Қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы ақпарат


Қазақ халқының салт-дәстүрлері
Әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі бар. Оны музыка мәдениетінен, би өнерінен, қол өнерінен, тұрмысынан байқаймыз. Ән, күйлерді тыңдай отырып, билерін, ою-өрнектерін, зергерлік әшекей заттарын көре отырып, оның қай ұлтқа тән екенін ажырата білуге болады. Осылайша қазақ ұлттын да оңай ажыратуға болады. Қазақ халқының бұрыннан пайда болған салт-дәстүрлері басқа көршілес жатқан ұлттардың салт-дәстүрлеріне ұқсас болып келеді. «Қырғыз қазақ бір туған» деген мақал қазақ халқы мен қырғыз халықтарының бір-біріне өте ұқсас екенін көрсетеді. Сонымен қатар түркі тілдес халықтар да қазақ халқымен бір қандас болып келеді.
Қандай халықтың болмасын салт-дәстүрлері сол халықтың мінез-құлқын, қасиеттерін таныта алады. Мысалы. қазақтарға тән бауырмалдық, ақжарқындық, қонақжайлық. Әрине, бұл қасиеттер басқа халықтарда да кездеседі. Бірақ бұл қасиеттер әр халықта әр қырынан көрініс береді. Сонымен ұлттардың салт-дәстүрлеріндегі мінездері мен қасиеттері бір-біріне ұқсап, бірін - бірі толықтырады.
Қазақ халқының салт - дәстүрлері осы ұлттың мінез - құлқын, қасиеттерін көрсетеді. Кейбір салт - дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары сол халықтың тұрмысына, тәрбиесі мен мінезіне, сеніміне, ырымына қарай қалыптасып, келеді. Қазақта «Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа» деген мақал бар. Той - думандарда, жиындар мен мерекелерде орындалатын осы қазақ халқының салт-дәстүрлері оның ұмыт болмағанын паш етеді.
Қазақ халқының салт-дәстүрлері тіршілік кәсібіне, наным-сеніміне, өмірге деген көзқарастарына байланысты ұрпақтан - ұрпаққа берілгенде ауысып, өзгеріп, жаңарып отырады. Қазіргі уақыттың өмір ағымына байланысты кейбіреулері түрленіп қана қоймай жаңадан еніп те жатыр.
Салт-дәстүрдің ұрпак тәрбиесіндегі мәні зор: балатәрбиесіне, тұрмыс-салтқа, әлеуметгік мәдени салт-дәстүрлер болып үш түрге бөлінеді. Бала тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрыптарға баланың дүниеге келген күнінен бері жүргізілетін тәлім-тәрбиелерінен бастап, есейіп азамат болып кеткенге дейінгі кезеңі кіреді. Мысалы: шілдехана, сүйінші, балаға ат кою, бесікке салу, қырқынан шығару, тілін дамыту, тұсау кесу, атқа мінгізу, сүндет той, тіл ашар, ұл бала мен қыз баланы жанұя болуы мен шаруашылыққа, еңбекке, өмірге бейімдеу.
Тұрмыс-салт дәстүрлеріне қазақтың киіз үйі, киіз үйдің немесе тұрғын үй жиһаздары, ұлттық киімдер мен тағамдар, мал бағу, егіншілік, аңшылық, балықшылық, бағбаншылыққа қатысты кәсіптерге үйретудің тәлімгерлік түрлері енеді. Ал, әлеуметтік-мәдени салт-дәстүрлерге: қазақ ауылы, ауыл-адамдарының туыстық қатынасы, шешендік сөз өнері, қазақтың ұлттық әуен аспаптары, үйлену - үй болуға байланысты, қонақ күту, ұлттық мерекелерді өткізу сияқты түрлері кіреді.
Бұл кітапта қазақ халқында қазіргі күні ұмыт болмаған және жаңадан енген салт-дәстүрлер жиынтығымен таныса аласыздар.
Амандасу салты
Амандасу салты қазақ халықының ең үлкен дәстүрлерінің бірі. Үлкені мен кішісі бір-бірімен кездескенде бірінші амандасады. Жасы үлкен ер адамдар мен арасында амандасу салты «Ассалаумағалейкүм!» деген сөзден басталады) Бұның мағынасы жақсы тілекті білдіреді: «Сізге алланың нұры жаусын» деген сөз. Бұл сөзді жасы үлкен ер кісілермен әр түрлі жастағы ерлер амандасқанда жиі қолданады. Тілегін қабыл алып, қарсы адам: «Уағалейкүм ассалам!» деп оң қолын ұсынады. Ол: «Алланың рақымы сізге де жаусын!» деген сөзді біддіреді.
Осылай қол алысып, амандасып болғаннан кейін амандасушылар кезек-кезек отбасыларының, туған-туыстарының, бала-шағаның, мал-жанның халін сұрайды. Қонақжай қазақ халқы үйге келген қонақты төрге шығарып, жайғастырып отырғызады. Қазан асып, дастарқан жая карсы алады. Қария адам үйіне келген кісіден ең алдымен аман саулық сұрасып болғаннан кейін, дастарқан басында қай елдің баласы екенін, әке-шешелері кім екенін сұрап, нендей шаруамен жүргенін әбден біліп алған соң шаруаларына кіріседі. Бірін-бірі ұзақ уақыт көрмей жүздескен адамдар төс қағыстырып, қол алысып, аркаларын қолдарымен кағысып амандасады.
Қазақ халқының сәлемдесуінің ең бір ерекшелігі келіндердің ата-енесі мен қайын жұртымен амандасуы. Ізеттілік көрсетіп, келін ата-енесіне иіліп сәлем салады. Келін сәлемді таңертеңгісін ата-анасына салады және олар ұзақ уақыт басқа жақта болғандарында салады. Сәлемін алған олар тілектерін білдіріп, рақ-меттерін айтады. Жас келіннің сәлемін алған енесі немесе жасы үлкен кісілер «Өркенің өссін», «Бакытты бол!», «Ұл тап!», «Көп жаса!» деген тілектерін айтып ризашылығын білдіреді. Келін тағы сол кісілерге ас ұсынғанда сәлем салып ұсынады. Үйге қонақ кіріп келісімен үй иелері орындарынан тұрып екі қолдарын бірдей созып амандасады. Балаларының орындарынан тұрып амандасқаны ізеттілікке жатады. Егер үйде ақсақал болса келген қонақтар ақсақалды тұрғызбай өздері барып амандасады.
Алыстан келген ағайын көп жылдар бойы көрмеген туыстарына сәлем беріп, амандықтарын білу үшін жеке-жеке үйлеріне кіреді. Бір-бірімен қауышып жатқан ағайындар қуаныштарын дастарқан үстінде бөліседі.
Ұзақ сапардан келген адамға туған-туыстары мен көрші-қоландары онымен арнайы сәлемдесуге келеді. Аман-есен барып келгенін олармен бөліседі. Сапардан келген адамның не көріп, не біліп келгенін, барған жеріндегі халықтың ерекшеліктерін айта отырады.
«Қуаныш қайғы мен ас, ат ортақ» деп, өз ұрпағын бауырмалдыққа, береке-бірлікке баулып келген ата дәстүрінде кісі өлсе жиналып, «Қазаның арты қайырлы болсын!» деп көңіл айту, жас нәресте дүниеге келсе: «Нәрестенің бауы берік болсын!» деп, немесе ауылға жас келін келсе, «Келіннің қадамы құтты болсын!», деп тілек білдіру көрші-қолаң мен туған-туыстың міндетті парызы болып саналады. Сондықтан қонақтар есіктен кіре бере осы сөздерді айта кіреді. Бірін-бірі сыйлағандарын амандық сұрасқандарынан білуге болады. Үлкендерінің алдынан жастар кесіп өтпей, амандасса, үлкендерді сыйлағаны, ол үшін олар риза болады.
Қазақ халқының бір ерекшелігі сыйластығында. Үлкеңді сыйлау, ізеттілік көрсетіп, қамқорлық жасау қай жастың болмасын міндетіндей. Қарт туысарымен амандасып кету үшін әдейілеп сол үйге кіреді. Осылайша көрсеткен ізеттіліктеріне олар ризашылықтарын білдіреді. Қарашаңыраққа соғып үлкен үйдің қалжағдайын біліп амандасып кету тәрбиелікке жатады.
Қонақты қарсы алу мен күту рәсімдері
Қазақ халқының дәстүрлері қонақ күтумен байланысып жатыр. «Қонаққа «кел» демек бар» дегендей, той-думандатып өмір кешетін қазақ халқы қандай той болмасын қонағын шақырып, оны құдайындай сыйлаған. Ертеден келе жатқан әдеті бойынша келген қонақты құр қайтармайды. Келген қай қонақты болмасын ақ жарқын жүздерімен қарсы алып, дастарқандарын жайып, оған барын салып сыйлайды. Қонағы үйіне кіре бере үй иелері амандасып болған соң келіндері мен қыздарына «төрге көрпеше жайындар» деп, қонақтың терге шығуын өтінеді.
«Қонағын сыйлаған төрге шық дейді» деген мақал да осыдан шықса керек.
Жолы үлкен сыйлы қонақтарына аса ізгі ниетпен қарап, қой сойып, қазан асып, баптап күтеді. «Қонақ келсе есікке, жүгіріп шык кешікпе» дегендей, үйіне келген қонақтың алдынан үй иесі шығып қарсы алып, сырт киімін шешіп, қонақ бөлмесіне қарай беттеуін өтінеді. Алдыменен қонақ келісімен қымыз немесе басқа да ағарғаннан жасаған сусындарын, самаурынмен шайларын беріп шөлдерін қандырады. Шайларын іше отырып, бала-шаға, туған-туыстарын сұрап, қал-жағдайларын біліседі. Қатар адамдар қалжыңдаса күліп, ойнап отыру әңгімелеріне сән береді. Әдетте қақ төрге жолы үлкен бас қонақ отырады. Жолы мен жасына қарай қалған қонақтар төр ағасының оңы мен солынан орын алады. Қонақ үстіне конақ келсе жасы кіші қонақ жасы үлкенге ығысып орын береді. «Бұрынғы қонақтың соңғы қонаққа орын беруі» сонан қалған дәстүр.
Қонақтарды сыйлау қазақ халқында шай құйып беруінен көрінеді. Шай құю жас келіндерге жүктеледі. Олар кеселерін ауыстырмай, сапырмай, қою ғана етіп құяды. Шай құюдың әр елде әр түрлі дәстүрі бар. Мысалы, Орталық Қазақстанның көп жерінде шайді кесеге толтырыңқырап құйса, оңтүстікте шайді кесенің жартысынан төмен етіп ғана құяды. Шайді сүт немесе қаймақ қатып қызыл күрең етіп баптап беру, дастарканға бауырсақ, өрік-мейіз, ірімшік, құрт, май, қант салып түрлендіру - үлкен аспазшылық. Қонаққа шай екі қолымен беріледі, немесе шыныны оң қолымен ұстап, сол қолдың алақанын жайып, шыны ұстаған қолын білегіне тигізіп, еңкейіп ұсынады. Дастарқан үстінде үй иелерінің қонақтарға әлсін-әлсін алдарындағы астан алып отыруын өтініп отырады.
Қазақ елінде кез-келген уақытта қонақ келсе болды мал сойып бермеген, бірақ қонакка деп әрқашан сыбаға сақталған. Сыйлы қонаққа мал сойылады, ал қысты күні соғым етінен тартылған мүшелі табақка риза болып, сыбағаларына ие болады. Мал союдың өзіндік жөн-жобасы бар. Арнайы қонақ шақырып, той жасағанда келетін қонақтардың санына қарап мал сояды. Қонақ сыбағасына мал сойылған жағдайда ол алыстан келген аса сыйлы адам болса сойылатын. Бұрынырақта мал есіктен кіргізіліп союшы малдың мінер жағына бір тізерлеп отырып, екі қолын қойдың мойнына орай ұстап, алақанын жайып қонақтан «әумин» деп бата тілеген. Қонақ бата істеуге тиіс болған, бата әр түрлі мазмүнда болады. Бата үй үйесінін пиғылына ризалық білдіру, мал-жанның амандығын тілеу сияқты болып келген.
Мысалы, көп айтылатын батаның бір түрі мынандай болған:
Басқа амандық берсін,
Жанға саулык берсін.
Босағаң тең болсын,
Пиғылың кең болсын.
Алдан ас кетпесін,
Кетпес байлық, қайтпас ырыс берсін.
Дәулетің тасып жатсын,
Жасың жүзден асып жатсын!
Немесе:
Дәулетің зияда болсын,
Дүшпаның пияда болсын,
Ұлың ұяда болсын,
Қызың қияда болсын!
Адамның жаласынан,
Бұлттың аласынан,
Көрінер көрінбес мың да бір,
Бәлесінен патша құдай сақтасын!
Дастарқан байлығын берсін!
Еті дайын болған сон қонақ күтуші баласына қонақтардың қолына су құюды тапсырады. Қолына құманы мен легенін алып, оң иығына қол сүртетін сүлгі ораламын асып, отырған қонақтардың артымен барып, бала үлкендерден бастап қолдарына су кұйып шығады. Су құюшы балаға қонақ ықыласын білдіріп, рақметін, тілегін айтады. Қазақта сыйлы қонаққа бас тарту ежелгі ел дәстүрі. Ол - адам әлемді баспен билейді деген үғымды білдіреді. Әр қонақтың өзіңдік сый-сыпаты, мүше ұстау рәсімдері бар. «Қонақ асыңа емес, қабақ-қасыңа риза» дегендей үй иесі қонақтарын сыйлағанын табақ тартысымен білдіреді. Мысалы, бас жасы үлкен ақсақалға, алыстан келген ең сыйлы қонаққа ұсынылса, онан кейінгі отырған қонаққа асықты жілік ұстатады. Ал күйеу бала мен келінге төс тартады. Бас ұстаған ақсақал немесе үлкен қонақ өзі ауыз тиіп өзгелеріне ұсынбас бұрын құлағын кесіп немерелеріне немесе балаларға береді, етінен, құйқаларынан кесіп жанында отырғандарға асатады.
Ет желініп, сорпа ішілгеннен кейін су құюшы бала тағы да жағалай жүріп қолдарына су құйып, майлық орамалдарын ұсынады. Дастарқан жиылмай тұрып, ықылас білдіріп, бата беріледі. Біраздан соң шай ішіледі. Қазақтарда ет бергеннен кейін шай беру дәстүрі бар. Етке тойған қонақтың асын шаймен басады. Әңгіме-думан құрып, домбырашы, күйшілер өнерлерін көрсетеді. Үлкен қарт адамдардың әңгімерелін тыңцайды. Қарттардың арасында қонақтарды үйіріп алатын арнайы әңгімешілері болады. Өнерлі адамдар термелер айтып, арасында термені әрі қарай жалғастыру үшін әңгімемен айта келіп, «Сонда былай деген екен» деп өлең шумақтарымен жалғастырып кетеді. Өлеңдер айтылып, біраз көңіл көтергеннен кейін, арқа жазып қонақтар есік алдына шығып серуен құрады.
Осындай қонақта болған үлкеңдер ризашылықтарын білдіріп, баталарын беріп, үй иесіне рақметтерін айтады. «Қонағыңның алтынын алма, алғысын ал» деген бар. Үй иесі де келгендеріне риза болып, «Тойда кезде сейік»деп, жақсы лебіздерін білдіріп шығарып салады.
Қазақ халқының қонақ күту дәстүрі ел-жүрт арасындағы ізгі қарым-қатынастарды нығайтады. Ағайын-туысқандардың арасыңдағы туысқандықтың мықты боллуында, көрші-қолаңдардың алыс-берісіне, үлкенді-кішілі болып сыйласуына, өскелең ұрпақтың жастайынан көпшіл, мейірімді, үлкенді құрметтеп, кішіге қамқоршы болуды үйретудегі тәрбиелік мәні зор.
Бесік той
Туған-туыстары жиылып, нәрестені бесікке салу дәстүрін өткізеді. «Бесік алып бару» дәстүрі қазақ елінде көп тараған. Бір жерге келін болып түскен қызы бірінші босанғанда алып барады. Бесіктің жасауын қыздың анасы даярлайды. Оған қоса киітін, зергерлік бұйымдары мен дастарқанға қойылатын тәттілерін салып алып барады. Алып барған киітінің ішіне тоғыз түрлі заттар салады. Бағалы киімнен бастап ұсақ заттарға дейін кіреді. Тойға жиналған қонақтар асқа отырып, шүйіркелесе әңгімелесіп, құдағиларымен танысады. Шай ішіліп, не бір әңгімелер айтылады. Сонан соң «бесікке салу» басталады. Құдағилары алып келген бесікті ашпас бұрын сол үйдің басқа келіндері көрімдік сұрайды. Бесікті ашатын әйел көрімдігін береді. Жаңа бесікке нәрестені бөлемес бұрын бесікке салушы бесіктің жабдықтарын орындарына қойып, шашу ретінде алып келген шайлық тәттілері мен ұсақ сыйлықтарын, ақшалай араластырып, бесіктің түбек байлайтын тесігінен өткізіп қолын тосқан әйелдерге «тыштыма» деп үлестіріп береді. Жаңа бесікке олар байғазыларын береді. Әкелінген бесікке көріп отырғандар баға беріп, бесік әкелушілерге киіт беріледі. ' Құдағилар білезік пен жүзіктерін бір-біріне сыйлайды. Бесік жыры әндері айтылып, би биленіп көңіл көтереді.
Әлди-әлди, ақ бөпем ''
Бесік жыры
Әлди-әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікте жат, бөпем!
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін,
Байкұтанның құйрығын,
Жіпке тағып берейін,
Әлди-әлди, аппағым,
Қойдың жүні қалпағым,
Жұртқа жаман болса да,
Өзім сүйген, аппағым!
Әлди-әлди, шырағым,
Көлге біткен құрағым,
Жапанға біткен тірегім,
Жаман күнде керегім!
Қонақ келсе, қой, бөпем!
Қой тоқтысын сой, бөпем,
Құйрығына той, бөпем!
Айналайын, айымыз,
Алты қарын майымыз,
Жеті қарын жентіміз,
Алу секер қантымыз,
Дауыл соқса, бақан бар,
Сом темірге балға бар,
Сом сынғанға - алда бар,
Қалқам менің, қайда екен?
Асқар - асқар тауда екен.
Онда неғып жүр екен?
Алма теріп жүр екен.
Асқар таудың алмасы,
Жаңа пісіп тұр екен.
Әлди, бөпем, ақ бөпем,
Ақ бесікте жат, бөпем,
Астыңа терлік салайын,
Үстіңе тоқым жабайын,
Тойға кеткен апаңды,
Қайдан іздеп табайын?
Жылама, бөпем, жылама,
Атекеңді қинама!
Арша ма екен бесігі?
Ала ма екен әкесі?
Өрік пе екен бесігі?
Сүйе ме екен әкесі?
Жиде ме екен бесігі?
Жігіт пе екен әкесі?
Жылама, балам, жылама,
Ата-ананды қинама.
Құлағыңды майырып,
Түнде жылқы қайырып,
Жаудан жылқы айырып,
Жігіт бола ма екенсін?
Айыр қалпақ киісіп,
Ақырып жауға тиісіп,
Батыр болар ма екенсің?
Бармақтарың майысып,
Түрлі ою ойысып,
Ұста болар ма екенсің?
Тандайларың тақылдап,
Сөйлегенде сөз бермей,
Шешен болар ма екенсің?
Кең балағын түріскен,
Ұлы топта күрескен,
Балуан болар ма екенсің?
Бал қайнатып, шай ішкен,
Қазы кертіп, жал жеген,
Асты болар ма екенсің?
Ұзақ жасап, көбірек,
Басты болар ма екенсің?
Қарағай найза қолға алып,
Жауға тиер ме екенсің?
Қашқан жаудың артынан,
Түре қуар ма екенсің?
Жылама, бөпем, жылама,
Атекеңді қинама!
Алтынмен шоқтап тақия,
Берсек пе екен осыған?
Біз садаға, біз зекет,
Кетсек пе екен осыдан?
Менің тәттім қайда екен,
Қыздарменен тойда екен,
Тойда болса, отырсын,
Әлди, балам, алда жар!
Армансыз дүние кімде бар,
Біреудің болып көңілі шат,
Армандылар аһ ұрар!
Жездей-жездей қолыңнан,
Жезделерің айналсын!
Әлди, балам, батыр балам,
Шауып келе жатыр балам,
Отыз қызды олжалап,
Алып келе жатыр балам,
«Олжа - олжа!» - дегенге,
Әрбіріне бір қыздан,
Беріп келе жатыр балам,
Көзімнің ағы-қарасы,
Жүрегімнің парасы,
Уайым-қайғы ойлатпас,
Көңілімнің санасы,
Айналайын, шырағым!
Көлге біткен құрағым!
Маңдайдағы кұндызым!
Аспаңдағы жұлдызым!
Әлди балам, ақ балам!
Айналайын балам-ай!
Айналсын сенен анаң-ай!
Әлдилеп сені сүйгенде,
Атаңның көңілі болар жай!
Әлди-әлди ақ бөпем,
Жылама, бөпем, жылама,
Көзіңнің жасын бұлама,
Әлди-әлди бөпешім,
Қозы жүні көрпешім,
Жұрт сүймесе сүймесін,
Өзім сүйген бөпешім,
Айнекем балам, қайда екен?
Қыздарменен тойда екен,
Қызыл алма қолында,
Қыздар мұның жолында,
Әлди, балам, ақ балам,
Ақ бесікке жат, балам,
Айналайын көзіңнен,
Атасына нақ балам,
Әлди, балам, әлди!
Әуедегі жұлдыздай,
Суда жүрген құндыздай,
Өзім қалап сүйгендей,
Жұмақтағы қор қыздай,
Әлди, балам, әлди!
Бөбек бөлеу
Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөбе
Бөлейін бері кел, бөбек.
Бедерлі бесік, төрт есік,
Төгілте салдым тер төсек.
Бөпешім, бесік - отауың,
Отауыңа кір, бөбек.
Бөл-бөл, бөбек, бөл бөбек,
Бүлдіршін шүмек, бәйтерек.
Балалы үйрек, бас бармақ.
Кішкене бөбек, бес бөлек.
Саусақайы салбырап,
Бөлене қойсын қос білек.
Бөл-бөл, бөпем, бөл, бөпем,
Бөлесем, жөнге көн, көкем,
Көк ала жылқы көлде екен,
Көк ала тайың соңда екен.
Торсығынды тосайын,
Тұмсық төсей сор, көкем.
Бөл-бөл, бөпем, бөл, бөпем,
Бөлейін бері кел, көкем.
Жұлдызынды жұм көкем,
Жуынып ерте тұр, бөпем.
Алшая атқа мін, бөпем,
Ақтан қара біл, көкем.
Бөл-бөл, бөбек, бөл бөбек,
Бөлекең қонған көк өзек,
Көк өзекте көбелек,
Көлге көк құс шүй, бөбек,
Көк өзекте көбелек,
Көбелектей күл, бөбек.
Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөбек,
Боларсың, бөпем, қолкөмек,
Әлпештеген ата-анаң,
Бола қалса мүгедек.
Таңайын ұйықта, таң атсын,
Түңде оянба, түн түнек.
Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөбек,
Бөріден бөстек ки, бөпем,
Ерінбей еңбек ететін,
Еліңе бол елгезек.
Елгезек болсаң, иісін,
Ендеше саған екі емшек.
Бөл-бөл, бөбек, бөл бөбек,
Бөгелмей бәрін біл, бөбек,
Білмесең бәрін бекерсің,
Бет алдыңа кетерсің,
Елге есті ер керек,
Ер жет! Есей ертерек!
Қасым Аманжолов
Әлди, әлди, әлпешім,
Ұйықта деймін - ұйықтайсың,
Маза берсең қайтеді,
Ұйықта десем - ұйықтайсың,
Жоқсың бүгін көз ілген,
Көп ісімнен бөгедін,
Жаудыраған көзіңнен . . .
Ұйықтай қойшы, бөбегім,
Әлди-әлди, әлди-ді,
Әлди қашан қалғиды.
Ұйықта десем, күлесің,
Айналайын күлкіңнен!
Ер жеткен соң білесің,
«Тұр-тұрлармын» бір күн мен.
«Кешіктің - деп, - сабактан»
Тынышынды алсам «тұр-тұрлапң
«Жоқ қой, әлі таң атқан»,
- Деп жүрмеші бұртандап, Әлди-әлди әлди-ді,
Әлди біздің қалғиды.
Ұйықта, бөпем, ұйықтай ғой,
Ұйықтайтын шағында,
Қызық өмір, думан той,
Тұр ғой күтіп алдында.
Ұйықтап кеткен не табар,
Бұл өмірге бекер кеп.
Ұйықта бөпем, ұйықтап ал,
Ер жеткен соң бол сергек.
Әлди, бөпем, бөпемсің,
Кім боп шығар екенсің?
Күлімдейсің - күнімсің,
Батар дағы күн шығар,
Уілдейсің, күйімсің,
Күй де бір кез тыншығар.
Сен де тынық бір мезгіл,
Толқып қана жат, бөпем,
Аспанымда жүзе біл,
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz