Мэйдзи дәуіріндегі Жапониядағы жаңа саяси жүйенің қалыптасуы


Пән: Жалпы тарих
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 51 бет
Таңдаулыға:   

БІТІРУ ЖҰМЫСЫ

Мэйдзи дәуіріндегі Жапониядағы жаңа саяси жүйенің қалыптасуы


МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ . . . 2

I. Мэйдзи дәуіріндегі конституциялық құқық

1. 1. Заң шығарушы орган - парламенттің құрылуы . . . 6

1. 2. Мэйдзи дәуіріндегі Жапонияның сайлау жүйесі . . . 10

1. 3. Жапониядағы саяси партиялардың құрылуы . . . 14

1. 4. Алғашқы жапон конституциясы . . . 18

II. Мэйдзи дәуіріндегі үкіметтің еуропалық үлгіде құрылуы

2. 1. Атқарушы билік органы - министрлер кабинетінің құрылуы . . . 23

2. 2. Император жанындағы жоғарғы консультативті орган - құпия

кеңес (сумицуин) . . . 27

2. 3. Гэнро институтының құрылуы . . . 30

2. 4. Мемлекеттік идеологияның қалыптасуы. Кокутай доктринасы . . . 32

III. Мэйдзи дәуіріндегі полиция мен қарулы күштерді реформалау

3. 1. Тұрақты қарулы күштерді және полицияны құру . . . 37

3. 2. Құқықтық-сот жүйені реформалау . . . 42

ҚОРЫТЫНДЫ . . . 48

Пайдаланылған әдебиеттер . . . 50

КІРІСПЕ

Күншығыс елінің, яғни жапон халқының тарихнамасында «Мэйдзи исин» атымен белгілі 1868 жылғы төңкеріс мемлекет өмірінің барлық салаларына түбегейлі өзгерістер әкелді. XIX ғасырдың 70-80 жылдарындағы буржуазиялық қайта құрулар Токугава сегунаты кезіндегі феодалдық қатынастардың ыдырап, саяси биліктің жаңа жүйесі - абсолюттік типтегі орталықтанған мемлекеттің орнауына жол ашты. Сан ғасырлар бойы жалғасқан император билігі қайта жандандырылып, 1889 жылы Ұлы Жапон Империясының алғашқы Конституциясы қабылданды.

Зерттеу жұмысының өзектілігіне келетін болсақ, біріншіден, Конституцияның қабылдануы, парламенттің және алғашқы саяси партиялардың құрылуын қамтитын Мэйдзи дәуірінде қалыптасқан жаңа мемлекеттік құрылым мен саяси жүйе ерекшеліктерін танып-білу, 1947 жылғы Конституцияның жария етілуіне дейін, тіпті, бүгінгі күнге дейін жалғасқан жапон мемлекетінің демократиялық даму жолын зерттеуде аса маңызды болып табылады. Екіншіден, елдегі саяси, экономикалық және әкімшілік реформалардан кейін күшейе түскен Жапонияның XX ғасыр табалдырығында әлемдік сахнада ең мықты әрі саяси ықпалды мемлекеттер қатарына еніп, империалистік елге айналуы өз алдына маңызды мәселе болып отыр. Өйткені, Жапонияда жаңа билік жүйесі мемлекет үшін ауыр зардаптармен ерекшеленді десек, артық айтпағанымыз. Қалай дегенмен де, мұндай саяси жүйенің ертеңі елде монархиялық-фашистік режимнің орнауымен аяқталғанын естен шығармаған жөн. Мемлекеттің милитаризациялану жолын басқан Жапонияның «Үлкен соғысқа» бастамашылық ретінде жүргізген экспансиялық саясатының алғышарттарын қарастыру, синтодан бастау алатын кокутай идеологиясының қалыптасу себептерінің шымылдығын ашуға мүмкіндік береді. Үшіншіден, жапон мемлекетінде орын алған басқару түрінің абсолюттік конституциялық монархиядан біртіндеп шектеулі дуалистік монархияға өту үрдісін зерттеу қазіргі таңда жапон елі тарихы ғылымы шеңберінде аса маңызды саяси мәселеге айналып отыр. Себебі, халық құқықтары мен бостандықтарының кеңеюі және император билігінің әлсіреуі, келешекте микадоны биліктің символы ретінде ғана танитын жаңа конституцияның қабылдануына әкелді.

Мэйдзи дәуіріндегі мемлекеттік аппарат реформасының алғышарттары мен нәтижелерін белгілеу, оның ішінде 1889 жылғы еуропалық үлгіде құрастырылған елдің алғашқы Конституциясының моделімен танысу, әрі оның құрылымының негізінде әрбір мемлекеттік органның атқаратын қызметі мен міндеттеріне, халықтың құқық-бостандықтарына толыққанды талдау жүргізу - жұмыстың негізгі мақсаты болып саналады.

Осы мақсаттың мүддесінен шығу үшін зерттеуде мынадай міндеттерді шешу көзделді:

♦ Мэйдзи дәуіріндегі конституциялық құқық нышандарын қарастыру

♦ Парламенттің құрылуы, оның құрылымы, құрамы, қызметін, саяси жүйедегі ролін анықтау

♦ Сайлау жүйесі және саяси партиялардың қызметіне тиісті баға беру

♦ Еуропалық үлгідегі үкіметтің - министрлер кабинетінің өкілеттік шеңбері мен өзге мемлекеттік органдарға тәуелділігін анықтау

♦ Гэнро институты мен Сумицуин Құпия Кеңестің қызметі мен мемлекеттік аппаратта алатын орнын айқындау

♦ Кокутай доктринасының мемлекеттік идеология болып қалыптасуының жаңа мемлекеттік құрылым үшін нәтижелерін нақтылау

♦ Тұрақты әскер мен полицияның құрылуының алғышарттарын мен нәтижелерін анықтау, жаңа қарулы күштер жүйесінің кемшіліктері мен артықшылықтарын белгілеу

♦ Жаңа құқықтық-сот жүйесінің моделі, құрылымы және басты ерекшеліктерін жан-жақты қарастыру

Зерттеу барысында негізінен 1889 жылғы Ұлы Жапон Империясының Конституциясы басты дереккөздердің бірі болып табылады. Салыстырмалы талдаулар жүргізу мақсатында 1947 жылғы Конституцияның мәтіні де қолданылды. Сонымен қатар, Мэйдзи дәуіріне жататын түрлі заң актілері мен мемлекеттік құжаттар зерттеу жұмысының құнды дереккөздері ретінде пайдаланылды.

Мэйдзи дәуіріндегі жаңа саяси жүйенің қалыптасуы тақырыбында зерттеу жүргізген жапон, орыс, американ, неміс тарихшылары мен саясаттанушы ғалымдар орасан зор. Жапон еңбектеріне келетін болсақ,

С. Тадагаваның «1889 ж. Жапонияның Конституциясы және елдің модернизациялануы» атты шығармасының бұл саланы зерттеуде тигізетін пайдасы мол болатыны даусыз. Бұл еңбекте Мэйдзи дәуірінің қайта құрулары, олардың алғышарттары мен нәтижелері жан-жақты сипатталған. Сонымен қатар, Конституцияның қабылдану тарихы мен оны жасауда Ивакура Томоми, Ито Хиробуми және Окума Сигэнобу тәрізді тәжірибесі мол білгір саясаткерлердің мемлекеттік құрылымның реформалануы барысында атқарған еңбектері жөнінде сөз етілген.

С. Тояманың «Мэйдзи исин. Жапонияда феодализмнің жойылуы» еңбегінде Токугава дәуірінің соңғы кезеңіндегі (бакумацу) күншығыс елінің феодалдық бытыраңқылықтан орталықтанған билік жүйесіне өту үрдісі, Мэйдзи дәуірінде жүргізілген экономикалық, саяси және әкімшілік реформалары жөнінде орасан зор ақпарат табуға болады.

Орыс ғалымдары да жапон тарихын зерттеу саласында тер төгіп еңбектеніп, асқан белсенділік танытқаны сөзсіз. Орыс тарихшылары мен саясаттанушылары еңбектерінің ішінде В. В. Маклаковтың «Шетел мемлекеттерінің конституциялары» деген кітабын ерекше атап өткен жөн. Бұл еңбекте 1855 жылы Жапонияның ашылуынан бастап, 1947 жылғы Конституцияның қабылдануына дейінгі кезең қамтылған. Сондай-ақ, 1889 жылғы Конституцияның құрылымы мен құрамын толық баяндалып, құқықтық сот жүйесіндегі қайта құрулар, оның ішінде неміс үлгісінде дайындалған қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстері жөнінде біраз құнды мәлімет жинақталған.

О. А. Жидкова, Н. А. Крашенникованың «Шет елдердің мемлекетігі мен құқығының тарихы» атты кітабы Мэйдзи төңкерісінің барысы, нәтижелері туралы мағлұматтарға бай еңбек болып табылады. Мұнда 1890 жылғы сайлау құқығының реформасы, қарулы күштерді қайта құру және сот жүйесіндегі жаңашылдықтар сөз етілген. «Шет елдердің мемлекетігі мен құқығының тарихы» - сот жүйесіндегі адвокатура және прокуратура органдарының атқаратын қызметі, құзырындағы негізгі мәселелер егжей-тегжейлі қарастырылған саны жағынан аз еңбектердің бірі. Сегунаттың құлауымен қалыптасқан жаңа саяси жүйедегі әрбір мемлекеттік органға жүктелетін басты функциялар мен міндеттер және олардың өзара бір-бірінің алдындағы жауапкершілігі секілді мәселелерді қарастыру барысында атақты орыс заңгер ғалымы, З. М. Черниловскийдің «Мемлекет пен құқықтың жалпы тарихы» еңбегі құнды материал болатыны сөзсіз. Бітіру жұмысын жазуға төмендегі ғалымдардң еңбектері де арқау болды:Минору Сонода. «Мир синто» (19), Молодякова Э. В. «Синто в послевоенные годы» (20), Молодякова Э. В., Маркарьян С. Б. «Японское общество: книга перемен (полтора века эволюции) » (17), Георгиев Ю. «Закулисный реформатор эпохи Мэйдзи»(13) .

Бітіру жұмысы кіріспе, негізгі бөлім және қорытындыдан тұрады. Жұмыстың кіріспе бөлімінде Мэйдзи дәуіріндегі жаңа саяси жүйенің қалыптасуы жөнінде жалпы сөз қозғалады. Сонымен қатар, зерттеу жұмысының өзектілігі, мақсаты мен міндеттері, пайдаланылған дереккөздер мен мұндай саланы қамтыған түрлі ғалымдардың еңбектері, бітіру жұмысының құрылымы сипатталған.

Зерттеу жұмысының негізгі бөлімі үш тараудан тұрады. Бірінші тарау «Мэйдзи дәуіріндегі конституциялық құқық» деп аталады. Бұл тарауда 1890 жылы Жапонияда заң шығарушы орган - парламенттің құрылу мәселесі толығымен қамтылған. Бір ғана үкіметтік партиядан құрылған парламенттің қызмет ету мерзімінің тым қысқалығы, әрі жұмысының әлжуаздығына қарамастан, оның тіпті саяси орган ретінде құрылу фактінің өзі, елдегі әскери-бюрократтық қоғам өкілдерінің ақыры парламенттің және саяси партиялардың мемлекет өміріндегі маңыздылығын мойындатқаны жөнінде сөз қозғалады. 1890 жылы сайлау құқығының реформасы өткізіліп, елдегі дауыс беру құқығына ие азаматтардың санының айтарлықтай өсуі, 1890 жылы және 1892 жылы өткізілген алғашқы парламент сайлаулары сол кездегі саяси мәдениеттің аяғына дейін қалыптасып бітпеуі салдарынан парақорлықпен, әрі жемқорлықпен ерекшеленуі, елде алғашқы Дзиюто конституциялық-либералдық және Кайсинто конституциялық реформалар мен прогресс саяси партияларының құрылуы тәрізді мәселелер егжей-тегжейлі қарастырылған. Сонымен бірге, 1889 жылғы алғашқы Конституцияның жария етілуі, оның моделі мен құрылымы анық сипаттталады. 1947 жылға дейін өз күшінде болған бұл Конституция елдің капиталистік дамуының мемлекеттік-құқықтық іргетасын қалады. Оның нәтижесінде, Жапония мықты империалистік державаға айналды. Саяси изоляция қыспағынан шыққан күншығыс елінің бұдан былай дүниежүзілік сахнада маңызды орынға иеленуіне қатысты мәселелер осы тарауда қарастырылған.

Екінші тарау «Мэйдзи дәуіріндегі үкіметтің еуропалық үлгіде құрылуы» деген атқа ие. Мұнда дадзеканның жойылып, атқарушы билік органы - министрлер кабинетінің құрылуы, құрамына кірген барлық министрліктер, олардың құзырындағы мәселелер жөнінде бірқатар құнды мәліметтер бар. Оларға қоса, найкаку органының құрылуынан бастап билік еткен премьер-министрлердің жалпы тізімі де осында берілген. Бұл тарауда император жанындағы жоғарғы консультативті орган - Құпия Кеңестің (Сумицуин) құрылу тарихы, қызмет ету тәртібі мен өкілеттік шеңбері нақты көрсетілген. Сонымен қатар, «ақсақалдар кеңесі» - Гэнро институтының мемлекеттік орган ретінде қалыптасуы жөнінде біраз сөз қозғалған. Гэнро институты күншығыс еліне ғана тән өзіндік саяси институт ретінде мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына қатысты премьер-министрдің тағайындалуы, соғыс ашу, бейбітшілік жариялау, шетел державаларымен түрлі келісім-шарттар жасасу сияқты маңызды мәселелерді қарастыруда шешуші рольге ие болғаны, органның сол замандағы билік жүйесінде күшті саяси беделімен ерекшеленгені екінші тарауда қозғалатын негізгі мәселелердің бірі болып табылады. Тараудың соңғы бөлігі, синто ілімінің саяси билікпен бірігіуі, яғни Кокутай доктринасының мемлекеттік идеология деңгейіне көтерілуі мәселесіне арналған.

Негізгі бөлімнің үшінші тарауы «Мэйдзи дәуіріндегі полиция мен қарулы күштерді реформалау» деп аталады. Өзінің атынан-ақ белгілі, бұл тарауды оқи отырып, 1873 жылы күшіне енген «жалпыға бірдей әскери міндет» туралы Заң негізінде тұрақты құрлық және теңіз әскерін құру және орталықтанған полиция жүйесін қалыптастыру жөнінде көптеген құнды мәліметтер мен ақпарат жинауға болады. Қарулы күштерді реформалау мәселесімен бірге, бұл тарауда жапон мемлекетінің құқықтық-сот жүйесіндегі қайта құруларға да толыққанды сипаттама жасалған. Нақты айтқанда, 1872 жылы жапон үкіметі Әділеттік министрлігінде лауазымды тұлғалардың қызеттік міндеттері жөніндегі Ережеге сәйкес төтенше, апелляциялық, жылжымалы, префектуралық, аймақтық соттардың құрылуы. Сонымен қатар, үшінші тарауда адвокатура және прокуратура органдарының құрылуы және олардың сот жүйесіндегі қызметі мен өкілеттік ету шеңбері жан-жақты баяндалған.

Бітіру жұмысының қорытындысында жалпы Мэйдзи дәуіріндегі жапон мемлекетінің саяси құрылымын егжей-тегжейлі қарастырудың маңыздылығы, зерттеудегі әрбір тараушаға сәйкес шығатын қорытындылар мен тұжырымдар келтірілген. Сондай-ақ болашақта одан әрі зерттеуді қажет ететін мәселелер де осы қорытындыда берілген.


1-ТАРАУ. МЭЙДЗИ ДӘУІРІНДЕГІ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰҚЫҚ

Заң шығарушы орган - парламенттің құрылуы

Жапон парламенті «императорлық парламент» (Тэйкоку гикай) деген атқа ие болғаны белгілі. Бұл тегін емес еді. Сол кездегі бірқатар жапон жазушылары байқағанындай, конституцияны «императордың халыққа деген асқан мейірімі» ретінде халық санасына ұялату заң шығарушы биліктің басты мақсатына айналды (1, 162) .

Жапон парламетінің жұмысы 1890 жылы басталды. Парламент ел басшысы, император бұйрығымен шақыралатын және таратылатын болды. Император өз еркімен әр түрлі саяси жағдайларға байланысты парламент сессиясын уақытша тоқтатуға не болмаса мүлдем таратып жіберуге толық құқылы еді.

Парламент екі палатадан тұрды: пэрлер палатасы (Кидзоку-ин) және өкілдер палатасы (Сюги-ин) . Пэрлер палатасы немесе жоғары палата таратылмайды, оның отырыстары тек кейінгі мерзімге қалдырылуы мүмкін.

Парламенттің пэрлер палатасының құрамы келесідей болды:

1) император тұқымындағы ханзадалар;

2) 25 жастан асқан маркиздер мен княздар;

3) өз жетістіктерімен көзге түскен, еңбегі сіңген императордың өзі тағайындайтын тұлғалар;

4) ақсүйектер қатарынандағы салық төлеушілер ішінен сайланатын әр префектурадан бір өкіл.

Палатаның құрамына енетін соңғы аталған үш топтың әрбіреуі жалпы мүшелер санының бестен бір бөлігінен асып кетпеуі тиіс еді. Екі соңғы топ мүшелерінің жасы 30-дан аспауы керек болды. Жалпы жоғары палата құрамына 300-дей депутат кірді.

Өкілдер палатасы құрамына 25 жасқа толған және 3 иен құнынан асатын тікелей салық төлейтін жапондық ер адам қызметшілермен сайланатын депутаттар кірді.

Жоғары палата мүшелері өмір бойы қызмет ету құқығына ие болатын. Ол палатаның көп бөлігі халыққа сыйлы ақсақалдар тобын құрады. Төменгі палата мүшелері 4 жыл бойы қызмет істейтін еді.

Пэрлер палатасының президенті мен вице-президентін императордың өзі сайлады. Ал төменгі палата президенті мен вице-президенті палата таңдаған кандидаттар арасынан сайланады. Император өз таңдауын палатада көпшіліктің даусына ие болған кандидатқа тоқтатады. Палатаның президенттері жылына бес мың иен, вице-президенттер үш мың иен, палата мүшелері екі мың иен жалақы алатын.

Парламенттің келесідей құқықтары болды:

1) петициялар қабылдау;

2) императорға жолығу;

3) үкіметтен түрлі мәселелерге байланысты түсініктемелер талап ету (министрлер кабинеті талапты орындамаған жағдайда, парламенттің төменгі палатасы императорға шағым тастауға құқылы, ал император заң шығарушы орган мен атқарушы биліктің арасындағы келіспеушіліктер шектен шығып жатса, палатаны таратып жіберуге құқығы бар) ;

4) мемлекеттік шығындар мен кірістердің тиісті түрде тіркелуін қадағалау. Сонымен қатар, парламент, оның ішінде оның төменгі палатасы министрлердің қаржылық ұсыныстарынан бас тартуға, қажетті жағдайларда белгілі бір шараларға қаражат бөлмеуге де құқылы болды.

Парламент палатасындағы депутаттың алатын орны жребий бойынша түсетін нөмірімен анықталды. Ал бұл дегеніміз, жапон парламентінде, еуропалық палаталарындағыдай, оң, сол, орта қанаттар сияқты бөлініс болмады.

Парламент жұмысын бақылауға бағытталған арнайы комиссия құрылды. Ол комиссия жұмысына министрліктен жіберілген өкілдер де араласып отырды. Екі жақ бірігіп, ортақ шешім қабылдайтын еді. Екі палата арасында бегілі бір заң жобасына байланысты келіспеушіліктер туындаған жағдайда жоғарыда сөз болған комиссия бітім жасасуға ықпалын тигізетін. Комиссияларда тынбай еңбек еткеннің арқасында аз уақыт ішінде жапон парламентінің палаталары көптеген заң жобаларын талқылып үлгеріп отырған. Мысалы, 1898 жылдың желтоқсанынан бастап 1899 жылдың наурыз айына дейін депутаттар палатасы 280 рет дауыс берді. Яғни, орташа есеппен депутаттар күн сайын төрт рет дауыс беріп отырған. Палаталар қызметінің қарқындылығы айтарлықтай қарама-қайшылықтардың болмауымен түсіндіріледі. Палата барлық жағдайларда комиссияның шешімін басшылыққа алып отырды. Палата мәжілістеріне министрлер сирек қатысатын, өйткені мұндай отырыстар іс жүзінде емес, қағаз жүзінде іске асып отыратын шаралар ғана болып есептелді. Маңызды заң жобаларын талқылау кезінің өзінде министрлер өз орындарына үкіметтік комиссарлар мен заң кеңесшілерін жіберіп отырды (2, 328) .

1890-1923 жылдар аралығында парламенттің төменгі палатасында өткізілген сессиялар саны 45-ке жетті. Төтенше сессиялардың мұндай көп болуының себебі ретінде келесі фактіні келтіреміз: парламенттің құрылғанынан кейінгі алғашқы он жыл уақыт ішінде өкілдер палатасындағы оппозиция күштерінің мықты болғаны сонша, үкімет парламентті жиі-жиі таратып отыруға мәжбүр болған еді. 1890-1898 жылдары парламенттің бес сессиясы таратылды. Елде мемлекетті басқарудың түрі ретінде өкілдік конституциялық монархия билігінің қалыптасқандығын ескере отырғанымен де, орын алған жағдайды қалыпты деп санауға келмейтін еді. Осыған орай, парламент тікелей репрессияларға жол беруден бас тартып, өзінің аталмыш «парламенттік қаруын», яғни көпшілікті құрайтын топты құруды көздеді. Сөйтіп 1900 жылы император рұқсатымен Ито Хиробуми Сэйюкай үкіметтік партиясын құрды. Партия жұмысы ұйымдастырылғаннан кейін үкімет пен парламент арасындағы өзаралық қызмет жөнге келе бастады. Ито партияны құрғаннан соң өзінің парламенттік қызметі аяқталды деген оймен үкіметтік жұмыстарына қайта оралды. Партия Ито Хиробумидан оның әріптесі Сайондзи Киммоти басшылығына өтіп, билік басына келетін әрбір министрлер кабинетінің өзіндік басқару бағытына сай жеңіл де жедел өзгеріп отыратын үкімет қолындағы күшті құралға айналды. Ито мен Сайондзидің «либералдық» кабинеті болсын, немесе Ямагата мен Кацураның консервативтік кабинеті болсын, Сэйюкай партиясы тең дәрежеде барлық іс-шараларға қолдау көрсетіп, парламентте көпшіліктің даусына ие болып, үкіметке оппозиция күштерімен жемісті күресуге мүмкіндік берді. Дегенмен жапон саяси сахнасында оппозициялық партия да, Сэйюкай партиясының құрылуының себептеріне байланысты, әрі міндетті түрде император рұқсатымен пайда болғанын естен шығармаған жөн. Сэйюкай партиясының парламентегі саяси маңызы күннен-күнге өсіп, үкіметтің партияға деген тәуелділігі арта келген сәтте, ол үкіметке бағынбаушылық көрсете бастайды. Соның салдарынан, 1908 жылы сол кездегі премьер-министр Кацура Сэйюкайды жойып, өзге партияны құруды және дәл осы партияға «үкіметтік» мәртебесін беруді шешеді. Нәтижесінде Досикай партиясы құрылады. Алайда, Сэйюкай париясы біртіндеп өзінің парламенттегі бұрынғы беделінен айырылып бара жатқанын байқаған соң, қол қусырып отырмады. Өз орнын білмей, шектен шыққан партия үкіметке өз кінәсін мойындайтындығын жеткізуге асықты. Ескі дос екі жаңа достан да артық демекші, Сэйюкай партиясы саяси алаңдағы өз маңызын қайтарып, үкіметтің сенімді қызметшісі ролінде қалу мүмкіндігіне иеленеді. Ал Досикай партиясы оппозициялық партияға айналып, аты «Кэнсэйкай» деп өзгереді. Сэйюкай партясымен парламенттегі орындарды бөле отырып, Кэнсэйкай нақты саяси мақсаттары жоқ, оппозициялық деген аты ғана бар партиялардың біріне айналады.

Үкіметтік партияға да, оппозициялық партиялардың құрамына да енбеген тұлғалар өздерінің кішігірім саяси топтарын құрай бастады. Олардың қатарында болған «Дайдо», «Дококай», «Сэйкоку-рабу» т. б. Парламенттегі мұндай қосымша топтар өміршеңдігімен ерекшеленбеді. Тұрақты болған жоғарыда аталып кеткен екі партия болды (Сэйюкай, Кэнсэйкай) .

1917 жылғы парламенттік сайлауда Сэйюкай партиясы төрт жүз алпыс төрт орыннан екі жүз сексен орынды иеленді. Ал Кэнсэйкай жүз он бір орынмен қанағаттанды. Жалпы партияларды белгілі қоғамдық топтардың мүддесін қорғаушылар ретінде қарастырудың негізі болмады. Өйткені бұл екі партияның нақты саяси бағдарламалары болған жоқ. Парламент өз жұмысын бастаған кезде құрылған сэйюкай партиясы мүшелерінің көпшілігі ауыл шаруашылықпен айналысатын адамдар еді. Бұл партия аграрлық партия деп аталды. Ал өндіріске деген қызығушылық арта түскен кезде пайда болған кэнсэйкай партиясы сауда-өндірістік партиясы ретінде танылды. Ал дүниежүзілік соғыс кезінде қоғамдық таптар пайда түсіру мақсатында коммерцияға ұмтылғаны белгілі.

Жапонияның үстем тап өкілдері, шенеуіктер мен император ұрпақтарының өздері алып-сатуға салынды. Екі партия да феодалдық-бюрократтық таппен тығыз байланыстағы ірі буржуазия мүддесін қорғағандықтан, саяси мақсаттары бір жерден шығып отырды. Аграрлық және өндірістік болып бөлінген екі партия парламент өміріне сапырылыс енгізді. Осы кезде саяси сахнаға парламент жұмысын белгілі бір ретке келтіруді мақсат еткен жаңа «Дзицугио Досикай» атты яғни, іскер адамдардың партиясы шығады. Ассоциацияның көшбасшысы Сандзи Муто болды

Партияның саяси бағдарламасының негізгі қағидалары оның декларациясында айқын белгіленген: «Қоғамның дамуы өндіріс күшінің дамуынан тікелей туындайтын нәтиже. Экономика - саясаттың негізі. Іскер адамдар саясатқа араласуы тиіс. Олардың бұндай мәселелердегі енжарлығы, бұқара халықтың нақты саяси ұстанымының қалыптаспауына, әрі оның саяси білімінің жұтандығына әкеледі. Өндірістік күштің жетілуі ұлттық күш-қуаттың қайнар көзіне айналуы қажет. Ал оның жүзеге асуы салық ауыртпашылығының жеңілдетілуін қажет етеді. Қазіргі таңдағы жаңадан пайда болып жатқан партияларға сенімділік артуға болмайды. Бірақ, Дзицугио Досикай партиясын жаңа саяси партиялардың бірі ретінде ғана қарастыру дұрыс емес. Ол өзінің көздейтін басты мақсаты - саясатты жағымсыз нәрселерден тазартуды жүзеге асырғаннан кейін өздігінен таратылатын, уақытша құрылған ұйым болып табылады».

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Хэйан дәуірінің мәдени өзгерістері
Хэйан кезеңі жапон тарихындағы өте маңызды кезең
Жапонияның тіл - жазу мәдениеті
Жапонияның дәстүрлі мәдениетінің ерекшеліктері және модернизация мен вестернизация үрдістері
Заманауи жапон мәдениетіндегі синтоизм
Жапон қоғамының күрделі капитализмге өту жолдары
ХХ ғасырдың 20-30 жылдардағы Жапониядағы саяси ахуал
1894-1895 жж. әскери қақтығыстардың себебі мен алғышарттары
Ерте орта ғасырлардағы Жапония
Модернизация-жапондық феномен ретінде
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz