Маманның сөз сөйлеу ерекшеліктері. Маманның сөз сөйлеу мәдениеті. Белгілі кәсіби топтағы адамның дресс-коды


Пән: Педагогика
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 6 бет
Таңдаулыға:   

Білім және ғылым министрлігі

Шәкәрім атындағы Мемлекеттік университеті

СӨЖ №7

Тақырыбы: Маманның сөз сөйлеу ерекшеліктері. Маманның сөз сөйлеу мәдениеті. Белгілі кәсіби топтағы адамның дресс-коды.

Орындаған: Серикова А. ГУ-308

Тексерген: Самиева Г. Т.

Семей қаласы 2015 жыл

«Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» үшінші бағыты «Да­мы­ған тіл мәдениеті - зиялы ұлттың әле­уе­ті» деп аталады. Мемлекеттік бағдар­ла­мада тіл мәдениетіне ерекше мән бері­ліп отырғаны жайдан-жай емес. Адам мен адам, жеке адам мен қалың жұртшылық арасындағы тілдік қарым-қатынас екі түр­лі жолмен - ауызша және жазбаша түрде жүзеге асады. Біз айтпақ болған ойымызды, біреуге немесе көпшілікке арналған ха­барымызды бір-бірімізге не сөйлеу ар­қы­лы, не жазу арқылы жеткіземіз. Ұлттық әдеби тіл деңгейіне дейін дамып, жетілген тілдің жазу, айту нормалары қалыптасады. Өркениетті қоғамда сол қоғамның орта, жоғары білім алған мүшелері сауатты жазумен қатар айту нормаларын да бұзбай дұрыс сөйлей білуі тиіс. Тілдік тұлғаның тілді қаншалықты меңгергендігі оның жаз­ғанынан ғана емес, сөйлегенінен де көрі­ніп тұрады. Бізде күнделікті өмірде түрлі жиындарда шаршы топ алдында сөйлеу­ші­лерді, радио мен теледидар дикторлары мен түрлі хабарлардың жүргізушілерін, сұх­бат берушілерді, әншілер мен әртіс­терді тыңдап, көріп отырғанда орфо­эпия­лық нормалардың өте жиі бұзылатынын, тіпті мұндай нормабұзушылықтың жаппай сипат алып бара жатқаны байқалады. Оған құлағымыз үйреніп, көзіміз де көндігіп бара жатқандай. Тыңдағанда құлағыңның құрышын қандырып, шешен де жатық сөйлейтіндерден гөрі, әсіресе жас буын­ның арасында сөздердің айтылу нормаларын аяқасты етіп сөйлейтіндер көбейіп барады. Тіл туралы сөз болғанда, көбінесе сөй­леу тілінен гөрі жазба тілдің мәселе­лері­не әлдеқайда көп көңіл бөлінеді. Тілші ға­лымдар зерттеулерінің, қорғалған дис­сер­­та­цияларының үлес салмағы да солай. Өт­кізіліп жататын ғылыми конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер мен тренингтер көбінесе әліпби, аударма, лексикография, жарнама тілі, әдістеме, ономастика, терминология, тіл саясаты, әлеуметтік линг­вистика, лингвомәдениеттану, этнолингвистика, тіл тарихы сияқты тілдің өзге де көп­теген теориялық, практикалық мәсе­ле­­лері­не арналып жатады. Мектепте, жо­ғары оқу орындарында оқыту кезінде орфоэпия ор­фо­графияның тасасында қа­лып ке­ле­ді. Осы­ның бәрі қоғамның сөйлеу мәде­ниеті­нің деңгейіне әсер етпей қоймайды.

Әрине, бұдан тілтанушы ғалымдар ор­фоэпияға мүлде көңіл бөлмейді деген түсінік тумауға тиіс. Тіл мамандары тарапынан қазақ сөзінің үндестік заңы, дауыс­сыз­дардың үйлесімі, интонация, сөз әуезі­нің ерекшеліктері сияқты мәселелер бүгін­де едәуір жақсы зерттелген. Алайда, олар­дың практикада, іс жүзінде білім беру жү­йе­сі арқылы пайдаланылуы кемшін түсіп отыр. Радио мен теледидарда тіл маман­да­ры­­ның қатысуымен сөздерді дұрыс айту мәселесіне арналған хабарлар беріліп, бас­па­сөз беттерінде олардың мақалалары жарияланып жатады. Орфоэпиялық сөз­дік­тің бірнеше басылымы жарық көрді. Бірақ бұл атқарылып жатқан істердің бәрі қоғамның сөйлеу мәдениетін жаппай көтеруге айтар­лық­тай ықпал ете алмай отыр. Өйткені, олардың айтқандары мен жазғандары не­гі­зінен белгілі бір аудиториямен шектеледі. Мамандардың көтерген мәселелеріне көңіл бөлетіндер көбінесе тілші, әдебиетші, журналист, театр әртістері сынды мамандар десек, кәсіби қызметіне байланысты сөйлеу мәдениеті жоғары болуы тиіс олардың арасында да сол талап биігінен көріне бер­мей­тіндері жиі ұшырасып жататыны да бүгінде қалыпты құбылысқа айналып барады.

Белгілі тілші ғалым, академик Р. Сыз­дық «Тілдік норма және оның қа­лып­тануы» деген еңбегінде «Бұл күнде орфоэпия нормаларының жазудың құлдығына ұшырау қаупі бар» деп жазған еді. Шын­ды­ғында, қазір сол жазудың үстемдігі то­лық орнамаса да, барынша күшейіп, орфоэфия нормалары орфография алдында тізе бүгіп тұрғаны анық. Оны қалай тізер­лет­тік, енді аяғына қалай тұрғызамыз деген мәселеге келсек, мынаны айтуға болады. Мұндай жағдайдың қалыптасуы - білім беру жүйесі арқылы қазақ тілін оқыту барысында тіліміздің жазба формасын оқы­туға баса назар аударылып, ал ауызша фор­ма­сын оқытуға жете мән берілмей келуімен тығыз байланысты. Сол себептен де жаз­ған­да өте сауатты жазатын, алайда сөй­ле­генде сөздеріміздің айтылу нормасын бұ­за­тындар, оны қатаң сақтау міндетті деп са­намайтындар немесе орфоэпия нормасын бұзып тұрғанын өзі де біле бер­мей­тін­дер көбейіп барады. Біз бұл жерде орысша оқығандар, тілді жаңа меңгеріп жүргендер туралы айтып отырған жоқпыз. Әңгіме мұндай қауымның қатарын толықтырып отырған қазақ мектебін, жоғары оқу орын­дарының қазақ бөлімін бітіргендер жа­йында болып отыр. Бұл тек тіл мамандарын ғана емес, тіл тазалығына, сөйлеу мәдениетімізге немқұрайлы қарай алмайтын баршамызды ойлантатын және оны шешу жолында нақты қадамдар жасауымызды қажет ететін мәселе деп білеміз.

Сөйлеу мәдениеті жоғары, тіліміздің орфоэпиялық нормаларын сақтау дағдысы қалыптасқан тілдік тұлғаны тәрбиелеуде ұстаздар қауымының, мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындарында қызмет ат­қа­ратын оқытушы-профессорлар қауы­мы­ның рөлі айрықша екенін атап айтпасқа бол­майды. Нақтырақ айтқанда, бұл олар­дың тікелей міндеті. Осы мәселе жөнінде сөз қозғауды ойлағанда-ақ, бірден ойы­мыз­ға 80-жылдары ҚазҰУ-дың филология факультетінде бізге сабақ берген, кейіні­рект­е өз авторлығымен «Қазақ тілінің айтылым сөздігін» жариялаған ұстазымыз марқұм профессор Мырзабектен Сапархан орала берді. Ғалым-ұстазымыз аталған ең­бе­гінің алғысөзінде «Жазуға қолы кеш жет­кен қазақ (жазуды - Ш. Қ ) ынта ықыл­ас­пен, ыждағатпен қабыл алды, баптады. Ал орфоэпия елеусіз қалып, жазудың жетегінде кете барды: қалай жазылса, солай айту қалыптасып, нормаға айналды» деп жаз­ған еді. Сол Сапархан ағайымыз ҚазҰУ-дың филология факуль­теті­не түс­кен студенттерге ал­ғаш­қы сабақ­тарында-ақ «Тү­йе, түйе, түйелер», «ақ көбелек, көк көбе­лек» деген өлең жолдарын қайта­ла­тып шы­ғып, орфо­эпия­ны қан­ша­лықты мең­гергенін тек­серетін еді. Абай өлең­дерін жатқа оқитын және «Түйө, түйө, түйөлөр», «ақ көбөлөк, көк кө­бө­лөк» деп оқыған бірді-екілі сту­дент­ті көрсе, «сөздің әуезін бұз­бай айтатындар да бар екен ғой» деп, олай айтуының себеп­терін сұ­рап, ал жазылуы бойынша «түйе», «көбе­лек» деп оқыған студенттерге «езу­леріңді керіп «түйе», «көбелек» деп қалай айта­сың­дар, осы сендерге мектепте не оқы­­тады?» деп кейитін еді. Сабағының басында «Бүгін анау диктор мына сөзді былай айтты, анау бір эстрада әншісінің мынадай сөздері құлағыма түрпідей тиді. Сендер соларды қалай шыдап тыңдай­сың­дар. Олар неге бүкіл жұрт алдында осылай жауапсыз сөйлейді?!» деп сабақ сайын жаңа мысалдар келтіруден, бізге олай сөй­леуге болмайтынын айтудан жалық­пай­тын. Біздің назарымызды үнемі осы мәсе­ле­ге аударып отыратын. Егер студент мә­тін­дегі бір сөзді жазылуы бойынша оқыса, сабақ айтып тұрып дыбыстар үйлесімін сақ­тамаса, оны ешқашан ескерусіз қалд­ыр­майтын, тоқтатып, міндетті түрде түзететін. Ондай түзетуден кейін қорытынды шығар­май жатқан шәкірттерін ерекше бақылауға алып, оларға бүкіл аудиторияның назарын аудартып отыратын еді.

Біздің қоғамда қазір тіл мәдениетіне, жалпы сауаттылыққа қатысты жұртшылық санасында мынадай бір қызық түсінік қалыптаса бастағандай: егер тілдің орфо­гра­фиялық нормасы бұзылса, оны - сауат­сыздық, ал орфоэпиялық норма сақталмай жатса, онда оны - қалыпты жағдай немесе соңғысын соншалықты маңызды нәрсе емес деп қабылдау. Бұл мүлде қате түсінік. Күнделікті өмірде белгілі бір сөзді жазуда қателеспеу үшін орфографиялық сөздікті іздейтін, оны пайдаланатындарды жиі кез­дестіресіз де, ал «мына сөздің дұрыс айтылуы қалай еді» деп орфоэпиялық сөздікті іздейтіндерді көре бермейсіз. Осының өзі біздің ауызша сөйлеуге, сөздердің дұрыс айтылу нормаларын сақтауға деген қарым-қатынасымызды, жауапкершілігімізді бай­қат­са керек. Білімді, өзін әдеби тілді жетік меңгердім деп санайтын тілдік тұлға ор­фографиялық норманы сақтап қатесіз жазумен қатар, орфоэпиялық норманы да дәл солай сақтап, дұрыс сөйлеуі тиіс. Қазақ сөзін дұрыс айтудың ережелері де емле ере­желерімен бірдей маңызды. Олардың бірін сақтап, екіншісін ескермеуге болмайды.

Осы жылдың 22 наурыз күні кешке қарай «Еларна» телеарнасынан «Қазақ аруы» конкурсы көрсетілді. Біз тек «Ақ­тоқ­тының» рөлін ойнаған бір ғана 17-нө­мір­лі қатысушының қысқаша диалогын тыңдадық. Ол «көнілім өлді» («көңүлүм өлдү» демей), «жоламаныз», «атың қалар жүрегімде» («атың ғалар жүрөгүмде» демей) деді. Қазақтың аруы боламын, хал­қым­ның тілі мен салт-дәстүрін білемін деп ел алдына, сахнаға шыққан өнерлі жасымыз осылай сөйледі. Сол 23 наурыз күні кешке қарай «Хабар» арнасынан жастар­дың сүйікті әншілері Қай­рат Нұртас пен Сырым Исабаевтың концерті беріліп жатты. Астана туралы әндерінде олар «Көм­керіп гүлдер кө­ше­ні» («Көмкөрүп гүл­дөр көшөнү» демей), «Сүйіктім («сү­йүк­түм» демей) менің Астана» деп шырқады. Осы кон­­­цертті жүргізу­ші­лер­­дің бірі Маржан Сұл­­тан­баева бірде сах­наға шақырылған қыз­дарды нұс­қап, «Қазір мына жерде бес қыз­дар тұр» деп көп­тік жал­ғауын орынсыз қол­дан­са, енді бір сө­зін­­де «Ой­лап тұр­мын…», «Бі­рақ біз ес­тідік…» деп сөй­лем­де­рін бірі­нен соң бірін орыс тілінің сөйлем құрылу үл­гі­сімен жал­ғас­тыра бер­ді. Естіген құ­лақ­қа ер­сі. Жұрт алдына шы­ға­тын тележурналист алдымен сөз мәде­ниетіне көбі­рек мән беріп, қа­зақ­ша жатық та сыпайы сөйлеу мә­нері­мен ерек­шеленсе ғой дейсің. Теледидар кө­ріп, радио тыңдап отырып, мұндай мысалдарды ондап, тіптен жүздеп келтіре беруге болады. Ал қазақ сөзін жеке сөз деңге­йін­де ғана емес, сөз тіркесі, бір деммен ай­тыл­­ған бір мағыналық қатынаста тұрған бірнеше сөздердің тұтастығын сақтай айтуды бір­қатар аға буын өкілдері, белгілі өнер қай­рат­керлері мен ақын-жазушы, ға­лым­дар мен жекелеген орта буын өкіл­дері­нен ғана байқайтын болып барамыз. Сөй­леу кезінде сөз бен сөз, түбір мен қосым­ша жігіндегі, қосымшалардың өз арасын­дағы дыбыстар­дың ілгерінді-ке­йінді ықпа­лы негізінде қалыптасқан, нор­ма­ға ай­нал­ған айтылу үл­гі­лерін сақтау өте маңызды екендігі ес­керіле бермейді.

Бүгінде көптеген қазақша оқыған жас­тарымыз «жана жыл», «жанағы», «қоныр көйлек», «сонғы сабақ» деп жатса немесе қаладағы қазақ мектебінің оқушылары мен студенттер тілді жаңа үйреніп жүрген шетелдік сияқты өз тілінде акцентпен сөй­леп тұрса, оған көп мән бере бермей­міз. «Е, қаланың баласы ғой» деп қоя саламыз. Олардың қазақша сөйлегенінің өзін үлкен жетістік санаймыз. Қала баласының да қазақ екенін, олардың да ұлттық әдеби ті­лі­міздің орфографиялық және орфо­эпия­лық нормаларын бірдей сақтай отырып өз тілінде жатық сөйлеуі, тіл заңдылықтарын бұзбауы керектігін жастайынан санасына сіңіру баршамыздың міндетіміз. Мәде­ниет­ті азаматтың өз ана тілін жетік мең­гер­ген, сөйлеу мәдениеті жоғары болуы керектігін жас ұрпақ отбасынан бастап біліп өсуі тиіс. Егер үлкендер, ата-аналар, ұстаздар тілге құрметпен қарап, өздері үлгі-өнеге көрсете алмаса, оларды көріп өскен жас буынның бойына ондай қасиет қайдан дариды. Кейде ересектердің өздері үйде, қоғамдық орындарда, шаршы топ алдында сөйлеу барысында тілді шұбар­лап, тіл нормаларын сақтай бермейтін жағдайларды кездестіріп жатамыз. Осындай жауапсыздықтың үлкендерге қарап бой түзейтін жастарға қаншалықты әсер ететінін ескермейтініміз өкінішті-ақ. Күн­дел­ікті өмірімізде орфографияға байланып сөзді қалай жазылса, солай айтумен қатар, сөздер мен тұрақты сөз тіркестерін мағы­на­сына қарай дұрыс қолданбайтын жағ­дай­лар аз ұшыраспайды. Бұл да өз алдына әңгіме арқауы боларлық мәселе.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Жоғары оқу орнындағы студенттердің қарым – қатынас мәдениетін қалыптастырудың педагогикалық шарттары
Сөздік қорын дамыту
ҚАЗІРГІ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ӘЛЕМ ИМИДЖІНЕ КӨЗҚАРАСТАРЫ
Кәсіби құзыреттілік және кәсіби құзыреттілік
Педагогикалық біліктілік
Дене шынықтыру және спорт педагогикасы
Педагогикалық қарым - қатынастағы сөйлеу мәдениеті мен шешендік өнер
Ағылшын және қазақ тілдеріндегі етістіктердіңлексика-семантикалық ерекшеліктерініңтеориялық аспектісі
Болашақ педагог - психологтардың педагогикалық мәдениетінің даму деңгейін анықтау
Педагогикалық шеберлік бойынша дәрістер
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz