Сопылық ілім мен қазақ лирикасындағы үндестік туралы ақпарат


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 6 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ШӘКӘРІМ АТЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ

Конспект

Тақырыбы: Сопылық ілім мен қазақ лирикасындағы үндестік

ОРЫНДАҒАН: Маратова Н

ТОБЫ: Фи-201

ТЕКСЕРГЕН: Жундибаева А.

Семей-2015ж

Қазіргі кезде, сопылық ілімінің айналасында айтылып, жазылып жүрген пікірлер көп. Олардың арасында Исламның негізгі үш ұстынының бірімен астасып жатқан сопылық институтын бақсылық, шырақшылық секілді ұғымдармен қатарластырып тар шеңберде қарап жүргендер де бар. Ал, негізінде, бұл ілім әу бастан адамды түбегейлі аздырып, жолдан тайдыру мақсатында қалыптасқан деп үстірт ойлау қате. Бұл, әрине, шын сопылық не екенін дұрыс меңермегеннен туындаған пікірлер болса керек. Рас, кешегі кеңес кезінде сопылықты философиялық тұрғыдан ғана қарап, оны адам ойынан шыққан жасанды ілім деп көрсетуге тырысқандар болды. Тіпті, сопылық ілімінің мүршиді, жетекшісі өзін пайғамбарлармен тең санайды, ал оның соңынан ерушілер «әулиелікті» пайғамбарлықтан жоғары қояды деген мазмұндағы жаңсақ пікірді де кездестіруге болған . Әрине, түбінде шариғат ілімі жатпайтын болса, кез келген жолда діннен ауытқушылық орын алары даусыз. Бірақ бұған қарап, жалпы сопылық жолы туралы асығыс шешім шығаруға болмайды. Түркі жұртының, соның ішінде қазақ даласының діни жолында сопылықтың алар орны үлкен. Алысқа бармай-ақ хәкім Абайдың, Шәкәрімнің, Мәшһүр Жүсіптің шығармашылық мұрасына сәл ғана ден қойсақ, олардың өмір тіршіліктеріне сопылық дүниетанымның қаншалық әсері болғанын байқаймыз. Қазақтың ділін жан-жақты зерттеп жүрген академик Ғарифолла Есім еңбектерінің бірінде Абай шығармаларында сопылық әдебиеттің белгісі мен дүниетанымының көріністері де байқалатын тұстары баршылық екенін айта келе, Мұхтар Әуезовтің 1945-1946 оқу жылында университетте абайтанудан оқылған лекциясында айтқан: «Шығыс ақындарының шығармаларында үлкен орын алған үлгі - сопылық» деген пікірін дәлелге келтірген .

Сопылықтың мақсаты діннің талаптарын жоғары деңгейде орындату болғандықтан, рухани кемелденуді мақсат еткен әрбір мүрид, шәкірт бірінші кезекте шариғат білімімен сусындаған болуы керек. Қожа Ахмед әзірет сұлтан шариғатсыз тариқаттың болмайтындығын, тариқаттың бар мәселесі шариғатсыз шешілмейтідігін, тариқатқа кірудің алғышарты - шариғат білімі екенін айрықша атап көрсеткен:

Айтпақ үшін тариқаттың ең талаптарын,
Әуел қадам шариғатқа қоймақ керек.
Шариғаттың шешімдерін тауысқан соң,
Содан кейін, сол шешімді қылмақ керек.

Шариғатсыз шешім болмас Тариқатта,
Тариқатсыз шешілмейді Хақиқат та.
Үшбу жолдар айқындалар шариғатта,
Барлығын да шариғаттан білмек керек.

Жалпы әр тариқаттың рухани тәрбиеде қолданатын өзіндік ерекшеліктері болуымен қатар, барлығына бірдей ортақ қағида, тәсілдері де бар. Соларды аз-кем тарқатып түсіндіріп кетейін.

Алғашқы кезекте рух кемелденуінің, нәпсі тәрбиесінің маңызды тетігі саналатын мына төрт нәрсеге тоқталайық. Бұл төрт нәрсе де ойдан шығарылған бидғат емес. Бұлардың барлығы Құранның қағидаларына сай, Алла елшісінің сүннетінен алынған. Мүрид бұл төртеуін күнделікті өмірінде басты қағида етіп алуы тиіс. Бұлардың біреуі болмаса, мүридтің рухани кемелденуіне кедергі келтіреді. Біріншісі, «қиллатут-тағам» - аз тамақ жеу. Екіншісі, «қиллатул-манам» - аз ұйықтау. Үшіншісі, қиллатул-калам» - аз сөйлеу, төртіншісі, «ъузлату ъанил-анаам» - оңашалану.

Бұл аталған төртеуі де Алла елшісінің (С. А. У. ) хадистерінде ерекше аталып, өмірінде айрықша көрініс тапқан ұстанымдар.

«Қиллатут-тағаам» - аз тамақ жеу. Тәнге қажет мөлшерде ғана қоректенуге, артық тамақтан бас тартуға қатысты Алла елшісі (С. А. У. ) : «Адам ұрпағының ең жаман ыдысы - ол тоя тамақ ішкен қарын. Адам баласына денесін көтеріп жүруге қажет азын-аулақ (бірнеше асам) тамақ жеткілікті. Ал міндетті түрде жейтін болса, онда асқазанының үштен бірін - тамаққа, келесі үштен бірін - суға, ал қалған үштен бірін ауаға арнасын», - деген.

Айша (Р. А. ) анамыз жеткізген бір хадисінде: «Алла елшісі Мәдинаға көшіп келгеннен бақилық болғанға дейін оның (С. А. У. ) жанұясы үш күн қатарынан тойып тамақ ішкен емес», - деп қарын тойдыра тамақ ішпеу Алла елшісінің берік сүннеті екендігін білдірген.

Алғашқы мәшһүр сопылардың бірі болған Ибраһим ибн Әдһам: «Кімде-кім асқазанына кіретін тағамды қадағалай алса, өз діндарлығын да қолға алған болады. Асқазанына артық тамақ кіргізбеген адам көркем мінезге иелік етеді. Қарны тоймай жүрген кісі Аллаға асылық қылудан аулақ жүрсе, қарны тоқ кісі бұған жақын жүреді», - деген .

Алла Елшісі (С. А. У. ) тағы бір хадисінде: «Үмбетім үшін ең қатты уайымдайтын нәрсе - қарын шығару, артық тамақ жеу, көп ұйқы және түйсік-танымның таяздығы», - деген. Бұл хадисте айтылған кеселдің бәрі артық тамақ жеуден туындайды.

Міне, осыдан кейін «Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деген Абай қағидасына келейік. Мұнда қарын тоқтығы мен азу, азғындау процесі бекер теңестіріліп отырған жоқ. Адам нәпсінің тәрбиесі үшін қозғалып отыр. Ал тәрбиенің бұл саласымен айналысатын бірден бір ілім - сопылық десек артық айтқандық емес. Шынында да, тән қажетінен артық ас адамды жалқаулыққа, көп ұйқыға итермелейді. Одан бөлек, күніне бірнеше мәрте артық ас ішіп, оны қайта-қайта сыртқа шығару да шамадан тыс уақытыңды алғандықтан, уақыт ысырабына жол ашады. Мидың сергек әрі дұрыс жұмыс жасауына қажет глюкоза ас қорытуға жұмылдырылғандықтан мидың жұмысы әлсірейді. Сондықтан, тойып ас ішкен адамның көзіне ұйқы үйіріліп, маужырай бастайды. Үнемі ұйқысы қанбай, ұйысып жүретін болады. Артық ас ішіп, көп ұйықтаған адамның тәні семіреді. Ал тән семірсе, рух азады. Қомағайланған адамның ой-түйсігі асқазан төңірегінен, тамақ жеудің қамынан аспай, парасат-пайымы азаятын болады. Тіпті бара-бара құлқынының құлына айналып, ол нәпсісін емес, нәпсісі оны басқаратын болады. Ондай адамның құлшылыққа құлықсыз, жұмысқа жалқау болатыны да, міне, сондықтан.

Рухани кемелденуге ниет еткен мүридтер жалпы уақытта аз тамақ жеумен қатар дүйсенбі, бейсенбі, әр айдың ортасында үш күн, рәжаб, шағбан айларында т. б. нәпіл оразаларын мейлінше көбірек ұстауға тырысады. Тамақ аз ішкен адамның нәпсісі әлсіреп, рухы руханиятқа қанат қағуға дайын күйде болады.

Бұрынғы бабаларымыз осыны білгендіктен үш арсыздың қатарына тамақты да қосқан. Екінші арсыз - ұйқы. Адамның рухани кемелденуі үшін ұстану қажет екінші қағида - «қиллатул-манам» - аз ұйықтау . Қажеттен тыс көп ұйықтаған адам нәпсімен күреске, құлшылық пен зікірге, ізгі істерге көп уақыт бөлу мүмкіншілігінен айрылады. Ондай адамның рухани жетілуі тежеліп, тіпті мүлдем тоқтап қалады. Кісі өз ұйқысын реттеп, аз ұйықтауға дағдыланбаса, түнгі тәһажжүд намазынан, зікірі мен Раббысына мінәжат етуден, таң намазын жамағатпен оқудан, күн шыққанға дейін Құран оқып, күнделікті дұға-зікірлерін жасаудан мақұрым қалады. Абай Құнанбайұлы адам - анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі - ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар тәннің құмары. Біреуі - білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен демеклік. Мұның бәрі - жан құмары" деп ұйқыны тән құмарлығына жатқызған [3, 95-96] . Демек, ұйқы кісінің рухын тәрбиелеуге емес, тәнін семіртуге үлес қосады деген сөз. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінде» мынадай шумақ бар:

. . . Тәннен - нәпсі, құмарлықты сығарсың,
Сонда ибадат дәмін татып шығарсың.
Не дегенін есті ойшылдың ірісі:
«Нәпсіменен үйлеспейді дін ісі.
Нәпсі, құмар - жауы ұлықтың, жандырар,
Осы екеуі ісші құлды аздырар.

Сондай-ақ тағы бір шумағында тән мен нәпсінің кісінің «менін», Абайша айтқанда, рухы мен жанын құл, тұтқын етіп алатынын анық бедерлеген:

Құмарға ерген көрер нәпсі тұтқынын,
Тән тояттап, алар мені құл қылып.
Нәпсіге ерме, ақылмен кес түбірден,
Бас көтерсе - тәніңді бас біліммен!»

Жалпы, Алланың ризашылығы мен жұмаққа жетуді кепілдендіргендей көп ұйықтау, әрине, ғапылдықтың, бейғамдықтың көрінісі. Сондай-ақ, көп ұйықтаған адамның ақыл-ойы таяз, жаттау қабілеті әлсіз болады. Көп ұйықтау дегенде біз адамның қажетінен артық ұйқыны айтып отырмыз. Көбіне адамдар артық ұйқыға дағдыланып алғандықтан, «бұл мөлшерден аз ұйықтасам ұйқым қанбайды» деп өзі үйренген ұйқы мөлшерін тәнінің қажеттілігі, тынығуының нормасы деп ойлайды. Алайда ұйқы уақытын реттеп, өзін аз ұйықтауға дағдыландыра алса, мұндай ойдың қате екенін түсінеді.

Ұйқы тән қажеті болғандықтан, түнде құлшылыққа оңай тұру үшін күндіз бір уақыт түске дейін, ол мүмкін болмаса түстен кейін көз іліп алған дұрыс. Мұны «қайлуула» ұйқысы деп атайды. Қайлуула - Алла елшісінің (С. А. У. ) сүннеті. Сондай-ақ, құптан намазынан кейін дереу жатқан жақсы. «Алла елшісі құптан алдында ұйықтауды және құптаннан кейін сөйлесуді ұнатпайтын еді» деген хадисі түні бойы бос әңгіме, пайдасыз іспен уақытын ысырап еткендерге сабақ. Кеш жатқан адамның түнде тұрып, құлшылық жасауы қиын екені, айтпаса да түсінікті.

Үшіншісі, қиллатул-калам» - аз сөйлеу. Адам тілі жүрегінің үні болғаны секілді, нәпсісінің қалауын жеткізетін құрал да бола алады. Адам нәпсісі мақтанды, ұрысты, дұшпандықты, бос әңгімені, өзгені сынауды, атақты, т. б көп жағымсыз нәрсені қалайды, сүйеді, ұнатады, тіпті, үнемі осындай жүрек қарайтатын дүниелерге шақырады да тұрады. Ал тіл - осы нәпсі қалауын сыртқа жеткізетін алғашқы құрал. Ендеше, кемелдікті мұрат еткен мұсылман ең әуелі өз тіліне ие болуды үйреніп, өзін үнсіздікке яки қайырлы сөз айтуға дағдыландыруы қажет. Шал ақынның өз өлеңдерінің бірінде « Ойласаң мың бір пәле тілден туған . Шешендер топ ішінде тілді буған. Бір адам қателікпен сөз сөйлесе, жабылып мың бір пәле соны қуған» деп тілді қате қолданудан абай болуға шақырғаны мәлім.

Негізінде, тілге ие болу рухани шыңдалуға бастар баспалдақ. Ал тілге ие болудың алғашқы сатысы өзін үнсіздікке дағдыландырудан басталады. Содан кейін бара-бара шариғат безбенінен өткен сөзді ғана айтуды үйренеді. Ал кімде-кім үнсіздікке дағдылана алмаса, онда сөйлемей тұрып айтар сөзін өлшеп, сүзгіштен өткізіп алуды да үйрене алмақ емес. Сондай-ақ, кісі қайырлы сөз айтуы мүмкін, алайда уақыты мен жағдайды ескермегендіктен тыңдаушылар тарапынан қабылданбауы, тіпті реніштерін тудырып, кері әсер етуі әбден мүмкін. Мысалы, Алланың қаһарын, ашуын, тозақты ескерту, әрине, жақсы нәрсе. Бірақ мұны қуанышты бөлісіп отырған кезде дастархан басында айту хикметке теріс болмақ. Өйткені, бұл әдепке қайшы. Сондықтан, хикметті сөз айтуды үйренбеген адамның үнсіз қалуы, әлбетте, қайырлы.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Уа иман келтіргендер Алланың бұйрықтарын орындап, тыйымдарынан тыйылу арқылы тақуалыққа ұмтылыңдар әрі айтар сөздеріңді түзеңдер! Сонда Алла да сендердің амалдарыңды дұрыстап, күнәларыңды кешіреді», - деген («Ахзаб» сүресі, 71-аят) . Пайғамбарымыздың хадисінде: «Құлдың жүрегі түзелмейінше, иманы түзелмек емес. Ал тілі түзелмейінше, жүрегі түзелмейді», - деген. Сондай-ақ, тағы бір хадисінде Ардақты Пайғамбарымыз (С. А. У. ) : «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, онда қайырлы сөз айтсын яки үндемесін», - деп мұсылманның аузынан тек қайырлы, пайдалы сөз шығуы керектігін ескерткен. Абдуллаһ ибн Омардан риуаят етілген хадисте: «Алланы зікір етуден өзге сөзді азайтыңдар. Өйткені, ондай сөздер жүректі қатайтады. Ал Алладан ең алыс адамдар - олар жүрегі қатайғандар», - делінеді. Ал Омар ибнул-Хаттаб: «Кімнің сөзі көп болса, қателесуі де сондай көп болады, ал кімнің қателесуі көп болса, күнәсі де көп болады. Ал кімнің күнәсі көп болса, ондай адам тозаққа лайығырақ болады», - деп орынсыз көп сөйлеудің түптің түбінде сүрінуге әкеп соқтыратындығын, қысыр әңгіме кісіні құзға құлатып, күнәға себеп болуы мүмкін екендігін ескерткен. Алла елшісі тағы бір хадисінде: «Саған бүкіл жақсылыққа иелік ететін нәрсені көрсетейін бе? Мынаны тый!» - деп тілін көрсетті». Рас кейде адам аптап ыстықта ұстаған оразасының, түн ұйқысын төрт бөліп жасаған құлшылығының сауабын тәрбиесіз тілі арқылы оп-оңай жойып жіберіп жатады. Өз тіліне бақылауды жоғалтқан адам сөйлеген сөзінде бірде артық, енді бірде кем кетеді де қайсыбір адамның көңіліне кірбің салса, енді біреуінің жүрегін жаралайды. Аңдамай ғайбат айтып, байқамай сөз тасиды. Сөйлеуге үйренген тілі бос әңгімеге дағдыланып, нәпсісі үнемі қысыр сөзге, мүлдем қатысы жоқ дүниелерге құмар болады да тұрады. Бос басқосу, жел сөзге уақытын ысырап еткен мұндай жандардың рухани кемелденуі былай тұрсын, күннен күнге кері кетіп, түбінде құрдымға құлайды. Сондықтан, рухани кемелденуді мұрат еткен мүрид әрдайым әрбір сөйлеген сөзін жүрек сүзгішінен өткізіп барып қана айтады. Мүридтің сөзі - әрдайым хикмет, үнсіздігі пікір болуы ләзім. Сонда ғана ол рухани шыңдарды бағындырып, кемелдене түседі. Алла елшісі (С. А. У. ) қабірдің жанынан өтіп бара жатып, онда азаптанып жатқан екі адамның жағдайын айтқаннан кейін: «Жүректеріңнің құбылуы және артық сөздерің болмағанда, мен естіген нәрсені сендер де естір едіңдер», - деп кісінің тілі арқылы азапқа душар болатындығын, ал керісінше тіліне ие болған кезде көп адамға көмескі қабір әлемінде болып жатқан нәрселерді естуі мүмкін екендігін айтқан .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Сопылық ілім мен қазақ лирикасындағы үндестік
Жоқтау өлеңдердерінің көркемдік аспектілері
Шәкәрім өлеңдеріндегі тұлға мәселесінің дәстүрлік негіздері
Сопылық поэзия
Шәкәрім және Гете: поэзиядағы көркемдік пен таным үндестігі
Шәкәрім және Хафиз: өнер философиясындағы үндестік
Ортағасырлық мәдени туындылары
Тарихи тұрғыдан түркі ислам философиясының қалыптасу
Шәкәрім лирикасы
Абайдың ақындық кітапханасы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz