ХХ ғасырдың ұлы жаршысы - Әлихан Бөкейханов


Пән: Тарихи тұлғалар
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 55 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

Қазақстан және шет елдер тарихы кафедрасы

БІТІРУ ЖҰМЫСЫ

Тақырыбы : ХХ ҒАСЫРДЫҢ ҰЛЫ ЖАРШЫСЫ - Ә. БӨКЕЙХАНОВ

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ 3

1 АЛТЫ АЛАШТЫҢ АРЫСЫ - ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВ

1. 1 Әлихан Бөкейханов - өскен орта. 10

1. 2 Саяси-көзқарастарының қалыптасу кезеңдері . . . 15

2 КӨРНЕКТІ ҚОҒАМ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРІ -

ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВ

2. 1 Ә. Бөкейханов Уақытша үкіметтің Торғай облыстық комиссары………23

2. 2 Уақытша үкіметтің жер саясаты және Әлихан Бөкейханов. 33

2. 3 Алаш мұрасы және осы заман. 42

ҚОРЫТЫНДЫ49

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ53

КІРІСПЕ

Бітіру жұмысының өзектілігі. ХХ ғасырдың бас кезі қазақ қоғамы үшін түрлі ағымдардың өзара қақтығыс, күрес кезеңі болды. Бір жағынан, ескі, күні өткен феодалдық қатынастар өзінің барлық даму қуаты мен өткен қуатын тауысып, қоғамдық өніп-өсуде кедергіге айналса, екінші жағынан, оларды ауыстыра аларлық жаңа қоғамдық қатынастар тым әлсіз, балаң күйде еді. Елдегі мұндай ауыр жағдайды ресейлік империализмнің пәрменді отарлау және орыстандыру саясаты тереңдете түсті.

Міне, осындай жағдайда қоғамдық күреске қазақ қоғамы үшін мүлдем жаңа саяси-әлеуметтік күш - ұлттық интеллигенция араласа бастайды. Негізінен метрополия оқу орындарында білім алып, отаршыл мемлекеттік басқару аппаратындағы қызметке және қазақ арасына орыс мәдениетін егіп, тарату үшін даярланған зиялылары мұның бәрін жиып қойып, ұлттық тәуелсіздік пен ұлттық мәдениеттің өсіп-өркендеуіне, ұлт өмірін қайта құру мақсатына қызмет ете бастайды. Соның нәтижесінде қазақ қоғамында мүлде жаңа сападағы жағдай қалыптасып, феодалдық тоқырау мен отарлық тәуелділікке қарсы күрес оның негізгі белгілеріне айналады.

Барлық көрінісі жағынан қазақ қоғамы үшін нағыз өтпелі кезең болған сол уақытта тарих сахнасына көтеріліп, бас-аяғы жиырма жылға созылған қысқа мерзім ішінде өшпес із қалдырған бұл ұлт зиялылары қоғамдық-саяси болмысы тұрғысынан алғанда кімдер еді? Олар еліміздің тарихында қандай орын алмақ? Міне, бұл сауалдар тарихтану ғылымында өз жауабын тапты деп айта алмаймыз. Анығырақ айтқанда, қазақ зиялыларының жүріп өткен тарихи жолы әсіресе 1917 жылғы Қазан революциясына дейінгі қоғамдық-саяси қызметі халқымыздың күрделі тарихының әлі жазылмаған ақтаңдақтарының қатарына жатады.

Бұл тақырыпты байыпты, жан-жақты және терең зерттеу қажеттілігі, ең алдымен бүгінгі қоғамдық өмір сұранысынан, соған сай таным құралы ретінде тарих ғылымының табиғи болмысынан туындайды. Кез келген өркениетті елде тарих ғылымы сол елдің, халықтың жүріп өткен жолын, әсіресе күрделі тарихи өтпелі кезеңдер мен сол кезеңдерде өзінің қоғамдық қызметімен тарихта терең із қалдырған түрлі қоғамдық күштердің, жеке тарихи қайраткерлердің өмір жолын зерттеу арқылы өзінің гуманистік міндетін орындап отырған және сол арқылы прогреске қызмет еткен.

Сонымен бірге, тарих ғылымында соңғы уақытқа дейін қазақ қоғамында Қазан революциясы қарсаңында оны феодалдық мешеулік пен отарлық тәуелділіктен алып шыға алатындай саяси-әлеуметтік күш болған жоқ деген тұжырым етек алып келді және ол аксиомалық ақиқат есебінде қабылдануға тиіс болды. Бүгін біз осының дұрыс-бұрыстығын анықтауға міндеттіміз.

Өз халқының мұңын жоқтаған, сол жолда бар білімін, күш-қайратын жұмсаған осы зиялы қауым мен олардың ізбасарлары өз жеке басының емес, халқы үшін заман тауқыметін тартқан қайраткерлер ретінде тарихымыздан мәңгілік орын алды. Шынында да өз заманының талабын терең түсінген олар ағартушылық қызметпен шектеліп қоймай, азаттық күресі жолында парламенттік әдісті де жетік меңгеріп, қазақ мемлекеттігін қалпына келтірудің демократиялық жолын іздестірді. Олардың өмірі мен қызметі халқымыздың тарихында өшпес із қалдырғаны аян.

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарындағы аса ерекше тұлға - Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан. Оның есімі ұзақ жылдар бойы сирек аталып, «буржуазиялық ұлтшылдықтың» синонимі ретінде қаралып келсе, кейінгі ұрпаққа қалдырған орасан мол аманат-мұрасы бір кісінің ғұмырындай уақыт шаң басып жатты. Көрнекті қоғам қайраткері - Ресейдің жергілікті және қалалық қоғам қайраткерлері съезінің депутаты, Ресейдің І Мемлекеттік думасының және мұсылман халықтары съезінің депутаты, ІҮ Мемлекеттік думасының мұсылман фракциясының Бюро мүшесі, Санкт-Петербор масоны, қазақтың XX ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысының негізін салушы әрі көсемі, халқымыздың тұңғыш саяси Алаш партиясының ұйымдастырушысы және ұлттық Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы; ғұлама ғалым - ормантанушы, экономист, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы әрі дарынды публицист - міне, ардақты азаматымыздың халқы үшін соңғы демі біткенше атқарып өткен сан-қилы қызметінің негізгі көріністері осындай еді.

Сол тар жол, тайғақ кешулерден арып-шаршаса да, қажып-қансыраса да, әрқашан қадір-қасиетін жоғалтпай, ар-намыс, абыройларын төкпей, ұрпағының сан ғасырлық тарихын сақтап, болашаққа деген сенімділікпен қадам басқан тарихи тұлғалар аз болған жоқ.

Шын мәнінде, олар ғұмыр кешкен ХХ ғасырдың басы алып адамдарды қажет еткен әрі осыған орай өздерінің ойлау, болжау қасиеттері айрықша, энциклопедиалық білім, талғам-танымдары жан-жақты алыптарды дүниеге келтірген дүбірлі заман еді.

Бірақ көп жылдар бойы Кеңес өкіметі жүргізген озбырлық пен қырып-жоюға, тарихты өрескел бұрмалауға негізделген саясаттың тікелей салдарынан халқымыздың сана-сезімі өлшеусіз де орны толмас жұтаңдыққа ұшырап, оның интеллектуалды ауқымының қарыштап дамуына үлкен нұқсан келді. Соның тікелей кесірінен Қазан төңкерісіне дейінгі жалпы адамзат өркениетінің төрінен орын алған ірі тұлғаларымызға «байшыл», «кертартпа», «діншілдер» деп ойдан шығарылған, жалған айдарлар тағылды. Олардың бай мұраларын зерттеуге цензура арқылы тыйым салынды. Партиялық талап, марксистік-лениндік идеология қазақ халқының дарынды дара перзенттерінің бостандық пен ұлт тәуелсіздігі үшін аянбай тер төккен, қабырғалары қайысқан ерекше еңбектерін большевиктік көзқараспен біржақты бағалап, оларды мемлекетке «қажетсіз» санап, жетпіс жылдан астам мерзімге жоққа шығарды.

Міне, сондықтан да біз қалам тартқан зерттеу еңбек ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ ұлт-азаттық қозғалысының қайғылы қасіретке ұшыраған тұлғаларының бірі Әлихан Бөкейхановтың өмірі мен қызметіне, сол арқылы Алашорда төңірегіне топтасқан қазақ зиялыларының қоғамдық қызметіне арналады.

Бітіру жұмысының мақсаты мен міндеттері. Нысанаға алынып отырған ХХ ғасырдың басындағы азаттық пен тәуелсіздіктің күрес жолына, ағартушылыққа шақырған ірі қоғам қайраткерлерінің ел арасынан өздерінің табиғи дарынымен, асқан білімділік деңгейімен, рухани парасатымен суырылып шыққан алаш азаматы Әлихан Бөкейхановтың ұлт болашағы үшін жан аямай тер төгіп, бостандық пен бақытты өмір жаршысының тұңғыш қарлығашы бола білген ұлы қайраткердің өмір сүрген кезеңдерін тарихи фактілер арқылы талдап, өзіндік баға беру. Алдымызға қойылған мақсаттарды іске асыру үшін мынандай міндеттер қойдық:

- Алты Алаштың арысы атанған Әлихан Бөкейхановтың өскен ортасын негізгі құжаттар арқылы баяндау;

- Әлихан Бөкейхановтың саяси - көзқарастарының қалыптасу кезеңдерін ХХ ғасыр басындағы басқа ұлт зиялыларының көзқарастарымен байланыстыра зерделеу;

- Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері дәрежесіндегі тұлғасын тарихи зерттеулер арқылы ашып көрсету;

- Әлихан Бөкейхановтың қазақ қоғамын құрудағы және ұлттық мүддені ойластыру мен шешудегі жетекші ролін бүгінгі күн тұрғысынан анықтау;

- ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан, ұлт-азаттық қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейхановты бүгінгі ХХІ ғасыр ұрпағына тың деректер тұрғысынан әділ бағасын беру.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Ұлт зиялыларының тарихы кеңестік және жаңа кезеңдегі Қазақстан тарихында заман шындығымен байланыстыра зерттелініп отыр. ХХ ғасырдың 1920-1930 жылдары кеңестік дәуір өктемдігі салқынын тигізген бірқатар ғылыми еңбектер жазылынып, оларда бүгінгі күнге дейін толғантқан мәселелер, атап айтқанда, ұлт зиялыларының пайда болуы мен қалыптасу жағдайлары қарастырылды.

Қазақ демократиялық интеллигенциясының XX ғасырдың бас кезіндегі қоғамдық-саяси қызметін зерттеудегі шын мәніндегі жаңа кезең 80-жылдардың соңына қарай басталды. Оған жол ашып берген сол кездегі бүкіл Кеңестер Одағын қамтыған қайта құру процесі, соған байланысты тоталитарлық жүйенің құрбаны болған қазақ мәдениеті мен ғылымының көрнекті қайраткерлерінің шығармашылық мұрасын қайта қарау қолға алынды.

Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» (1992), «Ғасырлар тоғысында» (1996), «Тарих толқынында» (1999) сияқты еңбектері тарихи жолымызды зерделеуге, өткен заманғы тарихи тұлғалардың қызметін дұрыс бағалауға үйретеді.

Д. А Аманжолованың «Казахский автономизм и Россия» жарық көрген еңбегінде Бөкейханов көзқарасының Щербина экспедициясына қатысқаннан кейін үлкен өзгеріске ұшырағандығы және Бөкейханов сияқты қазақ зиялыларының көзқарасының мүлдем жаңа сапаға көтерілуіне тұңғыш орыс революциясының ерекше ықпал еткендігі баяндалады [46, 81 б. ] .

Әлихан Бөкейхановтың қайраткер ретінде қалыптасуының екі рухани негіздерін бөліп айтқан жөн. Біріншіден, Әлихан еркіндік пен теңдікті жоғары бағалаған ортада өссе, екіншіден XX ғасырдың басында озық ойлы Европа мәдениеті мен дәстүрінің ықпалы болды. Бастапқы саяси күрес кезеңінде самодержавиялық билікті ұтымды сынға алып, оған қарсы аппозицияда болған конституциялық-демократиялық партияның Қазақстанда бөлімін ашуға ынта білдіргендердің қатарында Әлихан Бөкейханов та болды. Бөкейхановтың Алаш партиясының қоғамдық-саяси қайраткер ретінде көрсететін еңбектердің бірі- К. Нурпейісовтың «Алаш һәм алашорда» еңбегінде Әлихан Бөкейхановтың жетекшілігімен 1917 жылғы 1 шілдеде I-жалпы қазақ съезі өтіп, онда Алаш партиясы құрылып, Ә. Бөкейхановтың бастауымен 1917 жылдың күзі мен қысында мемлекеттік бостандыққа жетудің түрлі жолдары қарастырылады. Сонымен қатар бұл еңбекте Әлихан Бөкейхановтың Алашорда өкіметі мен Кеңес өкіметі арасындағы қарым-қатынас суреттеліп, Алашордалықтардың ақ казактар және патша генералдарымен бірге Кеңес билігіне қарсы болғандығы баяндалған [10, 62 б. ] .

Мамбет Қойгелдиевтің «Алаш қозғалысы» атты еңбегінде большевиктер партиясы ұсынған бағдарламаның қазақ қоғамын үлкен апатқа ұрындыратын эксперимент жасалғаны баяндалып, қазақ коммунистерінің орталық биліктің қолшоқпары ретінде айыпталғаны көрсетілген және Әлихан Бөкейхановтың I Мемлекеттік Думаға Семей облысы қазақтары атынан депутат болып сайлануына жазылған [11, 57 б. ] .

Әлихан Бөкейхановтың Қазақстандағы отаршылдыққа көшпек болған қазақ шаруаларына тиесілі жер көлемін анықтау мақсатында КСРО Ғылым Академиясы жанынан құрылған экспедицияны (төрағасы профессор С. П Швецов) ұйымдастыру идеясының авторы болуымен қатар өзі де соның құрамына еніп зерттеу жұмысына ат салысқандығы жайлы Әлихан Бөкейхановтың «Шығармалар» атты еңбегінде баяндалған [3, 87 б. ] .

Қазақ жерінде патшалық империя мен орыстық зорлыққа қарсы шын мәніндегі мақсатты, ұлттық әлеуметтік күштерін қамтыған саяси қозғалыс 1917 жылы ақпан төңкерісінен кейінгі кезеңде басталды. Осы жылдың ортасында Алаш партиясының, ал соңына қарай Түркістан автономиясының (Қоқанда), ал оның артынан Алашорда өкіметінің (Орынборда) құрылуы бұл қозғалыстың нақты нәтижелері болғанын көрсетті.

XX ғасырдың басына қарай өз халқын оятуда қазақ интеллигенциясының шоқ жұлдызының буыны қалыптасты. Олар өз халқын отаршылдық бұғынынан азат, өркениетті, дербес және тәуелсіз жағдайда көруді армандады.

Зерттеу объектісі. XIXғасырдың 90-жылдарының орта тұсынан басталып, шамамен Алихан Бөкейханов репрессияға ұшыраған 1937 жылға дейінгі аралықты қамтиды.

Зерттеудің әдістемесі. Бітіру жұмысын жазу барысында тарихи танымдағы қазіргі таңдағы әдістер қолданылды: тарихи-типологиялық, тарихи-жүйелілік, және салыстырмалы, сонымен қатар оқиғаларға синхронды анализ жасау мен деректерден алынған мәліметтерді фактілермен салыстыру әдістері қолданылған.

Бітіру жұмысының хронологиялық ауқымы. Алаш интеллигенциясының шығармашылық қызметпен айналысқан өкілдері мен кеңестік шығармашылық интеллигенциясының жаңа ұрпағының тағдырына байланысты айқындалады. Алаш интеллигенциясының бірегей өкілі- Әлихан Бөкейханов тың еңбектері арқылы ғасыр басындағы қазақ қоғамдық ойының даму деңгейі мен бағыттарынан хабардар болумен бірге, сол ойдың дамуына Бөкейхановтың қосқан үлесі зерттеледі.

Бітіру жұмысының жаңашылдығы. Бітіру жұмысына XX ғасырдың екінші ширегіндегі қазақ ұлт-азаттық қозғалысының басшысы, Алаш партиясының негізін қалаушы Әлихан Бөкейхановтың «Қазақ» газеті және басқа басылымдарда жарық көрген еңбектері сондай-ақ ұлы күрескерге кезінде замандастары тарапынан берген бағалы ойлары зерттелініп, талдау жасалынды.

Бітіру жұмысының теориялық және практикалық маңызы. Зерттеудің нәтижесі бүгінгі күндерге дейін жалғасып келе жатқан Әлихан Бөкейхановтың қызметі мен шығармашылық мұрасы әртүрлі пікірталаста еленуге тиісті. Бітіру жұмысында келтірілген деректер кешені және ғылыми тұжырымдар Ә. Бөкейхановтың мұрасының тарихын одан әрі зерттеуде кеңінен қолдануға жарайды.

Бітіру жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 АЛТЫ АЛАШТЫҢ АРЫСЫ - ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВ

1. 1 Әлихан Бөкейханов - өскен орта.

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарындағы аса ерекше тұлға - Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан. Оның есімі ұзақ жылдар бойы сирек аталып, «буржуазиялық ұлтшылдықтың» синонимі ретінде қаралып келсе, кейінгі ұрпаққа қалдырған орасан мол аманат-мұрасы бір кісінің ғұмырындай уақыт шаң басып жатты. Көрнекті қоғам қайраткері - Ресейдің жергілікті және қалалық қоғам қайраткерлері съезінің депутаты, Ресейдің І Мемлекеттік думасының және мұсылман халықтары съезінің депутаты, ІҮ Мемлекеттік думасының мұсылман фракциясының Бюро мүшесі, Санкт-Петербор масоны, қазақтың XX ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысының негізін салушы әрі көсемі, халқымыздың тұңғыш саяси Алаш партиясының ұйымдастырушысы және ұлттық Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы; ғұлама ғалым - ормантанушы, экономист, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы әрі дарынды публицист - міне, ардақты азаматымыздың халқы үшін соңғы демі біткенше атқарып өткен сан-қилы қызметінің бұл болар болмас көрінісі ғана.

Ә. Н. Бөкейханов 1870 жылы кешегі Семей облысы, Қарқаралы үйезі, Тоқырауын болысы, Тоқырауын өзені бойындағы нөмірі 7-нші ауылда дүниеге келген. Бұл қазіргі Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданына қараған Қаратал совхозының жері (совхозға 1992 жылы Ақтоғай аудандық кеңесінің шешімімен Ә. Н. Бөкейхан есімі берілді. Әлекеңнің есімі жергілікті орта мектепке де беріліп отыр) .

Әлихан ата-тегі Шыңғыс ханнан бері келе жатқан төре тұқымынан, Бөкейханнан тарайды. Көкжал Барақханның баласы Бөкейхан қазақтың таққа отырған соңғы хандарының бірі.

Бөкейханның бес әйелінен он бір ұл болған. Он бір ұлдың бірі - Әлиханның арғы бабасы Батыр. Батырдан Рүстем, Әшімтай, Мырзатай туады. Мырзатайдан Нұрмұхамед туады (Әлиханның әкесі, елдегі аты Мұқан), Қоске, Шолақ, Әптіхан; Нұрмұхамедтен Әлихан, Смахан, Базылхан, Әзіхан, Тәтіхан деген бес ұл мен Нұрбек атты бір қыз туады. Әлихан тұңғышы.

Жасынан зерек, алғыр өскен Әлиханды әкесі 1879 жылы Қарқаралыға алып барып, жергілікті молданың қолына оқуға береді. Әзіханұлы Райымжан ақсақалдың айтуынша, көзі ашық, көкірегі ояу Әлихан молданың оқуын қанағат тұтпай, қаладағы үш кластық бастауыш мектепке өз еркімен ауысып кетеді. Бұл әрекетін бір келгенінде естіп білген Нұрмұхамед қарсылық білдірмейді, ақ батасын береді. Бастауыш мектепті бітіргеннен кейін ол Қарқаралы қаласының үш жылдық училищесіне түседі. Училищені ойдағыдай бітіргеннен кейін Қарқаралы үйезі бастығы оған «Бұл куәліктің иесі Қарқаралы үйезі Тоқырауын болысы сұлтанының баласы, мұсылман, он алты жастағы Нұрмұхамедұлы Әлихан, Қарқаралы қаласының қазақ балаларына арналған мектепте 1879 жылдың 16 қыркүйегінен 1886 жылдың 16 маусымына дейін тәрбиеленіп, оқу барысында үлгілі тәртіп танытты . . . Қарқаралы қаласының үш жылдық училищесінде 1886 жылдың маусымында болған соңғы сынақтан (емтиханнан) өткеннен соң, қалалық училище курсының сабақтарын «өте жақсы» деген бағамен бітірді делінген аттестат алды . . . Қазақ мектебінде оқып жүріп ол, Нұрмұхамедұлы, етікші мамандығын меңгеріп алды және бұл кәсіппен өз бетінше шұғылдануына ерікті» - делінген куәлік береді. Бұл куәлік 16 жастағы Әлиханға Омбыға жүрер алдында берілсе керек. 1886 жылы ол Омбыға келіп, жергілікті 4 жылдық техникалық училищеге «пансионер» болып қабылданды.

Омбының техникалық училищесі (ОТУ) 1882 жылы Ресей императорының жарлығымен ашылған. Училище жаңа салына бастаған Сібір темір жолы торабына арнап төменгі техникалық мамандар даярлауға тиіс болатын. Училищеге қабылдау талабы айтарлықтай қатаң болған. Біраз балалар училищенің емтихандарынан өте алмай қайтып кетіп жатқан. 10 жыл ішінде мамандық алып шыққан 70 түлектің (кейінгі жылдары училище құлдырап кеткен) 14% дворян балалары, 3% - дін басылары, 59% - қала тұрғындары және 24% шаруа балалары екен. Ал училищенің мақсаты мен білім дәрежесін ОТУ-дың көп жылғы директоры - Н. Е. Доброховтың 1886 жылы тұңғыш түлектері алдында сөйлеген сөзінен аңғаруға болады: «Қымбатты менің достарым . . . Қызметтеріңіздің алғашқы кезеңдеріңде сіздерге қара жұмыспен айналысуға тура келеді. Бірақ сіздер оған қобалжымаңыздар, өйткені солай болуға тиіс. Дегенменде, сіздер қоғам үшін жаңа адамдарсыздар, сондықтан да, қарапайым жұмысшыға қарағанда, сіздердің білімдеріңіз әлдеқайда жоғары екенін сіздер өз ерен еңбектеріңізбен дәлелдеулеріңіз қажет. Сіздердің ол артықшылықтарыңыз белгілі уақыттан кейін айқын көрінеді. Менің сіздерге берер ақылым - бел буып еңбек етіңіздер» [2, 87 б. ] .

ОТУ-дың төртжылдық курсында дәстүрлі сабақтармен қатар, теориялық механика, көтергіш мәшинелер мен сорғыштар сияқты күрделі пәндерді қамтитын. Ағаш өңдейтін, темір құрал-сайман жөндейтін шеберхана мен физика-химия кабинеттерінде күнбе-күн сабақтар өткізілетін. Ал 3 кластан 4 класқа өтетін жылы қушылар зауыттарға, диірмен және теміржол шеберханаларына тәжірибелік жұмыстарға жіберілетін еді.

Мәне, Әлиханның Омбы техникалық училищесіндегі оқуы осындай жағдайда өтіп жатты. Жазғы демалыс күндерін ол елінде өткізетін. Ал оқу бітіретін мезгіл жақындағанда, ОТУ директорына өзінің оқуын жалғастырғысы келетіндігін, Санкт-Петербордың императорлық Орман институтына түспек ойы бар екендігін білдіреді. Директор өз тарапынан Қарқаралы уезінің бастығына «оның (Әлиханның) өте жақсы оқып, үлгілі тәртіп көрсетуіне байланысты . . . оның жоғарғы оқу орнына баруы өте қажет, сол себепті оған оқуға бару үшін қазақ қауымдастығы стипендиясының берілуі жалғаса берілсін . . . » - деген өтініш хат жолдайды. Тағы бір айта кететін жай: сол, 1890 жылы мамыр айында ол ОТУ директоры Н. Е. Добротовқа өзінің фамилиясы Нұрмұхамедұлы емес, Бөкейхан екендігін білдіреді. Әлихан Бөкейханның кейін лауазым аттары көп болған. Көп зерттеу, мақалаларына «Қыр баласы», «Сын степей», «V», «Киргиз-степняк» (К. Степняк), «Туземец», «Арысұлы», «А. Б. », «Қ. Б», «Ғ. Б. » деп қол қойып отырған [43, 165б. ] .

Райымжан Әзіханұлы Бөкейхан мен экономист Мұхамбетқали Жақсалиевтің айтуына қарағанда, Әлекеңнің Кеңес дәуіріндегі баспа беттерінде жарияланған мақалаларына қол қойып отырған «Қалмақбай» және «Н. Ш. » (орыс тіл. ) деген лақап есімдері болған. Келешекте оның тағы басқа жасырын аттары анықталары анық.

Әлиханның қай жылдан бастап «Бөкейхан» фамилиясын алғандығын дәл айту қиын. Омбының техникалық училещесін «техник» мамандығымен бітірді деген 1890 жылы маусымның 14 күні табыс етілген аттестат: «Сұлтан Әлихан Нұрмұхамедұлы» атына толтырылған. Ондағы оқуды жиырма жастағы Әлихан орыс тілі мен орыс тарихынан, геометрия, алгебра, тригонометрия, физика, механика, ағаш пен металды өңдеу тәсілдері, есептеу мен құрылыс өнері сабақтарынан «үздік»; сызу, сурет салу пәндері мен шеберханалардағы тәжірибе жұмыстарынан «жақсы» деген бағамен бітіреді. «Құдай заңы» сабағынан Әлихан мұсылман болуына байланысты босатылған.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВ - ТӘУЕЛСІЗДІК ЖАРШЫСЫ
Әлихан Бөкейхановтың өмірбаяны
Әлихан Бөкейханов – публицист
ХХ ғасыр басындағы ұлттық интеллигенция
Міржақып Дулатовтың өмірбаяны
ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиет көрінісі
Қазақ газеті - Алаш партиясының жаршысы
Әлихан Бөкейхановтың қоғамдық-саяси қызметі
Ахмет Байтұрсынұлы және Қазақ газеті
Жасасын Алаштың жаужүрек ұлтшыл жастары
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz