Интертекстуалдылық теориясы


М А З М Ұ Н Ы
К І Р І С П Е 3- 10
1 МӘТІН - НЕГІЗГІ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ НЫСАН 11 - 62
1. 1 Мәтін және көркем мәтін ұғымы туралы -- 11 - 19
1. 2 Көркем мәтіннің негізгі санаттары 19 - 43
1. 3 Көркем мәтінді қабылдау және талдау 43 - 62
2 ИНТЕРТЕКСТУАЛДЫЛЫҚ ТЕОРИЯСЫНЫҢ ШЫҒУ НЕГІЗДЕРІ ЖӘНЕ ИНТЕРТЕКСТУАЛДЫ БАЙЛАНЫС ТҮРЛЕРІ63 - 148
2. 1 Интертекстуалдылық: шығу тарихы және пікірлер қайшылығы -63-71
2. 2 Интертекстуалды элементтер түрлері 72 - 77
2. 2. 1 Цитата және цитация 78 - 90
2. 2. 2 Аллюзия және реминисценция 90 - 98
2. 2. 3 Мәтін ішіндегі хаттар 99 - 102
2. 2. 4 Құжат негізді интертекстер 102 - 115
2. 2. 5 Синкретті интертекстуалдылық 115 - 123
2. 2. 6 Роман ішіндегі роман 123 - 127
2. 2. 7 Мәтін ішіндегі күнделік және түс 127 - 133
2. 2. 8 Пародия және перифраз 133 - 139
2. 2. 9 Мәтіндерді жалғастыру 139 - 144
2. 2. 10 Центон интертекстер 144 - 148
3 ТІЛДІК ТҰЛҒА ЖӘНЕ ПРЕЦЕДЕНТТІЛІК ФЕНОМЕНДЕРІ---149 -200
3. 1 Тілдік тұлға және интертекстуалдылық 149 -163
3. 2 Прецеденттілік феномендері 163 - 166
3. 2. 1 Прецедентті атаулар 166 -174
3. 2. 2 Прецедентті айтылымдар 174 -179
3. 2. 3 Прецедентті мәтіндер 179 -187
3. 2. 4 Прецедентті автотекстер 188 - 192
3. 2. 5 Прецедентті жағдайлар 192-200
4 ИНТЕРТЕКСТЕРДІҢ ҚЫЗМЕТІ 201 - 222
4. 1 Интертекстердің сілтемелік қызметі 203 -206
4. 2 Интертекстердің мәтін түзушілік қызметі 206 -209
4. 3 Интертекстердің бағалауыштық қызметі 209 -214
4. 4 Интертекстердің айшықтаушы қызметі 214 -217
4. 5 Интертекстердің парольдік қызметі 218 -222
Қ О Р Ы Т Ы Н ДЫ 223 -229
Пайдаланылған әдебиеттер230- 240
Пайдаланылған көркем әдебиеттер 241-242
Қосымша А 243
Қосымша Б 244
К І Р І С П Е
Филология ғылымының зерттеу нысанын құрайтын ажырамас екі ғылым саласы ұзақ уақыттар бойы әдебиеттану және тіл білімі болып бөлініп келді де, зерттеу әдістерінің, терминологиялық аппаратының әр түрлілігіне орай бір-бірінің жеткен жетістіктері мен жаңалықтарын мойындамай, жеке-жеке меншіктеніп келді. Ғылым дамуындағы антропоцентризм ол жетістіктердің бәрін тек адам өмірімен, қолданысымен, құзіретімен, жадымен байланыстыру қажеттігін көрсеткенде ғана, бұл ғылымдардың өзара интеграциясы байқала бастады. Соның нәтижесінде мәтін, көркем мәтін жалпы филологиялық зерттеу нысанына айналды.
ХХ ғасырдың 60-жылдарының соңына дейін тіл жүйесіндегі ең көлемді бірлік сөйлем деп ұғынылып келсе де, қандай да болмасын тілдік бірлікті қарастырған зерттеу еңбектерінің кез келгеніндегі мысалдардың бәрі эстетикалық-концептуалды тұрғыдан аса маңызды, қалың көпшілікке белгілі көркем шығармалардан алынғаны мәлім. Алайда өз контексінен үзіліп алынған түрлі сөйлемдердің жеке тұрып тиянақталған ойды бере алмайтыны байқалған сәттен-ақ зерттеушілер тіл жүйесіндегі одан да үлкен тілдік бірліктерге назар аудара бастады. Ғалымдар арасында ондай тиянақталған күрделі ойды білдіретін тілдік бірлік ретінде семантикалық, лексикалық, грамматикалық тұрғыдан өзара байланысты бірнеше сөйлемдер тізбегін түсіну қалыптасты. Бұл тілдік бірлік лингвистикада түрлі атаулармен белгілі болса да, олардың белгілі бір заңдылықтар негізінде туындайтыны, түзілетіні, түрлі байланыстарға сүйенетіні дәлелденді және олар көлемді туынды аясында өзінің алдындағы, өзінен кейінгі синтаксистік конструкциялармен де қатысын жоғалтпайтыны байқалды. Осының нәтижесінде мәтіннің тұтас өзіне де назар аудару қажеттілігі туындады.
Мәтін өзінің коммуникативтік, функционалдық, прагматикалық, ақпараттық, кумулятивтік сипатына сай қоғам, мәдениеттен тыс қарастырыла алмайды, сол себептен оны жазба тіл мен сөйлеу актісі деп қарастыру жеткіліксіз. Мәтін - функционалды-коммуникативті тұрғыдан сол тілдік-мәдени кеңістікте өмір сүріп, шығармашылықпен айналысып отырған тілдік тұлғаның шығармасы және ондағы басқа адамдар тұтынатын туынды. Сол себепті тілдік жүйенің барлық деңгейіндегі бірліктерден тұратын мәтіннің өз бірліктері мен санаттарын анықтау қажеттілігі пайда болады.
Қандай да бір қоғамның әр қилы салаларындағы коммуникацияны орнықтыру, жеңілдету, жеделдету үшін қолданылатын мәтіндер бірнеше функционалды типтерге бөлінеді. Олардың әрқайсысының өзіне тән узуалды құрылымы, сөзқолданысы, синтаксистік конструкциялары болады. Мұндай мәтіндер дәстүрлі стилистикада сөзқолданыс ерекшеліктері мен заңдылықтары тұрғысынан зерттеліп, функционалды стилистиканың жеке сала болып қалыптасуына көп ықпал жасады. Мәтіндердегі мағыналық ұйытқы сөздердің қолданылу жиілігі, белгілі бір тақырыптық-семантикалық өріске қатысты сөздердің түрлі (парадигматикалық, синтагматикалық) байланыстары, ой қозғалысын қамтамасыз ететін тілдік бірліктердің (дейктикалық элементтер, синонимдер, жалғаулықтар) барлық мәтіндерде бірдейлігі, мәтін бөліктерінің формалды құрылымындағы тұрақтылық мәтін түзу заңдылықтарын сипаттауға мүмкіндік берді.
Ал мұның өзі мәтіндердің түзілуіне әсер ететін лингвистикалық және экстралингвистикалық факторларды нақтылауға, мәтінді қабылдау инвариантын анықтауға, олардың басқа мәтіндермен, семиотикалық жүйе туындыларымен байланыстарын іздеуге қозғау салды. Бұл орайда көркем шығармаларды қабылдап, түсіну, қарастыру, интерпретациялау, зерттеуде аталған ерекшеліктер айрықша маңызды екені дәлелдеуді қажет етпейді.
Қалай дегенмен де көркем мәтін аса күрделі семантикалық-құрылымдық жүйе ретінде өзіндік ерекшеліктерге, ортақ заңдылықтарға ие. Өзінің семантикалық көп қатпарлылығына, эмоционалды-экспрессивтілігіне, коннотативтілігіне, субъективтілігіне орай көркем мәтін оқырманнан да қандай болмасын білім аясын қажет етеді. Сондықтан көркем мәтін тек автордың тілдік құзіреті, әлемді тілдік бейнелеуі, ниеті, мүмкіндігі тұрғысынан ғана емес, оқырманның қабылдауы позициясымен бірлікте қарастырылуы қажет.
Қазақ тіл білімінің, әдебиеттануының негізін салушы А. Байтұрсыновтың: «Айтушы ойын өзі үшін айтпайды. Өзге үшін айтады. Сондықтан ол ойын өзгелер қиналмай түсінетін қылып айту керек» [1:349] деген пікірі осы ұстанымның дұрыстығын дәлелдейді, яғни автордың болмыс өмірді өз бетінше қабылдап, дербес түйсінуі, оны эстетикалық өңдеуі, ой-ниеті басқа адамға, демек, оқырманға арналады. Ал оқырман өз кезегінде сол шығарманы түсіну үшін ондағы тілдік бірліктерді жақсы, барабар (адекватты) түсінуі қажет. Ол үшін оның тілдік құзіреті, жады дәл автордікіндей болмаса да, соған жуық, жақын болуы тиіс. Сонда ғана ол көркем туындының эстетикалық ақпарын, құндылығын сезіне, бағалай алады, өйткені адамның кез келген шығарманы қабылдауы эстетикалық ләззатқа [2; 3] негізделеді.
Оқырман көркем мәтінді толық, дұрыс қабылдау үшін ондағы автор қолданған түрлі тілдік құралдарға назар аударады, яғни көркем шығармадағы ең маңызды, мәнді деген мағыналық-құрылымдық бірліктер қайтсе де көзге түседі. Ұсыну қағидатына сәйкес келетін тілдік-стилистикалық тәсілдер дәстүрлі стилистикада әрқайсысы жеке-дара сипатталып келсе де, олардың біртұтас мәтін көлемінде қолданылуы белгілі бір концептуалды ақпарды өзектендіру және тиянақталған текст семантикасын интеграциялау мақсатын көздейтіні қабылдау стилистикасы аясында нақтылануы тиіс. Көркем мәтіннің вербалды құрылымында оқырман үшін ұсыну қағидатына сәйкес қызмет атқаратын тілдік бірлік ретінде түрлі интертекстуалды элементтерді де атауға болады.
Интертекстуалдылық қазіргі заманғы көркем әдебиеттің ажырамас бір белгісі болып отырғандықтан, көркем мәтінді талдау барысында бұл құбылыс назардан тыс қала алмайды. Көркем мәтін семантикасын түзетін, оның әсер-қуатын арттыруға ықпал ететін эксплицитті тілдік құралдар мен имплицитті ақпардың вербалдануында интертекстуалды элементтердің қызметі айрықша. Интертекстуалдылық философиялық-әдіснамалық тұрғыда кең және тар мағынада түсініліп, мәтін типтері тұрғысынан бірнеше түрге бөлінетінін зерттеушілер атап көрсетеді. Алыс, таяу шетел тілдерінде «Мәтін ішіндегі мәтін», «Мәтін туралы мәтін» немесе интертекстерді қарастырған ғылыми-зерттеу еңбектерінің саны ХХI ғасырдың басында-ақ 1000-ға жуық болғанмен [4], ана тіліміздегі әдебиет материалдарын нысан еткен жұмыстар өте аз [5] .
Авторлық афоризмдердің бір түрі - сентенцияларға арналған жұмысымызда өлең шумағының жекелеген жолдарын немесе күрделі синтаксистік тұтастықтың бір сөйлемін өз контексінен үзіп алып, оны басқа контекске түсіріп, айтылған ойды дәлелдеу, дәнекерлеу, байланыстыру, қорыту, әсерлеу, бағалау мақсатында цитата (дәйексөз) ретінде қолдануға болатынын және мұндай жолдарды келтіру екі жақты қызмет атқаратынын, яғни автор ұстанған көзқарастан және оқырманның аялық (фондық) білімі арқылы туындайтын ассоциациядан хабардар ететінін айтқанбыз [6] . Ал көркем шығармадағы интертекстуалдылық мәселелерін зерттеген ғалымдар мәтін ішіндегі келтірінді құрылымдар, негізінен, цитация қағидатымен енгізілетінін көрсететінін ескерсек, көркем шығармалардағы ашық, жасырын, ішкі, сыртқы, нақты және трансформацияланған цитаталар белгілі бір мақсатты көздейтіні даусыз.
Цитация қағидатымен көркем мәтінге енгізілетін келтірінді құрылымдардың сентенциялардан бір өзгешелігі - олар тіл жүйесінің барлық деңгейіндегі тілдік бірліктер (дыбыс, сөз, сөз тіркесі, сөйлем, абзац, мәтін) болуы мүмкін және мәтін болып есептелетін сентенция сияқты олардың мағыналық тұтастығы, тұлғалық, дыбыстық үйлесімі толық сақтала бермейді. Жаңадан түзіліп отырған мәтінге басқа мәтіннің таңбасы ретінде енгізіліп, еске түсіру арқылы екі мәтін семантикасын қатар алып, салыстыру, қарсы қою нәтижесінде қосымша мағына үстейді, дамытады, суреттеліп отырған оқиға не құбылысты жан-жақты, толық танытады.
Мәтінаралық байланыстар кез келген көркем шығармалар арасында кездесе алатынына қарамастан, интертекстерге прецедент ретінде алынатын құбылыстар белгілі бір заңдылыққа сүйенеді, яғни прецедентті мәтін немесе құбылыс қалың көпшілікке таныс, олардың тілдік жадында, сана-сезімінде резонанс шақыратын, эмоционалды әсер-қуаты жоғары болуы керек. Мұндай прецедентті құбылыстардың өзектенуі адамға, оның танымдық базасына, уақытқа тікелей тәуелді болады. Сол себептен де претекстер әсер-қуаты жағынан бірнеше түрге бөлінеді.
Интертекстуалды элементтер мәтінді өзге функционалды стиль мәтіндерімен, басқа семиотика жүйесімен, экстралингвистикалық факторлармен байланыстырады. Соған орай интертекстуалды элементтер көркем мәтіннің вербалды қабатында түрлі типологияда кездеседі және әр алуан қызмет атқарады. Интертекстуалды элементтер кейде графикамен ресімделсе, кейде олар маркерленбейді.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Көркем мәтінді туындататын да, тұтынатын да адам болғандықтан, антропоөзектік лингвистика тілдік тұлғаның дүниені көркем түйсінуі мен қабылдауын бір-бірінен ажырағысыз қарастырады. Көркем мәтін, ондағы мазмұндық-нақты, мазмұндық-концептуалды, мазмұндық-астарлы ақпарды түзуге қызмет ететін санаттардың концептуалды және прагматикалық әлеуеті біртұтас, тиянақталған мәтін көлемінде әлі де толық сипатталмай жүргені белгілі. Көркем мәтіннің лексика-фразеологиялық қабатында кездесетін түрлі тілдік бірліктер арқылы орнатылатын экстралингвистикалық байланыстарды танып, білу үшін тілдік тұлға болып табылатын оқырманның когнитивтік базасы айрықша маңызды екені де аса ескерілмей жүрген мәселелердің бірі. Көркем мәтіннің басқа функционалды стильдегі мәтіндермен, басқа көркем мәтіндермен, сондай-ақ өзге семиотика жүйесіне жататын мәтіндермен байланысын көрсететін интертекстуалдылықтың вербалды көрінісі, ондай байланыстардың қолданылу себептері, оларға негіз болатын түрлі прецедентті феномендер және олардың көркем шығармадағы қызметі қазақ тіл білімінде әлі де зерттеу нысаны болмағандықтан, зерттеу жұмысының өзектілігін танытады.
Зерттеу нысаны. Қазақ көркем мәтіндеріндегі мәтін санаттары, қабылдау стилистикасының қағидаттары, көркем мәтіндердегі интертекстуалдылық маркерлері, олардың мәтін семантикасын түзуге әсер-ықпалы, мәтінде атқаратын қызметі, автор мен оқырманның тілдік тұлғасы, тілдік тұлға когнитивтік деңгейінің интертекстуалды құрылымы, интертекске негіз болатын феномендер.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты - күрделі семантикалы коммуникативті-прагматикалық ашық жүйе ретінде өзіндік санаттарымен ерекшеленетін көркем мәтінді антропоөзектік тұрғыдан қарап, оның басқа мәтіндермен байланысу заңдылықтарын көрсету. Ол үшін мынадай міндеттерді орындау қажет болды:
- мәтін ұғымын анықтап, нақтылау, сол арқылы зерттеу жолын бағдарлап алу;
- мәтін, оның ішінде көркем мәтін санаттарының мәтін семантикасын түзуге ықпалын көрсету;
- қабылдау стилистикасының негізгі қағидаттары және оның түрлерін саралап көрсету;
- көркем мәтінді талдауда автор және қабылдау стилистикасын қоса ұстану қажеттілігін негіздеу;
- қазақ ауыз әдебиеті мәтіндерін түзудегі мәтінаралық байланыстардың жекелеген түрлерінің қызметін таныту;
- көркем мәтіннің ажырамас бір белгісі - интертекстуалдылықты ұсыну қағидатының бір түрі ретінде дәйектеп, нақтылау;
- интертекст, интертекстуалдылық терминдерінің шығу тарихына шолу жасау және олардың қолданылу себептерін, өзіндік айырым- ерекшеліктерін анықтау;
- интертекстуалды байланыстардың түрлерін ажыратып, олардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктерін және оларға ортақ белгілерді көрсету;
- интертекстуалдылық мәселелерінің тілдік тұлға құзіреті мен жадына байланыстылығын дәлелдеу;
- прецеденттілік феномендерінің түрлерін және олардың көркем мәтінде вербалдану жолдарын нақтылау;
- интертекстуалды элементтердің көркем әдебиетте атқаратын қызметін анықтау.
З ерттеу нәтижелерінің жаңалығы:
- қазақ тіл білімінде мәтін ұғымына берілген анықтамалар толықтырылып, көркем мәтін ұғымына дефиниция ұсынылды;
- лингвистикалық нысан ретінде көркем мәтіннің өзіндік санаттары нақтыланып, олардың әрқайсысының ерекшеліктері сипатталды;
- көркем мәтінді талдап, интерпретациялауда автор стилистикасы және қабылдау стилистикасын ұштастыру қажеттілігі негізделді;
- интертекстуалдылық барлық бағыттағы көркем әдебиеттің вербалды қабатындағы мәнді бір элементі екені және екі жақты қызмет атқаратыны дәйектелді;
- интертекстуалды байланыстардың түрлері нақтыланып, сипатталды және олардың көркем мәтін ақпарын вербалдауға (сөзбен бейнелеуге), мәтін семантикасын түзуге ықпалы анықталды;
- интертекстуалды элементтердің автор интенциясына сәйкес қабылдануының тілдік тұлға ретіндегі оқырманның тілдік жады мен құзіретіне тікелей тәуелділігі көрсетілді;
- прецеденттілік феномендері нақтыланып, олардың өзектенуі оқырманның ұлттық, әлемдік, индивидуалды когнитивтік базасына байланысты екені дәлелденді;
- интертекстуалды элементтердің сілтемелік, текст түзушілік, парольдік, айшықтаушы, бағалауыштық қызметтері анықталып, кейбір жағдайларда олар бір-бірімен ұштасып жатса, енді бір шығармаларда жеке дара көрінетіні нақтыланды.
Зерттеудің дереккөздері. Көркем мәтіндердің вербалды құрылымында астарлы ақпар түзуге қызмет ететін интертекстуалды элементтердің барлық бағыттағы әдебиетте кездесетінін дәлелдеу үшін қазақ әдеби үдерісіне қатысты прозалық және поэзиялық шығармалар пайдаланылды. Мәтінаралық байланыстардың әлеуетін өз шығармашылығында сәтті қолданатын авторлар қатарында М. Мақатаев, Қ. Шаңғытбаев, Ж. Жақыпбаев, Г. Салықбай, Ғ. Жайлыбай, С. Ақсұңқарұлы сияқты белгілі ақындар мен прозашы І. Есенберлин, Ә. Нұршайықов, М. Мағауин, Д. Исабеков, Т. Әбдіков, Н. Ораздарды, сондай-ақ поэзияға кейінде келген толқынды (М. Райымбекұлы, Д. Мәсімханұлы, Б. Мүбәрак, С. Сағынтай) атауға болады.
Зерттеудің теориялық маңыздылығы. Жұмыста көркем мәтін алғаш рет тиянақталған біртұтас күрделі полисемантикалы коммуникативтік-эстетикалық құрылым ретінде анықталып, ол қоғам, мәдениет кеңістігінен, тілдік тұлға ұғымынан тыс қарастырыла алмайтыны нақтыланды. Көркем мәтіндер арасындағы әр түрлі байланыстардың вербалдануы психолингвистикалық факторларға байланысты болатыны көрсетілді.
Зерттеу барысында қол жеткен ғылыми нәтижелер мен тұжырымдар мәтін лингвистикасы, когнитивтік лингвистика, концептология, поэтология, семиотика, лингвомәдениеттану т. б. ғылым салалары бойынша өзекті мәселелерді толықтырып, оларды теориялық, практикалық тұрғыда әрі қарай дамытуға көмектеседі.
Зерттеу нәтижелері мен қорытындылары интертекстуалды байланыстардың басқа функционалды (ғылыми, публицистикалық) стиль мәтіндерінде репрезентациялану мәселелерін қарастыруға қозғау салады.
Зерттеудің практикалық мәнділігі. Зерттеу нәтижелерін, теориялық тұжырымдарды, қағидаттарды мәтін лингвистикасы, көркем мәтінді филологиялық талдау, лингвомәдениеттану, концептология, когнитивтік лингвистика, психолингвистика пәндері бойынша оқу құралдарын дайындауға, арнайы курс және семинар сабақтарында пайдалануға болады. Сондай-ақ интертекстуалды элементтер терминдері сөздігін, прецедентті мәтіндер, цитаталар сөздіктерін құрастыруға мүмкіндік береді.
Зерттеудің әдіснамалық негіздері мен әдістері. Жұмыста қазақ тіл білімінің негізін салушы А. Байтұрсынұлының осы заманғы психолингвистика ұстанымдарымен барабар айтушы мен тыңдаушы ниеттері туралы, сондай-ақ келтірінді сөйлемдер жөніндегі тұжырымдары, функционалды стилистика аясында көркем шығарма тілі мен автор идиолектін, көркем мәтіндегі автор бейнесін зерттеген отандық ғалымдар Р. Сыздықтың, Х. Нұрмұқановтың, Б. Шалабайдың, қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздерін көрсеткен Н. Уәлидің, көркем мәтінді бірегей де соны (уникалды) сөйлеу және тіл бірлігі деп қарастырған ресейлік ғалымдар И. Р. Гальпериннің, З. Н Тураеваның, мәтінді туындату және қабылдауға орай интерпретациялаумен байланысты психолингвистикалық, прагматикалық, коммуникативтік, сөйлеу актілері тұрғысынан зерттеулер жүргізген Л. С. Выготскийдің, А. А. Леонтьевтің, мәтінаралық байланыстар теориясын негіздеуші М. М. Бахтиннің, Ю. М. Лотманның, Ж. Женеттің, Ю. Кристеваның, Ю. Н. Тыняновтың, Ю. С. Степановтың, И. В. Арнольдтің, Н. А. Фатееваның, В. В Красныхтың пікір-көзқарастары басшылыққа алынды. Зерттеу жұмысында көркем мәтінді лингвистикалық талдау, интерпретациялау, контекстік талдау, когнитивтік-психолингвистикалық талдау, сипаттама, концепт, семантикалық өріс әдістері ұштастырылды.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
- мәтіндер белгілі бір лингвомәдени кеңістікте түрлі саладағы коммуникацияны орнықтыру, жеделдету, жеңілдету мақсатын көздейтініне байланысты функционалды ерекшеліктерге ие;
- көркем мәтін бір-бірімен түрлі байланыстар негізінде тиянақталған, горизонтал (лингвистикалық) және вертикал (экстралингвистикалық) контекстердің өзара әрекеттесуі нәтижесінде туындаған, адам, уақыт және кеңістік ұғымдарынан ажырағысыз коммуникативтік-прагматикалық ашық жүйе;
- көркем мәтіннің толық интерпретациялануы үшін дискурсқа түсушілермен тығыз байланыс интертекстуалдылық арқылы іске асады;
- көркем мәтіннің барлық санаттары бір-бірімен тығыз байланысты болғандықтан, олардың ешқайсысы жеке-жеке сипаттала алмайды және мәтін санаттарының бәрі бірдей эксплицитті түрде вербалдана алмайды;
- көркем туындыны автор интенциясына сай түсіну оқырманның аялық біліміне байланысты;
- қабылдау стилистикасындағы ұсыну қағидатының түрлері оқырман үшін интерпретацияға жәрдемін тигізеді;
- мәтінаралық байланыстар, негізінен, цитация қағидатына негізделіп, олар көлемі, жанрлық типі, қызметі, вербалдану түрі жағынан сан алуан болады;
- интертекстуалды элементерді үш тұрғыдан қарастыруға болады: автор, оқырман және претекспен байланысы тұрғысынан;
- интертекстуалды байланыстарды орнату оқырманның тілдік жады мен құзіретін танытады;
- мәтінаралық байланыстар прецедентті құбылыстарға негізделіп, олар вербалды және вербалданатын болып екіге бөлінеді;
- интертекстуалды элементтер претекстің нақты бір белгісін өзектендіру арқылы көркем мәтінде түрлі қызмет атқара алады.
Жұмыстың талқылануы мен жариялануы. Зерттеу жұмысының негізгі тұжырымдары «Қ. Аманжолов және қазақ әдебиеті мен тіл білімінің өзекті арналары» республикалық ғылыми-теориялық конференциясында (Қарағанды, 2001), «Сравнительно-историческое и типологическое изучение языков и культур: ХХIII Дульзоновские чтения» халықаралық конференциясында (Томск, 2002), «Евразийство и Казахстан: Гумилев оқулары» Еуразиялық ғылыми форумында (Астана, 2003), «Актуальные проблемы функционирования и преподавания языка и литературы» республикалық ғылыми-практикалық конференциясында (Қарағанды, 2003), «А. Байтұрсынұлы тағылымы» республикалық ғылыми конференциясында (Қарағанды, 2003), «Жоғары оқу орындары жүйесінде журналист даярлау мәселелері» халықаралық конференциясында (Қарағанды, 2004), «Академик Е. А. Бөкетов - ғалым, оқытушы, ойшыл» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында (Қарағанды, 2005), «Сыр сандығым - Сарыарқа» республикалық ғылыми конференциясында (Қарағанды, 2005), «Проблемы региональной ономастики» Бүкілресейлік ғылыми конференциясында (Майкоп, 2006), «Ұлттық әдебиеттегі гуманизм өнегесі» ғылыми-практикалық конференциясында (Қарағанды, 2006), «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» (Қарағанды, 2006), «Қазақстан және Ресей: Ынтымақтастық жолы, мәдени байланыс, ғылым мен білім беру интеграциясы» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында (Көкшетау, 2006), «Жаратылыс-гуманитарлық ғылымдары және олардың Қазақстан Республикасының индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудағы рөлі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында (Алматы, 2007), «Балқаш өңірінің даму бағыттары мен мәселелері» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында (Балқаш, 2007), «Елдің бәсекелестік қабілетін арттыру: экономика, саясат, білім» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында (Астана, 2007), «Актуальные проблемы преподавания русского языка и литературы в Казахстане» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында (Қарағанды, 2008) баяндалды. Диссертациялық жұмыс мазмұны мен нәтижелері ҚР БжҒМ Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитеті тізіміндегі 9 басылымда және түрлі жинақтарда 33 мақала түрінде жарияланды.
Диссертация кіріспе, төрт тарау, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер және пайдаланылған көркем әдебиеттер тізімінен, қосымшалардан тұрады
1 МӘТІН - НЕГІЗГІ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ НЫСАН
1. 1 Мәтін және көркем мәтін ұғымы туралы
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz