С.Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығы (ғылыми баяндама). Міржақып пен Көкбайдың айтысы жайлы


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Реферат
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 14 бет
Таңдаулыға:   

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым минстрлігі

Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті

СӨЖ

Тақырыбы : С. Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығы (ғылыми баяндама) . Міржақып пен Көкбайдың айтысы.

Орындаған: Муратова А. А

Тексерген: Еспенбетов А. С

Семей 2015

Жоспар:

  1. С. Торайғыров өмірі және шығармашылығы
  2. Сұлтанмахмұт - білім жолында
  3. Торайғыровтың қызмет жолы
  4. З. Ахметовтың зерттеуінде - Торайғыров шығармашылығы
  5. Міржақып пен Көкбайдың айтысы

1926 жылы «Сұлтанмахмұт Торайғырұлының сөздерін жинау науқанына ат салысыңыздар!» деген ашық хатында Жүсіпбек Аймауытов: «Ақын елінің тілі ғой, адал туған ұлы ғой, бүлк-бүлк еткен жаны ғой, жанын жеген ары ғой, айта алмай жүрген зары ғой. Жаннан, ардан безбесе, ақынын қандай ел қастерлемесін!» - деп жазған екен.

Сұлтанмахмұт - шын мағынасында осы сөзге татитын ақын. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетін жаңа биікке көтеріп, заманының қайшылықты шындығын шығармаларында жан-жақты бейнелеген, көркем сөздің халықтық мән-мағынасын көтеріп, жаңа жанрларда ізденістер жасаған ол туған халқын отаршылдық пен ұлттық егзінің екі жақты қанауынан азат етуге, ел бостандығына үн қосты.

«Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуға» ұмтылды. Қоғамдық шыңдық пен әділет жолын талмай іздеп, туындыларына арқау еткен ақын көп жабының бірі болып қалмай, от боп жанды, құйрықты жұлдыздай ағып өтті.

Сұлтанмахмұг 1893 жылдын 28 қазанында туған. Шешесі қайтыс болғаннан кейін, болашақ ақын алты жасқа дейін әжесінің тәрбиесінде болады. Содан кейін Шоқпыт екі баласын алып туған жері - Баянауылдағы ата қонысына көшеді. Торайғыр көліне таяу жерден қыстау салады. Сұлтанмахмұттың балалық шағы осы жерде өтеді. «Баян тауы Қозы Көрпештің Баян сұлуы туған тау деседі. Аспанмен тілдескен асқар шың, тік жартас, түпсіз күз, таудың ұшар басынан етегіне дейін сыңсыған сыпсың қарағай, ақ қайың, барғын, мойыл, киядан ойға, ойдан орманға сүңгіп, сыбдырлап, бұраңдаған бура бұлақ, шеккен алыптай асқар Баянның оң қолтығында айнадай жарқыраған Сабындыкөл, сол қолтығында түндей түнерген Шойындыкөл (Жасыбай көлі бұрын солай аталған деседі), жамбасында тас аралды, көк құрақты Торайғыр көлі, жаз болса көкорай шалғын, көк балауса, жасыл жапырақ жеміс, тау іші ың-шың аң, бұта толған жыршы құс. Міне, сол секілді зәулім жаратылыстың бауырында бала Махмұт балдырғандай балалық шағын өткізеді» - деп жазған Жүсіпбек Аймауытов.

Сұлтанмахмұттың аталары - Торайғыр, Шоң деген кісілер қазақ даласына аттары кеңінен таныс, атақты би, батырлар болған. Шоң би есімі Қалмұқан Исабаевтың осы аттас романынан белгілі. Ал Торайғыр - елін сыртқы, ішкі жаудан қорғаған, белгілі батыр әрі би. Баян тауының бауырында Торайғыр есімімен аталған үлкен көл бар. Ақынның өз әкесі Әбубәкір момын, кедей адам болған. Шаруасы күйсіз, үнемі малшы киімінде жүретін оны замандастары Шоқпыт атандырған. Күнкөріс қамымен Шоқпыт сол кездегі Омбы уезінің Шағрай болысына қарасты Қарауыл Шабар ауылында (Кейін Көкшетау облысының Қызылту ауданына қараған) бай жездесі - Шабар баласы Қанапияны паналап, соның малын баққан. Сол жақта үйленген. Жездесі сүйек жаңғыртпақ болып Шаншарұлы Жабайдың Зуфнүн деген қызын әпереді.

Шоқпыт кедей болғанмен, жаны жомарт, кайратты, ескіше сауаты бар адам болған. Ол Сұлтанмахмұтты үйде оқытып, алғашқы сауатын ашады да, ауыл молдасына береді. Болашақ ақын Әлі, Тортай, Мұқан деген молдалардан сабақ салады.

Әкемнен әліп, биді үйде окыдым.
Үйреніп намаз, сабақ, жат тоқыдым.
Әлі молда алдында дәл екі жыл,
Әртүрлі ескі кітапты бір шоқыдым.

Тортайдан екі жылдай сабақ алдым,
Ол байғүс аяған жоқ ойда барын.
Ғылымның орны бас пен көкіректе,
Бүйір шығып, қампия тоймас қарын.

Мұқаннан екінші жыл сабақ алам.
Ұйықтасам да көңілім окуға алаң.
Лепес қып өзі бастап ақын бол деп,
Дұғасын ықыласпен берді маған, -

деп жазған Сұлтанмахмұт алғашкы өлендерінін бірінде.

Сұлтанмахмұт бұл молдалардың ішінен ақындық жолға батасын берген деп, Мұқан молданы ерекше атайды. Мұқан өзі де өлеңге үйір, ескі шығыс сюжеттерін өлең етіп жазатын, біреуді мақтап, біреуді мазақ етіп жанынан шығаратыны бар адам болған. Ол шәкірттерін өлеңге қызықтырып, халық ауыз әдебиетімен, араб, парсы үлгілерімен таныстырып отырған. Жоғарғы өленді де ақын 1907 жылы «Секілді өмір қысқа жарты тұтам» деген атпен Мұқан ықпалымен жазғанға ұқсайды.

1908 жылы Баянауылда Әбдірахман деген молда медресе ашып, Сұлтанмахмұт соған оқуға барады. Онда екі жылдай оқыған болашақ ақын оқуын бітірмей кетіп қалуға мәжбүр болады. Өз үйінде жатып оқыған баланы молда малай орнына жұмсайды, оның үстіне қатал ұстап, әр түрлі сылтаулармен ұрып-соғатын болады. Молданың надандығын, қаталдығын айтып, Сұлтанмахмұт сықақ өлендер шығарады. Молда баланы одан әрі жазалап, өлең жазуына тыйым салады. Жасынан әр түрлі молда алдын көріп, олардан жарытымды білім ала алмаған Сұлтанмахмұттың дін мен молда жайлы көзқарасы осы кезден қалыптаса бастағанға ұқсайды. Ол молдалардың надандығын, ескі діни мектептің балаға ешнәрсе үйрете алмайтын схоластикасы мен қатал тәртібін алғашқы өлеңдерінің өзінде-ақ («Орнымыз медресе оқып жатқан», «Дін», «Соқыр сопы», т. б. ) қатты сынға алады.

1911 жылы Сұлтанмахмұт бір қыс бойы Нұрғали деген мұғалімнен сабақ алады. Ол жаңаша окыған адам екен, оқушыларын пән негіздерімен таныстырып, олардың білімге деген ынтасын ұштайды. Нұрғалидың көмегімен Сұлтанмахмұт қазақ, татар тілдерінде шығатын көркем әдебиет кітаптары мен газет, журналдарды оқуға дағдыланады. Болашақ ақын одан әрі оқуды армандайды.

Осы мақсатпен Сұлтанмахмұт 1912 жылы Троицк қаласына барады. Онда Ахун Рахманқұли деген татардың медресесіне түседі. Бірақ Сұлтанмахмұт мұнда да ұзақ оқи алмайды. Тұрарға үй таппай, әрі қаражаты болмай көп қиыншылық көрген ол өкпе ауруына шалдығады. Медреседе қыс бойы ғана оқып, жазғытұрым Троицк маңындағы бір ауылға бала оқытуға кетеді. Ондағы ойы - бала оқыта жүріп, денсаулығын көтеріп, қаражат жинап алып, қайта оқу іздеу болады. Мектептен бос кезінде ол өзі ізденіп оқиды, өлеңдер жазады.

Күзге қарай Троицкіге қайта оралған Сұлтанмахмұт тағы да оқудың ретін келтіре алмай, сонда шығатын «Айқап» журналына жауапты хатшы болып қызметке кіреді. Қыс бойы журнал редакциясында белсенді жұмыс жасаған ол 1914 жылдың көктемінде жұмыстан шығады. «Айқап» хатшысы Сұлтанмахмұт Торайғыров хатшылықтан шықты. Мұнан былай оның «Айқаппен» ешбір қатынасы болмайды» - делінген хабар журналда жарияланады.

«Айқапта» жемісті қызмет істеп, бірқатар шығармаларын бастырған, ақындыққа бет бұруына жол ашылған шағында, Сұлтанмахмұттың журналдан қызметтен кетуі - оның еркінен тыс болған оқиға. Оны өзі де «Мен өз пікірімді дүниеге шығаруда кісі бетіне қарамадым. Махмұт кайбір адамның көңіліне қарайтын адам? Сондықтан келісе алмадым . . . «Айқапта» тұрған минуттарда бүкіл ғаламға өзім ие болғандай көтерілдім. Ойлап қарағанда, ақымақтық болмаса, көтерілетін не бар еді?» - деп мойындап жазған. [1]

Кейбір мәліметтерге қарағанда, сол кездегі «Айқап» пен «Қазақ» газетінің арасындағы пікір таластары Сұлтанмахмұттың тағдырына әсер еткен сияқты.

«Айқаптың» күзден бергі номерлерінде «Қазақтың», иә «Қазаққа» жазушылардың аты аталмаса, журнал мақсатына жете алмайтындай боп келеді. Бас қосу мәселесіңде де «Қазақ» айыпты, жер мәселесінде де «Қазақ» айыпты, партия ісіне де себепші болып тұрған «Қазақ», «Айқапта» түс көрген өлеңші де «Қазақты» жырлайды, циркке барып балуан көргендердің есінен де «Қазақ» қалмайды, басқармадан біреуге жауап жазылса да, баяғы «Қазақ», қазаққа алалық қайдан келгенін жазғанда да аяғы келіп тағы да «Қазаққа» соғады, үлкен кісілерді де тіршілігінде «Қазақтың» пікірін қуаттағаны үшін сөгеді» - деп жазыпты Міржақып Дулатов «Айқап» пен «Қазақ» арасындағы тартыс туралы. Осы сөздің ұшығы Сұлтанмахмұтқа тиіп жатқаны даусыз. Ондағы «Қазаққа» тиіп жатқан «Кешегі түнгі түс, бүгінгі іс» («Айқап», 1913, №20), «Бір балуанға қарап» (1913, №21) деген өлеңдер Сұлтанмахмұттыкі. Оның үстіне Сұлтанмахмұттың «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» («Айқап», 1913, №19, 20, 22-23), «Жаңа кітап» (Сонда, 1913, №17) атты мақалаларында М. Дулатов кітаптары сыналатынын ескерсек, «Қазақ» газетінің Сұтанмахмұтты тікелей көздегені расқа шығады. Пікірін «дүниеге шығаруда кісі бетіне қарамайтын» ақын «Қазақтағы» ағаларын ренжітіп алғанға ұқсайды. Өз шығармаларына қоса «Айқап» бетінде басылған «Қазақ» газеті және ұстанымы туралы пікірлер де ұйымдастырушы есебінде Сұлтанмахмұттың «кінәсі» саналған. Сондықтан «Қазақ» газетінің басындағылар «Айқаптың» шығарушысы М. Сералинге ықпал етіп, Сұлтанмахмұтты журналдан кетіруі әбден мүмкін. Редакцияның Сұлтанмахмұттың кеткенін хабарлап, енді оның журналмен «ешбір қатынасы болмайды» деп жазуының өзі де «Қазақ» алдындағы ақталу сияқты.

«Айқаптан» кеткеннен кейін, 1914 жылдың жазында Сұлтанмахмұг өз еліне - Баянауылға барады. Аулында біраз уақыт бала оқытып, қаражат жинап алып, үлкен қалалардың біріне оқуға кетуді ойлайды. Ел жастарын оқуға, білім жолына тартатын мәдени-ағарту ұйымын құруға талап жасайды. Өзі «Шоң серіктігі» деп атаған осы ұйымның алдына тұрмысы нашар, кедей оқушыларға көмектесу, оқуына қаражат беру, ел ішіне газет-журналдар алдырып, кітапханалар ашу, оған хат білетін адамдарды тарту, ақын-жазушылардың шығармаларын бастыру міндеттерін қояды. «Серіктіктің» мақсаты ақынның «Шоң серіктігін» ашарда «Шоң серіктігі» туралы көпке істеген баяндаманың басы», «Бұл баяндаманың арты мынадай сөздермен тынады» деген өлеңдерінде де айтылған. Алайда, ақынның ойы іске аспайды. Не «Шоң серіктігіне», не өзінің оқуына қаражат жинай алмайды. Көмектесер деген үмітпен барған адамдары ықылас-пейіл танытпайды. Тағдырына наразылық білдірген біраз өлеңдерді («Күнделік дәптерінен», «Қос үй», «Бір адамға») ақын осы кездегі көңіл күйі әсерімен жазған. 1914 жылдың күзінде Сұтанмахмұт Семей қаласына келеді. Бірақ төменгі дәрежедегі оқудан жасы асып кетіп, жоғарғы Дәрежедегі оқуға білімі сәйкес келмей, орналаса алмайды. Өз бетімен кісі жалдап оқуға қаражаты болмайды.

Бұл жағдайлар тағы да Сұлтанмахмұттың көңіл күйін бұзады. Ақын ойының іске аспағанына, мақсатына жете алмағанына күйініп, жан дағдарысын бейнелейтін біраз өлендер («Ләнет бұлты шатырлап», «Алты аяқ», т. б. ) жазады. Ақырында басқа амалы таусылған ол Алтай бойына (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданына) жалданып бала оқытуға кетеді. Онымен Семейде кездескен Өр Алтайдағы Қаратай елінің болысы Әбдікәрім Ережепұлы Шыңғыстай аулынан төрт кластық мектеп ашқан екен. Соған орысша, қазақша оқытатын мұғалімдер тартқан. Сұлтанмахмұг қазақша бала оқытып, орыс мұғалімінен орысша сабақ алуды да ойлайды. Сөйтіп Әбдікәрім болысқа еріп Қатонқарағайға кетеді. «Қатонқарағайға кеткенім, - деп жазды күнделігіне ақын, - ызаға шыдамай, ең шыны күн көру үшін. Қолымдағы қаражатым Семейде бір-ақ ай тұруға жарайтын болды. Семей - қанша айтқанмен қалалы, сынды жер ғой, арасында кем көрініп жүргенше, парықсыз қазақ арасына кетейін деп ойладым».

Қатонқарағайда бірер жылдай істеген Сұлтанмахмұт кейін Зайсанға ауысады. Оған Әбдікәрімнің Бағила деген қызына ғашық болуы, мұғалімнің ниетін білген болыстың қызын тездетіп, айттырған жеріне ұзатып жіберуі себеп болады. Сұлтанмахмұт осы тақырыпқа жаңа шығарма жаза бастайды да, «Әжібай болыс» («Кім жазықты?») атты өлеңмен жазылған романын Зайсанда аяқтайды. Оны «Қазақ» газеті жариялаған (Есенғұл Мамановтың қаржысы) роман бәйгесіне жібереді. Бірақ қолжазба жоғалып кетеді. Қазіргі қолда бар нұсқа - ақынның өзінде қалған, толық емес қолжазбасы.

1916 жылдың жазында патшаның қазақтардан солдат алу туралы жарлығының шығуына байланысты ел ішінде қобалжу басталады да, Алтай, Тарбағатай бойындағы ел Қытайға ауа бастайды. Сұлтанмахмұт осы кезде Семейге қайтады. Бірақ онда көп тұрақтамайды. Еліне барады. Содан күзде оқу іздеп Томск қаласына жол тартады. Онда Томск Технология институтыны студенті Әлімхан Ермековтің (кейін математика процессоры болған, репрессияға ұшыраған) көмегімен даярлық курсына түсіп орысша оқиды. Әрі емделеді. Тұрмыс қиыншылығына қарамай, орысша білім алуға жол ашылғанын ол қуаныш етеді. Сол кездегі күнделігіне: «Жұмасына екі ғана обед етем (ет татам) . Құр шай мен нан. Киім алғаным жоқ. Киноға, вечерлерге бір мәртебе болсын барғаным жоқ. Күні-түні айналдырғаным - ала қағаздың беті . . . Халім осы. Сонда да қайғырмаймын. Бір тиыным қалғанша оқимын. Сонан соң тұрмыс қандай жүк салса да, көтерем. Бірақ көңілім оқуда болмақ», - деп жазады. «Ол бір қыстың ішінде орыс тілі грамматикасын, әсіресе, синтаксисі мен этимологиясын жете меңгеріп алды. Орысша жақсы сөйлемегенімен, жазуға, ұғынуға келгенде, өте жетік болып шықты. Ол менің үйімнен Л. Толстойдың, Руссоның, т. б. саяси брошюра кітаптарын оқып жүрді және оны терең түсінетін еді» - дейді Ә. Ермеков.

1917 жылдың ақпанында Ресейде буржуазиялық-демократиялық төңкеріс жеңіп, патшаның тақтан түскені мәлім. Патша отаршылдығы мен қоғамдык әділетсіздікке қарсы күрескен

Сұлтанмахмұт «Мұндай заманда қазақ оқығандарынын қазақ ішінде болмауы иттік» деп, 1917 жылдың 10 наурызында Семейге келеді. Семейде ұйымдасқан Қазақ комитетінің жұмысына қатысады. 1917 жылдың жазында Алаш партиясының құрылуын, Ұлттық автономия ұйымдастыру талабын қолдап «Алаш ұраны», «Таныстыру» сияқты шығармалар жазады. «Сарыарқа» газетінде өлеңдер мен мақалалар жариялайды. 1917 жылдың қазанында Семейге келген Әлихан Бөкейхановты қарсы алушылар ішінде болып, «Әлиханның Семейге келуі» («Сарыарқа», 1917, 30 қазан, 13 қараша) атты мақаласын бастырады. Онда ұлт көсемінің халықтық еңбегі мен оны қарсы алушылардың сезімі көтеріңкі күйде суреттеледі. Осындай қарбаласта жүріп Сұлтанмахмұг денсаулығын нашарлатып алады. Қыс бойы Тобықты ішіне барып, қысыр сауғызып қымыз ішіп емделеді. Бірақ мендеген ауру бой бермейді. Қайтып келіп көрінген Семей дәрігерлері де жарытымды кеңес бере алмайды. Содан ол туған еліне - Баянауылға кетуге мәжбүр болады. Бұл кезде жаңа құрылған кеңес өкіметінін ықпалы ел ішінде тарай бастаған еді. Ол Керекудегі революциялық комитет жұмысына қатысып, елдің кедей шаруаларына ара түседі, дау-жанжалдарды әділ шешуге араласады. Елде ол қоғам дамуының жолы, таптар тартысы мен күресі жайында көп ойланады. Саяси-философиялық әдебиетке көбірек көңіл бөліп, К. Маркстің, Г. В. Плехановтың, Н. Г. Чернышевскийдің, В. И. Лениннің шығармаларын оқиды. «Адасқан өмір», «Кедей», «Айтыс» сияқты поэмалар мен «Осы да әділдік пе?», «Өң бе, түс пе?», «Дауылдағы әбігер», «Ғайса кім?» деген өлеңдер жазады. 1920 жылы 21 мамыр күні ұзаққа созылған аурудан Сұлтанмахмұт қайтыс болады.

Шындықтың ауылын іздеп түстім жолға,

Разымын, не көрсем де осы жолда.

Шаршармын, адасармын, шалдығармын,

Бірақ бір табамын деп көңілім сонда, - деп өзі айтқандай, ақынның барлық саналы өмірі шындыққа, әділетті заманына жетсем, жақсылықты көрсем, халқыма осы жолда қызмет етсем деген ізгі арманның жетегінде өтті. Сол жолда өзінің қиналатынын, шаршайтынын, адасатынын сезсе де, қайраткер ақын оның бәріне көнуге өзіне-өзі серт береді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында осындай жігермен алға ұмтылған ол туған халқының тарихындағы от жүректі ақын әрі қоғам қайраткері, ұлтын шексіз сүйген азамат дәрежесіне көтерілді. [2]

Академик З. Ахметов қазақтың ірі ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармашылығына арнайы монографиялық еңбек жазуды мақсат етпеген. Алайда «Казахское стихосложение»[3], «О языке казахской поэзии» [4], «Өлең сөздің теориясы» [5] іргелі зерттеулерінде қазақ поэзиясының болмыс-бітімі, ішкі әлемі, құрылысы төңірегінде ой өрбіткенде С. Торайғыров шығармаларын көзауласында ұстайды. Өлең парасаты мен техникасының үздік үлгілері қатарында ақын мұрасына қайта-қайта оралып соғады.

Осы орайда: «Абайды ұлы ізашар ақын деп қарағанда оның шығармашылық дәстүрлерін дамытып жалғастырған ізбасар ақындар деп қазақ поэзиясының біртуар аса көрнекті қайраткерлерінен Шәкәрім, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовты алдымен атаймыз» [6, 245], - деп бөліп алуы Абайдан кейінгі әдебиеттегі Торайғыров орнының маңыздылығына мән беруінде. Әдеби процестегі дәстүр мен жаңашылдық ұғымдарының жарасты келісім табуының тағылымдық сипатын жете ұғынуында, әрі Абай дәстүрінің сыр-сипатын классикалық деңгейде пайымдауға жетісуінде.

Зәки Ахметов қазақ поэзиясының ірі қайраткері С. Торайғыровтың орыс тіліндегі басылымының дүниеге келуіне зор қолқабысын тигізген [7] . Өткен кеңестік дәуірде ұлттар мәдениеті мен өнерінің онкүндігін Мәскеуде өткізу әдеті қалыптасқан-ды. 1958 жылы қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігі қарсаңында баспа көрген аталмыш кітап. Алғысөзін жазған З. Ахметов, аудармалардың басым көпшілігі А. Жовтистікі, «Кедей» поэмасынан үзінділер, «Қамар сұлу» романы мен бірнеше көсемсөздік үлгілерін тәржімалаған С. Мартьянов, жинаққа енген шығармаларына түсініктер жазған Бейсембай Кенжебаев.

Бірден айту керек, бұл Сұлтанмахмұттың орыс оқырмандарының назарына кеңінен ұсынылуы еді. Толық шығармалар жинағы қызметін атқармағанымен орыс тілді оқырманға барлық жанрдағы мұрасының жол тартуында З. Ахметов жазған кіріспе мақаланың көтерген салмағы қомақты болатын. С. Торайғыров өмір сүрген дәуір сипаты, ондағы қайшылықты саяси-әлеуметтік құбылыстар, қазақ қоғамының ахуалы, жазушының шығармашылық табысы, өмір жолы, артында қалған бай мұра шағын ғұмырбаяндық очеркте тізбектеліп өтіп жатады. Аз сөзбен көп мағына жеткізуді мұрат ететін, жылтырауық, желбуаз, көпірме тіркестерден гөрі ғылыми байыпты ойлар тұжыруды зерттеушілік кредосына айналдырған З. Ахметов ұстанымы мен мұндалап тұр.

Алғысөзді парақтай бастағанда алғашқы беттегі толғамға еріксіз көз тоқтатасыз, автормен бірге ой кешесіз. «Султанмахмут резко выступал против произвола и жестокости, сатирически изобличал старое, косное в социальных отношениях, в быту и семейной жизни, клеймил отсталость и невежество. Он страстно жаждал торжества правды и справедливости, неустанно, мучительно искал путей преобразования, обновления жизни. Настоичивых исканий был полон весь творческий путь Султанмахмута» [7, 5] . Қандай ойлы тұжырым. Шыққан ортасы, жүрген жолы, саяси - әлеуметтік сілкіністер уақытындағы ұстанған көзқарасы, саяси платформасын жіліктеймін деп байырғы таптаурынға түсіп кетпей қаламгер туралы нақты, затты пікір түйеді. «Шындықтың аулын іздеген» қайсар ақынның ішкі сырын да, сыртқы айбынды тұлғасын да оқырман зердесіне ұялатады.

Ол уақыттағы өлшемге сайсақ бүкілодақтық әдебиетті сүйер қауымға асырып айтпай, жасырып қалмай ақын өмір жолының шындығын ерекше ғалымдық ыждаһатпен тарата тарқатады. Келісті лирикалық өлеңдерімен, болмысы ерек, бітімі бөлек, соны сипаттағы поэмаларымен, қазақтың алғашқы романдары сапынан берік орын алған кең тынысты шығармаларымен, әрқайсысы дара табиғатымен қазақ көсемсөзінде сүбелі үлес саналатын проблемалық мақалаларымен Абайдан кейінгі қазақ әдебиетінің даму жолында ойып алған орны бар Сұлтанмахмұт Торайғыров феноменінің басты белгілерін межелеп тастағандай әсер қалдырады.

Бір сөзбен түйгенде, З. Ахметовтің Торайғыров жөніндегі ой-қорытындылары әлі де қайырыла қарап, тереңдей зерттеуге сұранып тұрғандығы ақиқат.

Көкбай мен Міржақып айтысы

Міржақып:

Ертеде Бозша деген ел болыпты

Мекені тұңғыш деген бел болыпты

Өзі әулие Құдайдың үйін көрген

Бозбай деген сол елде ер болыпты

Жасынан талапты боп атқа мінген

Жақсының жолдас болып қасына ергеен.

Екі дүние сауабын алмақ үшін

Еліне мешіт - мектеп салып берген

Күңіренген мектебінде шәкірт оқып,

Көңіліне ғылым нұрын алған тоқып

Мешітке сыймай кеткен тақуалар

Тау бағып күнасынан хақтан қорқып.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
С.Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығы
С.Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығы (ғылыми баяндама). Міржақып пен Көкбайдың айтысы
С.Торайғыров өмірі және шығармашылығы
С.Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығы. Міржақып пен Көкбайдың айтысы»
С. Торайғыровтың лирикасы
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ТАРИХЫ. ПӘННІҢ ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІ
Мұхамедханов және Абай мұражайы Семей таңы
Алаш арыстары және әдебиет
XX ғасыр басындағы тарихи қоғамдық өзгерістердың қазақ әдебиетінің дамуына әсері
Ақын туралы бірер сөз (С.Торайғыров)
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz