Ислам Құран Ғылым


Пән: Дінтану
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 13 бет
Таңдаулыға:   

Ислам Құран Ғылым

«Ислам - дін ғана емес, ол біздің мәдениетіміз».Н. Ә. НАЗАРБАЕВИслам діні бүгінгі таңда жер шары тұрғындарының шамамен төрттен бірі ұстанып, биік бағалап, аялап, қастерлеп отырған соңғы иләһи дін. Оның адам баласын үнемі тазалыққа, адалдыққа шақыратыны, Алла тағала мен Пайғамбарымызға (с. ғ. с. ) және дүниедегі бүкіл жаратылыстарға опалы болуға үндейтіні анық.Сан ғасырдан бері тып-тыныш, бейбіт өмірді насихаттап келген асыл дінімізді соңғы жылдарда лаңкестік, экстремистік секілді небір жағымсыз ұғымдармен байланыстыратын пікірлер пайда болуы жүрегімізге ауыр тиетіні рас. Негізінде, Ислам еш уақытта адамдарды бүлікке, бұзақылыққа, тәртіпсіздікке немесе біреудің жазықсыз қанын төгуге шақырған емес. Керісінше, ол өзгенің ақысына қылдай қиянат жасамауға үйрететін үлкен тәрбие қайнары.VІІ ғасырдың алғашқы жартысында Таяу Шығыс пен Орта Шығыс халықтары үшін өте маңызды екі үлкен оқиға көзге ұрып тұрғандай айқын көрініп жатты. Біріншісі, адамзат баласына екі дүние бақытымен сүйіншілей келген Исламның пайда болуы, ал екіншісі, тарыдай шашылып, өзара жанжалдан көз ашпай келген араб ру-тайпалары жұдырықтай жұмылып, жаңа Араб мемлекетінің негізін қалап жатуы еді. Исламның иләһи діндерді тәмамдаушы мөрдей болып ең соңынан түсуі және жекелеген қауымдарға ғана емес, барша адамзат баласына келуі оның хақтығын білдіретін бұлтартпас анық дәлелдерге жатады. Демек, бұл діннің йаһудилік пен христиандыққа қарағанда әлеуметтік сипаты басым.Араб түбегінде аса қуатты діни мемлекеттің орнауы араб елі тарихына ғана емес, жер жаһанның тынысына бұрын-соңды болмаған жаңа леп алып келді. Бұл елдің бұрыннан табынып келген жалған құдайлары мен пұттарын тастап, мұсылмандықты қабылдап, жалғыз Аллаға ғана құлшылық етуінің игі әсері еді. Осы тұрғыдан қарағанда, Ислам дінінің құндылығын араб елінің Исламға дейінгі және Исламнан кейінгі жай-күйін салыстыру арқылы да оп-оңай бағамдай алмақпыз.Ежелгі араб ру-тайпаларының әрқайсысы өз алдына жеке жасанды құдайларға көзсіз табынып келді. Тіпті халық санасында «тайпалық-рулық құдай» деген де ұғым болды. Адамдар жасанды құдайлар тек өзіне қатысты рулар мен тайпаларды ғана сақтап-қорғайды деп сенді. Осылайша, әрбір рудың өкілі өзі табынып жүргендерінен «өзге де пұттар бар, олар өзара таласып, жауласуы да мүмкін» деген оймен өмір сүрді. Пұттар тастардан, ағаштардан, тіпті кейде нан, құрма секілді азық-түлік түрлерінен де жасалды. Әркім өз тайпасының пұттарына құрбандық шалды. Тіпті жаңа туылған қыз балалардың тірідей жерге көмілуін тек экономикалық себеппен немесе намыстың тапталуымен ғана емес, «құрбандық» деген түсінікпен де байланыстыратын ғалымдар бар.Десек те, араб елінің қым-қуыт тарихына үңілсек, сол кездің өзінде жер беті дүниесінен әлдеқайда жоғары тұратын аса ұлы бір Құдіреттің бар екендігіне бұлыңғыр болса да сенім болғанын жоққа шығара алмаймыз. Әлгі пұттар сол Құдіретке жақындаудың бір дәнекері деп саналған сыңайлы. Кейбір арабтар ол Құдіретті қасиетті Қағбаның иесі деп ұқты. Сондықтан, өз пұттарын сол қасиетті қара тастың үстіне немесе маңына орнатуға тырысты. Ислам діні келгенге дейін, Қағба маңында пұттардың 360 түрі болды деген дерек кездеседі. Мұның өзі араб дүниесінің Исламға дейінгі рухани өмірінің қай деңгейде болғандығын көрсететін біраз шындықтың өзегін аршыса керек.Арабтар әдебиетке жақын халық болғандықтан, өз пұттарына арнап өлең-қиссалар жазумен де айналысты. Олардың сол дәуірдегі әдебиеттерінің негізгі тақырыбы осы желіге құрылды десек, ақиқатты айналып өткендік болмас. Көп құдайға сеніп келген араб дүниесінің тарих сахнасындағы бұрынғы бет-бейнесі осындай күйде еді.Ал бүкіл ғаламдардың жалғыз Иесі, Ұлы Алла тағалаға бойұсынуға шақырған Ислам діні келгенде, арабтар арасындағы осындай мифтік ой-түсініктер біртіндеп сейіліп, нағыз ақиқаттың нұр сәулесі біліне бастады. Адамдардың дүниеге, бүкіл жаратылыстарға деген көзқарасы өзгерді. Өлең-дастандардың тақырыптары да жалғанды жырлаудан арылып, өзге арнаға ойысуға бет алды. Ал Алланың аяттары оқылғанда, азуын айға білеген майталман ақындардың өзі сөзін тоқтатып, ғажайып иләһи сөздердің тұңғиық сырларына таңғалып, таңдай қағудан өзге шара таппады. Ақындар Құранның аяттары адамзаттың сөзінен әлдеқайда биік тұрғанын толық мойындады.Исламға дейінгі кезеңде діни түсінігі ежелгі христиандыққа жақын кейбір отырықшы елдер де болды. Бұл Жаратушы жалғыз Құдай мен ақырет күніне сенуге шақыратын ханифтік сенімнен туындаса керек.Ислам діні йаһудилер мен христиандардың түсініктеріндегі мифологиялық келеңсіздіктерді де тәртіпке келтіріп түзете бастады. Тек көзге көрінетін нақтылыққа ғана сүйенген қасіретті көзқарас Исламның келуімен рухани-ғайыптық ұлағатты сенімнің тұнығына қарай ығысты. Ұлы Алла тағалаға деген сенім біртіндеп адамгершілік қасиеттермен де толықты.Ислам діні «тайпалық пұттар мен жалған құдайларға сенуден» бас тартып, аса Құдіретті, бәрін көруші, бәрін естуші, ерекше Рахымды, Жаратушы, есеп-қисап күнінің Иесі Жалғыз Аллаға құлшылық етуге шақырды. Араб түбегінің тұрғындары Ислам келмей тұрып, табиғаттың сұрапыл күштерінің алдында бас иіп келсе, енді Ислам дінінің билігі жүрген кемел кезеңде тағдырға иман келтіріп, екі дүниенің терезесін тең ұстауға көшті. Мұның сыры Исламның игілігінде жатқандығы хақ.Ислам қоғамдық қатынастарға ықпал етіп, жалпақ жұрттың әлеуметтік мәселелерін де оп-оңай шеше бастады. Мысалы, әлеуметтік дағдарыс пен қым-қиғаш ішкі қайшылықтарға ұшырап, халықтың іштей ыдырай бастауы араб тайпаларының басына төнген қасірет бұлты іспеттес еді. Тек араб емес, мұндай діни-рухани қараңғылық бұлты жер бетіндегі бүкіл адамзат атаулының басына үйіріліп тұрған болатын.Көшпелі тайпалардың ұжымдық мүлкі болған жайылымдар мен құдықтар үстем тап өкілдерінің иелігіне өтіп кеткен. Ал тұрмысы нашар, әлсіз бәдәуилер бұрынғыдан да сіңірі шығып кедейлене түскен. Өсімқорлық кеңінен етек алып, құлдық көбейген. Басы бос, азат бәдәуиді өз тайпасы қорғап, араша түсе алмайтындай жағдайға да жетті. Тайпасынан безіп, шөлге барып қарақшыларға қосылғандардың саны да күн санап артты. Ал бір-бірімен шабысып-қырқысып жатқан араб ру-тайпаларының бір тудың астына бірігуі халықтың көсегесін көгертіп, мерейін асырды. Ислам діні адамдарды жаңа құқықтық қарым-қатынасқа шақырып, жаңа сенімнің кеңінен жайылуына жағдай тудырды.Жаңа дін келуінен он жыл өтпей жатып арабтардың ұлан-асыр территорияны бағындырған даңқы жан-жаққа жайыла бастады. Ал хазреті Мұхаммед (с. ғ. с. ) Пайғамбарымыздың қауымы ақиқат дінді жаю жолындағы күрестің маңызын жан-тәнімен қабылдап, оны табиғи мінездеріне айналдырып алды.Араб елінің билік жүргізуші табы ежелгі өркениеттің орталықтары болып саналған Сирия, Месопотамия, Мысыр сынды өнімі мол елдерді жаулап алып, мол олжа мен қазынаға кенелуге бұрыннан-ақ құлықты еді. Алайда бытырап, алтыбақан алауыз боп жатқан араб тайпаларының бұл ойды жүзеге асыруға шамалары келмейтіні айдан анық-ты. Ал Ислам бір дінге біріккен мұсылмандардың рухын асқақтатып, Жаратушы Иемізді әлемге паш етудің қаншалықты маңызды екендігін Құран Кәрімнің айқын аяттарымен бекітіп берді: «Сендер кітап иелерінен Аллаға, ақырет күніне сенбегендер, Алла мен оның елшісі арам еткен нәрселерді арам деп білмегендер, хақ дінді (Ислам дінін) дін етіп ұстамағандар сендерге кішірейіп, бойсұнып, өз қолымен салық (жизя) төлегенге дейін соғысыңдар» («Тәубе» сүресі, 29-аят) .Сөйтіп, Ислам діні Азия мен Африка халықтарының арасында, Еуропаның бір бөлігінде, жалпы Үндістаннан Испанияға дейінгі ұлан-ғайыр далада кеңінен жайылды. Үш құрлықтың тұрғындарынан құралған көптеген халықтар бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай бірігіп, рухани-саяси күшке айналды. Сол кезде әлемді дүр сілкіндіріп тұрған екі алып империя Иран мен Византия да мұсылмандардың ығына жығылды.Арадағы небір ауыр қақтығыстар нәтижесінде Иран толығымен мұсылмандарға бағынып, Ислам дінін қабылдады да, Византия Азия құрлығындағы иелігінен толықтай айырылды.Қасиетті Құран Кәрімдегі: «Түп-түгел Алланың арқанынан (діннен) жабыса ұстаңдар, ажырамаңдар (бөлінбеңдер) . Әрі өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені, бір-біріңе дұшпан едіңдер, Алла жүректеріңнің арасын жарастырды. Оның нығметімен туысқа айналдыңдар» («Әли Имран» сүресі, 103-аят) деген аят өмірден көрініс тапты.Ал Алланың соңғы елшісі, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с. ғ. с. ) сол кезде Араб елінің экономикалық және діни орталығы саналған Мекке қаласында дүниеге келді. Бұл қаланың тұрғындары егіншілікпен де, қол өнерімен де, бау-бақша өсірумен де айналыспайтын. Олар солтүстік жағынан Сирия, Ирак, Мысыр қалаларынан, ал оңтүстігінен Үндістан, Қытай, Шығыс Африка елдерінен келетін үлкен-үлкен сауда керуендерінің күтімімен айналысатын. Халықтың дені негізінен осы іспен шұғылданатын. Меккедегі ең беделді, әрі бай саналатын Құрайыш тайпасы сауда экспедицияларын ұйымдастырып басқаратын. Сондай-ақ, өсімқорлық та бұл тайпаның кәсібі болды. Өйткені, Хиджаздың көшпелі тайпалары көбіне-көп қарыз астында езіліп, одан құтылу үшін өсіммен ақша алатын. Құрайыш тайпасы Араб түбегіндегі өзге тайпалардың бірі ғана болғанмен, ол экономикалық жағдайы жағынан өзгелерден көш ілгері-тін.Мұхаммед Пайғамбарымыз (с. ғ. с. ) осы Құрайыш тайпасының Хашим руынан шықты. Әкесі шағын дәулетті Абдулла деген кісі еді. Ол өмірден ерте озып, содан соң алты жасында анасы Әминадан да айырылып, Пайғамбарымыз (с. ғ. с. ) жетім қалады. Сөйтіп, сүйікті Пайғамбарымыз (с. ғ. с. ) көкесі Әбу Тәлібтің қамқорлығына өтті. Оның қолында жүріп, қой да бағады. Ер жете келе сауда керуендеріне қосылып, оларға атқосшылық та жасайды.Құран Кәрімде Алла тағала Мұхаммед (с. ғ. с. ) Пайғамбарымызды бүкіл ғаламдарға рахым нұры, әрі ақиқат дінді жеткізуші етіп жібергені жайлы: «Әй адамдар! Мен сендердің барлығыңа Алланың жіберген елшісімін. Жер мен көктің патшалығы Алланікі. Одан өзге ешбір Құдай жоқ. Ол тірілтеді де өлтіреді. Сондықтан Аллаға және Алланың сөздеріне сенетін, оның оқу-жазуды білмейтін Пайғамбар елшісіне иман келтіріңдер. Тура жол табуларың үшін оған ілесіңдер!», - дейді («Ағраф» сүресі, 158-аят) .Бұған дейінгі сан мыңдаған Пайғамбарлардың арасында бір қауымға ғана емес, бүкіл адамзат пен жындарға жіберілген ақырзаман Пайғамбары хазіреті Мұхаммедтің (с. ғ. с. ) алар орны ерекше. Алла тағала: “Сені бүкіл әлемге рахмет етіп қана жібердік”, - деп оған (с. ғ. с. ) өзгеше ілтипат танытты. Сондықтан Алланың соңғы елшісі (с. ғ. с. ) қасиетті Құран Кәрімді барша адамзат баласына түсіндіріп, насихаттады. Өмірінің соңына дейін осы міндетті қалтқысыз атқарды. Құран болса, жер бетіне өзінен бұрын түскен қасиетті кітаптар мен парақтардың (сухуф) мазмұнын толықтай қамтыды. Оларда берілген діни үкімдерді бекіте келді.Мұхаммед (с. ғ. с. ) Пайғамбарымыз адамдарға ұлы Алла тағаланың құдіретіне сүйене отырып, небір ғажайып мұғжизаларды көрсетті. Бірде дініміздің ақиқаттығына көзін жеткізгісі келген бір кісінің сұрауы бойынша, Алланың қалауымен, аспандағы айды қақ бөлгені жайлы дерек бар. Ағаштың оған салауат айтатынына сенімін нақтылағысы келіп, сұрақ қойған кісіге: «Ағаштың өзі айтсын» деуі мұң екен, үлкен бір ағаш тамырымен қопарылып, Пайғамбарымызға (с. ғ. с. ) жақындап келіп, иіліп сала берді. Алла елшісінің кейбір жан-жануардың да тілін білгенін дәлелдейтін тарихи оқиғалар болған. Бірақ, Пайғамбарымыз (с. ғ. с. ) бұлардың ешбірін өзіне таңған емес, бәрі де ұлы Құдірет иесі Алла тағаланың бұйрығымен жүзеге асып жатқандығын айтып отыратын. Өзі тек Алланың әмірін жеткізуші екенін білдіретін.Араб жұрты Алланың ақиқат дінін түсінген сайын бұрынғы сенімдерінен бет бұрып, лек-легімен Ислам дініне кіріп жатты. Ал Меккені билеуші табына бұл, әрине, ұнамады. Олар адамдардың Исламға осылайша үдере ауытқуын өз діндерінен безушілік деп ұқты. Қолдарынан келгенше бұған тосқауыл болуға тырысып бақты. Алайда мұсылмандықты қабылдаушылар саны бір кісіге де азаймады. Қайта күн өткен сайын олар көбейе берді. Меккенің үстем тап өкілдері бұл істің материалдық жағдаймен байланысы болар деп, Мұхаммед (с. ғ. с. ) Пайғамбарға мол дүние, сұлу жар, биік мансап ұсынып та көрді. Алайда, ардақты елші (с. ғ. с. ) : «Бір қолыма Айды, екінші қолыма Күнді берсеңдер де, Алланың дінін түсіндіруден бас тартпаймын», - деп өз ұстанымын айқын білдірді. Енді дін дұшпандары Мұхаммед Пайғамбарды тек өлтіріп қана құтылуға болар деп, бірнеше мәртебе оның мүбәрак жанын о дүниелік етуге әрекет етіп көрді. Оны өлтірген кісіге көп дүние беретінін айтып жар салып та байқады. Алайда, олардың ешқайсысы нәтиже берген жоқ.Ұлы Алла тағала өзінің сүйікті құлын қашан да аман сақтап, оған қарсы шыққандарды, әмәнда құрдымға батырды. Бірақ, меккелік ақ сүйектер зымиян пиғылдарын еш бәсеңдетпеді. Алланың елшісіне зұлымдық жасауды үдете берді. Ақыры, Алла елшісінің (с. ғ. с. ) қасына он шақты сахабасын ертіп алып, Меккеден Мединеге қоныс аударуына тура келді. Біздің жыл санауымыз бойынша 622 жылы жүзеге асқан осы көш мұсылманша жыл санаудың (һижра - қоныс аудару) басы саналады.Медине қаласында Пайғамбарымыздың (с. ғ. с. ) үгіт-насихаттары кеңінен тарқады. Жаңа дін жайлы ілім-білімді Аус, Хазрадж секілді отырықшы ру-тайпалар толықтай құптады. Осы жерде құрылған шағын ғана қауым келешекте үлкен Ислам империясының алғашқы ядросы саналады. Исламды қабылдаған мединелік ансарлар енді Араб түбегіндегі бәдәуи тұрғындар арасына мұсылмандықты тарата бастады. Ру-тайпалар бірінен соң бірі хақ дінді қабылдай берді. Сөйтіп, 630 жылы Арабияның көп бөлігі Алланы жалғыз, Мұхаммедті (с. ғ. с. ) оның құлы және елшісі деп мұсылмандықты қабыл еткен еді. Содан соң, арадағы бірқатар қақтығыстардан кейін Мекке тұрғындары да Аллаға бойұсына бастады. Ал Алланың сүйікті құлы Мұхаммедке (с. ғ. с. ) елдің басқарушы көсемі ретінде бағынды. Жүрегі жайсаң, мейірім жаршысы Мұхаммед (с. ғ. с. ) меккеліктердің бұрынғы зорлық-зомбылық, қастандықтарының бәрін кешірді. Осылайша бүгінде әлем жұртшылығы жиылып қажылық парыздарын өтейтін қасиетті қала Мекке мұсылман әлемінің орталығына айналды. Қасиетті Қағбадағы жалған құдайлар мен пұттар бірі қалмай қиратылды.Мұхаммед Пайғамбардың (с. ғ. с. ) Араб еліндегі тозығы жеткен дәстүрлермен көп күресуіне тура келді. Өйткені, халықтың әбден еті үйренген сенімінен бірден қайта қоюы қиын еді. Осыны ескерген Алланың елшісі жамағатқа үнемі адамзат тарихынан, Ибраһим, Һуд, Салих, Шуайб (алейһим сәләм) секілді Пайғамбарлардың өмірінен үлгі-өнеге келтіріп отырды.Әрине, дініміз алғаш қалыптаса бастаған жылдары жаңадан мұсылман болған бәдәуилер үшін Исламға жат әдет-дағдыларымен бірден қош айтысу оңай болған жоқ. Біреудің жаманшылығына кешіріммен қарау, үш күннен артық кек сақтамау деген қағидаларды алғашында жүрегіне сыйыстыра алмағандар да ұшырасып жатты. Алайда, Алланы жалғыз Үкімдар, Мұхаммед (с. ғ. с. ) оның елшісі деп толық иман келтіргендер арақ-шарап ішу, құмар ойнау, зинақорлықпен айналысу секілді нәпсінің арбауларының қаншалықты зиян екендігін саналы түрде ұғынып, олардан бас тартты. Ал Мұхаммед Пайғамбарымыз (с. ғ. с. ) асыл дініміздің құнды қазыналарын тәптіштеп үйретуден жалықпады. Ол Алланың елшісі ретіндегі міндеттерін толық, тіпті асыра орындады. Алла тағаладан Жәбрейіл (а. с. ) арқылы түсіп отырған қасиетті Құран аяттарын ең қарапайым адам үшін де ұғынықты болатындай етіп түсіндіріп отырды. Ардақты Расулдың (с. ғ. с. ) сөйлеу мәнерінің өзі өзгеге ұқсамайтындай ерекше болғанын да білуіміз керек. Айша анамыз: «Алла елшісінің анық және айқын сөйлейтіні сонша, тыңдаған адамдар оны толық түсінетін», деп еске алғаны бар. Осылайша Құран Кәрімдегі ақиқат шындықтар Пайғамбарымыздың мүбәрак аузынан нұр болып құйыла беретін. Алла елшісінің жарқын жүзіне қарап: «Мынадай ғажап дидардың иесінен жалған сөз шығуы мүмкін емес» деп мұсылмандықты қабылдағандар да болды. Оның өнегелі өміріне қарап отырып, таң қалушылар да топ-тобымен Исламды қабылдап жатты. Хақ діндегі таңғажайып қағидаларды естіп білгенде, талай адам көздеріне жас алып Аллаға мойынсұнып жатты. Қыз балаға, анаға, жалпы әйел затына жасалатын құрметке риза болған көптеген нәзік жандылар асыл дінімізге көптеп бет бұрды.Ислам дінінің пайда болуы Құран Кәрімнің түсуімен тікелей байланысты. Жалпы араб халқы ежелден сөз өнеріне бай халық. Ақындары суырып салып өлең шығаруға келгенде алдына жан салмайтын. Міне, осындай сөздің қадірін білетін халықтың арасына қасиетті Құран кітабымыз түсті. Демек, мұның өзінде бір сыр бар. Халықтың бұған дейін тыңдап жүрген өлеңдерінің мазмұнында Алла, дін, ақырет, иман жайлы айтылмады. Олардың бәрі көбінше көркем сөзге құрылатын. Кенет мұсылмандар келіп, Алла тағаланың қасиетті кәләм шәріптерін оқып бергенде, естіген жұрт ерекше таң қалып: «Бұл адамның сөздері емес» дегеннен өзге ештеңе де айта алмай, тұрған орындарына қадалып, бейжай күйге ұшырады. Құран кітаптың ұшқыр қиялдан немесе шалқар шабыттан туатын сөз еместігіне естіген адам бірден иланды.Пайғамбарымыздың (с. ғ. с. ) өзі бір хадисінде Құран Кәрімді былайша сипаттап бергені белгілі:«Алланың кітабы сондай бір кітап - онда сендерге дейінгі уақиғалар, сендерден кейінгі хабарлар және араларыңда жасалатын үкімдер бар. Ол ешбір әзілі жоқ төреші кітап, оны менсінбей тастап қойғандарды Алла құрдымға батырады, ал одан басқадан туралық іздегендерді адастырады. Өйткені, ол - Алланың мықты жібі және хикметке толы сөзі, әрі ол - тура жол. Онымен жүргендер адаспайды, оны арқау еткен тілдер шатаспайды. Ғалымдар оны қанша оқыса да, әсте тоймайды, көп оқылғаннан ол ескірмейді, ішіндегі ғажайыптары сарқылмайды. Жындар оны естігенде, «Шындығында, біз аса ғажап Құран естідік» деп таңданыстарын жасыра алмады. Кім оған сүйеніп сөйлесе, туралық айтады, онымен үкім етсе, әділ болады, оны ұстанып өмір сүрсе, мол сауапқа кенеледі, оған шақырған тура жол табады».Құран Кәрім - мұсылман баласының тура жолдан таймай, табан жолын дұрыс тауып жүруіне арналған басшы кітап. Алла тағала Құран мазмұнына барша ғаламның қыр-сыры мен бүкіл ғылым атаулының негіздерін сыйғызды. Бейнелеп айтқанда, Құран - он сегіз мың ғаламның адамзат тіліне аударылған түсіндірмесі. Тарих, әлеуметтану, қоғамтану секілді қоғамдық ғылымдар да, математика, физика, химия, биология сынды жаратылыстану ілімдері де әу баста осы Алладан түскен иләһи кітаптан негіз алатынын қазір көптеген әйгілі ғалымдар мойындады. Мойындап қана қойған жоқ, Жаратушы Иеміздің шексіз іліміне таң қалып, шын ықыласпен мұсылмандықты қабылдады. Құран Кәрімде үкімдер, шариғат талаптары, мысалдар, өнегелер, аспан әлемінің жүйесі тағы басқалар жөнінде дәлелдеуді қажет етпейтін, бұлтартпас айқын мағлұматтар бар.Алайда, өкінішке қарай, осы ақиқатты мойындағысы келмей, Құранды адамзат қолынан шыққан жай бір қатардағы кітап ретінде қараушылық болды
... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Дін және мәдениеттің арақатынасы жөнінде қыруар пікірлер айтылуда
Құран Кәрім және ғылым
Психология және когнитивтік психология
Ислам және ғылым оқу құралы
Құранды түсініп оқу
ИСЛАМ ДІНІНІҢ ШЫҒУЫ
Ислам дінінің қоғамдағы орны мен ролі
Әлемдік дін
Шапағатын шашқан ислам діні
Дін мен ғылымның байланысы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz