Тұрмағамбет !зтілеуовтің өлеңдері мен айтыстары


Пән: Тарихи тұлғалар
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 51 бет
Таңдаулыға:   

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ 3

1 ТҰРМАҒАМБЕТ ІЗТІЛЕУОВТІҢ ӨЛЕҢДЕРІ МЕН АЙТЫСТАРЫ 8

1. 1 Ақын өлеңдеріндегі ағартушылық идея 11

1. 2 Т. Ізтілеуов өлеңдеріндегі адами болмыс 14

1. 3 Т. Ізтілеуовтің сатиралық өлеңдері 17

1. 4 Т. Ізтілеуовтің айтыстары 22

1. 4. 1 Т. Ізтілеуовтің жұмбақ айтысы 28

2 ТҰРМАҒАМБЕТ ІЗТІЛЕУОВ ЖӘНЕ ШЫҒЫС ӘДЕБИЕТІ 31

2. 1 Ақынның шығыстық сарындағы қисса дастандары 35

2. 2 Тұрмағымбет Ізтілеуовтің «Рүстем- Дастан» поэмасын аударудағы шеберлігі 36

2. 2. 1 Кейіпкерлердің рухани дүниетанымы 39

2. 2. 2 «Рүстем- Дастан» шығармасының ұлттық сипаты 41

2. 3 Тұрмағамбет Ізтілеуовтің Н. Рабғузиден аудармасы 44

ҚОРЫТЫНДЫ 50

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ 53

КІРІСПЕ

Тақырыптың өзектілігі. Бұл бітіру жұмысында XX ғасыр басындағы қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі Тұрмағамбет Ізтілеуов шығармашылығы көркем сөз құндылықтары тұрғысынан сарапталып, ақынның әдеби мұралары жайлы, ондағы адамгершілік мәселелер, ізгілікті наным ізі қарастырылады. Адамгершілік мәселесін толғау ежелгі мифтен, аңыз- әңгімелерден бастау ала отырып, түркі дәуірдегі жазба ескерткіштер мен жыраулар поэзиясында жаңғырып, жалғасын тапты. Тұрағамбет Ізтілеуовтің қисса дастандары, аудармалары арқылы Шығыс елімен тереземіз тең болды. Осы тұрғыдан алғанда Тұрмағамбет Ізтілеуовтің әдеби мұралары тақырыбын зерттеу нысаны ету зәру мәселелердің бірінен саналады.

Бүгінде тарихи- мәдени мұрамызды ел игілігіне айналдыру ісіне үлкен бастамалар көтеріліп, көптеген игілікті шаралар атқарылып та үлгірді. Біздің бітіру жұмысымыз да осы жайтты ескеруден туындаған зерттеу нәтижесі. Аса құнды рухани мұраларының барлық қырлары әлі де болса зерттеліп бітпеген ірі тұлғалардың бірі - Тұрмағамбет Ізтілеуов.

Тұрмағамбет Ізтілеуов әдеби мұралары тақырыбының жырлану жүйесіне зер салсақ, халқымыздың ғасырлар бойы қордаланған ұлттық құндылығымен тамырлас екеніне көз жеткіземіз.

Тәуелсіздікке қол жетуімізге орай халқымыздың әдебиеті мен мәдениеті, ғылымы мен өмірі жаңа қырынан зерделеніп жатқан уақытта Тұрмағамбет Ізтілеуов шығармалары да қоғамдық көзқарасқа сай қайта қарастыруды қажет етіп отыр. Адамгершілік мәселесін жырлаудың қазақ әдебиетіндегі көрінісін, әдеби байланыстармен ықпалдасуын гуманист ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтің шығармашылығы арқылы пайымдаудың маңызы зор.

Кеңестік кезең әдебиеттану ғылымында қаламгердің ағартушылық бағыттағы шығармалары бір жақты мансұқталып келді. Сол себепті бұл тақырыпта қалам төкпеген ақын-жазушылар өзінің лайықты бағасын алмады. Бұқарадағы «Көкелташ» медресесінде оқып, діни ілімнен молынан сусындаған. Тұрмағамбет ақын да осы қиянаттан тыс қалмады. Мұсылмандардың сана мен діни дүниетанымды сөз еткен «Аллаға», «Пендесін Алла жеткерер», «Ораза жоқ, намаз жоқ» т. б филисофиялық, танымдық мәндегі өлеңдеріне кеңестік көзқарас салдарынан көз жұмып қарауға тура келеді.

XX ғасырдың басындағы қазақ поэзиясында ерекше сипатқа ие болған жазба айтыс жанры сыр бойы ақындарына жаңа серпіліс әкелді. Жазба айтыс өнерін дамытушылардың бірі ретінде Тұрмағамбет ақынның есімін атауға болады. Оған қоса қаламгер жазба айтыс ақындарына аралық, тоқтау сөз айтып, айтыс жанрын жаңа бір қырынан дамытты.

Қазақ әдебиетін шығыс әдебиетімен байланыстыратын аса құнды аудармалар жасап, алтын көпір салған шығыстанушылардың бірі де Тұрмағамбет Ізтілеуов.

Осы орайда сөз өнеріне өзіндік қолтаңбасымен келген Тұрмағамбет Ізтілеуов өлеңдеріндегі білім- ғылым насихатын, адамгершілік идеялары мен сатираны ұлт әдебиетінің даму үрдісі негізінде қарастырудың өзектілігі айқындала түседі. Өскелең ұрпақ бойындағы ізгілік ізденістерді жаңғырту қоғамдағы маңызды міндеттердегі бірі саналатындықтан, ақынның әдеби мұралары тақырыбын зерттеудің зәулілігі байқалады. Осы секілді жайттар ақынның рухани әдеби мұрасының терең мазмұнын түсінуге көмектеседі.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. 1957 жылы ақын шығармашылығын зерттеуге мүмкіндік туған кезден бастап оның ақындық талантына баға берілген мақалалар жарық көре бастады. Қазақстан жазушылар одағы басқармасының 1958 жылы маусым айында өткен үшінші пленумында академик Ғабит Мүсірепов Тұрмағамбет Ізтілеуов шығармашылығын игеру, жұртшылық қажетіне жарату керектігін сөз етіп, тұңғыш рет қозғау салды [1; 371] . Осыдан кейін ақынның әдеби мұрасына көңіл бөлініп, зерттеле бастады. Орта мектеп оқулықтарында Тұрмағамбет Ізтілеуов шығармашылығына елеулі орын берілді.

Тұрмағамбет ақынның ұстаздық қызметі, әдеби мұрасы жайында жазылған Н. Төреқұлов, Қ. Бекхожин, Р. Бердібаев, Т. Тебегенов, Т. Еңсегенов т. б ғалымдардың мақалалары қаламгердің қазақ поэзиясындағы орнын дәйектейді. Ақын мұрасының көркемдік деңгейі, тіл айшығы жөнінде Ә. Қоңыратбаев, М. Қаратаев, Е. Ысмайлов, Р. Бердібаев, Ш. Сәтбаева, Б. Адамбаев, М. Дүйсенов, А. Қыраубаева, Ы. Дүйсенов, Б. Әлменов, Ы. Сағитов және тағы басқалар зерттеушілердің мақалаларын атап өткен орынды. М. Байділдаев Тұрмағамбет Ізтілеуовтің ел ауызында жүрген өлеңдерін, тапқырлық сөздерін жинастырып, оның «Шаһнама» желісінде жазылған «Рүстем- Дастан» шығармасын 1961 жылы жеке кітап етіп бастырды. Өлеңдер жинағын «Назым» деген атпен 1972-1982 жылдары (толықтырып) жарыққа шығарды. Зерттеуші ғалым Ө. Күмісбаев Тұрмағамбет Ізтілеуовтің «Рүстем- Дастан» поэмасын жүйелі түрде қарастырып, классикалық туынды «Шаһнамамен» салыстыра зерделеді. «Рүстем- Дастан» 2004 жылы «Жазушы» баспасынан толықтырылып қайта басылып шықты. Ұ. Жанбершиева ғылыми зерттеу еңбегінде ақын шығармаларының жанрлық ерекшеліктеріне тоқталып, поэтикалық сөз жүйесін саралады [2; 4] .

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың баста мақсаты - Тұрмағамбет Ізтілеуов шығармаларының жалпы әдеби процестегі орнын айқындау.

Ақынның шығыстың сюжеттерді ұлттық болмысқа лайықтап қолдану ерекшелігі, өмір шындығы мен көркемдік шешім арасындағы байланыс желісі, ақын идеяларының әлеуметтік сипаты, туындыларындағы ұлттың, халықтың мәселелерді қарастыру да зерттеудің алға қойған мақсаттарының негізін құрайды. Осы мақсатқа жету барысында төмендегідей мәселелерді басты назарда ұстау міндеттелді:

  • ақын өлеңдерінің тақырыптық жүйелігін айқындау;
  • ағартушылық идеясының ақын жырларындағы көрінісін дәйектеу;
  • ақын шығармаларындағы адамгершілік мәселелердің тәрбиелік мәнін ашу;
  • сатира жанрының ақын мұраларынан алатын орын айшықтау;
  • айтыс өнері мен жазбаша айтыс үрдісіндегі Тұрмағамбет ақынның шеберлігін тану;
  • Сыр бойындағы ақындық мектептерді дамытуға қосқан үлесін салмақтау;
  • Шығыстық сюжеттерді қолдана отырып ұлттық болмыста жазу машығы мен мәнерін анықтау.

Зерттеу әдістері. Бітіру жұмысында жүйелі сипаттамалы, салыстырмалы тарихи, салыстырмалы- типологиялық әдіс- тәсілдер басшылыққа алынды.

Жұмыстың жаңашылдығы. Тұрмағамбет Ізтілеуов шығармашылығы осы кезеңге дейін әдебиеттану ғылымы аясында бірнеше диссертациялардың, атап айтқанда, Ө. Күмісбаевтың «Тұрмағамбет Ізтілеуов и его Рустем- Дастан», Ұ. Жанбершиеваның «Тұрмағамбет Ізтілеуовтің поэтикалық творчествосы», Е. Нарбозовтың «Тұрмағамбет Ізтілеуов шығармаларындағы адамгершілік мәселелері» атты еңбектерінің зерттеу нысаны болғанымен, ақынның толық қанды әдеби мұралары жайлы талдау кең ауқымда қарастырылмады. Бітіру жұмысымызда Тұрмағамбет Ізтілеуов өлеңдерінің тақырыптық жүйесі айқындалып, айтыс өнеріне қосқан үлесі салмақталып, Шығыстық сюжетке құрылған дастандарындағы авторлық идеясы мен аудармада алатын орны белгіленді. Сонымен қатар Тұрмағамбет Ізтілеуов ақын, ойшыл, сатирик, аудармашы ретінде бағаланып, шығармалары әр қырынан зерттелді, нақты деректерге негізделген дәлелді тұжырымдар жасалды.

Жұмыстың теориялық - практикалық маңызы. Зерттеу жұмысының нәтижелері мен тұжырымдарын әдебиет тарихының мәселелеріне қатысты оқулық, жоғары оқу орындарына арналған курс ретінде, семинарлар жүргізуде, XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті туралы дәрістер оқу кезінде пайдалануға болады.

Жұмыстың сыннан өтуі. «Қазақ тілі мен әдебиеті» апталығы аясында 7. 12. 06 ж. өткен студенттердің Ғылыми- практикалық конференциясында бітіру жұмысы бойынша «Т. Ізтілеуов және шығыс әдебиеті» атты мақала оқылды; 23. 04. 07 ж. кафедра оқушыларының қатысуымен алдын- ала сыннан өтіп, қорғауға ұсынылды.

Жұмыстың құрылымы. Бітіру жұмысы кіріспеден, екі бөлімнен, қортындыдан тұрады. Жұмыстың соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілген.

1. ТҰРМАҒАМБЕТ ІЗТІЛЕУОВТІҢ ӨЛЕҢДЕРІ МЕН АЙТЫСТАРЫ.

Әдебиетке әрбір суреткер өзіне тән тағдырымен келеді. Мектептік, өмірлік білімінің әсері де әдеби дәстүрлердің үлгі- өнегесі де, өмірді танып білуінің шамашарқы да ақынның творчестволық ерекшелігіне ықпал етпей қоймайды. Тұрмағамбет Ізтілеуов әдебиет әлеміне бірталай өмір тәжірибесінен өтіп, көп нәрсені өзінше екшеп, пайымдап, түсініп, әдебиет өзінің өмірлік өнері екіндігін сезініп келген кісі.

Р. Бердібаев Тұрмағамбет Ізтілеуов туралы: «Шығыс тілдеріне жетік, білгір, шабыты шамырқанған дүлдүл ақын. Ол кібіртік қағып, шоқырақтауды білмеді» - дейді [3; 65] . Бұл да таланттың айырмасын көрсету үшін айтылған мысал.

Тұрмағамбет Ізтілеуовтің әдебиетке келу жолдары сан салалы, оның ішінде халқымыздың ауыз әдебедиеті үлкен орын алып, ақынның көптеген туындыларына шырай берумен қатар, болашақ тағдарын айқындауға жол салып берді. Яғни, Тұрмағамбет Ізтілеуов тілді, ойды, әдебиетті басқа әдебиет тілдері сияқты ол да халқынан оқыды, халқынан үйренді, эстетикалық ләззат алып, оны өзіне ұнаған, көңіліне ұялаған ой таразысына салып, «шапан жауып» өз халқына қайтарды.

Тұрмағамбет Ізтілеуов (1882-1939) Қызылорда облысы Қармақшы ауданының, қазіргі Тұрмағамбет Ізтілеуов атындағы ауылда дүниеге келген. Қазақтың қисса әдебиетіне жол салған, жазба әдебиетімізге Шығыспен үндес жаңалық енгізген Тұрмағамбет Ізтілеуов Орта Азияның ең маңдай алды оқу орны Бұқарадағы «Мир ғараб» (XVI ғасырда салынған) медресесін оқып, одан соң «Көкелташ» медресесін тамандайды.

Тұрмағамбет Ізтілеуовтің алғашқы өлеңдері осы «Көкелташ» қабырғасында жүргенде жазылады. Өйткені, онда әдебиет үйірмесі жұмыс істеп, тәжік халқының ғұлама ойшылы Садриддин Айни (1879-1955) сияқы Орта Азияның түпкір- түпкірінен жиылған дарынды жігіттер әдеби орта жасаған еді. Сонымен бірге ол араб, парсы, шағатай, түрік тілдерін меңгеріп, шығыстың таңдаулы мұраларымен сусындады.

Тұрмағамбет Ізтілеуов мұрасының жалпы көлемі 200 мың жолдан асады, оның басым көпшілігі әлі баспа бетін көрмей, халық ауызында ғана айтылып келеді. Бар жоғы 57 жыл өмір сүрген ақынның шығармашылығы өз уақытынан әлде қайда тереңнен саға тартып, сонау ғасырлардың қойнауынан сөз сақтап келеді.

Тұрмағамбет Ізтілеуов шығармашылығы өзге ақын- жазушылардан әлдеқайда бөлек стильде туып, ақынның келбеті өзгеше көрінеді. Әйгілі «Көкелташ», «Мир ғараб» сияқты сол кездегі үздік оқу орнын бітірген Тұрмағамбет Ізтілеуовтің ұстаған бағыты да, алға қойған мақсаты да шығыстық философия мен далалық ойшылдықтың тоқайласқан түрі еді.

Соның дәлелі Тұрмағамбет Ізтілеуов аталмыш оқу орындарын тамамдаған соң діни ізге түсуден гөрі тіл, әдебиет салаларын өркендетуге үлес қосады. Одан дәріс алғандар да қабілеттерін ұштай түседі. Әбдікәрім Оңалбаев, Мұзарап Жүсіпов, Әбзәли Егізбаев сияқты ақындар Сыр сүлейлерінің ірі тұлғалары атанса, олардың өсіп жетілуіне Тұрмағамбет Ізтілеуовтің еңбегі ұшаң- теңіз.

Тұрмағамбет Ізтілеуовтің ақындық стилі халыққа бірден сіңіп қана қоймай, Сыр бойының шайырлық, ақындық үлкен мектебін қалыптастырды.

Е. Қ. Қарбозов Тұрмағамбет Ізтілеуовтің ақындығы туралы: «Әрбір ақынның өнерлік өмірбаянына, оның ақындық лабороториясына ең алдымен керек нәрсе: тазалық, адамдық, әділдік. Осы үшеуі бар жерде кез- келген ақынның мерейі үстем, шығармасы шынайы болмақ. Тұрмағамбеттің ақындық лабороториясында осы үшеуі ошақтың үш бұтындай бірлік те берік тепкен. Сондықтан ақын шығармаларының шынайылығы өз кеудесін жарып шығып, жүрегінің халық деп соғып тұрғанын көрсетуге дейін барады» - дейді [4; 76] .

Тұрмағамбет Ізтілеуов жырларының халық жадында соншалық сіңіп, жүрегінен орын алуы оның шығыстық сюжеттерді пайдалана отырып, қазақтың өсиет өлеңдерін жаңартып жырлай біліуінде еді.

Ақын шығармашылығында романтизмнен гөрі, реализм басым. Ол ойшылдық, сыншылдық, өсиет сөздерді орынды қолданудың шебері бола білді. Сыр халқы Тұрмағамбет Ізтілеуовті «Сырдан туған Абайдай» деп бағаласа, оның дәлелі де жоқ емес. Айталық қазақтың болмысы мен сана сезіміне сыни көзқараспен қарау Абай Жырларында басым болса, Тұрмғамбет Ізтілеуовта сол кемшіліктен шығу жасы нақыл- өсиет түрінде айтылады [5; 4] .

1916 жыл оқиғасына орай жазылған «Жер жүзін жеті қабат зұлмат басты» дейтін өлеңінде Тұрмағамбет Ізтілеуов баяғы Дулат, Шортанбайларша «адам азды» демейді, керісінше «заман азды», езілген елге бостандық керек дейді

Заң тозды төресі әділ жан жоғынан

Тозды жұрт тойып жейтін нан жоғынан.

Қыран құс қайда ұшарын біле алмай тұр

Алып жер ашыққанда аң жоғынан . . .

Жер жүзін жеті қабат зұлмат басып,

Жол таппай жүдеді жұрт таң жоғынан. [4; 85] .

Арада бірер жылдар өтпей патша тақтан құлап, Қазан төңкерісі болғанда, Тұрмағамбет Ізтілеуов халықпен бірге қуанып, алдағы күндерден зор үміт күтеді.

Октябрь революциясынан кейін совет өкіметі орнап, халыққа бостандық таңы атқанда «Қадамың құтты болсын, Кеңес аға» (1918) деп халық үкіметіне тілектестік жырын жазды. Ал енді халық үкіметі нығайып, еліміз жаңа дүние орнатуға бет түзеген шақта ақын болашаққа шексіз сеніммен «Туғызып қой үстіне боз торғайды» (1920) деген оптимистік өлеңін жазды:

Келіңдер, кең ойлылар, кеңеселік!

Кеңестен кемдік көрген емес едік!

Кеңестің елін аман өткізуге,

Отырған күні-түні кемеші едік!. .

Бәйгені алу үшін ұран салып,

Елімен ескі таптың егеселік!

Туғызып қой үстіне боз торғайды,

Туралық туын ұстап теңеселік! [4; 87]

1. 1 Ақын өлеңдеріндегі ағартушылық идея

Сөз өнерінің негізгі танымы - адам да, эстетикалық мұраты адамзаттың рухани әлемі екендігі айқын. Қай тақырыпты қамтымасын, қандай мақсатты ұстанбасын, әдебиет адам табиғатын ізгілікке ұмтылдырады. «Өнердің кәусар туындысы халық өмірінің терең және мөлдір қайнарынан шымырлап шығады да, сол халықтың өзінің рухани сусынына айналады» [6; 25], - деп академик З. Қабдолов айтқандай, бүгінгі таңда халықтың рухани қазынасына айналып отырған шығармаларды толықтай танып- білу, тереңіне бойлай зерделеу басты парызымыз саналады.

Қазақ тілінің ұшан- теңіз сөз байлығын, өлеңдерінде суреткерлікпен қолдана отырып, сөз құдіретін дәріптеген, ағартушылық мұраттарды шығармаларының негізгі арқауы еткен қаламгердің бірі - Тұрмағамбет Ізтілеуов. Тұрмағамбет Ізтілеуов ғылым- білімді жасынан игеруге ден қоя отырып, шығармаларында оқырманын, шәкірттерін ғылымның сырын ұғынуға шақырады.

Тұрмағамбет Ізтілеуов асқақтата жырлаған ағартушылық, адамдық ізгі қасиеттер турасындағы өлеңдер танылуға тиісті, зерттелінуі қажет мәселелердің біріне саналады. Қаламгер шығармашылығына оның өмір сүрген ортасы мен қоғамдық құбылыстардың әсер етуі заңды.

Зерттеуші Б. Кенжебаев Тұрмағамбет Ізтілеуов өмір сүрген кезең туралы «XIX ғасырдың ақырынан, әсіресе XX ғасырдың басынан қазақ арасында оқу- ағарту жұмысы күшейеді», - деп тұжырымдайды [7; 3] . Заман өзгерісі, жаңаша даму үрдісі қоғамдық ой- санаға әсер етті. Ақындар білімге, өнерге шарықтап, жаңаша ұмтылуға үндеді. Мұның нәтижесінде қазақ әдебиетінде ағартушылық бағыт қалыптасты.

Ағартушылық әдеби бағыт өкілдерін әдетте ғалымдар діни- ағартушылар, демократ- ағартушылар, және ұлт- азатшыл бағыттағы ақын жазушылар деп үш топқа жіктейтіні белгілі [2; 7] .

XX ғасыр басындағы қазақ арасындағы оқу- ағарту жұмысы екі түрлі болады: оның бірі- мұсылманша оқу, екіншісі - орысша оқу еді. Біз қарастырып отырған Тұрмағамбет Ізтілеуовтің өлеңдері, нақылдары мен рубайларының көпшілігі діни- ағартушылық бағытта жазылса, өмірінің соңғы кезеңінің жырларында демократтық көзқарастар үстем болып, Ленинге, Қазан төңкерісіне бағытталған арнаулары дүниеге келеді («Ленин- күн», «Құтты болсын октябрьдің он жылы») .

Діни өлеңдер жазып, мектептерде қазақ балаларын жаппай сауаттандыру ісіне белсене араласқан ақын кейінірек демократ- ағартушы қаламгер секілді мемлекеттік қызметтерге де араласады. Демек, Тұрмағамбет Ізтілеуов - екі бағытты да қамтитын туындыларды дүниеге әкелген ақын.

Бұл мәселе жөнінде біз профессор Т. Кәкішевтің пікірін толықтай қостаймыз. Зерттеуші демократшыл- ағартушылық бағыт пен діни- ағартушылық бағытты біріктіріп, ағартушы- азатшыл бағыт деп атауды ұсынады [8; 44] . Тұрмағамбет ақын ағартушылықтың діни де, демократтық та бағытын жырларына тірек етеді әрі азатшылдық тақырыбында да қалам тербеген.

Ағартушы ақындардың бірінен саналатын Тұрмағамбет Ізтілеуов қазақ халқының іргелі елдердің қатарына қосылуы үшін білімге ұмтылудың көп пайдасы тиерін түсініп, өлеңдерінде халыққа ұғынықты етіп жеткізе алды. XX ғасыр басындағы ақын- жазушылар қатарында ағартушылық идеяны дамытқан Тұрмағамбет Ізтілеуов шығармашылығында білім- ғылымды насихаттайтын өлеңдер көптеп кездеседі. Мәселен, «Ақыл - тон аңдағанға тозбайтұғын», «Шәкірттерге», «Ұлдарым», «Ұстаз ұсынысы», «Балаларым», «Абайды оқығанда», т. б сөз өнерінің өміршендігін өнеге ететін өлеңдер де ақын мұрасының қомақты бөлігін қамтиды. «Назым», «Сөз берсем», «Жөндеймін деп бұзасыңдар», «Әр елдің бар бұлбұлы», «Шөлмек», «Жоқ, - деме, - маза өлеңде», «Жырыңды жаз жөрмелеп» сынды жырлары сөзіміздің дәлелі болары анық.

Тұрмағамбет Ізтілеуовтің білім- ғылым тақырыбына арналған өлеңінің бірі- «Арқаның аруы не қозбайтұғын?» деп аталады.

Ақыл тон, аңдағанда тозбайтұғын,

Ғылым - кен, күнде өніп қозбайтұғын.

Иелік екеуіне еткендердің

Жаны жоқ жер жүзінде озбайтұғын [7; 29]

Автор оқу- білімнің ізденіс, еңбек нәтижесінде табылатындығын айтып, жаңалыққа ілеспеген жалқау, надандарды аз ғана сөзбен сынайды, оларды «көшке ермей, бозтақырда боздаған ботаға» теңейді. Бұл жерде ақын «Ақыл тозбайтын тон, ғылым сарқырамайтын кен» мақалын шебер инверсиялау арқылы өсиет сарынды дидактиканы өнеге етеді.

Қазақ әдебиетінде ағартушылық идеясын ту етіп көтерген Абайдан соң өлең өлкесіне аяқ басқан ақындардың барлығы дерлік оның поэзиясынан сусындап, кестелі сөз өрнегін, айшықты жыр дестесін үлгі тұтқаны белгілі. Сол себепті де XX ғасыр басындағы кез- келген ақынның шығармашылығы Абай поэзиясымен өзектес болып келеді.

Тұрмағамбет Ізтілеуовтің өлеңдері тек оқу- ағарту тақырыбы тұрғысынан ғана емес, сөз өнерін көкке көтеру, діни сипатты жырлау, қазақтың мінез- құлқын ашып көрсету тарапынан да ұлы ақын шығармашылығымен ұштасып жатады. «Тіл өнері дертпен тең» деп Абай айтқандай, Тұрмағамбет Ізтілеуов те сөз өнерін киелі санап, жоғары бағалаған.

Ақындық өнердің бастауы деп танып, сөз қадірін түйсінуге шақырған. Абайды ұстаз санап, ұлы ақын секілді халқына өлеңмен қызмет етуді, соңына асыл сөз қалдыруды мақсат тұтқан Тұрмағамбет Ізтілеуов Абай жинағы жарық көргеннен бір жыл кейін, яғни 1910 жылы «Абайды оқығанда» атты өлеңін жазып, ақын поэзиясының өлмейтіндігін сөз етеді. Сөз өнерінің қадірі мен сынын арттыра жырлауда Абай мен Тұрмағамбет Ізтілеуовтің түйісер тұсы төмендегіше көрініс табады:

Артында атақты ердің қалса сөзі,

«Өлді» деп өкінбеймін анық өзі.

Абайдың өлеңінің мәңгі өлмес мұра екендігін айтарда әрдайым оның:

Өлді деуге болама ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, -

деген жыр жолдарын өзіне қолдансақ, осы тектес Т. Ізтілеуовтің де жоғары екі тармағында өрілген ой қайталаушылыққа негізделіп қана қоймай, ақындар дүниетанымы ұқсастығының айқын көрінісі бола алады. «Абайды оқығанда» деп айдан тағылған жыр діни толғаныстардан тұрады.

Ауызша дамыған сөз өнері мен ежелгі түркі жазба ескерткіштерінен бастау алған, жырлаулық поэзияда кемелдене толысқан, Абай жырларында жоғары деңгейге жеткен дидактика, оны жырлау үрдісі Тұрмағамбет Ізтілеуов шығармашылығының бір көрінісі болып табылады.

1. 2 Т. Ізтілеуов өлеңдеріндегі адами болмыс

Діни- ағартушылық бағыттағы ақындар шығармашылығы турасында жазылған І. Қалижанұлының, Ж. Тілеповтың, Б. Әбдіғазиұлының, М. Қаржауовтың еңбектері бұл тақырыптың әдебиеттану ғылымы аясында біршама зерттелгендігін, әлі де көкейкестілігін жоймағандығын танытады. Тұрмағамбет ақынның «Адам» атты өлеңі адамның қалыпты надандыққа қарсы қоя отырып, оның бар болмысын ашып көрсетеді.

Қимаймын «адам» - «даным» надандарға,

Надан көп осы жүрген адамдарда

Данаға «далдық» әрпін жібермеңдер

Ғылымға ойдың көзін қадаңдар да [7; 41]

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ТҰРМАҒАМБЕТ ІЗТІЛЕУОВТІҢ ӨЛЕҢМЕН ӨРІЛГЕН ПОЭЗИЯСЫ
ХІХ ғасырдағы жазба айтыстүрлері
ХХ ғасыр басындағы мысал жанры және Молда Мұса
Жиенбай жырау шығармашылығы
Тұрмағамбет – Сыр өңіріндегі қазақтың жазба әдебиетін қалыптастырушы
ҚАЗАҚТЫҢ АЙТЫС ӨНЕРІ
Қазақ әдебиетіндегі мысал жанрының маңыздылығы мен оның зерттелу жолы
Азия мен Қазақстан халықтары әдебиеттерінің өзара жақындастығы
Қазақ жеріндегі жыр айту мектептері
Ежелгі түркі тілді ру-ұлыстарымен бірге жасаған көркем сөз өнерін түсіндіру
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz