Майлықожа сұлтанқожаұлының өмірі мен шығармашылық қызметі


Мазмұны
Кіріспе
- тарау. Мәделіқожа Жүсіпқожаұлының шығармаларындағы ел
тағдыры мен жер мәселесі.
1. 1 Мәделіқожа Жүсіпқожаұлының өлеңдері Қоқан хандығының
қоластындағы қазақ халқының дерегі ретінде.
1. 2 Мәделіқожа Жүсіпқожаұлының шығармаларындағы Ресей
империясының отарлық саясаты.
2-тарау. Майлықожа Сұлтанқожаұлының өмірі мен шығармашылық
қызметі.
2. 1 Көреген ақын, білікті ұстаз Майлықожа Сұлтанқожаұлының
өмірінің шығармашылық қызметіне әсері.
2. 2 Майлықожа Сұлтанқожаұлының шығармаларындағы
отарлық езгінің суреттелуі.
3-тарау. Қайсар ғалым.
Әсілхан Оспанұлы - ХІХ ғасырдағы Оңтүстік ақындарын
зерттеуші тұлға.
Қорытынды
Қосымшалар
Сілтемелер тізімі
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.
Кіріспе
Жұмыстың өзектілігі. Қазақ даласында ХХ ғ. дейін ауыз әдебиетінің жазба әдебиеттен үстем болып келгені баршаға аян. Сондықтан қазақ тарихына қатысты жазба деректерді ілуде біреу кездестірсек, ауыз әдебиетінің дерегіне жататын ақын-жыраулар шығармалары жетерлік. Өкінішке орай ауыз әдебиетінің деректерінің құнын жазба деректерден төмен санайтын тарихи қате ойдан әлі арыла алмай келеміз, сол себепті нақты тарихи шындықты баяндайтын көптеген ақындардың өлең-жырлары зерттелінбей жатыр. Ал ауыз әдебиетінің көрнекті өкілдері ақындар халықпен бірге біте қайнасып жатқандықтан сол заманның ащы шындығын өлеңдеріне негіз етіп алады, яғни тарихи шындықты айтады. Ақын шығармаларынан белгілі бір халықтың рухани есею жолын, тағдыры таразыға түскен небір тарихи тайталастардың мәліметтерін табасыз. Ал, әдебиетте бейнеленген бұл мәліметтер белгілі бір дәуірдің мән-мағынасын айқындайтын елеулі тарихи фактілер, шынайы өмір шындығы екендігі мәлім /1/. Зерттеушілердің назарынан тыс қалған ақындар қатарына ХІХ ғасырда Қазақстанның оңтүстігінде өмір сүрген Мәделіқожа, Майлықожа, Құлыншақ т. б. ақындар жатады. Аталған ақындардың өлеңдері тарихи оқиғаларға, деректерге тұнып тұр, әсіресе Оңтүстік Қазақстанның XIX ғасырдағы тарихын зерттеушілерге таптырмас дерек көзі болып табылады. Ақындардың шығармаларында Қоқан хандығынан халықтың көрген зәбірі, хан салықшыларының озбырлығы, елдегі болған көтерілістер, патшалы Ресейдің отарлауы және жүргізген саясаты хақында айтылған.
«Қазақ сияқты Россиядағы көп бұратана елді билеуде патшалық өкіметтің өзі . . . рушылдық, ескішілдік қалыпты сақтап отырды. Бұл елдерде өмір өркендесін, мәдениет дамысын деген ой мүлде болған жоқ. Қайта жаңағы рушылдықтың кертартпа құрылысын өз керегіне пайдалана жүріп, соны мызғытпай сақтап отырды. Сондықтан да болыстық, отаршылдық, билік үшін ел жуандары қырқысса, соны патшалық ұлықтары әдейі қоздыра түсетін» / 2 /. Академик Мұхтар Әуезов берген бұл пікірді заманында жоғарыда аталған ақындар да көтеріп Ресейдің мұндай саясатын аяусыз сынайды. Бірақ шығарма-
лары толыққанды зерттелінбегендіктен, ақындар тарихтан да, әдебиеттен де өзіне лайық бағасын ала-алмай келеді. Сол себепті осы ақындардың шығармаларын пайдалана отырып тарихтың ақтаңдақ беттеріне айналған көптеген тарихи оқиғалардың мазмұнын ашуға болады.
Жұмыстың зерттелу деңгейі: ХІХ ғасырдағы оңтүстік ақындары тарихшылар тарапынан зерттелмеген тың тақырыптардың бірі, тіпті әдебиет тарихын зерттеуші ғалымдарымыздың өзі бұл шайырларға көп көңіл бөлмеген. Мұны тарихтағы тұлғаларды таптық, партиялық және саяси көзқарас шеңберінде жіктеген Кеңес дәуіріндегі ғылымда ислам дінін мақтаған, отарлық езгіге қарсы қарсы өлең шығарған ақын-жырауларымыздың еңбектерін зерттеудің қиын болғандығымен түсіндіруге болатын сияқты. Ал Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің 1947 жылғы 21 қаңтардағы «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және Әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателер туралы» қаулысы ХІХ ғасырдағы халық мұрасын архивке тықты /3 /. Әрине бұл қаулыдан кейін жоғарыда аталған ақындарды зерттеу мүмкін болмады. Бірақ идеологиялық қатаң қысымшылыққа қарамастан заманында атағы шартарапқа тараған шайырларымыз зертеушісіз қалмады, М. Әуезов, Б. Кенжебаев, Х. Сүйіншіәлиев, Р. Бердібаев, Ә. Оспанұлы т. б. ғалымдарымыздың еңбектерінде жарияланды. 1965 жылы шыққан «Ертедегі әдебиет нұсқалары», Х. Сүйішіәлиевтің «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері», «Қазақ әдебиеті. ХVIII - XIX ғ. » зеттеулерінде осы ақындарға қысқаша тоқталып өткен. Сондай-ақ шайырларымыздың кейбір өлеңдері «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды», «ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясы», «Әдеби мұра» жинақтарында басылды.
Әсіресе М. О. Әуезов пен Ы. Т. Дүйсенбаевтың жетекшілігімен «ХІХ ғ. екінші жартысындағы қазақ әдебиеті тарихын зертеудің кейбір мәселелері» (Майлықожа, Мұсабек, Нұралы ақындардың шығармалары негізінде. ) атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған, «Қаратау атырабының ақындары », «Қаратау шайырлары» деп аталатын екі бірдей монография жазған Ә. Оспанұлының еңбегі ерен. Ғалымның барлық ғылыми зерттеулері дерлік ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басында еліміздің оңтүстік өңірінде өмір сүрген ақындар шығармашылығына арналған. Бірнеше жыл тарихтан сабақ берегеннен кейін болар, зерттеушінің шығармалары тарих тілімен жазылған. Ә. Оспанұлының құрастыруымен 1970 жылы «Нақыл», 1993 жылы «Нақылият», «Қара сөз», «Дүние-ай», 1996 жылы «Әмір Әмзе» деген атпен Майлықожаның шығармалары, «Әділет деп . . . », «Семсер сөз» деген атпен Мәделіқожа, Асан, Жолбарыс, Исабек, Ақбөпе ақындардың шығармалары оқырмандар қолына тиді. Сондай-ақ Молда Мұса, Құлыншақ, Ергөбек, Нұралы ақындардың өлеңдерін ел арасынан жинап, жеке-жеке кітап етіп бастырып шығарды.
Кеңес мемлекеті кезінде бұл ақындарды зерттеушілердің барлығы ақындардың шығармаларынан таптық сипат іздеді, үстем тапқа қарсы шығушылар ретінде көрсетті. Сол себепті отаршылдықты сынаған, діни уағыздағы өлеңдерін баспаға шығармады. Әрине әдебиет пен өнерге идеолгиялық бақылау үстемдік құрып тұрған кезеңде бұл ақындардың шығармаларын толық зерттеу мүмкін емес еді. Бірақ «Қанша ғасыр өтсе де мән-мағынасын жоймайтын, аумалы төкпелі заманға тап келсе де қадірі кемімейтін, өктемдіктің қылышына туралса, кейіннен бүтінделетін, қара күйе жағылса, соңыра сәуле шашып, жарқырай түсетін, қын түбінде жатпайтын алтын кездік секілді рухани құндылықтар болады. Елдің мұңын, халықтың қайғысын ойлап, ұлтын ұлықтап, жұртын жоқтаған арыстардың жәдігерлік дүнилері күрмеуі көп күрделі кезеңде қапасқа қамалып, табанға тапталғанымен, түптің түбінде тарихтың шөгіндіні батырып, шын асылды қалқытып шығаратын толқындарына ілесіп, жағалауына жол тартады. Жаңа заманның жаңаша ойлайтын ұрпағының қолына тиеді. Бағасы аспандап, қадір-қасиеті артып, құндылығы еселеніп жетеді» / 4 / - деп Б. Омарұлы айтқанындай тәуелсіздік алған соң жоғарыдағы ақындарымыздың да барлық дерлік шығармалары кітап болып басылып шығып, елдің қолына тиді.
Жұмыстың мақсаты мен міндеті: Жұмыстың мақсаты - ХІХ ғасырда қазақ тарихында болған оқиғаларға дерек ретінде Мәделіқожа Жүсіпқожаұлының, Майлықожа Сұлтанқожаұлының, Құлыншақ Кемелұлының, Молда Мұса (Мұсабек) Байзақұлының сол ғасырда өмір сүрген оңтүстік ақындардың шығармаларын пайдалану, осыған сәйкес төмендегідей міндеттер қойылады:
-- Аталған ақындардың шығармаларының мазмұнын ашу;
-- Ақындардың өлеңдеріндегі мәліметтерді басқа жазба деректермен
-- салыстыру;
-- Ауыз әдебиетінің деректерінің жазба деректерден кем емес екендігін
-- дәлелдеу;
-- Ақындардың өлеңдеріндегі тарихи оқиғаларға сипаттама беру;
-- Ақындардың шығармаларындағы ұлт-азаттық идея туралы айтылған ойларды жаңа көзқараспен бағалау.
Жұмыстың дерек көзі: «Бес ғасыр жырлайды», жоғарыда аталған ақындардың жергілікті баспасөздерде басылған шығармалары, ақындардың өлеңдерінің жинақтары және Оңтүстік ақындарын зерттеген Ә. Оспанұлының мұрағаттағы жеке қорындағы материалдар болып табылады.
Бұл ақындардың шығармаларын ел арасынан жинаған Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Әбубәкір Диваев, Тұрмағамбет Ізтілеуов сияқты халқымызға етене таныс мәдени қайраткерлер болған /5/. Ел арасынан табылып, жиналып отырған өлеңдер Қазақстан Ғылым Академиясының қолжазбалар қорына тапсырылып отырған. ҚР ҒА қолжазбалар қорында Мәделіқожа өлеңдері 879-қолжазбаның 1-папка 14-дәптерінің 12-бетінде, 4-папка 52-дәптерінің 17-бетінде және 9-папка 187-дәптерінің 1-бетінде жиналған. Майлықожаның өлеңдері 879- қолжазба қорының 4-папка 5-дәптерінің 1-7-беттерінде, 5-папка 88-дәптерінің 4-12 беттерінде жиналған /6/.
Жұмыстың зерттелу облысы. ХІХ ғасырдың екінші ширегінен бастап осы ғасырдың аяғына дейінгі аралықты қамтиды.
Жұмыстың құрылымы: Жұмыс кіріспеден, үш тараудан, қорытынды бөлімдерден, сілтемелер тізімі мен пайдаланылған әдебиеттерден және қосымшадан тұрады.
Жұмысты зерттеуде қолданылған әдістер: Жұмысты зерттеу барысында салыстырмалы, объективті (шынайы) зерттеу әдістері қолданылды.
1. 1 Мәделіқожа Жүсіпқожаұлының өлеңдері Қоқан хандығының
қоластындағы қазақ халқының дерегі ретінде.
XVIII ғ. соңы мен ХІХ ғ. басында еліміздің солтүстігі мен батысы Ресей империясы тарапынан отарланып жатқанда, Қазақстанның оңтүстік аймағы Орталық Азия хандықтарының агрессиясына тап болды. Каспий мен Арал теңіздерінің аралығында Хиуа, Сыр өзенінің бойын Бұхар, ал Оңтүстік Қазақстан территориясының бір бөлігі Қоқан хандықтарының қоластына қарады. Бәсекелестері Бұхар және Хиуа хандықтарын біртіндеп ығыстырған Қоқан хандығы еліміздің күнгей өңірінің басым бөлігін жаулап алды. ХVІІІ ғ. басында, бастапқыда өзбектердің минг құрылымының үлесі ретінде пайда болған шағын Қоқан иелігі бірте-бірте, ХVІІІ ғасырдың аяғына қарай, солтүстік ферғаналық қожалардың жергілікті діни жетекшілерімен және басқа да рулық-тайпалық топтармен күрес жүргізе отырып, бүкіл Ферғана алқабын өз билігіне біріктірді /1/. Қоқандықтардың қазақ жеріне басқыншылығы Абылай хан дүниеден өткеннен кейін басталды. Әлім және Омар хандардың кезінде Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанды жаулап алды. Жаулап алған соң қазақтардан алым-салықты шариғатта көрсетілген түрлерін ала бастады, яғни әр қырық бас малдан бір мал, егін мөлшерінің оннан бір бөлігі мөлшерінде. Бірақ бұл мөлшерді Қоқан бектері әрдайым орындай бермейтін. Хандықтан ешқандай жалақы алмайтын салық жинаушылар мен жергілікті датқалар салық жинауды табыс табудың көзіне айналдырды. Қоқандықтардың салық жинауы жайын Е. Бекмаханов былай жазды: Зекет жинау ерте көктемде басталатын. Қырға алдын-ала жігіттер жіберіледі; олар зекет жинаушылар келер алдында малдың есебін алып, ең тәуір малдарды іріктеп қояды /2/. Қоқан хандығының қоластында езілген халық көтерілістерге шығып отырды, бірақ мұндай көтерілістер стихиялы болуынан және Қоқандықтардың әскер күшінің басым болуынан жеңіліп отырды. Алайда бір көтерілістер жеңілгенімен екіншісі басталып халық азаттығын көздеген батырлар шығып жатты. Бұл көтерілістерге ақындар да қатысып, халықтың дем берушісіне немесе арашашысына айналды.
Осы кезеңде өмір сүрген ақындар шығармаларынан біз халықтың басындағы ауыр күйді анық көреміз. XVIII ғасырдың аяқ шенінен бастап Қазақстанның күнгейінде Қоқан басқыншыларының қорлық-зомбылығына қарсы, аяусыз езгісіне қарсы халық тілегін білдірген, азаттық аңсаған әдебиетіміз қалыптаса бастады / 3 /. Қоқанның езгісіне түскен халқының жай-күйін жырмен жеткізіп, зарын айтып араша сұраған ақын-жыраулардың басы ХVIII ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың басында өмір сүрген Жанкісі жырау болды. Жетісу мен Арқада көшіп қонып жүрген жырау езілген халқының жайын былай суреттейді:
Ассалуамағалейкум,
Алдияр ханымыз.
Алдыңа келген қарашаң,
Арызды қабыл алыңыз!
Өзіңіз қосқан зекетші
Біздің елде Жүзбай бар,
Жүзбайдың жүрген жерінде
Жылау менен ойбай бар.
«Келі түбім» деп алады,
«Кеусенім» деп алады,
«Отыра зекет» деп алады,
«Құшақ зекет» деп алады /4/.
Қазақтардан алынатын салықтың түрі жыл сайын арта береді. Тарихшы Бекназаров Р. көрсетуінше ХІХ ғасырдың 30-40 жылдарында олар - «түндік зекет», «адал зекет», және «харадж» сияқты салықтардан бастап төлемдердің ұзын саны 32-ге дейін жеткізген / 5 /. Әрине осы салық түрлері хандыққа орасан пайда келтірді, ал халықты ашындырды.
Қоқан бектерінің салық жинауы әкімшілік органдары тарапынан бақыланбайтын болғандықтан жаппай зорлық жасау, елді тонау сипатында болады. Сайып келгенде, бұл бір жағынан салық жинайтын шенеуніктердің жеке басына пайда табудың көзіне айналды / 6 /. Осындай ашынулардан кейін ел ішіндегі жыраулар халықтың жоғын жоқтап, арашасына айналды. Жырларында ханның шабармандарын, зекетшілерін аяусыз сынап отырды.
Ал ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап жыраулар поэзиясының орнын ақындық поэзия басты. Ақындар мойнына отарлықтың бұғауы түскен елінің азабын азайтам деп жүріп, сол жолда опат болды. Енді біреулері ел мүддесін өз мүддесінің жолында құрбандыққа щалудан тайынбайтын үлкенді-кішілі көрбілте отандастарымен алыса жүріп өмір кешті. Қалай болғанда да солардың көбісі - тәуелсіздіктің, ел бірлігі дегеннің не екенін өздері қапысыз ұғып қана қоймай, осы жолда сүйеу таппай сүрініп жүрген халқының да көзін ашуға, санасын көтеруге бар күш-жігерін аямай жұмсап бақты / 7 /. Яғни жыраулардың аты өзгергенімен заты өзгермеді, ақындар да халқының басына түскен ауыртпалықты айтумен өтті, біреулері сол отаршылдыққа қарсы күресуші, қол бастаушы батырға айналды.
Шындығында Қазақ халқынан ақындық пен батырлықты қатар алып жүрген тұлғалар аз шыққан жоқ. Жалынды жырларымен халықты қарулы күреске шақырып, батырлығымен қол бастаған Ақтамберді, Махамбет, Шернияз сияқты ақындардың аты тарихтан белгілі. Сондай батыр ақындардың бірегейі Мәделіқожа Жүсіпқожаұлы (1816-1888) болды. Қазақ әдебиетінің тарихын зерттеген Ханғали Сүйіншіәлиев «қазақ топырағындағы әрі батыр, әрі ақын атанған азаматтың бірі - Мәделі», - деп жазды /8/. Мәделіқожа Қоқан хандығының қол астындағы қазақ халқының мұңын жоқтап, өлең шығарған Жанкісі жыраудан кейінгі сөз зергері болып табылады. Сондықтан Мәделіқожа шығармаларында да Қоқан хандығынан халықтың көрген зәбірі, хан салықшыларының озбырлығы, елдегі болған көтерілістер хақында айтылған. Мәделіқожаның өлеңдері көп емес, бірақ шығарған өлеңдерінің барлығы дерлік отаршылдықтың мәнін ашып, өмірін суреттейді. Махамбет Өтемісұлы сияқты аз өлеңімен көптің көңілінен шыққан ақын болып табылады. Оның «Қоқан ханына айтқаны», «Қарағашты Тәшкеннен», «Аман бол, Қосжарсуат -- Туған жерім», «Тастап бір шықтық мекенді», «Тұрмысың аман-есен, Ордабасы» өлеңдері осы Қоқан хандығының отарлауына арналған.
Өкінішке орай Мәделіқожа шығармалары толыққанды зерттелінбегендіктен, ақын тарихтан да, әдебиеттен де өзіне лайық бағасын ала-алмай келеді. Мәделі шығармаларын там-тұмдап зерттеген филолог ғалымдарымыз болғанымен, тарихшыларымыздың тарапынан көңіл аударылмауда. Мәделіқожа өлеңдері Қазақстан, әсіресе Оңтүстік Қазақстанның XIX ғасырдағы тарихын зерттеушілерге таптырмас дерек көзі болып табылғанымен, зерттеушілердің назарынан тыс қалып келеді. Оңтүстік тарихын зерттеуші ғалымдарымыз дерек ретінде орыс зерттеушілері мен саяхатшыларының ХІХ ғ. жазып кеткен шығармаларын пайдаланады. Ал ол деректерді жазушы отарлаушы елдің барлаушылары екені, оның үстіне жергілікті мәдениетті, дәстүрді білмейтіні, біздің халықты өздерінен төмен санап, жазбаларына тек өздеріне қажетті мәліметтерді түсіретіні ескерілмеуде.
Ақындар болса жергілікті халықтан шыққан, ол елінің қандай күйде отырғанын біледі және сол білгенін өлең етеді. Жоғарыда атап кеткеніміздей салық арқылы орасан пайда тауып отырған Қоқандықтар онымен қоса жергілікті халықты басқа да шаруаларға жегетін және қазақтарды түрліше себеп сылтаумен тонайтын. Мысалы: Қырғызбен кездесіп қалған бір зекетші оның бетіндегі жырықты көреді де:
- Бетіңді қайда жырып алып жүрсің?- деп сұрайды. Қамыстың арасымен жүріп ем жырып кеткені, - дейді қырғыз. Мен ендеше сенің жауыңды құрттым, - дейді зекетші, шабылған қамысты көрсетіп, - сол үшін маған бір қой беруге тиіссің /9/.
Қоқанның езгісіне түскен қазақ халқы бірнеше рет көтерілістер жасайды. Қазақтар Құдияр ханның тұсында да жапа шекті. Оның тұсында ауыр езгіні жергілікті еңбекшілер де басынан өткерді / 10 /. Бұл хан тарихта залымдығымен қалған және оның билік етіп отырған уақытында қанау мен тонау аяусыз жүргізілген. Сондықтан халық өздеріне түскен ауыртпалыққа шыдамай жиі-жиі көтерілді.
Осындай көтерілістердің бірі 1858 жылы болды. Аталған жылы кезекті салығын жинау мақсатымен Ташкенттен Мырзаби бастаған қарулы әскер шығады және халыққа ауыр салықтар салумен тынбай, қазақ қыздарына айуандықпен зәбір көрсетеді. Әрине бұл жайт қашан да қыз баласын құрметтеген қазақ халқының ашу-ызасын туғызды және қазақтар 1858 жылы тағы да көтерілді. Осы көтеріліс туралы нақты жазба деректердің кездесуі жоққа тән, ал Мәделіқожаның өлеңдері бұл көтерілістің ауызша деректеріне жатады. Ташкент билеушісі Мырза Ахметтің інісі Мырзаби қоңыраттың Жандар руынан шыққан Мұсабек батыр бастаған қазақтардың қолынан Ордабасы елдімекенінде өлтірілді. Бес жүздік әскер бастығы Молда Маюсуп та көтерілісшілер қолынан қаза тапты /11 /. Көп ұзамай көтерілістің шеңбері бүкіл Ұлы жүз қазақтарының территориясы мен Солтүстік Қырғызстанды түгел қамтиды. Түркістан төңерегін мекендеуші өзбектер мен ұлы, орта жүз қазақтарының басқа да рулары Мырза Ахметтің орнынан тайдырылуын талап етеді / 12 /. Көтерілісшілерді басуға ұмтылған Қоқандықтар бірнеше рет арнайы әскер шығарады, бірақ бұлардың бәрі көтерілісшілерден жеңіліп отырған. Ал осы көтерілістің аяғы бүкіл Ферғана территориясын қамтып, Құдияр хан тақты тастап қашып кетіп, хандықты жеті жыл өткен соң ғана қайтарып алады. Оған дейін Қоқан тағында Миллехан отырды. Сондай-ақ Ташкент билеушісі Мырза Ахметте қашып кетіп орнына Аталық келді. Залымдығымен, қаталдығымен аты шыққан Құдияр хан тақтан бірнеше рет тайдырылып қайта орнына келді. Бұл жайт ақынның «Қарағашты Тәшкеннен» деген өлеңінде:
Қарағашты Тәшкеннен,
Мырзаби деген бек шықты.
Екі иінін жеп шықты,
«Қатын менен қызыңнан
зекет» бергін деп шықты.
Оның қылған ісіне,
Ел денесі түршікті.
деп суреттеледі. Бұл өлеңнің мазмұнына қарап көтерілісшілердің мақсатын білуге болады және осы өлеңдегі көңіл аудартатыны «Қатын менен қызыңнан зекет бергін деп шықты», деген қатардағы «зекет»сөзі. Бұл сөзді ақын өлеңінде текке қолданбаса керек, салықшылар шариғатта осындай заң бар деп халықты алдамақ мақсатымен, әрі өздерінің арсыз бұйрығына халық наразылығын ту-
дырмас үшін қолданбақ болған сияқты. Ал бұл қулықтың астарын ақын түсінген және арабша хат таныған, сауатты Мәделіқожа шариғатта мұндай зекеттің жоқ екенін білген. Ақынның «Қоқан ханына айтқаны» деп аталатын өлеңідегі:
Біз білмейтін болмаса,
Шариғатта бар ма жол
Қыздан зекет алмақ-ай»
деген жолдрға қарап оны аңғаруға болады.
Мәделіқожа өлеңдерінде осы көтерілісті ұйымдастырған, көтеріліс басшыларының бейнелері де ашыла түскен. Бұл көтерілістің барысында әшейінде дүрдараз қазақ рулары ел қамын ойлаған басшылардың арқасында ортақ жауына бірігіп қарсы тұрды. Ақын өлеңінде мұны ерекше бір сезіммен қанаттанып айтады. Көтеріліс жетекшілерін ақын былай суреттейді:
Ел намысын қорғайтын
Қазақтан да ұл шықты.
Беліне жарақ байланып,
Мұсабек деген ер шықты.
Аққан судай сарқырап,
Алтын тоны жалтырап,
Рысқұлбек келді жарқырап.
Мәделіқожаның өзі де осы көтеріліске қатысып, көтеріліс жетекшілерінің бірі болған және Мырзабиді өлтірушілердің тобын ұйымдастырған, мұны ақынның «Тұрмысың аман-есен, Ордабасы» өлеңінде айтылатын мынау шумақтан білуге болады.
«Өлтіріп Мырзабидің етін алып,
Қолымның ет асадым қаныменен»
Бұл жолдардан ақынның жеңіске масаттанғаны байқалады. Сондай-ақ осы жерде дау тудырып отырған бір мәселе бар, ол - Мырзабиді нақты кім өлтірді деген сұраққа байланысты туындап отыр. Себебі кейбір деректерде қоңырат Мұсабек батырдың да Мырзабиді өлтіргені айтылады. Осыған байланысты бірнеше жыл бұрын баспасөздерде айтыс-тартыстарда өтті. Бірақ біздің ойымызша бұл жерде нақты Мырзабиді кім өлтіргені маңызды емес, маңыздысы осындай қиын-қыстау кезеңде қазақ халқының бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білгені. Ал Мырзабиді өлтірушіге келер болсақ бұл жерде өлтіргендер топ болып қимылдаған. Алдымен Қоқан бегін алдап нөкерлерімен бірнеше үйге кіргізеді, Мырзаби отырған үйде қазақтың бірнеше батырлары жмналады және сол жерде оған тап беріп бауыздайды. Ал сол топта болған әр адам өзін Мырзабиді өлтіруші санаған және ол дақпыртты руластары көтеріп әкеткен.
Бұл көтерілісті Қоқандықтар басқаннан кейін ақын көп қуғын көреді. Қуғыншылар артына түсуін қоймаған соң, ақын Бұхар әмірлігіне кетеді. Осы
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz