Түс концептісін (қызыл) ағылшын және қазақ мәдениеттерінде салыстырмалы түрде талдау


Диплом жұмысы
Тақырыбы: Түс концептісін (қызыл) ағылшын және қазақ мәдениеттерінде салыстырмалы түрде талдау
МАЗМҰНЫ
1 Лингвомәдениеттің теориялық негіздері мен оның мәні5
1. 1 Тіл мен мәдениеттің өзара байланысы5
1. 2 Лингвомәдениеттанудың тарихы мен әдістері11
1. 3 Тілдің сипаттамасының негізгі бірлігі - концепт14
1. 4 Концептіні сипаттаудың құрылымы мен тәсілдері23
2 Түс концептісін (қызыл) ағылшын және қазақ мәдениеттерінде салыстырмалы түрде талдау27
2. 1 Түс концептісіне жүгінудің мәні27
2. 2 Лексикографикалық мәліметтер47
2. 3 Қызыл түстің белгісі мен мәні59
2. 4 Фразеологиялық бірліктер62
2. 5 Ауызекі тілде қолданылуы67
Қорытынды71
Қолданылған әдебиеттер тізімі74
Кіріспе
Еліміздің егемендік алуы ұлтымыздың рухани байлығы - жылдар бойы жоғалып кеткен ұлттық дәстүріміз, мәдениетіміз бен тіліміздің жанданып дамуына үлкен жол ашты. Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа тең құқылы ел болып енуі -әлем жұртшылығының өзіміздің ұлттық тіліміз, тарихымыз бен мәдениетіміз бар екенін мойындағанның айғағы. Бұл - ұлттық мәдениетіміз бен тіліміздің жан-жақты зерттеп, өшкенін жандандырып, дамытып келесі ұрпаққа табыстау, рухани қазынамызбен дұние жүзі халықтарын таныстыруды міндеттейтіні де белгілі. Әрине, бұл өзгеден гөрі өзімізге қажет рухани дүние, болашақ ұрпаққа қажет құндылықтар.
Соңғы жылдары тіл мен мәдениеттің өзара қатынасы мәселесі лингвомәдениеттану ғылымы ұстанымдары негізінде зерттеле бастады. Тілді мәдениеттен де бөлек қарастыру мүмкін емес. Бұл сайып келгенде, ана тілдің ұлттық рухтың қалыптасуына ықпалы, дүниенің тілдік суреті мәселелерінің теориялық аспектілерін зерттеуге жол ашады.
Қазірде лингвистиканың құрылымдық, яғни тілді өз жүйесі ішінде ғана зерттеу парадигмасының антропоцентристік қағида негізінде - сол тілдің иесі болып табылатын адаммен, оның функционалды қолданыс табатын әлеуметтік орта, тарих, мәдениет пен танымдық процестермен байланыстыра зерттеу үрдісінің нәтижесі болып табылар соңғы он жыл көлемінде тіл мен мәдениеттің өзара байланыс механизмдері мен жалпы ұлттық дүниетаным, ұлттық мәдениеттің тілдегі көрінісін зерттейтін лингвомәдениеттану ғылымы пайда болды.
Тілдік мәселелерді басқа ғылым салаларымен байланыстыра қарастыру ауқымы кең зерттеулерге жол ашып, ғылыми нәтижелерге қол жеткізді. Осындай интегративті пәнаралық бағыттың бірі - XX ғасырдың екінші жартысында пайда болған лингвомәдениеттану ғылымы.
Жалпы тіл мен мәдениеттің арақатынасы туралы мәселелер түрлі деңгейде философтардың Платон, И. Гердер, Э. Кант т. б. еңбектерінде қарастырылған. Бертін келе, В. фон Гумбольдт, Э. Сепир, Б. Уорф, Кассирер, Л. Вайсгербер зерттеулерінде ғылыми ізденіс дәрежесінде көрініс тапты. Кеңестік орыс ғалымдары: А. Потебня, Н. Топоров, В. В. Иванов, А. Толстой еңбектерінде, қазақстандық Ә. Қайдаров, Р. Сыздық, Е. Жанұзақов, Ж. Манкеева т. б. ғылыми еңбектерінде этнолингвистикалық бағытта зерделенеді.
Концептілер - ұлттық танымның бір көрінісі сондықтан да ғалымның лингвокогнитивтік моделі болып саналады.
Концепт қандайда бір ауқымды идеяның сан алуан күрделі ұғым түсініктердің суретті сипаттамалары. Оның мазмұндық құрлымы тіл мен бейнелі ойлау заңдылықтарының сабақтастығынан туындайды.
Концептілік мәнге ие тілдік бірліктердің, концептілердің ішкі құрылымын мәдени танымдық ақпараттар көзі деуге де болады. Себебі онда мәдениет қалдыратын «іздер» - мифтер, архетиптер, салт-дәстүрлер, тарихи оқиғалар мен материалдық мәдениеттің элементтері көрініс табады.
Белгілі бір концептілердің ұлттық танымдық мәдени ақпараттық ішкі құрылымының мазмұнын ой елегінен өткізу «зат пен құбылысқа атау берудің тілден тыс себептерін ашып көртсетуді, атауға негіз болған заттың (құбылыстың) негізгі белгі қасиетін анықтауды басты міндет ететін», лингвистика ғылымындағы номинация теориясымен өзара сабақтастықта қарастырылады.
Дегенмен де ой-санада жинақталған білімнің уақыт талабының еншісі мен ақпарат құрылымының дамуына байланысты когнитивтік бірлік-концептіні ұғымнан ажырату, оны бір тұжырымға келтіру зерттеуді талап етеді. «Концепт» туралы пікір әр жақты. Олай дейтініміз, жарық көрген материалдарда концепт туралы бір-біріне жуық, бірақ өзіндік ерекшеліктерімен бірнеше көзқарастар, ережелер кездеседі.
Түс феномені - негізгі ғылымдардың зерттеу пәні мен көптеген өнер түрлерінің құрам бөлігі. Алайда түс әлі күнге дейін қандай да бір ғылымның немесе толық бір бағыттың шеңберінде жалпы концепциясына ие бола қойған жоқ. Түс қоғамның өмірінде үлкен мәнге ие.
Тақырыптың өзектілігі: түс концептісін (қызыл) ағылшын және қазақ мәдениеттерінде салыстырмалы түрде талдау.
Жұмыстың мақсаты: «қызыл» сөзінің қазақ мәдениетінде және «red» сөзінің ағылшын мәдениетінде қолданылу ерекшеліктерін зерттеп, осы мәдениеттердегі қызыл түстің мәндерін ашу.
Қойылған мақсатқа келесі міндеттерді орындағаннан кейін ғана жетуге әбден болады:
- лингвомәдениеттің теориялық негіздері мен оның мәні, тіл мен мәдениеттің өзара байланысын қарастыру;
- концептіні сипаттаудың құрылымы мен тәсілдерін зерттеу;
- түс концептісін (қызыл) ағылшын және қазақ мәдениеттерінде салыстырмалы түрде талдау;
- қызыл түстің белгісі мен мәнін ашу.
Зерттеу объектісі: ағылшын және қазақ мәдениеттеріндегі қызыл түс концептісінің қолданылу ерекшеліктерін талдау.
Зерттеу пәні: ағылшын және қазақ мәдениеттеріндегі қызыл түс концептісі.
Берілген зерттеу жұмысы әр түрлі типтегі сөздіктерді талдау, «қызыл» мен «red» сөздерінің мәндеріне салыстырмалы түрде талдау жасау, көркем шығармалардағы осы сөздердің қолданылуын зерттеу әдістеріне негізделген.
Бұл жұмыстың теориялық мәні зор, алайда оның нәтижелері қазақ тілі мен ағылшын тілін оқыту сабақтарында қолданыла алады.
Жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, қолданылған әдебиеттерден тұрады.
1 Лингвомәдениеттің теориялық негіздері мен оның мәні 1. 1 Тіл мен мәдениеттің өзара байланысы
Тіл мен мәдениеттің өзара байланысы идеясы, яғни лингвомәдениеттанудың ғылыми алғышарттары Ф. фон Гумбольдт идеялары мен Э. Сепир мен Уорфтың тілдік ықтималдылық болжамымен ұштасып жатыр. қазақ тіл біліміндегі тілдік белгілердің ұлт мәдени астарын зерттеген Ш. Уәлиханов, Ә. Марғұлан, І. Кеңесбаев, Ә. Қайдар, Р. Сыздық, Е. Жанпеисов т. б. еңбектерін лингвомәдениеттанудың пайда болуының алғышарттары деп түсінсек қателеспейміз. Этнолингвистиканың тіл білімінің өз алдына жеке саласы болып қалыптасқанда негізгі қойған мақсаты - тарихи ретроспектива, яғни кез-келген ұлттың фольклорлық дүние суретін қайта өңдеу, күңгірт тұстарының мән-мағынасын ашу, мәдениет, салт-дәстүр және ритуал формаларын айқындау болды. Соған орай, орыс тіл білімінде Н. И. Толстой негізін салған, содан соң В. В. Иванов, В. Н. Топоров басқа да ғалымдардың этнолингвистикалық зерттеулері слаян халықтарының тілдік белгілерде көрініс тапқан өзіндік ұлттық ерекшеліктері, фольклор үлгілері мен ритуалдар жүйесін аймақтық шеңберде қайта өңдеу бағытында жүргізілді.
Қазақ тіл біліміндегі Ә. Қайдардың этнолингвистикалық ғылыми ізденіс мектебін қазақ тілі фразеологиялық қорының этнолингвистикалық астарын ашуды басты бағыты етіп ұстанды.
Лингвомәдениеттану мен этнолингвистиканың кең көлемде, яғни тіл мен мәдениеттің өзара байланысын зерттеу бағытына байланысты бір саладағы ғылымдар деп тұжырым жасауымызға әбден болады: «этнолингвистикамен салыстырғанда халықтың материалдық және рухани өмірінің ерекшеліктерін, мәдениетті тіл және адамдардың сөйлеу әрекеттері арқылы зерттейтін ғылыми бағыттардың барлығы да уақыт шамасы жағынан едәуір кейін және тіптен бөлек жағдаяттар, басқа мақсат және міндеттер негізінде пайда болды. Алайда, олардың барлығы да этнолингвистиканың фундаменталды ғылым мен теорияға жағымды әсерін қалай да сезінеді» [4, б. 97] .
Сонымен, қазіргі заман этнолингвистикасы белгілі бір материалдық және тарихи мәдени кешендермен байланысты тілдік бірліктерді ғана зерттейді. Ал лингвомәдениеттанудың өзіндік мақсат-міндеттері бар ол тарихи да, қазіргі заманның да тілдік айғақтарын рухани мәдениет арқылы зерттейді. Оның басты міндеті - тіл мен мәдениеттің өзара қатынасын қазіргі заман мәдени-ұлттық сана-сезім тұрғысынан қарастырып, оның тілдегі көрінісін зерттеу және сипаттау.
Лингвомәдениеттану мәдениет пен тілдің өзара қатынасының тілдегі көрінісін зерттейді және бұл процесті тілдік және тілдік емес мазмұнды біртұтас бірлікте, біртұтас құрылым ретінде кешенді әдістемелер көмегімен және де қазіргі заманның басты бағыттары мен мәдени ұстанымдарына сәйкес зерттейтін қосынды түрдегі кешенді ғылым болып табылады.
Лингвомәдениеттанудың тіл мен мәдениет арақатынасын зерттейтін басқа ғылым салаларынан тағы бір айырмашылығы - оның кез-келген нысанды зерттеуде тілдік және мәдени контекстерді кең қарастыруы.
Нақты түрде қарастырсақ, этнолингвистика мен лингвомәдениеттанудың өзіндік ерекшеліктері мынаған саяды:
- этнолингвистикалық зерттеу белгілі бір этностың немесе этномәдени аймақтық шеңберде болса, лингвомәдениеттану салыстырмалы және салғастырмалы түрде зерттеуге негізделген;
- этнолингвистикалық зерттеу нысаны негізінен мәдениеттің фольклор үлгілерінде көрініс тапқан дүниелер;
- этнолингвистикада мәдениеттің материалдық жағына көбірек көңіл бөлінсе, лингвомәдениеттануда руани жақтары, яғни дүниетаным негіздері, діл, ұлттық психология, ұлттық рухани моральдық құндылықтар айқындалады;
- этнолингвистика фольклорлық үлгілер негізінде, яғни ретроспективалық бағытта болса, лингвомәдениеттануда тарихи және қазіргі замандағы ұлт өкілдерінің яғни мәдениет пен тіл иелерінің құндылықтарды танудағы өзгерістер де зерттелінеді;
- этнолингвистикалық ізденістер тілдік материалға көбірек көңіл бөлсе, лингвомәдениеттануда тілдік және мәдени контекстер тең қарастырылады;
- этнолингвистикалық зерттеулерде тілдік, атап айтқанда этимологиялық әдістемелер басым қолданылса, лингвомәдениеттануда танымдық лингвистиканың, ассоциативті психологияның т. б. салалардың озық әдістемелерінің, кешенді түрде өзіндік қолданыс табады.
- қазіргі кезде лингвомәдениеттану ғылымының салалары мен өзіндік терминдік аппараты («Концепт», «культурема», «мәдени коннатация», «архетип» т. б. ) айқындалды.
Лингвомәдени сараптаманың мақсаты - тілдік бірліктің шығу тегін айқындау емес, әртүрлі типтегі, яғни әдеби, діни, саяси және т. б. дискурстар ықпалымен пайда болған фразеологиялық бірліктерге түсініктеме бере отырып, оның пайда болу шарттары мен жағдаяттарын анықтау болып табылады.
Лингвомәдениеттанудың пәнін айқындауда ғалымдардың пікірлерінен ізденіс нысанына байланысты азды-көпті айырмашылықтар байқалып қалады. В. Н. Телия лингвомәдениеттанудың пәнін бір ұлттың ғана емес, сонымен қатар әр түрлі мәдениеттерге тән әмбебап ақпарат деп түсінсе, В. А. Маслова оны бір ғана ұлтқа тән мәдени ақпарат деп қарастырады. Ғылыми ізденісімізде лингвомәдениеттану пәнін бір ұлтқа ғана тән ұлттық мәдени ерекше ақпаратпен қатар, әр түрлі мәдениеттерге де тән универсалды ақпарат деп түсінеміз. Өйткені ізденіс барсысы мен нәтижелері оның шынайылығы мен дұрыстылығын толығымен дәлелдейді [6, б. 58] .
Лингвомәдениеттанудың бағыттары ішінде салғастырмалы лингвомәдениеттану өзінің жаңадан қалыптасуы кезеңінде екендігін осы сала мәселелері бойынша фундаменталды ғылыми еңбектердің бірен-сарандығы дәлелденеді. Түркі және үндіеуропа тілдерін әр түрлі этникалық мәденитеттер контексі негізінде салғастырмалы түрде зерттеудің өзектілігін тіл білімінде қазіргі таңда мұндай сипаттағы ғылыми ізденістердің жоқтығы айғақтайды.
Лингвомәдениеттанудың өзіндік негізгі ұстанымдарынан туындайтын басты ғылыми ұғымдардың бірі - тілдік тұлға феномені (алғашқы идеясын ұсынған неміс ғалымы Й. Вейсгербер) . кейін бұл идея В. В. Виноградов (көркем әдебиеттегі), А. А. Леонтьев, В. И. Карасик, В. И. Шаховский және басқа да ғалымдар еңбектерінде одан әрі дамытылды. Ю. Н. Караулов тұжырымдаған орыс тілді тілдік тұлға теориясының жалпы теориялық ұстанымдарын негізге аламыз: «қоршаған ортаны терең де, дәл бейнелеуі мен белгілі бір мақсаттағы бағыты және тілдік құрылымдық күрделілігімен өзгешеленетін сөйлеу мәтіндерін жасау және түсіну қабілеттіліктер жиынтығы итілдік тұлғаны білдіреді» [5, б. 35] .
Тілдік тұлға құрылымын сатылы: философиялық, яғни тіл, интеллект және қоршаған орта; психологиялық; семантикалық, танымдық және прагматикалық деңгейлерден тұратын құрылымдық жүйе ретінде сипаттауға болады. Осылардың ішінде танымдық деңгейде белгілі бір этномәдени ұжымның, яғни ұлттың дүниетанымдық білімі мен ұғымы көрінісі құрайды. Жоғарыда көрсетілген жүйенің жалпылық сипатта болатындығын айтып кеткен жөн, өйткені аталған деңгейлердің дамуы мен тілдік тұлғада көрініс табуы әр адамда әр түрлі дәрежеде дамып, түрліше сипатта болады. Ал тілдік тұлғаның мазмұнына келсек, оны құндылықтар жүйесінен тұратын дүниетанымдық, мәдени және жеке тұлғалық компоненттер құрайды. тілдік тұлғаның орнын анықтайтын болсақ, алдымен, біз «тілдік тұлғаны» ұлттық тілдік тұлға ретінде түсінеміз. Себебі тілдік тұлғаның табиғаты тұлғаның ұлттық мәдени сипатымен тікелей байланысты. Біздің пайымдауымызша, ұлттық тілдік тұлға лексика-семантикалық деңгейде ғана сипатталып қоймай, сонымен қатар ол ұлттық мәдени құндылықтарды, ұлттық менталитетті, ұлттық психологияны меңгерген және оны келер ұрпаққа бере алар тұлға екендігін баса айтқымыз келеді. Осы тұста «лингвомәдени құзырет» ұғымының мәнін ашып алу қажет. Лингвомәдени құзыретті «тілде көрініс тапқан мәдени құндылықтар жүйесін толығымен меңгерген сөйлоеушінің/тыңдаушының білімі» деп айқындайтын В. В. Воркачевтың пайымдауына толығымен қосыла отырып, мәдени білім жүйесіне белгілі бір ұлттың басты дүниетанымдық категориялары, оның тарихи дамуының басты кезеңдері, фольклоры, әдет-ғұрпы мен дәстүрді жатқызамыз. Бір айтып кететін жайт, тек ұлттық қана емес, сонымен қатар, білімнің әлемдік шеңберде болғаны тілдік тұлғаның лингвомәдени құзыреті дәрежесінің жоғары да, жан-жақтылығының көрсеткіші болмақ. Соңғысы әсіресе лингвомәдениеттанудың белгілі бір нысаны болып табылатын кең көлемдегі мәдени білімді қажет етер «прецеденттік атауларда» айрықша көрініс табады
[9, б. 59] .
Тіл білімінде тіл мен мәдениеттің өзара байланысы мәселесін алғаш рет ғылыми теоиялық деңгейде В. фон Гумбольдт зерттеді. Оның материалды және рухани мәдениеттің ұлттық сипатының тілде көрініс табатыны, тілдік белгіге ішкі форманың тән екендігі және тілдің адам мен қоршаған орта арасын байланыстыратын дәнекерші қызметі туралы басты ғылыми негіздемелері мен ұстанымдары А. Потебни, Ш. Балли, Ж. вандриес, Р. Якобсон еңбектерінде өз жалғасын тапты.
Неогумбольдтандық мектептің өкілдері Э. Сепир мен Б. Уорф тілдің ойлауға ықпалын негізге алған «лингвистикалық ықтималдылық болжамын» ұсынды. Бұл болжамның мәні кез-келген халықтың қорщаған ортаны танып білуі оның ата тілімен, оның тілдік құрылымымен ьікелей байланысты деп, идиоэтникалық ғана бағытты көрсетіп, әмбебептық қағида ескермейді.
В. фон Гумбольдт тілдің ішкі формасы ілімі негізінде неміс ғалымы Л. Вайсгербер тұңғыш ретін «дүниенің тілдік суреті» теориясын ұсынды. Тілдің қоршаған ортаны танып-білудегі рөлін сөз еткенімізде бұл процестегі тілдің қызметін тым әсірелеп, абсолюттік дәрежеге де жеткізетін бағыт, ұстанымдардың да бар екендігін айта кеткеніміз жөн. Л. Вайсгербер сөзге, сөздік қор, яғни тіл рөлін тым әсірелеп, сөз арқылы дүниені танып білуге болады деген қағиданы ұстанды. Бұл сайып келгенде, тілді ойлауға пара-пар санауға саяды. Бұл қанша тіл болса, сонша қоршаған дүниенің көрінісі бар дегенмен бірдей. Екі және көп тілділер мәселесіне арналған ғылыми ізденіс және тәжірибе негізінде Э. Д. Сүлейменова «олардың саналарында олардың өзара сөйлесетін тілдеріне қарай бейнеленетін дүние суретіне байланысты өзгерістер жоқ» деп тұжырым жасайды. Бұдан тілдің өз бетімен қоршаған ортаны бейнелей алмайтыны, оның дүниенің кейбір ғана концептілерін вербалдай, яғни тілдік белгілерге айналдыра отырып, қоршаған орта туралы белгілі бір таным түсінік береді деген тұжырым жасауға болады. Дүниенің тілдік суреті дүние суретінің бір бөлігі ғана, яғни тіл - дүниені бейнелеудің бір құралы ретінде түсінілуі қажет. Әйтсе де, дүниенің тілдік суреті дүние суретінің басқа вербалды емес формалағы түрлерімен салыстырғанда, оның маңызды құрамдас бөлігін құрайды [10, б. 45] .
Дүниенің тілдік суретін ғылыми дүние суретімен салғастыра «қарапайым» дүние суреті деп атайды. Әйтсе де, көп тұстарда олар тіпті ғылыми дүние суретінен күрделі де қызықты болып келеді: дүниенің тілдік суреті ғылымиға қарағанда ақпараттық көлемі жағынан бай және пайда болуы жағынан бірінші болады.
А. Брутянның пікірі бойынша, «дүниенің тілдік сурет» дегеніміз « . . . тірі (табиғи, ұлттық) тілдер арқылы бекіген ішкі және сыртқы дүние туралы бүкіл ақпарат». Ал, Г. В. Колшанскийдің пікірін қарастырсақ ол мынаған саяды: «шынайы тілдік емес, әр түрлі топтағы адамдардың тарихи, жағрапиялық, мәдени және басқа да факторлар ықпалымен біртұтас объективті әлем шеңберінде жүзеге асқан танымдық қызметтің көрінісі». Әрине, дүниенің тілдік суретін мәдениетпен тікелей байланыстыра, біртұтастықта қарастырғанымыз жөн. Өйткені дүниенің тілдік суреті мәдени тәжірибемен тікелей байланысты. Тілдік белгілерде көрініс тапқан мағыналар барлық тіл иелеріне міндеттемелер ұжымдық философия, көзқарастар жиынтығын құрайды.
Дүниенің тілдік суретінде қоршаған дүниені бейнелеуінің басты ұстанымдарының бірі антропоцентристік ұстаным екенін айта кеткен жөн, яғни тілдік дүние суреті объективті дүниенің құрамдас бөлігі ретінде адамның да өзін қосатын тілде көрініс табуы.
Сонымен, дүниенің тілдік суреті дегенімізді біз тілде көрініс тапқан жалпы ұлт өкілдеріне ортақ ұжымдық ұлттық мәдени тәжірибе негізінде жиналған білім жүйесі деп түсінеміз [11, б. 48] .
Дүниенің тілдік суреті феномені тіл мен ойлаудың өзара қатынасын танымдық ғылымы шеңберінде қарастыру қаежттігін туындатады. Тіл мен ойлаудың өзара қатынасы - ертеде философтарды ерекше ойландырған мәселе: үнді философы Анандавардханидың іліміндегі семантикалық өзгерістердің сипаты, ойлау мен тіл арақатынасы мәселелері жөнінде айтқан ойлары, Қытайдың конфуциандық ілімі: бір заттың мағынасын түсіну үшін оның алғашқы идеялық болмысына, «идеалдық» мағынасына, «дұрыс» атауларына оралу ғана сол заттың танылуына жол ашады деп түсіндірсе, мұсылмандық қайта өрлеу кезеңі болып саналатын X ғасырда Абу Хайан тіл мен ойлаудың өзара тығыз арақатынасы туралы өз ойларын айтқан. Бертін келе тіл мен ойлау мәселесі Лейбництің, И. Кант пен Г. Фреге еңбектерінде сөз болған.
Сонымен, сонау Платон ой тоқтатқан тіл мен ойлау, танымдық процесіндегі тілдің алатын өзіндік ролі мәселелері қазіргі кезде ізденіс аясы кеңейіп, таным, интенциопал, тіл логикасы т. б. ұғымдарымен толықтырылып, жаңа концепциялар, бағыттар негізінде зерттелуде. Ақпараттың іштегі өңделуге түсуі, басқаша айтқанда, адамның менталды табиғаты, оның ішкі ойлау механизмдері қазіргі заманғы когнитивтік ғылымның нысаны болып табылады. Ал осыдан өрбитін қоршаған ортаның ойда, оның тілде қалай көрініс табатыны сияқты мәселелері белгілі ғалымдар В. Гумбольдт, А. А. Потебня, Н. Хомский, Г. Гадамер т. б. еңбектерінде қарастырылған. Олардың концепциялары философия, психология, мәдениет пен тілді тоғыстыра зерттеуге негізделген.
Адам қоршаған ортаны ойлау арқылы танып біледі және ол адам санасында көрініс табады. Адамның шындық болмысты танып білуі ой арқылы жүзеге асса, тіл - ойдың бейнелеу қызметінің нәтижесін бекітудің құралы ретінде қызмет етеді. Бұл - жалпыға ортақ таным үлгісі. Өйткені биологиялық табиғаты жағынан адамзат бірдей болса, таным қызметі де, оның механизмдері де ортақ құбылыс екені мәлім. Қандай да тіл өзінің тілдік құрылымы немесе тілдік үлгілері жағынан әр түрлі болғанымен, шындық болмысты түсінуге келгенде ортақ танымдық дүниелерден тұрады. Бұл сайып келгенде, жоғарыда айтылған таным түсініктің тіл арқылы емес, ми, ойлау арқылы жүзеге асатындығын дәлелдей түседі. Демек, дүние суреті дегеніміз - концептуалды және тілдік үлгілер формасымен берілетін санамен тікелей байланысты дүние туралы білімдер жиынтығы. Біздің ойымызша, шындық болмысты танып білудің инфрақұрылымы тереңде жатқан құрылымдардан тұрады. Олардың негізінде дүниені түсінудің барлық адамзатқа ортақ ғылыми танымдық, глобалды концепциялар және сонымен қатар, ерекше ұлттық деңгейлер жатады деп түсінеміз. Танымдық макрофрейм дүниетанымдық және мәдени дүниелерге салғастырмалы сараптама қажеттігін туғызады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz