Мұхтар Әуезовтың «Манас туралы» мақаласы


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 24 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ ШӘКӘРІМ АТЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ

Тақырыбы: Мұхтар Әуезовтың «Манас туралы» мақаласы

Орындаған: Шарыпова М. Қ - 213 топ

Тексерген: Ақманова А. С.

Семей қаласы 2015 жыл

Жоспары:

  1. Жұмат Тілепов: «Манастанудағы М. Әуезов тағлымы».
  2. Тұрсын Жұртбай: «Ұраным - Алаш!. . ». Әуезов және «Манас» эпосы.

Жұмат Тілепов: «Манастанудағы М. Әуезов тағлымы»

Әлемдiк руханият дүниесiнде туысқан қырғыз халқының «Манас» эпосының орны ерекше екендiгi бұл күнде күллi ғаламға мәлiм. Көлемi жөнiнен өзiне теңдесi жоқ, ауызша жырланып ғасырлар қойнауынан бүгiнге жеткен баба жырдың құдырет күшiне қазiргi таңда тарихшылар да, әдебиетшiлер де, философтар да, саясаткерлер де бiр кiсiдей бас шұлғып, бiр кiсiдей бәрекелдi деседi. Олай болар жөнi бар.
Жарық дүниеге келген соң, ел болып еңсесiн көтерiп, халық болып қарымын жiбермей тiрлiк кешiп келе жатқан небiр көшелi жұрттар өзiнiң өзгеден өзгешелiгiн, ең алдымен мүмкiндiгiнше өзi тектестерден артықшылықтарын көрсетер қасиеттерiн iздеп, шамасы жеткенiнше соны ұрпақтарының санасына сiңiруге күш жұмсайды. Ұлт ретiндегi, ел ретiндегi сол артықшылығынан туындайтын мәселелер күн тәртiбiнен түспесе екен деп қам жасайды. Бiрақ, ұлт тағдыры да адамдар тағдыры секiлдi, өзгермелi. Бiр кезде даңқты болғандар үнемi даңқ тұғырында тұра бермейдi. Биiктер аласарады. Аласалар биiктейдi. Мұның мәнi мен мағынасын талайлар жырлаған. Мың жасаған мұхит бiтiмдi «Манас-жыр» да осыған куәлiк етедi. Алып тұлғалы дария-дастан өмiрдiң өзгермелiлiгiн аққан су мен шыққан күннен ғана iздеу аздық ететiндiгiне қол қойдыртады. Бiрiнен-бiрi үстем болу үшiн күреспесе өзегiне құрт түскендей болып жанталасатын адамдар табиғатын, алыптар мен аласалардың арпалысын паш ететiн, ал түптеп келгенде сол шегi мен шетiне жетiп болмас қансорпа айқастың өзiн-өзi ақтауға лайықты ең қастерлiсi-елдiк үшiн күрес болса керек. Сол күрестiң құдiретi мен құндылығы неде екенiн санасы барға ұқтырмай қоймайтын абыз жыр-Манас эпосының болмысында да бiраз сыр бар.
Ер Манасты өмiрге келтiрген қырғыз сынды аяулы халықтың да, оның әруақты жыры «Манас» дастанының да тағдыры оңай болмаған. Қазiргi тұрлаулы жұрт, тұрақты мекенi бар түркi халықтарының iшiнде қанша қасiрет тартса да бүгiнгi күнге сонау бiздiң жыл санауымыздан бұрынғы есiмiн өзгертпей жеткен бiрден бiр ел-қырғыз ұлысы, қырғыз халқы. Бiздiң жыл санауымызға дейiнгi 201 жылы Гун (хун) мемлекетiнiң патшасы Модэге бағынышты болған осы халық үнемi бiреудiң иегiнiң астында жүре бермеген. Бан Гу секiлдi Қытай жылнамашысының, т. б. ежелгi дүние тарихшыларының мәлiметiне қарағанда бiрде Ордостың солтүстiк батысында үш жарым мың ли, Турфанның солтүстiгiнде екi жарым мың ли болатын алып атырапты иеленiп, бiрде қайтадан жеңiлiске ұшырап Енисей ауып, бiраздан соң ежелгi қонысына қарай жылыстап, бiрталай тауқыметтi иығымен көтерiп, ақыры осы күнгi жайлап отырған мекенiне келiп орныққан халықты көнекөз тарих талайдан берi бiледi.
Бұл мәселелер, әсiресе қырғыздардың V-ХII ғасырлар аралығындағы тiрлiгi Қытай деректерiнде, Орхон-Енисей сына жазуларында, ал, кейiнгi, яғни ХIII ғасырдан бермен қарайғы хал-жайы Орталық Азияны мекендеушiлер туралы еңбектердiң бiразында там-тұмдап болса да айтылған. Соның iшiнде ХVI ғасырдың бiрiншi жартысында жазылған «Мажму ат таварих» («Тарихтар жинағы») еңбегiнiң қырғыз жұртын, оның ұлы ел мұрасы Манасты танытудағы орны айырықша. Ал, жалпы аталмыш ұлы туындыны, оның бас кейiпкерi Манас пен оның төңiрегiн, сондай-ақ, қырғыз халқының салт-дәстүрiн, әр кездегi әлеуметтiк ахуалын пайымдаудағы қазақтың сарабдал саналы азаматтарының еңбегi бiр төбе. Бұл ретте қазiргi манастанудың үлкен маманы, Қырғыз Ғылым академиясының корреспондент мүшесi, филология ғылымдарының докторы, профессор Раиса Қыдырбаева жазғандай, 1850 жылдардағы қырғыздар, оның алып эпосы «Манас» жайлы атқарған ғылыми еңбегiне орай «Манастану ғылымы мен қырғыз фольклористикасының басында тұрған Шоқан Уәлихановтың» орны ерекше. Сонымен бiрге Шоқан жазып алған «Көкетайдың асын» архивтен тауып жариялаған, «Шоқан және Манас» атты монография жазған академик Әлкей Хақанұлы Марғұланның, бiр ғана Ш. Уәлиханов шығармашылығы туралы екi монография жазған, соған байланыстырып Манасқа қатысты ғылымдағы өз сөзiн айта бiлген көрнектi әдебиеттанушы, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесi, профессор Шәмшиябану Қанышқызы Сәтбаеваның, ұлы жырдың 1000 жылдығы кезiнде салтанатты жиында терең мағыналы баяндама жасаған Халық жазушысы Әбiш Кекiлбаевтың, әр кездердегi еңбектерiнде Манас пен оның атажұртына орай мәселелерде ғалымдық пайыммен толғанған профессорлар Сұлтанғали Садырбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Бекмұрат Уахатов және тағы басқалардың ғылыми ой-пiкiрлерiнiң қай-қайсысының да өзiндiк орындары бар. Ал, бұл тұрғыдан келгенде әлемдiк даңқы бар Мұхтар Омарханұлы Әуезовтiң Манастану саласында атқарған жұмысының қыруар қажыр-қайраттың, жүйелi ғылыми iзденiстiң нәтижесi ретiндегi жанқиярлық еңбек болып қабылданатындығында дау жоқ.
Туысқан қырғыз халқының «Манас» жырын зерттеуге Мұхаң ұзын ырғасы отыз жылға таяу өмiрiн арнаған. 1930 жылдың 8 маусымында Ташкенттегi Орта Азия университетiнiң шығыстану факультетiнiң аспиранты М. Әуезовтi университет басшылығы Бiшкекке қырғыз эпостарымен танысу үшiн ғылыми iссапарға аттандырады. Мұхаң межеленген мезгiлiнде Бiшкекке келiп, материалдармен танысады. Араға жарты ай салып, 29 маусым күнi Қырғыз Ғылыми-зерттеу институтының уақытша директоры Саул Матвеевич Абрамзонмен «Манас» туралы тарихи-әдеби очерк жазып беру туралы шартқа отырады. Онда автордың сегiз баспа табақ көлемде орыс тiлiнде жазылатын еңбегi 1930 жылдың 1 қарашасына бiтуге тиiс деп көрсетiлген. Бiрақ Мұхаңды сол кездегi Iшкi iстер халық комиссариатының (НКВД) қызметкерлерi 17 қыркүйек күнi түрмеге қамайды да, ғалым екi жыл бойы тұтқында болады. Соның салдарынан көрсетiлген уақытында аяқталуға тиiс ғылыми жұмыс бiраз кешiгедi. Әйтсе де, ойға алған iсiн қашан да бiтiрудi мақсатым деп бiлетiн қаламгер 1934 жылы «Литературный Казахстан» газетiнде алғашқы мақаласын жариялайды. Бұл - 1934 жылы аяқталған «Манас» - киргизская народная героическая поэма» деп аталатын монографиялық еңбектiң бiрiншi нұсқасының қысқартылған жарияланымы болатын-ды. Автор мұнан кейiн бұл еңбегiне 1937, 1940, 1948, 1954 жылдары қайтадан оралып, үнемi ұстартумен, ғылыми мәнi мен мазмұнын тереңдетумен болған. Өз өмiрiнде атқарған елеулi шаруларының бiрi ретiнде қараған бұл жұмысына ұлы ойшыл тiптен 1959 жылдың өзiнде де азды-көптi редакциялау жұмысын жүргiзген.
Негiзiнен, ұзақ жыл терiн төккен бұл еңбегiнде кемеңгер ойшыл, Манас жырының өмiрге келу уақытына, ондағы өлiге берiлетiн ас, бас қаһарманның үйленуi, батырдың сыртқы жауларына қарсы өткiзген жорықтары (қазат), олардың себептерi мен салдарлары, соған байланысты достары мен жауларының образдарының бейнеленуi секiлдi күрделi мәселелерге жан-жақты тоқталады. Әсiресе, автордың әдебиеттану ғылымы терминiмен айтқанда, шығарманың тарихилық мәселесiне ерекше мән берiп, сол арқылы шығарманың өмiрге келу мезгiлiн анықтауға сiңiрген еңбегi айырықша назар аударуды талап етедi. Бұл мәселенi ол өз басы iстi болып жүргендiгiне қарамастан 1952 жылдың 6-10 маусымы арасында Фрунзе қаласында өткен (қазiргi Бiшкекте) Манас эпосын зерттеуге арналған Бүкiлодақтық ғылыми форумның өзiнде де жасқанбастан алға тартқаны мәлiм. Ал, бұл атақты симпозиум бiр қарағанда «Манас» эпосының халықтығын айқындап, манастану ғылымының сан қилы мәселелерiн түбегейлi шешуге арналған, келелi кеңес сияқты көрiнгенмен, шын мәнiсiнде, соның алдындағы «Жәңгiр», «Едiге» жырларын ел санасын улайтын зиянды мұралар деп тапқан қатал саясаттың қазымыр мiнезiнен туындайтын, ұлы жырдың басына күн туғызған құйтырқы жиын болатын. СССР Ғылым академиясының президимуының басшылығымен өткiзiлген оған сол кездегi өлшем бойынша өте көп, төрт жүзден астам ғылыми және көркем творчество өкiлдерi қатынастырылды. Негiзгi баяндамалардың өзi төртеу болды. Оларды «Манас» эпосының қалыптасуының тарихи жағдайлары» деген тақырыпта профессор А. Ю. Якубовский; «Манас» эпосын зерттеудiң қорытындылары мен алдағы мiндеттер» дейтiн мәселе бойынша СССР Жазушылар одағының ұлт әдебиеттерi бюросының төрағасы, профессор Л. И. Климович; «Манас» эпосының халықтық мәселесi» аталатын тақырыпта Өзбекстан ғылым академиясының корр. мүшесi, ленинградтық профессор А. К. Боровков; «Манас» эпосының нұсқаларына шолу һәм пайымдау мен тұжырымдар» дейтiн мәселеде жазушы Жакишевтер жасайды. Бес күнге созылған аталмыш жиынның үлкен тартыспен қызу өткендiгi сондай, негiзгi баяндамалардың сыртында жалпы қырғыз әдебиетi мен тарихын сол жылдары бiрден-бiр жетiк бiледi деп есептелетiн М. И. Богданова, А. Д. Даулеткелдиев, А. А. Валитова, Б. Керiмжанова, А. Тоқамбаев, Т. Сыдықбековтер қосымша бандамалар жасап, атақты А. Бернштам, Б. Юнусалиев секiлдi ғалымдардың өзiне жарыссөзге шығуымен ғана шектелуге тура келдi. Ұлы Мұхаң да жарыс сөзге қатынасушы ретiнде форумға атсалысады.
Форум кезiнде кейбiр оқымыстыларға екiншi қайтара шығып сөйлеуге тура келiп отырған. Баяндама жасаған азаматтар түгелдей дерлiк қорытынды сөз сұрап, өз адрестерiне айтылған сын ескертпелерге қарсы пiкiрлерiн айтады. Бұл жиынды кiрiспе сөзбен ашқан сол кездегi СССР Ғылым академиясының қырғыз филиалы президиумының төрағасының орынбасары А. Алтымышбаевтың өзi эпостың тағдыры үшiн аталмыш конференцияда М. Әуезовтен соң сөз алған К. Укаев, С. Ильясов, И. Сармановалардан кейiн қайырыла сөйлеп, эпостың тағдыры үшiн елеулi-елеулi пайымдаулар жасайды. Өйткенi, сол күндерде сонау Ш. Ш. Уәлиханов, В. В. Радлов, В. Р. Розен, В. В. Бартольд, П. М. Мелиоранский, С. М. Абрамзон, В. М. Жирмунский, Т. Зарифов, М. Е. Массон, Л. Пеньковский, И. А. Батманов секiлдi Манас пен оның ұрпақтары Семетей, Сейтектерге байланысты ұлылы-кiшiлi қатынасы барлардың баршасы түгелдей сөз болады. Жырлаушылар мен жазып алушылар да басты назарда ұсталады. Бұл тұрғыда тек Сағымбай Оразбақовтың атына ғана емес, Манас пен оның ұрпақтарының ерлiгiн жырлаушы өзге де жомоқшылардың атына аз сын айтылмайды. Бас баяндамашы А. И. Климович Сағымбай нұсқасын ұлтшылдық, панисламистiк, пантүркистiк, дiншiлдiк бағытта жырланған; өйткенi, ол шығу тегi жағынан күдiктi Оразбақтың перзентi, ал Оразбақ Орман ханның сырнайшысы едi; сондай-ақ, оның 1922 жылы «Манасты» хатқа түсiруiне буржуазияшыл ұлтшыл Ишеналы Арабаев себепкер болған, сондықтан да шығарма реакцияшыл дегендi ерекше қадап айтады. Ж. Самаганов атты сыншы конференцияға баяндама жасағандарды сынай келiп, көптеген азаматтар айтып отырған «Манастың» құрама нұсқасының вариантын, яки таңдаулы жиынтық нұсқасын жасау тiптен де мүмкiн емес деп, бұл мәселеге үзiлдi-кесiлдi қарсы шығады. Конференцияға қатысып отырған Қырғызстан Коммунистiк партиясының бiрiншi хатшысы И. Раззаковтың: «Сiздiң пiкiрiңiз қандай, «Манас» эпосының идеялық негiзi неде?» - деген сұрауына, ол: «Жылдап даярланған негiзгi баяндамашылар мен қосымша баяндамашылар бұл мәселеге жауап бере алған жоқ, оған мен қайтып жауап бермек едiм», - деп ашулы үн қатады. Қысқасы 689 беттiк конференция материалында өз басын қорғап, үрейленушiлер сөзi, сондай-ақ, қалай болғанда да қырғыз халқының елдiк мұрасын панисламистiк, пантуркистiк, дiншiл, ұлтшыл, буржуазияшыл рухтағы еңбек деп тануға тырысушылар лебiзi, сонымен қатар мүмкiндiгiнше амалын тауып, шығармадан айырылып қалмаудың жағдайын ойластырған мұраға, ұлтқа жанашыр жандардың көзқарастар пайымы да баршылық.
Ал, М. Әуезов жарыссөзге осындай қызу тартыс үстiнде, жоғарыда айтылған Ж. Самаганов, т. т. кертартпа пiкiрлерiнен кейiн шыққан едi. Ол өз сөзiн Ұлы Октябрьден басталатын, Ленин партиясының белгiлеген бағыт-бағдарымен қарышты өмiр сүрiп жатқан социалистiк қырғыз ұлтының «Манасына» тек Қырғызстанда ғана емес, Москва тарапынан, ондағы СССР Ғылым академиясы мен СССР Жазушылары басшылығы жағынан көңiл бөлiнуi, бұл - «Манастың» бiздiң халықтарымыздың фольклоры мен эпостық мұрасы санатындағы қатардағы көп шығарманың бiрi еместiгiнен туындайды деп бастай келiп, өзiнiң негiзгi айтпақ пiкiрiн төмендегiдей үш бағытта өрбiтедi. - Бiрiншiден, дейдi, ол- советтiк қырғыз халқына «Манас» эпосы керек пе, әлде керек емес пе? Екiншiден, бұл жырдың құрама нұсқасын жасау мүмкiн бе? Үшiншiден, егер мүмкiн болса, қалай оны жүзеге асыруға болады, - дейдi де, атақты жырды өзiнiң қай уақыттан бастап танысып, зерттей бастағанын, бұл тараптағы бiрiншi зерттеу еңбегiн қашан аяқтағанын, оны кейiн қалайша толықтырып, жаңғыртқанын, сол кездердегi фольклорға деген көзқарастың нашар болғандығын, тек ол көзқарастан Демьян Бедныйдың «Батырлар» туындысы сахнаға қойылғаннан соң ғана «Правда» газетi батырлық жырларға, советтiк фольклористикаға дұрыс бағдар бергенiн, ал «Советтiк қырғыз халқына «Манас» эпосы керек пе» - деген басты мәселеге негiзгi баяндамалар мен қосымша баяндамалардан бiз жауап алдық па?-дей отырып, автор өзiнiң орысша сөйлеген сөзiн де ойын төмендегiше жалғастырады: «Бiз бұған тиiстi жауапты алдық деп те, ала алмадық деп те айтуымызға болады. Өйткенi, Джакишев жолдастың пiкiр таласқа байланысты баспасөз бетiнде жарияланған еңбектерi мен жасаған баяндамасынан анық та, айқын жауап алдық . . . Ал, А. К. Боровковтың баяндамасынан құбылып тұрған екiұдай пiкiрдi аңғардық. Оның жасаған баяндамасының 99 пайызының эпосты терiстеуге құрылғандығы баршаға аян болды. Ол эпосты емес, құдды бiр «Манасқа» таңылған жапсырмаларды зерттеп отырғандай болып көрiндi . . . Бiз жазба әдебиеттiң жәдiгерлiгiн емес, ауызша үрдiстегi поэтикалық туындының әр алуан нұсқаларын салғастыра қарастырып отырғандығымызды ғылыми тұрғыдан түсiндiруiмiз керек». Бұдан бiз, ұлы Мұхаңның өзiне ширек ғасыр бойы етене таныс, туысқан қырғыз халқының ең басты байлығына ғалым, азамат ретiнде қалай қарау керектiгiне принциптi түрде нақтылы жауап бергенiн көремiз. Ал, өзi екiншi-үшiншi мәселе етiп көтерiп отырған ата жырдың құранды нұсқасын (мұндай құранды нұсқаны жасау тәжiрибесi өмiрде бар болатын. Оны конференцияда қосымша баяндама жасаған, «Манастың» осындай нұсқасын жасауды бiрден-бiр қолдаушы М. Богданова академик И. А. Орбелини басшылығымен 70 нұсқадан жинақталып жүзеге асқан армяндардың «Сасундық Давид» эпосын тiлге тиек еткен-дi. - Ж. Т. ) жасау туралы жайға келгенде ол, бұған кезiнде В. В. Радловтың үш манасшының орындауынан алып жасалған үлгiсiн «В. В. Радлов бұған бiрiншi болып жауап берiп кеткен»-деп алға тартады. Негiзiнде, дейдi, автор, -әртүрлi жомоқшының айтуындағы осы нұсқалар бiр-бiрiне өте-мөте жақын, өйткенi, солардың қай-қайсысы да халық түсiнiгiне лайықты рухта жырланған. Сондықтан мұндай қадамға барар кезде Қаралаевтың, немесе Шапақовтың нұсқасы дегенге алдын-ала айырықша мән берудiң қажетi жоқ, ал, редакциялық топқа А. Тоқамбаев, Қ. Маликов, Т. Сыдықбеков секiлдi «Манасты» жетiк бiлетiн ақын, жазушылар кiруi керек, -деп барып ойын түйiндейдi. Мұхаңның ұлы эпосқа қатынасты ең басты пiкiрiнiң бiрi - шығарманың қай заманда, қандай оқиғалармен байланысты өмiрге келгендiгi екенi белгiлi. Кемеңгер ол ойын өзiнiң Орхон-Енисей ескерткiштерi жайлы еңбектер мен В. В. Бартольтiң қырғыздар мен қара қытайлар, ұйғырлар туралы қазiрге дейiн құндылығын жоғалтпаған зерттеулерiне сүйене отырып, бұл ең берiсi 840-847 жылғы оқиғалармен байланысты межеленуге тиiс деп пайымдаған болатын. Кейiн атақты тарихшы А. Бернштам Шығыс Моңғолиядағы Суджи мекенiнен табылған тас жазудағы Яглакар есiмдi азамат өзiн қырғыз ұлымен дейдi, бұл, Манас болуға тиiстi, ал, руна жазуының беретiн дерегiндегi бұл жай 847 жылға сәйкес келедi, сондықтан «Манас» эпосының 1100 жылдығын 1947 жылы атап өту керек деген пiкiрiн де кезiнде Мұхаң қатты қолдаған. Тек 1947 жылы өткелi тұрған бұл мерекенiң руна жазуларының аса үлкен маманы С. Е. Маловтың Суджи тасына байланысты мәселеге араласуы нәтижесiнде кейiнге қалдырылғаны сол кездегiлерге тегiс белгiлi. Демек, Мұхаң қалай болғанда да, Манас дастанының негiзi тым ертеде деп таныған. Ғалым ол ойын «Манас» эпосының халықтығы сын iстiгiне iлiнiп, туынды халқымен бiрге қала ма, әлде сол кездегi саяси ахуалдың ауанына қарай өмiр сүруiн тоқтата ма деп, таразы басы теңселiп тұрған кездiң өзiнде де, негiзгi басты назарда шығарманың ел мүддесiн жыр еткен басты мұрат-мүддесiн қорғай отырып та, жерiне жеткiзе айтуды естен шығармаған. Және ол осы пiкiрiн басты баяндамашы профессор Л. И. Климовичтiң баба жырдың түп төркiнi Орхон жазбаларымен байланысты дейтiн байламынан қайтып қалған тайғақтықтығын сынай отырып төмендегiше бередi:
- Л. И. Климовичтiң «Манас» жырының өмiрге келу уақтының түп-төркiнiн анатолийлiк түрiктер IХ ғасырдан iздейдi, дейтiн пiкiрiн осында отырған көбiмiз бiрiншi рет естiп отырмыз. Ал, шынында, бұл пiкiр «Манасты» орхондық жазулармен салғастыра отырып зерттеу керек дейтiн Фалевтiкi екенiн және оған Л. И. Климовичтiң кезiнде жиi-жиi сiлтеме жасап келгендiгiн оның есiне салғым келедi.
Бұдан әрмен, Мұхаң, - Сiздiң, - дейдi, - Л. И. Климовичке, - «Манасты» ХV-ХVIII ғасырлардағы жоңғар-қалмақтармен арада болған айқастармен байланыстырған идеяңыз, ол - сiздiкi емес, бұл - осы кезге дейiн өзiңiз түбегейлi түрде терiстеумен келген В. М. Жирмунскийдiкi болатын . . . Осыған орай мен орхондық жазбаларды, соның iшiнде әсiресе Күлтегiнге арналған үлкен жазу мен Тоныкөкке арналған ескерткiштi еске түсiру аса қажет деп есептеймiн. Ол жазбалардағы мына тұстарды жолдастардың есiне салайын: «Кегменнiң (қарасынан) өтiп, соғыса отырып, бiз (қырғыздардың) елiне дейiн жеттiк . . . Күлтегiнге жиырма алты жас толғанда, бiз қырғыздармен соғыстық . . . Олардың қағанымен Сунга (қарасында) айқастық . . . Қырғыз қағанын өлтiрiп, олардың тайпалық одағын өзiмiзге қараттық».
Мұхаң сынды кемеңгердiң сарқылмай, сабырмен сөйлесе де бәрiн де жерiне жеткiзе шегелеп айтылған бұл сөздерiне сол кездегiлер куә болған. Iзгi ниеттегiлердiң қай-қайсы да асқан ықыласпен риза болған. Бүгiнгiлер де солай. Ұлы ойшылдың осыншалық көкiрек-кеудесiнiң биiк, асқақ рухты болғандығын мақтанышпен еске алады. Ендi қалай? Өмiр бойы адамгершiлiк, ар-ұждандылықты қолынан түсiрмей ту етiп көтерiп өткен жанның, қабағымен қаймықтырып, табанымен жаншуға әрқашан дайын ұлық саясаттың, сол саясатты негiзiнен бiр ғана ұлық ұлттың мүддесiне бейiмдеп қызмет еттiруге мүдделi болған жәреуке қауымының қол астында жүрiп, өз ұлты секiлдi шеттетуден кенде қалмай, үнемi тиiстi үлесiнен сырт қалып, көз түрткiнi көп көрiп жүрген қырғыз бауырлардың негiзгi ұлттық байлығына шабуыл ұйымдастырылғанда тәуекел етiп, осыншалық азаматтық батыл қадамдарға баруында қанша ма тағылым алар жайлар бар? Бұл кеудесiндегi намыс оты сөнбеген, адалдықты, кiсiлiктi жанымен ұғатын әркiмге де құбыланама боларлық асқақ қасиет! Ал, асқақтықты көрмейтiн, көрсе де астамшылық жасап, аңғармаған болатын көркеуделер көбейген жерде күллi дүниенiң қастерлi қазынасы күлдiкке көмiлмек . . . Қысқасы, Манас дастанына байланысты Мұхаң тағылымы келешекпен күнше күлiмдеп жүздесетiн тек Әуезов кемеңгердiң ғана емес, «мен ұлы Мұхаңның ұлтынамын» деп кеудесiн еңселi ұстар естi жандардың жүзiнiң жарқын болуына да қызмет етедi. Мәселенiң мәндiлiгi де осында . . .

Тұрсын Жұртбай: «Ұраным - Алаш!. . ». Әуезов және «Манас» эпосы

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Мұхтар әуезовтың «манас туралы» мақаласы. (конспект)
Қобыланды батыр жыры туралы
Жазушының драмалық шығармалары
Мұхтар Әуезовтің «Манас» мақаласы туралы
Қазақ әдебиеттануында “Манас” жырының зерттелу тарихы
М.О.Әуезовтың өмірбаяны
МҰХТАР ӘУЕЗОВТІҢ ӘҢГІМЕ ЖАНРЫН ОҚЫТУ
М. Әуезовтың өмірі мен шығармаларын орта мектепте оқытудың өзіндік ерекшелігі
Мұхтар Әуезовтің шығармашылық ғұмырнамасы
Мұхтар Әуезов тағылымы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz