дерлік келісті үлгісін жасауға да болар еді. Ондай үлгі өрнектерін М. Дудиннің аудармасынан да, Е. Курдаковтың аудармасынан да кездестіру қиын. Ю. Кузнецовтың талабы да талайсыз болып шыққан. М. Дудин «Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма» жолын «И мой язык насмешкой злой» [6, 311] түрінде аударады. Әрине, М. Дудиннің «ызалы күлкісі» («насмешкой злой») Абайдың «бір ұялшақ қызының» табанына төсеуге татымайды. Қазақ аудармашылары да бұлардан алыстап кете алмайды. Ю. Кузнецов бұл тармақты мүлде тұқыртып аударады:

«Когда я умру, то с землей смешается прах» [7, 148] .

Тармақ құрылымы, жүйесі жағынан орыс тілінің жалпы заңдылықтарының талаптарына жауап береді деп айту қиын. Тармақта көрініс тапқан екі ой себеп-салдарлық қатынаста байланысып тұрғанға ұқсайды. Шындығында олай емес. Әсіресе екінші ойды бастап тұрған «онда» («то») есімдігі орнын таппай тұрғаны көзге ұрады. Дегенмен түпнұсқаның мазмұны алдыңғы аудармалар деңгейінде ашылмады деу орынсыз. Оның үстіне өлеңнің ағылшын тіліне аударылуында Ю. Кузнецовтың осы аудармасы негізге алынған. Өлеңнің бірінші жолы онда мына үлгіде аударылған:

When I die, will not the damp earth become my resting place? [7, 262] .

Түпнұсқадағы сұраулы мағына Ю. Кузнецовтың аудармасында жойылып кететін болса, ағылшын тіліндегі аудармада қайтадан орнына келеді. Енді осы жолды орыс тіліне сөзбе-сөз кері аударғанда, мынадай болады (сөзбе-сөз кері аударғандар А. Түсіпова мен М. Қожақанова) :

Когда я умру, не сырая ли земля покроет мой прах?

Француз тіліндегі аудармасында (аударушы К. Висанти) бұл жолдың сұраулы сазы түсіп қалады:

Mort, la terre humide et lourde me couvrira [8, 167] .

Тармақты сөзбе-сөз кері аударғанда, мынадай мағына туады (сөзбе-сөз кері аударған Ш. Мақатаева) :

Смерть, земля сырая и тяжелая меня покроет.

Кері аударма сипатына қарағанда, тармақтың орыс және француз тілдеріндегі аудармасынан ағылшын тіліндегі аудармасы түпнұсқаға әлдеқайда жақын. Аудармашы Ричард МакКейн Абайдың ақындық дүниетанымын лайықты деңгейде тани алған. Бұған, әрине, Абай шығармаларын ағылшын тіліне аудару ісінің бастаушысы һәм қолдаушысы болып жүрген Роллан Сейсенбаевтың және оның шығармашылық айналасының сіңірген еңбегі үлкен деп білуіміз керек.

Ю. Нейман екінші тармаққа келгенде, бірінші тармақты аударғанда жеткен деңгейінен төмен түседі. Түпнұсқадағы «өткір тіл», «бір ұялшақ қыз» секілді тірек ұғымдардың жолы да, жөні де ерекше. Қатар тұрған екі ұғымның да маңызы жоғары. Көрініс тапқан жағдай аясында екеуі де табиғи әдемі қасиетімен айшықталады. Өткір тілдің бір ұялшақ қыз болуының өзінде бөлуге, жаруға келмейтін құнды поэтикалық тұтастық бар. Ал түпнұсқадағы «ұялшақ қыздың» аудармада «мылқау қыз» болып шығуы ақынның эстетикалық көзқарасына тән жарықты - көлеңкеге, күнді түнге айналдырғандай әсер қалдырады. Егер «мылқау қыз» поэтикалық әрі мен эстетикалық нәрі жағынан «бір ұялшақ қыздан» жақсы, әдемі, әсем болса, ақын асыл ойын жеткізу үшін соның өзін-ақ пайдаланған болар еді. Ақын «бір ұялшақ қызды» сөз танымағандықтын таңдап отырған жоқ. Әр өлеңін іші алтын, сырты күміс сөз жақсысынан өрген, өмір құбылыстарын шығармашылық пайымдау мен жинақтауда ақындық кемелдіктің классикалық үлгісін қалаптастырған ақын бұл жерде де көркемдік шеберліктің шырайын ашатын үздік таңдау жасаған. Ақынға біткен «өткір тілдің» күндердің күнінде «бір ұялшақ қыз болуында» оқырман үшін алды үміт, арты өкінішті, өткінші өмірде «жүрекке жылы тиетін», жанды жұбататын, көңілге басу айтатын көп қатпарлы эмоциялық мазмұн бар. Жалпы, «ұялшақ қыз» сөзінің Абай заманында жалпыға түсінікті әдемі ұғымы болған. Сондықтан да ақын үшін мынадай жағдайда таңдап тапқан сөзінің «тілге жеңіл», «жүрекке жылы», эмоциялық мазмұнының таза, әдемі болуы аса маңызды. Аударма ақын ұстанымына тән мұндай талаптар үдесінен шыға алмаған.

«Әуелде бір суық мұз - ақыл зерек» өлеңінде Абайдың ақындық дүниетанымының басты құрамдас бірліктері ұғым деңгейінде сараланған, олардың өзара қатынасы, тұтастық сипаты көрініс тапқан. Өлеңнің идеясы осы ұғымдар жүйесі арқылы ашылады. Сондықтан өлеңді тануда, талдау мен бағалауда ондағы ұғымдардың әрқайсысының мәні мен мәнісін, мазмұны мен мағынасын дәл түсініп, тура ұғудың маңызы үлкен. Екіншіден, осы ұғымдардың өзара бір-бірімен байланыстарын, сабақтастығын, тұтастығын тануда да мәніс бар. Өлеңнің бірінші жолы ақылдың сипаты туралы.

Әуелде бір суық мұз - ақыл зерек [4, 128], -

дегенде, ақынның ойы да, сөзі де нақты. Артық сөз, көмескі немесе жасырын ой жоқ. Ақылдың сипаты да айқын: зерек ақыл. Сонымен біргі «суық мұз» түріндегі метафоралық образ арқылы ақылдың әуелден суық болмысының жайы айтылады. Ақылға қатысты бар сипаттама осы. Тармақтағы өзекті ойды білдіретін тірек сөздердің қатары мынадай болып шығады: ақыл; зерек; суық мұз. Кейінгі екі ұғым ақылдың айрықша қасиеттерін білдіреді. Бұл қатарды анықтау, оны түзген сөздердің мағынасы мен мәнін, арақатынасын пайымдау және сақтау аудармашы үшін ауадай қажет. Олай болмаған жағдайда, түпнұсқаның мағынасы бұзылады, ақынның айтып отырған ойының мәні жойылады. Аудармашы, ақын Е. Курдаковтың аударуында бұл тармақ мына үлгіде берілген:

Холодный ум - нерастопимый лед [5, 65] .

Тармақ жолма-жол, сөзбе-сөз аударылған. Кері аудару арқылы түпнұсқадағы тірек сөздерді, ол сөздер білдіретін ұғымдарды іздер болсақ, мыналар табылады: ақыл; суық; ерімес мұз. Түпнұсқадағы тірек сөздердің қатары, жөні бұзылған. Соған байланысты ақын өлеңіндегі маңызды ұғымдар тұтастығы жойылған. Ақылдың айрықша сипатын білдіретін «зерек» («ақыл зерек») ұғымы ғайып болып, оның орнын «суық» ұғымы басқан. Сөйтіп, аудармада ақылдың айрықша белгісін білдіретін екі ұғымның бірі («зерек») жойылады да, екіншісі («суық») екі рет қайталанады: бірінде эпитет түрінде («холодный»), екінші жолы метафоралық тәсіл арқылы («нерастопимый лед») . Ал енді аудармашының осы тармағын қазақ тіліне кері аударсақ, мынадай болады:

Суық ақыл - ерімес мұз.

Орыс оқырмандарына жететін мағына осы. Сонда Абай айтып отырған ақыл туралы оқырман ойында мынадай түсінік тууы негізді: ерімес мұздай болып қатқан суық ақыл. Абайды қазақ тілінде оқып, түсінетіндер үшін аудармада орны толмай тұрған ойдың да, қиюы қашқан құрылымдық жүйенің де жөнсіздігі көзге ұрып тұрады. А. Штейнбергтің аудармасында бұл тармақ басқа үлгіде беріледі:

Острый разум чист, словно пласт ледяной [9, 76] .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Абайтанушы ғалымдар Абай Құнанбаевтың шығармашылығы туралы
Шәкәрім Құдайбердіұлы ( 1858 – 1931 )
Жастарға атты 1879 жылы жазылған өлеңінде
Шәкәрім - философ
Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен өмір сүрген ортасы
Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен өмір сүрген ортасы. Шәкәрім - Абайдың бауыры
Қазақы дүниетанымның алғышарттары
Әдебиетті оқу процесінде оқушылардың сөйлеу әрекеті
Абай қарасөздерінің зерттелуі
ХАКІМ АБАЙДЫҢ ҒИБРАТЫ
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz