Саттар Ерубаевтың шығармашылық мұрасындағы адамгершілік тәрбиесінің педагогикалық негіздері (тарихи бағыт)


ӘОЖ 37(092) :37. 035. 2 Қолжазба құқығында
РУСТАМБЕКОВА МУХАББАТ ЕРУБАЕВНА
Саттар Ерубаевтың шығармашылық мұрасындағы адамгершілік тәрбиесінің педагогикалық негіздері
(тарихи бағыт)
13. 00. 01 - Жалпы педагогика, педагогика және білім тарихы,
этнопедагогика
Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Түркістан, 2010
Жұмыс Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде орындалған
Қорғау 2010 жылы «» сағат де Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д. 14. 61. 35 диссертациялық кеңесінде өтеді. Мекен-жайы: 161200, Түркістан қаласы, университет қалашығы, Мәдениет орталығының Кіші мәжіліс залы.
Диссертациямен Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің кітапханасында танысуға болады (161200, Түркістан қаласы, университет қалашығы, Мәдениет орталығы, кітапхана) .
Автореферат 2010 жылы «» таратылды.
Диссертациялық кеңестің
Ғалым хатшысы Мухамеджанов Б. Қ.
Кіріспе
Зерттеудің көкейкестілігі. Қазақстан Республикасының егеменді ел болып бүкіл әлем кеңістігіне әлеуметтік-экономикалық, мәдени-ағартушылық жағынан танымал бола бастаған жағдайында өткендегі тарихи тәжірибені, соның ішінде, мемлекет қайраткерлерінің, ағартушы-педагогтардың тәжірибесін зерттеу қажеттілігі туындап отыр. Тарихи мұраларды зерттеп-зерделемей, білім мен мәдениет саласындағы маңызды мемлекеттік проблемаларды оңтайлы шешу мүмкін емес. Кейінгі жылдары Мемелекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының жаңа тұжырымдамалық бағытында ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы тарихи тұлғалардың ұлттық мәдени мұраның дамуына қосқан үлестерін қайта қарап, ой елегінен өткізу жүзеге асырылуда.
Осы тұрғыда, өзінің шығармашылық туындыларымен, қоғамдық-ағартушылық қызметімен, ұйымдастырушылық әрекетімен жас ұрпаққа адамгершіліктің жаршысы бола білген Саттар Ерубаевтың шығармашылық мұрасын зерттеу аса маңызды. Өйткені, соның тікелей қатысуымен әдебиеттің бірқатар жанрлық бағыттары дамыды, журналистика «саясатының» күрделі де көрнекті жұмысының бірі - арнаулы бет ұйымдастыру жұмысы мазмұнды көрініс алды, Қазақстан ғылымы, қазақтың кәсіби әдебиеті мен өнері қалыптасып, жетістіктерге жетті, шығармашылық туындылары педагогтік қызметі арқылы жастардың адамгершілік көзқарасын жаңа өмірге бағыттады. Ол Қазақстан комсомол сыйлығының тұңғыш лауреаты атанды. Комсомолдың 50 жылдығында Николай Островский атындағы сыйлықтың иегері болды, есімі Бүкілодақтық мемориалдық тақтаға жазылды. «Жігерлі де сырлы поэзиясының қуатымен «қазақтың Есенині» атанды».
С. Ерубаевтың шығармашылық мұрасын зерттеу жастардың санасын жаңа біліммен сапаландырады, бүгінгі рухани-адамгершілік, моральдық-этикалық проблема саласында шешімін іздестіруді қажет ететін мәселелерді танып- білуде көмектеседі.
С. Ерубаевтың шығармашылық мұрасын бүгінгі таңда бірқатар авторлар филология, журналистика саласында зерттеп отыр. Мәселен, М. Алтынбекованың еңбегінде отызыншы жылдардағы қазақ совет әдебиетінің негізгі бағыттарына, оның белді өкілдерінің шығармашылық ерекшеліктері мен идеялық байланыстарына, сондай-ақ С. Ерубаев шығармаларының тақырыбы мен идеясына, жанрлық-көркемдік ерекшеліктеріне ғылыми-теориялық тұрғыда талдау жасалып, зерттеу жұмысының басты объектісі ретінде оның «Менің құрдастарым» романының идеялық-көркемдік, тақырыптық, тілдік-стильдік шеберлігіне, халықтар достығы мәселесіне аса мән берілсе, Б. Қойшыбаев С. Ерубаевтың шығармашылығын, өмір жолын, сол кезеңдердегі қилы-қилы оқиғаларды психологиялық-философиялық тұрғыда мазмұндап, танымдық сырға толы деректемелер ұсынады. Ал, Г. С. Сұлтанбаева болса С. Ерубаевтың шығармашылығындағы тақырыптық, жанрлық, стильдік ерекшеліктерді, ондағы сын-сатиралық, аудармашылық сарындар мен публицистік пайымдаулардың поэзиясындағы түр мен дәстүр жаңашылдығын, философиялық, көркемдік-эстетикалық бастаулардың арнасын зерттейді. Жазушы өмірбаянындағы кейбір қарама-қайшы пікірлерді жаңа деректермен жүйеге келтіреді және бірнеше мақала-аудармаларын алғаш рет ғылыми айналымға ұсынады.
1957 жылдан бері С. Ерубаевты бүкіл қазақ еліне танымал етіп келе жатқан Т. Кәкішевтың еңбектерінде С. Ерубаевтың новеллалары, романы, балладалары мен жырлары, сатиралық суреттемелері мен серкесөздері, сын мақалалары көрініс алып, жазушы туралы естелік-шежіресі баяндалады.
Бірқатар авторлардың мерзімді баспа беттерінде басылым көрген жинақ еңбектерінде, мақалалары мен естеліктерінде, эсселері мен арнау өлеңдерінде (Ә. Шілтерханов, Ә. Байтанаев, Д. Досжанов, М. Дүйсенбеков, Т. Ермекбаев, Қ. Ергөбек, С. Жарылқапов, Д. Исабеков, М. Қабанбаев, Ұ. Мұстафаева, Б. Тайкіманов, С. Шәкіров, З. Шашкин және т. б. ) С. Ерубаевтың өмір жолы, кәсіби өсу жолы, рухани азаматтық, танымдық-адамгершілік, моральдық-этикалық, көркемдік-эстетикалық қасиеттері әр қырынан мазмұндалады.
Әлбетте, жоғарыда аталған еңбектер аса қызығушылық туындатады, өйткені оларда С. Ерубаевтың өмір жолы мен шығармашылық туындыларына сипаттама беріліп, өмірбаянының кейбір беттері, соның ішінде филолог, журналист ретінде кәсіби қалыптасуы, осы бағыттағы көзқарастары баяндалады.
Алайда осының бәріне қарамастан, тарихи-педагогикалық әдебиеттерге, мерзімді педагогикалық басылымдарға, диссертациялық зерттеулерге жасаған талдау С. Ерубаевтың шығармашылық мұрасындағы адамгершілік тәрбиесінің педагогикалық негіздері бойынша дербес орындалған зерттеу жұмысы болған емес деп, дәлелдеуге мүмкіндік береді.
Ұсынылып отырған проблеманың бүгінгі педагогикалық теория мен практикасына қажеттілігі мен оның ғылыми тарихи-педагогикалық әдебиетте жеткіліксіз шешімін табуының арасында қарама-қайшылық анық байқалады. Осы қайшылықтардың тиімді шешімін іздестіру біздің зерттеу проблемамызды анықтауға және тақырыпты « Саттар Ерубаевтың шығармашылық мұрасындағы адамгершілік тәрбиесінің педагогикалық негіздері (тарихи бағыт) » деп таңдауымызға себеп болды.
Зерттеудің мақсаты: Саттар Ерубаевтың адамгершілік тұжырымдамасының негізін құрайтын педагогикалық идеяларды айқындау және оларды жоғары оқу орындарында пайдалану жолдарын анықтау.
Зерттеу объектісі: Саттар Ерубаевтың шығармашылық мұрасы.
Зерттеудің пәні: Саттар Ерубаевтың жеткіншек ұрпақтың адамгершілік тәрбиесі туралы педагогикалық идеялары.
Зерттеудің міндеттері:
- Саттар Ерубаевтың адамгершілік тұжырымдамасының қалыптасуына ықпал еткен әлеуметтік-тарихи алғышарттар мен факторларды анықтау.
- Саттар Ерубаевтың шығармашылық мұрасындағы адамгершілік тәрбиесінің негізін құрайтын педагогикалық идеяларын айқындау.
- Саттар Ерубаевтың қазақ драматургиясы саласында ұсынған адамгершілік идеяларын жүйеге келтіру және оның тұлғаны қалыптастырудағы мүмкіндіктерін анықтау.
- Саттар Ерубаевтың «Әдебиет хрестоматиясы» оқулығының өзіндік ерекшеліктеріне сипаттама беру және адамгершілік тәрбиесіндегі әлеуетін негіздеу.
- Саттар Ерубаевтың шығармашылық мұрасындағы адамгершілік идеяларын жоғары оқу орындарында пайдалану бағыттарын анықтау.
Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері болып адамзат қоғамындағы рухани мәдениеттің тарихи, ғылыми, тұлғалық іс-әрекеттік ұстанымдары мен білім беруді дамытудағы саяси, әлеуметтік-экономикалық, педагогикалық, объективтік және субъективтік факторлардың өзара байланысындағы идеяларын тірек ететін философиялық тұжырымдама саналады.
Зерттеудің көздері: ҚР Үкіметінің деректі және нормативті құжаттары; Қазақстандағы мәдениет, мәдени құрылыс бойынша басылым көрген құжаттар жинағы; архив материалдары мен құжаттары (ҚР МОА, ҚР Білім және ғылым министрлігі, Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеті) ; мерзімді баспа материалдары; ҚР Білім және мәдениет министрлігінің әр жылдардағы есебі, Қазақстандағы педагогикалық ойлардың дамуына арналған білім беру жүйесінің дамуын сипаттайтын әдеби көздер, ғалымдардың еңбектері.
С. Ерубаевтың шығармашылық еңбектері және оның шығармашылық-педагогикалық қызметіне арналған ғалымдардың, жазушылардың еңбектері (монографиялары, кітаптары, диссертациялары, мақалалары және т. б. ), сондай-ақ автордың педагогикалық және зерттеушілік тәжірибесі.
Зерттеу әдістері: тарихи-педагогикалық, жалпы педагогикалық әдебиеттерді, архив материалдарын теориялық талдау; тарихи деректемелерді, тұжырымдамалық идеяларды, көзқарастарды салыстырмалы түрде талдау; алынған нәтижелерді, тұжырымдарды жүйелеп, қорытындылау.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы және теориялық мәні:
- Саттар Ерубаевтың адамгершілік тұжырымдамасының қалыптасуына ықпал еткен әлеуметтік-тарихи алғышарттар мен факторлар анықталды.
- Саттар Ерубаевтың шығармашылық мұрасындағы адамгершілік тәрбиесінің негізін құрайтын педагогикалық идеялары айқындалды.
- Саттар Ерубаевтың қазақ драматургиясы саласында ұсынған идеялары жүйеге келтірілді және оның тұлғаны қалыптастырудағы мүмкіндіктері анықталды.
- Саттар Ерубаевтың «Әдебиет хрестоматиясы» оқулығының өзіндік ерекшеліктеріне сипаттама берілді және адамгершілік тәрбиесіндегі әлеуеті негізделді.
- Саттар Ерубаевтың шығармашылық мұрасындағы адамгершілік идеяларын жоғары оқу орындарында пайдалану бағыттары анықталды.
Зерттеу кезеңдері: Бірінші кезеңде (2006-2007 жж. ) зерттеу проблемасы бойынша тарихи-педагогикалық әдебиеттер зерделенді. Мұрағат материалдары жинақталып, талдау берілді. С. Ерубаевтың қоғамдық, шығармашылық, педагогикалық қызметі жүйеге келтіріліп, зерттеудің ғылыми аппараты айқындалды.
Екінші кезеңде (2007-2008 жж. ) С. Ерубаевтың қоғамдық, шығармашылық, педагогикалық қызметінің бағыттары айқындалып, шығармашылық мұрасындағы адамгершілік идеялары жүйеге келтіріліп, жан-жақты сипаттама берілді және оларды білім беру жүйесіне ендірудің мүмкіндіктері анықталды.
Үшінші кезеңде (2009-2010 жж. ) зерттеу жұмысының нәтижелері қорытындыланып, элективті курс бағдарламасы, әдістемелік ұсыныстар даярланды, оларды оқу-тәрбие үдерісінде тиімді пайдаланудың жолдары анықталды, диссертация талапқа сай рәсімделді.
Зерттеудің практикалық мәні: студенттерге арнап «Саттар Ерубаевтың адамгершілік мұрасы» атты элективті курс бағдарламасы және С. Ерубаевтың педагогикалық идеяларын пайдалануға байланысты әдістемелік нұсқаулар даярланды.
Зерттеу нәтижелерін жоғары және арнайы орта педагогикалық оқу орындарында «Педагогика тарихы», «Этнопедагогика» пәндерін оқыту барысында және бүгінгі заман талабына сай жаңа буын оқулықтарын даярлауда, педагогика тарихы пәні бойынша оқу құралдарын жасауда, педагог кадрлар біліктілігін жетілдіретін институттарда пайдалануға болады.
Қорғауға мынадай қағидалар ұсынылады:
- Саттар Ерубаевтың адамгершілік тұжырымдамасының қалыптасуына ықпал еткен әлеуметтік-тарихи алғы шарттар және факторлар.
- Саттар Ерубаевтың шығармашылық мұрасындағы адамгершілік тәрбиесінің негізін құрайтын педагогикалық идеялар.
- Саттар Ерубаевтың қазақ драматургиясы саласында ұсынған адамгершілік жүйесі және оның тұлғаны қалыптастырудағы мүмкіндіктері.
- Саттар Ерубаевтың «Әдебиет хрестоматиясы» оқулығының ерекшеліктері мен адамгершілік тәрбиесіндегі әлеуеті.
- Саттар Ерубаевтың шығармашылық мұрасындағы адамгершілік идеялары негізінде жасалған элективті курс пен әдістемелік нұсқаулардың мазмұны.
Зерттеудің дәлелділігі мен негізділігі алғашқы ұстанған көзқарастың әдіснамалық тұрғыда дәлелденуімен, қойылған міндеттерге қарай кешенді зерттеу әдістерін пайдаланумен, архив материалдарына, теориялық әдебиеттерге объективті талдау жасау және жоғары мектептің оқу-тәрбие үдерісіне тиімді ендірілуімен қамтамасыз етіледі.
Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және практикаға ендіру.
Диссертациялық жұмыстың негізгі қағидалары мен нәтижелері Халықаралық (Алматы 2009, 2010, Түркістан 2009, 2010, Шымкент 2010) ғылыми-теориялық және ғылыми-практикалық конференцияларда, Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің, Академиялық инновациялық университетінің ғылыми-әдістемелік семинарларында, сонымен қатар мерзімді ғылыми-педагогикалық басылымдарда, әдістемелік нұсқауларда көрініс тапты.
Диссертация құрылымы. Диссертация кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Кіріспеде зерттеудің көкейкестілігі, объектісі, пәні, мақсаты, міндеттері, әдіснамалық және теориялық негіздері, зерттеу көздері, әдістері, негізгі кезеңдері, қорғауға ұсынылған негізгі қағидалар, ғылыми жаңалығы мен теориялық және практикалық мәні, нәтижелердің дәлелділігі мен негізділігі көрініс алады.
« С. Ерубаевтың шығармашылық жүйесінің адамгершілік қайнары » атты бірінші бөлімде С. Ерубаевтың адамгершілік көзқарасының қалыптасуына ықпал еткен факторлар қарастырылады. С. Ерубаевтың адамгершілік тұжырымдамасын қалыптастырудағы негізгі кезеңдер мазмұндалады. С. Ерубаевтың шығармашылық жүйесінің өзіндік ерекшеліктері және оның білім беру саласындағы көрінісі баяндалады.
« С. Ерубаевтың шығармашылық мұрасындағы адамгершілік тәрбиесінің мазмұны » атты екінші бөлімде С. Ерубаев шығармашылығындағы адамгершіліктің жетекші идеялары көрініс алады. С. Ерубаевтың қазақ драматургиясы саласындағы идеялары және оның адамгершілікті қалыптастырудағы мүмкіндіктері қарастырылады және «Әдебиет хрестоматиясы» оқулығына мазмұндық сипат беріліп, тәрбиелік әлеуеті анықталады. С. Ерубаевтың шығармашылық мұрасын жоғары оқу орындарында пайдалану жолдары көрсетіледі.
Қорытындыда зерттеудің негізгі нәтижелері тұжырымдалады және оларды пайдалануға байланысты ғылыми-әдістемелік ұсыныстар беріледі.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Қазіргі жаңа қоғам жағдайында оқушылар тұлғасын қалыптастыру жүйесінде адамгершілік тәрбиесінің маңыздылығы бұрынғысынан да артып отыр. Бұл бірқатар мәселелердің шешімімен байланысты: әрбір адамды әлеуметтік және моральдық тұрғыда қорғауға кепілдік беретіндей отбасында, мектепте, ұжымда таза моральдық жағдай жасаумен, адамның намысына тиіп, жазықсыз жәбірлеп-қорлағандарды, қоғамдық моральдың ережелеріне қайшы келгендерді табандылыққа, беріктілікке тәрбиелеумен, адамгершілік парыз сезімін меңгерген және өзінің тәртібі мен ұжымның басқа мүшелерінің тәртібіне жауапкершілігі бар адамды тәрбиелеумен және т. б. .
«Адамгершілік» ұғымына адамзат мәдениеттілігінің әрбір даму кезеңдерінде әртүрлі түсініктемелер берілді, әйтсе де ол тұлға мен қоғамның рухани саулығына қызмет атқаратын «руханилық», «мораль» ұғымдарымен, яғни адамдардың мінез-құлқымен, тәртіп-әдебімен, істеген әрекетімен, адамзаттың адамгершілікті-этикалық өлшемдерімен өзгеріссіз байланысты болды.
Адамның адамгершілігін қалыптастыру проблемасына кезінде көптеген ұлы ағартушылар мен педагогтар (Ж. Ж. Руссо, Я. А. Коменский, К. Д. Ушинский, А. Құнанбаев, Ы. Алтынсарин, С. Т. Шацкий, А. С. Макаренко, В. А. Сухомлинский және т. б. ) назар аударып, құнды идеялар ұсынған. Оларды практикалық тұрғыда ой елегінен өткізу, оқушылардың оқу-тәрбие процесінде бүгінгі қоғам талабынан шығатындай адамгершілігін қалыптастыру проблемасын жасауда, алғашқы әдіснамалық бағдарын анықтауда практикалық тұрғыда ой елегінен өткізу, оқу-тәрбие үдерісінде оқушының адамгершілігін қалыптастырудың бүгінгі проблемасын жасауда және алғашқы әдіснамалық бағдарды айқындауда ықпал етеді.
Адамгершілік тәрбиесінің теориясы бірқатар педагог ғалымдардың зерттеулерінде бірнеше бағытта көрініс алды: адамгершілік тәрбиесі - оқушылардың адамгершілік қатынасының педагогикалық басқару (О. С. Багданова, С. В. Черенкова және т. б. ), оқушы тұлғасының моральдық танымы мен тәртібіндегі адамгершілік тәрбиесі (В. И. Петрова, В. Е. Гурин және т. б. ), оқушы тұлғасында адамгершілік сенімді қалыптастыру (Е. В. Бондаревская және т. б. ), оқушылардың тұлғалық қатынасы арқылы адамгершілік тәрбиесін жетілдіру (Н. И. Болдырев, Л. Ю. Гордин, И. С. Марьенко және т. б. ), қоршаған ортаға эмоциональдық-рациональдық қатынасты дамыту арқылы адамгершілікті белсенді тұлғаны қалыптастыру (Л. И. Рувинский, М. Г. Тайчинов, А. В. Зосимовский және т. б. ), адамгершілік тәрбиесінің мазмұны мен әдістерін жетілдіру арқылы қалыптастыру (В. М. Коротов, И. Ф. Харламов және т. б. ) .
Адамгершілік тәрбиесінің проблемасы психологтардың зертеулерінде де жан-жақты қарастырылады . Солардың ішінде, әсіресе, Н. К. Гончарова мен Б. Г. Ананьевтің еңбектері аса маңызды. Егер, Н. К. Гончарова тәрбие мақсаттары тұлғаның адамгершілікті бейнесінде сыртқы талаптардың жүйесі ретінде көрініс алуымен бірге, оның ішкі қажеттілігінде де бекуі керек десе, Б. Б. Ананьев тәрбие мақсаттары, тұлғаның адамгершілікті ерекшеліктерінде, тек қана адамның маңызды күшінің көпжақтылығына сәйкестендірілген тәрбие жүйесімен тиімді жүзеге аса алады деп ой тұжырымдайды.
Әлбетте, адамгершіліктің негізі - гумандық, гумандықтың негізі - адамгершілікті мораль болып саналады. Моральдық ережелер екі этикалық философиялық категорияға негізделеді: жақсылыққа және жамандыққа. Моральдық ережелер мен талаптардың, әрқилы тарихи ғасырларда өздеріне тән сипаты болды, олар сол заманның әдет-ғұрыптарынан, салт-дәстүрлерінен, мәдениетінен көрініс береді.
Адамгершілік тәрбиесінің мазмұны - адамның тұрмыс өлшемдерінің маңызды бейнесі, білім беру мазмұнында көрініс алған оның әлеуметтегі, рухани ортадағы, табиғаттағы көзқарасы мен іс-әрекеті. Білім мен іс-әрекет тәсілдерінен басқа ол шығармашылық іс-әрекет тәжірибесі мен эмоциональдық- құндылық көзқарас тәжірибесін қарастырады.
Адамгершілік тәрбиесінің қоғамдық функциясы бүгінгі өмір талабы мен нақты іс-әрекетке сәйкес жеткіншек ұрпақтарда тұрақты адамгершілікті сезім мен моральдық мінез-құлықты қалыптастыру, дағды мен әдетке баулу болып табылады. Оқушылардың қоғамға, адамдарға, өзіне деген көзқарасын санамен түсінуі, осы көзқарасты моральдық өлшемдердің негізінде түзетуі оқушылардың адамгершілік тәрбиесінің қажетті шарттары болып саналады.
Адамгершілік тәрбие процесі мынадай тұлғалық қасиеттер арқылы жүзеге асырылады: моральдық еріктік (адамгершілік тәрбиесі міндеттерін жүзеге асырудағы мақсаттылық; өзінің сеніміне деген беріктілік және оны қайсыбір жағдайда болмасын дәлелдей білу; талап қоюдағы табандылық пен бірізділік; барлық балаға бірегей әділетті көзқарас; ақылға сала білу; оқыс жағдайларда тұрақты адамгершілікті мінез-құлық, байсалдылық көрсете білу, өзін-өзі ұстай білу және т. б. ) ; эмоциональдық-адамгершіліктік (нақтылық, ширақтық, эмоциональдық-қайырымдылық, педагогикалық такт, шыдамдылық, сыртқы адамгершілікті жағдайларды ішкі тұлғалық ұстамдылықпен қабылдау, белсенділік, шапшаңдық, мейірімділік, инабаттылық және т. б. ) ; дүниетанымдық (гумандық, патриоттық, отансүйгіштік, елжандылық, анаға, әкеге, балаға махаббат және т. б. ) .
Адамгершілік тәрбиесі мәнінің маңызды ұғымдары жүйесінде тұтас жүйе ретінде адамда - адамгершілікті сананы , адамгершілікті сезімді, адамгершілікті сенім мен әдетті қалыптастыруды ерекше саралап көрсету керек.
Адамгершілікті сананы қалыптастыру үдерісі балалық шақтан отбасында, бала бақшада басталады, мектепте адамгершілікке қойылатын талаптар арта түседі. Оқушылар адамгершіліктің көптеген күнделікті әрекеттерінің ережелерін, өлшемдерін, талаптарын меңгереді, олардың мінез-құлқында адамгершіліктің жағымды қасиеттері (шыншылдық, әділдік, үлкенге сыйластық, көзқарас, инабаттылық, ибадаттылық және т. б. ) қалыптасады.
Адамгершілікті сезім өзінің әлеуметтік мазмұны жағынан адамның қоғамдық болмыстың әр саласына - адамдарға, өз-өзіне, қоғамдық өмірдің кейбір құбылыстарына, қоғамға субъективті көзқарасын көрсетеді. Адамгершілікті сезімді басшылыққа ала отырып, адам болған жағдайларға еріксіз, тікелей назар аударады, өткендегі тәжірибесін қолма-қол эмоциональдық сезіммен есіне түсіреді.
Адамгершілікті санада сенім жетекші орын алады , оның негізі болып ұғымдық жүйе саналады. Ол тұлғаның тұрақты бағытын, қоғамдық ережелерді оның түсінуін, қабылдауын немесе қабылдамауын анықтайды. Тұлғаның адамгершілікті сенімі адамның мінез-құлқын және ұйымдасқан, белгілі бір мақсатты ұстанған адамгершілік тәрбиесін бағыттаушы жүйе ретінде моральдың ықпалымен қалыптасады. Адамгершілікті сенім жаттап немесе біреуден қарызға алынбайды, ол тұлғада оқу процесінде, тәрбиеде, өзін-өзі тәрбиелеуде қалыптасады.
Адамгершілікті қасиеттерді қалыптастыру жүйесінде әдет пен мінез-құлықтың маңызы ерекше. Әдет - бұл адамның қажеттілігіне айналатын және түрлі жағдайларда көрініс алатын мінез-құлықтың тұрақты формасы .
Адамгершілікті әдеттерді тәрбиелеу және оларды тұлғаның тұрақты қасиеттеріне баланың мінез-құлқында қажетті себеп-салдар (мотив) болғанда ғана айналдыруға болады. Осыдан барып тәрбие жұмысының маңызды міндеті - соңында әдет болатын және тұлғаның тұрақты қасиетіне айналатын мінез-құлықтың нақты формаларына баланың жағымды көзқарасын қалыптастыру туындайды.
Тұлғаның адамгершілігін қалыптастыру әртүрлі әдіс-тәсілдер, амал-жолдар, құралдар арқылы жүзеге асады. Олар қоғамда қабылданған ережелер мен талаптарға сәйкес (үйрету, адамгершілік әдет, сенім, күмандану, бетіне басу, үлгі ету, тыйым салу және т. б. ) қоғамдық мінез-құлықтың практикалық тәжірибесін қалыптастырады, адамгершілікті көзқарасты шыңдайды, баға беріп, пікір айтуға дағдыландырады (моральдық-этикалық тақырыптарға әңгіме, диспут өткізу, көркем әдебиеттерді оқып талдау, телекөріністер, жағымды үлгі, қолдау, мақтау, мадақтау, жаттықтыру және т. б. ) .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz