Дағдарыс жағдайында экономиканы басқарудағы мемлекеттің рөлі


Тақырыбы: Дағдарыс жағдайында экономиканы басқарудағы мемлекеттің рөлі
Жоспар
Кіріспе
1 Мемлекеттің мәні мен нысандары және оны басқару қажеттілігі
1. 1 Мемлекет түсінігі және негізгі белгілері
Мемлекет түсінігін анықтау барысында біркелкі қоғамдық құбылыстарды әр адамның әрқилы қабылдау мүмкіндігін білдіретін субъективті сипатын ғана емес, сонымен қатар олардың объективті жағдайларын да ескерген жөн. Бұл жерде сөз, ең алдымен, құбылыс ретіндегі мемлекеттің күрделілігі мен көпқырлылығы және соған сәйкес оның түсінігін анықтау варианттарының көптігі туралы болып отыр. Осыған байланысты белгілі австриялық заңгер Г. Кельзен: «мемлекет түсінігін анықтаудағы қиыншылықтар аталмыш терминмен көптеген әртүрлі нысандар мен құбылыстар белгіленетіндіктен одан сайын күрделене түседі» деп атап өтеді.
Жалпы алғанда мемлекет түсінігінің өзі кең және тар мағынада қолданылады. Кең мағынада мемлекет деп қоғамның өзін немесе оның қандай да бір ерекше нысанын айтады. Ал тар мағынасында мемлекетке басқару органдары немесе субъектілері, ұлттар, белгілі бір елдің халқы тұрып жатқан аумақ жатқызылады.
Қазіргі заманғы мемлекеттануда мемлекет түсінігі жөнінде ғалымдар арасында әр түрлі көзқарастар қалыптасып, олар оны бірнеше мағынада, атап айтқанда, заңдық, әлеуметтік, нормативтік және органикалық мағынада қарастырады. Заңдық көзқарас тұрғысынан мемлекет заңды тұлға, «құқықтық феномен», ерекше корпорация ретінде қарастырылып, басқа корпорациялардан тек ұлт немесе ел масштабында белгіленген құқықтық тәртіппен ерекшеленеді. Осыған сәйкес мемлекет мәселелері белгілі жағдайда ұлттық құқықтық тәртіп мәселелері ретінде қарастырылып, адамдардың дұрыс іс-әрекетін және тәртібін бейнелейтін құқықтық тәртіп ретінде анықталады.
Мемлекет пен құқық арасындағы қатынастар жеке адам мен құқық арақатынасы сияқты бірге қарастырылуы тиіс деп ұйғарылады. Бұл Кельзеннің ойы бойынша мемлекет құқықты шығаруы мен бекітуіне қарамастан, жеке тұлға ретінде өзінің тәртібі мен іс-әрекетінде құқықпен байланысты болу қажет екенідігін білдіреді.
Әлеуметтік аспектіде мемлекет өзінің құқықтық тәртібі мен құқықтық өміріне тәуелсіз болатын небір «әлеуметтік жалпыға бірдейлілік», әлеуметтік қоғам болып саналады және оған (оның пайда болуы және қызмет ету кезінен бастап) түрлі органдар бойынша билікті бөлу сипаты тән. Автордың көзқарасы бойынша «барлық іс-әрекетті Үкімет бір өзі жасайтын және билікті де өз қолында шоғырландыратын бір де бір мемлекет жоқ». Қоғамда әр кезде бірнеше әкімшілік құрылымдар болған және бар. Олардың қызметінің нәтижесінде қоғамдағы қатынастардың басым бөлігі туындап, басқару мен бағындыру актілерінің көбі пайда болды. Ал олардың жиынтығы «әлеуметтік мемлекет» деген ұғымды білдірді.
Сонымен қатар мемлекет түсінігі тірі «табиғи организм» ретінде анықталады. Осы бағытқа сәйкес ол «әлеуметтік биологияның нысаны» ретінде қарастырылады. Мемлекеттің түсінігіне деген мұндай көзқарасты австриялық заңгер Г. Кельзенге дейін көптеген басқа авторлар, атап айтқанда, мемлекеттің орнагикалық теориясын жақтаушылар қолдады. ХІХ-ХХ ғасырларда өз дамуының жоғары шегіне жеткен бұл теория барлық әлеуметтік өмірді биологиялық заңдылықтармен түсіндіруге тырысты. Олар қоғамды толығымен организмге теңестіріп, ал мемлекетті тіршілік етіп жүрген және болашақта дүниеге келетін азаматтардың қажеттіліктерін қанағаттандыратын «жалғыз институт» деп санады.
Нормативтік мағынада мемлекет түсінігі Г. Кельзен және оның нормативист-жақтаушыларының анықтауы бойынша «нормалар жүйесін», «нормативтік тәртіпті», «мемелекет -билік» немесе «саяси ұйымдастырылған қоғамды» білдіреді. «Мемлекетке саяси сипат тән. Оның саяси ұйым болып табылатыны, ең алдымен күшті қолдану ретін белгілейтіндігінде, өйткені ол күшті қолдануда монополист болып табылады» - дейді автор.
Сонымен, бір жағынан, мемлекеттің құбылыс пен түсінік ретіндегі күрделілігі мен көпқырлылығы, екінші жағынан әр түрлі авторлардың оны қабылдау субъективизмі оны түсіну мен түсіндіру варианттарының көп болуына объективті жағдай туғызады. Осыдан қоғам дамуының әр түрлі кезеңдерінде мемлекеттің көптеген анықтамалары мен түсініктерінің пайда болуы және олардың көптеп қолданылуы түсінікті. Бұл туралы Л. Гумплович:
«Қанша мемлекет танушылар мен философтар бар болса, сонша мемлекеттің анықтамасы болады» - деп жазады. Сол себепті мемлекетке тарихи дамуының әр кезеңінде ғалымдардың берген анықтамаларының бір текті болмағаны айқын. Мысалы ұлы ойшыл Аристотельдің пікірінше «мемлекет дегеніміз ешкімге тәуелді емес азаматтардың қарым-қатынасының жоғары нысаны».
Қайта өрлеу дәуірінің аса көрнекті ойшылы Никколо Макиавелли (1469-1527 жж. ) мемлекетті «қажетті мемлекеттік мүдделерді жүзеге асыру арқылы ортақ игілікке қол жеткізу» деп түсіндіреді.
ХҮІ ғасырдағы ірі француз ойшылы Жан Боден мемлекетті «қайырымдылық пен әділеттіліктің мәңгі бастамаларын басшылыққа алатын жоғары билік және отбасын құқықтық қорғау» деп қарастырады. Бұл бастамалар мемлекеттік құрылымның мақсатын құрап, ортақ игіліктер әкелуі қажет деген. Осы дәуірдегі белгілі ағылшын философы Томас Гоббс - бейбітшілік пен табиғи құқықтарды жүзеге асыратын кепілгер ретінде мемлекеттің шексіз билігін жақтаушылардың бірі. Ол мемлекетті «тұтас тұлға, тәуелсіз жоғары билеуші, оның қалауы халықтың болады, сондықтан ол барлық адамдардың әрқайсысының күші мен мүмкіндігін ортақ бейбітшілік пен қорғаныс үшін қолдана алады» деп санайды.
Либерализмнің саяси-идеялық доктринасын құрушы, ағылшын философ - материалисі Джон Локк (1632-1704 жж. ) «мемлекет басым күштің, яғни мемлекет құрамына кіретін көптеген азаматтардың ортақ еркі» дейді. Ол мемлекетті өздері бекіткен жалпы заңдардың негізінде біріккен адамдардың жиынтығы ретінде қарастырған.
Неміс әдебиетінде мемлекет «белгілі бір аумақта және жоғары биліктің қол астында біріккен халықтың ұйымы» ретінде көрсетілсе (Р. Моль), ал өзге әдебиеттерде «құқықтық жағдайды жан-жақты қолдану үшін құрылған жоғары биліктің қол астындағы белгілі бір аумақтағы еркін адамдардың одағы» ретінде қарастырылады (Н. Аретин) . Үшінші жағдайда мемлекет «белгілі құқықтық тәртіпті қорғау үшін табиғи түрде пайда болған билік жүргізуші ұйым, - деп айтылған (Л. Гумплович) .
Сонымен мемлекет, әсіресе 1917 жылғы төңкерістен кейінгі кезеңде Ресейде «қандай да бір тапты басу үшін арналған күш көрсету ұйымы» ретінде түсіндірілді. Академиялық басылымдарда және оқу әдебиеттерінде ол көбінесе қатаң таптық мағынада «өз диктатурасын жүзеге асыратын экономикалық үстем таптың, билік аппаратының саяси ұйымы немесе негізгі өндіріс құралдарының меншік иелерінің ортақ мүдделерін қамтамасыз ететін және қорғайтын, тарихи түрде келетін, қоғамнан бөлініп шығып, оның экономикалық құрылымынан туындайтын саяси биліктің таптық ұйымы» ретінде сипатталады.
Соңғы екі онжылдықта, 1985 жылғы қайта құру кезеңінен бастап алдымен ресми жалпыодақтық, ал кейін қазақстандық саясат пен деологияда жалпыадами құндылықтарға мән беріліп, мемлекет пен құқық анықтамаларындағы таптық үндестік біртіндеп жалпы әлеуметтік үндестікпен ығыстырыла бастады. Мемлекет қайтадан ұйым немесе барлығы үшін арналған институт ретінде қарастырылды. Осы орайда оған «өзінің билігін елдің бүкіл аумағына және халқына тарататын және осыған сәйкес арнайы басқару аппараты бар, барлығына міндетті бұйрықтарды шығаратын қоғамның бірыңғай саяси ұйымы» деген анықтама берілді.
Мемлекет түсінігін таза таптық тұрғыдан да, жалпы адами тұрғыдан да анықтау біржақты көзқарасты білдіреді. Нақты өмірде таза таптық та, таза жалпыадами да мемлекеттік институттар жоқ, демек, соған сәйкес мемлекет түсінігінің анықтамасы да жоқ. Осыдан мемлекет түсінігін анықтау барысында оның тек таптық элементтерін және соған сәйкес белгілерін ғана емес, сондай-ақ таптан тыс, «жалпы адами» белгілері мен сипаттамаларынан да ескерген жөн.
Қорыта айтқанда, мемлекет дегеніміз кез келген қоғамның табиғатынан туындайтын таптық тар ауқымдағы міндеттерді ғана емес, сонымен қатар ортақ істерді атқару үшін қажетті саяси билік ұйымы. Бұл анықтама жоғарыда аталған анықтамаларға қарағанда мемлекет түсінігін ғана емес, сонымен бірге билік басындағы таптардың немесе топтардың мүдделерін қамтамасыз ететін институт ретіндегі мемлекеттің әлеуметтік тағайындалуын нақтырақ айқындайды.
1. 2. Мемлекеттің мәні мен негізгі сипаттамалары
Мемлекеттің мәні, адамдар өміріндегі оның орны мен ролі жөнінде өткен ғасырда либералдар мен этатистер арасында туындаған пікірталастар жалғасын табуда. Мемлекетті бұрынғыдай күштеу машинасы, қысым көрсету құралы ретінде біржақты түсіндіру әлі де болса сақталуда. Қазіргі кезде мемлекет көбінесе қолында билігі бар саяси күштердің немесе тұлғалардың меншігі ретінде қарастырылады. Кейбір мемлекеттанушы ғалымдар мемлекетті әрбір адамға қайырым жасауға міндетті, жалпыға бірдей игілікті қамтамасыз ететін құрылым ретінде сипаттайды.
Мемлекет көптеген ғылыми пәндермен: мемлекет және құқық теориясымен, әкімшілік құқық, саясаттану, әлеуметтік басқару ғылымымен зерделенетін көпқырлы құбылыс. Әрбір ғылым мемлекеттік басқару органдарының қызметенің белгілі бір аспектісін, олардың құрылымын, мазмұнын, бағытталуын зерттейді.
Мемлекет қызметінің маңызды бағыты - адамдардың қоғамдық өмірін басқару. Ал адамдардың қоғамдық өмірі мемлекеттік басқару теориясының объектісі мен зерттеу заты болып табылады. Сондықтан да мемлекетті әрбір адам қоғам нысаны ретінде қарастырады. Ол адамдардың қоғамдық қатынастар жүйесімен байланысты, олардың сана-сезіміне, тәртібіне және қызметіне қатысады, белгілі бір аумақта өмірді, оның ішінде экономикалық өмірді ұйымдастыруға әсер етеді. Мемлекет мемлекеттік шекарамен белгіленге аумақта өмір сүретін адамдарды біріктіреді және олардың өзара іс-әрекетін қамтамасыз етеді. Мемлекет, қысқаша айтқанда, адамдардың аумақтық ұйымдастырылуының белгілі бір тәртіптік жүйесі. Осыған сәйкес, біріншіден, ру-тайпалық қарым-қатынастар қоғамдық қатынастармен ауыстырылады. Екіншіден, әр түрлі адамдардың ұлттық, діни және әлеуметтік белгілеріне қатысты бейтарап құрылым қалыптасады. Тарихи түрде мемлекет адамдардың жаңа қауымдастығын құрады.
Мемлекет өзінің аумағында тұратын адамдарды, оның ішінде азаматтығы жоқ тұлғаларды, сонымен қатар басқа мемлекеттің азаматтарын біріктіретіндіктен, ол барлық адамдар қауымдастығының қажеттіліктерін, мүдделері мен мақсаттарын объективті түрде білдіреді. Дамудың әр кезеңінде бір жағынан адамның құқықғы мен бостандығын қамтамасыз ету, оның шығармашылық қызметіне еркіндік беріп, белсенділігін арттыратын, екінші жағынан - қоғамға белгілі бір ұйымдасқан бастау енгізіп, жеке адамдардың қызметін тәртіпке келтіретін мәселелердің шешілу жолын табу мемлекеттің міндеті болып табылады. Әдетте, мемлекет ешнәрсе өндірмейтіндіктен өздігімен мәселелерді шеше алмайды деп есептелсе де, ол барлық қоғамның, материалдық, әлеуметтік, рухани игіліктерді өндіру және тұтынумен айналысатын адамдардың проблемаларының шешілуіне ұйымдастырушылық және құқықтық негіз қалап, қамтамасыз етеді.
Мемлекет үшін, ең алдымен, өз халқының ұлтық мүддесін білу, оның әлемдік қауымдастық халықтарының мүдделерімен қаншалықты өзара байланысты екенін және оларға қаншалықты тәуелді екенін анықтау, осы мүдделерді жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасау өте маңызды болып саналады. Сондықтан мемлекеттік ұстанымдарға міндетті сипат беретін нормалардың тек оның құрылымдары мен механизмдері арқылы ғана қалыптасып, бекітілетіндігін атап көрсету ләзім. Мемлекет өзінің органдары арқылы заңдар мен басқа да нормативтік актілер қабылдап, олардың жүзеге асуын әкімшілік және заңнамалық әдістер арқылы қамтамасыз етеді. Бұл орайда мемлекет заңды монополияға ие және оны орындату барысында, керек болса, мәжбүрлеу тәсілін қолданатынын баса айту керек.
Мемлекеттің мәні, сонымен қатар, өз мақсаттары мен қызметтерін жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін өзінің аппаратын - ортақ қажеттіліктерді, мүдделерді, мақсаттарды айқындаумен және қоғамның мемлекеттік-құқықтық нормаларын әзірлеумен кәсіби айналысатын адамдар тобын белгілі бір жағдайда ұйымдастырып, оларды қолдайтындығында. Бұл аппараттың күрделі құрылымы мен жан-жақты бағытталған қызметі болуға тиісті. Оның бір бөлігі заң шығару қызметімен, заңдардың орындалуымен және сот ісін жүргізумен айналысса, екінші бөлігі мемлекеттің ішкі және халықаралық деңгейдегі тұрақтылығын, оның әлемдік қауымдастықпен өзара қарым-қатынасын қамтамасыз етеді. Аппараттың жағдайы, оның қоғаммен байланысы немесе одан алшақтауы, оның көлемі және иерархиялық құрылымы, қызметкерлерінің сапасы және көптеген басқа да параметрлері мемлекет, қоғам және мемлекеттік басқару үшін өте маңызды.
Ғылыми әдебиеттерде кездесетін мемлекеттің көптеген анықтамаларының ішінде келесі екеуіне тоқтап өтуге болады. Біріншісі, мемлекетті ең көп мағынада: адамдар қауымдастығы ұйымының жоғарғы нысаны ретінде, ортақ жоғары билікке бағынатын адамдардың саяси одағы ретінде, бірыңғай ерікті білдіру, жалпы мүдделерді қамтамасыз ету, сондай-ақ адамның құқықғы мен бостандығын қорғау негізгі мақсаты болып табылатын ұйым нысаны ретінде сипаттайды. Екінші түсінікке сәйкес, мемлекет адамдардың іс-әрекеті мен тәртібін реттейтін саяси және құқықтық байланыстар мен қатынастардың жүйесі. Басқаша айтқанда, ол саяси-құқықтық институт, саяси билік ұйымын құратын әлеуметтік институттардың жүйесі. Мемлекетті институционалдық тұрғыдан қарастыратын бағыт оны қоғамдағы адамдардың тәртібін анықтайтын нормалар жүйесімен байланыстырады. Осыған орай испан саясаттанушысы Л. Санистебан былай деп жазады: шындығына келгенде мемлекет «небәрі нақты уақыт шеңберінде орын алатын әлеуметтік тәртіпті заңдық тұрғыдан реттеудің бір түрі».
1. 3. Мемлекеттік басқарудың объективтік қажеттілігі
Қоғамды мемлекеттік басқарудың объективті қажеттілігі жалпы тарихи және әлеуметтік-саяси, снымен қатар нақты қоғамның тек өзіне тән факторлардан туындайды. Аталған факторлардың бірінші тобы мемлекет болмысымен байланысты.
Қазіргі ғылыми деректерге сәйкес алғашқы мемлекет адамдар қауымдастығының өмір сүру шартына айналған еңбек қызметінің жаңа нысандарын, өндіруші экономиканың қызмет етуін ұйымдасқан түрде қамтамасыз ету үшін пайда болады, деп жазады профессор А. Венгеров. Осыдан келіп, ең алдымен, қоғамға ақпараттық қызмет көрсетуді көздеген басқарушылық (жұмыстар туралы әр түрлі мәліметтер жинақтау т. б. ) функция туындайды. Қоғамнан негізгі кәсібі ұйымдастырушылық қызмет көрсету болып табылатын адамдар тобы бөлініп шығып, көптеген басқарушылық лауазымдар пайда болды: жұмысты басқарушылар, әскери басшылар, есепшілер және т. б. Бұл топ мемлекет аппаратын - алғашқы бюрократияны құрды. Уақыт өте келе қоғамның әр түрлі топтарға жіктелуі осы топтардың мемлекетті жаулап алуына және оны өз мүдделеріне бейімдеуіне әкелді.
Топтар мен жіктерге әлеуметтік бөліну және оларға тән қарама-қайшы мүдделер мен қайшылыққа толы өзара қарым-қатынастар мемлекеттің саяси функциясына - қоғамдық және әлеуметтік қатынастарды реттеуге деген қажеттілікті туғызды. Мемлекеттік аппаратта ерекше дәрежелі топтар шоғырланғандықтан әлеуметтік реттеу функциясы негізінен осы топтардың халықтың қалған бөлігіне үстемдік орнатуын қамтамасыз етіп отырды. Осы функцияны орындау сәтінен бастап мемлекет саяси институтқа айналады.
Қоғам мүшелерінің жүріс-тұрысының, тәртібінің жалпы ережелерін бекіту және қатаң сақтау, сондай-ақ қоғамға қажетті қызмет түрлерін (өндірістік сауда және т. б. ) ұйымдастыру мен реттеу мемлекеттің пайда болу мен даму кезеңінен бергі негізгі міндеті болып табылады. Аталған қауымдастықтың аумағын қорғау функциясын да үнемі мемлекет атқарып отырған.
Мемлекеттік басқару саяси бірлестікке біріккен адамдардың ортақ ерік-мүддесін білдіретін орталықтандырылған билік арқылы жүзеге асты. Халық сайлайтын немесе билікті мұрагерлікпен алатын беделді тұлғалар тобы тікелей билікке ие болды.
Бүгінгі таңда аталған факторлардың ешқайсысы да ұтымды басқарудың заңды негізі (детерминанта) ретінде өз мәнін жоғалтқан емес. Керісінше, олар күрделене түсуде. Қоғамның көптеген басқа да объективті қажеттіліктері қалыптасты, ал ол қажеттіліктерді кез-келген мемлекет тек адамдардың біріккен қызметі мен қоғамдық қатынастардың жаңа түрлерін және формаларын саналы түрде ұйымдастару мен басқару арқылы қанағаттандыра алады. Осыған орай ғылым мен техника саласындағы, ақпараттар жүйесіндегі жаңалықтар бірінші кезекте адамның қауіпсіздігін, оның өмір сүру ортасын сақтау мәселесін алға тартып отырғанын айта кеткен жөн. Қоғамның жаңа өндірістік-техникалық және экономикалық базисі әлеуметтік құрылымның, қоғамдық еңбек бөлінісінің, әлеуметтік институттардың, адамдар қажеттіліктерінің мазмұны мен құрылымының, олардың арасындағы байланыстың сапалы тұрғыдан өзгеруіне себеп болды, жаңа қарама-қайшылықтар мен қақтығыстар туғызды. ХХ ғасырдың екінші жартысы мемлекеттердің адам құқығы мен бостандықтарын қорғау мәселелерін шешуге басты назар аударып, әлемнің көптеген елдерінде демократиялық режимдердің орнығуы мен даму кезеңі болып табылады.
Әрбір ел үшін аталған мәселелердің белгілі тарихи кезеңмен байланысты өзіндік ерекшеліктері болады. Егер басқарушы күштер өз қызметтерінде жалпы даму заңдылықтарын білуді басшылыққа алуға қабілеттілік танытпаса, сондай-ақ өздері басқарып отырған халықтың жағдайын, даму деңгейін, дәстүрін, оның үміттерін ескермесе онда қоғамды басқару өзінің алдына қойған міндеттерін толық атқара алмайды.
ІІ тарау.
2. 1. Қазақстандағы мемлекеттік басқарудың ерекшеліктері
Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздік пен толық мемлекеттік егемендікке қол жеткізген соң азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет құруға бағыт алды.
Өткен жылдар ішінде мемлекеттіліктің негізгі институттарының саяси-құқықтық мазмұны өзгерді. 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясына сай парламенттік-президенттік басқару нысаны таза президенттік басқару нысанына айналды. Президенттілік институты мемлекеттік жүйеде негізгі орын алады, ол ел ішіндегі жағдайда, мемлекеттік биліктің барлық үш тармағының келісіп жұмыс істеуіне, ішкі және сыртқы саясаттың қалыптасуына ықпал етеді.
Заң шығарушы билік институты да өзгерді. Бір палаталы Жоғары Кеңестен екі палаталы Парламентке ауысу жүзеге асырылды. Парламент аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін негізгі принциптер мен нормаларды белгілейтін заңдар шығаруға хақылы.
Атқарушы билік Үкіметтің тікелей басшылық етуімен қызмет етеді, оларға күнделікті мемлекеттік басқару, заңдардың орындалуын ұйымдастыру, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының негізгі бағыттарын әзірлеу, экономикалық реформаларды жүзеге асыру жүктелген.
Мемлекеттік биліктің жеке тармағы ретінде сот жүйесі де өзгеріске ұшырады. Жалпы және төрелік соттар бүгінде Жоғарғы сот басқаратын бір жүйеге біріктірілді. Үш жыл (1992-1995) қызмет атқарған бұрынғы Конституциялық соттың орнына Конституциялық Кеңес құрылды. Заң қорғау органдарының жүйесі де қайта ұйымдастырылуда. Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінің атрибуттарын қалыптастыру аяқталуда, республикалық гвардия құрылған, мемлекеттік рәміздер бекітіліп, қолданылуда. Республика өзінің ұлттық валютасын енгізді.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды қалыптастыру және құқықтық мемлекет құру процестері жүзеге асырылуда. Құқықтық мемлекет құру дамудың бірнеше кезеңдерін қамтиды және мемлекеттік органдардан, лауазымды тұлғалардан, қоғамнан, халықтан байсалдылық пен күш-жігерді талап етеді. Мемлекеттік және қоғамдық қызметтің дұрыс жолға қойылуын қамтамасыз етуді, қоғамның заңдық және моральдық-адамгершілік негізін дамытуды қажет етеді. Құқықтардың жаңаруын жылдамдатуды, оны қолдану механизмін жетілдіруді ойластыру, азаматтардың оған құрметпен қарауын қалыптастыру, қоғамдағы нақты құқықтық қатынастар мен басқа да заңдық байланыстарды іске асыру бойынша шараларды белгілеуді көздейді. Қалыптасқан құқықтық нигилизмді, яғни құқықтың әлеуметтік құндылығын жоққа шығаруды, заңның талаптарын саналы түрде орындамауды жою, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар, азаматтар тарапынан заңдарға жеңіл-желпі қарап, немқұрайлық танытуын жою, адамдардың құқықтық санасын позитивті түрде қалыптастыру мемлекеттің негізгі міндеттеріне жатады. Мәселені осындай кешенді түрде шешу құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам құрудың принциптерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz