Фольклордағы даналық мұраларды айқындауда М.Әуезовтің әдебиеттануға қосқан үлесі


Фольклордағы даналық мұраларды айқындауда М. Әуезовтің әдебиеттануға қосқан үлесі
Жоспары
Кіріспе
1. М. Әуезовтің ұлт фольклоры мұрасын жинау, жариялау және насихаттау саласындағы ілгері еңбектері
2. Эпостық жырларды зерттеп танудағы еңбектері
3. Қазақ ертегілері туралы зерттеулерінің ғылыми мәні
Қорытынды
Қолданылған әдебиеттер
Кіріспе
Қазақ халық әдебиеті мұраларының әу бастағы туу заманалары мен көтеріп тұрған әлеуметтік зор салмақ-жүгі жайлы зерттеулерін Мұхтар Омарханұлы Әуезов сонау 1920 жылдардан бастаған. Даңқты ғұлама-ғалым, майталман дәріскер-профессор Мұхтар Әуезовтің бүкіл ғұмырының оқу, іздену, толғанумен өткендігі әмбеге аян. Сан-салалы, әр тарапты әдеби-қоғамдық жұмыстарының арасындағы ең алдымен назар аударатыны оның халық әдебиеті турасындағы зерттеулері болды. Әсіресе, Мұхтар Омарханұлы қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, жүйелеу ісінің аса байыпты майталманы, жанашыр ұстазы ретінде танылды. Қадау-қадау мәң-мағынасы ескірмес, ғибратты ойлар айтты. Ықылым, арғы замандарда өмір сүріп, дүниеден баяғыда көшіп кеткен жырау-жыршыларымыз, ертекші-аңызшыларымыз, азуын айға білеген айтыскер ақындарымыз бен от көмей шешен-билеріміз бүгінгі көркем жазба әдебиетіміз үшін, ақын-жазушыларымыз үшін «көркемөнердің баға жетпес меруерт-маржандарын қалдырды» деген еді ұлы қаламгеріміз. Сөзіне ісі сай ол қазақ ауыз әдебиетінің барлық жанрлары бойынша аса бағалы зерттеулер жүргізді, алуан түрлі ғылыми мақалалар, монографиялық еңбектер жариялады, орта және жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар жазды. Мысалы, халық ақындары поэзиясының келелі мәселелері «Әдебиет тарихы», «Әр жылдар ойлары», (Уақыт және әдебиет» дейтін кітаптарында жан-жақты сөз етілсе, 1960 жылы Ұлттық Ғылым академиямыз шығарған «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты көп томдықтың бірінші кітабының әрі авторы, әрі жалпы редакциясын басқарды. Мұнан басқа да көптеген қоғамдық жұмыстарына қоса, көңілі көреген оқымысты өмірінің соңына дейін қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазақ ауыз әдебиеті пәнінен дәріс оқыды, «Абайтану» курсының негізін қалады.
1. М. Әуезовтің ұлт фольклоры мұрасын жинау, жариялау және насихаттау саласындағы ілгері еңбектері
1920 жылдардағы қазақ фольклортану ғылымының көтерген бір үлкен мәселесі - қазақ халық ауыз әдебиеті тарихын зерттеу болатын. Бұл мәселеге ерекше көңіл бөлген М. Әуезов қазақ фольклоры туралы бірнеше зерттеу жазды: «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі», «Қобыланды батыр», «Қазақ әдебиетінің тарихы» т. б. Бұл еңбектерде қазақ әдебиетінің даму жолдары, қазақ жазба әдебиетінің XVIII-XIX ғасырда қалыптаса бастағаны, бұл әдебиеттің алдында халықтың ғасырлар бойы жасаған бай халық ауыз әдебиеті жатқаны, ол кейінгі жазба әдебиеттің бастамасы екендігі сөз болады. Сонымен қатар М. Әуезов қазақ жазба әдебиетінің кейбір өкілдерінің шығармашылығы халық әдебиетімен тығыз байланыста екендігін дәлелдейді. Қазақ ауыз әдебиетін іштей жанрларға жіктейді, әрбір жанрдың өзіндік ерекшеліктерін сөз етеді. Қазақтың эпостық жырларына арнайы тоқталып, олардың белгілі бір оқиғаларға, әлеуметтік жағдайларға байланысты туғандығын көрсетеді.
М. Әуезовтің қазақ әдебиеті мен тарихындағы алар орнын оның әдебиеттану ғылымына сіңірген еңбектерінсіз, атап айтқанда талант қыры жан-жақты ғалымның әдеби сын, теориялық тұжырымдарға толы ғылыми зерттеу еңбектерінсіз толық күйде сипаттап, талдап шығу мүмкін емес. Ол - қазақ әдебиеттану, фольклортану ғылымының негізін салушы ғалымдардың бірі. Әдебиетші ғалымның фольклор, әдебиет тарихы, әдебиеттер байланысы, абайтану мәселелері бойынша жазған еңбектері бір ғана қазақ әдебиеттану ғылымында емес, кешегі кеңес одағы көлемінде де аса жоғары бағаланып отырғаны тарихтан мәлім.
М. Әуезовтің әдебиеттану саласындағы еңбектері де сан алуан. Соның бір шоғыры ауыз әдебиеті мұраларына қатысты жазған ғылыми-зерттеу еңбектері. Ең алдымен фольклор ғылымының қыр-сырына жетік М. Әуезов қазақ халқының аса бай ауыз әдебиеті мұраларын ыждағаттылықпен жинап, баспасөз беттерінде жариялап, ғылыми тұрғыдан зерттеу саласында өлшеусіз еңбек етті. Осындай тұрғыдағы ұдайы ізденістер, ғұмыр бойғы жоғары оқу орындарының филология факультеттеріндегі ұзтаздық қызметтер, сабақ жүргізулер ғалымға ауыз әдебиетінің көптеген жанрлары туралы іргелі ғылыми жұмыстар жазуына, жүргізуіне мол мүмкіндер беріп отырды. Ауыз әдебиетін зерттеуді М. Әуезов шығармашылық өмірінің барлық кезеңінде жазушылық жұмысымен қатар алып жүрді десе де болғандай. Ғалымның 20-30 жылдардағы көптеген зерттеу мақалалары газет, журнал беттерінде үнемі жарияланып отырды. 1939 жылы Л. Соболевпен бірлесе отырып жазған «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» деген көлемді еңбегі - ғалымның есімін Одақ көлеміне кеңінен мәшһүр етті. Бұл аталған еңбекте қазақ фольклорының барша жанрына ғылыми тұрғыдан сипаттама берілді.
М. Әуезовтің ел ішінен жинап бастырған фольклорлық мұралары жайлы еңбектері өте көп. 1924-25 жылдары өзі редактор болған Семей губерниялық атқару комитетінің тілі «Таң» журналына «Сыбан Сабырбай ақынның төреге айтқан сөзі», «Айтаңсықтың қоштасқаны». Ақын айтуындағы «Қозы Көрпеш-Баяннан», «Жаман сарт сарыны», «Сыбан Ақтайлақ би. Көкбай ақсақал айтуынша» еңбектерін бастырғкан. 1924 жылы жазда Жетісу губерниясының Алматы, Жаркент өлкелерін аралап, сол экспедиция кезінде «Сары қыз бен Омарбектің айтысын» жазып алған. Дәл осы жылы Семейде керей Уәйіс ақыннан «Қозы Көрпеш - Баян сұлудың» Жанақ пен Бейсенбай ақындар жырлаған нұсқасын жазып алып, 1936 жылы кітап етіп бастырған. 1934 жылы маусымда Алматы облысы Іле ауданында тұратын Нұралин деген азамат «Бай мен кедей» айтысын Өмірзақ ақыннан жазып алып, М. Әуезовке жіберген. Осылайша М. Әуезов өзі және оның ұйымдастыруымен жиналған фольклорлық мұраларды баспасөзде жариялату жұмысымен қатар айналысты. Мәселен, 1940 жылы С. Аманжолов құрастырған «Жұмбақтар» жинағына редакторлық етті. Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының фольклор бөлімінде жиналған мұраларды сұрыптап, баспаға даярлау негізінде 1959 жылы «Қамбар батыр», 1961 жылы «Алпамыс батыр», «Қыз Жібекті» кітап етіп бастырды. Қазақтың фольклорлық мұраларын орыс тіліне аударып, бастыруға еңбек сіңірді, 1940 жылы Москвада «Песни степей» атты қазақ әдебиеті антологиясы жинағының фольклорлық бөлімін М. Әуезов құрастырды. 1953 жылы Москвада Сидельников құрастырған «Казахские народные сказки» жинағының редакциясын да М. Әуезов басқарды.
М. Әуезов халық мұрасын жинап, баспасөзде жариялау ісімен қатар, олардың мәнін қалың оқырманға түсінікті де нәрлі тілмен жеткізу бағытында да тер төккен публицист қаламгер болғаны аян. М. Әуезовтің фольклор мұраларын ел ішінен жинау мәселесіне арналған «Халық әдебиеті туралы» деген мақаласы 1924 жылы Ташкентте шығатын саясат, шаруашылық, мәдениет, ғылым һәм техника саласындағы жетістіктер жазылып, жастарды өнер-білімге шақыратын «Жас қайрат» журналында жарияланды. Онда ол көмескiленiп, ұмытылып бара жатқан халықтың ауыз әдебиетi үлгiлерiн, халықтық мұраларды тез арада жинап, баспа орындарына беру жөнiнде өтiнiп, үлкен мәселе көтередi: «халық әдебиетi жиналып, жазылып қағаз бетiне түспесе, бiрден-бiрге ауызға тапсырылып жүргенде қайта жоғалып, өшпесе, өнбейдi» - дей келіп, - «менiңше, халық әдебиетiн жинауға қолайы бар адамдар оқыған шәкiрттер болуы керек. Шәкiрттер жаз елiне барған жақтарында халық әдебиетiн жинап, керектiсін тауып пайдаланатын, басылып, жарыққа шығарылатын, баспасөз майданына түсетiн жерге жеткiзуi керек. Әсiлi, ескi әдебиетiмiздi жинауға жас оқығандарымыз күш көрсетпесе, халық әдебиетiмен аз жылда ашық қоштасармыз» - деп тиiмдi жағын қарастырып, дұрыс бағыт та көрсетедi. Бұл орайда, оның Семей облыстық «Қазақ тілі» газетінде «Әдебиет ескілігін жинаушыларға» атты мақала жазып, онда: «Шаң басып жатқан ескілікті жинап, басын құрап, көпшіліктің мүлкі қылып беру жалғыз ғана әдебиетті сүюшіліктен тумайды. Жақын жердегі алдыңғы керегі әдебиетті сүйетін қазақ оқушысына ой, сезім азығын беру болса, одан кейінгі зор пайдасы қазақ тілінің қалыптасып, нығайып, өзіне біткен көрігі мен күшін жинау үшін керек. Көрік пен күш жинау елдің ішкі байлығын сыртқа шығарып, бетін ашады. Өткен заманның қадірлілері талайдан келе жатқан қазақтың бұл күнге дейінгі көмескі болып келген ақыл, сезім жолындағы бітімін айқын көрсетеді. Талайдан қалыптанған ой тұлғасын көзге елестетеді. Қазақтың өткен күндегі тұлғасы айқындалмай, келешегінің беті ашылмайды. Өткен күннің ұғымы мен нанымы, әдеті мен салты анықталып, екшелмесе, алдыңғы бет түзелмейді», - деп фольклорлық мұралардың ел өмірі мен келешек мәдени тағдырындағы маңызын көрсете келе, нақты әдебиет пен тарихқа қатысты қандай түрлерді жинау керектігін атап-атап көрсетуі куә. Сол көрсеткендерін жинауға өзі де ат салысады. Ел iшiнде кең тарап, көп айтылатын батырлар жыры, ақындар айтысы, шешендiк сөздер, тарихи өлеңдер, әр рудың шежiресi, хандық дәуiрдi белгiлейтiн әңгiмелердi, яғни әдеби-тарихи маңызы бар ұлттық құндылықтарды жинауды ұсынады. Жазушы мұндай ұсыныс-пiкiр жариялап, құрғақ сөзбен ғана шектелмейдi, iргелi iстiң басы-қасында жүрiп, ел арасынан жиналған үлгiлердi сұрыптап, таңдай отыра, араға көп уақыт салмай «Әдебиет тарихы» атты көлемдi де құнды еңбек жазды. «Әдебиет тарихы» зерттеу еңбегінің 1-бөліміңде автор сыршылдық салт өлеңдерін: «жалпақ елдің салтымен байланысқан ел өлеңдері, дін салты мен ұғымынан туатын өлеңдер, қыз ұзату үстіндегі салт өлеңдер» деп үш түрге бөліп қарастырды. Олардың әрқайсысының туып, таралуын халықтың күнделікті тұрмыстық, әдет-ғұрып салтымен тікелей сабақтастырып айқындады. Салт өлеңдерінің кейбірін басқа ел әдебиеттерінде кездесетін үлгілермен де салыстыра отырып қазақ ауыз әдебиетінің өзіндік өзгешелік-ерекшеліктерін ашып көрсетті. Ал естірту, көңіл айту елеңдерінің де тікелей тұрмыс тауқыметі мен соның қажетінен туғандығын, «қайғы үстіндегі сүйеу сөз, көңіл айтып жұбатқан сөз болатынын», яғни егер естіртуде көбіне тұспал, жұмбақпен ауыр хабарға алдын ала дайындап алса, көңіл айтуда «ауыр хабар алғашқы рет естілетін жерде құр ғана қайғының бірін айтып, жараның аузын ашып қоймай, қазақтағы бауырмалдық, туысқандық, жанкүйерлік жолмен соның емі сияқты жұбату да айтылады» деді. Дінмен байланысты өлеңдердің ішінде басқа халықтардың ауыз әдебиетінде кеп кездесе қоймайтын қазақ арасындағы ескі діннің сарқыты саналатын «бақсы сарынының» ерекшеліктері жайлы да жазушының ой-пікірі көңіл аударарлықтай.
Қазақ әдебиеті тарихының 1948 жылы шыққан фольклорға арналған 1-томында аса көрнекті фольклортану ғалым Мұхтар Әуезовтың ғылыми қызметі барлық жағынан толық, кең түрде көрінеді. Ғалым бұл томның ғылыми редакциясын басқарумен бірге, ондағы негізгі бөлімдер мен тараулардың да авторы өзі болды. Атап айтқанда, «ертегілер», «айтыс өлеңдер» бөлімдерін және «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Қыз Жібек» тарауларын жазды. Мұхтар Әуезов зерттеп пікір айтпаған қазақ фольклорының саласы жоқ десе де болады. Солардың ішінде ол «Айтыс өлеңдері» деген көпшілікке кеңінен таныс зерттеуімен бірге «Жалпы театр өнері және қазақ театры», «Жамбылдың айтыстағы өнері» деп аталатын аса құнды ғылыми еңбектер жазды.
2. Эпостық жырларды зерттеп танудағы еңбектері
Мұхтар Әуезов батырлар жырын мағыналық, көркемдік ерекшеліктерімен қатар тарихи тұрғыдан да тексеріп тану қажет деп санайды.
«Батырлар әңгімесінің басы ескі түрік бірлігінің заманындағы әңгімелерден шығады . . . Қазақтағы батырлар әңгімелерін басынан аяғына дейін анықтап, тексеріп қарағанда, бізге тіпті анық қылып тарих бетін ашып береді демесек те, сол ескі тарих келемінде болған ірі мезгілдердің барлығының да ұлы суретін нобайымен, тұспалмен көрсеткендей болады» деп, оларды талдау барысында әрбір жырдың тарихи негізін, ел тарихымен жанасатын тұстарын айырып айқындап, өзіндік таным-болжамын білдіріп отырады. «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» мен «Қыз Жібек» көркем, іңкәр ғашықтық жыры болумен қатар кешпелі қазақ елінің өзгеден бөлек тұрмыс-тіршілігінен, салт, кәсібінен көп мағлұмат беретін, «қалың қазақ жайлаған жібектей шалғыны, көлеңкелі ағашы, қоңыр желі, малға шүйгін ақ кедесі бар Сарыарқаның жыры, барлық қазақ елінің ішкі, сыртқы өмірінің күйі, даласы мен кәсібі, салтының жыры» деп жазады. «Қозы Көрпеш - Баянның» мәнісі» атты талдауында жазушы жыр кейіпкерлерінің әрқайсысы бір-біріне де, басқаларға да мүлде ұқсамайтын өте шебер жасалған өзіндік типтік бейнелердің әсем тізбегі сияқты. Жырдағы, бір жағынан, өте нәзік, сұлу сезімді махаббат иелері мен, екінші жағынан, қара күш пен дүниеқор пасықтардың тартысын «қасын түйген қара бұлт пен жүйрік, өткір найзағайды алыстырғандай болады» деп дәл сипаттайды. Ғалым «Қыз Жібек» жырын да осылайша, өзіндік әсем ерекшеліктерін түптен тартып, жан-жақты да терең талдай келе, оны «ел әдебиетінің ішінде жазбаның романы сияқты керінеді» деп өте жоғары бағалайды. Бұл екі жыр туралы жазушы 1939, 1948, 1960 жылдары қайта толықтырып, жаңадан еңдеп жазған болатын. Автор ноқтаға бас иіп, орысқа бағынуға қарсы халық наразылығынан туған қозғалыс, көтерілістер туралы жырлардың «әзірге қолда бары» деп, «Кенесары - Наурызбай», «Исатай-Махамбет», «Бекет батыр»жырларын талдап қарастырады. Олардың жеке-жеке өзіндік ерекшелік қасиеттерін ашып, анықтай отырып, жалпы осы тарихи жырларға тән, ауыз әдебиетінің басқа түрлерінен, батырлар жырынан айырым өзгешеліктерін де саралап айқыңдайды. Тарихи жырларда өзге өлең-жырлардай тұспалмен асыра, айдарлай суреттеуге бой ұра қоймайды, ейткені күні кеше ғана өткен «барлық оқиғалардың бетінде тарих басып еткен жер сорғалаған қан, сойқақтаған із болып ашық жатыр». Сондықтан оларда ақын қиялы қаншалық шарықтаймын дегенімен «Өмір кісенімен тұсалып», бұрынғы елеңдердегі жасырынды сүйетін тұманды сарын сейіліп, әдебиетте жаңа бағыт туғызып, өмірге жанасу басымдау бола берген.
Лиро-эпостық жырлардың жариялану тарихында Қазан төңкерісіне дейін орыс ориентанистері В. В Радлов, И. Н. Березин, Г. Н. Потанин т. б. еңбек етті. Ал қазан төңкерісінен кейін бұл бағытта М. О. Әуезов, Қ. Жұмалиев, Ы. Дүйсенбаев, М. С. Сильченко, Н. С. Смирнова, М. Ғабдуллин, Ә. Қоңыратбаев т. б. зерттеушілердің еңбегі бар.
Лиро-эпос ескі әдет-ғұрып нормаларына негізделген күрделі жанр болып табылады. Батырлық жырлар мен лиро-эпос арасындағы ерекшеліктер қандай деген сауалға тұңғыш рет М. Әуезов жауап іздеген еді. Зерттеуші батырлық және лиро-эпос жырларының 3 түрлі жанр ерекшелігіне тоқталады:
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz