Әсет Найманбайұлы «Бақтиярдың қырық бұтағы» циклдік топтамасының жанрлық ерекшеліктері.Көкбай шығармашылығындағы Абай дәстүрі.Абайдың ақын шәкірттері


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 22 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ШӘКӘРІМ АТЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ

СӨЖ №5-7

Тақырыбы: Әсет Найманбайұлы «Бақтиярдың қырық бұтағы» циклдік топтамасының жанрлық ерекшеліктері. Көкбай шығармашылығындағы Абай дәстүрі. Абайдың ақын шәкірттері (реферат)

Пәні: Әдеби өлкетану

Тобы: Қ-217

Орындаған: Султанмуратова Ф. Қ

Тексерген: Жүндібаева А. Қ

ӘСЕТ НАЙМАНБАЙҰЛЫ «БАҚТИЯРДЫҢ ҚЫРЫҚ БҰТАҒЫ» ЦИКЛДІК ТОПТАМАСЫНЫҢ ЖАНРЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Әсет Найманбайұлы (1867 - 1923) - қазақтың атақты әнші - композиторы, суырыпсалма ақыны. Қарқаралы уезінің Темірші болысына қарайтын 8 ауылда ( қазіргі Қарағанды облысы, Қоңырат ауданы, «Қызыларай» колхозы ) туған. Осы маңдағы Керегетас, Қызыларай таулары мен Қаршығалы өзенінің бойы Әсеттің атамекені болған.

Әсет жеті-сегіз жасында Көктума да ( қазіргі Семей облысы, Мақаншы ауданы, Бахты ауылы ) Зейнулла имамның медірессесінде оқиды. Он төрт-он бес жасқа келгенде әкесі өліп, Көктал болысындағы нағашысына барады. 14 - 15 жасында - ақ ақындық, әншілік өнерімен танылған. Әсет - ең алдымен ақын. Оның кейбір өлеңдері құдайға сыйыну, дінді уағыздау сарыны байқалады.

Әсет - асқақ әнші, дарынды халық композиоры. Арқаның Ақан Сері, Біржан Сал, Құлтума, Жарылғапберді, Үкілі Ыбырай т. б. Әнші - композиторларының тамаша дәстүрі Әсеттің орындаушылық өнеріне, композиторлық шығармаларына зор ықпал еткен. Қоянды жәрмеңкесіне барып, Рысжанмен айтысқан сапарында Үкілі Ыбырай, Жарылғапберді әндерін естіген. Осы бір өнер сапарының нәтижесінде Әсет үлкен шығармашылық толғанысқа түсіп, «Шама», «Әсет», «Майда қоңыр», «Мақпал», «Қайшақбай» сияқты әндерін шығарған. Оның «Үлкен Ардақ», «Кіші Ардақ», «Еркем - ай», «Қаракөз» әндерінен де Арқа әндерінің кең тынысты шалқымалы әуені сезіледі.

1916 жылы патша жарлығына байланысты дүрлікке елмен бірге Әсетте Қытайға өтіп кетеді. Ұлы Қазан төңкерісінің жеңісін, оның халыққа әкелген теңдігін, бақытын естігенде Әсет Отанын аңсайды, өз еліне келуді армандайды. Көп ұзамай Әсет әншілігімен жұрт көзіне түсе бастайды. Ол осы елде үйленіп, тұрып қалады да шешесін қолына алдырады. Әсет 1923 жылы Құлжа қаласында қайтыс болған.

Әсет ойға жүйрік, көркем сөзге шебер, тілге бай ақын. Тегі әншілік өнеріне ден қойғанынан болу керек, өзінің ақындығына көп мән бермей келіп, ақыры өлер алдында «кейінгі ұрпаққа Абайша сөз қалдырмадым деп қатты өкінеді. Әсеттің тағы бір ерекшелігі күрделі сюжетті поэмалар жазуды да машықтаған. Қай шығармаларын алсақ та оның үлкен өнер иесі болғандығы көрініп тұр. Әсет қолына қалам алып, «Ағаш ат», «Үш жетім қыз», «Шакыр-шакырат», «Жамсап», «Франсұз ханы жайлы хикая», «Нұғыман-Нағым», «Бақтияр», «Дастарқан», т. б қисаларды жазғаны белгілі. Бұл қисаларында ақын Араб-Парсының классикалық жырларының оқиғасы мен стилін жадағай қайталамай, керісінше өз дәуіріне тән ұлттық ерекшеліктерімен байыт-

қан. Қисалардың оқиғасы Араб, Парсы елдері- нің Бағдат, Басра, Мысыр, Шам шаһарларында, шығыстық елді-мекендерде өтіп жатады. Алай-да, ондағы сан алуан шытырман оқиғалар, қым-қуыт тартыстар қазақтың фэодалдық қоғамына тән патшалық, хандық өмір шындығына көшіріле баяндалады.

“Бақтиярдың қырық бұтағы” немесе « Бақтияр-наме» - парсы тілінде жазылып, шығыс елдеріне кең тараған тармақты қисса-дастандар топтамасы, көне әдеби ескерткіш. Ең ескі нұсқасы 1296 жылғы қолжазба болып есептеледі. “Бақтиярдың қырық бұтағы” - “Мың бір түн”, “Сандыбаднаме” сияқты ескерткіштермен тектес туынды. Бірқатар зерттеушілер “Бақтиярдың қырық бұтағын” Шығыс Түркістан өңірі қазақтарының қисса-дастаны, “қырық бұтағы” ретінде қарайды. Алайда, “Бақтиярдың қырық бұтағы” қырық қиссамен шектелмейді. Қазақ ұғымында жеті, тоғыз, қырық сандары киелі, көптікті білдіреді. “Бақтиярдың қырық бұтағы” - Шыңжаң өлкесіне тараған екі жүзден астам қисса-дастандар топтамасы. Сол топтамадағы “Шәкір-Шәкірат”, “Қасым жомарт” дастандарын Жүсіпбек Шайқысламұлы, “Шеризат”, “Нұғыман-Нағым”, “Ағаш ат” дастандарын Әсет Найманбайұлы шығыс сюжетінен алып жазған. “Бақтиярдың қырық бұтағында” елді мекен, кісі аттары көбіне арабша, парсыша болғанымен, оқиға қазақы дәстүрде айтылады. Қазақ ақындарының араб-парсы әдебиетінен келген сюжетті өңдеп, жырлауы нәтижесінде, қазақтың бай ауыз әдебиетімен ұштасып, төл туындыдай сіңісіп кеткен. “Бақтиярдың қырық бұтағы” - назиралық үлгіде жырланған.

Аталған қазақ кітабының шежіресінің 226 бетінде, «Бақтияр қиссасы, өлең қылушы Жанұзақ ақын, бастырушы: Бектуған Сиқымбайұғлы, Уфа, «Шарқ» мәтбағасы, 1916жыл» деген анықтама берілген екен.

Әсет шығармаларын жинақтаушылар немесе оны айтып берушілер сөз болғанда ел ішіндегі әңгіме арасында Жанұзақ ақынның аты да ауызға көп алынады. Демек, Жанұзақтың Әсеттің шығармаларын жаттап таратаушы емес, Әсетпен қатар өмір сүрген көрнекті ақын екенін байқаймыз. Олай болса, Жанұзақ арқылы жеткен дейтін дүниелер де күдігімізді ұлғайта түседі.

Осы ойлардың ізімен біз ендігі жерде тағы да Уфа нұсқасындағы «Бақтияр қиссасы» мен «Әсет шығармаларындағы» «Бақтиярды» салыстырып көрелік.

Уфа нұсқасындағы «Бақтияр қиссасы» 2007 жылы Алматыда «Толағай» баспасынан жарық көрген Жанұзақ Шыңанұлының «Бақтиярдың қырық бұтағы» атты толғауларымен дастандар жинағына кіріпті. Ақын мұрасын жинақтап, баспаға тапсырғандар Ахметолла Қалиұлы мен Құсман Игісін.

Енді екі нұсқаны салыстырып көрелік:

Шынжаңдағы «Әсет шығармалары» нұсқасы:

Ал сөйле тілім сенің бұлбұл шағың,

Бұйрықсыз кім алады кімнің бағын,

Жамағат құлақ салып тыңдасаңыз,

Сөйлейін Бақтиярдың бір бұтағын.

Бақтияр артық туған жан екен ғой,

Жазылған өкпесіне дана екен ғой.

Әкесі Бақтиярдың ей жарандар.

Дейтұғын Азатбақыт хан екен ғой.

Уфа нұсқасы:

Сөйлесем тілім сенің дүлдүл шағьщ,

Бүйрықсыз кім алады кімнің бағын.

Жамағат, қүлақ салып тыңдасаңдар,

Сөйлейін Бақтиярдың бір бүтағын.

Олар бір артык туған жан екен гой,

Өкпесіне жазылған дана екен ғой.

Бақтиярдың әкесі, ай, жамағат,

Азат Бакыт дейтүғын хан екен ғой.

Осыдан кейінгі баяндауларда ұқсас шумақтар аса көп емес. Деседе, бет сайын ұқсас жол, ұқсас шумақтар кездесіп отырады. Осыған қарап «Әсет шығармаларындағы» «Бақтиярдың», «Бақтиярдың қиссасынан» туғанын анық білеміз. Ал, «Бақтиярдың қиссасын» Жанұзақ Шыңанұлының өлеңге айналдырып, 1916 жылы Уфадан кітап етіп шығарғанын айтып өттік.

«Қазақ кітабының шежіресін» құрастырып, ескі тарихымыздың елеусіз қалған беттеріне бір кісідей үңілген көрнекті ғалым Үшкөлтай Суханбердинаның пайымын ескерсек Бахтияр Х ғасырда өмір сүрген Сарай ақыны екен. Демек Бахтиярға қатысты жырлардың түп-төркіні де тым тереңде жатса керек. Бұл туралы «Қазақ совет энциклопедиясының» 2 том, 212- бетінде мынадай жолдар бар:

«Бақтияр және оның қырық бұтағының араб, парсы әдебиетінен өзлестіріп, қазақыластыра жырлаудан туындағаның атап көрсету керек. Оның сюжетінің түп төркіні орта ғасыр парс тілінде жазылған «Бақтиярнама» атты байырғы шығарма болса керек. «Бақтиярнаманы» қашан, кім жазғаны мәлімсіз болғанымен оның 1296- жылы жазылған қолжазба нұсқасының сақталғаны, Шығыс және Ота Азия елдеріндегі бір қыдыру ұлттардың білімен аударылғаны, бұл шығармада Азатбақыт атты хан мен он уәзір жайындағы оқиға баяндалатынағы туралы деректер кезігеді.

Қалай болған күндеде, «Бақтиярды» жаңғыртып жырлаған немесе өлеңге айландырған адамның Жанұзақ ақын екені тарихи факті көрсетіп отыр. Мейлі Шынжаң жағы болсын, мейлі Қазақстан жағы болсын «Бақтиярды» Әсеттікі дейтін пәтуа еш жерден кезікпейді. Олай болса «Әсет шығармаларындағы» «Бақтияр» кітап құрастырушылар тарапынан кеткен «олпы -солпылықтың» үлкені болса керек.

Әсеттің авторлығындағы «Үш жетім қыз» туралы да күдікті ойлар бар. Аталған «Қазақ кітабінің шежіресінің» 85-бетінде 1897-жылы «Үш қыз» атты қиссаның жарияланғанын тіркеген. Орайы келгенде осы екі нұсқада салыстырып көруді қажет етеді. Жазушы Зейнолла Сәнікұлы «Атаның алтын іздері» (Іле халық баспасы, 2002 жыл, Күйтүн) атты кітабында да «Адамның бұлбұлы, ақынның дүлдүлі» деген атпен Әсетке арнайы тоқталады. Кітаптың 465- бетінде: «Қазақстанда шыққан Әсет дастандарының қатарына «Үш баланың әңгімесің», «Кешубай», «Өнегин мен Татияна», «Ағаш ат», «Үш жетім қыз», «Салиқа -Сәмен», «Барат Қыз», «Шеризат», «Нұғыман нағым», «Перизат» т. б. енгізілген. Олар (Қазақстан жағы демекші - Ж. Ш. ) Әсеттің «Кешубайдан» басқа қазақ өмірінен жазылған қиссасы жоқ» деп есептеген. «Мұңлы қыз» толғауында «оның көркемдігі, өлең табиғаты Әсет шығармаларына ұқсайды» деп дүдәмәл көзқараспен кіргізген.

Әсет атына жазылып отырған бұл дастандардың кейбірін біз «Бақтиярдың қырық бұтағының құрамына» енгізіп, оны Әріпжанның әкесі Жанұзақ ақын шығарған деп жүрміз. Бірақ, анық-қанығын айырмай жатып, біреудің атына тели салсақ, бұл да аруақ алдында қиянат болар» деген пікір білдіреді.

Сондай екіұшты дүниелердің бірі - Әсет ақынның «Бақтиярдың қырық бұтағы» топтама дастандарын жырлаушылардың бірі болуы. Жалпы қазақ әдебиетінде циклді дастандар тобына жататын «Бақтиярдың қырық бұтағын» жырлаушы - Жанұзақ ақын. Жанұзақ нұсқасын Шыңжан өлкесіндегі қазақтар арасына таратқан ақынның баласы, Әсеттің ақын шәкірті, үлкен жыршы - Әріпжан Жанұзақұлы. Бұл тармақты қиссаларды Әсет те жырлаған. Тіпті, қырық бұтаққа қырық дастан арнауға өзіне мақсат қойған, - деген сөз бар ел арасында. Бірақ, қазақ қиссаларының ішінде «қырық бұтаққа» жататын қиссалардың басы біріктіріліп, жинақталды ма, оларды қай ақындар жырлаған, әр ақынның бір оқиғаға жазылған қиссаларына салыстырулар жүргізілді ме?- деген сауалдар төңірегінде нақты зерттеулер болмағандықтан, Әсет қиссаларының бұл топтамасына бас сұғып, пікір айту әлі ертерек сияқты. Мәселен, қытайда шыққан екі томдыққа осы «қырық бұтаққа» кіретін деген Әсеттікі ретінде бізге таныс емес «Алтын балақ ақ сұңқар», «Бақтияр», «Дастархан», «Жамсап», «Нұғыман - Нағым» деген дастандар енген. Енді осы қиссалардың бәрі Әсеттікі дейтін дәлел керек. Дәлел текстологиялық, тарихи-салыстымалы т. б. зерттеулер арқылы ғана келеді. «Қырық бұтаққа» қосқан әр ақынның үлесін айқындап барып, оларды өзара салыстырғанда ғана «Бақтиярдың қырық бұтағы» деген көне әдеби ескерткіштің қазақ даласындағы тамаша үлгісі өз дәрежесінде көрініп қана қоймай, оны жырлаған қазақ ақындарының әдебиеттегі тұғыры биіктей түсер еді. Сондай-ақ, Әсет ақынның көлемді шығармалары туралы айтқанда біз естімеген «Омар патша» деген дастанының болғандығы айтылып жүр.

Әсет шығармаларын жариялауда «Абай» журналы айтарлықтай істер атқаруда. «Француз патшасының баласы» (Абай, 1994, №10), «Нұғман-Нағым» (Абай, 2002, №1), «Кертолғау» (Абай, 1998, №4), «Өнер», «Құмай торы», «Гүлзағипа-Гінәр төре» (Абай, 2003, №1) деген ел аузынан жетіп, кейбірі қытай жерінде басылған дастандары және бірнеше өлеңдері осы журналда жарияланып келеді. Дастан дегенімізбен «Кертолғау», «Өнер», «Құмай торы» - көлемі шағын шығармалар. Табиғаты жағынан бұлар толғауға, «Құмай торы» оқиғалы өтірік өлеңге келеді. Біздің сөз етіп отырған тақырыбымыз, негізінен, Абай мен Әсет арасындағы рухани байланыс болғандықтан, жеке бір ауқымды тақырыпқа жүк боларлық ақынның көлемді туындыларына қатысты көкейкесті-ау деген тұстарына ғана назар аудардық.

Әсет өлеңді ауызша да, жазып та шығарған дегенімізбен, суырыпсалмалығы басым болған. Бізге жеткені - ел арасына тараған ақынның ән өлеңдері және ауызша біреуден-біреуге жеткен өлеңдері.

КӨКБАЙ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ АБАЙ ДӘСТҮРІ

Абайдың ақындық тәрбиесін көрген шәкірттердің ішінде ұлы ақынның қасында ширек ғасырдай жүріп, іні-досы болған Көкбайдың алар тұғыры өте жоғары. ХIХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында, төңкерістерге толы заманда өмір кешкен, ұлы Абайдай қазақ поэзиясының асқар шыңының ақындық тәлімін алған, артына мол әдеби мұралар қалдырған, ел ортасынан медресе, мешіт ашып, ұстаздық қылып, молда атанған, қажы Көкбай Жанатайұлының әдебиет тарихындағы алар тұғыры биік болғанымен, күні бүгінге дейін шығармалар жинағы жарық көрген жоқ еді. Соның сәті бүгін түскендей. Бұл күнді аңсап өткен жандар қаншама. Солардың ішінен Көкбай шығармаларын тірнектей жинаған Сейітқали Қарамендинді айрықша атап өткіміз келеді. Осы жинақты алғаш құрастырушылардың бірі де - С. Қарамендин. Оның болашақ Көкбай мұраларын жинап, зерттеушілерге айтып кеткен Аманаты бүгін орындалды деп білеміз.

Өз халқымыздың хандары туралы айту ұлтшылдық, "өзімдікі" деп таныған "өзгенің" хан-патшасын марапаттау ұлы достық болып табылған, соған лайықты стандартты коммунистік идеология кезінде Абылай хан, Кенесары мен Наурызбай ерліктеріне ыстық ықыласын білдіре отырып жырға қосқан Көкбай Жанатайұлының эпикалық шығармалары жарық көру, зерттелу түгіл, тар қапасқа қамалды. Ақынның жеке өмірі де саяси кінәлаулардан құр қалған жоқ. Сол заманда Көкбайдың діни бағыттағы өлеңдері ақын мұрасының зерттелуіне кедергі болды десек те, Ленин жөнінде жазған өлеңі ақынға еш көмегін тигізе алмады. Ақынның бай әдеби мұрасы: өлеңдері мен айтыстары, дастан-жырлары қаншама уақыт бойы зерттелусіз қала берді. Көкбайдың бай мұрасының өз алдына жеке жинақ болып жарыққа шықпауының өзі, ақын мұрасының зерттелу, жариялануының, халыққа кең тарамауының мөлшерін танытады.

Көкбай Жанатайұлының қолжазбалары қазіргі таңға толық жеткен жоқ. Ақын шығармалары шәкірттерінің, ағайындарының, жекелеген жинаушылардың орасан зор еңбегінің нәтижесінде сақталды. Көкбай ақын туралы алғашқы там-тұмдаған пікірлер 1933 жылдан бастап көріне бастады. К. Жанатайұлының Абай тәлімін алған талантты шәкірті екендігіне, ұлы ақынның дәстүрін жалғастырушы болғандығына тұңғыш ғылыми тұрғыда анықтама берген М. О. Әуезов еді. М. Әуезов 1934 жылғы "Абай ақындығының айналасы" мақаласында Абайдың төрт ақын шәкіртінің бірі деп Көкбайды атайды.

Мұхтар Әуезовтің 1933 жылдан бастап Көкбайға жанашырлықпен қарауы, ақын мұрасын зерттеп, жақсы баға беруі басқа әдебиетшілерге үлкен әсерін, ықпалын тигізеді. Отызыншы жылдардың аяғы мен қырқыншы жылдардың басынан бастап Көкбайдың өлеңдері мен поэмалары жинала бастайды. Ертелі - кеш ел аузынан жиналған ақын шығармаларының қолжазба нұсқалары Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Орталық Ғылыми кітапхана қорында және Әдебиет және өнер институтының қолжазба бөлімінде сақтаулы. Көкбай шығармаларын осы кезден бастап жинаушылар деп Садық Қасиманов, Ермұхамбет Жексембаев, Есентай Бердин, Кенжебаев Қасен, Күсембек Байғұттыұлы, Абдулғафар Шайх әл-Рази сияқты адамдарды атаймыз.

М. О. Әуезовтің К. Жанатайұлының өмірі мен әдеби мұрасына арналған Абай монографиясының жеке бөлімі "Көкбайдың ақындығы" атты мақаласы алғаш рет 1988 жылы шыққан "Абайтанудан жарияланбаған материалдар" кітабында жарық көрді. "Көкбайдың ақындығы" деп аталатын бұл қолжазба К. Жанатайұлының ғұмырнамасы мен әдеби мұрасына қысқаша ғана тұжырымдама жасаған мақала болғанымен, Көкбай ақын турасында жазылған ең алғашқы толық еңбек. Елуінші жылдардағы Көкбайтанудағы қомақты еңбек деп Қ. Мұхамедханұлының "Абайдың әдебиет мектебі" атты кандидаттық диссертациясын атаймыз. Ғалым Көкбайды Абайдың ақындық дәстүрін жалғастырушылар, дамытушылар, артына әдеби мұра қалдырған ақын шәкірттер қатарында қарастырады.

Өткір тілді, ұшқыр ойлы, импровизатор ақын К. Жанатайұлы 1861 жылы 26 маусымда Шыңғыстаудың етегінде, Тақыр өзенінің бойында, қазіргі Абай ауданының Көкбай аулында дүниеге келген. Көкбай Тобықты ішінде Көкше руынан. Ақын өзі туралы:

Тобықты арғы тегім, затым-Көкше,

Жасым кіші болса да, сөзім кексе.

Жанатай - әкем аты, атым - Көкбай

Сеңгірдей тасқа шыққан еп-ерекше, - дейді.

Көкбай алғашқы сауатын ауылда Төлетай деген молдадан ашады. Баласының тек өлең-жырға ғана емес, өнерге, оқуға бейім екендігін, зеректігін, ұғымталдығын байқаған әкесі оны Семей қаласына жібереді. Көкбай қалаға келіп, мешіт жанындағы медреседе Қамали Қазіреттен мұсылманша дәріс алады. К. Жанатайұлы мұсылманша оқумен тоқталмай 1878 жылы үш сыныптық уездік училищеге түсіп оқиды. Орысша оқуға деген құштарлығы зор, әрі зейінді Көкбай училищеге түскеннен кейін өзінің зеректігін байқатады. Орыс тілі, арифметика, география, геометрия, сызу және татар тілі сияқты сабақтардан жақсы деген бағалар алған. Ауылдан, қырдан келіп орыс мектебінде оқу жылының бірінші жартысының өзінде сабаққа үлгеруі, тіпті жақсы бағалар алуы үлкен жетістік еді. Сөйтіп, Семейдің уездік училищесінде, Қамали медресесінде оқыған Көкбай елге келген соң үнемі Абай жанында болады.

Көкбай 1901 жылы Мұқыр болысына молда болып сайланады. "Семей облысы. Бұйрық N81. 1901. 10 сентябрь. Семей уезі Мұқыр болысына Көкбай Жанатайұлының молда сайлануы туралы бұйрық". Сонымен, Көкбай ұстазы Абайдың ақыл-кеңесімен, рұқсатымен 40 жасынан бастап Тақыр өзенінің бойындағы қорасының қасынан медресе салып, бала оқытуға кіріседі. Көкбай Жанатайұлы ел ортасында медресе ашып, ағартушылық іспен айналысуымен қатар, мұсылманға үлкен сауап болатын құдайдың үйі-мешіт салдырады. Мешіт 1908 жылы Абай қайтыс болғанына төрт жыл болған кезде толық салынып бітеді.

Көкбай ақын 1913 жылы Мекке, Мәдинеге барып өзінің мұсылмандық парызын өтеп қайтады. К. Жанатайұлы Тақырдағы медресесінде әрі ұстаз бола жүріп, сол кезде құрылып жатқан уездік земствоның мүшесі болған. 1920 жылдардан ауырып-сырқай бастаған Көкбай замана талабы сол болғандықтан, кеңес өкіметінің саясатымен өзге жолмен оқытатын оқу әдісіне, жүйесіне қарсылығын білдірмей, өзінің қаншама жыл ұстаздық еткен, маңдай тері, адал еңбегімен салынған медресесін жаңаша дәріс беретін мұғалімдерге босатып береді. Көкбай медресесі 1901 жылдан 1921 жылға дейін ескіше жұмыс істеген. 1921 жылы оны жаңа оқу жүйесімен оқытатын мұғалімге босатып береді. Онда 1928 жылға дейін мектеп болады.

К. Жанатайұлының денсаулығы жиырмасыншы жылдардың басынан бастап бұзыла бастайды. Көкбай дертінің бет алысынан секем алып, қорқып, жақсы дәрігерлерге қаралғанды жөн көреді. Сондықтан да ол 1922 жылы Омбы қаласына, 1923 жылы Мәскеуге барып емделіп қайтады. Ленинградта болады. Алайда К. Жанатайұлы меңдеп алған ауруынан оңала қоймайды. Сонда да ол ауруға мойымай, емделуді, мықты мамандарға барып қарала беруді жөн көреді. Ақырында К. Жанатайұлы ел-жұртымен қоштасып, бақұлдасып, 1925 жылдың қазан айының басында Мәскеуге бармақ болып жолға шығады. Бірақ бұл ақынның соңғы сапары болды. 1925 жылы Күшікбай кезеңінде ақын дүниеден қайтады.

Көкбай-Абай мектебінің адал ұлы. Өйткені ол-Абайдың ұлағатты принципін мықты ұстанған ақиқатшыл, шыншыл тұлға. Ол құдай берген табиғи дарынының, жаратылыс болмыс бітімінің арқасында Абай салған даңғыл жолдан таймаған ақын. К. Жанатайұлының ақындық талантының ұшталуына, дүниетанымдық көзқарасының кеңеюіне Абайдың, Абай мектебінің зор ықпалы болғаны белгілі. М. Әуезовтің өзі Көкбайдың ақындығы туралы сөз қозғағанда: "Ол кезде Абай айналасындағы бар ақынның ішінде суырып салма, импровизацияға ең жүйрік ақын Көкбай болғаны даусыз. Сол талантын бағалап, Абай бұны өзі жазып жүрген алғашқы өлеңдеріне ие ғып шығарады", - деп, Көкбайдың жай ақындардың бірі емес, талантты ақын екендігіне назар аудартады.

Көкбай, біріншіден, импровизатор ақын. Ақынның "Оспанға", "Мұсажанға", "Молдабайға", "Төребайға", "Сараңбайға", "Зағипаға" сияқты өлеңдерінің көпшілігі табан астында дүниеге келген. Ал, олардың көпшілігі бірқақпайлар болып келеді. Олар табан астында шығарылған бір, не болмаса екі шумақ көлеміндегі өлеңдер тобы. Бірқақпайлар көбінесе адам мінез-құлқындағы, не кереғар ісіндегі кемшіліктерді әжуалауға, яки болмаса әзіл-оспақпен келемеждеуге арналған. Көкбай өзі ұнатқан адамы болса пір тұтып, асқақтата, мақтауын асыра жырлаған.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Әсет Найманбайұлы «Бақтиярдың қырық бұтағы» циклдік топтамасының жанрлық ерекшеліктері жайлы
Әсет Найманбайұлы «Бақтиярдың қырық бұтағы» циклдік топтамасының жанрлық ерекшеліктері
Әсет Найманбайұлы шығармашылығы
Абай тұлғасы
Абайдың ақын шәкірттеріндегі дәстүр жалғастығы
Қазақ әдебиеті тарихында өзіндік қолтаңбасы қалған ақындық өнердің өрен жүйрігі
Абайдың әдеби ортасы және ақындық мектебі
Мұхамедханов және Абай мұражайы Семей таңы
АБАЙДЫҢ ӘДЕБИ ОРТАСЫ Монография
Абайдың ақындық мектебі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz